Құрал Көмек

Туындылары


БЕСІК ЖЫРЫ


Айтылмайды бүгіндері бесік жыр,
Бесік жырсыз бұл өлеңнің несі жыр?
Келешектің бөбектерін әлдилеп,
Есесіне ессіз өлең есіп жүр.

Қара шаңырак-қазақ менің мекенім,
Бесігімнен белгілі кім екенім.
Балақ бауы байланбаған бесіктер,
Қайда қалды әлдилері бөпенің.

Жіпке тізіп «Байқошқардың» жілігін,
Әлдилетіп айтар енді мұны кім?
Бесік жырсыз көрінеді бұлыңғыр,
Бесігінде бұлқынбаған ұлы күн.

Бабамды да сол әлдиім тербеткен,
Анамды да жұбатқан, ол терлеткен.
Бесік жырда ғасырлардың толғағы,
Бесік жырмен бүкіл қазақ ер жеткен.

Жаңа өмір жазғырмаймын мен сені,
Бесік жырмен көтер-көтер еңсені.
Бесік жырда өсиеті бабанаң,
Беск жырда қазағымның ертеңі.