Құрал Көмек

Туындылары


ПОЭЗИЯ ГЕОМЕТРИЯСЫ


Ой келсе, жол салады қағаз, қалам,
Мен үшін поэзия нағыз ғалам.
Кеземін аспан астын ақша бұлтпен,
Жел тұрса жететұғын жағалаудан.

Өмірдің тар жолдары сұрақ маған,
Жеткізбей барасың-ау, бірақ маған.
Поэзия, сенің нұрлы құдіретіңмен,
Мәңгі көктем кеудемде тұрақтаған.

Жыр кешу, өмір кешу — маған майдан,
Алдымда қанша күн бар, оны қайдам?
Мен тіптен өкініп те тұрғаным жоқ,
О, менің поэзия пирамидам.

Сахара мүстангері ерттелмеген,
Жыр-вулканы әлі көп зерттелмеген.
Поэзия - компасым сиқыр шабыт,
Кеземін ақ пейіл кептерменен.

Әлемнің әлдилетіп кереметін,
Сыр барма екеуміздің елемейтін.
Құс жолға түсіп алып өзіңменен,
Ғарыштан тапсам бір ел өлең дейтін.

Сен барда алау жалын сөнбес менің,
Сен жоқта кеудем куыс өтер едім.
Паралель сызықтары секілденіп,
Сен мені жеңістерге жетеледің.

Сен барсың өмірді ұға алмасам,
Шыңдарға демедің шыға алмасам.
Аспанның бөзін түріп өзіңменен,
Алланы көру үшін сығаласам.

2009 жыл