Туындылары
МӨҢКЕ БИДІҢ БОЛЖАМЫ
Аспан кокте сөніп жатса жұлдыздар,
Жүрегімде жыр туады ынтызар.
Қымбат күнді арзан етіп аздырды,
Ұры-қары өңшең жылпос кұнсыздар.
Жапырақтар мұңға батты бақтарда,
Арманыма қанат біткен шақтарда.
Сұрағыма жауап іздеп сен де көр,
Ар дегенді парақтап бір ақтар да.
Адасқанда абыройдан ар кеткен,
Қарыздан да, парыздан да мән кеткен.
Мына байтақ даламыздың кеңдігі,
Білмегенмін, қалай, қалай, тар неткен.
Мөңке бидің болжамындай келді күн,
Тура жолға — жөнге салар енді кім?
Сұлулықтан сымбат кетті сызылған,
Қыздар ашып өз еркімен кіндігін.
Сыздап жүрек, көзде кетті үйреніп,
Ас өтеді тамағымнан түйреліп.
Жаратқанға жалынамын жөн іздеп,
Ұлтқа сіңген кесапаттан жиреніп.
Ағаларым елтір тонды жағалы?!
Кемшін ардың құны қандай бағалы?
О, ақындар, адастырды-ау сені де,
Мына біздің азбан ғасыр қоғамы.
2008 жыл