Құрал Көмек

Туындылары


ЖАЛҒЫЗДЫҚ


Өз-өзімді,
Сезінемін жалғыз-ақ.
Түн төсегі,
Жайсыз кезде таң ұзақ.
Әлсіреген,
Бір ызыңды айтады.
Дала жақта,
Шөліркеген аңызақ.

Елес—түстер,
Шұға қызыл, жасыл бақ.
Түн перісі,
Сүйісуге әзір-ақ.
Аңызақтан,
Жалғыз айды көремін.
Не ой ол?
Жалғыздықты жасырмақ.

Ойым бар,
Жалғыздықты асырмақ.
Қарасаңыз,
Жарасады жалғыз тақ.
Жалғыздықтан,
Жаның неге үркеді.
Қуанасың,
Қона қалса жалғыз бақ.

Батырың да,
Сұлуың да нағыз бақ.
Дараланса,
Жарасады жұлдыз шақ.
Дос, туысың,
Махаббатың бөлініп.
Жер қабірге,
Көмілерсің жалғыз-ақ.

Жалғыздықты,
Жалғай берсең жол ұзақ.
Жалғыздықты,
Ойлай берсең таң ұзақ.
Жалғыздықты,
Жырлап жатыр шамасы.
Дала жақта
Шөліркеген аңызақ.

2008 жыл