Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АҚЫН ТУҒАН АНА ӨТТІ ӨМІРІНЕН

Ризаласып баяу ғана,
Көз жасына көмілген.
Ақын туған аяулы ана,
Сен де қайттың өмірден.

Өршіл кеудең бұрқақтады,
От төгілді деміңнен.
Ажал әуен кілт тоқтады,
Он жыл жанды кемірген.

Иллалла деп қоршап тұрып,
Зікір айттық қасында.
Балқып жаттың көзді жұмып,
Өлген жоқсың расында.

Көңіл қайдан суынғандай,
Қас-қағым сәт жалғанда.
Қамырдан қыл суырғандай,
Аманатын алды Алла.

Шыр айналып кетті ғалам,
Соңғы сәтті жолдаған.
Айналайын, әзіз анам,
Енді жоқсың сен маған.

Табаныңның астындағы,
Жұмағыңда жетілген.
Өзің айтқан тапсырманы,
Орындауға бекінді ел.

Жас күніңнен бүтін еді,
Намазың мен Оразаң.
Қолын жайды бүкіл өңір,
Оқылғанда жаназаң.

Жүдейді ме гүлзар біздің,
Салтанатты саялы еді.
Қайырымды иманжүздім,
Қай сынға да даяр еді.

Сенің көшің көктем күйі,
Иман, сауап, толы бата.
Жүзіңнен нұр төккен күйі,
Жәннәтіңе жолық апа.