Әселхан Қалыбекова

Шығармашылығы


МЕНІҢ ӨЛЕҢІМ ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДА ШАШЫЛЫП ҚАЛДЫ

Қазақтың айтыс өнерінің дарабозы, Қазақстанның халық ақыны, Парасат орденінің иегері, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Әселхан Қалыбекова апамызбен әйелдер мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Айтысқа қалай келіп жүрсіз?
– Ауыл-ауыл болып айтысатын кез болды ғой. Сонау 1982 жылы аудандық айтысқа қоярда-қоймай апарды. Жеңдім. Облысқа кеттім. Облыстық ақындар айтысында қазылар алқасында осы Ханбибі отыр екен. «Мынау ақын, мынау талант» деп еркектермен ұрысып жүріп, бас бәйгені бергізіпті. Содан әрі қарай кете бердік қой. Менімен алғашқы айтысқандардың көпшілігі әрі қарай өнерді дамытып кете алмады. Ол кезде қиын еді ғой. Қазіргі жастар мамандығындай меңгеріп алды. Материалдық ынталандыру, қу дүние деген де оларға қанат бітіретін шығар.
Біз халықтың айтысты қатты сағынған, шөліркеген тұсында шықтық. Айтысқа барасың десе, орнымыздан тұрып кете беретінбіз. Ол кезде республиканың түкпір-түкпіріне барып айтысатын бес ақын болсақ, соның ішінде жалғыз әйел болатынмын. Бірде Павлодарда Серік Ыдырысов деген ақын «қырық жасқа келгенше, қашанғы қыз болып айтысасың?» деп айтып салды. Мен:
Ретін тапса өнер көшіп, қонар,
Қамыстың шоғы емеспін өшіп қалар.
Қырыққа дейін қыз боп айтысамын,
Содан соң сіңлілер де өсіп қалар, – деп жауап бергенмін. Дүркіреп сіңлілерім де өсіп қалды. Айтыстың шаңын шығарып, бәйгелерде озып келіп жүр.
– Алғашында қағазға жазып алып айтысатын сияқты еді ғой.
– Иә, ондай да болған. Осы Отырар ауданындағы қарсыласым Әзімханның шләпісі желге ұшып кетті. Менің жазып алған қағазым ұшты. Әзімхан шләпісін қуып жүріп әрең ұстады. Мен қағазымды қумадым. Сонда ғой, Әзімханға:
Сорлы-ау, желді жаңа көріп пе едің,
Теңің ғой шләпі емес, бөрік сенің.
Еркек боп бір басыңа ие болмай,
Менімен айтысам деп желікпегін, – деп бір-бір шумақ суырып салған өлеңге бола бас бәйгені алғанмын. Осы бір шумақ суырып салып айтысудың басы болды-ау деймін. Кейіннен ашыла түстік, өлеңнің кені табылды ғой кейіннен.
– Ең мықты айтысыңыз кіммен өтті деп ойлайсыз?
– Әбдікәрім Манаповпен және Есенқұл Жақыпбековпен болған айтыстарымды ең мықты айтыстарым деп есептеймін. Айтыстың мықты болуы қарсыласқа да байланысты. Есенқұлмен соңғы рет Семейде Абайдың тойында айтыстым ғой. Айналайын, аялап, ұяла айтысады. Адамның жанын жараламайды. Өзі ұяң ақын. Екеуміз де бір-біріміздің қадірімізді білдік, бағаладық.
– Жалпы айтыстағы өлеңдеріңізді жинақтап жүрсіз бе?
– Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Ергөбек атамыздың өлеңі шашлып қалған екен. Менің өлеңім де жиырмасыншы ғасырда шашылып қалды. Жиналғаны аз. «Әселхан әлемі» деген бір кітап шыққалы жатыр. Сонда бірнеше айтыстарым шығатын көрінеді.
– Айтыс дүркіреп дамып келеді. Айтыстың дамымай тұрған түрі қайсы?
– Жұмбақ айтыс дамымай мүлде тасада қалды. Ешкімнің ойланғысы, мүлде кітап оқығысы жоқ. Бұл айтысқа көп білім керек. Көпбай ата бір кезде облыста осы айтыстың түрін қатты дамытып еді. Кейіннен қалып кетті. Айтыс сахнасынан біріміз өліп, біріміз тірідей кеттік.
– Бәдік айтыс мүлде ұмытылды...
– Ұмытылмай қайтсін. Ол баяғының бас қосу үшін ойлап тапқан өнері ғой. Ауылдың үлкендері бір жаққа кетсе, таңертең өріске кетіп бара жатқан қойдың құлағына мақта тығып жібереді екен. Құлағы тас керең болып естімей қалған қой байғұс шыркөбелек айнала береді екен. «Ой, мына қой бәдік болды, шақырыңдар ауылды» деп, қыз-жігіттер жиналып, қойды ортаға алып:
Бәдік кетіп барады қырдан асып,
Жаңбырменен, бұлтпенен араласып, – деп кешке дейін жарысып бәдік айтатын болған.
– Айтыстың қадірі бар ма осы күні?
– Қадірі ешқашан қашқан емес. Біздің кезімізде жұрт айтысты құдірет көретін. Айтысымыз газеттерге жазылып жататын. Ел алдымыздан жауды жеңген солдатты қарсы алғандай қуанып шығатын. Көтерген проблемаларымыз, айтқан сындарымыздан қорытынды шығып жататын. Қазіргі ақындар машина мініп, үй алып, жағдайларын жөндеп алады, онысы дұрыс. Ақынның қайбірінің шекесі шылқып жүр дейсің? Бірақ баяғы біздің кезіміздегідей рух жоғары емес. Айтысты сүю азайған. Жалтылдап тұрған қу дүние, автокөлікке ұмтылу бар да, осы киелі өнерді сүю азайған. Қуанатыным, ақындық қуаттары жоғары Бекарыс, Сара, Ақмарал, Маржан, Айнұр, Ринаттар бір-бір дара жұлдыз.
– Айтыста кім болдым деп ойлайсыз?
– Алдыңғы арба болдым. Себебі, айтысқа шыққанда, қыздар аз еді. Ел риза болсын деп көп жерде бәйгемді ала алмай кеттім. Өйткені шындықты айттым. Халық жағында болдым. Халықтың сөзін сөйледім. Одан талай таяқ та жедім.
– Ауылда не жоқ?
– Имандылықты, мейірімді, асыл тәрбиені бұрын ауылдан іздейтін едік. Қазір соның бәрін ұйыстырып отыратын, табынатын, сөзіне, айтқан уәжіне тақ тұратын, алдында өзіңді баладай сезінетін қария жоқ. Бар болса да бірен-саран. «Қызға қырық үйден тыйым, болмаса қара күңнен тыйым» дегенді айтатын кемпір аз. Тәуелсіздік, нарық қазаққа бақ болып келгенмен, бізден алатынын да алды. Жан да, тән де жалаңаштанды. Ұят, ар сатыла бастады. Қомағайлар көбейді, ниет, пейіл тарылды. Қайта қазір қаладағы адамдар, қаладағы жастар имандылыққа ұйып, мешіттерге барып жүр. Ауылды қайтып баяғы қалпына келтіреміз? Осыны ойлап жылаймын. Қариялардың баласындай, немересіндей балалардың алдында арақ ішкенін қайтіп қойдырамыз? Тектіліктің іздерін қайдан іздеп табамыз? Ақынның жүрегінен осының бәрі өтіп жатыр, қарағым...
– Қоғамның әйелдерге деген көзқарасы қандай деп ойлайсыз?
– Гендерлік саясат дегенді ұната бермеймін. Тарихтан Ұлпанды білесіңдер. Есеней биді оқымай-ақ ақылмен тырп еткізбей ұстаған. Алтын қыздар, ақылды қыздар сол кезде-ақ креслоға отырмай-ақ, шашын сап-сары, аппақ түске боямай-ақ, ел билеген. Гендерлік саясат деп жүз грамм ішіп, жылтырап жүрген біреулерді қызмет сатысымен жоғарылатып жатады. Қолынан іс келетін, ұлтына да жаны ашитын ақылды қыздарға орын жоқ. Қоғамның әйелдерге деген көзқарасы енді ғана сәл-сәл түзеле бастады. Әйел көресісін көрді. Еркектердің әйелге деген көзқарасы өзгерді деп ойлаймын. Еркектің көбі, ауруын айтпаймын, сап-сау зіңгіттейлері әйелінің мойнына мініп әлі отыр.
– Бұрнағы жылы Құдай ұрып, бір депутат алдыңызға келіп, шыр айналып құлап қалып, содан «Отырардағы ойбай» деген өлең туып, ол өлеңді ел болып қалап алып, жарияланбай қалды деп есітіп едім...
– Е,е, ол жаңа жылда болған тірлік еді. 2007 жылды қарсы алайын деп жиналып отырғанбыз. Елдің бәрі көңілді, ішіп алған бір депутат қаңғалақтап келіп, біз отырған жерге гүрс етіп құлады. Халықтың қалаулысы халықтың алдында аймандай болды. Ашуланып өлең жаздым. Ертеңіне әкімге бардым, өлеңімді алып. «Апа, бір өлеңіңізді қиыңыз, одан да араққа күрес жариялап, арақ ішпейтін аудан болайық», – деді Әлімжан әкім. Біз солайша араққа қарсы науқан жарияладық. Шүкір, биылғы жаңа жылды арақсыз-ақ қарсы алдық. Нәтиже жаман емес.
– Бір өлеңнің күші осындай болса... Өлең көбейе бергей, апа. Жақсы өлеңде жарым ырыс бола берсін. Ал енді ақын ретінде, қажы Әселхан ана ретінде мерекеде әйелдерге қандай тілек айтасыз?
– Әйелдің тілегі баланың үстінде болады ғой. Балалары аман болсын. Ер-азаматы аман болып, жанында жүрсін. Әйелдер көп қиындық көрді. Кешегі күні де, бүгін де көп әйел қап арқалап, отбасын бағып жүр. Оларға Құдай қуат берсін. Иман тілеймін. Көп әйелдерге сәлемімді де жеткізіңіз. Кіндігін көрсетіп, мойылдай қара шашын сап-сары ма, аппақ түске бояп жүрген қыздарын өсірдім дегенше, өсірмей-ақ қойсын. Осы бастан етек-басын жинасын, Алланың бізге берген қара шашы, қара көзін сақтасын. Көшедегі сап-сары шаштарды көргенде, жаным қиналып, орыстың иттерін елестетемін. Біздің қазақы иттердің жүнінің өз қап-қара ғой. Алла оларға сабыр берсін. Әр әйел – әр үйдің шырағы. Шырақтар жарқырап жана берсін. Қорадағы малды босатып жіберсең, ойнақтап-ойнақтап, қораға қайта келеді ғой. Жетпіс жылдық бұғаудан шыққанымызға да он жеті жыл болды. Ойнақтап, ойымызға келгенді істеп болдық. Енді қорамызға, қора болғанда, қазақы қалпымызға, салтымызға қайта оралатын кез келді. Біз қазақпыз. Өзімізден өзіміз қанша қашқымыз келгенмен, түбі бір қазақтың ортасына ораламыз. Қазақ болып туылдық, қазақ болып өлерміз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар Аспан,
«Айқын» газеті, 03.07.2008






ПАТШАНЫҢ СЫЙЫН МҰРАЖАЙҒА ӨТКІЗДІ

Әселхан Қалыбекова тума талант, таза дарын екенін ел біледі. Әселханмен жиырма жылдан астам уақыттан бері араласатын, осы жолдардың авторы ол кісімен кездескен сайын ұлы ұстазға жолыққандай болатыны анық.ол кісіден 10 жас кіші болсам да,кейде бала мінездерін көріп, іштей жымиятыным да бар.Кейде ол кісіні кәдімгідей «ұрысатыным» да бар. Оның де себебі болады.

Жуырда ғана үйге келген ол кісі, «мына сағтты өткеніне сатамын.Ертең мені алтын сататын базарға апар»-деді. Ертеңіне таңертең ол кісіні алдымен, алтын сататын дүкенге апардым. Ондағылар алтын алмайтыгн болып шықты.Ақынның қолында тұрған су жаңа сағаттың бағасы дүкенде 125 000 теңге екен енді базарға бардық саудагерлердің тірлігі белгілі. Заттың бағасын әбден түсіріп жіберді. 30 мың,40 мың теңгеге дейін саудаласты мен көнбедім. Әселхан бұрқылдап жүр «бере берсеңшы, маған 40 мыңда жетеді. Бұйырған базар бағасы сол шығар. Мен үшін бұл сары темір ғой,ден сау болсын қанағат. Құдай қалғанын жеткізер бір етік алсам, қалғанын қарызға берсем болды»-дейді. Не керек саф алтыннан Ресейде жасалған су жаңа сағтты 50 мың теңгеге өткіздік. Тым болмаса жарты бағасына өтпеді ау деп өкіндім. Жанымда келе жатқан Әселхан:
– Өкпелеп бұртима, өкінбе, Алла өмір беріп, деніміз сау болса, әлі талай алтындар келер, дүниеге онша құмар емес екенімді білесің. Әрі мына сағат білегіме сыймайды.үйде босқа жатқанша дедімде сатуға әкелдім.40 мың теңгеге Айгүлжанның туылған күніне іс тігетін машина сыйламақпын. Айгүлдің қолының өнері бар ғой. Көйлектер тігіп сатпақшы, тапсырыстар қабылдамақшы дағдарыстан шығып кетуге әрекет жасайды ғой. Әлгі іс машинасын қазір арзандатып беріп жатыр екен. Соны алып алсын деп ойладым. Мынадай дағдарыс кезінде «Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен» дегенді ұмытпауға тиіспіз. Сап-сары темір дағдарыс кезіндегі жанбағысқа жарағанына шүкір-деді.
Ақынды бұрынғыдан да өте жақсы көріп кеттім. Оның қанағатшыл үлкен жүрегіне сүйсініп тұрғанда «тағы бірдеңе айтайын ба?» – деді. Мен апамның жүзіне таңдана қарадым.
– Биыл Облыстық тарих және өлкетану мұражайы «Бір қымбат затыңызды тапсырыңызшы»-деп өтініш еткен соң, Қырғызстанның тұңғыш Президенті Асқар Ақаев сыйлаған алтын сағатты және күміс білезігімді тапсырып жібердім-деді. Сөйтті де:
– Осыдан біраз жыл бұрын Қарасай батыр ауданында Желтоқсаншыларға арналған жиын өтті. Оған өз еліміздің Президенті мен, Қырғызстанның Президенті де қатысты. Мен сол жерде Желтоқсан жайлы өлең оқыдым. Оқып болған соң орныма барып отырғанмын. Сәлден соң бір жігіт келді де сыпайылап «Сізге қырғызстанның Президенті Асқар Ақаев мына сыйлықты беріп жіберді» – деп қолыма қорап ұсынды. Кәмпит шығар деп ойлады. Үйге келген соң да ашып қарамадым. Үлкен қызым оқудағы Айгүл келгенсоң басымыз қосылғанда бірге көріп, жерміз деп ойладым не керек 3-4 ай өтіп кетті. Бір күні басымыз қосылғанда, әлгі қорапты ашсам.....ішінде алтын сағат және қымбат иіссу бар екен. Қызым «Бір елдің патшасы не сый берді екен деп осы уақытқа дейін қалай шыдадыңыз» – деді. Мен «қайдам үлкен қорап болған соң, кәмпит деп ойладым. Патша сый береді деп кім ойлаған. Асқар Ақаев өнерге жақын, зиялы адам ғой,менің өлеңіме тебіреніп жырымды да, жанымды да түсінгеніне рахмет. Ол патша басымен өнерге, өлеңге бас иді. Сағат білегі тура екен. Бір екі жыл тақтым. Кейін алып қойғанмын. Сосын бұл құнды, киелі дүниені мұражайға табыстайын – дедім. Ел ертең мені ғана еске алмай, патшалардың да, жүрегі нәзік болатынын сезсін дедім, патшалар өлеңді қадірлеп, бағалап, өлеңге құлақ асып жатса, өнердің өлмегені дедім» – деді.
Қанша жерден ақын болғанымен заты әйел апамның, әйелдік әуестік пенпатшаның сыйын тезірек ашып көруге асықпағаны, әйелдік пендешілікпен ертеңгі қызыма немесе немереме деп сандығының түбіне алтынды жасырып қоймағаны ерекше жаралғанынан тағы бір хабар берді жаным байып, жүрегім нұрға бөленді. «Алтын көрсе,періште жолдан таяды»-деген мәтелдің мен үшін түкте мәні қалмады. Мен періштелерді көрген адам емеспін. Ал апамды алтын жолдан тайдыра алмағанын көз көрді. Бұл көп әйелге сабақ болуы тиіс.

Анар Аспан,
Оңтүстік Қазақстан газеті






ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

Құрметті оқырмандар!
«Перизат» қыз-келіншектер алғашқы санында назарларыңызға айтыскер ақын, халықтың аялап, ақбоз ат мінгізген аяулы перзенті Әселхан Қалыбекова туралы жазылған очеркті ұсынып отырсыз. Бұдан былай да бұл клуб парасатты, көргенді, тәрбиелі перизаттарымызбен танысып отыратын болады.
Қыз-келіншектер клубын журналист Анар Бәкірова жүргізеді.

ПАРЫЗ

– Әй, естідіңдер ме, ауылға Әселхан келіпті.
– Кәдімгі өзіміздің айтыскер ақын Әселхан ба? Жай келіп пе, әлде...
– Жоқ, бабалары Ергөбек пен Қалыбектің бейті мен мына көршілес «Назарбекте» екен ғой. Сол бабаларының басына белгі қоюға келген көрінеді.
– Ой, айналайын-ай, қыз да болса асыл бір туған бала екен, тектілігін тағы бір көрсетіпті-ау.

(Екі адамның әңгімесінен)

– Ақын сонау «қоян, жылан» жылдары деп аталған ашаршылық кезінде Қызылқұмнан жөңкіле көшкен елмен бірге Ташкент шаһарына қарай жол алған бабасы Қалыбектен гөрі оның інісі Ергөбек те кезінде ақын болған. Екеуі жазба айтысады екен, егер Қалыбек басымдау түссе, Ергөбеке ашуланып, көшіп кетеді екен. Арада аз уақыт өтпей Қалыбек қой сойып шақырады да, екеуі қайта татуласып, айтыстарын жалғастыра берген көрінеді. Кейіннен әлгі ашаршылық жылдары ел басына күн туғанда екі арыс та ел қамын көбірек ойлап, Ташкент жаққа ойысқан.
Ергөбек бабасы Қызылқұмның сағынған кезде өлеңнің сөлін төгіп-төгіп жіберіп, шерін тарқататын, шырқыраған жүрегінің емін тек өлеңнен тапқанын осы күнде ғана пайымдап жүрген жоқ, құйттайынан көкірегіне құйып өсті.

Алдымда Ташкент шаһары,
Артымда ашық қаһары.
Бүркітім көкте айналып,
Тұғырда бәһәрі, –
дегенде бабасы халықты, қазақты бүркітке теңеп, «Алдымда Ташкент шаһары, Артымда аштық қаһары» – деп халықтың дәл сол кедегі өмірін, тұрмысын мөлдіретіп бейнелей салған. Ол ол ма:

Не таң болып атпадым,
Не күн болып батпадым.
Сақалдан жасым тарамдап,
Халқымның зарын қаттадым.
Қайран елім қаңғырды,
Қысымынан ақ патшаның.
Бұл азапты көргенше,
Мола боп неге жатпадым? –
деп жырлайды.

Халықтың жоғын жоқтаған бабасы 1917 жылы Назарбек елді мекенінде қайтыс болады. Арада елу күн өткен соң Қалыбек бабасы да өмірден өтеді. Ат баптап, көкпар шабатын Әселханның қос атасының басына ары-бері өткен сайын Құран оқытып, өзі келіп-кетіп жүреді екен. Тек осыдан қырық жыл бұрын бір жасар тұңғыш ұлы мен жұбайына бабалар бейітін көрсетіп қайтса керек. Өзі баптаған жүйріктей құйынперен зымыраған зымыраған уақыттың өзін де тым-тым алыс кетерін сезбеді дейсің бе? Сол ана мен бір жаса ұлы өзі өмірден өткен соң осындай бабаларын әйтеуір бір іздеп келетінін де ойлаған болар.
Ана мен бала бейіт басына биылғы көктемде келіпті. Осы арада алпыстан асқан жасында ауыздықпен алысып, қара ат мініп қасқайып, шірене тарта көкпарын, сұм соғыста сау қалған, додада көз жұмды әкесі. Қыз да болса құрық алып, асау үйретіп, ат құлағына ойнаған, өлең қаусарын қаып ішкен, өзінің де кеудесін күмбірлеген жыр кернеген ақын қыз әке қайғысынан бүк түсті. Бірте-бірте өлең-намыс оны орнынан тұрғызды, қолына домбыра алғызды. Әкесінің өлеңінің жалғасы болу үшінжыр додасынакүмп беріп қойды да кетті. Көрінбесе ел езетіндей, көріне қалса, тік тұрып қол сщғып құрметтейтіндей дәрежеге жетті. Биыл Ергөбек бабасы 125 жасқа толғалы отыр. Өзі болса «халық ақыны» деген атаққа ие болды. Елде бір той бермесе болмас деп жүрді де, алдымен бабасының басына белгі қоймай көңілі орнына түспесіне көзі жетті.
Қара көйлек киіп ап, белін бекем буып ап, қас-қабағы қабарып, нұрлы жүзі түнеріп, бейіт басындағы шөп-шаламды тазалап, маңдай тері бұршақтап ағып, іс біткен соң ғана, адамдарға ашық аспан астында ас беріп, тәбәрік болсын деп ақ орамал үйлестіріп, төбесіне түйген шоқпақтай шашын, маңдайына түскен кекіл шаштарын бастырып, жасырып ақ орамал салып, алқалы топтың алдында: – Халқым, елім ниеттеріңе рахмет! Әзірге қолымнан келгенін жасадым. Алтыннан соқсамжоғалып кетер, күмбездеп соқсам жарылып кетер деп мына гранит тастан қойдым белгіні. Мына тұрған анама рахмет бәрін де ұмытпай жүрген. Бабаларымның басына келіп белгілеп, кезінде жаяу-жалпы болса да келіп Құран оқытып, аруақты да ардақтап, тірілерге де ешқашан тіл тигізбеген, имандылыққа үйреткен анама мәңгі қарыздармын. Қош бол, қос ата, қош бол қос баба! Перзенттік ниетімді қабыл ал! – деп көзіне жас алды Әселхан. Осы сәтте ол бейне бір алыптар алдында бас иген жас сәби балаға ұқсады. Үлкен ақынды халқымен қайта қауыштырдың. Аралдың мұңын мұңдаған, Семейдің зарын зарлаған, аруана болып боздаған, алақандағы ақын Сен едің. Біздің сөзімізді саған деген халықтың үні деп ұқ. Ата дәстүрді сыйлаған, әруақты ардақтаған, өлең-жырдың бесігі мен сәбиінің бемігін қатар тербеген қатар тербеген, қарағым, елің мінгізген ақбоз ат барлық жыр бәйгесінен сүріндірмей алып өтсін сені. Саған деген ақ тілеуіміз сол, – деді қариялардың біреуі.
Қабарған қабақ жазылып, түнерген жүзге қан жүріп, босаған көңіл дүр сілкініп, Әселхан әдемі бір, ешкім айтып та, жазып та жеткізе алмас күйге еніп, биік қырдың басында, анасының қасында алысқа көз тігіп, тарқаған елдің соңынан қарап тұрды. Ойы орындалып, бейіт басынан көңілі ағарып қайтқалы тұрған ақынмен аз-кем сұхбат құрдық.

АҚЫН АПА АҒЫТҚАНДА ЖЫРЛАРЫН

... Ақын болу оңай деймісің, қарағым? Талай-талай тартысқа түстік. Көздің жасын төгіп алған кездер де болды. Тумысынан әкеме жақындау болған соң ба, еркіндеу өстім. Ат мініп, асау үйреттім. Бірақ біреу жыласа, қосыла жылайтын мінезім тағы бар. Ерте есейдім. Бірақ біреу жыласа, қосыла жылайтын мінезім тағы бар. Ерте есейдім. Он жеті жасқа келгенде осы ағалардың, Баянбай, кездеседі. Ол кезде оның жасы 27-де еді. Қызылды-жасылды қызығы көп күндердің белгісіндей Айгүл, Айбол, Нұрбол, Ғани, Фариза есімді балаларым бар. Балаларымның бәрі де домбыра тартады. Айболым менің жолымды қуады-ау деймін. Кейде өлеңмен жауап қайтарып жатады. Кім біледі?...
Бүгінде Баянбай елуге, мен қырыққа келдік. Өлеңнің жүгін арқалап, өнер деген киелі өлкеге күмп беріп қойдық та кеттік. Айтыс өнерінің жалауы желбіреп, талай жерге бардық. Оның туы құламайтын шығар енді. Ой болу керек. Өлең сөзді өзге сөздермен былғамау қажет. Өнер тазалығы, тіл тазалығы сақталуы тиіс. Айтыскер ақындар бірін-бірін қадірлесе, түсінсе, уәжге тоқтаса деймін. Халық алдындағы міндетімізді соңына дейін, қашан домбыра ұстамайтын күнге жеткенге дейін адал атқарсақ. Осы күні Ташкент шаһарына «бүкіл қазақтың намысын арқалап барып, шалқалап қайтқан» Көпбай аға туралы көп ойлаймын. Өңі бозарып, халқының алдында қара тер болған қайран аға сыр берместен соңғы міндетін адал атқарды да жүре берді. Өнерге, халқына адал боп өткен ағаға ұқсауға тырыссақ жаман болмас еді-ау. Бәріміздің баратынымыз бір-ақ жер. Кей білімділер мен пысықайларды айтыс өнерінің, таза жауһар жырдың бағасын аяқасты еткеніне шыдай алмай кетем.
... Соңғы айтыс жайлы сұрасаң... Республикалық айтыстан күткенім көп еді. Жәудір көз жас ақындар шоғыры көңілге қуаныш толтырды. Сол айтысқа аттанар алдында газетті оқып отырып. Зайсандағы зілзаладан соң құлаған үй үйіндісінің жанында отырған баланы көрдім суреттен... Сол сәт жүрегімде зілзала болғанын жасырмаймын. Бір мен емес талай ананың жүрегі жылаған болар, сол газетті көрсе. Айтысқа кетер алдында үйдегі ағаңа және кішкене Фаризаға «осы айтыста жүлде алсам Зайсанға аударам» – деп уәде беріп кеттім. Адам қайғысын, бала мен ана қайғысын жүрекпен сезінбесек несіне өмір сүріп жүрміз? Қасиетінен айналайын халқымның, сол дүлдүлдер жарысында ақбоз атын алдыма тартты,әрине, толқып, қуаныштан асып-тасып тұрдым.
Халықтың танығанына риза болдым, құттықтаймын, – деп жүрегі жарыла Көпен құрдасым жетті.
Зайсандағы бір бала мініп жүрсін деп ақбоз атты зілзаладан зардап шеккен ауданға бердім. Мырзатай жолдасбеков пен Қуаныш Сұлтановтар келіп құттықтады. Қанша дегенмен шығармашылық адамның жөні бір бөлек қой, Қуаныш Сұлтанов: – Біліп ем, Әселхан, дәл осылай етеріңді. Ақбозаттың Зайсанға жіберілуін өзім бақылауға алам. Рахмет, рахмет! – деп қолымнан сүйіп, көзіне мөлдіреп жас алып тұрды.Мойындау, ба деп қолымнан сүйіп, көзіне мөлдіреп жас алып тұрды. Мойындау, бағалаудан гөрі ізгілік, ізеттілік танытқанға көңілім өсті. Халық болса алақанын аямады...
«...Ірілік, азаматтық неге азайып барады?» дейсің бе? Ерлермен правомыз тең деп, олардың тасада қалуына өзіміз, яғни әйелдер «жағдай» жасадық қой. Ер баланы атқа мінгізу орнына, еңкейтіп еден жуғызамыз. Өзіміз жұмыс істеген соң, күйеулерімізді отын-суға жұмсап, ұсақ-түйекке араластырып, қолдан «құлдыраттық» емес пе? Заман түзеліп келеді. Салт – дәстүр қайта жаңғыруда. Ер – азаматтарымызда есін жиып алар. Тиісті жеңілдіктер жасалса әйелдер де өз жұмыстарын, өз тірліктерін өздері есептер. Ер балаларымызды атқа отырғызып, тағылым, тәрбиеге көбірек көңіл бөлерміз.
Жас аналар туралы ма? Көрсең көз тоятын, көкірегі кең сарайдай ашық, ел азаматы болатын ұрпақ тәрбиелеу үшін сәбилеріңе ана сүтімен бірге, күннің нұрын, даланың лебін сіңіріп, «Бесік жырын айтып», ертегілерге еліктіріп өсір дер едім. Ән-жыр тыңдап құйттайынан құлағына анасының қоңыр үнін құйып өскен балақан жақсы азамат болады. Осы орайда мына бір өлеңім есіме түсіп отыр:

Даланың лебін сезсін деп,
Самалға тостым бетіңді.
Арманшыл болып өссіндеп,
Ертегі айттым не түрлі.
Ертеңгі күтер үмітім,
Топшысы алтын тұғырым.
Жүгірсең жүгір күні-түн,
Тек құлай көрме, құлыным.

Жас жұбайларға айтарым:

Сын да көп жас келінге тағылатын,
Қайының, қайын сіңілің жан ұғатын.
Олар да от басына аз күн мейман,
Кеткенде бет-бетімен сағынарсың.
Бораған қар-жаңбыры күз желіндей,
Сұп-суық болар кейде күн көрінбей.
Бір үйдің отын жаға білу деген,
Бір елдің туын ұстап жүргеніңдей, –
деп жазған едім. Бәрі де келінге байланысты. Қарттардың қабағына қайғы ұялатпа, қолыңа қараған қариялар – ата-енеңді өзгелерге таба қылдырма дер едім. Бесігіңді түзе, салтыңды сақта, әдет-ғұрпыңды ұмытпа, тіліңді құрметте дер едім.
Ақын апамызбен аз-кем сұхбат құрып, жанында бір күн болғанымның өзі бүкіл өміріме жетерліктей әсер қалдырды. Перзенттік парызын өтеп, бабасының басына белгі қойып, аналық парызын өтеу үшін:

Шығысым ұшырады зілзалаға,
Қалыпты баспанасыз қырдағы ана.
Несіне туған елді сүйем деймін,
Қыз болып жарамасам бір қараға.
Зайсанға аударайық арғымақты,
Қанатты көлік болсын бір балаға, –
деп жүрегі жырлап тұрған ол ешкімге де ұқсамайтын ірі ақын ғана емес, тұлғалы ана да екеніне көзім жетті. «Алыптар да, ақылдылар да осындай аналардан туылады-ау» – деп ойлап үлгергенімше, – қойын дәптеріңді дерші, өлең келіп қалды...

Тоқыраудың тұншыққан емес шағы,
Халық үшін жеткен бұл белес тағы.
Ана тілдің, арлының қаруы бол,
Құтты болсын есімің, «Келес таңы», –
деп өлеңмен ойып, әппақ қағаз бетіне кесте салды. Не десе де өзі айтпақшы «бұрқырай көшкен ғасырдың бұрымын өріп жатырмын» дегендейін ғасыр бүгін арқалаған ақын апамыз «қазақ қызы, қазақ әйелі» деген атқа әбден лайық жан.

Анар Бәкірова,
«Келес таңы» газеті, 11.10.1990 жыл






ӘСЕЛХАНҒА!

Бармақтай бақ ілінген талабыңа,
Жасыңнан мәлім болдың алабыңа.
Дарабоз ақын қызсың сөз дарытқан.
Құдайым тілің менен қаламыңа.
Кезінде жан қалмаған таңқалмаған,
Талайлар бір көруді армандаған.
Өлеңді серік еткен Оңтүстіктің,
Бір қызысың жалғанға алданбаған.
Тамаша, иншалла, ел ертеңі,
Дәлелденген киелі жер екені.
Әуб Нәсір, Шәмші мен Мұхтар шыққан,
Отырардың қызысың берекелі.

Қазаққа айтыс ғажап жарасады,
Шындыққа жекпе – жекте жол ашады.
Айдынға айтыс кеме шығарып ең,
Жарқырап келе жатыр болашағы.

Әдібек Аралбайұлы






БІР БАҚЫТЫМ БАР ӨЛЕҢ ДЕГЕН

Өмірде өз соқпағынды адаспай табу да оңай емес екен ғой. Сондай-сондай адасуларды Әселханмен оның жолдасы Баянбай да бастан бір кісідей өткерді. Әсіресе, Әселхан. Армандай болған бір өнер ақындық жалынан да сипатпай, әлсін-әлсін көз жаздырып кете берді. Екі жас жаңа қосылып, дүниеге бірінен соң бірі жас сәбилер келе бастаған алғашқы жылдары келіншек өзін өнердің жұртында қалғандай сезініп көп торықты. Семья, жұмыс, үйдің бітпес тірлігі... Өлең жазу жайында қалды десе де болар. Бірақ бір тәуірі – көңілдің тереңіне түскен бір от бірте-бірте шоққа айналса да, біржола сөніп, өшіп жоғалған жоқ. Көктемде, Қызылқұмның қызғалдақтары өрттей алаулар,сонау биікте тізіліп тырнплпр өткенде бір лап етіп, алаулап қалатын-ды. Сонда жас келіншек, балалы ана қазан-ошақ, қора-қопсы арасында жүгіріп жүріп, қой күзетінде тұрып, үркектеген өлең-құспен аз болса да тілдесіп, дәптеріне азын – аулақ жыр балапандарын қонақтататын. Шопан келіншектің бұл жақсы талабы туралы сол кезде журналист әрі жазушы Сейітқазы Досымов очерк жазды. Ол да қиналған сәттерде жас жұбайларға көп демеу болды. Шіркін, сөз дегенің қандай құдіретті? Кейде бір ауыз жылы сөз мақсатына жеткізіп, марқайтып тастайды да, кейде бір ауыз сөз сүйегіңнен өтіп жүрегіңе оқша қадалады.
Жылдар жылжып өте береді. Баянбай мен Әселхан семья жайымен Шәуілдір селосындағы ауа-райын бақылау стансасына қызметке ауысты. Жұмыс біршама тыныш. Балаларға да қолайлы, мектеп жақын. Әселханның ана көңілі де орныға түсті. Бірақ ақын көңіл тыншыр емес. Қайта ширығып кетті. Ол шабыс тілеп, тұяғымен дер тарпыған тұлпардай мазасыз-ақ.
Не болса соған көңіл кіреукелене береді. Ой орманы күннен-күнге қалыңдап, көлемі ұлғайып адам адасардай нуға айналып барады. Ұйқы да қашты. Ұзақ түндер көз іліндіре алмайды. Қабырғада ілулі тұрған домбыраға ниеті ауады. Бірақ бұрын әуестенген нәрсеті емес, тарта алмайды. Жол таппай, жапан түзде адасқан жолаушы сияқты. Осындай мазасыз күй келіншекті ширата түседі. Ол қазір өзін шырпы тисе лау ете түскелі тұрған бір құшақ құрғақ қау сияқты дәрменсіз сезінеді. Енді бірде қараптан қарап отырып, Отырардың жер астында, құмға көміліп жатқан бай кітапханасының үстінде алаңсыз қой бағып жүргендей бір өкініш өзегін өртейді. Енді бірде сылдырай аққан Арыс атты ақ өзен мен сырғи аққан Сырдың толқыны бетке тепкендей ме-ау?... көз алды толған сурет, бірақ бірін де ұстай алмайды. Шаршады, шалдықты, торықты, бірақ, үміті еш үзілмеді... Бәріне де шыдап бақты. Көптен бері мұны төңіректеп, не жақын келмей, не алыс кетпей жүрген үркек өлеңге керегі де осы екен. Бір күні күтпеген жерден үйіне кіріпкелді... Әселхан ақ қағазбен достасып жазып-жазып тастайды. Ондайда құрсанған бойы жеңілдеп қалады. Бірақ таразы көңіл оларға қанағаттана қоймайтындай ма қалай? Көрікті өлең қолға түспей қиналған шақтарда алақанына домбыра – құсты қондыратын әдет тапты. Көне домбыра Әселханды көп жатырқаған жоқ, екеуі сырласып кетті. Енді бұлар жыр шабытты екеулеп шақырды. Екеуі екі жақтаған соң қойсын ба? Баянбай Құрманбековпен Әселхан Қалыбекованың шаңырағына «өлең сөздің патшасы» оң қабағымен қарай бастады. Ананың жүзі күндей күлді. Күн – анадан нұр алған бұл үйдің ұл-қыздары: Айгүл, Айбол, Нұрбол, Ғани және Фаризаның езулерінен күлкі арылмады.
Талант та бұлақ сияқты, оның көзін аршып, қамқорлық жасап отырмаса болмайды деген рас екен. Әселханның бағына орай (жалғыз Әселханның емес, әрине) сексенінші жылдардың басында республика көлемінде айтыс қайта жандана бастады. Оның астанадан басталған дүмпуі алыстағы Қызылқұмға да жетті. 1980 жылы аудандық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сол айтысқа «Шәуілдір» совхозының атынан Әселхан Қалыбекова да қатысты. Ол темірлік Әзімхан Тұрмағанбетовпен «жекпе - жекке» шықты. Жүрексіну де, толқу да болды. Әселхан соны жеңе білді. Әзекең де сөзбен бірде шымшылап, бірде қамшылап қояр емес. Шаруашылықтағы кемшілікті тізбелеп бір тастады. Одан бір кезде «ауылыңның желі бар басылмайды, басымдағы шляпымды алып қашып ке тті» – деп елді бір күлдірді. Осы арада Әселханға жалт ете қалудың сәті түсті.

– Әзеке-ау, желді жаңа көріп пе едің,
Теңің ғой шляпы емес, бөрік сенің.
Еркек боп бір басыңа ие болмай,
Менімен айтысам деп желікпегін, –
деді шәуілдірлік ақын қыз табан астында. Сол айтыс Әселханның тұсауын кесті. Ұзамай аудан атынан Шымкент қаласында өткен облыстық айтысқа қатысты. Бұл жолғы қарсыласы Созақ ауданының айтыскері Қазыбек Мыңжанов екен. Екеуі топ алдына біраз «сілкілесіп, шаңдарын қағысты». Енді бір кезде Қазыбек өткір сын семсерін былай қоя салып, Әселханға қарай әзіл шоғын үрледі. Сондағы айтқаны айтысқа жолдасы Баянбайдың да бірге келгені. Әр тараптан үйіріліп соғар құйын сөзді күтініп отырған келіншек те саспады:

Білесің әйел деген гүл емес пе,
Құмартып гүлге әркім жүр емес пе?
Күйеуі еріп жүрсе несі айып,
Әйелдің ер-азамат пірі емес пе?! –
деп жауап қайтарды. Некерек, өміріндегі осы екінші айтыс оның өзіне деген сенімін бекіте түсті...
Түн қараңғылығын қақ жара жұлдыздай аққан «Алатау» пойызы таңертең Алматыға келіп жетті. Оңтүстіктің күн қақты ақындары мен жыршы – термешілері астананың сағынтқан ақ жауынына рахаттана жүздерін тосып, кең тыныстады.
Екі облыс ақындарының айтысы Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрының үйінде өтті. Қазақ телевизиясы ұйымдастырған бұл айтыс халық өнерінің әлі де аршылмай жатқан тумалары, бұлақтары, қайнарлары мол екенін көрсетті. Шымкенттіктердің де, алматылықтардың да «әттеген – айлары» болмай қалған жоқ, әрине. Ұтқандар да, құтылғандар да тең түскендер де бар, қорыта келгенде, көрермендер ұтты. Олар өнер ләззатына кенелді. Ақын жыраулардың да көңілдеріне медеу еткендері ұпай саны емес, тыңдармандардың ризашылық сезімдері, ду-ду қол шапалақтаулары, шоқ-шоқ гүл ұсынулары еді.
Әселхан бір кеште сахнаға екі рет шықты. Бірінде алматылық жас ақынмен өтірік өлең жарыстырса, екіншісінде жазба ақын ретінде жақсы танылып қалған Есенқұл Жақыпбековпен сайысқа түсті.
Зілсіз, залалсыз, әдемі өтірік айта білу де – өнер. Қазақ Тазша баланы бекер құрметтемеген. Әселханның қарсыласы қисынды өтіріктің бірнеше қабын ақтарып тастады. Өтірік болғанда да жаңа заманға сай жаңа өтірік. Тіпті қыза келе Әселханның марсқа келін болып түскенін де еске салды. Ақын келіншек әріптесінің өтірігін іліп алып әрі қарай дамытып кетті:

– Марсқа келін болып түстім барып,
Жұлдыздар өлең айтты айқай салып.
Басыма ақша бұлтты орай қойдым,
Келгенін қайын атам байқай салып.
Шолпанынан қонақтар кеп жата берді,
Ып-ыстық марс таңы ата берді.
От алып найзағайдан, бұлт қайнаиып,
Қандырдым қою шйға ата-енемді.

Ақ қардан нан ашытып иледім де,
Мұз жаптым төбесінен күймеуіне.
Сап-сары нан піскенде бәрі таң қап,
Қыздарын алып келді-ау үйренуге.
Келтірген ауылымыздың берекесін,
Барлығы деді маған ер екенсің.
Аспанға ұшқаның да рас болды,
Қол соққан қара бала сен екенсің, –
деп бір тоқтады. Одан кейін:

– Жыланның уын сығып шырын еттім,
Ұзындарын шашыма бұрым еттім.
Шанаға түлкі жегіп Алматыға,
Алатау поезынан бұрын жеттім, –
деп тағы да талай-талай өтірік шумақтарды нөсерлетті. Жұрт екеуіне де риза болысып, ду-ду қол соқты. Қыз бен жігіт айтысында Есенқұл екеуі қатты ұстасты. Есенқұлдың сөзі мірдің оғындай екен, ұйқастары да шебер қалаған кірпіштей орнық ты. Кезегі келенде құрбы-құрдас ретінде әзіл шоғымен күйдіріп бақты. «Сенің мына тұрпатың ақынға емес, қолға найза беріп жауға қоятын батырға ұқсайды» – деп бір кетті. «Біздің жақтың қыздары мен келіндері қуыршақтай» – дегенді де ұмытқан жоқ. Несі бар, жарасымды әзіл. Сондықтан оларды Әселхан көңіліне дық санаған сыңай байқатпайды. Әзілге орай әзілмен жауап қайтара білді. Әзіл болғанымен, мұнда ащы шындық бар еді:

Ауылымның қызы өзімдей алып бәрі,
Ұл керек Қажымұқандай халыққа әлі.
Облыстың үлкен емес, ортасы деп,
Жіберген мен әдейі танытқалы.
Еліңде бала өсімі кем боп отыр,
Ғалымдар оны дағы анықтады.
Қыздардың қуыршақтай жылтыраған,
Ана боп, ұл өсіріп жарытпады.
Артына қалдыратын ұрпақ үшін,
Өмірін қияды ғой балық тағы.
Өмірді балық ғұрлы сезінбесе,
Адамның осы болар «шалыққаны».
Қуғаны кей жастарыңның ресторан,
Ит бағып, ермек етер жалыққаны...

... Көп нәрсе айтылды ғой. Одан да көп нәрсе айтылмай көкейде қалды. Он бес, жиырма минутта қалың ойдың қайсыбірін сыртқа шығарып үлгерерсің? Қиын-ау, қиын.

«Сөз кезегі өзіңде енді қырғиым»,
Десе де жұрт, тумай жүр-ау жыр-құйын.
Ұлыларға оңай емес
Дегенмен,
Ұлылардың ұрпағына тым қиын, –
деп Есенқұл жырлағандай, Жамбыл, Кенендердің өнерін жалғастыру, алға апару, әрине оңай емес...
Ия, Алматы мен Шымкент облыстары ақындаының айтысы қазақ телевизиясы арқылы бірнеше рет көрсетілді. Баспаөзде жақсы пікірлер жарияланды. Мысалы, сол айтыстың бас төрешісі болған ғалым Мүсілім Базарбаев өзінің «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Бүгінгі айтыс бөлекше» деген мақаласында (1 июнь, 1984) жыл Әселхан мен Есенқұл туралы мынадай жылы лебіз білдірді: «Қыз бен жігіт айтысында озық көрінгендердің ішінде алматылық Есенқұл Жақыпбеков пен шымкенттік Әселхан Қалыбекова бар. Бұлар кәдуілгі өнегелі айтыскерлер биігінен көрінеді, тыңдаушының айызын қандырып, көкейге қонар тапқырлықпен, өткірлікпен айтысты. Бұлардың өтірік өлең айтқандары да жұртқа ұнады. Есенқұл – бүрыннан танымал. Сөздері биязы, мағыналы, нысаналы болып келеді. Түбінде біраз жүк көтеретін айтыскер болатыны анық. Жаңа көрінген (Алматыда) Әселхан да алысқа сермер қуаты бар, тегеурінді, аңдығыш, алғыр келіншек болып шықты».
Тағы да сол үйреншікті ұшқыр пойыз Алматыға қарай құстай ұшып, асығып келеді. Бір вагонда Әсілхан Кенен Әзірбаевтың жүз жылдығына орай өткізілетін республикалық айтысқа қатысқалы келеді.
Айтыс 16 июнь күні (1984 жыл) таңертең М.Әуезов қазақ академиялық мемлекеттік драма театрында салтанатты жағдайда ашылды (сахнаның сын-сымбатын суреттеу үшін ғана бір очерк жазуға болар еді). Қазақ ССР Мәдениет министрі Ж.Ерімбеков кіріспе сөз сөйледі. Республика халық ақыны Манап көкенов республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова жиналғандарды өлеңмен құттықтады. Айтыстың ашылуына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары.
Қ.Қазыбаев және басқа да жауапты партия және совет қызметкерлері қатысты. Үлкен зал және лоджылар көрермен, тыңдармандарға лық толды. Түрегеп тұрғандар да баршылық. Астаналықтардың айтысқа деген ықыласы арта түсіпті.
Бұл жолғы мереке үш күнге созылды. Оның бар тамашасын сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе, өртеңге біткен құрақтай желкілдей өсіп келе жатқан жастардың өнеріне сүйсінбеу мүмкін емес...
...Тағы да сол шымкенттіктердің шексіз алғысына бөленген әйгілі «Алатау» жүйіткіп келеді. Бірақ ол бұл жолы ол Әселханға өте шабан көрінді. Жиәі тоқтайтын сияқты, стансаларда ұзақ ұзақ аялдайтын секілді. Уақыт өтер емес. Купе іші де ысып кеткендей. Үкілі домбыра да иесіне өкпелегендей бетін қабырғаға беріп жатыр.
Шайға кеткен Баянбай да келді. Ыстық шай үстінде жарасымды әңгіме жалғасын тапты. Баянбай осы сәтті пайдаланып қалғысы келгендей: – Республикалық айтысқа бірінші рет қатысып отырсың. Үшінші орын алу да үлкен табыс, – деді.
– Әңгіме орында болып тұр ма? Уақыттың тығыз болуына байланысты кей-кейдк лықсыған көп ойды сыртқа шығара алмағаным өкінішті. Әйтпесе айтысқа келген ақындардың жүлде үшін ақ тер, көк тер болып жүрген жоқ. Бәрі де өнерді мұрат еткен жандар. Өткен жолы айтыста Есенқұлдың ұпайын қолынан алып кеткендей едім. Мына жолы ол екінші орында иеленіп мені қуантып отыр. Жамбылдық Серік Қалиев пен қызылордалық Ниетолла Раманқұловтың жолы болмады – ау. Жалпы, менің бір байқағаным ақын жұлдызының жануы оның қарсыласына тікелей байланысты. Ол қарышты болса, сен аршын бойы асып түсіп отырасың, міне сонда ғана бар талантың жарқырап, бар қырынан көрінеді...
Купе шаамы көпке дейін сөнбеді. Әселхан өлең оқыды. Есіне әкесі Әлішер түсті, бабасы Ергөбек ақын ойына оралды. Айтыс барысында қыза келе:

Қозатын өлең десе делебесі,
Мен ақын Ергөбектің немересі! –
Дейтіні жадында жаңғырды. Осының әсері ме өзінің «Әкеммен барған бір тойда»,«Ана қуаты» деген жырларын шабыттана оқыды. Өстіп отырып бір әкеден тараған ағайындары Әкімханды, Әселді Жұмагүлді, Әмірханды, сүйікті анасы Тұрашты бірер күнге көрмегенге сағынып-ақ қалғанын аңғарлы. Ересек перзенттері Айгүл мен Айболдың өнерге бейімділігі де ойға түсіп, ішін жылытты. Бір сәт өзі жақсы көретін ақындар Тұманбайдың, Қадырдың, Фариза мен Күләштің жырлаына кезек берді. Сосын... Содан соң соңғы кездері жазған бір өлеңі көкірегінде жаңғыра берді:

Желегін кір шалмаған көңілімнің,
Келемін құшағында сері күннің.
Тынымсыз тіршілікті жалғасырған,
Қазақтың қарапайым келінімін.

Жырым бар жарлымын деп айта алмаймын,
Жел-құзға жерде жүріа шайқалмаймын.
Шұбыртқан балапанын ана қаздай,
Алдында ұл-қызымның байпаңдаймын.

Және бар бір бақытым бар өлең деген,
Жерімде биіктетер төмендеген,
Осында қарызымда төленбеген,
Осында қызығым да көрем деген...

Жолаушылар қалың ұйқы құшағында. «Алатау» асығып келеді. Асықпаса бола ма? Бар өнердің түйісер жері – Алматы десе, жыр бәйгесі делебесі қозатын Әселхандар шымкентте көп-ақ. Оларды да көп күттірмей аңсаған армандарына қарай алып ұшуы керек емес пе?!

Захардин Қыстаубаев,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті, 22.09.1984 жыл






ЖЕЛ ЕСІП ТҰРҒАН ЖОҚ ПА АЙДАРЫҢНАН?

Кем еді атақ – даңқың қай дарыннан,
Жел есіп тұрған жоқ па айдарыңнан?
Алыптың кім қаймықпас айбарынан,
Халықтың кім қанықпас қайнарынан?

Уайымдап жүдеме, ортаймасын мықының,
Молықсын да толықсын ықыласты ыпының...
Пушкиннің де бел жағы қылдырықтай жіңішке,
Дегенменен болмапты басқы жағы жұпыны.

Мен де Пушкин секілді ол жағынан «нелеумін»,
Содан алғам әдісін рахатқа бөлеудің.
Түлкібастың төрінде жалғыз – жарым жатырсың,
Біз де келдік өлеңмен танытқан соң емеурін.

Қыран – топан әзілден шықсыншы қан – сорпамыз,
Сен болмасаң, ойсырап қалады ғой ортамыз.
Белді қойшы құдай – ау, белгілі бел біздің бел,
Белдігіміз шешіліп түсе ме деп қорқамыз.

Әупірімдеп тырыссам жетер ме екен құшағым?
Бір жеткесін өзіңді белгілі еді қысарым.
Жалғыз жатып қорықсаң , тіпті тастап кетейін,
Құшағыңа алып жат Мархабаттың пышағын!

Исрайыл Сапарбай,
Тұраркент, 22.04.2006 жыл






КІТАБЫ КӨП ҰРЛАНҒАН ХАЛЫҚ АҚЫНЫ

Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Әселхан Қалыбекова ұзақ жылдан бері жинап жүрген кітаптарының санын біле бермейді. Үйінің бір қабырғасын алып, сөреде сіресіп тұрған құнды дүниелерінің бас-аяғын түгендеп, арнайы санап көрмепті. Бірақ ауылдағы кісі қызығарлық әжептеуір кітапханалардың бірі екенін айтады. Онда аса қажет, өзіне жетерлік, барлық жанрдағы, барлық тақырыптағы кітаптардың түр-түрі бар. Ақын ес білгелі қайда бармасын, жүрген жерінен жақсы жинақтарды сатып алуды әдетке айналдырған. Арасында сыйға тартушылар да жеткілікті. Ең қызығы, ауылдағы мұражай қызметкерлері ақынның үйінде көненің көзіндей боп, сол қалпында сақталып тұрған сирек кездесетін кітаптарды аттай қалап, сұрап әкетеді екен. Ол аздай-ақ, қонаққа келіп, ым-жымын білдірмей, қолтығына қысып, қымқырып кететіндер жетіп артылады. «Ұрланған кітаптарымда есеп жоқ. Солардың ішінде шетелге шыққанда ала келген «Кабуснама», «Калила и Димна» сияқты шығыс ойшылдарының мұралары қолды болды. Соған ішім ашиды», – дейді «Парасат» орденінің иегері. Ол аздай-ақ, енді бірі өлердегі сөзін айтып, аларын алып, ең аяғы «әне әкеп беремін, міне әкеп беремін» деп ұмыттырып жіберетін көрінеді. Дегенмен қолдағы қалғанының өзі ұзақ жылдар серік етуге жарайды. Өнер иесі әр авторды альфавит бойынша тізіп қоймаса да, қайсысының қай жерде тұрғанын жақсы беледі. Іздеген уақытында тез тауып ала қояды. Айта кетерлігі, Халық ақыны «ат басындай алтын беремін» десе де Абайдың, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Қадыр Мырза Әлінің және басқа да діни кітаптарды ешкімнің де қолына ұстата қоймайды. «Мұндай мұралар әр үйдің төрінде тұруы керек» деп есептейді. Соңғы рет қасиетті Түркістан, Созақ, Атырау топырағына қадам басқанында, сондағы сыйлы азаматтар бірнеше кітап сыйлапты. Ал қазір Тыныштықбек Әбдікәкімовті, Светқали Нұржанды оқу үстінде. Сондай-ақ діни жинақтарға ден қоюда. Осы бағытта шариғат заңдарын өлеңге арқау етіп, түсінікті тілмен уағыздайтын Балмағамбет Балқыбайұлының және Шәкәрімнің екі томдығымен танысып жатыр. «Орфографиялық сөздікті» де жиі ақтарыстырады. «Күнде қолданып жүрген сөздерің кейде ауызға түспей қалады. Сондай кезде баламаларды жиі іздеймін. Тіпті, парақтай-парақтай, тоздырып жібердім», – деп күледі Әселхан Қалыбекова. – Мен қандай жанрда екеніне қарамаймын, жақсы кітап көрсем, сатып алғым келіп тұрады. Үйден шықсам, қайтар жолда кітап көтеріп келемін. Өкініштісі, бұрынғыдай кітап сататын дүкендер, жаздырып алатын кітапханалар жоқ. Өзіміздің аудан әкіміне айтып, «бір кітапхана ашып бер» деп ұсыныс жасаған едік. Қолдағандай болды. Бірақ аяқсыз қалмаса деп тілейміз. Жалпы, кітап адамның серігі ғой. Ақымақты ақылды, ақылдыны данышпан етеді. Кішкентай күнімнен кітапқұмар болып өстім. Шәуілдір қаракөл қой совхозындағы М.Әуезов атындағы мектептегі шағын кітапханасын оқып тауысқанмын. Қазір ойлап отырсам, құныққаным соншалық, Дзержинский туралы да оқып, баяндама жасаппын ғой. Ал қазіргі жастардың рухани мүгедек болып өсіп келе жатқандарына қатты қарным ашады. Көп нәрседен құр қалып жүргеніне жаным ашиды. Кезінде біз оқыған дүниелеріміз туралы шығарма жазып, бестік баға алуға тырысатын едік. Шығарма жазу көп нәрсеге тәрбиелейтін. Бүгінгі мектеп баласы шығарма жазбақ түгілі, қолына қалам ұстай алмайды. Тесті шұқылайды да отырады. Одан қалса, бірін-бірі атып, інісі ағасының әйелін тартып алатын қаптаған түріктің телесериалдарын тамашалайды. Бізге беретін түк те тәрбиесі жоқ. Мен үйдегі балаларыма «көруші болмаңдар, одан да кітап оқыңдар» деп ұрсамын. Өз құрсағымнан шыққан ұл-қыздарым менің кітапханамды түгел оқып шықпаса да, жартысымен танысты. Әлі күнге шыққан кітаптарымды әуелі соларға, сосын «оқиды-ау» деген туыстарыма беруге тырысамын. Сырттағы немерелерімнің қаншалықты әдебиетпен сусындап жүргенін қадағалай алмаймын, қолымдағы немеремнің үлкені – Ахмет-Расул биыл мектепке барады. Құдай амандығын берсе, осы баламды кітап оқуға баулымақпын, – дейді Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова.

«Айқын», 30.07.2009 жыл






ӘСЕЛХАННЫҢ ӘСЕМ ТАҢБАСЫ

Бұрын «екі ауыз өлең айта алмайтын қазақ жоқ» десе бөркіміз қазандай болатын. Енді «Екі ауыз өлең жаза алмайтын қазақ жоқ» – деп терімізге сыймаймыз. Әзер ұйқастырылған әбі – тәбі прозалық шалажансар тіркестерді поэзия санаймыз, газетке, кітапқа жариялаудан, басқа тілдерге аударудан да қысылып қымтырылмаймыз. Сөзіне қарап адам алмаймыз, адамына қарап сөз аламыз... Бұдан асқан имансыздық, рухани көтеремдік бар ма екен?! Әй, қайдам-ау? Желікпелі даңғаза мен жеңіл талғам заманының ең үлкен қасіреті де – осы.
Табиғи талант, шын дарындар әмісе ішінара. Жасанды жолбикелер мың – сан. Шырмауықтай жабысқақ жасандылық жазбашамызды жаулып бітіп, ауызшамызға да құлаш жая бастады. Айтыстағы жаттампаздық соның мысалы. Жазбашамызды тоқыратқан жабылар енді ұлттық ұлылығымызға айналған ауызша пэзиямыздың да құтын қашырып, берекесін ала ма деген қаупіміз де жоқ емес.
Ұлттық поэзиямыздың екі саласында да еркін көсілген сирек таланттарымыздың бірі – Әселхан Қалыбекова қарындасымыз. Айтыс өнерінің қазақ жерінде қайта жандануында Көпбай Омаров ағамыздың, Әселхан мен Тәушеніміздің, Әбдікәрім Манапов пен Мұхтар Құраловымыздың сіңірген қызметтері көп. Тіпті қыруар!
Жазбаша жастай жаттығып, ауызша жылдам игеріп әкеткен Әселхан шығармашылығынан бір кісідей хабардармын. Тағдырымның арқауы Шәуідірмен жалғасқанықтан ба, қайда жүрсем де аудан газетімен қол үзсем де, көз үзген емеспін. Әселханды әуелгі өлеңдерінен бастап білетінім рас. Облыс, Республика басылымдары арқылы таныстығым өз алдына. Өзімен 1982 жылғы облыстық ақындар айтысында бетпе-бет жүздестім. Бір ауданның нанын жеп, суын ішіп дегендей, намысын жыртып жүргенімізге де міне алтыншы жыл.
1984 жылы күзде «Аққу» мәдениет сарайында өткен Әселхан Қалыбекованың алғашқы шығармашылық кешін жүргізген едім. Күні кеше Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты алу салтанатында да негізгі тізгіні мен ұстадым. Ендеше Әселханның былтыр «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қызылқұм қызғалдағы» аталатын тұңғыш жинағына да лебіз айтуды ағалық парыз білдім.

Оқтарын қағып жасынның,
Бұлттарын әрі асырдым.
Рухын сүйді жер – ана.
Жарыққа ғашық ақынның
Жартысына жалғанның
Желбауын тақтым шатырдың.
Жолбарыс жүрек, нар төзім,
Сарбазындай ақылдың.
Көмейімнен ән саулап
Бауырымнан дән саулап,
Қырандай көкке атылдым, –
деген образ бен отқа толы, өзінен – өзі төгіліп тұрған өлең жолдарымен ашылған кітап ақырына дейін оңай оқылады, төте тіркестері мен тосын теңдеулері түгелдей жұмсақ қабылданады. Ауыз әдебиетінің асыл өрнектерімен араласып туған айшықты жырлар соншалықты санамызға сіңімді. Бұл өлең жазылмаған, сол күйінде шумақталып қағазға төгіле салған тірі дүние сияқты. Таза табиға, нағыз қазақы мінез Әселхан шығармаларының баршасына тән.

Шуынан өзгелердің дара қалып,
Қам тірлік, күйкі ойдан тазаланып,
Тұғырдан жемге асыққан қырандай боп,
Кейде осы отырамын мазаланып

«Өлеңім». Сондағы:

Бейіммін мұңсыздардан, мұңдыларға,
немесе:

Тағдырым жасай берсін іштарлығын,
Бітпейді өзің барда құштарлығым.
Қайғысыз көр кеуделеу пенделіктен.
Ақынның артық көрсем мысқыл мұңын, –
деп ақтарылған жан сырына кәміл иланасыз. Өлеңнің соңғы шумағына қол соқпай қала алмайсыз:

Көнермін қиынына, тезіне мың,
Мені де қалап келген өзің едің,
Сен барда бақыттырақ екенімді
Ып – ыстық жүрегіммен сезінемін.
Мені де қалап келген өзің едің!

Қалай тауып айтылған? Күшеншектердің аузына жалғанда түспейтін киелі сөз ғой! Асып – тасып төгіліп жататын ақындар ғана айтуға лайық, оларға өлеңнің өзі де қалап келетіні де рас қой!
Әселхан – дамылсыз ізденіс, шапшаң өсу үстіндегі әрекетшіл ақын. Ақындық миссиясына асқан жауапкершілікпен қарайды. Ешкімді қайталамайды, ешкімге ұқсамайды. Тілдік арсеналы мол, тұтылмаған сөздерге әуес, айтылмаған тұжырымдарға құмар. Мен Әселханды осындай қасиеттері үшін сыйлаймын.
Кітаптың бірінші бөліміне он жеті өлең топтастырылып, екінші бөліміне төрт айтыс енген. Жамбыл атындағы сыйлықтың жалғыз лауреаты Әселханның айтыскерлік артықшылықтарына халқымыз қанық. Сайыс сайын қомақты мәселелерді қопара көтереді. Мұның бәрі көгілдір экраннан беріліп, магнит таспаларына жазылып алынғанына қарамастан, Дүйсенбай Жұмасейітовпен қақтығысынан бір мысал келтіруді артық көрмедік:

Өмірде жақсы болып тұрса бәрі,
Көңілді неге жиі мұң шалады?
Ілияс, Сәкендерді кім ұстапты,
Кешегі Абайыңды кім сабады?!
Күншілдік деген – ауруы бұл қазақтың
Мәңгілік жазылмайтыен қылтамағы.
Отырмыз жаңа күнге үміт артып,
Бір дауыл жүрегімде бұрқанады.

Әселханның әлгі «күншілдік деген ауру бұл қазақтың, мәңгілік жазылмайтын қылтамағы» – деген философиялық ащы жолдарын Түркістандағы «Майдамтал» совхозының директоры Мырзан Ханділлаев екеуміз бір таң әңгімемізге арқау етіп едік. Қаншалықты қорытынды жасап жүргенін әркімнің өзі біледі...
Мен мақаламды Әселханның алғашқы шығармашылық кешінде оқылған өлеңімнің соңғы шумағымен аяқтасам деймін:

Көзісің арқалы ақын Ергөбектің,
Еленіп, ел таныған жерге жеттің.
Ендігі бар тілегім аман болшы,
Бәйгеден дәйім озып кел демекпін!

Қаныбек Сарыбаев,
«Қызылқұм» газеті, 1990 жыл






АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АҚИЫҒЫ

Әселханның ақ отауының жанына машина тоқтады. Үш-төрт бала алдымыздан шығып амандасты. Жүздерін жел қағып, күнге тотыққан.
– Үйде әкеміз бар – деді біреуі. Есік алдына Баянбай шықты.
Бізді танып, жылы амандасты. Біз үйге кірдік. Әселхан жоқ екен.
Қайда кеткенін сұрадым.
– Қазір келеді. Арқалы ақын ғой. Өзі жіңішке болса да үйге сыймайды, – деп Байекең бізді бір күлдіріп алды. Баянбай екеуміз қызу әңгімеге көштік.
– Мен қазір тәуіп Баянбаймын. Адамдарды емдеймін. Абыройым жаман емес, – деді ол. Әзіл сөзі шығар деп, басымды изеп, әңгімесін әрі тыңдай бердім.
– Әселхан өз атағын алды. Ол туралы көп жазылды. Әселханды ақын жасаған мен. Ия, мен... Мына мен... Оның мінезі қызық. Жағымпаздығы жоқ, бет – жүзіңе қарамайды. Көңілі бір адамнан қалса, екінші рет мойын бұрмайды. Ал балаларға өте мейірімді.
– Әй, Қалеке – ай... Мен жетім өстім ғой. Әкем 1943 жылы соғыста қаза тапты. Анамнан тағы тоғыз жасымда айрылып қалдым. Бағыма қарай Әселханға кез болдым. Кезінде ол маған ғашық болып, өлеңдер жазған. Қыз меселін қайтармай жауап бердім. Әселхан қуанғанынан жылап жіберіпті. Қалеке, оны жазғанша, мына алдарыңда отырған тәуіп, мені, жазсаңшы, – деп Баянбай бізді тағы күлдірді. Адал әзілге не жетсін? Көзімнен күле-күле жас та шығып кетті. Сол сәтте Әселхан да кіріп келді. Өре түрегеліп қолын алдық. Мен Әселханға қарап:

Айтыстың дүлділісің,
Сайраған бұлбұлысың... –
дей беріп едім, Әселхан сәл күлімсіреп:

Баекеңді тәуіп етіп,
Әсел-ау қай бұл жүрісің? –
деп менің атымнан өзі сұрақ беріп, іле-шала жауабын да айтып жіберді:

Біздің үйде Баекең тәуіп болды
Әруақ бабасынан ауып қонды.
Күндіз-түні емдейтіні қыз-келіншек,
Ақынға осы жағы қауіп болды, –
деп жүзін күн қаққан Әселхан үкілі домбырамын қолына алып, қос ішекті пернені қағып-қағып қалды. Отырғандар мәз-мәйрам болып, күлкіге бөлендік. Байқап отырмын ерлі-зайыпты екеуі бір-бірін қатты еркелетеді екен... Әңгіме өз арнасын тауып жатты.
– Кеше Мәдениет сарайында «Жігіт сұлтаны» атты кеш өтті. Әй, жігіттер-ай. Көбі жуас. Ұялшақ. Кейбіреуі жігерсіздік танытты. Ренжіп отырдым. Ақыры шыдай алмай қолыма домбырамды алып:

Исатайдай батыр бол,
Жалаулатқан найзасын.
Олжастай ақын бол,
Халқың көрер пайдасын.
Қырық жігіт таба алмас
Бір сұлтанның айласын.
Отырардың ерлері
Бармысыңдар қайдасың?
Үкі тағып үмітке
Тілек айта кеп едім.
Сұлтан болар жігітке
Апа болсам деп едім, –
деп шырқай жөнелдім. Бұл жырым жігіттерге әсер етті. Жігерленіп, кеуделерін тік ұстап, еңселерін көтерді, жігіттерге жасықтық жараспайды. Жігіттің сұлтаны, Отырарды жаудан қорғаған Қайырхан, – деп Әселхан сыр шертті. «Ақын алымды келеді» – деген осы екен. Оның сөзі мені еріксіз ойға шомдырды.
Көз алдыма қырылған халқын көріп, жүзі түтіккен Қайырханның соңғы күшін салып қолына алмас қылыш ұстап, мұнарадан Арыс өзеніне қарап тұрған, қажыған, бірақ қайсар жүзі елес берді. Адам қаны өзен болып ақты. Жау жеңді. Қайырхан тұтқындалды...
– Қалеке, не ойлап кеттіңіз, шайға қараңыз, – деген Әселханның сөзі ойымды бөліп жіберді. Шәй ішіп отырып, көзім сөредегі ақынның суретіне түсті. Ерекше кескін. Отты жанары жанып тұр, оның отты өлең жолдары ойыма оралып, Әселханға қарасам, ол да ой үстінде отыр екен. Тұғырда отырған қырандай ақын қиялы көкке қалықтайды.
– Сіз бізге Ергөбек атаңыз туралы айтып берсеңіз. Мына Серік інім де тыңдасын, – жанымда жазушы Серік Жанәбілов бар еді.
– Фаризажан, келе ғой, – деп ақын кішкентай қараторы қызын баурына басып, иіскеледі. Көмейіне бір өкініш пен өксіктің тығылғаны сезіліп тұрды...
Әкем Әлішер – Қалыбектің ұлы. Қалыбек пен Ергөбек бір атадан туған екен. Өмірде өкініш көп. Әкем бұл дүниеден өтер алдында мені оңаша шақырып алып: «Қызым, саған айтар бір аманатым бар. Аталарың Қалыбек пен Ергөбектің денелері Ташкент қаласындағы «Назарбек» зиратында жерленген. Екеуі төмпешік болып жатыр. Ол моланы апаң біледі. Бастарына барып құран оқыт. Ергөбек көкем ақын болған. Сен осыны ұмытпа» – деді әкем.
– Әке, бұл аманат па? – дедім.
– Ия, ақтық сөзім, – деді. Көзіме ащы жас келді. Жүгіріп далаға шықтым.
Көп кешікпей жоқтаудың азалы естілді. Жарбақтағы құлап, жарым көңіл болып ағып жатқан Арыстың жағасында жылап тұрдым, – деп Әселхан әңгімесін аяқтады.
– Әпке, сіз атаңыздың моласына бардыңыз ба? – деді көзі жасаурап Серік.
– Ергөбек атам 1865 жылы осы өңірде дүниеге келген екен.

Аштан өлген мүрдені,
Адамдар болмай көмесі.
Ит пен құсқа жем болды,
Не манаптың денесі, –
депті өз өлеңінде менің атам. Ақыры өзі де аштықтың құрбаны болыпты.

Самалы салқын Сырдария,
Сағындым көрер күн қайда?
Шық жұқпайтын аяққа,
Сексеуілді құм қайда? –
деп Отырарын сағыныпты атам. 1990 жылдың сәуір айында апам Тұрар екеуміз Ташкент қаласындағы «Назарбек» зиратына бардық. Қос әруақты іздеп жүріп тауып алдық. Қос төмпешікті құшақтай бердім.

Деген соң солай анашым
Атажан келдім қасыңа.
Піскілеп ойдың сабасын
Жүрегім соқты асыға, –
деп дауыс шығардым. Апам да жылап тұрды.

Осы дейді көк белде,
Жасыма, Әсел, жасыма.
Жетпіс бес жыл өткен
Немерең келді қасыңа, –
деп жыр шығардым. Сол жылы Ергөбек ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесін Отырар өлкесі той етіп өткізді. – Халқыма қарыздармын мені ақын еткен осы жер, – деді Әселхан. Күн бесіннен ауып барады. Далаға шықтық. Үйдің дәл іргесінен Арыс өзені ағып жатыр.
– Шәмші Қалдаяқов шығарған әніндегі Арыс өзені – осы. Шәмші аға да өмірден өтті. Композитордың туған жері – Сарыкөл. Маңында Қосқоңыр, Көкмардан деген төбелер бар, – деді Әселхан...
– Туған дала өзінің перзенттерін ежелден ән мен жырға бөлеген екен. Шәмшідей композитор, Әселхандай айтыскер ақынды өмірге әкелген өлкеге рахмет, – деп ішімнен шүкірлік жасадым.
– Қуаныш аға! Серік екеуіңізді Арыстанбаб мазарына апарып қайтайын, құран оқытайық, – деді Әселхан. Серік жас балаша қуанып кетті. Кең жазықта орналасқан мазарға бардық. Сан ғасырлық тариқы бар ұлы ғұламаның моласына тағзым еттік.
– Арыстанбаб – менің пірім. Қорғап, жебеп жүреді. Сапарға шығарда басына келіп кетемін. Бұл кемеңгердің шәкірті Қожа Ахмет, ол кісінің де кесенесіне барып тұрамын, айтыс өнерінің ақиығы.

Тәңірдің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап
Еркелетіп шығар сөз, –
деген данышпан Абайдың өлеңі ойыма оралды. Тәңірдің күні Отырар жеріне нұрын төгіп тұр. Аспанда ақша бұлттар қалықтап ұшып барады.
– Бүгін Арыстанды – Қарабастың желі тоқтады. Кеше жер дүниенің астан-кестеңін шығарған еді. Менің кейбір мінезім Арыстанды-Қарабастың желіне ұқсайды. Кеше қабағым қатулы еді. Бүгін көңілім ақша бұлттай ашық, – деді Әселхан жадырап.
Біз Отырар қаласының орнын аралап көрдік. Көне қала құм ішінде жатыр. Бабаларымыздың сүйегіне аяғымыз тимесін деп аңдап жүріп келеміз.
– Ойраны шыққан Отырар қаласы әр қазақты ойландыру керек-ақ. Неге бізге қанға боялып Шыңғысханның тұлпарларының тұяғының астында қалған отырарымызды ескерткіш қалаға айналдырмасқа? Ел басшылары осыны ескерсе екен, – деп Әселхан өз ойын білдіріп өтті...
– Үйге қайта оралсақ, аудан басшыларының айтуымен ақынға арнап киіз тігіліп жатыр екен. Бұл қамқорлыққа ішіміз жылып, қуанып қалдық. Үйге келгесін кішкентай Фариза қолына домбыра алып «Фариза қыз» әнін орындап берді. Дауысы ашық екен. Балауса сүйкімді үн.
– Қызымның атын Фариза ақын әпкесіне тартсын, ақын болсын деген ниетпен қойдым, – деп Әселхан ағынан жарылды. Ән аяқталды. Кішкентай Фаризаны құшақтап сүйдім. Әселхан тағы бір өткен кезеңді еске алды.
– Мен үшін үлкен қаза – Көпбай Омаровтың өлімі болды. Ташкентте болған айтысқа бірге қатыстық. Ауырып отырса да, қарсыласын жеңіп барып көз жұмды. Не деген талант еді... Дәл бір Құлагер дерсің. Ол кісі айтыс ақындарының Құлагері еді. Құлагер Ерейментаудағы астың жарысында алдына қара салмады. Суырылып шығып, барып қусақ көлінің жағасында мерт болды. Ал менің Көкпай ағам да алдына ақын салмады.

Зымыран жылдар ат басын тартпай зулайды.
Асылын халық жоғалтып барып, шулайды.
Күңірен дүние, күңірен дала, аспан-жер,
Көбекең сынды Құлагер қайтып тумайды, –
деп аһ ұрып қала бердім. Айтыс ақындарының жарқыраған жұлдызы еді-ау. Қаза бәрімізді есеңгіретіп кетті, – деп Әселхан көзіне жас алды... Мен Әселханның Зайсанға барған сапарын сұрадым. – Қалеке, өзіңіз білесіз, Зайсан өңірі өте аяныты халге тап болды. 1991 жылы бас жүлдеге арғымақ ат міндім. Оны туған жерім Отырарға әкелмей, Зайсандағы бауырларыма жібердім.
Көп кешікпей Зайсанға бардым. Қабырға қайыстыратын ақыр кезеңді көрдім. Арменияда жер сілкініп еді, дүние жүзі болып көмек көрсетті. Ал өзімнің Зайсаныма келгенде ешкімнің емшегі сыздамады. Семейде бомба жарылып, Зайсаным құлап жатты-ау. Елім сорлаған екен-ау деп ашындым. Мені Зайсанның бір тұрғыны шақырып шәй берді. Өздері шатырда тұрады екен. Баласы келіп үкі сыйлады, – деп Әселхан әңгімесін бітірді.
Кеш батты. Отырар өңірін қараңғылық тұмшалады. Біз жолға шықтық. Әселхан шығарып салып тұрып:
– Мен ауылдың қызымын. Ешқайда ұзап шыққым келмейді. Отырарымды әлемнің ең сұлу қаласына айырбастаймын. Ән-жырдың өлкесі осы өңір, – деді күлімдеп. Шашы желбіреп Фариза қыз бірге қол бұлғады. Ақын ауылынан қимастықпен аттандық... Отырар өңірінің оттары жарқырап жана бастады.

Қуанышбек Төлеметов






ӘДІЛҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ ӘД

Біз белгілеп алған уақытымызда ақын әпкемізбен әңгімелесуге арнайы үйіне бардық. Ылғи да жүрегін жырымен жуып, өлеңімен шайып жүретін тау тұлғалы ақынымыз, жылы шыраймен қарсы алды. Жаюлы дастарқанға жайғасқан біздердің алдымызға үлкен ыдысқа салынған қара малдың басын әкеліп қойды. «Ал кәні қыздар бастан ауыз тиіңдер. Құрбандық шалған едік. Сендерге де бұйырыпты»– деген ақын әпкемізге: «Қанымызда әйел баласы бас ұстамайды деуші еді» дедім. Ақындығымен ғана емес орамалымен, имандылығымен аймағына ана болған арқалы ақынмен сұхбат толғамымыз, міне, осы арада өз байламын тауып жалғасып кеті.

– Ақын Тәушен апаммен көп қыдырдым, – деп Әселхан ақын әңгімесін өрбіте түсті. Марқұм жақсы адам еді. Қай жерге барсақ та сый – сияпат көрсетіліп қой сойылатын. Сондай кездерде алдымызға бас әкеле жатқаннан-ақ Тәушен апамыз: «Ер азаматтар жесін. Ер азаматтарға апарыңдар Әйел адам бас жемейді» дейтін. Осы жайт бізде жиі қайталанатын. Бірде тағы осындай көрініс болды. Сонда бір қария «Шырағым Әселхан баста, мына бас сендерге арнап асылған. Өздеріңе арналып сойылғаннан кейін өздеріңнің несібелерің бар. Әуелі бастан ауыз тиіңдер. Содан кейін басқаларға берсе берерсіңдер. Әйелдер жемейді дегенді қойындар. Бұдан былай басты же» – деді. Сол кісінің сөзі көңіліме ұялап, дұрыс екен ау дедім. Осы оқиғадан соң ақ бас әкеле жатқан адамға Тәушен апам «Ана жаққа апар, дәуге апар, ана дәу жейді» – деп күлетін. Менде «Апа жемесең тыныш отыр, мен жеймін» дейтінмін. Тәушен апам мені дәу деуші еді. Күлдіргі адам еді жарықтық. Соны айтқан қарияның арқасында талай басты жедік. Өзіміз ауыз тидік, халыққа бердік. Сөйтіп, бас жейтін болғанбыз. Бұл баста өзіңнің ырыс несібең бала – шағаңның ырыс несібесі бар, – деп ақын басты қалай ұстағандығы жайында аз кем сөз қозғап өтті.
– Ағыны мықты астаудан тасып тұрған талантыңызды, арқалы ақындығыңызды, халқымыз мойындағалы қашан. Осы ақындығыңызды алғаш таныған кім немесе балалығыңызға барлау жасап өтіңізші?...
– Айтыскер ақын боламын деген ойда жоқ. Десем де белгілі ақын Ергөбек Құттыбайұлының немересімін ғой. Ал ақындығымды алғаш танығам әкем болса керек. Себебі әкем маған кішкентай күнімнен «Сен ақын боласын» дегенді жиі қайталайтын. Мұның сырын ес білген соң түсіндім. Әкемнің аты Әлішер, анамның аты Тұраркүл. Көпшілік анамды Тұраш деп атап кеткен. Мен жарық дүниеге түнде келгем екенмін. Көзім ашық күйінде, яғни көзім айдың жарығына шығылысып жатқан. Анамның құрсағынан шыр етіп түсісімен ақ, анам мені еске көйлегіне орап тастапты. Сонда әкем жаныма кеп жамбастап жатып, ауызымды ашып көріп «Жаратқан ием бізге беріпті. Тұраш, қарашы,біздің қызымыз ақын болады» – деп анамды қасына шақырыпты. Шешем болса: «Қойшы, жазғанай, жаңа туылған нәрестенің ақын болатынын қай жағынан көріп қойдың?» депті. Сонда әкем: «Көресің,осыдан қара тұр, қызымыз ақын болады. Тілінің ұшы айыр» деп уәжін айтады. Алты жасқа толар толмастан мен мектеп табалдырығын аттадым. Қырық екі әріпті қай күнен бастап танып үйрендім, сол күннен бастап әкем маған: «Әселхан дастандарды жақсы оқиды» деп көлемі үлкен-үлкен кітаптарды оқытып бастады. Ол уақытта теледидар жоқ, жарық жоқ. Ауылдың үлкен кішісінің бар ермегі осындай кітаптар болатын. Әр күні кешкісін бүкіл ауыл біздің үйге жиналатын. Жетілік шам деген болушы еді. Сол жетілік шамды жағып қойып бүгін Ер Тарғынды оқысық, ертең Қырық қызды, арғы күні Қыз Жібекті оқитынбыз. Қисса дастандарды, аңызды, ертегілерді алма кезек үлкендерге осылайша оқып беретінімін. Оқиғаның жылайтын жерлерін жылап оқитынмын. Сонда үлкен кісілер «мына қыз нені түсініп жылап отыр?» десе, шешем: «Түсінбесе оқып бере ме еді.Менің қызым түсініп жылап отыр» дейтін. Әкем жылқышы болған. Жылқышының қызы болғандықтан аттың құлағында ойнайтынмын. Аттың асауына да мен мінетінмін. Сондықтан да шығар төркін жұртым мені атқа міну керек болса, асауды бас білдіру керек болса іздеп жүретін. Жылқыға қатысты мынадай қызықтың болғаны бар. Ауданда дүрілдеп өтіп жатқан шопандар тойында, біздің елдің бір жігіті қыз қууда қыздан таяқ жеп қалыпты. Содан ағаларым аласұрып мені іздейді. Бұл кезде мен екі баланың анасымын. «Келіншек деген қыз қууға шығама екен, шықпаймын» дедім. Намысқой даланың қазақтары қояр емес, «жоқ бір емес, он байға тисеңде, сен шығасың, ауылдың намысы кетіп бара жатыр». Сөйтіп екі балалы кезімде, жиырма жасымда барлығы сөзбен қамшылап жүріп мені қыз қууға шығарды.
– Қыз қууға шыққандай ең алғаш айтысқа да ауылыңыздың намысын арқалап шыққан боларсыз?
– Ия. Ол уақытта айтыс ұмытылып кеткен. Айтыс енді шығып жатқан кезде, төркіндерім тағы маған шауып келді. «Ауылдың атынан шық, ақынның тұқымысың, сен айтыспай кім айтасыды» – деп кеукеуледі. Кеңестік дәуірде Социалистік жарыс деген болатын. Совхоз аралық немесе колхаз аралық жарыстар жиі өткізілетін. «Мен өзім емізулімін. Отбасы ошақ қасынан ешқайда ұзап шықпағанмын. Ауылдың намысын мен қалай қорғамақпын» – деп шыр-пыр болдым. Не керек айтысқа да намысқой ауылдағы төркіндерімнің айтуымен шыққанмын. Сарыкөлде өткен алғашқы айтысқа Шәуілдір совхозының атынан мен, Темір совхозынан Әзімхан Тұрмағанбетов (марқұм) деген мықты ақын қатысатын болды. Негізінде екеуміз де жазба ақын едік. Екеуміз де алдын ала жазып алып айтасытын болдық. Бірақ өлеңдерімізді бір бірімізге көрсетпедік. Бірден өлең шығару қайда. Сарыкөлдегі тойда жүк машинасының бортын түсіріп тастап, бізге сахна етіп берді. Борттың үстінде отырып Әзімхан екеуміз қағазға қарап айтысып отырмыз. Айтысымыздың ортасында бір құйын келіп, менің алдымдағы қағазымды ұшырып ала жөнелді. Құдай соған бастап тұрған шығар. Ал Әзімханның парағы алдында. Ол қағазына көзін сала отырып айтыса берді. Оның маған қарата айтқаны: «Әселхан ауылыңда жел тұрып тұр, тал екпепсін. Барғанымда басымдағы шляпам ұшып кетіп, бір сағат қуып әрең ұстадым» – деп жұртты ду күлдірді. Мен ызаланып кеттім. «Бір ауыз сөз қайтарып айта алмасам, несіне ел намысын қорғап айтысқа шықтым» – деп өз-өзімді жеп барамын. Домбыраны тарта алмасам да қолыма ұстап алғанмын. Жұрт айтысқа сусап қалған. Намыстанып тұрып қарсыласымды «құрдас» ия «әріптес» деместен «сорлы-ау» деп айқайлап жіберіппін:

Сорлы-ау желді жаңа көріппе едің,
Теңің ғой шляпы емес, бөрік сенің.
Еркек боп бір басыңа ие болмай,
Менімен айтысам деп желікпегін. – деп аузыма түскенді қойып қалдым. Көрермендер: «Әселхан жеңді, табанда суырып салып айтты» деп шулап аспандатып барады. Суырып салмалықтың бастама әліппесі сол кезде басталды. Мен айтысқа қажеттілік туғанда шықтым. Облыс көлемінде әйелдерден айтыскер жоқ болатын. Кейін Тәушен апам қосылды. Домбыраны да тарта алмайтынмын. Жолдасым Баянбай құлағын туралап жүріп үйретті.
– Сол кездегі айтыспен бүгінгі айтыстың ара-жігінде айырмашылық барма? Яғни бүгінгі ізіңізді басып келе жатқан айтыскер ақын қыздарыңызға көңіліңіз тола ма?
– Мен қара шаңырақтың нағыз қазақи тәрбиесін алған адаммын. Бойымда ер адамдарға тән қасиеттер басымдау болды. Айтыста еш уақытта әйелдермен сахна төріне шықпай, ақын ер азаматтармен айтысуымның да себебі сол. Ол кездерде біздің жүрегімізде тек өнерге деген тазалық тұратын. Айтыста жеңбесекте, халықтың көңілінде қалуды мұрат тұтқанбыз. Жеңу дегенді бүгінде өздеріңде көріп жүрсіндер ғой. Жеңдіргісі келсе әділқазы мүшелері жеңдіре салады. Ешқандай әділқазылар алқасы әділ болған емес. Мырзатай Жолдасбековтың өзі мойындады емес пе. Біздің кезімізде мұндай өрескелдік аздау еді. Айтыстың ауқымы кең. Бүгінгі халқына танылып жүрген ақын қыздарыма өте ризамын. Мәселе олардың машина мінуінде емес, ақындығында. Ақмарал, Сара дегендер жан-жағын барлап айтысады. Анар, Маржандар да жақсы ашылып, елдің сүйіктісіне айналды.
– Бүгінде айтыс сахнасына шықпай кеттіңіз?
– Қазіргі айтыскерлердің бізден үйренбегені жоқ. Анар, Маржандар Шымкенттің, Бекарыс Түркістанның атынан шығып жүр. Қазір айтыскерлікте тағыда тоқырау бар. Қуаныш Айтаханов әкім болып тұрғанда болашақ айтыскерлер үшін ақындар мектебін аштық. Соларға аптасына екі рет сабақ өткіземін.
– Өшпестей боп есте қалған ең бір қуанған, немесе ең бір өкінішті сәттеріңіз болды ма?
– Ондай сәттер ұмытылушы ма еді. Айтыста Республикадан бірінші мінген атымды, зіл-зала болған аймақ Зайсанға бердім. Сондағы қуанғаным естен кетпейді. Айтысқа келерде түс көргенмін. «Үлкен таудың үстінде жүр екенмін. Айналамның барлығы жалт-жұлт еткен гаухар, аппақ қар, моншақтар». Қуанып ояндым. Айтыста бас бәйгені алып, оны Зайсанға атаған соң Мырзатай Жолдасбеков сахнаға шығып «айналайын Әселхан сен ерлік жасадың, бүкіл Зайсан қуанып қалатын болды. Бізді елейтін ұл-қыздарымыз бар екен, ел риза болар»-деп көзіне жас алды.
Енді өмірімде ең өкінішті болып қалған нәрсе мынау. Баяғыда менің үзеңгілес, майдандас, сырлас досым Әбдікәрім Манаповты қазылар 5 ұпай қойып құлатқан. Содан мерттіккен ат құсап қайта тұра алмады.Бәйгелердің басынан көрініп келе жатқан ақын еді. Соның өнердегі бағын қайтарды. Сол кезде қатты өкініп үш күн бойы жыладым. Әбдікәрімнің әкесі екеумізге бірдей әке болған жан. Оны қайтып бәйгеге қоса алмай-ақ қойдым. Қосқан болып бір-екі облыстан бәйге де әпердік. Бірақ бәрібір тұсаулы ат сияқты, жүрмеді. Осы қиянатты сол қазылардың ішінде отырған бір кездегі Әбдікәрімнің ұстазы болған адам, бас болып жасады. Ертеңіне қазылардың әділетсіздігін айтып халықтың алдына шыққанымда, олар алдымдағы микрафонның дауысын өшіртгізіп тастады.
– Шығыс әйелдерінің өзіндік құпиясы болады. Жалпы әйелдік құпияңды ашып жар салғаннан гөрі, неқұрлым жұмбақ болған дұрыспа. Сіз осыған не айтар едіңіз?
– Шығыс әйелдерінің сырын құпия сақтауын құптаймын. Сырыңды сыртқа шығарсаң, жұртқа әшкере болады. Адам баласы басына таяқ тиген сайын өмірдің қыр сырын үйренеді. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды», «Құпиясын жасыра алмаған, кемеңгерлігін асыра алмайды» – деген дана халқым. Әйелдің құпиясы меніңше өзінде қалуы керек.
– Өнер жолына түскен ұл-қыздарыңыз бар ма?
– Алла берген екі қыз, үш ұлым бар. Үлкен қызым Айгүлдің бойында сазгерлік қасиеті бар. Лесбек Амановтың «Біздерде ғашық болғанбыз» әнін орындайтын «Бауырлар» дуэтіндегі Айбол есімді әнші менің үлкен ұлым болады. Айбол әрі әнші, әрі асаба, ақындығы да бар. Жаңа түскен келіннің де бетін ашады. Өзімде кезінде талай рет арнайы шақыртулар мен келіндердің бетін ашқанмын. «Әйел адам бет ашпайды» – дейді. Бірақ елім менің ақындығымды қадірлеп шақыртып жатса, қалай бармаймын. Қазір бет ашуды балама өткізгенмін. Екінші қызымның есімі Фариза. Ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне қойғанмын.Фариза Өнер Академиясын қызыл дипломмен бітірді. Ғани деген ұлым заңгер. Нұрболымның денсаулығы жоқ. Көбнесе осы баламның қасында боламын.
– Құпия болмаса айтыстан қанша машина міндіңіз?
– Айтыстан екі машина мініппін. Бірі – Созақ ауданында Сұлтанбек Қожановтың тойында өткен ақындар айтысында «Жигули» міндім. Ырым алды машинам сол. Екіншісі Абайдың 150 жылдығында иномарка мінгізді.
– О, баста жазба ақынмын деп едіңіз. Соңғы кезде не жазып жүрсіз?
– Соңғы кезде имандылық, тәлім-тәрбие туралы өлең жазамын. Он төрт жылдан бері үзбей намаз оқимын. Имандылық және бір Алла жайлы жазылған өлеңдер өзімді жеңілдетіп, көңілімді көтереді.
– Орамды ой бөлісіп сыр ақтарғаныңызға рахмет!

Қызжібек Бәкір,
Оңтүстік Қазақстан облысы.
«Қазақстан әйелдері» журналы.






Жыр сайыстың Әселхан «Құлагері»,
Сөз шылбырмен тақымын бұрап еді.
Ақынсынып жүргенінің талайының,
Сөз шылбырымен тақымын бұрап еді.

Сөз теңізі туласа көбік шашып,
Таптап кетер айбынды мысы басып.
Халық ақыны Әселхан – халық қызы,
Қазағыма лайық жырға ғашық.

Нар кеудені кернеген дарыны бар,
Айтыс десе жұлқынған арыны бар.
Бастау алған кәусардан Ергөбектей,
Сарқыраған, сарқылмас сарыны бар,

Фарабидің елінде өсіп-өнген,
Қырмызы гүл Әселхан жырға келген.
Қалт жібермес қапысыз уәж оғы,
Әруақты арқалы, шын сұрмерген.

Мыңжасар Дәрменов






ҚҰТТЫҚТАЙМЫН ӘСЕЛХАН

Халқымның ару қызы, ардағымсың,
Өзіңді сан сайысқа салғаным шын.
Барша жұрт «бір көрсем» деп тілейтұғын,
Әселхан қазағымның ардағысың.

Мінезің сомдап құйған қорғасындай,
Дарының өнер, білім ордасындай.
Арының тау бұлағы секілденіп,
Талантың дарияның арнасындай.

Өнердің қыранысың қорғайтұғын,
Парасатты тереңнен ойлайтұғын.
Қырық жаста қыр ассаң қыдыр дарып,
Кезің бұл мол еңбекке тоймайтұғын.

Аруды ардақтаймын Әселхандай,
Жел ескен айдарынан атқан таңдай.
Маңдайды жарқыратып кере қарыс,
Өзіңді туды екен ана қандай!

Бауырым, құттықтаймын жемісіңді,
Желпініп мақтан етем жеңісіңді.
Жолыңды қуғандарға ұстаз болып,
Әселхан кеңейте бер өрісіңді.

Қырық жас құтты болсын, қыр асқаның,
Құптаймын еңбегіңнің ұласқанын.
Өнерің самғай берсін биіктерге,
Әрқашан ашық болсын көк аспаның.

Тыныштық Шамаханова