Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Жезқазғандық Мұхамметқали Сейітқазиновпен Алматыда өткен айтысы

Мұқаш:

Дегенде ағайындар Астаналық,
Біз бүгін жыр жастығын жастаналық.
Ортаңа екі ақының шығып отыр,
Тосыннан тәуекелді тасқа жанып.
Тентектеу ақын едім, өктемденер,
Ұшпасын төбемізден кептер нағып.
Келдік біз құс қанатқа салып алып,
Осында ғажайып бір көктемді алып.
Ой даридай-дари дай.

Ей, достым ақын сырын ұқтыңдар ма,
Тілеңдер мықтылықты мықты ұлдарға.
Жаз келді өлмегенге деген дейін,
Бір қыстан аман-есен шықтыңдар ма?.

Демеймін не қуантам, не мұңайтам,
Демеймін тілдің жайын егіле айтам.
Боп жатқан қуаныштар құтты болсын,
Кездессе қайғыңа да көңіл айтам.

Отырма елдің жайын ақын айтып,
Жағайын шабыт шамын шақырайтып.
Еліміз еңбек жайын толғап жатса,
Тауларға, таулар сәлем жатыр айтып.

Алдыңа жұртым шықтым Шымкенттегі,
Әсеке ақынсың аты үлкен тегі.
Болдым мен Астанамен амандасып,
Аман ба, шешем туған Шымкент елі.

Жігіттер маңдайлы да, пешенелі,
Қуанам тыныштыққа көшедегі.
Әсеке Шымкенттейін ел аман ба?
Аманба Шымкенттегі шешем елі.

Қажысақ Қаратауға сүйендік пе,
Жомарт жұрт қайдан шығар сый ел бүксе.
Қырық серкеш дайын ба, ала қайтсам,
Қайтарда соға кетсем, жиендікке

Басында біреулердің қара шәпке,
Басында біреулердің ала шәпке.
Жиенің алдыңда отыр не айтасың?
Жиенің алдыңда отыр нағашы әпке,
Ой, дари-даридай, даридай.

Әселхан:

Мұқашжан тулап шықты сазандайын,
Ал менің тентектікке жазам дайын.
Бәрің де тентекпін деп мақтанасың,
Тентектің бөркі болады қазандайын.

Ағайын тағы сізге сәлем бердім,
Өкілі болғаннан соң өнерлі елдің.
Жаныма Жезқазғаннан Мұқаш шықты,
Жасырған жайынындай терең көлдің.
Екеуміз нағашылы жиен едік,
Үстінде кездескенде кемелді елің.
Біріміз-бірімізден асып тұрмыз,
Жобалап қосуын-ай шеберлердің.


Жарқырап оңтүстікке келді көктем,
Сәбидей жаңа туған елжіреткен.
Жаныңды жадыратар самал есіп,
Балқиды тұла бойың желы лебпен.
Құлдырлап ағып жатыр өзендерім,
Әз-наурыз жағыасына жұпар сепкен
Алғашқы құстар келіп абыр-сабыр,
Жай іздеп ұя салар төңіреткен.
Шаруа иығына кетпен салып
Жер ана құр қоймас деп бейнет шексең.

Мұқашжан белгілі еді ақындығың,
Өзгеріп бұл дүние жатыр бүгін.
Бар билік ақымаққа тиген заман,
Қолдары бос қалған соң, ақылдының.
Ақынның жаны нәзік жомарт еді,
Жетті екен сенің қалай батылдығың,
Ақынға тие бермес қызмет қой,
Жиенжан құтты болсын әкімдігің.

Жақсы әкім келе сала, елді ойлайды,
Кір жуып кіндік кескен, жерді ойлайды.
Бел буып күні-түні аттан түспей,
Қиыннан ел шығатын жолды ойлайды.

Ал енді жаман әкім байды ойлайды,
Қарбытып асайтұғын майды ойлайды.
Қолында ақша барға көзін сүзіп,
Ішіп-жеп, жататұғын жайды ойлайды.

Ал енді жаман әкім байды ойлайды,
Қарбытып асайтұғын майды ойлайды.
Қолында ақша барға көзін сүзіп,
Ішіп-жеп, жататұғын жайды ойлайды.
Шындықтан күдіктеніп сөз бағады,
Мақтаса жағымпаздар мәз болады.
Көзінен көкірегі асып кетіп,
Ештеңе көре алмайтын әз болады.
Бұл нарық екі иығын жалмап келді,
Нарықтан елге тастай салмақ келді.
Атамда аласы жоқ, бересі жоқ.
Білмеймін бізді қалай таңдап келді.

Қалтасын алаяқтар тонап алып,
Олардан азап шекті қара халық.
Қолынан келсе дағы, келмесе де,
Базарға барып жатыр домаланып.

Жоқшылық әйелдердің иығын езіп,
Сандалып көшеде жүр, дүние кезіп.
Бір үйдің отын жаққан аяулы ана,
Киелі ошағынан кетті безіп.

Ықтайтын ызғырықтан панасы жоқ,
Жетім мен жесірлердің наласы көп.
Он бала асыраушы еді, жесір әйел,
Бүгінде бір балаға шамасы жоқ.

Білмеймін қысып кеткен тарлық неткен,
Ақырын сұраймын да, зар қып көктен.
Біреуге бауыр етін, құл қып беріп,
Анасы қайыр сұрап қаңғып кеткен.

Қол жетпес теңге деген аспандағы,
Қорлықтан құтылмайсың қашсаң дағы.
Қазақы кеме жарға тірелді ғой,
Ер қайда жол табатын сасқандағы.

Айтпауға аналардың жасын көрдім,
Жолында келеді екен басың бергің.
Ауылдың осыншалық жүдеуіне,
Кешпейтін күнәсі көп әкімдердің.

Сөйлесе орныменен ақын жақсы,
Сайланса орныменен әкім жақсы.
Халыққа қайырымсыз басшылардан,
Бір құшақ кеуіп тұрған отын жақсы.

Мұқаш:

Әсеке шамалыға шалдырмадың,
Ұшқанда құс қанатты талдырмадың.
Шаруаның бәрін өзің айтып кеттің,
Мұқашқа айтатын түк қалдырмадың.

Тағдырың көрсетпесін дар ағашты,
Айтысқа Мұқаш кештеу араласты.
Әсеке бар жағдайды өзің айттың
Ал, Мұқаш айналдырады қара басты.

Ой, Мұқаш осы жер жақсы ортам десең,
Ұят-ау нағашыдан қорқам десең.
Әсеке ер адамды «сазан» дедің,
Тіліңіз бармады ма «шортан» десең.

Екеуміз болдық қой дейм түйтес егіз,
Болады егіз шаруа күйттесеңіз.
Мұқаштың жайын білмей, «Жайын» дедің,
Аузыңыз бармады ма «кит» десеңіз.

Көп болады абысынның тату асы,
Болмасын осы жерде ашу басым.
Мұқашты «кит» дегенге азынсаңыз,
Мұхиттың болар еді, «акуласы».

Қарт анам өзіңізге сәлем – деді,
Әселхан рахмет әлемдегі.
Әсеке сөзіңді айтып, өзіңді айтып,
Сенің дүлділдігіңді дәлелдеді.

Әй алам; «қызбалыққа баспа» – деді,
«Әселхан көп ақыннан басқа» – деді.
Өзіңнен биіктерге секірем – деп,
Сыйластық сызығынан аспа – деді.

Бұл жайды Әселхан да білер – деді,
Өзіңе жақсы тілек тілер – деді.
Сен Біржан бола алмайсың дауым жоқ қой,
Әселхан, Сара – деді, бір елдегі.
Жар болсын саған балам Иең – деді,
Ақынның өлең болар сүйенгені.
Сен жиен Әселханға болғаныңмен,
Өнерге бола алмайсың жиен – деді.

Әсекең осы айтыстың өрті – деді,
Сахнаға Құдай берген көркі – деді.
Айтқандай Астананың аспанында,
Әсекең жырларымен желпінеді.

Жақсы ғой ақынға шын өлең келсе,
Ақындар өлеңімен көлемденсе.
Әкім боп қанша жүрем Құдай біледі,
Ақын боп қаламын ғой, өле-өлелгенше.

Жан едім шамалыға илікпеген,
Бас сыймас жерге тағы килікпеген.
Әкімді жарлықпенен тағайындайды,
Ақынды дайындап көр бұйрықпенен.
Әкімдік қызмет қой қуа біткен,
Ақындық бойға анадан туа біткен.
Болғаны халық берген айырылмасам,
«Ардақты ұлсың» - деген куәліктен.

Әкімдік ақындықтан мәңгі ат емес,
Қызмет бұл айтыста мандат емес.
Генерал болуға да ұмтылмаған,
Дейді - «солдатты да, солдат» емес.

Соңыңнан Мұқаш сіздің ере алар ма,
Бағаны ел алдында бере алар ма.
Кезегін сөздің қазір мен берейін,
Айтыста аты шулы Генералға.
Ой, дари-даридай, даридай.

Әселхан:

Татулық көрік берген даламызға,
Сөзіңе жауап айтпай қаламыз ба.
Мың алғыс алдыменен айтайыншы,
Ақылды сәлем айтқан анаңызға.

Бұл шабыт ақындарға қонбай ма екен,
Көңілі бұл жиеннің толмай ма екен.
Ренжисің «сазан» десем неге сонша,
Сазанның еркегі әлде болмай ма екен.

Кемшілік Шымкентте жоқ демеймін,
Ел жұрттың барлығы да тоқ демеймін.
Сол жұрттың арасында жүргеннен соң,
Өзім де біреуімін көп кедейдің.
Жар кешіп жалаңаяқ жүргендер көп,
Мұңымды кімге айтып өкпелеймін.
Халыққа жырдан бұрын «нан» керек қой,
Олардың хәлін сұрар өкімет жоқ,
Өксігі кетер болды көпке дейін.

Бүгінге «отыз жетің» болмай сабақ,
Шаруа шенеуніктен шекті азап.
Бастары шортандардың шірігінде,
Құйрығын жем қылмай ма, майда шабақ.
Ел жайлы күннен күнге құлдырауда,
Басшылар отыр екен, қйда қарап.
Тас керең қалқан құлақ кімге дәрі,
Ұры мен мафияға болған мазақ.
Жаманды бір сынаған екінші рет,
Сынама – деп айтушы еді атам қазақ.

Жезқазған жігіттері қалайсыңдар
Аспаннан түскендей боп қарайсыңдар.
«Алматы-Ташкенттің» көліктерін,
Жезқазған жолдарында тонайсыңдар.
Апарып жеміс-жидек сатып жүрсе,
Жабылып саудагерді сабайсыңдар.
Айтқанда Шымкенттің дастарханын,
Тағы да тілдеріңді жалайсыңдар.

Барлығы осы айтқанның шын ғой, көрген,
Таусылмас көкіректі жыр ғой керген.
Орыстың өзін жатқа қиғанменен
Қияалмай бөтелкесін жүр ғой пендең.
Қазаққа арақ ішіп бас ауырту,
Кешегі «жетпіс жылдан» із ғой келген.
Аман ба адырдағы шопандарың
Қуанып бір шишаға, бір қой берген.

Мұқаш:

Әсеке уақсың ба, ірісің бе
Жорғаның жорғалығы жүрісінде.
Шортанға шабқ барып, таяиды - дейсің,
Жақындап көрсінші ол тірісінде.

Бұл Мұқаш жыр жалынын жоймаған ғой,
Тойларда талай-талай, тойлаған ғой.
Құланның құдық барып құлағанда,
Құрбақа құлағында ойнаған ғой.

Жезқазғанда жүріп жатыр жиендерің,
Қарт Ұлытау қажығанда сүенгенмін.
Ер жігіт үш жұртының бірі ғой деп,
Басымды сендерге де ием – дедім.

Қл қалай, нағашы жұрт сыншы елім,
Әрдайым, жиендерден жүрші- дедім.
Шымкентті мақтаса ел көтеріліп,
Шымкентті жамандаса күрсінемін.

Шымкенттің сіз боласыз Әселханы,
Ататын ән-жырменен әсем таңы.
Жұртым-ау, Мұқаш үшін дайындай сал,
Кім білед, мына жерге носилканы,
Ой, дари-даридай, даридай.

Әсекең қызып кетсе, кім біледі,
Жіберіп жыр жұдырық үлгереді.
Талайдың қабырғасы Әсекеңнің,
Салмақты соққысынан күлдіреді.

Жатпасын алшысынан асық түсіп,
Талантта жатқан жоқ қой тасып түсіп,
Соққысын Әсекеңнің алғанымша,
Алайын уақытты қашып-пысып.

Жиен боп алға түсіп қулық қолданайын.
Соққысын Әсекеңнің алғанымша,
Былай да, былай қашып қорғанайын.

Заманым не боп барды, жарықтығым,
Ноқтасын кигізді ғой нарық бүгін.
Сонда да жағдайымыз жақсы дейміз,
Бөрідей білдірмейтін арықтығын.

Алатау айналды ма, күміс тауға,
Нарықпен елің бүгін тыныстауда.
Ауылда теңге деген түске кіреді,
Ақшаны коммерсанттар уыстауда.

Жетпісжыл мұраға ел қуанды ғой,
Егеменді ел болып туа алды ғой.
Үкімет суын сыйыр сауа білсең,
Солсиыр арам қатқыр су алды ғой.

Ой, Мұқаш елге ойыңды бөлсең – деді,
Өлеңнен жыр маржанын терсең – деді.
Тәртібін бұл нарықтың білесің ғой,
Енді өзің, өз күніңді көрсең – дейді.
Ой, дари-даридай, даридай.

Әселхан:

Жиендер мұнша босаң халық па екен,
Бұл жерде айтатұғын нарық бөтен.
Шынымен сұлап түссең сахынада,
Көтеріп иығыма салып кетем,
ой дари-даридай,даридай.

Мұқаш:

Жиенге нағашы жол нұсқамайды,
Болады ағаш түгіл ұста қайғы.
Әсеке даридайлап отырсыз ғой,
О шиқыл, бұл шиқылға ұқсамайды.
Ой, даридай, даридай.

Әселхан:

Жарамас жетектеген жігіт дауға,
Жарамас жетектеген ит те ауға.
Басынан өткізген соң, сорлы қазақ,
Үлгі қып айтып кеткен дені сауға,
Одақтың нұсқауымен, бұйрығымен,
Жетпіс жыл көзді жұмып тарттық қауға.
Сол қауға осы күні құры шығып.
Басымыз арылмастай қалды дауға.

Нұсқаумен, жетектеумен жүрген басшы,
Өзінше жол таба алмай жан таласты.
Үкімет өндіріске көңіл бөлмей,
Алданып жылтыраққа қара басты.
Тізгінді бос жіберіп қойғаннан соң,
Тайынбай ұрлық-қарлық араласты.
Халықтың жиған есіл қазынасы,
Боп кетті-ау рәсуә аяқасты.

Қол соғып ақындарға сый қылынды,
Мұқашжан, көп шығарма қитығыңды.
Сөзімді менің айтқан тыңда да отыр,
Ұқсатпа, ұқсатпасаң шиқылыңды.

Жезқазған жерің сенің қазыналы,
Кернейді дүниені сазың әлі.
Байқамай топырағына күрек салсаң,.
Жүзіне алтын тозаң жағылады.
Әкімі елге құтты жақсы – дейді,
Тірлігі етіп жатқан мағыналы.
Осындай арқылы елден келгеннен соң,
Бұл Мұқаш жырдан неге жаңылады.
Құр босқа даридайға баса бермей,
Жырласаң мен сияқты не қылды.

Мұқаш:

Ақындар ел алдында лақбаушы еді,
Деймісің іште сырды сақтаушы еді.
Әсеке бұл Мұқашты мақтай көрме,
Ішіме мақтау сөздер жақпаушы еді.

Жібердің сахнаны майдан қылып,
Қарайды бізге жұлдыз қайдан күліп.
Жиенді Әсекесі мақтай беріп,
Алмақсың басын жобасы айналдырып.

Әсеке алтын тонға жағасыз ба,
Тұлпары тұяқтарға тағасыз ба.
Мана сіз осы айтысты бастап едіңіз,
Реті кеп тұр енді жабасыз ба.

Жетті ме көрерменге жырым бүгін,
Болсыншы осы бізге ырым бүгін,
Әсеке хабар келді түсіріңіз,
Айтыстың бүгінгі күн шымылдығын.

Әсеке осы күнді ойда сақта,
Жүректің тереңіне бойда сақта.
Бабалар айтқандайын біраз жерге,
Шаптық қой қарап отсам, ойнасақта.

Айтыста Есіл болып есілгейсің,
Демеймін халыққа көп шешілмейсің.
Жиенің осыменен қоштасады,
Кетсе егер артық сөздер кешіргейсің.

Шырқалды осы жерге жыр тәуірі.
Айтпадым ел алдында сылтау ірі.
Ағайын Астаналық қош болыңдар,
Қоштасты сендерменде Ұлытау ұлы.

Әселхан:

Ауылға барсаң жиен бас қоямыз,
Алдыңа түрлі-түрлі ас қоямыз.
Дастархан берекесі ортайған жоқ,
Болмасын жоқтық деген қаскөй аңыз.

Қонақтар Шымкентке жиі келеді,
Таймаған жомарттықтан сүйген елі.
Тік тұрып аяғынан қызмет қып,
Қонаққа қайтарында сый береді.

Нарық кеп халқымызды қаумалады,
Сонда да несібін жұрт саумалады.
Шымкент сұлулары тіккен костюм,
Назарын күллі әлемнің аударады.

Байлық қой мұның бәрі ұғынғанға,
Біртіндеп тола берер шығындар да.
Шыққан соң ел алдында ақын болып,
Шындықты айта алмасаң құның бар ма.
Жасасын елім жеткен Егемендік,
Тәуелсіз тайдырмасын тұғырды Алла!

/p