Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Жезқазғандық Мұхамбетқали Сейтқазинов пен Қызылқұмдық Әселхан Қалыбекованың жыр сайысы.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1990 ж 13 қарашасында жарияланған.

Мұхамбетқали:

Демеймін мен айтыста жырындымын,
Қалайық жаман емес ырым бүгін,
Әсекең арқасында аштым деймін,
Бүгінгі осы айтыстың шымылдығын.

Мен емес көңіл жағы кемтар ақын,
Болайын сізге апай тең пар ақын.
Алдыңда бұл Мұқашың шықты елім,
Ішінде ақындардың арқалы ақын.

Ассалаума -алейкум нағашы елім,
Анамның туып өскен тамаша елім.
Жиен боп Жезқазғаннан келіп қалдым,
Қазақтың өнер қуған баласы едім.

Ассалаума -алейкум анам елі,
Көңілім бір көруге алаң еді.
Орайы бүгін міне түсіп отыр,
Ортаңа келді дейін балаң енді.

Қарт анам жүрер кезде «сәлем» деді,
«Әлі бар көруге елді дәмем» деді.
Кентаудың тәрбиелі қызы екенін,
Ұлытауда сол анашым дәлелдеді.

«Ол жақта болма балам үркек» -деді
«Өзіңді туыстыққа тіркет»-деді.
«Кентаудан 26 да кетіп едім,
Жатырқай қоймас сені Шымкент» деді.

Армысың ағайындар, басқа дағы,
Отырған ақсақалдар ,асқаралы.
Жүрегім менің білсем сыздайды ғой,
Сәбидің кірбің тартса қас-қабағы.

Байқаймын қуанышты халық бүгін,
Тірлітіп жатыр деймін дәріпті ұлын.
Табиғат кеше халқым жылады ғой,
Еске алып Орекеңдей жарықтығын.

Мерейі ақындардың үстем шығар,
Шымкентте жеміс-жидек піскен шығар.
Орекең дүлдіүдері кеп жатқанда,
Орнынан он рет аунап түскен шығар.

Демеймін қуаныштан құр қалдық па,
Ақын боп кеуде соғып ырғалдық па.
Айтыстың Айдаһары алып шықты,
Мұқашты бірінші күн құрбандыққа.

Ұлытаудың әруағына сүйенемін,
Демеймін ел алдында киелі едім.
Апатай айып етпе артық кетсем,
Өйткені өздеріңе жиен едім.

Отырыс болсын дейік тамаша апа,
Бір мезгіл жиеніңе қарашы апа.
Берейін сөз кезегін енді өзіңе,
Жіберші жалғастырып, нағашы апа.

Әселхан:

Қыздарды алыстағы сағыналық,
Жиеннің түсінейік назын анық.
«Сәлем»-деп төркініне айтыпты ғой,
Халайық қол соғыңдар қабыл алып.

Құт саулап Қаратудың қарыны сыздар,
Арда емген арғымақтай,жалдысыздар.
Желіндей арыстанның аңқылдаған,
Ақ көңіл асыл елім армысыздар.

Емеспін бүгін қонақ тосып алған,
Біргемін өздеріңмен қосып арман.
Тойына Орекеңнің шашу шаштым,
Киелі Арыстанбап,Отырардан.

Тербейді ақ бесігін бүгін қалам,
Тірілтіп өткендерді тынымдаған.
Жер ана дауылменен жыр толғатып,
Болашақ Құлагерін құлындаған,
Лапылдаған ақындардың жалынымен,
Замана алға қарай зырылдаған.
Бозторғай алыстарға кетті самғап,
Айналып Боралдайын шырылдаған.

Толассыз төгіледі жырлар бүгін,
Мінекей бетін ашып тұрғандығым.
Мұқашжан шынымен-ақ жараймысың?
Айдаһар толғап жүтар құрбандығын.

Мұхамбетқали:

Қонақтың қарау керек қабағына,
Жатасыз үлкен ақын санағына.
Шортан боп мен өзенде секірмеймін,
Боламын тікенекті алабұға.
Бұл дәуір басымызда тұрмасы анық,
Ақын боп ел алдында сырласалық.
Сіңілісінің сөзін естіп жаңағы айтқан,
Қарт анам қалар деймін бір жасарып.

Қойылар әрлі-берлі сұрақ талай,
Жүрейік жақсылықтан жырақ қалмай.
Айтысқа қате хабар алдымдағы,
Шымкентте жатып қалдым бір аптадай.

Қарсы алды қалай дейсің жұртым мені,
Шақырған жерге Мұқаш іркілмеді.
Жатқан соң екі күннен кейін келіп,
Қонақ үй «шық» деп маған зіркілдеді.
Ақын деп атты бізге халық қойды,
Біреулер сергелдеңге салып қойды.
Этаждың кезекшісі келді де әпке,
Қолымнан кілітімді алып қойды.

Жеңісін мен ешкімнің қызғанбадым,
Қазақ боп кеуде керіп сызданбадым.
Сонан соң жанталасып жатып алып,
Жүрсінге-Астанаға звондадым.

Жете алмай Шаянға мен жолда қалдым,
Айтысқа келемін деп сорға қалдым.
«Әке» –деп атап жүріп біреулерді,
Ол жерде бір қонуға зорға қалдым.

Айтыста Әсел апам сара екен ғой,
Жолдары жүріп өткен дара екен ғой.
Өткенде Астанада кінә айтып ең,
Ондай жан сіздерде де бар екен ғой.

Сөйлеген жиен болып өтімденіп,
Қайтпаған айтыстардан бетім келіп.
Далаға шығып қала жаздадым мен,
Әсеке,Тәушен апам секілденіп.

Әселхан:

Түсіпсің Мұқашжан-ау сен сарсаңға,
Болады ондай-ондай кесел таңда.
Жүрсінді Алматыдан іздегенше,
Хабарды бермейсің бе,Әселханға?

Бұл жерде талайлардың бағы ашылды,
Сыйласың жамандама анашыңды.
Қондырып алақанға алар едік,
Ертерек танып жүрсең нағашыңды.

Шыңдарын Қаратаудың ән қылған жер,
Қойнауын құтты қоныс мал қылған жер.
Алыстан жолаушылап іздеп келіп,
Арқасын арғымақтың талдырған жер.
Жеті отау,Ақмешіті тарих дастан,
Есінен дұшпанның да тандырған жер.
Қостұра қатар шапқан қос батырдай,
Қынадай қызылбасты қан қылған жер.
Ат іздеп, тон іздеген кесір жаудың,
Қу басын қу далада қалдырған жер.
Қар жауған қабағынан батырлардың,
Найзасын ата жауға малдырған жер.
Ақ үйде сары қымыз сапырулы,
Сімірсең мейіріңді қандырған жер.
Өсіріп қойдай қозы, нардай бота,
Лаулатып үмітіңді жандырған жер.
Өтседе қанша ғасыр көнермейді,
Тай шауып, бұлақ күлген балдырған жер.
Көзінің қарасындай сылап, сыйпап,
Бабалар үрпағы үшін қам қылған жер.
Той беріп Орынбайдай ақынына,
Жегенін жая менен жал қылған жер.
Есігі сегіз пейіш ашылғандай,
Мейманын тамсандырып, таң қылған жер.

Мұқамбетқали:

Жүйріктер талай шауып болдырған жер,
Көңілге талай жырды қондырған жер,
Онан соң ақындарды қонақ үйде,
Түні бойы дірдектетіп тоңдырған жер.
Демеймін жыр маржанын тере алмадым,
Демеймін жүйріктерге ере алмадым.
Әсеке мен өзіңді Орынбайдың,
Ескерткіші ашылғанда көре алмадым.
Айтқан бұл әзіліңді құптадың ба,
Білемін жиеніңнен ықпадың ба.
«Синоптик» мамандығы- деп естіп ем,
Біліп ап ауа райын шықпадың ба.
Ұлытаудың биігінен құлжа көрем,
Орысқа жаны ашып ырза деген.
Қазақтың жерін кесіп-пішіп жатыр,
Сәуегей Солженицин мырза деген.
Бұл сөзі тиіп елдің қытығына,
Су ішкен түкірді деп құдығына.
Тып-тыныш жатқан бейбіт талай елдің,
У сеуіп кетті-ау сөзі ұғымына.
Ол мырза біздің жақты білмей ме екен,
Жоқ әлде жатып алып күндей ме екен?
Құрметті жазушысы бар халықтың,
Дәл солай қоламтасын үрлей ме екен.?
Айналдым Қазақстан өскен елден,
Депутат білгір шықты Өскеменнен.
Шаруасы болмасын деймін бізде олардың,
Тайлағын қайтып алсын көшке берген.
Қыранның жел саулайды қанатынан,
Сөздердің айналдым мен болатынан.
Жиенің ептеп біраз әзілдеді,
Апатай сөйле енді ел атынан.

Әселхан:

Жырменен қыздырайық рәсімді,
Жиенжан көкке серме құлашыңды.
Олда бір мына менің мінезім ғой,
Жарқырап міне бүгін күн ашылды.
Ашылды,Оркеңдей сезімді етті,
Талайлар домбырасын безілдетті.
Торғайдай тоңғанды айтып не қыласың,
Қыран боп қия шалар кезің жетті.
Жалғағам сол жерде де бұл әнімді,
Саласың бармадың деп ылаңыңды.
Өзіңнен бір күн бұрын өзім барып,
Басына оқып кеткем құранымды.
Мұндайды істемейді ұяттылар,
Көбейді қиындықтар құлақ тұнар.
Өзі ішкен құдығына түкіретін,
Депутат Василеьева сияқтылар.
Шыныққан біздің халық азаптарға,
Күн сайын кезігеміз ғажаптарға.
Мұхиттың аржағынан ит үрді деп,
Қымсына қоятұғын қазақ бар ма.
Жыңғыл да бөтен жерде тамырлай ма,
Алжасқан ағайынға сабыр қайда.
Ұшырып аққу қазды айдынынан,
Орнына сары шошқа мамырлай ма.
Ұмытқан кешегісін шіркіндерді,
Қазақтың қасиетті наны ұрмай ма.

Мұхамбетқали:

Бұл Мұқаш ойқы-шойқы бастапты өлең,
Апамды ақындыққа асқақ дер ем.
Айналдым мінезіңнен дәл кешегі,
Қонақтар келер күні қаспақ жеген.
Көңілім менің дағы өсет деген,
Бұл заман жаңаша боп көшет деген.
Иттері үріп жатыр ана жақтың,
Сыртынан қазағымды өсектеген.
Апатай мына заман қандай заман,
Бағы жоқ бәлкім бізде, маңдай жаман.
Көреміз «коммунизм»- деп жүргенде,
Айырылған қолдағыдан қандай жаман.
Қайырлап қалды Аралдың кемелері,
Қорқамыз жаңбырдан да төбедегі.
Босаған сіріңкенің қорабындай,
Бүгін міне дүкендердің сөрелері.
Жоқшылық алғаш қант пен шайға келді,
Білмеймін қайта құрау қайда келді.
Біреулер «кооператор»боп алды да,
Құдай-ау шаш етектен пайда көрді.
Жүйткиді көшелерде «такси»-де үдеп,
Қонақтар жатады ылғи жақсы үйге кеп.
Халайық ауылдағы ағайынның,
Түсіне нансаңыздар «носки» кіред.
Бұл заман дегеніне бағындырды,
Жүгіртті бәрімізді жалындырды.
Түсіне әйелдердің «күйеуі»-емес,
«Шампунь мен кір жуатын сабын» кірді.
Отырған жоқпын тойдан сарқыт тілеп,
Бұл Мұқаш ел жағдайын артық білед.
Түсіне балалардың «папасы» емес,
Бұл күнде «калькотки мен кәмпит» кіред.
Жігіттер қалта қағып дүрлігісті,
Тұратын түтіндетіп бір бұрышты.
Кешегі сан сапалақ сигареттер,
Бұл күнде көздерінен бұлбұл ұшты.
Не деген апатай бұл өмір еді,
Көңілім нан барына семіреді.
Айта отыр әңгімеңді енді өзің,
Түсіңе көз ілгенде не кіреді.

Әселхан:

Мұқашжан білесің ғой не дерімді,
Зарланып осыншама не көрінді.
Басынан бұл әпкеңде мойындаған,
Қаспақты қаймақты да жегенімді.
Сөзіңнің барлығы да жөнді бала,
Халқымыз басқа салса көнді бала.
Шындықпен, дін оралып, тіл оралып,
Келеміз бас көтеріп енді ғана.
Күн сайын халық мұңы тереңдеген,
Қағида бұрынғы көп көнермеген.
Түсімде көріп жүрмін көп жақсылық,
Халқыма қызмет қып төбемменен.
Кейінгі ұрпақтарға үлгі болар,
Сонан соң шумақ-шумақ өлең көрем.
Бүгінгі қиындықтар сағым болсын,
Серпілтіп селқостыққа дабыл болсын.
Мұқашжан нағашыңа келгеніңде,
Жасаған зияратың қабыл болсын.

Мұхамбетқали:

Демеймін мұзды елім ойып па еңдер,
Атанды жығып тойға сойып па еңдер.
Жиенің келіп қалды рас апа,
Дайындап қырық серкеш қойып па еңдер.
Тауықтың түсіне дейді тары кіред,
Мәтелді осы қазақ бәрі білед.
Ал Мұқаш түсіне осы сұрасаңыз,
Қазақтың заман-ай лап зары кіред.
Сөйлеймін әр сөзіме табан тіреп,
Адамның қасиетін адам білед.
Көз ілсем түсіме мен енді айтайын,
Ана жақта тұз боп жатқан Арал кіред.
Ақынды айтар елі байсалды деп,
Әрине жылқы мінез қайсарлы деп.
Одан соң түсіме ылғи көзілгенде,
Ана жақта жапа шеккен Зайсан кіред.
Сонан соң ана жақтан Семей кіред,
Жаңағы өзің айтқан өлең кіред.
Ауылға тұман кірсе, тұмау кіред.
Түсіне жыршылардың жырау кіред,
Сонан соң айтыс ылғи басталарда,
Қолымда ұстап отырған мынау кіред.

Әселхан:

Бұл Мұқаш бар нәрсені толықтады,
Бір түсті қаза бердің жолыққалы.
Сенсіз де ел білетін нәрселер ғой,
Айтысты мен отырмын қорытқалы.
Қазбалап, түбін қазып қоймадың ғой,
Түсіңді келіп пе едің жорытқалы.
Түсті де көре бермей жеңу керек,
Зайсанға шындап көмек беру керек.
Қайғырып қашанғы елді жылатамыз,
Алдағы болашаққа сену керек.

Мұхамбетқали:

Қазақтың жаппасын да даласын бұлт,
Жиеннің асты-ау бүгін бағасы күрт.
Қырық серкеш дайын болса ап кетемін,
Күн жақсы кездескенше нағашы жұрт.

Әселхан:

Жиенжан көп түс көрсең жаңыласың,
Күні ертең бұл ауылды сағынасың.
Домалақ әулиедей анамыздың,
Киелі әруағына табынасың.
Жер тарпып үй сыртында ақ боз ат тұр,
Жиенжан сол серкешті не қыласың?