Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Өзбекстандық Мекембай Омаровпен айтысы

Мекембай:

Армысың жанашырым туған халқым,
Бармысын айтысқа бел буған халқым
Көркейтіп айтысын да, өлеңін де,
Өмірін қайтадан бір құрған халқым.

Ән мен жыр ағыл-тегіл есілуде,
Көрермен шын құмартып тесілуде.
Әселхан,қайда жүрсін,неліктен ол,
Айтысқа шықпай ұзақ кешігуде.

Әселхан:

Танытқан мені көпке өнерім ғой,
Сен айтсаң болды бірден келемін ғой.
О,Жүрсін,кешіккенге сен кінәлі,
Бесінші боп шығасың деп едің ғой.

Жырың бар дүйім халық ұнатқандай,
Отырсың әзер- әзер құлап қалмай.
Мен жоқта не сөз айттың,мен білмеймін,
Қоясың енді маған сұрақ қандай.

Айтыста болады ғой әсер қалың,
Қарашы көрерменнің көсем сәнін.
Асырып армандарын Алатаудан,
Алдыңа тағы шықты Әселханың.

Әріптес амансын ба халің қалай,
Салатын бүгінгі күн әнің қалай.
Дұрыстап өткізейік бұл айтысты,
Әзіл шын айтқан сөзді ауырламай.

Бос сөзді қоса берме шаруаңа,
Көңілім көлдей бүгін пәруана.
Аялап бота жырды мәпелеген,
Мен деген түзде желген Аруана.

Қыздырып айтыс деген көздің кұртын,
Қызыққа батсын мынау көрген жұртым,
Нағыз бір жыр нөсерін шалқытайық,
Келтіріп асыл сөзді дүркін-дүркін.

Сен өзің бір сусынға қанғанбысын,
Бұлғақтап бір бәлеге жанғанбысың.
Әселхан ақынменен айтысам деп,
Сарғайып сары ауру боп қалғанбысын.

Мекембай:

Алысқа шырқап шыққан дауысыңыз,
Әрқашан өршіл болсын шабысымыз.
Айта отыр ауыл жақта қандай екен,
Ел жұртқа мақтанатын табысыңыз

Қосылып отыр бүгін әніміз де,
Жарасып шаттық тойда сәнімізде.
Әрқашан үлкен бақыт тілеймін мен,
Осында келген халқым бәріңізге.

Жақсы көрген жаныммен халқым дана,
Бұл айтыс құрметтейтін салтым дара.
Әселхан,бас иемін өнеріңе,
Нардың жүгін арқалар нарқыңа да.

Отырсын мына бізді сынай тағы,
Ақын деген әр кезде шын айтады.
Халқының қайнап жатқан мәселесін,
Біз екеуміз айтпасақ кім айтады

Көп есім елімізге қайта оралды
Айтыста шын ақындық байқаларды.
Қаншама сұрақ берсем әріптеске,
Бәріне жақсы жауап қайтарар-ды.

Әселхан:

Елім бар өз салты мен ғұрпын баққан,
Айтыста талай-талай жыр тыңдатқан.
Кешегі өшкен шырақ қайта жанып,
Ететін йгілік көп жұртым мақтан

Жеткендей болып тұрсың арманыңа,
Болармыз біз де риза қолдағыға,
Тәшкенттің сарылары кезек-кезек,
Қайтыңдар ілінбей- ақ қармағыма.
Сіз жақта қызып жатса айтыс көрік,
Қосамын тілегімді сам ғауыңа.

Мекембай:

Мен едім ақын жігіт ұялшағы,
Жеңгемнің жалындап-ақ тұрар шағы.
Қармаққа шынымен-ақ ілінер ем,
Жоқ екен бізді тартар шуалшаңы.

Біледі мұның жайын халқым анық,
Өскенбіз қазағымның салты дарып.
Мемлекеттік мәртебе алды-ау әрең,
Қазақы төл тіліміз талқыланып.

Әселхан:

Сол болса тапқан сөзің амал бар ма,
Мен сені қосқан жоқ ем жамандарға.
Тілі үшін қазағымның діні үшін,
Өкімет барды жаңа қадамдарға.
Тілімнің, дәстүрімнің қайғысы көп,
Ұрынған небір дауыл, борандарға,
Сендер де өздеріңе мықтырақ бол
Бар қазақ ,бір қазақ қой саналғанда

Мекембай:

Бұл айтыс болып отыр ғажап қандай
Төбеміз көкке тимей аз-ақ қалды-ай.
Мемлекеттік тілімен құтықтаймын,
Көңілі жомарт,әппақ қазақтардай.

Халқымыз әлі-ақ талай танылады,
Айтыстың бйік болсын шаңырағы.
Әрқашан ұлтымыздың сөзін айту-
Ақынның бола берер жан ұраны.
 
Әселхан:

Менің де өлең сөзге жаным ғашық,
Ұлтыма берген құдай сабыр нәсіп.
Бауырлар әлемдегі басын қосып,
Жатса ғой туған жерде тамырласып
Бәріміз сахнадан аттанайық,
Достасып,туыстасып ,қауымдасып.
Мекембай ел жұртыңа мақтанып бар,
Алматы жіберді деп бағымды ашып.