Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Түркістанда өткен Әселхан Қалыбекова мен Талғат Құлыншақовтың айтысы.

Әселхан:

Қолыма домбырамды ала сала,
Деместен жараспайма, жараса ма.
Алдыңа шыға келдім тағы ағайын,
Болса да әріптесім бала-шаға.
Қор қылды Әбдікәрім айтыспастан,
Хан менен бірдей еді қарашаға.

Бұл халық көрді қалқам сені бүгін,
Түсімі тәуір -деді егінінің
Сен болсаң Құлыншақтың немересі,
Мен дағы сол атаның келінімін.

Демейік бұл заманда құсалы еттің,
Шабытым ширыққанда ұшады екпін.
Аталған Молда Мұса Байзақұлы,
Жырларын оқыдың ба Мұсабектің.

Жазыпты махаббатты жаңашалап,
Қызығып оқыған көп тамашалап.
Сағымдай алыстаған Манат сұлу,
Ақынның жүрегіне жара салад.
Байлапты жомарт қолды жоқтық шіркін,
Заманы қырын келіп орашолақ.
Білімсіз сасық байлар ақындарын
Алуға жарамапты арашалап.

Ақыннан рас заман өшін алды,
Уақыт илейді екен есі барды.
Дастаны,айтыстары, сатирасы,
Өлеңнің өркеш-өркеш көші қалды.
Арабы, парсы, түркі тілін біліп,
Керегін қанжар тілмен кесіп алды.
Ақындық өлмес өмір осы шығар,
Ал әлгі қу байлардың несі қалды.

Талғат:

Ақындар сөз маржанын алғаш құрар,
Сөзімді әрбір айтқан халқым сынар.
Құлыншақтың немересі тағы шықты,
Қол соғып қойшы халқым, айтысқа жаны құмар.

Бойыңызға әпшежан бақ кенелген,
Араласып жатырмыз жатқан елмен.
Өзіммен теңдес құрдас шығар деп ем,
Тап қылды ғой, өңшең,апа, әпкелермен.

Тойлайық той болғансоң тойға ұқсатып,
Сөз маржанын терейік ойға ұқсатып.
Әпшежан, жездем мұнда көрінбейді,
Неге тастап кеттің отардан адасқан қойға ұқсатып.

Ал, әпше амансыңба жағдай қалай?
Отырабер айтыста алаңдамай.
Әттең жасың үлкенірек болып отыр.
Басайын өзімді-өзім жалаңдамай.

Әселхан:

Айтайық біз екеуміз ажарлап жыр,
Жақсыны қалқын қылып назарға ап жүр.
Жездеңіз қап кеткен жоқ, кәзір барсаң,
Ішінде Түркістанның базарлап жүр.

Келем бе, ақын болып еленбесем,
Болмайды өрең сенің төмен десем.
Еріп жүр Отырарға меніменен,
Шынымен жезде тауып, көрем десең.

Балаға көңіл толамайды,
Ақындарға сол қайғы.
Шыққаннан соң ортаға,
Айтыспасам болмайды.
Ақындардың ақыны,
Молда Мұса дер едім,
Сүтті саулықтай іріктеп,
Өлеңнің тартқан көгенін,
Сүзіп шыққан ерінбей,
Саязы мен тереңін.
Көкірегі диірмен,
Ой көзімен електеп.
Аударып тастап керегін,
Халқына қылтық қалдырмай.
Тазалап берген берерін.
Мұндай ақын кемде-кем,
Мұхиттай терең өнердің,
Тасытқан биік кемерін.
Молда Мұса сияқты,
Ақынның бірі мен едім.
Алып қып Құдай жаратты,
Ешкімнен артық емес қой,
Ішкенім мен жегенім.
Ергөбектей ақынның,
Дариясынан аққан сел едім.
Туралықты айтсам әкімдер,
Теріс қарар демедім.
Басы естек,- беті адам,
Халыққа деген ниеті арам.
Шұбарларды шенедім.
Жақсыға жырым майдай боп,
Жаманға түсер жайдай боп.
Талай-талай жүлдеден,
Қағылып содан келемін.
Шамырқанып, шырқасам,
Қиялап туған айдай боп.
Шаруаға жайлы болса да,
Өзіме жайсыз өлеңім.

Оған бірақ қыңбаймын,
Қайыссам да сымбаймын.
Жау жарақты жырыммен,
Жұртымның сөзін сөйлесем,
Жалғыз да болсам, мыңдаймын.
Кетпендей жүзін шығарып,
Айналайын қарағым,
Сен секілоді жастардың,
Өткірлеп жүзін шыңдаймын.

Талғат:

Ағалар той өткізді дүрілдетіп,
Шаттықтың міне бүгін күні жетіп.
Өзіңіз жылы жерде отырып әпше,
Жездемді базарға қойыпсың, жаңбырда дірілдетіп.

Қанша сауда қылды екен жездеміз,
Ән арнадық,айналайын әпшежан сізге біз.
Әрине мұндай заманда сауда қымбат,
Келмейтінін жездеміздің сезгеміз.

Бұл өміірге келгеннен соң адам болып,
Жүреді екенсіз ғой алаң болып.
Әділ қазы айтты әпше не қыламыз?
Батаңды бер мен саған балаң, сен маған анам болып.

Әселхан:

Бала ғой, білмеген соң айтады ғой,
Байділдә басын біраз шайқады ғой.
Комерсант емес жездең, үйге әншейін,
Шәй-пәйін алғаннан соң, қайтады ғой.

Бұл енді уәж емес ақсайтұғын,
Жақсы әзіл бола берсін бастайтұғын.
Ауылға жездеңізді алып қайтам,
Шалым жоқ, Түркістанға тастайтұғын.

Тойлы ауылдың түңлігі,
Желпілдеп тұрар самалға.
Бәйбішелер балпаңдап,
Барын салар қазанға.
Кәриялар қауқылдап,
Сақалдары саусылдап,
Құлақ түрер хабарға.
Мұсылманның баласы,
Мұхиттан асып келсе де,
Түркістанда табысып,
Туыс болар табанда.
Қыз-бозбала жиылып,
Қызыл-жасыл киініп,
Тал шыбықтай иіліп,
Нұр құйылар ажарға.
Келіншектер күлмеңдеп,
Күнде барар базарға.
Ағалар тұрса аңқылдап,
Інілер жүрер жарқылдап.
Шақпақ тастай шартылдап,
Шырпысы лаулап жанарға.
Тойыңа сонда келермін,
Мұнау тұрған Отырар,
Ертелеп шықсам азанда.

Айналайын Құдайым,
Баланың көңілін басым ет.
Жырларын оттай жасын ет.
Өзіңді-өзің кемітпе,
Өзіңді-өзің кемітсең,
Табады іздеп қасірет.
Өнер деген ұлы жол,
Жақсыларды қасыңа ерт.
Қолыңды жай деп жан-жаққа,
Бергенім бата Талғатқа.
Сұрағансоң бұл өзі,
Үндемей ақын қалмақ па.
Үлкен жолда қарағым,
Жақсылап айт жырыңды.
Жаманға сырды аңдатпа.
Арзанға көңіл бөлместен,
Алтындай ойды салмақта.
Құлыншақтай бабаңыз ,
Қолдап жүрсін әруақта.