Шығармашылығы
БАҒДАР МЕН БАҒДАРЛАМА
Өткен ғасырыңыздың тоқсаныншы жылдары ортасынан ауар шақта жас жазушы Нұрғали Ораз туралы «Сүйінші, сүйінер суреткер бар!» деген мақала жазып, қатты қуанғанымыз жадымызда жаңғырады. Облыстық газетте, біздің бөлімде тәжірибеден өткен «практикант бала» ғой баяғы. «Қазығұрт оқиғалары» атты кезекті кітабы елді елең еткізген еді. Жауһар жазушы, дара драматург Дулат Исабеков сонда ғой, Нұрғалидың табиғи түйсігін, адам жан дүниесінің қатпарларын жазушы логикасы арқылы ашып көрсетуде батыл топшылау, жаңашыл эксперименттерге бара алатынын айрықшалай алақайлаған. Аға досымыз Дүкең бүй деді: «Қазір дүние өзгерді, адам өзгерді, оның өмірге көзқарасы, жақсы көру, жек көру секілді критерийлерінің ескі тұғыры шайқала бастады. Адам табиғатына бұрынғыдай қарапайым спектрмен емес, ұлғайтқыш линзалармен, электронды өлшеуіштермен қарайтын мезгіл жетті. Біздің болашақ кейіпкерлеріміз енді бір отыз-қырық жылда мүлдем өзгеруі мүмкін, ол кейіпкерлер бүгінгі біз жасап жүрген кейіпкерлерге сана биігінен мүсіркей қарап, қазіргі жазушылардың образ жасаудағы жеті-сегіз ғана бояуына қанағаттанбауы да ғажап емес. Орыс, жапон, американ әдебиеттерінде бұл тенденцияның басталып кеткеніне де біраз уақыт болды. Ол тенденция – «Адам деген кім?» деген сұраққа ғана жауап беру емес. «Адам деген не?» деген сауалға жауап іздеп, соны көркемдік концепцияға айналдыру. Бұл үлкен ізденіске жас жазушы Нұрғали Ораздың батыл барғаны бәрімізді қуантуға тиіс».
Абылайхан Есімбайдың «қыз мінезі» бір қарағанда, баяғы «практикант бала» Нұрғалиға ұқсайды. Баяғы қыздарша сызылады. Өте-мөте кішіпейіл. Момақан. Көз алдыңызға Нұрғалидың балаң бейнесі келе қалатыны рас. Жазуынан да сондай ұқсастықты іздейтініміз де рас. Абылайхан баламыздың анда-санда газет-журналдарда, тағысын-тағыларда жарияланатын дүниелерін оқитынбыз. Бірді-екілі ұжымдық жинақтарда да жарық көрді. Жазғандары.
Енді, міне, жеке, тұңғыш кітабының қолжазбасы қолымызға тиіп отырыпты. Бүкіл байтағымызда, оның ішінде Оңтүстік өңірінде, Түркістан уәлаяты, шырайлы Шымкентіңізде, Құдайға шүкір, кейінгі жылдары жас ақындар қаулай өсіп, желкілдей жетіліп келеді. Өкінішке қарай, балғын прозашылар жоқтың қасы деген пікірлер жиі жазылады, қайта-қайта айтылады. Осы тұрғыдан қарағанда, Абылайхан Есімбайдың қалыңдау көрінген қолжазбасына қатты қуандық. Бас алмастан, түгелдей дерлік оқып шықтық. «Сүйінші, сүйінерліктей және бір жас жазушы келе жатыр!» Дедік. Құт қадам тілеп, тағы қуандық. Осынау азапты да ғажапты жолға шындап түскеніне шадымандандық. Тағы да Нұрғалиға мінәйі мінезі ұқсайтынын ойладық. Алайда, Абылайханның дүниелері «қыз мінезді», «практикант баланың» туындыларына мүлде ұқсай қоймайды екен. Ұқсамағынына қанағаттандық.
Абылайхан Есімбайдың «Кедей қызы» атты шығармасын әңгімеден гөрі хикаят деген дұрыс секілді. Иә-иә, толыққанды, жан-жақты повесть. Мектеп өмірі, оқушылар отбасыларындағы әлеуметтік әркелкілік, бүгінгі байсымақтардың зорсынуы, кедей-кембағалдар балаларының қорсынуы… ҰБТ-ның қырлары мен сырлары… Достық. Сыныптастық. Жолдастық. Махаббат. Бәрі де баршылық. Бірақ, бәрі де басқаша. Бүгінгі заман, қазіргі қоғам, өзгеше адам, өзгерген оқушылар. Ұғысулары мен жұғысулары да, сүйісулері мен ренжісулері де бөтеншелеу һәм төтеншелеу. Сонда да жарасымды, үйлесімді. Қай шығарма да оқылымды. Сонда да кейде жатырқай ойланасыз. Тоқылымдығына тоқтайсыз. «Жаздыгүні жауған қардағы» әке мен ана, аналарынан айырылған қыздар, қасқа жолдан қайырылған Пақыр – бұл кейіпкерлер де осы орайлас бұрынғы әңгімелер мен повестердергі кейіпкерлерге ұқсамайды. Абылайхан Есімбайдың ерекшелігін екшей түседі. «Түн ортасы ауғанда» туындысындағы Ғазиза мен Еркіннің ерекшелеу қарым-қатынасы, таңырқатар таңғажайып махаббатқа ұласқан ұғысудың кенеттен күйреуі де, екі жастың характерлері де өзге қаламгерлердің кейіпкерлеріне мүлде кереғар. Секілді сезіледі. Авторға ризалық арта түседі. Өзгешелік осылай өрістер.
«Жарым», «Миллион арасындағы жалғыз» әңгімелеріндегі аса аянышты тағдырлар да бүгінгі уақыт тұрғысынан, психологиялық өзгешелеу өрнектермен өріледі. Күдік-күмәнмен оқығанымызбен, кейбір селкеуліктеріне қарамастан, жас қаламгердің «Жазушы» деген дүние жазуға батылы барғанына да тәнтіміз.
Талант бар. Батылдық бар. Абылайханыңызда. Экспериментке бармақтан жүрексінбейді. Психологиялық тартыстар, тосын толқыныстар, күтпеген күрделі шешімдер, кейде тым қатқылдау көрінер құбылыстар – бәрі де болашағынан үміт күттірер, сенім арттырар. Сондықтан да, бүгінде қазақ көркемсөзінің көкжиегін кеңейткен, көрнекті жазушыға айналған Нұрғали Ораздың жолын тілейміз. Жоғарыда әдейілеп әдіптелген классигіміз Дулат Исабеков бағдары – бағдарламасы болғай. Дейміз.
Мархабат БАЙҒҰТ,
Жазушы
Ал Абылай ол жерден бей-жай өте алмайды екен. «Мұндай жағдай ертең де болатынын» оқырман бүгін көңіліне түйсе екен дейді. Мұндағы оның кейіпкерлері – қорғансыз, жаны нәзік, дүлей күштің азабынан зардап шегетін аяулы жандар. Жас жазушы анда-санда бір жазып қойып қарап жүрмепті. Кеше ғана повестер мен әңгімелерінен құралған «Кедей қызы» атты кітабының шыққанын қуанышпен жеткізді. Оқылымды болуын тілейміз!