Шығармашылығы
СОҢҒЫ СӨЗ
Осыдан біраз жыл бұрын ауданымыздағы «Шабыт» әдеби шығармашылық ұжымын қоғамдық негізде басқардым. Елдің әлеуметтік ахуалы қазіргіден көп төмен болатын. Проза, сатира, драматургия жанрына қалам тартатындар өте сирек-тін. Санаулы авторлардың шығармасымен Е.Тұрапбекұлы екеуміз танысып, шала-жансар туындыны икемдеп, әдеби өңдеу жүргізетінбіз. Илаға келтіріп, талай автордың тұсауын кестік.
Алдыңыздағы шығарма − менің тарабымнан түзеу-күзеуді көп қажет етпеді. Өзі − журналистиканың мектебінен өткен, жазғандары − аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланып жүрген, шеткері бір ауылдың ұлт мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істейтін жас талант. Дер кезінде көзі ашылмай қалған бұлақ іспетті. Прозаға қалам сілтей бастаған екен. Бұнысына мен қатты қуандым. Ұлылардан қалған: «Дүниеге бір адамның келуі − қуаныш, жазушының келуі − тарихи құбылыс» деген сөз бар ғой, сіздер де қуаныңыздар, құрметті оқырман! Өмірге жазушы келді!
Қызым Гүлдәрияға − сәт сапар!
Ерсінбек Қойбағарұлы
ХАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАРТ «ЖҰЛДЫЗ»?!
Әңгімелер деген қолғанат баладай бір тамаша жанр. Бас-аяғы жұп-жұмыр келіп, көңіл сергітіп, көз қуантып, «солай екен-ау» деген ойға қалдырып кететіні бар. Кейде повестьке бергісіз әңгіме болады да, кейде романға бергісіз повесть болады. Жеңіл оқылатын «Қазіргі заман әңгімелері» айдарымен берілген бір топ әңгіме бар. Олар: «Меланхолия», «Тазының тағдыры», «Бұзау қырған», «Қайтарым» т.б.
Г.Әшірбаеваның «Қайтарым» әңгімесі жып-жылы шуақ шашып тұрған бір дүние. Құрбысының тойына бар ақшасына сыйлық алып бара жатқан «кедей жомарт» студент қыз жолда қол сумкасын ұрлатып, қайтар жолға билетке де ақшасы болмай қалды. Бар үміті – бай жігітке күйеуге шыққан құрбысы, сол бірдеңе табар дейді. Амал нешік, неше жыл бір жапырақ нанды бөліп жеген құрбысы, бай жерге келін болған құрбысы оның жолға ақшасы жоғын «ұмытып» кеткенсиді. Күйеуі екеуі күлімсіреп тұрып, қол бұлғап, қоштасып қала береді. Қыздың көңілі құлазып, жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп, такси ішінде жылап келе жатады. Такси ішіндегі орта жастағы отағасы мұны байқап, жөн сұрайды. Қыз жасырмай шынын айтады. Бейтаныс: «Менің де студент қыздарым бар» деп, қызға жол ақшасын артығымен береді. Қыз: «аға, адрес беріңіз, ауылыма барғасын салып жіберем» дегенде, отағасы: «Алла ешкімді ешкімге қарыз етпейді, өзі қайтарады,» − дейді. Бір күні ойда-жоқта ауылдан оқуға келген жас бала жігіттің тура өзіндей жағдайға ұшырап қатты әбіржіп тұрғанының куәсі болады. Қыз ойланбастан көмектеседі. «Әпке, адрес беріңіз, қайтарамын,» деген балаға қыз: «Қайтты деп сана. Алла ешкімді ешкімге қарыз етпейді,» − жауап береді.Уһ, − дейді қуанышпен. Өйткені қарызынан құтылды. Ой – жақсылық та, жамандық та қайтады. Тілге жеңіл, оқуға оңай, ал беретін тәрбиесі қандай!
Әмина Құрманғалиқызы