Алдияр Бақытжан

Лебіз


Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде.

Мархабат БАЙҒҰТ



ОҢТҮСТIК
(Бақытжан Алдиярға)


Шымқаланың елеусiздеу кафесiнде отырмыз,
Ескi әйнектi төбелейдi ақ жаңбырлы соқыр күз.
Талайлардың өр екпiнiн мысыменен басатын,
Ал жанымда ойға батқан, арманы асқақ жас ақын.

Қасымхан БЕГМАНОВ


Мәтінді толық оқу



Халықтық, қазақы ұлттық көркемдік уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тіл, Алдиярлық діл – ақынның айрықшылығы.

Мархабат БАЙҒҰТ



Ең алдымен, Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады.

Мархабат БАЙҒҰТ



Оқырманға «Көзайым», «Құбыласымен» танымал таланттардың бірі Бақытжан Алдияр.
Қазақ поэзиясының бүгінгі лирикалық жанрындағы ерек үлгісінің бірі - Бақытжан Алдиярдың «Көкбөрінің жыры». Өлеңде автор мен «бөрі» монологы қосарлана келіп отырады. Көкбөрі арқылы аңызды тірілте отырып, тегімізден тамыр тартқан «рухты» іздеу, шақыру идеясы жатыр.
Замана шындығын беруде автор өлеңдеріне ойындық реңк дарытып отырады. Мұндай тәсілді Абай, Мағжан, Жұматай сынды қас шеберлер қаламынан кездестіретін едік.
Бақытжан Алдияр ақындығынан түйгеніміз Мұқағали, Жұматай бояуларынан әуезді үндестік тауып отыратындығы. Біз өлеңдегі Бақытжаннан көп үміт күтеміз.

Досбол ИСЛАМ
Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ доценті.



«Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бала бар. Ол – Бақытжан Алдияр.»

Қадыр МЫРЗА ӘЛІ



Ол – ақын: жазу үстелінде де, сұлумен кездессе де, сапарға шықса да, сағынса да, қырсықса да, қуанса да, қызметте де. Осы ұғымға оның барлық қасиеті сыяды. Не көрсе де ақындығынан көрді. Қазығұрттың басында қалған кеме – оның тағдыры секілді. Топансу баспаса, тобықтан асқанға қозғала қоймайды.

Е. ЖҮНІС



Бақытжанның өлеңдеріндегі мөлдірлік, тазалық, ашықтық жырсүйер қауымның жүрегін бірден жаулап алады. Ақсары, қағылез інімізге Құдай талант берген. Қазақ ақындарының қиялы бай, құлашы кең болып келеді. Менің ойымша Бақытжанның да рухани қазынасы бұдан да мол болуы тиіс. Ол бергенінен берері көп ақын.

Жазушы Нұрғали ОРАЗ



Қалампырлы шәйдің жұпарындай бұрқырамаса да, базары тарқамаған балқаймақтай байбаламсыз, байтақ даласына, асқар тауларына сүйенген Бақытжан Алдиярдың шығармашылығы тағылым танытарлық тұста.

Нармахан БЕГАЛЫ



Бақытжан өлеңдеріне терең сезім, отты мазмұн өмірге құштарлықтың лайықты лапылы тән. Дәуір тынысын жеткізуде жадағайлыққа ұрынбайды.
Халық поэзиясының қазынасынан қаныққан ақын табиғатқа, туған ауылына тәуелділігін бейнелі, өнерлі суреттермен келісті, кестелейді.

Нармахан БЕГАЛЫ



Бақытжан Алдиярдың жыр кітабының әр өлеңін қайталай, «май шаммен» қарауға тура келді. Себебі, ол менің кеудемде сөнуге айналған қоламталарымды қайта тұтатқандай болды.

Жарылқасын БОРАНБАЙ



Бақытжан ақынның өлеңдері сан түрлі ой-қиялдарға жетелейді. Бастысы – оның өлеңдерінде замана суреті бар, замандастар келбеті бар.

Жарылқасын БОРАНБАЙ