Кендебай Ахат

Туындылары


ДЕНДРАРИЙДЕ

Жайбарақат жайсаң жаздың баса-көктеп меселін,
Күз де жетіп, жауын-шашын түгелдеді есебін.
Жасыл түсті дендрарий аппақ қарға оранып,
Жердің беті қысқа қарай, жаңарта ма төсегін?...

Көк әпшісін қуырады жарқ-жұрқ еткен найзағай,
Бүйірімнен қадалады Шақпақ желі найзадай.
Жас қайыңдар тербеледі бір-біріне еркелеп,
Басын шайқап тамсанады кәрі емен, ой тоба ай...

Бір бәйтерек жайрап жатыр, бақ ішінде жай түсіп,
Қорықшы жүр, отын терген келіндермен айтысып.
Көл жағасын сабалайды, ашу қысқан толқындар,
Жыл құстары көрінбейді, кеткені ме, қайта ұшып?

Топ қырғауыл тығылыпты, бозаршаны паналап,
Бір қоразы жолды кесті, үсті-басы сабалақ.
Бауырынан сыз өтті ме, ұясына су кетіп,
Жылы қуыс іздеді ме, адамзатты жағалап?

Батыс жақты меңзегендей, жалғыз аяқ жол жатыр,
Батырсынып соған түстім, бар қаруым қолшатыр.
Ну ағаштың ортасында тура кезеп оқтығын,
Қарсы тұрды, қосауызбен қаруланған бір «батыр».

Тілді тістеп тұрып қалдым, екі қадам қалғанда,
Тең болмаса қиын екен, күшің мына жалғанда.
Келген ізбен кері қайттым, ыза кернеп кеудемді,
Бұдан артық қорлық бар ма, орманшыға орманда?

Кеңсе суық, көңіл сынық, келмей отыр шабытым,
Қалай қарай бұрып алған, тағы қоғам бағытын.
Өзін өртеп, құсын атып шолақ мылтық белсенді,
Көтермек пе, киесі бар дендрарийдің табытын?...

Қайда екен, бейшара құс – арашашы іздеген,
Қандай содыр күтер екен, қайта барсам ізбенен?
Ауа райын байқайын деп, терезеден қарасам,
Бір жас жігіт бара жатты, қол ұстасып қызбенен…

Құлазыған көңіл күліп, осы сәтте салғандай,
Біздің асыл мұратымыз қалай қалмақ жалғанбай?!.
Екі арман бара жатыр, бір арнаға тоғысқан,
Ағаш біткен екеуіне бақыт тілеп тұрғандай.

Мен отырмын оңашада, жанарыма жас алып,
Бір үмітті үкілесем, бір күдігім бас салып.
Мына күншіл қоғамнан орын таппай ізгілік,
Ізгі ойлар жазылуда келешекке хат болып.