Лебіз
«Ақыры өлеңге келген екенсің, Кендебай, жүрегіңді ашып кел».
«Ол сені өзіне құл ғып алмай құдірет ғып көтермейді».
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы
«Оның өлеңдеріндегі лиризмде жібектің өріміндей нәзіктік те, жас жігіттің қуатындай өршілдік те бар».
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы
Айналайын,
Керқұла атты Кендебайым, Кененім,
Таңдап мініп алыпсың-ау жігіттіктің дөненін.
Өзіңнің жаз көңіліңдей жайсаң екен өлеңің
Сендей дарқан азаматтың жүрегіне сенемін.
Мұхтар ШАХАНОВ
Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері
«Күрсінтіп отырып, күлдіріп қоятын қасиет Кендебай бауырымыздың адами мінезіне де, ақындық қолтаңбасына да жарасып тұрады».
Мархабат БАЙҒҰТ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Бисмиллаһи-әр-рахмани-әр-Раһим:
Асыл болсын, беу, жамағат мұратың.
Ағаштардың арасында жыр жазған;
Асанбайлар, Кендебайлар шын ақын».
Әбілда АЙМАҚ
Ахат Кендебайдың кезекті кітабынан біз Тұманбай көкеміз келісті көрсеткен ерекшеліктердің дами түскенін, шайыр шынайылығының шымырланы, ширай түскенін, өзі еңбек ететін. Шымкент дендро саябағындағы ғажайып ағаштар секілді биіктей түскенін байқадық. Алаштың абзал да абыз ардақтылары қатарынан саналар Асанбай Асқаровтың көзі секілденіп көрінер осынау бақтың белгілі жағдайларға байланысты қатты қиналып, шөліркеп, құрғап, қурап та кете жаздағаны белгілі. Ақын Кендебайдың жан – жүрегінде де сондай бір құбылыстар мен қиналыстардың жүріп жатқаны жырларынан жан – жақты аңғарылады.
Мархабат БАЙҒҰТ
Азаматтық тақырыптарға қалам сілтеп, тәп – тәуір төселіп қалған ол келесі «Тылсым дүние» бөлімінде сезім мен ойдың астасып жатқан шағын буырқанған шабытпен жырлайды. Сұлулық пен махаббатқа шексіз риза көңілдің кәусар бұлағынан сусындатқан автор айтар ойын жеріне жеткізе айтуға тырысады.
Әбілда АЙМАҚ
... Заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов інімнен бата алған,талантты ақын інім Әбділда Аймақтың ілтипатына бөленген Кендебай өлеңдері маған да ұнады. Бұл жігіттің бойындағы ақындық – гүлін жаңа ашып келе жатқан ақындық. Оның өлеңдеріндегі лиризмде жібектің өрімдей нәзіктік те, жас жігіттің қуатындай өршілдікте бар. Туған өлкесінің сұлу табиғатынан жаралған ақкөңіл жырлар жүрегіме жап – жақсы әсер қалдырды.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ