Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


БІР ӨЛЕҢ ЖАЗСАМ ДЕЙМІН...


Жан емен өмірге жай келіп-кетер,
Шабытқа жүргем жоқ қой еріп бекер.
Құдіретті бір өлең жазсам деймін
Көңілдің көкжиегін көрікті етер.

Талайлар сеніміне серік етер,
Тәтті ойлардың тізбегін өріп өтер.
Шипа іздеген дерттіге ем боп қонып,
Есер жан да естісе еріп кетер.

Қайғы бұлтын қуатын алыс бұрып,
Ғашықтарды қоятын табыстырып.
Ездің өзі ер болып кететіндей,
Жанарында от-жігер, намыс тұнып.

Бойын жинап алып Күн ыстығын,
Шапағат боп шашылса жыр – ұшқыным.
Тіршіліктің қосылып әуеніне
Әлемнің тұрса әлдилеп тыныштығын!