Кендебай Ахат

Туындылары


ҰЛЫЛЫҚТЫ ҚАЗАҚША МОЙЫНДАУ
(Шәмші Қалдаяқовтың рухына)

Дарын туып, өгейсіту – қазақ үшін сол сөз бе?
Қазақ болып туылғанға қамығасың кей кезде.
Әсіреден ажыратар тылсым күші болмаса,
Ұлылықтың белгілері көрінбейді жай көзге.

Алпыс жасқа келгенінше сылтау іздеп сынақтан,
Тұғырына шығармастан басып келдік иықтан.
Лауазымға бас иместен ғұмыр кешті елеусіз,
Марғау елде әнін айтып, ән патшасын ұмытқан.

Жүрек қылын шерте алмас күш салғандар білекке,
Жүрегінен шықса ғана ән жетеді жүрекке.
Бірінші рет өткен кеші үш күн қатар созылып,
Қазақконцерт тарлық жасап толып кетті тілекке.

Ешбір өнер жұлдызына бұйырмаған мұндай бақ,
Қанша қазақ санын соқты сонда залға симай қап.
Мейлі дархан, мейлі міншіл, болсын мейлі дарақы,
Осындай да марқаясың қазақтықты қимай қап.

Еңсемізді басқан кезде Желтоқсанның салқыны,
Жас қазаққа жігер беріп, Шәмші әні қалқыды.
Қолдан жаққан жұлдыздардың арасында құлпырып,
Жылдан-жылға еселенер жұлдызының жарқылы.

Кие қонған бұл өнерде әркімнің бар таласы,
Саф өнер мен даңғазаның жер мен көктей арасы.
Ән тағдырын аманатқа қазақтарға қалдырып,
Қазақ болып көзін жұмды Қалдаяқтың баласы.

P.S. Пенделіктің батпағынан бас көтеріп қарашы,
Тар маңдайға симай кетті, қазақтың бір данасы!