Туындылары
ДОСТЫҚ ЖЫРЫ
Қайтем сені, сағыныш-ай жаралы,
Күрсінумен күндер өтіп барады.
Өмір – өзен, сан салаға ағамыз,
Достық жыры жағалауда қалады.
Жанарыма жастанады лағыл мұң,
Досқа сараң өмір саған,
бағындым.
Бала күнге айналдырып жіберші,
Достарымды, жақсы әнімді сағындым.
Жасандыға көңіл шіркін толмайды,
(Үлкендерде достық сезім болмайды).
Есейгенде есік ашып күнкөріс,
Әппақ пейіл жоғалады,
сол қайғы.
Айналайын, ұлым, сенде бай қылық,
Көкірегіңде мөлдір шуақ жайды үміт.
Досыңмен дос бола білу – зор бақыт,
Ал, біз болсақ қалдық достан айрылып...