Туындылары
ТІЛ
О, қызыл тіл, құдіретің соншама
Сарқылмайсың сөз жаңбырын құйып кіл, 
Мынау дүние қаншама үлкен болса да
Титтей саған сыйып тұр! 
Дұшпанымды қалтыратып, ұшығып, 
Ұйытқытып соғасың-ау борасын. 
Шырылдатып зәре-құтын ұшырып, 
Шыбын жанын аласың. 
Кей көңілдің қара шойын түнегін
Жарып туар жарығы мол айдайсың. 
Жырақтағы біреулердің жүрегін
Жүрегіме байлайсың. 
Жарқылдайсың, жарыласың бір уақыт
Айқыш-ұйқыш найжағайлар арттырып, 
Дүниені сақыр-сұқыр ырғатып, 
Жібересің лақтырып. 
Жүрегімнің бал шүмегін ағытып
Ғашығыма төгесің-ау жақсылық, 
Махаббаттың шарабына тоғытып, 
Қоясың тез мас қылып. 
 Тілім саған, тілегім бар: өзіңді
Байқап ұста, жаңылыспа әрдайым, 
Жалғандағы жаным деген досымды
Жауым етіп алмайын!

