Құрал Көмек

Туындылары


ЖУСАНЫҢА АЙНАЛАМ


Көктем келсе бүршіктермен бүр атам,
Көктің бұлтын көкейімде жылатам.
Қырқасында қыраттардың құлпырған,
Қырдың қызыл қызғалдағын ұнатам.

Жаңбыр жауса тамшыларға айналам,
Шөлін бассын таңдайына сай-салам.
Қырандарға ұя болған қиясы,
Томағасы тозған тау боп ойланам.

Қайтся қаздар қаңқылына үн қосам,
Жанарыма жас келеді тыңдасам.
Шерім менің шертіледі күй болып,
Туған жерді аймаласам, жырласам.

Қиялыма сыймай түрған кең далам,
Құрайың да, құмайың да мен болам.
Сары белде сарғалдақ боп сарғайып,
Жұпарына боз жусанның айналам.

2009 жыл