Кендебай Ахат

Туындылары


БАЗАРЛАР КЕШЕНІ

Ару қала айналып қан базарға,
Жер де қалмай барады бой жазарға.
Төр босатты саялы саябақтар,
Тас қамалды казино, сауналарға.

Даңқой ағам шалқиды қыр базарда,
Жеңгетайлар қарпиды қыз базарда.
Өткен-кеткен көлікке сығырайып,
Ер-азамат қалғиды құл-базарда.

Бәрі мұнда нарыққа бағынады,
Керек затың қиналмай табылады.
Күндіз-түні тынбастан үлкен-кіші,
Қу құлқынның қамын жеп, сабылады.

Мәшинелер тығындап, кең көшені,
Шығып жатқан түтіннен сең көшеді.
Қиратылған зауыттар залалынан,
Жүз еседей артыққа, тең деседі.

Тапсырыспен ішіне тас қамалдың,
Көліктері кіреді қасқалардың.
Көрсетілген мәзірге ылайықты,
Мәселесін шешеді басқалардың.

Не қалайды, не істеу көкейінде?...
Мұндағының бәрі де жетегінде.
Шығыстағы сұлтанның гареміндей,
Кәнизактар аунайды төсегінде.

Қаптап кеткен базарлар кешенінде,
Егесі бар даңғылдың, көшенің де.
Ұмыт қалған бір ақын, қалтарыста,
Ажырата алмай жүр есебін де...