Тұрысов Еркінбек

Туындылары


Кемеңгердің керуені
Повесть- эссе

Үзінді

ҚазПИ –дің сонау Кеңес дәуірінің алғашқы қаһарман қолбасшысы Фрунзе заманынан тұрған ескі мекен-жайы, көрікті көк үйде жазғы семестрде жүргенімізге аптадан асты. Үлкен үзіліске шығып, биік бәйтеректер саясында тұрғанбыз. Келесі жұп лекция – саяси экономия. Бір ғылым кандидаты оқымақ. Тақырыбы: – « Тауар және ақша» Бадырайта жазылып, кең коридор жақтауында ілулі тұрған. Жаным сүймейтін тақырып,– «Ақша»,
– Со да әңгіме болып па? – Адамды жолдан тайдыратын, әзәзіл ғой ол. Пәленің басы. Бірді-бірге қырқыстырып, атыстырып, шабыстырып, тонатып, қаматып жататын да,– сол жәдігөй емес пе?
Осыны сөз етіп тұрмыз. Қасымда елден келіп, филфакта семестрде, соғысқа дейінгі орта білімді енді институтта жалғап жүрген кешегі майдангер, бүгінгі мұғалім, жасы үлкен жерлес ағаларым –– Көбеев Орынтай, Орманов Садық, Дүмшебаев Ыбырайымдар тұрған. Көше жақтан елгезек аға Оспанов Өксікбай келді аптығып:
–– Ағайындар, сендерге бір жаңалық айтайын, КазГУ – дің кең залында, филфак пен журфак студенттеріне Әуезов Абайтанудан лекция оқиды екен. Дәл 14.30-да басталмақ. Студент біткен жиналып жатыр.
––Әуезов! КазГУ-де... мына сәтті жіберуге болмайды. Анау « Тауар мен ақшасы» құрысын, кеттік, – десіп, Өкеңді бастатып, жөнеп кеттік. Келдік. Зал толы. Сыртта көреміз, сәлемдесеміз, – деп күтіп жүргендер одан да көп. Залдың терезе жақтауына, шеткі орындарға жайғасып, ыбыр – сыбырға мән бермей, бұғып, сілтідей тынып отырмыз. Кенет, зал іші ду көтерілді. Қанша жылдар көрмей, білмей, осындай болар-ау, –– деп, көкірек көзіне ұялаған адам, сол бейне-суретімен таныс ай маңдайы жарқырап, сәл езу тарта жымиып, ғибрат-ізетпен сәлем бере кіріп келеді екен. Сәл шалқақтау біткен кең кеуде, мол тұлғасына үйлескен баяу, байсалды, мінсіз де маңғаз қозғалыс. Аз кем шайқала, теңселе басып арнаулы қойылған стол жанына келіп тоқтады. Бар тұлғасымен залға бұрылып, сол қолын жай көтере бір желпіп, отыруға белгі етті де, қолтықтай келген қоңыр папкесін стол үстіне қойып, өзі стол жанына орындыққа баппен жайғасты. Сілтідей тұнған зал толы тыңдаушысын барлай бір шолып:
–– Бүгінгі Абайтанудан етер әңгімеміз: Абай, оның философиялық өлеңдері. Абай барша әлем жұртының, бірінші кезекте қазақ елінің Абайы. Абайды бүгінде барша жұртымыз, кәрі –жас, халқымыз оқиды. Ендеше алдымен сендерден сөз тыңдайық. Кәне кімнің айтары бар, кім дайын,– деп зал ішіне барлай көз жіберді. Сәл үнсіздік. Мұнша жұрттан бір-бір зерек, бір пысықтың табылуы керек қой. Шіркін-ай, дәл қазір халықты жарып шығып, Абайдың жүректе жатталған, ғажап жырларының бірін тамылжыта төгіп айтар ма еді. Риза етсең жақсы. Ал бәрінен хабардар, бәрін білетін бұл ұлы ғұлама,–– « Әй, бұл КазГУ ғой – сен өзі қайдан келген кірмесің», – десе не бетіңді айтарсың. Қап, әттең дүние –ай! Мына КазГУ- ге түсіп, ұлы кемеңгерден дәріс алып, онымен әркез жүздесіп, тілдесер мыналар неткен бақытты еді! Осы сәт зал іші дүр қозғалды. Орта тұстан қап-қара мөлдір шашын келтелеу қиған, ашаң, қараторы қазақ қызы, – «Ағай, мен», – деп қол көтере тұрып, алға жылжып келеді екен.
–– Ал кәне, сөйлеңіз, тыңдалық! Ұстаз жанына жақын келіп, залға қарай бұрылған қара қыз, тебірене толқыған ішкі дүниесін ширақ меңгеріп, сәл діріл аралас, ашық даусын көтере сөйлеп кетті. «... Қарашада өмір тұр», – Бұл өлеңін Абай жасы елуге толып, өмірде ізгілік, жастық махаббатымен бірге зұлымдық, қулық, сұмдық, атты адам құлқының құбылысын көп көріп, ой-санасы биік көтерілген шағында жазған. Сондықтан да Абай жастықтың бәйкүнә таза мезгілін өтіп, егде тартып, өмірдің өр биігіне шыққан адамның көңіл күйі арқылы, өз заманының шындығын – жеңіл ойлы, жалғаншы тіршілігін бар қырын тереңнен қозғап, ашып көрсетеді.
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?...
«Қараша» – күздің айы. Өмір күзі, адам санасының биіктеп, кейінге, өткеніне көз жіберер шағы. Сол биікте қалсам,– деген құштарлық. Бірақ табиғат заңы көнбейді, – алда қарлы тоқсан – қарттық тұр. Әйтсе де, өмір озғанмен көңіл, адам жүрегі тозбайды. Өзінің алыста қалған шешек жарған жастық шағын ойлайды. –– Қайтып келер ме,– деп армандайды. Абай өмір сүрген кеселі көп қиянатшыл өз заманының тек үлкенді емес, жас өспірім ұрпағын да әнтек бұзып, қайырсыз-қатыгездікке баулап жатқанын, бұл сұрқай дүние тұманын, серпіп тастап, адамдық өмірдің кең өрісті жарық жайлауына тек жігері жалын, талабы биік, от жүректі жастар ғана алатынын былай бейнелейді: Майдағы жұрттың іші - қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да сөнер ме?
Осы өлең жолдары арқылы Абай, тәлімсіз жастық жемісі – қатыгездік. Қатыгез жүректе жақсылыққа орын жоқ. Дүниедегі барлық қатыгез- зұлымдықты ізгілік жолдағы табандақ, батылдыққа бастайтын жүрегіңнің отымен ғана жеңуге болатынын аса терең философиялық ойымен, кемеңгерлікпен мезгейді. Әуелгі үлкен кісі алдындағы жас әйел затына тән ұяңдық, әлсіздікпен сөзін майда жүріспен бастап, біркелкі мәнерде өрлей түскен қыз әңгімесін ұстаздың қалай бағып, қалай бағдарлап, өзгеріп, тыным таппайтын қос қабағынан айқын байқалып тұрды. Қыз сөзін аяқтап, ұстаз ағаға бір қырындай бұрылып ізет көрсеткен сәтте сол қос қабақ алыс ұшар қыранның қанатындай жарқ ете ашылды да, Мұхаң іле жауап қатты: – О, пәлі, сөзің жөн. Абайды білу, ол туасы өмірді білу. Сол өмірдің мәні Абай сөзінде. Жарайды, кәне, тағы кімнің айтары бар...Ендеше, тынышталып тыңдаңдар,– деп, Мұхаң стол жағына бір қырындай бұрылып, сондағы Абай томдығын ашып, кітапқа қиялай көз тастады. Зал іші сатұр-сұтыр. Қағаз-қаламдарын сайлап, ұстаз сөзін хат-қағазға құйғалы құлшынып жатты. Ол әрекет менде жоқ. Маған бұл сәт оның сөзі де, өзі де қымбат. Әр сөзін жүректе жаттап, әр қимылын санада сақтап қалуға бекіндім. Солай тек өзіне тән жұмсақ мәнермен тамағын бірер кенеп, жай, екпінсіз бастап, сөйлеп кетті.
Бір ерекшелік, Ғұлама ғалым, сөз тізгінін алған соң, бірбеткей шешендікпен көсілте сілтеп кетпейді екен. Абай сырын, Абай жұмбағын ашуда әр бір күрделі, астарлы сөзге арнайы тоқтап, залға сауал салып, тыңдаушысымен тілдесе, кеңесе отырады екен.
«... Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты, басымды..»
Ал, ойлап көрелік, тән жарасынан өзгеше бөліп, жан жарасын неге айтады Абай?! Тән мен жан! – Тәні ауырмаған Абайды жан ауруына салған не құбылыс, қандай сыр? «Қаңғыртты, қысты, басымды»,– деп күйзелуінің сыры не? Бұл жұмбақтың шешімін біріншіден, өзгеден емес, Абай өмірінің өзінен іздегеніміз жөн болар.
Абай бұл өлеңін сексенінші жылдардың соңы, ел іші қырқыс, бақастығы асқынған, болыс сайлауының арғы-бергі тұсынан алып жазған ғой. Елім деп сенген ағайын, ар ожданды арзанға сатып, ұлы ақынның жүрегін аяусыз езген күндері, тәні сау, жаны жаралы
Абай:
Тарылды көкірек,
Ағызды сығып жасымды, – деп налаға толы көңіл күйін ақ қағазға жүрек қанымен төккен ғой.
Осыны айтқан Абай, сондағы тіршілік сиқын:
Сүйеніп күлкі тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа, – деп мына тоғышар – топас дүниенің көлеңкесінде азып-тозып бара жатқан өнер-білімнің аянышты халін ашына айқындайды. Осыны көріп-біліп отырған ақын алдамшы, опасыз, жалған дүние жарасын кімге айтып, қайда барып шағынбақ.
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Жартас не? Абайдың іздеп барғаны қай жартас! – Меңіреу табиғат па, заман ба, әлде адам ба? Қалай қабылдап, қалайынша ұғамыз мұны? Кәне айтыңдаршы талабы бар, жас шәкірт?!
Зал үнсіз. Қалың орта, артқы жақтан бірер бас қылтиды.
–Ол жартас емес. Адам ғой, ағайІ Сөз ұқпайтын, Абай ақындығын сезбейтін, жуан бай, топас билер ғой, ол...
–Ол заман, ағай! Абайдың айқайына жартас боп. Жаңғырығы үн қататын, көзсіз, мылқау, Абай заманы...
Сол қылқи мойын, сопақ бастардың әр біріне өзі иек көтере, еркіндік беріп, сөйлетіп, мына жетіле өсіп, жамыра өріп келе жатқан шәкірттері талабына балаша мәз болып, жарқырай бір күліп Мұхаң:
–Жә, жетерІ Талпыныс- талаптарың бар екен. Ойларың түзу. Талпыныс бар жарде ғибратты іске орын бар. – Кәне, мына бір тұсты дәптерлеріңе жазыңыздар,– деп Мұхаң, ұлы Абайдан қалған мәңгіге қалған тұңғиық толы ғажайып жырдың әр сөз, әр бағамына тоқтап, шиыршық атқан құлан жүйріктей, жал-құйрықты түзеп, сөз атты кереметтің алыс тартар айқын даңғылына шықты. Зал іші тылсым-тыныштық. Дем тоқтап қалғандай. Сытырлаған қағаз, сусылдаған қалам, пысылдаған көп мұрыннан өзге дыбыс жоқ. Барша шәкірт атаулы мұрындарымен жер тіреп, сусыта жазып жатыр. Осы қалың қарғаның ішінде қағаз-қаламсыз, қыбыр-қимылсыз сөз аулап мен отырмын. Ақ қарға боп көзге түсіп қалмайын деп, бұға түсемін. Бұға отырып, алдыңғы жақтағы екі желке, екі бастың ортасынан сығалап, мына өзімнен не бары алты қадымдай жерде арқаның майда қоңыр самалындай желпінте, желдірте түсіп сөйлеп отырған жұмсақ жүзді, тұңғиық жанары нұр мен мұңға толы жұмбақ жанның бейнесіне ұрлана барлап қараймын. Тұтас бір заман тұлғасын анау, жарқырағын қасқа маңдайға сыйғызған алыптың жай ғана баяу қимылды қыр қазағы екеніне қайран қаламын. Сырттан қоңырау зырылдады. Ұстаз сөзі аяқталды. Тоғыз секунд сияқтанған тоқсан минут өте шығыпты. Қандай ізетпен келген болса, дәл солай Мұхтар аға дүрк көтерілген залға ишаратпен қош айтып, баяу қозғалып, кетіп барады. –Құдайға шүкір, қанағат! Көрдік қой, кездестік қой деймін, қаншама жылдар қол жетпей, қиялдан кетпей санада жүрген бұл адамға,– деймін іштей көңіл күйімді жұбатып. Көшеге шықтық. Әр кім өз күй, өз әсерінде. Гу-гу, ду-ду, әңгіме. Мадақтау, таңырқау, табыну... мен де сол көптің бірі, Университет үйінен ұзай түсіп КазПИ-іме келемін. Басымда қаптаған ой–бес жыл мен тоқсан минут. Аналар, деймін іштей, бес жыл, бақандай бес жыл оқиды. Бес жыл бойы ұлы кемеңгерді көреді. Бес жыл көзбе-көз алдында отырып дәріс алады. Госқа барады, диплом қорғайды... Ал мен бес жылды тағдыр айдап еншілеген тоқсан минутта тауысып,– тоқсан минуттық Әуезов Университетін тауысып, ұлы кемеңгерден бір өмірге жетерлік жолдамамды алып келе жатқандаймын. Рухани дипломым қойнымда емес, жүрегімде. Көңіл құсы биікке, тым алысқа шырқайды. Енді мен КазГУ-ге түспей, КазПИ-де жүргеніме өкінбеймін. Көрдім ғой, тыңдадым ғой, оны. Бес жыл мен тоқсан минут айырымы қайсы. Тәттіге адам тоймайды. Көбінен азы жақсы!... Қайсы бір замандасың кейде, КазГУ-де оқыдыңыз ба? – деп сұрайтыны бар. – ә, оқығанмын, – деймін. КазПИ мен бір мезгілде оқып, бірге бітіргенмін – деймін, күліп. Япырай, деп таңданады олар.– Ондай да болады, өмірде.

Есік алдында жол шаңын енді қағып жатқанда, әншейінде кердең басып, кекірейіп, әр сөзін, талдап, таңдап сөйлейтін райком қызметкері Сызаев Әбсейіт досымыздың – алабөтен аптығып келе жатқанын көрдім. Айтары не, шошып қалдым. Қарасам, жүзі жылы, ыржия күліп, шүйінші сұрайтындай ентелей түсіп келеді.
– А, Еркінбек, келіпсіңдер ғой! Жақсы болды. Ауданға Әуезов келді. Сені іздетіп жатыр! – Тосын хабарға аз аңтарылып қалыппын.
– –Әуезов... Мұхтар Әуезов пе, Әбеке?!
– –Қызықсың сен, Еркінбек. Қазақта Әуезов қанша еді. Сол Әуезовтің өзі. Іздетіп жатыр сені, ойбай тез бол! Сыртта көлік күтіп тұр.
Жүре киініп, жүгіре басып, күткен машинаға мініп, Әуезов келіп түскен райком мекемесіне келе жатырмын. Алаулаған жүрек, астан-кестең ой. Япырым-ау, не бұл. Өң бе, әлде түсім бе?! Қазақ елінің емес, тұтас әлемнің Әуезові бізге, Шаянға келіпті, мені іздетеді, – ғажап! Бұл өмірде бір рет қана, онда да пәни себеппен құдай сәтін келтіріп іздеп барып, университеті залына ұрлана кіріп, бір бұрыштан лекциясын тыңдағаным болмаса жүзбе-жүз отырып тілдеспеген орны, жолы өзге атақты адам қалайша іздейді мені?! Тек газет, журналдар арқылы ғана жаңа көріне бастаған бірлі –жарым әдеби әңгіме, очерктерім арқылы сырттай біле ме екен? Осылай сан қырлы шарлаған ой үстінде, «Осында отыр»,– деген аудандақ Кеңес төрағасы кабинетінің есігін аштым. Алдымен кілем төселген ұзын кабинеттің төрінде зор емен столдың сыртында қалжасы қарғадай, атқару комитет бастығы Манасов Қалыбектің қарасы көрінді. Қарсы қойылған қос креслоға менің қаламдас ағаларым – облыстық газет редакторы Омаров Әділбай мен ақын Омарбай жайғасыпты. Мұхаң оң жақ қабырғаға тақай қойылған қалың былғары диванның бас жағында оңаша, жалғыз отыр. Шалғайы кең сұр шляпасын жанына қойған. Қолында қаламы мен парақтары қайырылған үлкен көгілдір дәптер. Әлде нелерді жазып отырған сияқты. Әдеп сақтап, аяқты нық басып, қасына жақындап келгенімде, дәптерінен көз алып, жарқ ете қалған шарасы кең нұрлы жанарымен жылыұшырай қарады.–Иіле қол ұсынып, Мұхаңа сосын басқаларға сәлем бердім.
–Жолай көп айтқан Еркінбегіміз осы бала,– деді Әділбай ағай, мені Мұхаңа арнайы таныстырып. – біздің солтүстік аудандар тобындағы тілшіміз. – Осы елдің баласы, жер мен ел жайын жетік білетін азаматымыз – деп мақтайтынымыз осы!
–Жә, әңгімеміз алда, отыр Еркінбек,- деді Мұхаң жай ғана. Мен Мұхаңнан төменірек, қатарына, диван шетіне жайғастым.
Мұхтар аға Қалыбекпен әңгімені созған жоқ. Дәптерін жапты да, кәне не көрсететін едіңдер Қалыбек, көрелік, деп орнынан баяу көтерілді.
Мұхаңның, келбет-кескіні барша қазаққа таныс, есімі ел аузынан түспейтін, «Абай жолы» арқылы өзі де әлемнің бүгінгі Абайына айналған, ірілік пен ұлылықтың символына айналған заман тұлғасын тым жақыннан, қол созым жерлен көріп тұрғаным осы. Бұдан бұрын да көп айтылып, көп жазылған, көп бейнеленген жылы жүз. Өр жағы дөңестеу айта беретін айқара қасқа маңдай. Сөз мәнері, әңгіме ағысына қарай тынымсыз түйісіп-жазылып тұратын қас-қабағының астында, ұясы кең, сырт қияға қысыңқы, мейір мен мархабат жылуына толы ойлы да мұңды сияқтанған, жанары жарық қоңырқай көздер. Алматы, университет залында алғаш әрі соңғы көргеннен бергі өткен бес жылда Мұхаң тұлғасы недәуір өзгеріп, қимылы бұрынғыдан да баяулай,түскен. Бұрынғы келбетіне жарасқан маңдайды айнала көмкеріп қос самайды өрлеп асау толқындай өрге тулап жатқан көкбұйда шашы селдіреп, қиялай құлап жатыр. Жағасын мол қайырған көгілдір көйлек сыртынан даланың шаң-шалысты жолына орай мол пішімді желең қаракөк батсайы камзол киген. Мол денесін тұтастай бұрып, ауыр қозғалады. Сұр шляпасын сол қолына ұстап, шайқала басып арамыз қол созымдай жанымызда келе жатыр.

Мұхаңның Қаратау асқан бұл алғашқы сапары, өзі «Абай» романында келістере жазғандай адасудың жеңіл оқиғалы, қызықты жайларынан басталды. Күздің салқын- самалды түні ортасынан ойысқан шақта Құмкентке келсек, ауданның бірінші хатшысы Шәріп Қоспанбетов жігіттерін тау асуларына әр тұстан аттандырып, «жоғалған» жолаушыларға іздеу салып, өзі осында екен. Қауышу, табысудан соң таң алдында бірер сәт тынықсын деп, ағаны совхоз директоры Уәйда үйінің кең бөлмесіне жайғастырдық. Жолсоқты болып келгендер, жастыққа бас қоя қалың ұйқыға батыппыз. Таңның атуымен шошып оянып қарасақ, Мұхаң орнында жоқ. Қашанғы қалыптасқан сергектік. Таң сазымен тұрып, күннің нұрын биіктен қарсы алатын жазушы ауыл сыртындағы шағын төбеден айнала кең дүниеге көз жіберіп тұр. Аптығы басып қасына келгенімде: Бәлі, ерте тұрып кеткенің не? Ұйқы деген жастыққа тән нәрсе. Жастықтың бал ұйқысына не жеткен еді. Тәулікте төрт-бес сағаттан артық ұйқы біздің қолға түспейтін болған, – деп Жайқоңыр жайлы үнмен сөйлеп тұрды да: –Ал сен айтшы Еркінбек, сонау бір шетте төбесін күн шалған күрең таулар қалай аталатын еді. Барған ба едің ол жаққа, – деп сөзге тартты. – Ол көрінген Қаратаудың ең биік шоқысы Мыңжылқы ғой, аға. Осы теріскейге қараған беті құлама – құзар болғанмен төбесі жазық. – Бессаз дейтін мың жылқыға өріс болған ел жайлауы. Ал анау, тау биігіне өрлей тізбектелген шаншар-шаңдар Келіншектау. – Бұл жақтағы елі ішінде ежелгі бір заманның, Келіншектау тау емес, ол қарғыс тиген келіншектің көші,– деген аңыз бар.
–Келіншектің көші... Мұхаң, аз кем ойланып, алыста, құз мұнары шалған тау бейнесіне тағы да көз жіберді. Үнсіз.
– Таулар алыстан көрінеді аға. – Бұл шеттен көрінген тек сырт нобайы ғана. Көп естігеннен бір көрген жақсы, – деген. Тау кереметін, келіншек көшінің бейнесін бергі теріскей жағынан анық көресіз аға.
– Ә, солай де. Ендеше ол жайындағы әңгімені қайта бір еске алуды ұмытпа, – деп Мұхаң өзін күткен үйге қарай аяңдады. Ел іші алтын кеніш, туған жердің сыры мен жыры таусылған ба. Ол күні Мұхтар аға Құмкентке орта ғасырлар заманынан қаншама дәуірді бастан өткерген Ұлы Жібек жолының теріскей тарабында саудамен гүлдеп көркейген, қаншама жорық-жосынды заманды көрген ежелгі Аспара, Тараз, Саудакент, Бабаата, Созақ көне шаһарлар тобында орны бөлек Құмкентке аялдап, күн ұзағын көргені көп көнекөз ел адамдары қауымында өткерді. Көне Құмкент пен оған іргелес ежелгі Бабаата мешіт-медресесі, Ысқақ-баб ескі мазар тарихына зер салды. Осында ғалым-археолог Е.Г. Агееваның басшылығымен көне шаһар орталығы «Цитадельде» жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарын көрді. Жылы бұлақ жағасында халықтық эпос- жырларда көп айтылатын мифтік тұлға Бабатүкті Шашты- Әзиздің ежелгі мазар ғимаратымен танысты. Ал көне тарихтың маңы – ол қаншама толып жатқан сауал, ағылып жатқан әңгіме. Ол көбіне көп көргеннің көзі, айтқыштың сөзінен туындайды. Сондай айтқыштың бірі сол Құмкентте ұзақ жылдар ауыл елін басқарған Берденов Кенжеғұл кәрие бағы бір заманда Бабаата шаһарінде тағдыр қасіретін шеккен Үміт атты қазақ қызы бастан кешкен өмір трагедиясын Мұхаңа ұзақ әңгімелеп берген-ді. Сонда біз айтушы мен тыңдаушы арасындағы керемет үйлестікті, халықтың мәңгі өшпес қазынасына айналатын ғажайып өнер мұрасы – лиро-эпостық жырлар, қазақ прозасы мен поэзия жауһарлары қалай туып, өмірге қалай келетін кереметін өз көзімізбен көріп қайран қалғанбыз. «Ел іші алтын кеніш». «Алтын бесік туған жер» – дейтін, ел мен жерге деген ұлы жүректің махаббат сөзін сол күндері Мұхтар ағадан жиі еститін едік. Сол «алтын кеніш», «алтын бесік» анығында Абай мен Мұхтардай, Сәкен мен Исадай халық қайнарынан шыққан даналардың өнер мен білім қазынасы – «Ескендір», «Көкшетау», «Құралай сұлу», «Қаракөз» сынды өнер кереметімен молықты. Айта берсе таусыла ма, сарқыла ма ол! Ал енді Мұхтар аға соншалық зейін қойған Баба-атадан Үміт қыз оқиғасы енді санаулы айлар өткенде ұлы жазушының халқыма берсем,– деген жаңа ұлағатты туындысы – «Өскен өркеннің» беттеріне өзіндік өрнегін тауып, мөлдір бұлақтай өз арнасын табар– деп ол күндері кім ойлапты. «Өскен өркен» - ол шын мәнінде ұлы қаламгер ниет еткен болашақ ұлы туындының алғы шарты, бағыт бағдары, жөн-жобасы ғана. Ол туынды жайындағы өзінің мақсат-мұратының не екенін пәлендей бір құпия етіп, сақтаған жоқ. Ол туынданың бағыт-бағдарын жай сөз емес, шешілген, бекінген іс екенін елге сапары қарсаңында, 1959 жылдың көктемінде одақтық баспа бетінен рәсімді түрде жария еткен болатын-ды.

Қиянға мезгеп жатқан сахара жолымен үш күн сабылған жүрістен кейін Суындық аталатын Қаратау асуын теріскей жағынан асып, Атабай арқылы кештетіп Кентауға ілінген едік. Жас қала, жайқалған қала шегі жоқ Сарыжайлау шалқарында өзінше ерекше біткен ұжмақ аралы сияқтанды. Сары күз ортасында көктем оралғандай. Мұхтар аға сол алғашқы көрген сәттегі шырқау тартқан көңіл күйінен Ыдырыс аға әзірлеткен кешкі шай үстінде де жаза баспады. Кеншілер қаласы – Кентаудың өткені мен бүгінін алдағы болашағын әр қырынан сөзге тартып, сауалдар қойып, қалалық партия комитеті секретарының әсерлі әңгімесін бірде шат, бірде ойлы жүзбен ынта-ықылас қойып тыңдаумен болды.
Міне, енді түннің бір мезгілінде Мұхтар ағаны ортамызға алып, аз-кем тыныс алғалы орталық мейманханаға келдік.
...Мұхтар аға көрінді. Жүзі нұрлы, айтар сөзі бар сияқты.
–Мұнда кел, Еркінбек, аз кеңеселік,- деді Мұхаң жай ғана. «Неге шақырды. Не айтар екен?...» Жеңіл толқу үстінде Мұхаңа ілесіп, айшықты кілем төселген кең бөлмесіне келдім. Мен диван шетіне, ал Мұхаң креслоға жайғасты.
– Жасың нешеде сенің, Еркінбек?– деді Мұхаң сөзді күтпеген тосын сұрақтан бастап. – –Биыл отыз бірдемін, аға...
– Ұйқы деген жас адамға тән нәрсе. Сендердің таңертеңгілік былбырап ұйқтап жатқандарыңа қызығамын. Ал, тәулікте төрт-бес сағаттан артық ұйқы біздің қолға түспейтін болған, – деп жымиып қойды да, тез саябыр, салқан қалыпқа ауысты.
– Ия, сонымен ертең ертелеп жүресің ғой. Ендеше аз-кем кеңесейік. Қайсыбір күні Әділбай сенің газетте басылған бір әңгімеңді беріп еді. Оқып шықтым. Ал, сенің өзің қашаннан жазасың, қай жанрларда жазасың?
– Аз ғана жылдар болды. Прозада аздап.. тек, санаулы ғана очерк, бірер әңгіме... – Жарайды. Әңгіме көлемінде, санында емес. Асылында, әуелі әр шөптің басын бір шалмай аз болса да бір бағытта, бір жанрда төселген дұрыс. Тілші үшін де, жазушы үшін де ең қажетті, бірінші қару – тіл деп білеміз. Тіл таяздығы, ол ой таяздығы. Тіл жоқ жерде ой жоқ, ой жоқ жерде тіл жоқ. Онсыз көркем шығарманың дүниеге келуі мүмкін емес. Сенің жазғаныңнан бір ғана үміт арттыратын, сүйсінерлік нәрсе – тіл бар екен. Бірақ, келісті сюжет құру – желі тарту, характер, оқиға өрбіту жағы жетіспей жатыр. Кейіпкердің ішіне, ішкі дүниесіне тереңірек бару, адам бейнесін аша түсу көркемдік дүниесінің алғы шарты екенін мықтап ұстану керек. Мінеки төртінші күн бірге келеміз. Қаратаудың өткен кеткенінен біраз жайға өзіңнен мағлұмат алдым. Тіптен жақсы. Көп білу үшін көп жасағандық шарт емес. Әсте, сен кәриелі үйде, әңгімешіл ата-әже маңында көбірек болғансың-ау өзі.
–Мен үнсіз аз бөгеліп қалдым. Көз алдымнан жас немерелерін сеңсең тон, бұшпақ ішігі шалғайына қымтап қойып, сығырайған май шамның қалтыраған әлсіз сәулесінде қыстың ұзақ түндерінде аракідік бір мұңды әуенді баяу әндетіп, алақаны мақпалдай балбыраған көрі әжемнің, қашанғы бір үргін-сүргін заманда жер жарған көкпар шабандоздары, жел жетпес бәйге жүйріктері мен қылқимас қыран құстары туралы керемет қызық әңгімелер шертетін ақ сақалды атамнаң бейнесі елестеп өтті.
–Бала кезімізде кәрі әжеміз болушы еді, соншалық қызық аңыз-әңгіме, ертегілер айтып отырар еді...
– Е, бәсе солай де.. Мұхаң үлкен ойлы қоңырқай көзі жадырап, жарқырап кеткен сияқтанды.– Жақсы ой, жақсы сөздің өзі де адам санасына, адамның жүрегіне балалық – жастық шағында жақсы әңгімені көп естігеннен, парасатты кәриелер маңында көбірек болудан, көп көріп, көп білгеннен, көп естігеннен туындайды. Әдеби шығармаларды жазу үстінде ауадай қажет болатын аталы сөз дейтініміздің төркіні де сол бізге фольклор, немесе ауыз әдебиеті ретінде сарқылмас қазына қалдырған халық ішінде. Сенің газет тілшісі болып жүрген мына қазіргі қызмет-міндетіңнің өткен-кеткеннің қаншама оқиғаларын, көшпенде қазақ жұртының ғұмырында ұзақ бірге жасаған жер дауы, жесір дауы, жүйрік ат, қыран құс дауы, барымта сияқты ру арасындағы әлеуметтік майда қақтығыс, арыздас-айтыстар тұсында айтылатын өткір, шешендік сөздердің алуан-алуанын аңыз ғып айтып отыратын кәрі құлақты кәриелерді сөйлетіп, екшеп, жинап жүруге тым ыңғайлы-ақ.......... Ендеше әр кез есіңде болсын бұл, Ал, енді өзің әдебиет жайында нендей ой, нендей жоспармен жүрсің, не тындырмақ болып жүрсің? Ұлы ғұлама жазушы ағаның алыстағы ауданда ел кезіп, «ең бастысы осы» деп газет тапсырмасымен, ұсақ мақалалар жазумен асығыс, албырттық желігінде жүріп жатқан маған соншалық зер салып отырғанына қайран қалдым. Қызарып, қысыла бастадым. Маңдайдан майда тер шып-шып шығып кетті. Не айтарымды білмей сәл тосылып қалдым. Сөзді тағы да Мұхтар ағаның өзі жалғап кетті.
– Қазіргі әдебиетіміздің ұзын көшінде сен тұстас жастардың бір толқыны келе жатыр. Әрбірінің өзіндік ізі, өзіндік өрнегі бар, талпыныс-талабы бар. Соның қайсы бірі үлкен үміт арттырады.

Мұхтар аға сондай бір жүзі көктем күніндей жадырап жақын келді де қолындағы кітабын ұсынды.
–Рахмет, аға.
–Ал, енді сен Еркінбек, менімен байланысыңды үзбе.
–Жарайды, аға, рахмет.
–Ал, ендеше сау бол, жолың болсын.
Мұхтар ағаның бөлмесінен сыйлығымен бірге кеуде қуанышқа толып, ерекше күйде шығып, жайлап өз бөлмемізге келсем, ұзақ жол сапары шаршатқан Әділбай ағай мен Омекең тәтті ұйқыда екен. Таңның атуын күтуге тағат жетер емес. Түнгі қала оттарының күлгін сәулесі түсіп тұрған терезе алдына барып, кітапты ашып қараймын. Көк сиямен ақ қағаз бетіне түскен әр жазуы, әр сөзі ап-айқын көрініп тұр. Оқып қарасам, аға қолымен кітапқа қиғаштап, мына сөздер жазылған екен:
«Қадірлі-қымбатты іні Еркінбекке Бірнеше жақсы күндерде бірге кешкен сапар және сыйластық достық белгісіне жазушы М.Әуезов, 1959 ж. 25 сентябрь. Кентау».

Салқын самалды сентябрь түні тым ұзап кеткендей. Таң атар емес. Ал, мен болсам ағамен болған оңаша түнгі әңгіме әсерінен, айыға алмай жатырмын. Әр сөзі құлақта, әр қимылы, жүрген- тұрғаны көз алдымда.
«Сен менімен байланысыңды үзбе» дейді. «Мұқан Төлебаев көшесі, 185-ші үй» деп адресін, телефон номерін де өзі айтып, жол дәптеріме жазғызды. Ол қай тұрғыда, қандай байланыс болмақ. Хат жазам ба, не жазам үлкен кісіні мазалап. Телефон соғам ба... Жо-жоқ, болмас, ол ұят болар. Бәлкім үйіне барғаным жөн болар, болмайды ол. Не деп, нендей шаруамен барам?
Осылай сан-қилы ой, шексіз қиялмен өзіммен өзім сырласып, атар таңды да атырдым. Енді күнмен бірге көгілдір аспан көгіне көтеріліп, таңғы тұнық ауада, заңғар биікте келемін. Қолыма барша ғаламға аян, ел мақтаны Мұхтар ағаның сыйлығы. Мен ұлы жазушы ағаның алдынан қымбат сый, ғажайып өшпес белгі ғана емес, бүтін бір өмірге жететін рухани байлық алып шыққанымды сезіп келе жаттым. Жүректе ыстық толқынды лүпіл бар. Шар айнадай шағын иллюминатордан керіле түсіп жатқан кең далаға, сонау теріскейде көгілдір мұнар басқан Қаратауға, күн нұрына малынып жалтылдаған, алтын айдарлы Алатау келбетіне қараймын. Осылай қиял қанатында шарықтап келе жатып, мезетті жерге қалай жеткенімді де сезбеген едім.