Алдияр Бақытжан

Туындылары


МАС АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ

Сырахана. Сыз еден. Сынық көңіл.
Сықпытыма қарайды күліп тобыр.
Қайран, досым, ішінде мына түннің
Бір ақынның барлығын ұмытты өмір.

Мен отырмын жын басып, жаға жығып,
Сен отырсың маңдайың жаңа жібіп.
Ойсыз көзін қадайды мына бір қыз,
Одырайып қарайды ана жігіт.

Менің ішім қан жылап, сырттай күліп,
Сынап тектес бір салмақ бұлттай бүріп,
Әлдене айтқым келеді-ай мына жұртқа,
Масаң көзін жалғаннан кілт тайдырып.

Ай, адамдар, Адамнан тарағандар,
Жанымдағы қаны аққан жараны аңғар.
Аяғанның досы емен, бірақ, бірақ,
Жай адамның бірі деп қарамаңдар.

Менің тұлғам зәрлі емес шен-шекпенге,
Менің тұлғам зәрлі емес елші еткенге.
Көңілімді ұғып көр көкке ғашық,
Өмірімді өлеңмен өлшеп көр де.

Сонда ғана...
Белгісіз баста мәні,
Арманымды ұғарсыз асқаралы.
...Екіндіге еңкейіп Күн құлар сәт
Екінші бір ғұмырым басталады.

Қара өлеңнің мен салған тың соқпағы
Қайран қылып, тұрар жұрт құмсап тағы.
Қадірімді айтады ертең елге,
Қабірімді көмкерген гүл шоқтары.

Күміс жырым ілесіп құс үніне,
Кісіні де тәнті етер, кішіні де.
Мен сүйген қыз гүл қояр қызын ертіп,
Қызыл тастан қашалған мүсініме.

Тағдырыма таң қалып мына халық,
Тамырында жырларым тұрады ағып.
Жаутаңкөздер жаттайды өлеңімді,
Бірісінен бірісі сұрап алып.

Қағидадай белгілі бесенеден,
Ғасырлардан ғасырға көше берем.
Көңлім қалған көкемнің ұлы өтеді,
Менің атым берілген көшеменен.

Бозбала ақын тебін мұрт түсі ойлы ана,
Сынға түсіп көнбейтін күш, айлаңа,
Мен туралы жып-жылы жыр оқиды,
Менің атым қойылған мүшәйрада.

Сол бозбала алдынан ашылса үміт,
Ақын болар өзімдей асыл сынық.
Ал әзірге...
сыраңнан құйшы, досым,
Басым сынып барады, басым сынып…

Шымкент. 2004 жыл.