Алдияр Бақытжан

Туындылары


* * *

Дүрия көйлек кигенім,
Дүния кезіп сүйгенім.
Алпыс та екі тамырым
Албыртып тұрып игенім.

Дүрия көйлек әппағым,
Дүния кезіп тапқаным.
Жарығым, сезермісің сен
Жанымның тулап жатқанын.

Жүректі жалын, от қарып,
Қаншама жылдар өтті ағып.
Сен мені, ал мен өзіңді
Сенделіп жүріп жоқтадық.

Сенделген күйі мен кеттім,
Сен басқа бесік тербеттің.
Бақытым, сені таптым ба
Бәрін де кезіп жер-көктің.

Тағдырлас маған ғұмыр ең,
Таптым ба сені шынымен –
Жоғалған бағым жалғанның
Жанарындағы шығымен.

Жырларым жылап баршаға
Жоқтадым сені қаншама.
Ажырата алмас бізді енді
Ажалдың өзі болса да.

У менен өрттен күйген мың,
Ерніме сенің тиді ернің.
Өзіңді көріп...келді ғой
Өмір сүруді үйренгім.

Сәтте осы шаттық шайқаған,
Өлмеймін деп те айта алам.
... Мен өлсем өлем – өзіңді
Жоғалтқан күні қайтадан...

Шымкент. 2005 жыл.