Туындылары
ЕСКЕРТУ НЕМЕСЕ ГЕНЕТИК ҒАЛЫММЕН ӘҢГІМЕ
«Баста солай жаратқан Тәңір-ұстам,
Жердің беті – ең көне қабірстан...»
(Бала күнгі ғайыптан туған екі жол)
Жердің беті – ең көне қабірстан...»
(Бала күнгі ғайыптан туған екі жол)
Шелдон мырза!
Сіз, әрине, ел танитын ғалымсыз.
Бірақ, Сіздік түсінікке алаңмын.
Құмыраға көз тігіп-ақ жалынсыз
Құрылымын зерттемексіз бабамның.
Сіз білейтін жұмбағы көп ғаламның,
Сенделмейік себеп тауып ебептен.
Біз жетінші ұрпағымыз Адамның,
Бізге дейін жеті ықылым ел өткен.
Адамзаттың бар тарихы – Құранда,
Һәм қараңыз Тәурат, Зәбүр, Інжілден.
Және бірі тығулы тұр Тұранда –
Түн көзінен жасырынған тұнжыр мең.
Іздемеңіз, таба алмайсыз Сіз оны,
Тапқан күні су қаптайды Жер бетін.
Жер бетінің жаңарыпты жүз өңі,
Және жүз рет өзгертпек ол келбетін.
Планетаға ие болып қалмақ кім,
Пенделерге болған мынау құт-тақыр?
Сырын ашып қойғаны үшін Аллаһтың
Атланттарды Атлантида жұтты ақыр.
Ал, Сіз оған қарамайсыз, бей-жайсыз,
Діл-жүйеңіз диалекттен қиналар.
Қай бабамның мұрасы деп ойлайсыз
Сырлы Сфинкс, пірлі пирамидалар?!
Ескертулер жасырулы кіл күштен,
Ескертем деп жар салмайды Тәңірім.
Тапқан күні сезінер ек... Шыңғыс пен
Һарон Рашид әл-Ракһаның қабірін.
Бізді сырттай бақылайтын көздер көп,
Сол көздерден тартады ылғи арқам сыз.
Ал, Сіз болса соның бәрін сезген боп...
Әлі «ұшатын табақшаға» аң-таңсыз.
Санаңызға салмаңыз Сіз салмақ тым,
Планета – пенде-құсқа тор-ұя.
Кең жүрісті елшісіне Аллаһтың
Жердің үсті – дүр лаборатория.
Менделеевше көрмедім деп түс түнде
Таусылмаңыз түсініксіз құсамен.
Қала берді, жұмыр Жердің үстінде
Параллельді бар тағы да үш әлем.
Мен Ванга емен, Майқы би де емеспін,
Һәм ұқпаңыз Нострадамус болар деп.
Сіз көре алмас арасында елестің
Үш әлем бар... Сыбырлайды солар кеп.
Көкшіл кеме шегін шарлап көгімнің,
Көп ұзамай табысармыз ғарышпен.
Генетика сырын да ашар генімнің
Нанотехнологиялық әдіспен.
Ғылым – шексіз, жоқ ілімде шек дара,
Бұл сапарда болмайды ешбір жасуға.
Тартынбаңыз жаңалықтан, тек қана
Талпынбаңыз Аллаһ сырын ашуға.
Ал, әзірге құм мен тасын аралап,
Тарихына үңілесіз даламның.
...Қызықсыз-ау, құмыраға қарап-ақ
Құрылымын зерттемексіз бабамның...
Қазіреті Ысмайыл ата мешіті. 2003 жыл.