Сарыбаев Қаныбек

Туындылары


МЕН
(лирикалық поэма)
Мынау неге өзін-өзі жазды деп,
Кәне, оқушым, кәне маған кейіп көр.
Ылғи ғана жаныма ыстық жез іздеп,
Өзім де бір осы күнгі кейіпкер.
***
Кең аспандай көгілдір, пәк қой жаным,
Таңдар атып онда да күн батады.
Жұлдыздарша жыбырлаған ойларым,
Бірі жанып, бірі сөніп жатады.

О, достарым, онда-дағы ағарып,
Кешкілікте керіліп жас ай туар.
Бақтарына күллі сұлу қамалып,
Таң атқанша тәтті сырлар айтылар.

Бұйра бұрым бұлақтары бұралып,
Жүрегімді ерке үнімен орайды.
Міне, осының барлығынан нұр ағып,
Ақ жаныма ақ сәулелер тарайды.

Менің басым өзінше бір әрине,
Құж-құж қайнап жатқан старт алаңы.
Космосың не, космостан да әріге,
Болат қанат ойым ұшып барады.

Мен сондағы Бас Конструктормын,
Мен сондағы жұмысшымын қаптаған.
Космонавтпын, басқа жүз тірліктердің
Бәрін, бәрін жалғыз өзім атқарам.

Менің басым өзінше бір зал ізгі,
Халықаралық мәжіліс оты сөнбейді.
Түрлі түсті делегаттар тәрізді,
Қиялдарым жарыса кеп сөйлейді.

Ту көтеріп қызыл-жасыл костерден,
Континенттер келе жатыр басымда.
Ризамын маған мұндай бас берген
Лениндік бұл жиырмасыншы ғасырға!
***
Пендесініп мүсіркеген қай құдай?!
Мен адамдай құдіретті білмедім!
Ұлы Жерден туа салған айнымай
Бір планета көкірегімде жүр менің.

Көзіме емес, көңіліме көп ерік,
Берсем, жүрек – планета дер едім.
Бір планета тұрса мені көтеріп,
Бірін өзім көтерумен келемін.

Жұдырықтай жүрегімді ашсам мен,
Жұмыр жердің беті тарлық етер ед.
Сұлу үміт сүйіп жерді аспанмен
Бар құбылыс балқып еріп кетер ед.

Құрылықтар парктерге айналып,
Қырда қымқай қызғалдақтар өрер ед.
Әр ағашқа бір махаббат байланып,
Қосақталған армандарды көрер ек.

Табытқа сал адамды емес бомбаны,
Өлімге емес, өмірге - өмір берер ек.
Жағаласпай, жалғасып мерт қолдары,
Адам адам болғандығын көрер ек.

Мылтыққа емес, шприцке жаттығып,
Тіршілікті емдер еді ақыл тек.
Кім жұмылған көзге жылу ап кіріп,
Қайта ашса – тек соны айтпақпыз батыр деп.

Салют атпақ, әлемді әнмен тербетпек,
Жүрегімнен жақсылықтар жарқылдап.
Жердің бетін айқыш-ұйқыш өрнектеп,
Адалдықтың антенасы тартылмақ.

Кептерлерше лап қояды қашанда,
Күнге қарай кеудемдегі көп ұшқын.
Бейбітшілік деген ыстық қазанда,
Бу боп ұшпақ базалары соғыстың.

О, адамдар туған әрбір баланы,
Алам осы жүрегіммен құндақтап.
Жанымның жас жұпар жібек самалы,
Жесір көздің моншақтарын құрғатпақ.
***
Галактика сансыз шамын жағады,
Жүрегімнің мөлдіреген көгінен.
Сол биіктен сағынғанда даланы
Ағыл-тегіл ақ жауын боп төгілем.

Қыз жолдастар тағар бәлкім бір өкпе,
Әйтпесе, бұл әр жағынан зиялы.
Галактика сыйған осы жүрекке,
Бір-ақ қыздың махаббаты сияды!

Құр айқайға құлдық етіп нағылам,
Дайын асқа дандайсыған емеспін.
Тіршіліктің жомарт дастарқанынан,
Өз нанымды өзім тауып жеп өстім.

Үш жасымда оңға келген екенмін,
Үш-ақ көктем өмір еркелетіпті,
Қайырымды құшағыңда көкемнің,
Қайран менің балалығым кетіпті.

Бір-ақ күнде балдай күлкім тыйылып,
Бір-ақ күнде еріксізден есейдім.
Бір үйлі жан бір кетпенге сыйынып,
Қабағына қарап қалдық шешейдің.

Он сегізше ояндым да бесімде,
Тердім сары масақтарын қыраттың.
Содан піскен нанды әкем жесін де
Дедім жауын алып ұрсын, құлатсын!

Білегіммен жықпасам да талайын,
Тілегіммен оқ бораттым, атыстым.
Өздеріңмен бірдей мен де, ағайын,
Бес жасымда сұм соғысқа қатыстым!

Қанша боздақ қара қағазға айналып,
Қанша қара шашты олар ағартты.
Қанша көзде көлдің суы шайқалып,
Қанша үй түтіндерін жоғалтты.

Көктем келіп құба түздер құлпырды,
Жеңіс келіп жамырасты жұрт тегі.
Ал, мен болсам жабық тұрдым, жоқтап тұрдым күлкімді,
Тек мендейдің келмеді әттең күткені.
***
Анам жүзін ойды жалғыз күміс шық,
Өз әкем боп сүрте алмады соны ешкім.
Сондықтан да менің атым – Тыныштық,
Мен жауымын атың өшкір соғыстың.