Туындылары
* * *
Өлең жаздым – өртендім,
Көгенде аздым, дерт емдім.
Көз жасымды тиеп ап,
Көш түзеді көркем күн.
Жанымды ұқсын қай міскін?
Жанарымнан тайды ұшқын.
Шым етпейтін кезі жоқ
Жүрек дейтін байғұстың.
Сырымды елге жайдым бар,
Жырымда өңге қайғым бар.
Арлы сөзім қор қылды
Арғы атасы маймылдар.
Жиып алып шер, сорды,
Жымиысым Жер сорды.
Ақынындай күй кештім
Дүнияның ең соңғы.
Жұқпас теңеу жасаудан
Құт қашты өлең – асаудан.
Барады әне Бақ та ауып
Бағытына басы ауған.
Жез бағалы асылдан,
Ез бағалы хас ұлдан.
Баяғы әдет сол әдет
Жеңіне тас жасырған...
Ақыл айтқым келе ме-ау,
Батыра айтқым келе ме-ау...
...Айтар едім, қайтейін,
Керең Тағдыр керенау...
Сені қайттім, Өлең-ау?!...