Туындылары
* * *
Түссіз тұман тұмшалады қаланы,
Түсініксіз ойға батқан сынды әлем.
Тіршілік те түксиіп ап қабағы,
Тілсіз ғана салады бір мұңды әуен.
Тұра қашып келтіргенде күлкімді,
Тірілердің басына анау қонғыш бақ,
Терең-терең ойға кетем біртүрлі,
Тілім-тілім жүрегімді қолға ұстап.
Түмен-түмен түркі әскері пішінде,
Тырау-тырау тылсым таудан ары асты.
Тұман, тұман, қалың тұман... Ішінде
Тымауратқан сезімдерім адасты.
Түрткілейтін өңімде һәм түсімде,
Тұралаулы жырларым да тұр жүдеп.
Тұман, тұман, қалың тұман... Ішінде
Тыным таппай мені іздейді бір жүрек.
Түссіз тұман тұмшаласа қаланы,
Түсініксіз ой кешетін сынды әлем.
Тас үйлердің түксиеді қабағы,
Тіпті жалғыз қалғандаймын мұнда мен.
Тілдемеймін Тәңірімді сыртынан,
Түйіні жоқ не шығады болжамнан?!
Тұман, тұман, қалың тұман... Бұл тұман
Тағдырымды адастырды сол жаннан.
Талай-талай біз қыдырған бұ маңда,
Тарам-тарам тарауы көп із қалмақ.
...Тұман, тұман, қалың тұман... Тұманда
Тұп-тұнық жыр тұмарладым Сізге арнап!