Эльмира Омарбекова

Шығармашылығы


      Жер-Ана... Сол жерді басып жүрудің өзі қандай бақыт?! Біреулер бар бақытын бағаламай, көкке қарай қоол созады. Ал, енді бір жандар сол бақытқа қол жеткізе алмай, әлденені көңіліне медеу тұтады. Сонда да болса, өмір үшін күресін тоқтатпай, қайсарлық танытып, пенделік өмірге биіктен қарайтындар бар. Сондай жанның бірі Эльмира Омарбекова денсаулығындағы мініне қарамастан, өмірден түңілген емес. Оның өміріне үңілсеңіз, үлгі аларлық талай қасиетін байқайсыз. Ол: «Өмірден өзімнің көргендерімді кино арқылы көпшілікке көрсеткім келеді», - дейтін. Ойы іске асып, 2008 жылы өз өміріне құралған «Ая... Өмірге құштар қыз» атты деректі фильм жарыққа шықты. Онда мүгедек ғұмырдың мұңын арқалаған қыздың өмірге деген шексіз махаббаты суреттеледі. Жуырда Эльмира жаңа қырымен тағы да танылды. Алматыдағы «Арыс» баспасынан «Тасқа біткен жауқазын» атты кітабы жарық көрді. Кітапқа ақын қыздың жан дүниесінен туған мұңлы һәм ойлы жырлары, балаларға арналған өлеңдері, жұмбақтар мен қанатты сөздері енген. Қайсар қыздың қанатынан туған дүниелерден айтары барын аңғару қиын емес.

«Алтын ұя» газеті редакциясы.




      Біз кейде бірінші байлығымыз – деніміздің саулығына тәуба қыламыз, Эльмира Омарбекова бір өлеңінде «адамдар мені көріп, тәубаға келіп жүрсін» дейді. Дүниедегі бақыттың кілті тәубада. Тәуба – адамзатты құтқарады...
      Эльмира адамдардың бақытты болуын қалайды... және бір өлеңінде «суығынан адамның жаным тоңды» деп назаланады, онсыз да мүгедек ғұмырдың мұңын арқалаған қыздың жанын тоңдыру қандай сұмдық?!

«Өмірді қорғау» қайырымдылық
қорының төрағасы, ақын
Мұратхан Шоқан.




Эльмира Омарбекова «Тасқа біткен жауқазын» атты кітабындағы бір өлеңінде:
      Алтын да тереңде жатпай ма,
      Ерінбей іздеген таппай ма?
      Арманға қолыңды созбасаң,
      Қол ұшын беретін бақ қайда? –
деп жазыпты. Міне, бұл анықтауды қажет етпейтін ақиқат. Өмірде мүгедектіктің мұңын арқалаған қыз сонша әлсіз емес. Тірліктің бітпейтін әуресі тік жүргендердің де жүйкесін жұқартып, жігерін құм ететін тұстар аз ба? Ал Эльмира болса өршіл, өжет мінезбен біздерді өрлікке шақырады.
«Қайыңмен сырласу» атты өлеңінде:
      Шексіз күнді, шексіз түнді тілеймін пәк бойыңа,
      Жат ниеттер келген емес адалдықтан ойыма.
      Сезім нәзік, жүректегі сырларымды ашайын,
      Мынау көркем тірлік үшін жырдан сая жасайын... –
дейді. Эльмира расында мынау ғаламға, жырдан сая жасауды өзіне мақсат еткен сыңайлы. Оған ақынның жырға деген сүйіспеншілігі, соның куәсіндей бір жылда шығарған екі бірдей жинағы және қолыңыздағы кітап дәлел. Иә, бұл оңай еңбек емес. Дені сау адам үшін де ой еңбегінің ауырлығы айтпаса да түсінікті. Қайсар қыз кітабының атын «Тасқа біткен жауқазын» деп бекер қоймаса керек.
      Ақын жүрек тоқтамайды ел десе,
      Несі ақын елге көңіл бөлмесе.
      Жер бетіне тигізер жыр пайдасын
      Аспандағы қара бұлттай селдесе.
Бұл жыр жолдарынан ақынның мүмкіндігі шектеулі болса да ел-жұртының алдындағы перзенттік қарызын жыры арқылы өтесем деген ізгі ойын аңғарып алу қиын емес. Енді қолыңыздағы «Жеңіс» кітабынан бір шумақ оқиық:
      Еңбегімен ерен әрбір азамат,
      Тәуелсіздік берік туын қадап ап.
      Қанша қанмен қорғалған бұл туған жер,
      Бабалардан қалды қанша аманат...
Бабалардан қалған аманатты орындау – ұрпақ парызы. Сол парызды өтесем дейтін Эльмира сияқты қайсар қыздарымыз көп болғай! Эльмира, өлең өрісің кеңи берсін!

Алматы «Қазығұрт» баспасы.