Бегалиев Нармахан

Туындылары


АУДАРМАЛАРЫ

Афанасий Фет
орыс ақыны

КҮЗ

Жым – жыртығы күңгірт қайғы қулатқан,
Күзгі күндер – салқыны сыз сұр ағыс –
Жанымызға жалбарына үн қатқан,
Сауалған күш, қуарған тұл қуаныш.

Жалқыын жалап кей күндердің тамағын,
Алтындады жапырақтың шаттығын.
Аңсады күз махаббаттың жанарын
Ерке – тотай әір аптапты аптығын.

Үлде – бүлде мәз етті де, ұйып қап,
Өз демінен тапқандай-ақ өз емін,
Ұяң мұң тұр бұйығылық тұйықтап,
Ештеңе енді өртемейді өзегі.



***
Сусаулы жанға азық,
Жағымтал жалған-ай:
Ақ ұлпа жамылған кең жазық,
Сүттене толған Ай.

Тұңғиық аспаннан нұр құлап,
Қар шырақ оятып қаншама,
Алыста бұлдырап,
Жеке жүйіткіп жүр әр шана.



***
Жым – жырт дала.
- Ұйықта, - деді түнгі аспан күңгіт қана.
Орғыл – орғыл обалар қарауытып,
Жатыр ұйықтап молалар жым-жырттана.
Жұдырықтай жұлдыздар сыбырлайды:
«Жаратқаннан сұрасын ел-жұрт пана!»

Ибалы аспан иманжүз нұрға батқан.
Қозғалыссыз қанатпен қорғалап паң,
Сұрпы сұсты құдірет сұғын қадап,
Ұлы үнсіздік ұлғайды ірге жақтан.
Оң баталы періште ұшып өтті,
Жауһар жасын жер үшін сорғалатқан.