Бегалиев Нармахан

Шығармашылығы


Ақын қашан да жеке тұлға. Ақынның тағдыры– лирикада ең бастысы, эпоста қоғамдағы лайықты орнын тапқан, билік ыңғайына жығылмастан,елдің қамын қамдаған еркін ойлы күрескер. Ақынға шығармашылық жолында өзін танудың, төл танымын сақтаудың, одан айнымаудың ғұмырлық маңызы даусыз. Шынайы ақын таза сөз өнерін кіршіксіз ар- намыстың, пәк ділдің бұлқынысы деп қабылдамақ. Сондықтан, жаныңның тазалығын әу бастан жөндем қадағалау ләзім. Әлеуметтік әділеттілікке талпынысты осы жан тазалығынан іздемек жөн. Майталман Заболоцкий: «Ақын жан- тәнін қоса аянбайды. Санасын,жүрегін, жанын, бұлшық етін іске түгел қосады. Барша ағзасын қалтқысыз жұмсайды»,– дегені Нармахан Бегалыұлына айтылғандай. Ақын Нармахан Бегалыұлы 1970 жылдардан бастап өлең әлеміне құлаш сермеп, сыршыл да нәзік туындылары арқылы оқырман көңіліне жылы леп: орамды ой елегінен өткен тылсым табиғат суреттерімен көмкерілген сезім сусынын ала келді.
Нармахан Бегалыұлының туындылары ерекше, өлең жолдары майда . Лирикалық кейіпкердің ішкі мәдениеті азаматтық сезіммен астасып, жүрекке шым-шым алау жағады. Оның жыр әлемі нажағайлы, нөсерлі, зердеңе жұмбақ тылсымдарды ымдайтын табиғатпен серттес, жамиғатпен дерттес сиқырлы поэзия. Тартымдылығы да осында. Нармахан кесек тұлға. Туған топыраққа қазақы қадір- қасиетпен тәу етіп, сөз сәулесімен үздік оқырман мойындарлықтай образ жасау Нармахан шеберлігіне әу бастан тән. Оның туындылары тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер әуезді әуенімен, әсерлі мұңымен, түкпірлі – түйіндерімен жанды баурайтын , әлемдік поэзияға қазақы болмысымен, арналы ағысымен құйылып жатқан жаңа тұрпатты құбылыс. Нарағаң бәндеге тән көңіл күйді, күрделі жан әлемін ишаралаудың аса тегеурінді, ешкімге ұқсамайтын майталман шебері. Өзіне дейін қайталамаған, өз өрісін тапқан, өзгемен әсте шатастырып алмайтын Нармахан ағаны қайталау мүмкін емес. Оның Ақынға лайық адамгершілігінен кейінгілерге үйренбек ләзім.Ақынның қазақуар жан тазалығы, тіл үйірімі, ой иірімі, сезім сұлулығы жолындағы ерлікке барабар еңбегі , табиғат қа іңкәрлігі, ботагөз бұлақтай болмысы үлгі-өнеге. Орынсыз сөз шығындамайтын қылаптығы өз алдына бір мектеп. «Шаттық күйі» атты тұңғыш жинағы 1974 жылы жарық көрді. Содан бері отыз жыл өтсе де ,оның жыр шумақтары өз оқырманын тауып отыр.Оқырманына олжа тартқан Нарағаң таным- түйсігіңізді оттай ыстық демімен шарпып шыңдайды, ықыласыңызды иемденеді, өзін іздетеді. Ондағы өлеңдер болмысымыздың ішкі мүмкіндіктерін іске қосумен қымбатты.

Көбелек қанатының дірілімен,
Қиялда тербетілген бір ұлың ем.
Келе сала сұлулықты сөйлеткен,
Тумысынан талантты ақын ғой көктем,- деп көсіледі. Ол көктемнің сұлулығын, ақынжандылығын қапысыз байқаған, өрнекті өлеңге айналдырған.
Нармахан өлеңдері– тұнып тұрған лирика: табиғат, сезім лирикасы, таза бұлақ ,кәусар шуақ, тазалықты, мөлдірлікті жырлайды. Сыршыл ақынның жүрекжарды жырлары өз оқырманын бей-жай қалдырмайды. Оқыған сәтте-ақ жүректе жатталып қалады.
... Әйнектердің жап-жалаңаш денесін,
Ессіз сүйіп, жия алмайды жел есін.
Түн мұхитты барады ағып батысқа,
Қайта- қайта сен елестей бересің.

Кеудемдегі сағыныштың мұңымен,
Сені іздеймін, тұңғиыққа үңілем.
Елесіңді алып қашып алысқа,
Сөйлейді әлем қараңғының тілімен!..
Жер-бесік аспан аясымен астасып жатқан әлем түсінікті де түсініксіз тылсым тіршілік өлең жолдарында әдемі өрілген.
Махаббат- мәңгілік тақырып. Әйелге қай ақын жыр арнамады дейсіз?!
Көкірегімде бүгін түнде
Көк найзағай күркіреді
Сен болмасаң оның мүлде
Оянбауы мүмкін еді.

Бұл- лүпіл жүректі шалт оятқан махаббат дабылы, санаға өшпеске жазылғандай тәтті әуез- мәңгілік әуені !
Ақын табиғатты суреттей отырып, оқырман ойына кеңістік қалдырады, сезімге тұншықтырады, поэзия құдіретіне табындырады.
Тыныштығын жоғалтады да сыршыл бақ,
Жап-жасыл жел жапты сенің жолыңды.
Көк балауса көңілімде суылдап,
Оянбаған сезімдерім орылды.

Ақынның бір қасиеті- дыбыстар саздылығын сақтау арқылы ойды үшкірлеу. Мына сөздерге назды аударыңыз « үрінбей өт қиракезік кезеңнен», « Жаза бер тамшы- тазагер», «Таскөз тәртіп... Түйінін шешпепті ешкім». Әр сөздің өз ұятын өзінде демдеу осындай – ақ болар.

Көбіміз пір тұтқан Төлеген Айбергенов: «Нармахан! Сіз бен біздің арамыз жүректің қаны, көздің жасымен жазылған жырдай мөлдір, таза, сенімге толы. Мен сенің жақсы азамат-ақын боларыңа толық сенемін. Тек, тек, тез дәлелде», – деп сертті сілтеген сенімі бұл күнде толық ақталды. Оның дәлелі – республика баспаларынан әр жылдары шыққан жыр жинақтары.
« Шаттық күй», « Жиде жұпар шашқанда», « Ботагөз бұлақ» шығармалар жинағы- Оқырман жүрегін жауһар жырларымен нұрландырған жинақтары. Эстетикалық талғамы жоғары ақынның сыршыл туындылары «қазақ поэзиясының Нармахандық әлемі» , немесе « қазақ поэзиясындағы Бегалыұлы беткейі» тіпті « Нармахантану» атты қисынды сұрапып тұр. Пендешіліктен аулақ , өміршең шумақтар, үнемі оқырманды өмірге құштарлыққа, қызығушылыққа, сол ағынның толқынында дүр сілкінтіп, үнемі өскелең тіршілік дүниесіне үндейді. Нармахан поэзиясының тағы бір ерекшелігі, айтайын деген ойын табиғат құбылыстарымен салыстыра келе, астарлы пікірін оқырманға сезіммен, ұғынықты мән- мағынамен жеткізе білетіндігінде:
Жасампаздық жолы ауыр. Сезем мен
Сұлулыққа сұқ қадалғыш ежелден.
Болашаққа безер бейіл сыйламай,
Сүрінбей өт қиракезек кезеңнен!
Еліміздің егемендік алатынын, өзіміздің елтаңбамыз болатынын және оның қандай бейнеде көрініс табатынын жетпісінші жылдары қайсысымыз болжаппыз? Ал, Нарағаң сондай ұлы өзгерісті ширек ғасыр бұрын болжаған ақын. Мысалға 1974 жылы жарық көрген «Шаттық күйі» атты алғашқы жинағындағы өлең жолдары куә.
Сарша тамыз– шөпке қонған жез үміт,
Даладамыз. Тас төбеден түс ауды.
Мына әлемнің кең екенін сезініп,
Кісінейді бір арғымақ тұсаулы.

Кеңдікті аңсап кісінейді намысы
Сағынышы құса болып жылайды.
Сүйегіңді сырқыратып дауысы
Жүрегіңді қыл шылбырдай бұрайды.

Сәйгүлікті құрсаулады қай кісі.
Титтей әсер етпеді ме мұнша мұң?!
Басқалардың сезінбейтін қайғысын,
Бақыттыны көруден де шаршадым.

Ақбоз атты ағыттым ақ тілекпен,
Айтатын жұрт айта берсін кесімін,
Бұл қылығым үшін, достым бірақ мен,
Ешкімнен де сұрамаймын кешірім.

Бақыттымын!
Хас тұлпардың тұяғында қыр аунап,
Туған жерде бір сағыныш бара жатыр алаулап.

Бұл өлеңдегі жарқыраған күн, кісінеп тұрған тұсаулы арғымақ сағыныштан құса болып жылауы , оның бостандыққа шығуы тәуелсіздіктің бейнесі емес пе?
Нармахан Бегалыұлының екінші кітабы «Жиде жұпар шашқанда» деп аталады. Бұл жинақтағы ерекше тоқталатынымыз ең көлемді шығармасы « Мырзай шешей». Бұл соғыс зардабын шеккен отбасы драмасы. «Соғыстан қайтпаған солдаттар»– ақынның майдан құрбандарына арналған сазы, ақындық жүрегінен жасаған өнер ескерткіші.

ІІ- томдық шығармалар жинағының алғашқысына ертеректе жарық көрген жинақтарындағы төл туындылары мен шетел ақындарының өлеңдері мен поэмаларының аудармалары енгізілген. Үнді ақыны Рабиндранат Тагор, әзірбайжан ақыны Мырза Шәфи, Балаш Әзероғлы, белорусь ақыны Петрусь Бровко , орыс ақыны Вадим Шефнер, Анатолий Чепуров, Олег Цакунов, шешен ақыны Леча Абдуллаевтың шығармалары еніп отыр. Екінші томына денсаулық сақтау бағытындағы аудармалары енгізілді. Поль Бреггтің « Ашығудың құдіреті», « Жүрек» , « Бүйректі тазарту», «Мумие» туралы еңбектерінің аудармалары сіздерге ұсынылып отыр.
Нармахан Бегалыұлы тек ақын емес, ол елінің қамын ойлаған қайраткер десе де болады. Отбасы, туған ауыл,аудан,облыс,байтақ ел...,осының әрқайсысы азамат үшін алтын бесік. Сол туған жері үшін көп көмегі тиді. Темірлан – кезінде қара тамырлы қазақтың іргетасы қаланған Қаратау өңіріндегі құтты мекендердің бірі. Оның тарихи мұрағаттарды, ұлттық салт- дәстүрлерді тарататын орталыққа айналуы осы Нармахан ағаның арқасында. Ордабасы тауын бүлінуден қорғау туралы көтерген мәселелері қолдау тапты. Ордабасының мәртебесі үшін Темірлан топырағында басталған қозғалыс, жұртшылық үні, қоғамдық пікір Президентіміздің құлағына шалынды. Оның нәтижесі бауырлас үш елдің басшылары Ордабасыға келіп, үш бидің әруағына бас иген терең бейнелі мәні бар ұлан – асыр тойға ұласқаны мәлім. Жиырма жылдан бері осы істердің ұйтқысы болған Нармахан Бегалыұлы. Атақты Қажымұқан балуанның мұражайын ашу, ескерткішін орнату да осы Нармахан Бегалыұлы мұрындық болды.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу