Бегалиев Нармахан

Туындылары


***

Ғашық жылдарың – қас қағым,
Жас шағың – қазір басқа мұң.
Өмір сүруіңді тоқтатып,
Тіршілік ете бастадың.

Бұлыңсыз бұлттан шөкім бір,
Лүпілдей лепіп, лекіп нұр;
Сағынышың біздің ауылға,
Ұрланып келіп – кетіп жүр.

Шер – шеменіңмен шендескен,
Лапылдай лаулап, демде өшкен,
Сыбдырлы сыңғыр шараптың,
От құйыны кетпес енді естен.

Мәпелеп жалт – жұлт масат күн,
Қалушы ең сәтте жасап мың.
Есендесем десең – сары сағым,
Нөсерлесең – кемпірқосақпын.

Сәнқой кеш, сонау сары іңір,
Келмейді қайып бәрібір.
...Сәулеңді сезген жүректе,
Көзіңнің мөрі әлі жүр.