Серәлиев Нәсредин

Туындылары


Райхан

Востание көшесінде тұратынбыз. Қабырғалас көршім, педагогика институтының оқытушысы Әди ағайдың Райхан дейтін мойылдай қара көзді сегіз жасар қызы барт–тын. Өзі сүп – сүйкімді, қылығы да тәтті еді. Бір біз емес, бір аулада тұратын бүткіл тұрғын жақсы көретін. Құйтақандай болып газет, кітап дегендерді оқи беретін, жатқа тақпақ, соғып, үлкендер айтатын әндерді де сәби үнмен шырқай беретін. Аулалас кемпір-шалдар: «Бо-лайын деп турған бала!»— десіп таңдай қағатын. Ол құралыптас ұл-қызы барлар: «Өзіңдей Райханды көрмейсің бе?», «Сен ойыннан басқаны білмейтін бір мырьң боласың ғой»,— деп, өз балаларына өздері кейіп жатушы еді. Ал Райхан болса оның біріне де мән бермей, тұлымшағы желкілдеп шауып жүретін.
Райхан музыка үйренуді де ерте бастады.
Күздің жазға бергісіз тамылжыған бір кезі еді. Таң да аршыған жұмыртқадай аппақ боп уылжып ататын. Таңнан тұрып жазуға отыратынмын. Осы кезде қабырғаның ар жағынан тәй-тәй басқан алғашқы қадамдай балғын саусақтың күйсандық пернесіне тигені, әлі ырғағын таппаған апыл-тапыл әуен естілетін. Мен қаламымды дәуітке сүйеп, ұйкасы енді-енді табылған жыр секілді жұмсақ, әуенге елеңдеп, құлағымды төсеп ұзақ отырып калатынмын.
Күндер өтіп жатты. Қабырғаның ар жағынан жаңа көзі ашылған бұлақ сылдырына ұқсас мөлдір де нәзік үн төгіле бастады. Кішкентайларга деген жеңіл әуендер... Әндер... Билер... Мұндайда жұмысым есімнен шығып кетеді де, тәтті бір қиялга берілемін, қайта оралмас бал дәурен балалық шағым көз алдыма келгендей эсерленемін.
Бірде аулада Райханды ұшыратып қалдым да, қасыма шақырып, тұлымшағынан сипап: — Райхан, мен сенің күйсандықта ойнағаныңды тыңдап жүрмін. Жақсы ойнайсың,— деп мақтап қойдым.
Ол көзі күлімдей қарады да:
— Ағай, сіз қандай әнді жақсы көресіз?— деп сұрады.
Мен ойланып тұрып:
— «Анама» деген әнді жақсы көрем,— дедім.— Оны неге сұрадың?
— Әншейін...— Райхан одан әрі кідірместен құрбыларымен ойнап кеткен.
Ертеңіне таң бозында қабырғаның арғы жағында Шәмшінің «Анама» әнін алғашкы ырғағы шым-шым қоздай бастады. Арада бірер күн өткенде ән бүтін естілді. Дүниедегі ең асыл да аяулы жан жайлы балапан саусақ тербеген, жүрек шымырлатқан сазды дыбыстар тас қабырғаны жарып өтіп, менің де кеуде сарайыма құйылып жатты. Е, әнеугүні сол ушін сұраған екен ғой!
Келесі ұшырасқанымда Райхан «Сіздің сүйікті әніңізді тартқанымды тыңдадыңыз ба?» дегендей қулана жымиды.
— Рақмет, Райхан!— дедім мен.
Ол мені риза еткеніне өте қуанышты еді.