Серәлиев Нәсредин

Туындылары


Бор

Кәдірдің қолында жұдырықтай бор. Мектептен оралғалы әдейі тапсырма алып келгендей – ақ бір мезет тыным таппады. Бормен есікті, терезені, шкафты шимайлайды, жаза ма, қайдағы бір суреттерді сала ма, әйтеуір, ойына келгенін істеп, болып жүр.
Қәдірдің әлі мектепке бармаған, алты жасар Сәдір дейтін інісі бар еді. Ағасының қолындағы жұмыртқадай аппақ борды көріп, қызығып кетті. Ол да бормен оны – мұны сызғылап көргісі келді.
- Борыңды бере тұршы, - деді ағасына.
- Сен жаза білмейсің, - деп жолатпады Кәдір.
Көргеннен көз ақы алмай қалатын Сәдір ме, тас кенедей жабысты.
- Бере тұршы, ағатай?
- Бермеймін дедім ғой, бермеймін.
- Бере тұршы ағатай, күшігің болайын.
- Жоқ, күшік болмай, шошқа боп кетсең де бермеймін
- Кәдірдің жібімесін білген соң, Сәдір сұрауды қойды. Көзінің астымен сұқтана қарап отыр. Бір кезде барып:
- Қайдан алдың борды? - деді.
- Онда жұмысың қанша сенің! Кенет Сәдірдің қысық көзі күлімдеді:
- Иә, білдім де қойдым. Сен ұрлап алғансың, - деді.
Мұны ол борды ала алмаған соң іші күйіп айтты ма, әлде ойына түскен соң айта салды ма, әйтеуір, «ұрлап алдың» деп қайта – қайта сұңқылдады.
Кәдірдің ашуы келді.
- Ұрлап алдым! Қайтесің? – деді ерегісіп.
- Алақай, әжеме айтам.
- Айт, айтақ! Қорқып қалдым.
Үйде балалардың қарт әжесі ғана бар-тын. Әкесі мен шешесі жұмыста еді. «Айтам! Айтам!» - деп Сәдір далаға шығып кетті. Кәдір оған мойын бұрған жоқ. Сәлден кейін – ақ имек ағаш таяғына сүйенген қария үйге бүкшеңдеп кіріп келді.
- Әй, Кәдір! Сен бе менің айтқанымды тыңдамайтын?! Бері келші өзің! – деп таяғымен еденді тоқылдата жақындады. Кәдір қоянша орғып, төргі бөлмеден бір – ақ шықты. Есік алдында әжесін ағасына айдап салып, екі езуі екі құлағына жетіп Сәдір тұр. Әже төніп келгенмен ұрысқан жоқ. Ақыл айта сөйледі:
- Әй, шырағым, ата – бабаң істемеген жаман әдетке қайдан үйір болып жүрсің сен?! - Әже, мен... – деп ақталғысы келіп еді Кәдір.
- Қой, былай! Тыңда үлкенді! – деп тоқтатты. – Шырағым, біздің тұқымда біреудің ала жібін аттаған жан жоқ...
- Әже, мен мұғалімнен...
- Қолыңның сұғанағы болды дегенше қор болдым дей бер, шырағым... Қайдағы бәле, көрсетпе мұндайыңды!
Кәдір ызаға бұлықты. Сөйлетпей қойды әжесі. Бар өшін ыржиіп мәз боп тұрған інісінен алмақ болып, шүйіле ұмтылып еді, Сәдір анасын қорғалаған балапандай әжесінің бауырына кіріп кетті де:
- Апама айтам! Көкеме айтам... – деп тұрып алды. Кәдір ызадан жанып кете жаздады. Көзіне жас дөңгеледі. Мұны көрген әжесі аяп:
- Айналайын, жылама. Адам болсын деп өзіңе бола айтам, - деп Кәдірдің басынан сипады. Әжесі басынан сипаған сайын оның көзінен жас моншақтай берді. Борды ұрламағанын, мұғалімнен сұрап алғанын сендіре алмай, өкси жылады.
Сәдір ештеңе болмағандай мәз – мейрам.