Серәлиев Нәсредин

Туындылары


Ақмаралдың өтініші

Екінді кезі еді. Ақбота әлдекімнен қорқып қашқандай артына алақтап, екінші қабатқа жүгіріп шықты. Аптыға кеп есік тұтқасына жармаса бергенде, мектепке бара жатқан апасына қарсы ұшырасты.
— Ақмарал... Ақмарал!— деді көзі жыпылықтап. Ар¬тына бір қарап алды:— Дина сұраса, мені жоқ деші.
— Неге?
— Мен онымен ойнағым келмейді
— Жоқ деп өтірік айта алмаймын. Мен пионермін,— деген апасы мектебіне кетіп қалды. Ішке кірген соң столда сабағына дайындалып отырған ағасына кеп жалынды. — Әнуар... Әнуар!— деді столға асылып.
— Әрі тұр. Қолымды бұзасың,— деп ағасы қабақ түйді.
— Дина келсе, мені жоқ деші.
— Неге?
— Мен онымен ойнағым келмейді
— Мен өтірік айтпаймын.
— Сен де пионерсің бе?
— Жоқ, мен октябрятпын.
Ақмарал бұртиып асханада шай ішіп отырған әжесіне барды.
- Әже, - деді еркелей асылып. – Дина келсе, мені жоқ деші.
- Неге , боташым – ау?
- Мен онымен ойнағым келмейді. Ол жаман, үйіңнен конфет әкелмесең, ойнатпаймын деді.
- Ойнатпаса ойнама, - деді Айымкүл әжей, - жоқ жоқ деп өтірік айтудың қажеті қанша?
- Сен де пионерсің бе, әже?
- Жоға...
- Сен неге өтірік айта алмайсың?
- Үлкен басыммен өтірік айтып не көрініпті маған?
- Мен көзімді жұмып жатайын, әже... Сен мені ұйықтап қалды дейсің бе? - деді амалы таусылған Ақмарал.
Немересінің қылығына мәз болған Айымкүл әжей:
- Айтайын... Айтайын, - дей берді.