Серәлиев Нәсредин

Туындылары


Әрқашан алда бол, құлыным!

Күлән әже әлдеқандай бір дүрсілден оянып кетті. Күн шығыпты. Үй іші жап – жарық. Ашық терезеден қоңыр самал еседі.
Әлгі дүрсіл тағы да қайталады. Күлән әже жастықтан басын көтерді. Дүрсілді ат тұяғының дыбысына жорып, Қарақұмда мал басындағы баласын келіп қалғандай көріп, төсегінен дереу тұрып, тысқа шықты.
«Жан тобам келді ме екен!» - деп күбірлеп есік алдына шығып еді. Бұрын – соңды болмаған бір көріністі көріп, аң – таң тұрып қалды.
Төртіншіде оқитын немересі Бисен аулада олай – бұлай зыр жүгіріп жүр. Бір сәт қоянша шоқиып бүгіле қалады. Екі қолын жерге тіреп, аяғын қайшыға ұқсатып, тізесін бүгіп тұрады да, бір мезетте табанына әлдекім шоқ басып алғандай секіріп түсіп, зыта жөнелді. Сәлден кейін жүгіруін тоқтатты. Бір орында тұрып алып, сан түрлі қимыл жасап жатты. Екі қолың аспанға көтере ме, бүйірін таянып, екі жағына кезек бүгіле ме, еңкейіп, екі қолын башпайларына тигізе ме, жұдырығын тас түйіп алып, әлдекімді сабап жатқандай құлшына ма, әйтеуір, істемегені жоқ. Немересінің мына қимылдарын көрген Күлән әже жағасын ұстады. «Япыр – ау, не болған мына Бисенжанға! Әлдененің салқыны тигеннен сау ма өзі?!» Біраз сол дағдарғанқалпында, нұры тайған көзін одан тайдырмай тұрды да, бір кезде есін жиғандай тіл қатты.
- Бисенжан!
Бисен бұрылып қарады. Күлән әже немересіне таянып:
- Не болды, жаным, әйтеуір... – деді де, сөзінің аяғын айта алмай, оған тесіле қарап қалды. Кішкене көкірегі көрікше көтеріліп – басылып, ол алқынып болып тұр. Жеті – с егіздерінде Бисеннің елірме боп ауырғаны бар-ды. Ауруы ұстағанда еліріп, қолды – аяққа тұрмай далаға қашатын. Бірақ ол сырқаттан әлдеқашан айыққан еді. Күлән әже:
«Немеремнің сол ауруы қайтадан ұстады ма екен», - деп те қауіптеніп қалған-ды. Бисен:
- Ештеңе болған жоқ, - дегенде барып, жүрегі орнына түсті.
- Не істеп жүрсің, ендеше?
- Жаттығып жүрмін.
- Жаттыққаның не, құлдығым – ау!
- Мектепте жарыс болады. Сонда жүгірем...
- Жүгірем?! Не дейді, бәтір – ау! – деп таңданған Күлән әже кенет қатулана сөйледі. – Қой, шырағым, бүйтіп еріккенше, құдықтан су әкел.
Осыны айтты да, үйге кіріп кетті. Бисен әжесіне мынандай бір сырды айта алмай қалды. ... Дене шынықтыру сабағы спорт алаңында өтіп жатқан. Балалар екеу – екеуден жүз метр қашықтыққа жүгірген... Бисен де жүгірді. Бірақ ол өзімен жарысқан Ислам деген баладан қалып қойды. Көмбеге бір секунд кеш келді. Бисен қызба, намысқой еді, мына жағдай оған бірден әсер етті. Қабағы түйіліп, ұнжырғасы түсіп кеткен. Басы салбырап, балалардың бір шетінде тұрған оған бір кезде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сәрсенбай келіп:
- Қапаланба, Баянов, - деген, - сен әлі мың метр қашықтықта алдыңа жан салмайтын боласың. Маған адымды кең, алшақ алып жүгіргенің ұнайды. Бірақ көп жаттығуың керек. Содан бері Бисен күнде жаттығатын болған.

***

Мектепте жеңіл атлетикадан жарыс өткізілетін. Бисен соған асығып, апыл – ғұпыл киініп жатқан. Енді тысқа беттегенінде төргі бөлмеден Күлән әже дауыстады.
- Бисенжан, бері кел!
- Әже, асығыспын, - деді ол есіктен басын сұғып.
- Асығысыңды қой. Мәгәзінге барып, маған қант әкеп бер.
- Жоқ – жоқ, әжетай, жарыстан қаламын.
- Сенің жарысың – ақ таусылмады – ау. Бар, өзім – ақ барып қайтармын.
Дүкенге баратын жол мектеп жанынан өтетін – ді. Мектеп тұсына келгенде Күлән әже еріксіз кідірді. Алаңды адам ығы-жығы. Үлкен де, бала да баршылық. Ортада қызыл жалау желбірейді. Ақ майка, көк трусилі бір топ бала жаратқан аттай ана бір шетте кезіп жүр. Жұлқынысып, бір орында секектеп-секектеп алысады. Ортаға таяу екі бала жіп керіп тұр. Мектеп алдындағы бір ұзын жігіттің қолында кішкентай қиықша қызыл жалау желкілдейді. Ауылдың біраз адамы осы арада жүр. Әлгі селеудей ақ сақалды Әбіш қарт бүкіл топтың алдына шығып, малдастап отырып алыпты. Оның артындағы орындықта Өсербайдың қара кемпірі отыр. «Бәтір-ау, мыналарға не жоқ», - деді Күлән әже бұларға көзі түскенде. Осыларға қарап тұрғанда өзіне қарай жүгіріп келе жатқан он шақты баланы аңғармай қалған екен. Дүрсілдеп жақын келгенде, сәл шеттеп жол ашты. Осы кез топ ішінен суырылып шығып, оза жүгірген екі баланың бірі өзінің немересі Бисен екенін таныды. Бисен, неге екені белгісіз, жанын сала, ышқына жүгірмей, бір қалыпты екпінмен келеді. Алдында – қамшыдай қатқан қара бала. Ол зырқырап барады. Бисенді маңайлатар емес.
- Күлән әже мұны көріп: «Неге қатты жүгірмейдімына Бисен, ә?» - деп алға ентелей түсті. Шыдамады білем, айқайлап та жіберді.
- Бисен, қалма деген соң қалма, оз анадан!
- Бисен дауыс шыққан жаққа жалт етіп бір қарады да, ширай түсті, аяғын алшақ тастап, зымырай жөнелді. Әжесінің сөзі қанат бітіргендей құсша ұшты. Көзді ашып – жұмғанша, әлгі қара баланы басып озды. Күлән әже көмбе басына: «Баянов бірінші келді!» - деп жариялап жатқанда жеткені. Балалардың арасында тұрған немересін әй-шай жоқ келе құшақтап, маңдайынан сүйді:
- Әрқашан алда бол, қатарыңның алды бол, құлыным!
Бисен жолдастарынан қысылып ұялды ма, әжесінің құшағынан бұлқынып шығып, қалың топ ортасына сүңгіп жоқ болды.
Күлән әже ақ сақалды Әбіш қарттың қасына жайғасты. Дүкенге баратын жұмысын ұмытты.