Әсем Ақылбек
Ақылбек Әсем Серікбайқызы 1994 жылдың 1-ші қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келген. 1999 жылы Шымкент қаласындағы №58 орта мектептің табалдырығын аттады.
Он бір жыл сол білім ұясында білім алып, 2010 жылы бітірді. Ұлттық біріңғай тестілеуден 96 балл жинап, қазіргі
кезде ОҚО Шымкент қаласындағы Академиялық инновациялық университетінің , филология факультетінде, қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығында ақылы негізде білім алуда.
Жетістіктері:
1) Қалалық І Ыбырай оқуының 3-ші орын иегері. 2007 ж.
2) Қалалық ІІ І. Жансүгіров оқуының 2-ші орын иегері. 2008ж.
3) Қалалық «Алтын қоңырау» атты поэтикалық жанрдағы байқауға белсене қатысқаны үшін мақтау қағазы. 2008 ж.
4) ОҚМУ- да шетел студенттерімен жұмыс жүргізу жөніндегі факультетте өткізілген «Жасын жырдың жасылдары» атты жыр бәйгесінде, «Жүйрік ақын» номинациясы. 2009 ж.
5) Қалалық Х Абай оқуларынан «Ізденімпаз ақын» номинациясы. 2010ж.
6) Қалалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқушылар олимпиадасында 2-ші орын иегері. 2010ж.
7) Облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен, 22 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдері күніне орай өткізілген «Мың бір мақал» сайысына белсене қатысқаны үшін Алғыс хат. 2010ж.
Шығармалары
Он алты жас
Он алты жас – жеткендеймін төріңе,
Қонақтадым махаббаттың көліне.
Сезім, шіркін, сол балауса шағым-ай,
Шақырады бір сиқырлы еліне.
Он алты жас-аузымда сүт кеппеген,
Биігіңе әзер шығып жеткен ем,
Он бесімде асу асып алысқа
Бойжеттім деп бәрін тастап кеткен ем.
Он алты жас- балалығым, бал шағым,
Көз алдымда бұлдырайды наз сағым.
Қиял сүйреп жетелейді тек алға,
Он бестегі еркелікті аңсадым.
Он алты жас – бақыт қонған белесім,
Ұдайы алға жетелеумен келесің,
Өткен күндер бесігіңде тербелген
Жүрегімде сақталады елесің.
Он алты жас – сезім оты жанған шақ,
Күткендей ме қолын бұлғап алдан бақ.
Оқу, білім, бір бұрышқа жиналып,
Жігіттерге сүзіліп көз салған уақ.
Қатал тағдыр.
(Жетім баланың зары)
Ерте білдім өмірдің жалғандығын,
Өткен күндер әттең-ай арман бүгін.
Өмірде өкінерім бір-ақ нәрсе,
Жасымнан тұл жетім боп қалғандығым.
Зарымды айтып несіне өкінемін,
Кінәлаймын, кімге мен өшігемін,
Бір сәт болсын көрсетші Тәңір ием,
Әкем, анам бейнесін өтінемін.
Алаңсыз періште едім пәк тұлғалы,
Есімде бірге болған шақтың бәрі.
Сарылып күндіз-түні іздесемде,
Тағдырым шын бағымды таптырмады.
Сіздерге тым аз болсын еркеледім,
Аңсаумен сағынғанда өртенемін.
Сабыр бер жаратушым жалынамын,
Сағымды сындырмашы ерте менің.
Кешір ана
Жүректе арман, көңілде сағым,
Өзің ғой ана- бақытым барым.
Қателік талай жасадым білем,
Кешірші мама, кешірші бәрін.
Жанымнан ұзап кетпеші жырақ,
Тағдырың талай қинады сынап,
Мойыма қайғы болса да досың,
Бұл өмір – жалған, бұл өмір – сынақ.
Көз жасым көл боп қалармын бір күн,
Тек елес болар сыңғырлы күлкің.
Өзіңді анам қуанту үшін,
Бақыт сыйлаудың жолында жүрмін.
Абай мен Шәкәрімге
Дүниеге қайта келмес дара ақын,
Жанына жақын тұтқан туған халқын.
Өсиеттері санаңа азық болар,
Өлеңдері жырлайды өмір салтын.
Естіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ,
Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.
Ұлы дана Абайдың жырларынан,
Мәңгілікке өшпейтін белгі қалмақ.
«Үш-ақ түрлі өмір бар бәріде мас,»-
Деп жырлаған Шәкәрім ойсыз болмас,
Өмірдің өнегесін шын ұқпаған.
Өлгеннен соң қайдам – ау тіріде оңбас.
Пасықтардың бойында күндестік бар,
Ақылсыздық ойында білместік бар.
Абай менен Шәкәрім жырларында,
Әркім байқай бермейтін үндестік бар.
Отырмын жалғыз...
Отырмын жалғыз, серігім – шырақ,
Қайғы да, мұң да бәрі де жырақ.
Жанымның жалғыз өлшемі өлең,
Жырыма қостым сезімді сынап.
Жүректе жылу қалмады білем,
Өткенге реніш, өкініш кілең.
Жырымды сақтап жүр едім үнсіз,
Жүрегім сен де жабулы сыр ең.
Жабығам жалғыз қалғанда жаным,
Білемін дұшпан, достарым барын,
Көңілсіз сәттер азапқа салып,
Шағым айтады, өкпелеп таңым.
Жыр арнаймын
Жыр арнаймын естен кетпес шақтарға,
Жыр арнаймын сезім төккен бақтарға.
Жырымды оқып әр қатардан көз алмай,
Өзіңді іздеп дәптерімді ақтарма.
Жыр арнаймын әлдилеген сәттерге,
Жыр арнаймын өткізбейтін өткелге,
Көз жасым бар әр параққа үңілсең,
Сыр бөлісіп, жыр жазатын дәптерде.
Жыр арнаймын – анам, әкем, бауырға,
Жыр арнаймын тоңдыратын дауылға.
Сағынамын өткен күндер елесін,
Серік іздеп, сыр айтқанмын жауынға.
Жыр арнаймын әр сәтіне өмірдің,
Қуаныш пен қайғысына көңілдің.
Жыр арнаудан жалықпаспын мәңгілік,
Себебі жыр менің бүкіл өмірім.
Жыр алыбы Жамбылға арнау
Бар өмірін жырға арнаған Жамбылың,
Салып кеткен өлеңнің сан даңғылын.
Елді азаптап, қыспаққа алған патшаның,
Тізбектеумен жырға қосқан бар мінін.
Сөз бастап айтысқанда тартынбаған,
Қылыштай жүзі өткір жарқылдаған.
Қарсылас ақындарын басып озып,
Жұлдыздай аспандағы жалтылдаған.
Шеттетпеген батырын да халқының,
Қадірлеген өлең сөздің алтынын,
Абыройын қазағымның өрлеткен,
Бас иеміз алдында асқақ даңқының.
Ерттеп мінген ақыл ойдың тұлпарын,
Халқына арнап кестелеген жырларын.
Сан ғасырлар санасында ұрпақтың,
Ұмытпаймыз жырдың алып сұңқарын.
Табиғат тылсымы
Табиғат тамаша бір түрленгенде,
Құлпырып жердің беті гүлденгенде.
Айнала сан өзгеріп құбылғанда,
Адамдар да ғажайып күйге енген бе ?!
Жадырап жаз келгенде жер бетіне,
Аққулар тербеледі көл бетінде.
Ғашық боп жайнап тұрған табиғатқа,
Қайта- қайта қарайсың келбетіне.
Көркіне табиғаттың қарай-қарай,
Көкірекке күй толып алаулы арай.
Өмірге ғашық болып жүреді адам,
Өтіп бара жатқанын абайламай.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы
Туған тілім – қасиетім, қорғаным,
Туған тілім – елім, жерім, орманым.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Қуантады сенің үстем болғаның.
Ата – баба байлығының асылы,
Мына ғасыр, шын дамудың ғасыры.
Өз тілінде сайрағанға қуанып,
Тілін білмей күрмелгенге жасыдым.
Тіл білмесең кімге керек дарының,
Түсінбейміз мына өмірдің сарынын.
Іздеп жүрміз шам жағулы бөлмеден,
Шуағы мол нұрлы күннің жарығын.
Сөз бастаймыз туған тілде нарланып,
Бүреу жүр ғой тілім деуге арланып,
Тілсіз ұлттың болмайтынын тереңнен,
Шын ұғынып түсінсе екен бар халық.
Анама арнау
Ана - өмір гүлі,
Ана - өмір нұры.
Қуаныштың жыры,
Махаббаттың сыры.
Түн ұйқысын төрт бөлетін,
Қуанып шаттанар сөзімсің,
Баласы үшін жан беретін,
Аяулы жан өзіңсің.
Қарыздармын мен сенің,
Ақ шашыңа анашым .
Қарызымды өтермін,
Аман болса анашым.
Қайда жүрсем жүрегімде өзіңсің,
Қайда жүрсем таусылмайтын сезімсің.
Қандай жақсы сенің нұрлы күлгенің,
Арамызда гүлдей жайнап жүргенің.
Тең келер жан бар ма екен өзіңе ана,
Өзгенің баласына да болған пана.
Мәңгілік басымды иіп өтер адам,
Мәпелеп бой жеткізген өзің ғана.
Қарыздармын мәңгілік өзіңе мен.
Рухың биік айға, күнге теңегенмен.
Парызымды өтесем еш қайғысыз.
Ойланбай-ақ бұл әлемнен өте берем.
Жыр арнасам өзіңе таусылар ма?!
Өзің жайлы жырлайды ғасырлар да.
Өмірің мәңгі бізге өнеге ғой,
Өсиет айта бергін жас ұрпаққа!
Жан досыма арнау
Қиын сәтте табылатын қасымнан,
Адал жанды таба алмаспын досымнан.
Сен есіме түскен кезде әрдайым,
Ойға батып, айтар сөзден тосылам.
Талай рет сырымызбен бөлістік,
Әр күн сайын сағынышпен көрістік.
Сендей шіркін табылама жақын дос,
Өшпес бейнең көрінеді тым ыстық.
Бірге жүріп, бірге өстік екеуміз,
Бірге талай армандарға жетерміз.
Мәңгілікке ажырамай дос болып,
Бұл дүниеден еш өкінбей өтерміз.
Қимасым да, сыйласым да сен ғана,
Іздегенде табылама сендей пана.
Ажырамас мәңгілікке арамыз,
Достығыма куә болшы кең дала!
Ыбырай Алтынсаринге арнау
Аштың білім ұясын қазақ үшін,
Оқытамын деп қазақтың әр баласын.
Жақсартуға болашақ ел тынысын,
Білім беру жолында кетті – ау күшің.
Сен болмасаң қазағым жанар ма еді,
Қараңғы бір түнекте қалар ма еді.
Елу елге кірем деп талпыныспен,
Тастан зәулім сарайды салар ма еді.
Мұқағали Мақатаевқа арнау
Үлгі тұтқан Махамбет, Абайларды,
Өлеңіне көпшілік қарайлайды.
Талай ақын өмірге келеді әлі,
Бірақ ешкім дәл сендей бола алмайды.
Қуат алған Абайдың тіл – күшінен,
Жырла жазған Абайдың үлгісімен.
Қайталанбас нар тұлға өзіңсің ғой,
Дараланып тұратын мың кісіден.
Қамшыдай қысқа өрілген өміріңде,
Қандай сызат түсті екен көңіліңе.
Мен де өзіңді мәңгі өлмес үлгі тұтам,
Өлеңдерің қуат берген көңіліме.
Ұлағатты ұстазыма арнау
Ұстаздың орны бөлек өзгелерден,
Ұстазымды мәңгі өлмес үлгі көрем.
Өмірге нұр, жаныма азық берер,
Ұстазым еш жалықпай білім берген.
Ұстазым шәкіртім деп үміт арттың,
Үйреттің өнер – білім, өмір салтын.
Әрқашан мерейің үстем болсын,
Сенің бейнең жаныма мәңгі жақын.
Ұстазым шәкірт емес балаңдаймын,
Таса болсаң өзіңді іздеп алаңдаймын.
Жер дүниені аралап шықсам – дағы,
Өзіңдей ардақты жан таба алмаймын.
Достар жайлы
Бәріміздің бір болушы ед жырымыз,
Бір болыпты тіпті сорлы мұңымыз.
Өмір бізді сан тарапқа бөлді ғой,
Сағынышпен еске аламыз мұны біз.
Бала кезден бірге өстік бәріміз,
Бірге жүрсек жарасушы ед сәніміз.
Достар жаны аңсап жүрсе бір – бірің,
Бұл жалғанда жолығармыз әлі біз.
Дос едік біз дос үшін жан беретін,
Досты өзінен тым жоғары көретін.
Тәңір «қандай тілегің бар» десе егер,
«Адал достар бөлінбесін», - дер едім.
Әрқашан орны бөлек достардың,
Доссыз өткен күндер нағыз бос шағым.
Бар өмірім бос өтпесін дегендер,
Өмір бойы сыйлай білсін достарын.
Адал дос қанша баянсыз достан түңілген,
Демеу бол дәйім досыңа құлап сүрінген.
Тілеуін тілеп, жанында болған солардың,
Тәңірім достар өкінбей өтсін өмірден.
Әкеме арнау
Әкетайым – бақытым,
Өзің менің шаттығым.
Әкетайым қуанышым,
Өзіңсің сен жұбанышым.
Әкетайым қамықпа,
Мен жоқта жалықпа.
Мен бүгін бір өзеннің арнасымын,
Сен бастаған өмірдің жалғасымын.
Әкетайым сен мен үшін данасың,
Өзгелерден қорғайтұғын панасың.
Мейірім мен шуақ нұрға бөлейсің,
Кең құшаққа жан балаңды аласың.
Шаңыраққа шаттық нұрын сыйлаған,
Әке саған бар адамзат иланған.
Саған деген махаббаттың жырлары,
Жұдырықтай жүрегіме сыймаған.
Сан құбылтып сынаса да өмір шын,
Адалдығың, адамдығың көрінсін.
Алақанда аялаған баласын,
Кейде қатал болатын да өзіңсің.
Өмір талай белес қойды өзіңе.
Жауап берген әрбір айтқан сөзіне.
Сендей пана табыларма өмірде,
Әркез ыстық көрінесің көзіме.
Өмірге ғашықпын
Өмірге, жарық күнге құштармын мен,
Өмірде жан сырымды құстар білген,
Өмірге қайта айналып келер болсам,
Өнердің етегінен ұстармын мен.
Ғашықпын.
Мынау ғажап нұрлы өмірге.
Асықтым
Сан қилы арманым бар көңілде.
Өмірдің ащылығын сезіндім бе,
Шегі барын білдім мен төзімнің де.
Өмірге өкпелімін деп жазардай,
Қолда бар бақытымнан безіндім бе?
Қимаймын өткен күннің елестерін,
Асар алда сан қилы белестерім.
Бақыттың шын бағасын білген кезде,
Өмірім көз алдыма елестедің.
Балалық дәурен бітер деп бір күн...
Балалықтың сәні ме еді шалалығым,
Ескермеппін анамның даналығын.
Қайта айналып келмеске кетіп барад,
Балдәурен, балғын шағым, балалығым.
Есейіп келем, есімді жиып,
Еркелігімнің еңсесін тиып.
Жалғанда мәңгі алыстап менде,
Кетемін қалай өзіңді қиып.
Балалық, шіркін, алаңсыз көңіл,
Аңғармай қалдым есейгенімді.
Бақытты өтті балдәурен өмір,
Оралсам деуге мүлде кеш енді.
Балалық дәурен бітер деп бір күн,
Таусылар деп балалық күлкім.
Балалығымнан болашағыма,
Керегін алып, көңілге ілдім.
Біз кімбіз?
Біз кімбіз?
Біз қазақпыз жалындаған,
Жүрегінде ұялаған жалынды арман.
Мақсатына жеткенше тынбай жүрген,
Қазақтың арман ойы қалың орман.
Қазақпыз талай сыннан сүрінбеген,
Досына, тіпті жауға күлімдеген.
Өзгелер өзім жайлы сұрап жатса,
Мұсылманмын, хақ Ислам дінім дер ем.
Сыйлымыз, өзгені де сыйлай білген,
Ашаршылық соғысты бәрін көрген.
Бейбіт өмір сүретін күнге жеттік,
Қазақпыз «бірлік түбі –тірлік деген».
Білсеңіз қазақ деген батыр халық,
Аянбай тер төгетін жанын салып.
Көз тартар сұлу көрсе ғашық болып,
Жүретін бір болғанша өліп – талып.
Ұлы ақын жоқ шығар Абайдайын,
Қазақпыз қадірлеген Сүйінбайын.
Өзіңді - өзің мақтаған кімсің десең,
Өзім жайлы өзге емес мен айтайын.
Біз қазақпыз хандардың ұрпағымыз,
Бәріміздің бір болды ұранымыз.
Қазақпыз – кең даланың ұланымыз,
Қазақпыз көк аспанның қыранымыз.
Соңғы қоңырау
Бүгін соңғы қоңырау дабыл қақты,
Жүректерде сөнбейтін сезім тәтті.
Жас түлектер қоштасып мектебімен,
Жанарлардан мөлтілдеген жас ақты.
Қоштасып білім берген ұстазымен,
Жанында бірге болған қыс – жазымен.
Мектептен алысқа ұзап кетіп барад,
Жүректі жыр тербетіп, ән – сазымен.
Қоштасу болар бәлкім өмір заңы,
Білім ізде білімді болсаң – дағы.
Алтын ұя мектептен кетсеңде ұзап,
Сен үшін алаңдаулы ұстаз жаны.
Сен үшін бұл ерекше күн жас түлек,
Тулап жатыр өрт кеудеңде сан тілек.
Өткен күннің оралмасын білгенде,
Қалайша сыздамасын сорлы жүрек.
Өмірдің бір белесін асқандайсың,
Жаңа өмірге жаңа қадам басқандайсың.
Санаңа ұстаз берген біліміңмен,
Асықпа, әлі көкке аспандайсың!
Алғашқы қар
Көп күттім аңсауменен осы сәтті,
Жанымды биледі бір сезім тәтті.
Мен күткен алғашқы қар әсерінен,
Ақ көрпе жамылғандай дала жатты.
Ұнатам сұлу дала көрінісін,
Жақсы көрем ең ұлы Тәңір ісін.
Қаңтардың аязында туғаннан ба,
Аппақ қар ақ жанымның бөлігі шын.
Қиялға берілемін армандаймын,
Қыстағы көк бөрі, аш арландаймын.
Қиялшыл жүрегімнен жыр төгілсе,
Жалғанда жалғыз өзім қалғандаймын.
Жалғыз қалсам қалам ап жыр жазамын,
Жыр жазбасам бұлқынып сызданамын.
Кеудемде ұйықтап жатқан аш бөрінің,
Тыныштық түн ұйқысын бұзба.
Ұлағатты ұстаз, аяулы ана Бөлекбаева Гүлзада Әкімбайқызына арналады
Ұстаз - өмірдің кірпішін қаласады,
Биіктетер қолымен аласаны.
Аяласақ, мақтасақ, ардақтасақ,
Ұстаздарға бәрі де жарасады.
Гүлзада апай – анасың, ұстазсың сен,
Төгесің нұр – сәулені қыс – жазымен.
Жүрегіңе қуаныш ұяласын,
Шәкірттерің арнаған жыр – сазымен.
Солардың жамандығын құлатасың,
Солардың ән салғанын ұнатасың.
Қуанса қуанышын құттықтайсың,
Жыласа қамқоршы боп жұбатасың.
Көп сенің айтар сөзің, берер үлгің,
Кереметін күтеміз келер күннің.
Асулардан сүрінбей асқақтаса,
Сыйпадың маңдайынан өреніңнің.
Сіз үшін біз қашанда баладаймыз,
Адассақ өзіңізді паналаймыз.
Асқақтап, биіктерден көрінсекте,
Біз сізден биікпіз деп санамаймыз.
Көңілдерде жайнайсың, гүл жарасың,
Жүрегің ұмытпайды мұң – жарасын.
Шәкірттерің мәңгілік қадірлейді,
Аяулы ұстаз, асыл жан – Гүлзадасын.
Қателік жасасақ біз ешіргенсің,
Адамды әр заманда өсірген сын.
Әрдайым алдыңызда бас иеміз,
Тәңірім мерейіңді өшірмесін.
Мақтан етпес жеңісін, ұтқан ісін,
Әнеки ел алдына шықты арысың.
Гүлзада апай мерекең құтты болсын,
Басыңа бақ айналып, құт дарысын!