Туындылары
ЖОРҒА ТОРЫ (әңгіме)
Бес жасар немересін алдына алып, бейғам ойға шомып отырған Жәкең ту сыртынан оқыс шыққан тасыр-тұсырға селт етіп, арт жағына жалт қарады.
- Ассалаумағалейкум, аға! Қаусаған шалдар құсап тырп етпей отырысыңыз жаман ғой. Тіпті, қағып кетсем де, байқар емессіз, - деді орта бойлы, тығыншықтай жас жігіт шабдар аттан жеңіл ырғып түсіп жатып. – Мен сізбен аударыспақ ойнайын деп келсем, сірә, шамаңыз жоқ-ау, ә.
- Әй, қызталақ неме. Мен әлі де болса, жайдақ аттың үстінде тұрып, сені ер-тоқымыңмен қоса аударып жіберуге қауқарым жетеді. «Ақымақ атқа мінсе, атасын басып кете жаздайды» деген. Әкесі құрдастың, баласы құрдас. Бірақ сен жаман әкеңе тартпай туғансың ғой. – Жәкең де жас жігіттің сөзіне сай қуақылана жауап қатты. Екеуі қол алысып сәлемдесті. Жігіт қарияның қолын жібермеген қалпы:
- «Аттан тай озады, атадан бала озады» дейтін өзіңіз емес пе еді?!. Денсаулығыңыз қалай? Бақуатсыз ба? Мені шал жіберді, мына құласары байталды жетектетіп. «Жәкең соғымға атаған жорға торысына айырбастап береді» деді. Соған келдім, - деді. Жәкеңнің қабағы қатуланып, бір сәт үнсіз қалды. Шынында жорға торысы қартайып кеткен еді. Қызылсырап отырған бала-шағасына сояйын десе, көңілі қимайды. Өмірінің ыстығы мен суығының талайын осы торы атпен бірге өткерген. Былтыр да жемдеп, жақсы-ақ семірткен-ді. Соғымға соймақ еді, өзі түгіл, ержеткен балалары шулап кетті. «Бала кезімізден бауыр басып, отбасының бір мүшесіндей болып кеткен жануарды пышаққа қалай қимақсыз, көке. Біз аш қалсақ та, торының етін жемейміз» деген екі ұлы екі жақтан қыспаққа алып. Торы ат сойысқа түспесе де, жем-судан қағылған емес. Жәкеңнің қолы қалт етсе, жорға торының жанынан табылуды әдетке айналдырған. Зейнетке шыққалы солай. Жал-құйрығын тарап, аяғы ауырғанына қарамай жетекке алып, Көкеу бойына қыдыртып қайтады. Үн-түнсіз емес, торыға төңіректе болып жатқан түрлі жағдайларды әңгімелейді. Тілсіз жануар бәрін ұғып, түсінгендей Жәкеңе баданадай жанарын қадап, оқтын-оқтын құптағандай пысқырынып қояды. Ауық-ауық көрші ауылдардағы той-томалаққа болмаса, Жәкең оны мініске пайдаланбайды. Мінді бар ғой, иесінің көңілінен шығайын дегендей, жануар жүрісін күрт өзгертіп, құлпырып шыға келеді. «Жақсы ат қартайса да, жүрісінен жазбас» деген осы деп Жәкең де бір марқайып қалады. Бұл жағдайдың бәрінен хабардар құрдасы торыға қолқа салған. Кәрі мал болса да, семіздігіне қызыққан. Әрі торымен бірге қартайып бара жатқан Жәкеңді аяған. Алда-жалда кәрі жылқы көз алдында өліп қалса, оның Жәкең үшін өте ауыр болатынын сезген. Өткен бір жиында «Көзден кетсе, көңілден кетер» ниетімен «тұқымы жақсы байталға айырбаста» деп жабысқан. Енді, міне, араға көп уақыт салмай, ұлын жіберіп отыр.
- Менің торым жыл бойына байлауда. Қоңы түскен емес. «Жарлы болар жігіт байталын атқа айырбастайды, жалғыз болар жігіт ағайынын жатқа айырбастайды» деуші еді атам қазақ... – Жәкеңнің сөзін жігіт бөліп жіберді.
- Ой, аға, ол жағынан маған қауіп жоқ. Шал байталды менің еншіме берген жоқ, өзінікі. Ұрғашы мал болған соң, союға қимады білем. «Жылқы етін жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіредісі» тағы бар, семіз соғымды аңсап тұрады. Ал, сіз мынаны туғанша ары-бері мініп тұрасыз. Туған соң, ой-хой-й сары қымызға сылқия тойып, кемпірлерге қырындап жүретін боласыз әлі, ха-ха-ха... – Жігіт өзінше қарқылдай күлді. Жәкең де қабағын көтеріп, жас жігіттің қылығына басын шайқап қойды да:
- Әй, жетесіз-ай! Отызға келсең де, ақыл кірмепті-ау, саған. «Бір аяқ қымыздың ек аяқ желігі бар» деп тұрсың ғой сен қу неме. Бірақ «саумал ішсең қымыз жоқ, байтал мінсең құлын жоқ» екенін де ұмытпа. Әрі бұл жануардың сыры маған беймәлім. «Қияңқы байтал екі айғырды қырқыстырады».
- Жорға торыны бергіңіз келмей отырсыз ғой шамасы. Маған бәрібір. Ал, ондайдың бетін аулақ қылсын, аяқ астынан өліп қалса қайтесіз? Қанша семіз болса да, ақтық демі таусылса, не ет жоқ, не ат жоқ, сәпсім жаяу қаласыз. Онан да, өзіңіз жиі айтатын «аты жоққа қотыр тай тұлпармен тең» емес пе?!. Ал, мына құласарының қотыр тай емес, байтал деген тәп-тәуір аты бар. Ауыл, үйдің арасында балалар шапқылап жайдақ мініп жүретін. Яғни, жуастығы тағы бар... Қанша мақтасам да, былқ етпейсіз ғой, тіпті. Былай орныңыздан тұрып, жылқына айналып, ана жер, мына жерін ұстап көрмейсіз бе, тегі?!. Бәрібір малды ауыстырып әкетем. Шалдың тапсырмасы солай. «Құрдастың қиқарлығына қарама. Берсе қолынан, бермесе қорасынан алып кет» деген...
- Әй, сен неме кенеше жабыстың ғой. Мақта, мақтама бәрібір «ақсақ ат алтынмен тағаласаң да ақсайды»... Бұйрық шығар... «Күндік өмірің болса да, ат ұста» деген бабаларымыз. Жылқы малына әбден үйреніп кеттік. Мама ағашта жылқы байлаулы тұрмаса, әлдене жоғалтқандай боламыз... Жорға торы жөні бөлек жануар. Оны әкең жақсы біледі. Ол қолқа салып отырса, тегін емес шығар. Шынында жануар әжептәуір қартайып қалды. Амал нешік... Қорада тұр. Байталды орнына байлай сал... Сен жетесізге жаман әкең айтты ма, жоқ па, қайдам, «құт жылқының маңдайында» дейді. Ноқта, жүгенді сонда қалдыр. Жан жолдасымдай болған жорға торыммен бірге құт-берекем де кетіп қалмасын... «Атыңнан айырылсаң да, ер-тоқымыңнан айырылма» дейтін аталы сөз бар емес пе?!. – Жәкеңнің қабағы салбырап, сөзі баяулап кетті. Мұнысы жігітке өз-өзімен сөйлесіп отырғандай әсер етті.
- Жарайды, аға, оған қам жемеңіз. Бәрін реттеп қоям, - деп жас жігіт құласары байталды жетектеп, там артындағы қораға қарай бет алды. Жәкең міз бақпай отырып қалды. Бүкіл саналы ғұмырының көбін торы атпен тығыз байланыстырған қарияның сығырайған көзіне мөлтілдеп ыстық жас келді. Нұры тая бастаған жанарымен жер шұқып отырған ақсақал «аға, жақсы. Біз кеттік» деген жігіттің сөзін естісе де, естімегендей басын көтермеді. Ләм-мим деп жауап қайтпады. Тек жылқылардың тасырлаған тұяқ үніне құлақ түрді. Міне, мына жорға торының аяқ тастасының үні. Жанынан өтіп барады. Тіктеп қарауға шама жоқ. Қарияның әжімді жүзін жас жуды. Жорға торысымен үнсіз қоштасу белгісіндей көзден аққан ыстық жас тамшылары шоқша сақалына жетіп, құрдымға сіңгендей жоғалып жатты. Артына қарайлай әудем жер ұзаған ақылды жануар да әлденені сезгендей, ышқына кісінеді. Жылқының жан-ұшырған ащы үні Ешкіөлмес тауын жаңғырытып жібергендей. Жәкеңнің әлсіз жүрегі дір ете қалды. Құлағына жорға торысының бебеу қаққан үні жаңғырытып, қайта-қайта келе берді. Жас толы қос жанары тұманданып бара жатты.
- Ата, неге жылап отырсыз?!. Аталар жыламайды ғой, - деген немересінің сөзінен соң, әнтек бойын жиып алды. Сосын:
- Бар, әжеңе бар. Үйде шығар, бара ғой, - деп орнынан әрең көтеріліп, үй іргесіндегі арынды Көксуға қарай бет түзеді. Аяғы құрғыр қатты ауырып, екі-үш қадамнан кейін жолай жатқан бір таяқты алып, сүйеніш етті.
Көксуға жақын саздауытқа жете, кішкене төбешікке отыра кетті. Алғаш рет осы сазда жорға торыны құнан кезінде көріп еді... Запперме Қасен қалқоз бастығына қайта-қайта «қойшылар жайлауға шығар кезде аттарын ауыстырмасақ болмайды. Көбінің мінгені арық-тұрық, кәрі жылқы. Оларды осында қалдырып, семіртіп, күзде етке өткізейік. Қалқозда жылқы басы көбейіп қалды. Қойшылар бір-бір ат ауыстырып мінсін» деп тыныштық бермеген соң, осы сазға қалқоздың бар жылқысын жинаған. Қасен бастыққа сөзін өткізгенге мәз. «Алыс жол атты сынайды, оны жақсы білесіздер. Әрі «арық мінгенше, аяғыңа мін» деген тағы бар. Міне, таңдап жүріп, құрық салыңдар,» деп ыржалақтап жүрді. Малшылар да мынадай құрметке дән риза.
Топ жылқының ішінен Жәкеңнің көзі торы құнанға түсті. Қылқұйрық тұқымының топтан оңашалау бір шетте жал-құйрығы төгіліп, жүні жылтырап, әлденеге елеңдеп, елегізіп, иек қағып, елірген әсем жүрдек жүрісіне, сұлулығына сүйсінген. «Па, шіркін, жануардың паң да кербез, тәкәппар жүрісін-ай! Жорғалай басып, ор киіктей орғуына қарағанда тегін тұқым болмады-ау,» деген ой ә дегеннен шырмап алған. Қарағанда көз тоймайтын сымбатты құнан аққудай қалқып, жеңіл қозғалып, аяғын ерекше сәнмен басады. Торының бөкен желісіне тәнті болған Жәкең бір орында жіпсіз байланып қалған. Бір уақытта құнан шаншыла көкке көтеріліп, артқы аяғына тікесінен тік тұрды. «Ой-хой, текті жануарым-ай! Тек қана артқы аяғын тірек етіп, биік шапшығанына қарағанда, артқы аяқтары сіңірлі, қуатты болғаны ғой. Мұның жарауы жетсе, ұзаққа шабар түрі бар». Осы бір аса биік емес, басы шағындау, қиған қамыс құлақты, жанары отты жылқы тұқымына Жәкеңнің көңілі құлады. Сондықтан да запперме Қасеннің «мініске көндіккен жуас аттың бірін таңдамадыңыз ба?» дегеніне қарамай, жылқышыға құрық салдыртып, қуана-қуана жетегіне алған.
Көз алдынан елес боп өткен осы жайлар есіне түскенде Жәкең «ой, өтті-кетті заман-ай!» деп ақырын күрсініп қойды. Өзге қойшыларға ұқсап, мінген жылқысына ат қойып, айдар тақпады. Оның керім жүрісіне, ұнамды түріне қарап, бала-шағасымен Жорға торы атап кетті. Кейіннен былайғы жұрт та Жәкеңнің Жорға торысы дейтін болды.
Бірде қалқоз бастығы шабарманынан сәлем айтып жіберіпті. Қалада оқитын бала-шағасымен бірге бір ай көрші Сарытөр жайлауында дем алады екен. Соған «Жәкең жорға торысын жтектетіп жіберсін. Бір айдай өзге ат мініп, амалдай тұрсын,» депті. Бастыққа қарсы келер заман ба?! Қимаса да, ер-тоқымын түгендеп беріп жіберген. Бұған балалары да біраз күнге дейін томсырайып жүрді. Өйткені, торы ат иесін жан-тәнімен түсініп, отбасының адал досы бола білді. Отар қойды жайғанда иесінің ырқына, дегеніне көніп, оны шаршатпауға тырысады. Бос жүргенде ысқырып хабар берсе болғаны, кісінеп жауап береді де, қасына жетіп келеді. Қажет кезінде шана сүйреп, арба тартып дегендей үй шаруасына әжептәуір қолқабыс тигізеді. Кейде, тіпті, балалардың да дегеніне мойынұсынып, ары-бері шапқылап ойнатады. Бірде бір рет оқыс мінез танытып, иесін, не балаларды үркітіп алған емес. Жылда өтетін шопандар тойындағы ат жарыстарда, көкпарларда балаларға талай жүлделер ұтып әперетіні тағы бар. Міне, сондықтан балалар да жорға торыға әбден бауыр басып кеткен-ді.
Жаздың қысқа таңдарының бірінде елең-алаңнан жылқының кісінеген даусынан оянып кеткен Жәкең, далаға шыққан. Есік алдынан сәл шеткері өзінің дағдылы байланатын орнында Жорға торы тұр. Иесін көріп мекіреніп қойды. «Ой, жануарым-ай! Жер түбінен жеткен екенсің ғой... «Жылқы - жершіл» деуші еді. Басың босаған сәтті тауып, өскен ортаңа қарай тартқансың-ау, шамасы...» - деп Жәкең күбірлей сөйлеп, жылқының жанына жетті.
- Пәлі, сен ноқта жібіңді үзіп кетіпсің ғой... Енді бастыққа не дейміз?! Жәй кетсең, мақұл... тағы бірдемені бүлдіріп, қашқан болсаң... Мәс-саған! Арқа, бел әбден жауыр болыпты ғой! Тебінгілік те жара бола бастапты... Әжептәуір азып та қалғандайсың. Бас-аяғы жиырма шақты күнде мүшкіл халге жетіпсің-ау, жануарым! – деп Жәкең жорға торысын айналып-толғанып біраз жүрді. «Досыңа ат берме, ат берсең ақырын жүр деме» деген. Бастықтың балдары аяусыз-ақ мінген екен, дә... Жемдейін, емдейін торы досым. Балалар да қуанып қалатын болды,» деп үйге қарай беттеген. «Торыңыз үйге аман-есен жетті ме?» дейтін не бастық, не іздеуші болмады. Жорғаның жауыр-жарасы бірте-бірте жазылып, тез қонданды. Өткен жай ұмыт бола бастаған. Ақтөбе жайлауының қызығы таусылып күзеуге түскен. Дала оты әзірше мол. Тез тойынған отар үй маңынан ұзамайды. Иіріліп, күйіс қайырып жатады. Жорға торы да көбіне бос жайылып жүреді. Қоңыр күздің орта шенінде шет қораның алдына қалқоздың жүк мәшинесі келіп тоқтады. Ескі мәшине де, оның шопыры Қонақбай да қойшылар қауымына етене таныс. Көшу-қону мен жем-шөп жеткізу осы Қонақбайдың мойнына жүктелген.
- Оу, Жәке, жемді қайда түсірейін, - деді ол Жәкеңді көріп, айғайлай. «Қайдағы жем?! Қыстың көзі қырауда жалынып жүріп әрең алар жемді қара күзден түсіріп... бұлардың есі кірейін деген шығар» деп ойлаған Жәкең көлікке қарай аяңдаған. Қол алысып, сәлемдескен шопыр:
- Қалқоз бастығының жеке тапсырмасы бойынша алып келдім. «Қорасына дейін жеткізіп, түсіріп бер,» деген. Міне, қабылдап алыңыз, - деді. Жәкең таң қалған да қойған. Күні бойғы таңданысын жасыра алмай, кешкі тамақ үстінде:
- Бәйбіше, бастықтарға бірдеме көрінген-ау. Әлден жем түсіріп беріп жатыр. Жауынға ұрынбайтын пана жер әзірлеу керек шығар, - деді. Әйелі ақырын жымиып қойды да:
- Түнеу күні ауылға түскенде бастыққа арнайы кіргенмін, - деді бір әңгіменің шетін шығарып.
- Е, сосын... – деп шынтақтай жатқан Жәкең түзеліп отырды.
- Сосын... Жорға торының жағдайын айттым... Жауыр болғанын, азып кеткенін... Ол киелі жануар, - дедім. – Бастық сөз төркінін тез-ақ аңғарды. Ұялған болуы керек. «Жорға торыға арнап арнайы жем жіберермін» деген... Уәдеде тұрғаны дә...
- Е, бәсе. Мен күні бойы дал боп жүрсем... Сенің де араласпайтын жерің жоқ-ау... Бірақ оның дұрыс бопты, – деген өмірлік жарына риза кейіпте... Дамылсыз жылжыған уақыт – керуен көші орта жолдан баяғыда-ақ байқаусыз асып кеткендей...
Саздауытта едәуір отырып қалған Жәкең орнынан ақырын көтеріліп, су жағасына қарай жүрді. Жолай торы ат туралы сағынышқа айналған әдемі ойлардан арыла алмады. Зейнетке шығардан бірер жыл бұрын Жәкең буын ауруына шалдығып, жүріп-тұруы қиындады. Торы атқа мінуі үшін томпиған төбешік немесе биіктеу тас іздейтін еді. Соның арқасында атқа әупірімдеп әрең мінетін. Ал, жазық өрісте бір қажеттікпен аттан түссе, қайта мінуі мұңға айналатын. Осылай зейнетке жете алмай қиналып жүрген кезде Жорға торы Жәкеңді де, былайғы малшы, қойшыны да таң қалдырған өнер шығарды. Жәкең оған мінуге ұмтылса болғаны, екі тізесін бүгіп, бойын аласарта қояды. Алғашында Жәкең өз көзіне өзі сенбеді. Мұны естіген алыс, жақын көрші- қолаң миығынан күлді. Ал, торы аттың иесіне тізе бүгіп, ұстіне мінгізетінін өз көздерімен көргенде жағаларын ұстап, таң қалысты. Бірте-бірте бұл қалыпты жағдайға айналып, жұрттың көзі де үйреніп кетті. «Тілі жоқ демесең, өте ақылды жануар еді ғой, Жорға торы» деп ойлады арынды Көксу өзені жағасына жеткен кезде көкпеңбек тұнық тау суына көз салып тұрып. «Қош, жануар!.. Қош, жан серігім!» - деді қария күбірлеп. Көз жанарындай болған торыны ойлап тұрған ақсақалдың көзінен бір тамшы жас домалап кетті...
... Жорға торы да көзден бұлбұл ұшқан еді...