Туындылары
БҮРСҮЛЕЗ (әңгіме)
Арынды Көксу өзенінің Ешкіөлмес тауы тұсындағы ақ көбіктенген Күркіреу сарқырамасына жақын орын тепкен малды ауыл қоңыр күздің шуақты күндерінің бірінде дүрлікті де кетті. Күйі келіп, қоңдалып қалған қорадағы қойға індеп тиді. Бір қарағанда көтерем боп құлап, айналшық боп тыпырлап жатқан ештеме жоқ. Бірақ естіген құлаққа түрпідей тиіп, тұла бойыңды түршіктірер зардабы бар. Мал ғана қырылып қойса, мақұл ғой. Жұқпалы кесел адамға да қауіпті. Құдай бетін аулақ қылсын, ол дерт жабысқан адамның тірі қалуы неғайбыл. Әрі «дауа болар дәрі табылмаған» дейді. Күзгі салым әбден семірген қақпақ құйрық , қазан құйрық қойларын ағайын көзі қимай сойып жейін десе, әлгі емі табылмаған кесел дарып кете ме деп қорқады. Амалсыз іштей тынған жұртшылық бірінің аузын бірі бағып, әлдеқандай әрекет болар екен деп елеңдеулі.
- Апырай, ә, сонау сәбет заманында мұндай кесел бар ма еді, әлде жоқ па еді?! – деп ауыл қарияларының бірі, кезінде мал қалқозының озат шопаны болған Бердібек ауылдастарына шарасыздана қарады.
- Е, кім біліпті, ол кезде жеті сайын мал доқтыр келіп, ем-домын жасап жататын ғой. Біздің шаруамыз мал басын шашау шығармай бағу ғана емес пе еді?! – деді оған кезінде баққан отарлары қоңсы қонатын Бейсен ақсақал селеу сақалын тарамдап тұрып. Енді екеуі кезінде запперме болған, өздері сауатты деп санайтын Кенжетайға қарады.
- Есірік тисе – құтыратын, азығында тұз аз болса – жебір болатын, ашбаспақ – аш қалған кезде жабысатын, жыбырлақ деген қойда ғана болатын жұқпалы ауруға бұл ұқсамайды. Қызық!.. Өкпеқұрт, жұлынқұрт, бауырқұрт, жалпаққұрт ауруы... ұлтабарда болар аққатпа құрты... аққұлақ, жара, қотыр... Бірақ бұлардың бәрі малды жаппай бұқырлау кезінде, күпкіге тоғытқанда жазылып кетіп жатушы еді. Ешкіге кебенек, қойға топалаң сияқты аса қатерлі жұқпалы індеттер келгенде, топырлап қырылып қалатын... Бізде өйтіп жатқан ештеме жоқ, - деді Кенжетай өзінің бар білген кеселдерін саусағымен санамалап.
- Осының бәрі бар ғой, қалқоздың ақтылы қойы түгеп, тек жекенің малы ғана қалғанда, яғни мал басы бірікпей, әр қорадан шыққаннан пайда болып отырған пәле, - деді қолындағы тобылғы таяғын шошаңдатып, әлдекімге доқ қылғандай едіреңдеген Қалқабай қария. Қалқабай қария да кезіндегі атышулы бақташылардың бірі болған. Оның шулы мінезінен ығатын зәтехнік, бұғалтыр сияқты басшылар мұның алдында «ләппайлап» құрдай жорғалайтын. Момақан малшы қауым бұған қайран қалатын-ды.
- Бүгін түске таяу бетбраш келеді екен. Халықты жиып әңгіме өткізеді-міш. Енді сол баланы күтеміз, дә, басқа лаж жоқ, - деді Бердібек ақсақал.
- Әй, осы сен қолы епті кесікші болмап па ең? – Бейсен ақсақал Бердібекке қарай жұлып алғандай шаңқ етті. – Сол піштірген малдарың кейін ауырмайтын ба еді, ә?
- Ой, сен де қайдағыны айтады екенсің! Піштіргеннен ауырып өлді деген малды, болмаса адамды естігенің не көргенің бар ма, алжыған неме?! – деп Бердібек қария құрдасына жеки сөйледі.
- Бопты онда. Әлгі бетбраш келгенге дейін бір шайланып алайық, - деп ақсақалдар үйді-үйіне тарқасты.
Сиыр сәскеде мал доқтырды тағатсыздана күткен бірнеше адам баяғыдан ауыл орталығы саналатын көне клубтың алдындағы алаңшаға жиналып та қалды. Есік алдында орталыққа қарайлап жүргендері аяңдап көшегі шыққан. Ұлы сәскеде олардың күткен адамы келгенде, ауылдағы бүкіл еркек атаулы осында еді. Мал доқтыр жалғыз емес. Жанында ауыл әкімінен өзге бөтен екі адам бар.
- Ағайындар! Бүгінде мемлекеттің меншігінде алалы жылқы, ақтылы қой жоқ. Кеңес дәуірінде мал шаруашылығына ерекше мән беріп, зоотехникалық-мал дәрігерлік жұмыстар жүйелі жүргізілетін. Оның несін айта береміз, осындағы аға буын - өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгінде заман өзгерді. Әркім өзінің қорасындағы малына қожайын. Шынын айту керек, жекедегі мал болған соң, күнделікті жем-шөбіне қараудан әрі аспаймыз. Мал қоңды болып, басы көбейсе болғаны. Қора-жайды бір мезгіл дезинфекциялау, ерте көктем мен қара күзде түрлі кеселдерге байланысты егу жұмыстарын жүргізу, ауырған малға дер кезінде ем-дом жасау деген мәселе екінші планға көшіп, ұмыт қалғаны қашан?!. Енді, міне, соның зардабын көріп отырмыз. Өздеріңізге мәлім, мына ауданнан келген ветеринар бір апта жүріп, үйме-үй аралап, қойларыңыздан анализге қан алған. Әрі қан алынған қойларға ен сап кеткен. Нәтижесі адам шошырлық! Өзі жас болған соң, қатты батып айтуға жұрттан жүрексініп, мені алдыға салып отырған жайы бар. Бүкіл ауылдың қойына бүрсүлез деген жұқпалы індет тиген. Ол ауруды қан арқылы ғана айыруға болады. Жәй көзге малыңыз сау секілді көрінуі мүмкін. Бұл кесел кәрі, жас демей адамға да өте қауіпті екен. Ауырған мал етін мүлдем жеуге болмайды.- Ауыл әкімі Бәкен жиылған көпшілікке мән-жайды түсіндірді. Жұртшылық сілтідей тына қалған. – Ендігі ары қарайғы жағдайды, не істеу керегін ауданның мал дәрігері Қасымбек өздеріңізге тиянақтап айтып береді, - деп Қасымбекке сөз берді.
- Құрметті қауым! Әкім ағамыз бүгінгі жағдайдың бәрін айтып өтті. Ендігі мәселе – жұқпалы ауруға ұшыраған малдың көзін жою. Жойғанда да адамдарға жұқтырып алмауымыз керек. Көздеріңіз қимай, жасырын сойып, ауру қойдың етін жейтін болсаңыздар, жақсылық күтпеңіздер. Бұл аурудың емі жоқ. Қайталап айтайын, емі әлі табылмаған. Не істеу керек?.. Менде әр үйден анализ алынған тізім бар. Сол бойынша қойдың көзін құртамыз. Мына жігіттер сондай арнайы қызметтің адамдары. Қой басына бір мың теңгеден өтем ақы төлеп, малды өз көздеріңізше сойып, арнайы көлікпен алып кетеді. Немесе өздеріңіз сойып, етін түп-түгел көміп тастауларыңыз керек. Бірақ ескертіп қояйын, егер дұрыс бауыздамай, қаны төңірекке шашыраса, түбі жұқпалы нәрсе жұғады. Уәжге көніңіздер, мына жігіттер ертең арнайы сайланып келеді. Сіздер қаны тексерілген, кесел деп табылған қойларды бір жерге жинайсыздар. Бұл шараны бүгін-ертең тындырмасақ, жағдай қиындап кетеді. Бұған не дейсіздер,- деді мал дәрігер көпшілікке көз тоқтата. Үнсіздікті Қалқабай қария бұзды:
- Кешегі сәбет өкіметі тарағанда «ойбай егемен еліміз, бізде әлі ештеме жоқ» деп әлгі үйдей үлкен трақтырдың төрт доңғалағын бір табын сиырға айырбастағанды көзіміз көрген, жағамызды ұстағанбыз. Кейін қора-қора қой да біресе темірге, біресе көмірге деп айырбаспен көзден бұлбұл ұшты. Айналасы екі-үш жылда тап-тақыр кедей боп шыға келдік. Ел енді-енді қораға мал жиып, еңсе көтере ме дегенде мына кесел шығып отыр. Бірінен соң бірі шығып, жекедегі бүкіл мал сол аурулардың құрбаны боп кетпесіне кім кепіл? Жұқпалы деп малдың түбіне жетіп, ертен күн көре алмай қалсаң ше? Өкіметтен не қайыр, не үміт?!
- Оу, ақсақал, тоқтаңыз, тоқтаңыз... – Сөзді әкім бөлді. - Дардай басыңызбен елді дүрліктіріп не болды? Сіздерді ақылға келер ақсақалдар деп алқалы жиын жасап, болған жағдайды ашық айтып отырмыз. Өкіметтің өлтірген жері бар ма еді?! Әрі сіздің бүкіл қойыңызды құртамыз деп отырған жоқ қой. Індетке шалдыққаны ғана пышаққа түседі. «Қой жүрген жер береке, қыз жүрген жер мереке» демейтін бе еді атам қазақ. Құдайға шүкір бас аман болса, ертең-ақ мыңғырған маңыраманы өргізіп отырамыз. Сондықтан артық ауыз әңгімені қойыңыздар. Бітер істің, тезі жақсы. Сөйбұйдаға салмайық. Мына жігіттер де ерігіп жүрген жоқ. Сол себепті бұлар ертең сәскеге таяу келсін. Ал сіз бен біз анау – мынау сөзді доғарып, ауызбіршілік танытайық, - деп әкім Бәкен көпке тоқтау айтып, нақты шешімді өзі айтты. «Әкім айтты, бітті» дескен жұртшылық өзара күбір-күбір қүңкілдесіп, талтүсте тарқасты.
Ертеңіне құлқын сәріден ауыл шетіне іліккен мал дәрігері Қасымбек таң алакеуімнен тұрып, сәресін жаңа ішкен елді әбігерге салды да жіберді. Ол мал ауыл маңындағы жайылымға шықпай тұрып, әр қораға өзі кіріп шығуды ойлаған еді. Қолындағы анализдің тізімі бойынша үй иесімен бірге алдын ала ен салынған қойларды түгендеп, бөліп, бөлек қамалуын қадағалап жүрді.
Күн арқан бойы көтеріле, ауыл шетіндегі тоғанға тау аңғарын жаңғырта гүрілдеп екі үлкен жабық жүк мәшинесі кеп тоқтады. Онан түскен бес-алты жігіт әудем жерді темір тормен әп-сәтте қоршап тастады. Сосын сырт киімдерінің үстінен көгілдір халат киіп, аузы-бастарын тұмшалап, қолдарына резеңке жұқа қолғаптар киді. Сырттай бақылаған ауыл балаларына бәрі қызық. Тура кинодағыдай көріністі өзара даурыға тамашалап, қыр басында отыр. Үлкендер жағының қабағы түсіңкі. Қысқа-қысқа бұйыра тапсырма беріп, жеки сөйлейді. Тоғандағы жігіттердің дайын екенін естіген мал доқтыры Қасымбектің нұсқауынан кейін жұртшылық қорасында қамалған қойларын әлгі албарға қарай, кіш-кіштеп, қош-қоштап айдай бастады.
- Обалдағы-ай, жақсылап жемдеп, бордақылап отырған дөнен, құнан, ісегі бар, бес-алты қойды өз қолыммен амалсыз өткізбекпін. Қайран еңбек! – деді Бердібек ақсақал алдындағы қойларға қарап мұңайа.
- Әй, құрдас, сенікі мақұл ылғи еркек мал екен. «Малым - жанымның садағасы» деген. Шығасы шықпай, кіресі кірмейді. Бойдақ малда өсім жоқ. Менікін айтсайшы, арасында бірде-бір еркегі жоқ. Қоздап тұрған саулықтар, өсіп қалған тұсақтар. Тіпті ертең мал қылам ба деп іріктеп қойған кепе, марқа, бағландар ғой. Ұрғашы мал болған соң күйін түсіндірмей, күні-түні бағып жүр едім, - деп кемсеңдеді Бейсен қария.
Лез арада-ақ темір торлы қашар ішіне бір отар қой жиылып қалды. Қотандалған маңырама әу баста өздеріне таныс жер болған соң кең қашадан еркін кіріп, тұмсықтары темір торға тірелгенде ғана бастарын әнтек көтеріп, маңырап қоя берді. Албар іші бір пәсте азан-қазан у-шу болды да қалды. Бейшара мақұлық бағып-қаққан қожайынымен қоштасып жатқандай.
«Баяғыды өсімтал әрі жерсіңгіш деп қойдың меринос түрін ғана бағатын еді қалқоз. Ал мында қойдың қандай түрі жоқ! Қазақы қойдан бастап, алай, шүлен, мәліш, тіпті, таулы өлкеде көбеймейді дейтін қаракөл мен еділбай қойларына дейін жүр. Сірә, мал базарлары көбейгендіктен Қазақстанның түкпір-түкпірінен ауыс-түйістер де молайған-ау. Бөтен болса да жергілікті қошқарлармен шағылысқан соң, сол жердің табиғатына бейім төл туады, дә.» Бұрынғы запперме Кенжетай бір сәт жиылған отар қойға қарап тұрып ойға шомды. Қойлар да маңырағанын қойып, бірі құлағын көтеріп елеңдеп тұрса, бірі беймарал күйіс қайыруға көшкен.
- Ал бастадық. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген, - деп алты жігіттің бірі қашаны сәл ашты да, жақын тұрған қойды сирақтап шап берді. Сосын бір қолындағы пышағын жалаңдатып, байғұс қойдың қашуға шамасын келтірмей, әлгінде өздері қазған қазаншұңқырға сүйрелеп барды да, жиегіне алып ұрды. Аяғы шатасып, тыпырлауға дәрмені қалмаған маңыраманы «бісіміллә» деп тамақтан осып жіберді. Даладағы қасапхананың қызу жұмысы басталды да кетті. Қаны судай ағып, шетінен бауыздалған ұсақ мал жүк мәшинелеріне қат-қат боп тиеліп жатқанда жұрт тіке қарай алмай, теріс айналып, көпшілігі көздеріне жас алды. Бірлі-жарым мал сойғанға көз үйренген ағайын, мынадай қан жосаны бірінші рет көріп тіксініп қалды. Түкке татымайтын тиын-тебенді уыстарында умаждап үйлеріне үнсіз тарқасты.
Ымырт үйіріле тоғандағы тірліктерін түгел жиыстырып, қан сіңген қазаншұңқырларды өз топырағымен тегістеп жауып, әбден сілесі қата шаршаған топ ышқына әрең жылжыған жүк көліктеріне жайғасып қара жолға шықты.
- Әй, операциямыз керемет жүзеге асты. Ауыл да тым шеткері орналасыпты. Ешқандай келім-кетім көлік жоқ. Басында кәдімгідей қорқып ем... ұсталып қаламыз ба деп. Адамдар нағыз «қой аузынан шөп алмас» екен, - деді жіңішке сары риза кейіппен.
- «Шыбын да аңқаудың аузын аңдиды» деген. Анализ алынды, ауру еш жерде тіркелмеді, бірақ мөр басқан қағазда нәтижесі тұр, тізім бойынша әр қойына мың теңгеден алдым деп қол қойды... Ой, біз де масқара екенбіз! Соншама жалған құжат жасап, бірде-бірін ешкімнің қолына тигізбей қайта алып кеттік... Әй, бетін аулақ қылсын, бір жерден бір отар қой бруцеллез болса бар ғой, құдай біледі, бүкіл ауылды өртеп жіберетін шығар,ә, - деп жылтыр қара әлгінде шаршағанын ұмытып тіктеле отырды.
- Сен де қайдағыны айтасың? Ондай жаппай індет қазір болуы мүмкін емес. Тек ауылда мұны ешкім ойламады дә... Келісім бойынша біз шұжық цехына ел жата кіруіміз керек. Сол жерде есеп айырысамыз қолма-қол. «Семіз малға жақсы баға беремін, қам жемеңдер,» деген бастығы. Сондықтан мен де әр қорадан күйлі деген қойлардан ғана қан алғанмын. «Көмегіңізге рақмет» деп әкімнің қолына он мың теңге қыстырып кеттім. Риза боп қалған. Ол ештемеге күдіктенген жоқ. Бәрі тыныш болса, осыны сылтау етіп бір аптадан кейін ірі қаралардан анализ алуға шығамыз. Осы екі істен түскен ақшаның өзі бізге біраз жағдайымызды жақсартуға жетіп қалады, - деп құйтырқы істің негізгі ұйтқысы Қасымбек маңғаздана келесі жоспардың шет жағасын шығарды. – Бүгінгі шаруа сценарийден ауытқымады, жарайсыңдар, - деп қойды сосын.
- Ойлап отырсам «аңқау елге – арамза молда» дегенді осы Қасымбекке арнап шығарғандай. Сабазың ауылдың ішінде жүрген Штирлиц сияқты сыр бермеді ғой. Тумысынан аңқау қазақ күйді де қалды, соншама қойдан айырылып, - деді шетте күпәйкесіне қымтана түскен шегір көз пәкене бойлы. Бәрі оған қарап, езу тартқандай болды...
...Мал доқтыры Қасымбек ауылға араға апта салып айналып, жүрексіне соққанда, есік алдына шыққандар әзірейіл көргендей үрпиісе қарады. Мұның сәлеміне кейбірі еріндерін жыбырлата ғана жауап қатты. Кейбірі тіпті де сәлемін алмады. Қасымбекте бұрынғыдай батылдық жоқ. «Іс шатақ сияқты. Мына түрлеріне қарағанда жұрт мұның алдап соққанын сезіп қойған, не «бұл пәле тағы неғып жүр» деп бойларын қорқыныш билеп тұр. Байқамаса болмас» деп ойлады ол іштей. Осы оймен шеткерірек орналасқан Танабайдың үйіне қарай бұрылды. «Отағасы жуас адам. Бірақ қазақ та ат қойғыш-ау, Танабай дейді. Мен білгелі қорасында жалғыз ала сиырдан өзге мал бітпеген. Ертеректе малға бай болған шығар… Әйтпесе әке-шешесі кедейліктен көресіні-көріп, сиыр болмаса да тана бітсінші деп армандап қойды ма екен... Кімді ойласаң алдыңнан сол шығар деген, Танабай есік алдында жүр ғой».
- Ассаламағалейкум, Танеке, - деді бұл. Ол одырая қарап:
- Жәй ма? – деді сәлемін селқос алып.
- Сізде жалғыз сиыр бар емес пе, содан анализ алайын деп...
- Білем мен сенің анализіңді...бүкіл ауылды қан қақсатып... енді не қара малға көз салдың ба? – деді Танабай қабағын түксите. Қасымбек оның ашулы екенін білсе де, дегенінен қайтқысы келмей:
- Танеке, не мені ерігіп жүр дейсіз бе? Әлде мен әкемнің жұмысын істеп жүрмін бе? Әлде бұл маған керек пе? Бәрі де сіздердің қамдарыңыз ғой. Әлде милицамен келуім керек пе? – Қасымбектің төпей жөнелген мұндай сөздерінен Танабай кәдімгідей сескеніп қалды.
- Бала-шағама сүт, қатық беріп тұрған жалғыз сиырым болған соң... - деп міңгірледі ол. Қасымбек қораға кіріп, ала сиырдан анализ алып шыққанда, Танабай және жабысты:
- Кешір, бала. Мен сенімен бірге барамын. Бәрін өз көзіммен көремін. Сөз осы, бітті, - деді де Қасымбекті сөзге келтірмей, бірге еріп алды. «Қап мынаны-ай! Істі ушықтырмай, ауданға ертіп кетпесем болмас». Қасымбек амалсыз бір ғана анализбен ауданға қарай қайта бет түзеді.
- Сиырыңыздың дені түзу. Сіздер тау жақта тұрасыздар ғой, онша-мұнша кесел жуымаса керек, - деп күлімсіреді абыржып тұрған Танабайға қарап мал дәрігерлік зертхананың лаборанты.
- Шынымен бәрі дұрыс па? – Танабай бір сәт абдырап қалды. – Жуырда бүрсүлез деген бүкіл ауылды шулатып еді...
- Көке, қалжыңды қойыңыз, қайдағы бруцеллез. Біздің ауданда ол індет тіркелмегені оншақты жыл болды, -деді бойжеткен. Мұны қалжыңдап тұр деп ойласа керек.
- Ә, солай ма?! Онда... - Танабай жан-жағына қарап мал дәрігерін іздеді. Әлгінде ғана қасында тұрған ол жым-жылас жоқ. «О, алаяқ! Мына сөздерді есітіп қашып кетті-ау, ә, қап...» Танабай мынадай жақсы жаңалықтан соң, ауылға тез жетуге асықты...
... Бүгінде ауыл жұрты қойың қотыр десең сенбейді. Қажетті кез келген анализді аудан түгіл, сон-оу-у облыс орталығына да өздері апарып өткізеді. Керек болса, қажетті егу мен уколды да өздері сала беретін дәрежеге жетті. Енді апат бір Алладан келсе амал жоқ, ал адамнан келер кез келген індетке көне қояр ауыл жоқ. Алғашқы болып ауданға ала сиырының анализін өзі өткізіп қайтқан момақан Танабайға деген ауылдастарының ілтипаты ерекше.
Ал, бетбраш Қасымбектің қайда қашып кеткенінен ешкімнің хабары жоқ. Із түзсіз. Тіпті, оның соңына түсіп, іздеу салуға түкпірдегі момақан ауылдағы тірі пенде табылмағандай. Тек қорадағы азын-аулақ малына топалаң тимесе болғаны...