Туындылары
ТҮКТІ КІЛЕМ (әңгіме)
Кенже қызы алтанат күйеуге қашып кете сала, Салиха жеңгей ағайын-туыс, абысын-ажындарын шұғыл шақырып, мәслихат шәйін берді. Басты мақсат – кетер қыз кетті, енді артынан көрпе-төсегін ұялмайтындай етіп апаруды ақылдасу.
- И-и... есітіп жатырмыз. Барған жерінде бағын ашсын. Құдалар жағы ауқатты адамдар ма екен, түге?! Қызымызға былай сырға салып, құда түсіп, алса да болмас па еді денегім ғой. Ортамызда тұлымшағы желбіреп өскен еркетайымызды сұраушысы жоқтай алып қашып кеткені қынжылтады, дә, ессіз қалғыр, - деп үлкен абысыны Дариға шәй үстінде сөз бастады. Әйелдер жағының жасы үлкені осы кісі болғандықтан өзгелері ұсақ-түйек, от басы, ошақ қасының әңгімесінен аса алмай отырған. Түпкі бөлмедегі еркектер жағы өзара гу-гу. Қызға берер жүкті түгендеу, негізінен, әйелдердің жағының шаруасы. Еркектердікі артық-кемін айтып, қалтаға қарай келісімін беру. Кім кімнің тойына немесе тағы басқа қуанышына не қосты, не атады, бұл жолы нендей зат, әйтпесе қанша ақша қосу керек, ол енді әрбір ағайынның отбасымен ақылдасып, шешіп келген ішкі есебі. Бұл әзірге құпия. Тек дастархан басындағы қызды-қызды әңгімеден соң барып ғана ашылып, ортаға түседі.
- Соны айтам, әйтпесе. Салтанатыма айтудай-ақ айтып, құлағына құйып жүргем. «Тағы бір жыл қоя тұр. Оқуыңды да бітіресің. Жақсылап той жасап ұзатамыз» дегем. Күйеубала, шіркін, оқу бітірсе, біреу қағып кетердей «жанын қоймай жүр» деп естігем. Ақыры дегеніне басып, алып кетті ғой, бұйрық, тә, - деп Салиха көзіне жас алғандай боп, қорс еті.
- Өздері келісе бопты, дә, Көрмей-білмей, көшеден ұстап, алып қашып жатқандар да бар ғой. Тіпті, қазір сырға салып келгенде де, қызынан құтыла алмай отырғандай, сол күні-ақ жетектетіп жіберіп жатқанды да көріп отырмыз. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді барған жеріне тастай болып, судай сіңсін де. – Тетелес абысын Тұрсынкүл Салихаға жұбату айтқандай болды.
- Иә, екі жас бақытты болсын деңіз, - деп төмендеу отырған келіндер жағы да шу ете қалды. Семіз ет, майлы сорпадан соң, ішіне ел қонған ағайын кекірік ата, жамбастай жата негізгі мәселеге көшті. Жатын бөлме жиһазын іні-келіндер өзара ортадан қаржы шығарып алатын болды. Ал, мұздатқыш, кір жуғыш сияқты тұрмыстық бұйымдар қалада базар жағалап, сауда жасап жүрген қайын сіңлі-күйеубалаларға тапсырырылатыны айтылды.
- Көрпе-төсектің матасы мен мақтасы дайын. Оны тігуге үлкен абысын қасына үш-төрт келінді ала ма, әлде, құрбыларын ала ма, әйтеуір, өзі бас-көз болып, қолға алса, - деп Салиха жеңгей бір қайырып қойды да, - қол боста құраған біраз құрақтарым бар, көрпеше, жастықтарға жетіп қалар, оны өзім реттермін. Үйде қыз бала болған соң, жиып жүрген тағы да біраз заттарым, бұйымдарым кенжеме арнаған сандықтың түбінде жатыр. Соларды шығарармын, - деді. Оның ойында ертеректе, қолының күші бар кезде, әдемілеп тоқыған түкті кілем мен иінін қандыра өрнектеп басылған қара киіз де тұрған еді. Оларды Салиха жеңгей көктем, жаз күндерінде қағып, сілкіп, тазалап, бірақ пайдаланбай сақтап жүретін-ді. Енді соларды шығарудың реті келгендей. Не керек, түскі асқа жиналған ағайын ең ақыры ине, жіпке дейін түгендеп, кеш бата тарқасуға жиналды. Әдеттегідей қорытынды аталы сөзі әулет ақсақалы Темірбай айтты:
- «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген. Барлық жөн-жоралғысын жасағандарың абзал. Қыздың жүгін жөнелтер алдында және бір түгендерсіңдер. «Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» деп аталарымыз босқа айтпаған ғой. Лайым жүздерің жарқын жүрсін. Балалар ғұмырлы болсын! – «Әумин» деп бет сипасқан туыстар ақырындап сыртқа бет алған.
Белгіленген мерзімде қыздың жүгі дайындалып жөнелділді. Лық толған жүк мәшинесінің бір бұрышында ескіден қалған екі кенеп қап та теңкиіп жатты. Сарымайдай сақтаған түктікілемі мен өрнекті текеметті кенже қызының төсек орнына қосып жібергеніне Салиха жеңгей іштей риза еді.
* * *
Дүркіреп той өтті. Екі жақ құда-жекжат шақырысты. Өзара «тәубе» десіп, көңілдері жайланып, сабасына түскен.
Араға алты ай салып, құдалар жақтан жан семіртер жылы сөз жетті. «Оқуын тәтәмдағаннан кейін балалар түбі қалада қалып жұмыс істейді. Әрі келіннің аяғы ауыр, ары-бері сандала бермесін» деп бел құда оларға екі бөлмелі пәтер алып беріпті. Бұл хабарға Салиха жеңгей қатты қуанды.
- Әй, шал, балалардың өздерімен өздері болғаны өте дұрыс болыпты. Мына заманда жастарға жеке шаңыраққа шығудың өзі қиындап кетті ғой. Бұрынғыдай үй берер өкімет жоқ. Жұмысқа кіріп, тиын-тебен жинап, баспана алам дегенше қай заман. Осыны түсінген құдаға рахмет! Өзі бір кеңпейіл, мыңболғыр адам сияқты көрініп еді. Түйсігім алдамапты, - деді кешкі дастархан үстінде қожайынына қою күрең шәй ұсына оны әңгімеге тартып.
- Әйтеуір біздің еркетайымыз ата-енесіне бірдеме деп қойып, ыдыс-аяқ сылдырлап, сосын енші беріп жібермеп пе?! – деді оған Сәкең жайбарақат жымия.
- Қойшы, қай-қайдағыны айтпай. Салтанатымның ақыл тоқтатқаны қашан?! Еркелесе бізге ғана еркелейді, дә. Бала емес пе, жарығым?!. Өзін қатты сағынып жүрмін, бір көрсем болар еді... Енді екеу ғанасы оңаша екен ғой. Бір сылтаумен қалаға түсіп келсем... – Салиха жеңгей сөзінін соңын жұтып, жаулығының ұшымен жасаураған көзін сүртті.
- Тәйт, көзіне жас алғаны несі, жамандық шақырып... Барсаң, кім қой деп отыр. Жылы жұмсақ сақтағаныңды алып ертең азанда-ақ шығып кет. О, несі-ей, көзін жасқа шылап... – Сәкең жекіп ұрысқан болды. Бірақ сөзінде зәр жоқ. Іштей кемпірінің қызына барып қайтқанын дұрыс көріп отырғандай. Салиха жеңгейдің әжім түсе бастаған қараторы жүзіне күлкі үйірілді. Сонда да:
- Құтты болсын айтып, шашу шашып шықпасам құда-құдағидан да ұят шығар, - деді тек тұрмай.
- Бопты... – деді Сәкең қою шәйін сораптап қойып.
Қаланың бейтаныс көшелерін кезіп жүріп, әркімнің бір сұрап Салиха жеңгей діттеген жеріне түске таяу әрең жетті. Үшінші қабатқа көтеріліп, бір сәт ентігін басты да, қоңыр қаптама есікті батылсыздана қақты. Тым-тырыс. Сәл кідіріп, және бірнеше рет қақты. «Әлде ешкім жоқ па екен?!. Бәлкім, күте тұрармын» деген ой қылаң берді. Сәтте, кілттері сықырлап есік те ашылды. Абдырап тұрған оны:
- Ма-ма! – деп қызы құшақтай алды. – Көктен түстіңіз бе?! Қайдан жүрсіз?! – Салиха жеңгей де Салтанатты қатты құщақтап, маңдайын сүйді.
- Ішке кіріңіз. Берік сабақтан кеш келеді. – деп қызы ішке қарай жол нұсқады. Ана мен қыз арқа-жарқа. Шәй үстінде қызған ауыл-үйдің әңгімесі кешке дейін таусылмады. Тек Берік келгенде сәл саябырсыды. Онда да Салиха жеңгей «күйеубала не ойлап қалады» деп іштегі шердің біразын бүгіп қалған. Кешкі астың алдында дастархан жасап жатқан «балаларға кедергі болмайын» деп болконға шыққан. Шағын балкон шүрім-бүрімге толы екен. Бір шетте жиюлы тұрған кенеп қаптар көзіне оттай басылды. Ақырын тартып көрді. Бірінде – кілем, екіншісінде – текемет. «Көтек, мыналар ашылмаған қалпы, әлі жатыр ғой. Бұ несі, керек емес затай, балконға тастап қойғаны.» Салиха жеңгейдің көңілі құласып кетті. Күні бойғы қуаныштың табы да қалмады. «Алтынға бергісіз бұйымның қор болғаны-ай!» деген ащы өксік көкірегін керпеді. Ішке қайта енді. Балаларға сыр бермеуге тырысса да:
- Қызым, анау қалы кілем мен текеметті... – деп міңгірледі. Ас қамдап жүрген қызы:
- Мам, олардың заманы өткен. Қазір ешкім қолдың кілемін ілмейді де, киізді төсемейді де. Базар мені дүкендер неше түрлі керемет елдік кілемдерге толы. Қалаған көлеміңізді алып еденге төсей беріңіз. Ал дуалға кілем ілу сәннен қалғаны қашан. Бұл – қала, деп сыңғырлай күлді. Бірақ Салтанат бұл сөзі шешесінің жүрегіне шаншудай қадалғанын білген жоқ. Көңілдене жүріп дастархан мәзірін жасай берді. «Е-е, сәннен қалды де...» деп Салиха жеңгей қызының сөзін іштей қайталаумен болды.
Қызының үйінде қонып қалған ол көпке дейін ұйықтай алмады. Даланың таза ауасынан кейін қаланың біртүрлі иісі қолқасын алып, тынысы тарылғандай болды. Терең-терең дем алса да, ауа жетпей жатқандай күй кешті. Әлгі «сәннен қалды» деген сөз жаңғырытып құлағынан кетпей қойды. «О, несі-ей!.. Кілем-жайсақ – төсеніш, ілсең – сән. Тоқыманың ішіндегі ең сәнді жиһаз. Әй, оны атам қазақ сәндікке, онан қалса, бөлме жылылығын сақтауға, дыбысты бәсеңдету мақсатында тұтынып келді ғой... Мына қаланың тас үйіне таптырмас бұйым емес пе?!.» - деп ойлады ұйқысы келмей жатқан соң көзін ашып, терезеге қарай бұрыла жатып. Жан-тәнімен өзі жақсы көретін кілем тоқу өнері жайы ойынан шықпады. – Кілем, шіркін, ою-өрнегіне, тоқылыс сапасына, бояу түріне қарай керемет көз тартып, сан алуандығымен тамсантар еді. Әже-апаларым әндіжан кілемі, бұқар кілемі, парсы, араб кілемдері жайлы айтып, ауыздарының суы құритын. Әлі есінде ондайда бір үлкен әже «бос сөйлемеңдер, түге, өзіміздің ақ кілемге, адай, қыпщақ, керей, үйсін, қоңырат кілемдеріне ештеме жетпейді. Өзінікі тұрып, өзгеге қызыққаны немді алғаны» деп жекіп тастайтын. Қай уақытта да «шебердің қолы ортақ» деп, ісмерлер қасына үйреніге талпынушыларды ертіп, жастар бос жүрмейді. «Өнерлі өрге жүзер» дегенді санасына түйген, кілме тоқуды үйренгісі келегн әр бойжеткенді оның сан түрлі бояуларынан туындайтын өрнектер мен бояу үндестігі қиялына қанат бітіріп, сұлулық әлеміне ала жөнелтетіні анық. Әсемдікке ынтығу мен талғампаздық кілем тоқитын кез келегн бойжаткеннің бойынан табылып жататын. Кілем қызыл, қара, күлгін, аспан көк түстерді қолдану арқылы ішкі көңіл-күйін, асыл арманын табиғат көркісімен астастыра бейнелейтін нағыз шебер қыздар қаншама еді десеңші! Олардың қолынан шыққан кілемді көрген үлкендер жағы тамсана қарап, «баяғының кілеміндей екен» деп сүйсіне сөз айтатын. Соған қарағанда бұл қазаққа қанмен сіңген өнер-ау, шамасы... ал бұлар «сәннен қалды» дейді... Тапқан екенсіңдер сәннен қалар нәрсені... әлі-ақ итпен іздейтін боларсыңдар, о несі-ей... «Бүгінгі бала жалқау боп барады» деген құба-құп секілді. Әй, осы қазақ кілем тоқу, киіз басу арқылы бала-шағасын да тәрбиеледі емес пе?!. Көрші-қолың арасындағы ұйымшылдық, өзара көмек, қолқабыс кейінгіге үлгі. Бұйым ретінде пайдаланудан гөрі, оның еңбекке, өнерге, ойлау қабілетін арттыруға, нәзіктік пен сұлулықты сезіне білуге, табандылық пен жігерлікке тәрбиелеу маңызы басымырақ еді ғой... Бұрындары мұндай ойлар басыма неге келмеген, ә? Жүдә, түйдек-түйдек небір сөздер жиылып қалыпты ғой, көкірегіме... Бұлай ешкімге естіртпей бұрқылдай бергенше бір құймақұлақ қыз балаға білгенімді неге үйретпеймін? Кілемші болмаса да, тоқу жолын біліп алсын. Бүгін болмаса, ертең керек болар... Иә... өзім де құймақұлақтың нағыз өзі болмадым ба?! – Ұйқысы шайдай ашылған Сализа жеңгейге осындай тың идея сап ете қалуы мұң еді, жастығын шынтағына алып, жамбастай жата өткен өмір жолдарын ой елегінен өткізе бастады. Есіне ә дегеннен үлкен әжесі түсті. Салиханың он жастан енді асқан шағында әжесі жанынан қалдырмай, бүкіл ауылдың киіз басу, сырмақ, алама, өрмек, кілем тоқу, көрпе-төсек тігу сияқты істеріне араласып жүретін. Ол кісіні көрген өзге апалар міндетті түрде әлденені пысықтап сұрап қалатын.
Әжесі кілем тоқығанды ұнататын. Содан болса керек, Салиханы көбіне соған үйретті. «Кілемге әр беретін оң алдымен жүннің сапасы – дейтін ол кісі. – Арқау жүні, желі жүні, түк салатын жүн жеке-жеке дайындалады. Оған тек қойдың жабағы жүніне жабағы түйе жүні керек. Желі жібі, күзу жібі ширақ иіріліп, екі тінделеді. Өрмек жіп бөлеп иіріледі. Күзу жібі боялмайды. Мұның ішінде желі жібі өте мықты, өздігінен үзілмейтін болуы керек. Түк салуға арналған жіп асқан ептілікпен біркелкі, өрмек жібінен сәл жуандау, бірақ, бос иіріледі. Бұл иірілген жіп келептеліп, бірнеше қайтара түрлі жуғыш ұнтақтар қосылған қанжылым сумен жуынып, салқын сумен шайылады. Келептерді жеке-жеке сорғытып, кептіріп, болйды. Керек мөлшердегі бояу қазанда қайнап тұрған суға құйлып, үстіне сірке қышқылы қосылады. Сосын араластырылып, жіп салынады. Қазанның қақпағын жауып, жіп бояуды алғанша қайнатады. Онан соң келепті алып жеке сорғытып,жеке ыдысқа салып, бетін жауып суытады. Сонда ғана боялған жіп өз буымен бояуды бойына қажетінше сіңіріп бабына келеді. Сосын салқын сумен екі-үш рет шайады. Сонда бояу оңбайды әрі біріне-бірі көшпейді. Бояуы қанық жіптің өрнегі кілемге ерекше сән береді, оны құлпырта түседі.» Әжесінің осы ақылын үнемі негізге алып, тәжірибесінде қолданып келеді. Әжесінің бар білгенін жадында жаттап, өн бойына дарыта білген шешесі қандай ісмер еді. Ауыл аймақтағы қолөнерімен айналысқысы келген әйел атаулы алдынан бір өтпей қоймайтын. Шешесі ою-өрнекке келгенде алдына жан салмайтын. Оның қатысуымен тоқылған кез келген кілем гүлдей жайнап, көз арбайтын. Жиектен ішке қарай тоқылыстағы табан өрнектер, ортадағы отау өрнегі, осылардың шетін айналдыра бір жіппен салынып отыратын су өрнегі көз жауын алатын. Әсіресе екі түрдің шекарасы іспетті, кілем төсегі мен өрнекті бір-бірінен айқындап бөліп тұрар су өрнегіне қажетті түсті керемет астастыра таңдайтын еді ғой, жарықтық. Шешесінің жақсы көретін өрнектері ойына оралды. Ол кісі жұмыс істегенде ұнемі сөйлеп, түсіндіріп жүргенді ұнататын. Әдейі кілемші қыздар санасына құйып алсын дей ме, кім білсін?!. Шешесінің қоңыр үні қазір де құлағына жетіп тұрғандай... «Негізгі өрнектер шатыргүл, мақтагүл, лалагүл, шаршы ішіндегі самаурынша, жапырақ не қошқар мүйіз, сыңар мүйіз оюлары. Бұлар кілем табанына әр түспен шығарылады. Отау өрнектері ұсақ гүлдер не жарты шаршы, жапырақ не жолақтап бірнеше түрден тоқылады. Бұлардың бәрін де бір тін су өрнегі жиектен шығарып отырады. Әдемілік үшін кілемнің екі шетінен есіп алақұрт салынады. Кілем иесінің қалауынша шашақ түюге болады. Кілем ерекше назарға ілігуі керек. Көлемі-қос гүлді, үш гүлді, қос күмбезді, бес күмбезді оюлары – көгеріс өрнекті, ұласымды өрнекті болып, бояу үйлесімділігі дұрыс таңдалған кілем мақтауға татырлық болады.»
Әже-апаларынан үйренгендерін жетілдіре отырып құрбылары геометриялық өрнектерге басымдық бергенді ұнатты. Олар да өзінше әсем еді... «Бүгінде көнеден жеткен адарғы тарақ, кесермен пышақ, өткір қайшы, отырғыш сияқты кілем тоқу жабдықтары бір бұрышқа жиналып қалды. Қашан құрылары белгісіз... Бірақ құрылуы керек... Атам баққан қой жүні, шешем тоқыған түкті кілем керексіз боп қалған ба?!. Дәстүр, қолөнер ше? Ұлар тек музей үшін ғана ма?!. Жоқ! Осыдан үйге барайын... дұрыстап қолға алам...» Осылай ой құшағында жатып, таңға жуық көзі ілініп кетіпті. Әлдебір дыбыстан селт етіп оянды. Үй іші тым тырыс. Дыбыс көше жақтан шыққандай. Орнынан ақырын тұрды. Таң сібірлеп атып келеді екен. Ас үйге өтіп шәй қойды. Осы кезде қызы да тұрып келді.
- Мама, неге ерте тұрып алдыңыз? Жата тұрмадыңыз ба?- деді ол Салиханы көріп. - Әлде қаланың ауасы жақпай дұрыс ұшықтамадың ба?!
- Жо-ға. Шаршағанмын ғой деймін, қатты ұйықтап қалыппын. Ұйқым қанып тұрдым. Ұйқым қанып тұрдым. Әрі ауылға ертерек қайтайын, - деді жымия қызының көңіліне қарап.
- Жарайды онда. Біз ертерек сабаққа шығамыз.
- Салтан, - деді Салиха әлдене айтқысы келіп.
- О не, мама?
- Анау түкті кілем мен текеметті... ренжітпесеңдер алып кетсем... Мұнда босқа күйе түсіп...
- Е, мақұл. Біз пайдаланып жатқан жоқпыз ғой.
- Мен сендерге дүкеннен қалаған кілемдеріңізді әперермін, әйтпесе басқа бірдеме... – Салиха жеңгей өз әрекетіне ыңғайсызданғандай болды.
- Жарайды. Не керегін сосын өзім айтамын. Аналарды қысылмай-ақ ала беріңіз. Бізден гөрі сізге керек қой. – деді Салтанат шешесінің ойын айтпай ұғып. Салиха жеңгейдің көңілі жайланды.
* * *
Екі кенеп қапшықты сүйрелей автобустан түскен Салиха жеңгейді байқап қалған қос немересі қарсы жүгірді. Жете:
- Апа, - деп құшақтай алып. – Сіз жақта бір көкелер іздеп келді, - деді үлкені.
- Е, жай ма? Жарты күнге кетсек те, іздеп қаласыңдар ғой, түге, - деді олардың қолдарына тәтті-пәтті ұстатып жатып.
- Олар доларға кілем аламыз, дейді.
- Неге?!
- Дол-лар-ға...
- Доларын басына жақсын, ессіз қалғыр. Мен қайтеді екем оны. Кім көрінгенге сататын кілемім жоқ. Барын астыма төрт қабаттап төсесем де өзім пайдаланым. Ерегеіскенде енді кілемнің неше түрін тоқымасам, осыдан көр де тұр! – Кәмпит-күлшеге мәз боп едәуір алға озып кеткен немерелер арт жақта Салиха жеңгейдің не деп бұрқылдап келе жатқанында шаруалары да болмады.