Туындылары
ЖАН-ПЕНДЕ (төрттаған)
1. Жан-дүние
− О, жалған дүние-ай!... Өмірлік жан жарым мына жарық пәниден жан дүниемді түсінбей-ақ баз кешті-ау... Өзекті өртеп бара жатқаны сол... Өкінішті... Әйтпесе, «өзекті жанға бір өлім» деген. Мұны жақыныңды қара жердің қойнына берген кезде ғана мойындап жатамыз. Тәубемізге келгендей боламыз. Сосын қайтадан мәңгі өмір сүрердей қылықтар жасаймыз. Өмірде аза бойыңды қаза қылар сәттер көп болар... Жан жылатар жағдайлар сирек... Кез келген адам мұндай күйге жан-тәнімен түсе алмас. Жан дүнием астаң-кестең, алай-дүлей... Сірә, енді оны ұға қояр пенде жоқ шығар... − Өзімен-өзі ақырын күбірлеп сөйлесіп отырған арқалы ақынның тұнық жанарынан мөп-мөлдір ыстық тамшы үзіліп түсті.
«Жарықтық, соншама қызғаншақ болар ма?! О заман да, бұ заман, ер-азаматтың мұндай қызылкөз пәлеге душар болғаны... Сезімнің жетегіндегі адам үшін қызғаныш болғаны жөн-ақ. Бірақ мұншалықты оның шырмауында маталу өте қиын екен. Құдай-ау, қырық жыл отасқанда, бөгде еркекке бір сәт тіктеп көз тастауды да, «сымбаттысын-ай» деп сырттай болса да, сүйсіне тамсануды да білмеппін ғой, мен пақыр... Енді... ақын болған соң, онша-мұнша сөз сайыстарда кейбір қуақы қайындармен уытсыз әзіл-қалжыңдар айтылатыны рас. Дегенмен... қызғаныш атты әзәзілдің қып-қызыл шоғына өмір бойы шарпылып өтемін деп ойладым ба, тәйірі?!
Толықсып тұрған, жігіт атаулының көз құртына айналған жастық шағымда, жарықтық, өзі бір көргеннен желімдей жабысты. Мен де, не қара басқанын қайдам, бұрын-соңды сезінбеген ерекше бір күйге түстім. Еліктің лағындай сақ та бейкүнә басым, отқа ұмтылған көбелектей ессіз болдым. Оның инедей қадалған өткір жанарына арбалып, торға түскен тотыдай бебеу қақтым... Махаббат деген құдіреттің бұғауына түскен соң, төңірегім тұманданып, онан өзге ешкімді көре алмадым... Көрінбеді де. Отты жанар өн бойымды лаулата өртеп, қозғалуға, шырпыған жалыннан құтылуға мұрша бермей матап тастағандай... Иә, сол сәттен бастап, махаббат деген тылсым да құдіретті сезімнің ыстық құшағына қалай енгенімнің сезбей де қалған едім.» − Арқалы ақын ой орамын үзіп, терең күрсінді. Бірақ, келмеске кеткен қимас та тәтті ойлар қайта оралып, тұмшауынан босата қоймады. −Содан бір жетіден соң-ақ, сөз байласып, әке-шеше, туыс-бауырға «қайыр, хош» демей, бөтеннің артына міңгесіп кете бардым... Қазекемнің қыз алып қашу дегені осы дедік. Махаббаттан көзсіздікке ұрынып, жүректері бұлқынып, ештеменің парқына бара қоймаған жастардан не жөн-жоралғы сұрарсың?! «Алдымыздан өтпеді,» деп бір туғандар қапалы, «тақыр кедейдің бұл не басынғаны?» деп ағайындар ашулы... Ой, заман-ай, де! «Дүние көшіп қонған пәни сарай, бақи деп біз алдандық мұнда талай» деп ата-бабамыз босқа айтпаған ғой. Бәрі өтті, кетті! Қас қағым сәтте көрген түстей ғана белгі қалғаны ма?! Адам жүз жасаса да аз. Бірақ «мың күн қараңғыда болғаннан, бір күн жарықта болған артық» демей ме атам қазақ. О, тоба! − Бөлме ішіндегі алакөлеңке қоюланып бара жатқан соң, арқалы ақын орнынан тұрып, шам жаққысы келді. Бірақ бұл ниетінен тез айныды. Жылы орнынан қозғалғысы келмеді. Анығында, жұбайы жайлы жанына жақын ойлардан айырылып қалудан қорықты. Есіне оның бір қылығы түсіп, еріксіз мырс етті. Ел ішіндегі айтулы бір тойға жыр сайысқа кеткен. Ол екі баламен ауылдағы шаңырақта қалған. Той басталар сәттегі абыр-сабырда әудем жердегі сахнаға асығып бара жатқан. Кенет көп ішінен әлдекімге соқтығысып қалды. Қолындағы домбырасы жерге түсіп кете жаздады. Қараса... алдында өз күйеуі тұр! Ол «Сені іздеп келгем...» деді сасқалақтап. «Жай ма? Балаларға бірдеме боп қалды ма? Оларды кімге қалдырдың? Мұнда ізімше қалай жеттің, жер шалғай емес пе?» Сұрақтың астына алған. Ол «бәрі жақсы, мен кеттім» деп әп-сәтте ізім-ғайым жоқ болған. «Е-е, аңғал басым, үй болып, шаңырақ көтергелі ол, жарықтық, үнемі сырттай аңдып, мен барған жердің бәріне барған екен ғой. Қайдан білейін... Сынықтан сылтау іздеп, болмашыны сөз еткенде, тіпті, «далаға шықпай, үйқамшақта отырасың», деп шу шығарғанда, сағаттап отырып жан дүниемді, жан сезімімді алдына ақтарып салғам, талай рет. Сонда сабасына түсіп, бас изеп, құлдық ұрғанымен, жан сырыма терең бойлай алмады-ау, жарықтық... Әлде, түсінгісі келмеді ме, қайдам?! Мен қайбір талантым тасып бара жатқаннан ақын болды дейсің?! Бұл жолға өздігімнен де түсе қойған жоқпын. «Адам баласы небір ғажайыптарды жасай алады, тек өлең ғана Құдайдың құдіретімен дүниеге келеді», деген екен баяғыда бір данышпан... Адамның жан дүниесі шексіз-ау. Сірә, адамның жан дүниесі райхан гүлдей нәзік, теңіздей кең болғанымен, тастан да қатты болса керек. Алла тағала пендесін солай жаратқан. Бірақ біреу таяз, біреу терең. Адамдардың өзара ұғыса алмай қалуы осыдан болар, бәлкім...
Ағайыннан алыстап, бауырдан бөлінгенде басыма бақыт құсы қонды ма?! Әрине, бар бақытым − бес балам. Олардың риясыз күлкісінен бөлек, керемет сезімдерге елітіп, жан дүниеңді ерекше елжіретіп, бас айналар сәттер көзді ашып-жұмғанша өте шыққаны ма?! Ғажайып сезімдерге берілу, жан дүниеңнен махаббат ләззатын сезіну адам бойында көп бола бермейді екен ғой. Мүмкін, көп болатын шығар. Жақсы нәрсе пенде үшін үнемі аздық етері анық. Үнемі атар таңмен таласа, күйкі тірліктің шылауында кетіп, күн батып, қас қарайғанда, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың бір күні өте шыққанын аңғара да бермейміз. Шаршап, сүріне құлаймыз. Тіршілік осылай жалғаса береді. Сөйтіп, жан дүниеңдегі көз майын тауыса жиған тұнық та мөлдір байлығың қалай таязданғанын, тіпті, ылайқаланып бара жатқанын аңдамайсың да...
Өркениетке жетеміз деп техниканың тізгініне жанталаса жармасқан мына заманда сіздің жан дүниеңізді нұрландыруға кім құлықты дейсіз?! Қара бастың құлқынын ойлап, қара бала, сары қарын қамы үшін көштен қалмайтын кәсіпке қолы жетсе болды-дағы. Жарқыраған жан дүниең кімге дәру болмақ бүгінде?
Есіне ойынан шықпай жүрген бір жағдай түсті. Сонау астанадан қартайған шағында туған топыраққа оралған рухани жан дүниесі керемет терең, арыстандай айбарлы азаматтың бір жиында жалтақ та жағымпаз, таным-түйсігі таяз ортада, шиебөрі-шенеуніктер арасында дәрменсіздіктен ыңырана күңіреніп отырғанын көріп, мұның да бір сәт түңіліп кеткені бар-ды. Дара тұлғаны біреу танып, өресіздігінен сырт айналса, бірі тіптен танымай, мұрнын шүйіре «бұл кім еді?» дегендей қылық танытты. Оның теңіз түбіндегідей тұңғиықтағы маржан ойларын, жеті қат көк жүзіндегі жауһардай асыл сөздерін ұғар жан табылмағандай. Сол сәтте мұндай сұрқия көрініске арқалы ақынның жұдырықтай жүрегі сыздап, тұла бойын қысқы шілденің шыңылтыр аязы алмастай тіліп өткен еді. Сонда жан дүние тереңдігінен жапа шегіп, бөтендік көріп отырған тұлғаны қатты аяп кеткен-ді. Оны ойлап жүрегі және сыздады...
Иә, бірде тату, бірде қату, бір сәт шуақ төккен күндей, бір сәт түнерген түндей, бір уақ жаймашуақ, бір мезгіл алай-дүлей, өмір осы... «Өзен ағысын бөгеуге болады, өмір ағысын бөгеуге болмайды» деген. Дәл солай өтіп жатыр, өте бермек...
Ал, мен оны жан дүниемді түсінбеді деп кінәлаймын. Менікі кінә емес, жай наз ғой, наз. Әркімнің жан дүниесі өзіне. Адамға тек пендауи түсіністік қана керек екен-ау. Біз болсақ, бірін-бірімізге жатып кеп өкпелейміз, ренжиміз, жүз көріспейтінде жағдайға жетеміз. Не үшін? Неге?» − Арқалы ақын ой-орманынан алаңқай ашыққа шығар соқпақ іздеп аласұрды. Таппады. Енді бір сәт ой-орманның қалың нуында адасып жүре бергісі келді. Беталды. Шаршап құлағанша...
Әлдекім ішке еніп, қабырғаны сипалай жүріп шамды жарқ еткізді. Ой теңізіне малтып жүрген арқалы ақын оқыс жағдайға селк етті. Күні бойы тұмшалап, еңсесін езіп, қозғалтпай отырған қорғасын ой бытырадай шашырап, жым-жылас болды. Бойын тіктеп алды. Үлкен немересі Елдос екен.
− Е-е, сенбісің? − деді.
− Апа, қараңғыда жалғыз неғып отырсыз? − Ол таңырқай қарады.
− Жәй, әншейін... ойға шомып... Бері жақында. Сені «жуырда үйленбек» деген сыбыс бар ғой. Бізге айтпай...
− Жо-ғә-ә, апа.
− Иә, үйленсең несі бар?! Жас емессің. Әлде көздеп жүрген ешкімің жоқ па?! Байқаймын төңірегіңде небір керемет сұлу қыздар жүр. Солардың бірін қолыңа қондырмақ болсаң, қой демейміз.
− Ой, апа, немереңізге кет әрі емес бойжеткендер жетерлік қой... енді...
− Жарығым-ау, онда несін ойланып жүрсің?
− Ойланбай қайтейін, апа! Жан дүниемді терең түсінер сұлу жолықпай жүр емес пе? Көпшілігі жәй...
− Не дейді?! Жан дүниесі несі? − Арқалы ақын елең ете қалды. «О, тоба! Тұқым деген осы-ау. Тартпасаң тумағыр...» деп ойлады сосын, немересіне таңырқай қараған қалпы.
− Апа, не болды? Ойыңыздан дөп түстім-ау деймін, − деп немересі күлімдей кеп құшақтай алды. − Өзіңіз ылғи да жан дүниеңді түсінетін адам ізде деуші едіңіз ғой.
− Е, бопты, балам, сөзімді зердеңе құйыпсың. Дұрыс. Қосағың жан дүниеңді түсінетін болсын! − деп арқалы ақын немересін бауырына басты.
2. Жан ұя
Шүйкедей қара кемпірдің шулы көшенің жиегімен жаяулап келе жатқанына екі сағаттай болды. Қала көліктері бүгінде ақы төлемесең, есігінен де сығалатпайды. Азын-аулақ тиын-тебенді оған жұмсағанша, қант-шәйіне жаратқан шүйкедей кемпірге әлдеқайда тиімді. Сосын, аман жоқ жаяу. Аяғы құрығыр сүйретіліп жүргенге ғана қуаты жетеді. Адымдап аттауға шама жоқ. Ілбіп болса да, жүру керек. «Жылауық болса да, баланың бары жақсы» деген. Сол перзенттің қамы үшін ойға алған шаруаны қалайда дұрыстап шешпесе болмайды. Әйтпесе, мүгедек қыз бен онан ауырушаң боп туған екі немере, аузынан уызы әлі кеппеген немереден кімнен тапқанын білмейтін дүниеге келген шөбере қуықтай тар қуыс үйде топырлап қала бермек. Тәй-тәй басқан шөберенің қылығы тәтті. Үлкен немере қыз өмірдің байыбына бара бермей, далабезер боп жүріп, оны кімнен тапқанын да білмейді. «Сорлыға сойылдың жуан басы тиер» деген құба-құп-ау.
Әу баста өзінің ауру қызын «қатарынан қалмасын, өзі құрпыластарымен бірге оқысын» деп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернат үйіне бергенде күйеуі байғұс жар дегенде жалғыз перзентті өзі тәрбиелей алмайтынына қатты қайғырып, ақыры ішқұса боп өмірден өтті. Ол кезде жұмыстан да қолы тие бермейтін. Әрі кемтар туылған балаларды қоғамнан оқшаулау үшін арнайы мекемелерге тәрбиеге беретін заман еді ғой. «Адамды заман билейді» деген. Ол дәуірдің заңына қарсы келе алмайсың. Бала қарап үйде отыру мүлдем мүмкін емес-ті. Бұлар еңбек еткен зауыт жолдасы екеуіне шағын бір бөлмелі пәтер берді. Жұбайына бұл алданыш бола алған жоқ-ты. Ол «өз шаңырағым тұрғанда, жалғыз қызым ата-ананың аялы алақанының жылуын сезе алмай шетте жүр» деп онан бетер қайғырған еді. Ақыры сол қайғы түбіне жетті. «Күйесіз қазан жоқ, қайғысыз адам жоқ» демекші, бұл да іштей егілетін күйеуіне сездірмей. Жалғыз құрсақтан артық көтере алмады. Күйеуіне жұбаныш болар бір ұл тауып беру орындалмас арман боп қалды. Зауыттағы ауыр жұмыс денсаулығына зақым келтірген екен. Оны кеш білді. Амал жоқ. Интернатта кәмелетке толған қыз сонда теңін тауып тұрмыс құрды. Іштей қуанған «тең – теңімен, тезек – қабымен» деп. Күйеу бала да біреудің жалғызы. Әкесі ішкілікке салынып, өз денсаулығын өзі құртқан жан екен. Кемпірінің айтуымен жастарды өз шаңырақтарына алдыртып алған. «Біреу – біреуге сүйеу». Жалғыз ұлы көз алдында екеу боп оралғанға құдалар жағы едәуір марқайып қалған. Бұл да «тәубе» деп аракідік барып, хал сұрасып тұрды. Жас отауда бір қыз, бір ұл дүниеге келді. Құда-жекжат боп қуанысты. Бірақ... қуаныш ұзаққа бармады. Кемпір-шал бірінің артынан бірі дүниеден озды. Бейкүнә қос мұңлық дәрменсіз еді. Әкеден қалған мал жоқ. Шаңырағы қисайған ескі үйдің өзі аңғал-саңғал. Жәрдемақы жетімсіз. Қаһарлы қыс түсе, «жыртық үйді жел табардың» кері келді. Бүкіл ауыл боп отын-судан көмек етіп, әупірімдеп қыстан әрең шыққан отбасын ауылдастар қайта ересектер интернатына өткізуге шешім етті. Ал «онда бала-шағамен қабылдамайды» деген сылтаумен, мұның қызын, екі немересін бір барғанында бұған жетектетіп жіберді. Қисайған қара шаңырақ түтін түтетіп отыратын ешкім болмай, тозған қалпы, азынап қала берген. Сөйтіп, ауылдың бір шаңырағы ағайынның дәрменсіздігінен амалсыз қаңырап, ортасына түскен-ді. Сол жағдайдан бері мүгедек қызы немерелерімен бірге қолында. Артынан іздеуші табылмады. Бүгінде денсаулығын зауытқа берген қайратты анадан да қуат кетіп, мардымсыз зейнетақыға телмірген шүйкедей қара кемпірге айналды.
Соңғы үш-төрт айда қалалық әкімшілікпен арадағы үш шақырымдық осы жолдың ой-шұқыры әбден таныс боп қалды. Кемі жетісіне екі рет ары-бері жүре-жүре көзқимас, сүрлеуге айналғандай. Кейде құр сүлдесі қалған қарт кісіге аяныш танытқан әлдекімдер тоқтап, «апа, отырыңыз» деп көлікпен ала кетеді. Ондай да ілуде біреу. Көбіне жаяу-жалпы. Мүмкіндігі шектеулі жандар есебінде тұрғандарға әлеуметтік көмек ретінде арнайы тізіммен шағын үйлер салып беру мәселесі шыққалы осылай. Түрлі құжаттар түгендеп әуре. Бірі бітсе, бірі шығады. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып, оларды жинау да қандай қиямет-қайымға айналды десеңізші! Енді нақты бір шешімді күтіп сарсаңға түсуде. «Ертең келіңіз, арғы күні келіңіз» деп, әйтеуір шеті көрінген іс бітер емес. «Кісідегінің кілті аспанда» екенін жақсы білсе де, ұрпағы үшін «беттің арын белбеуге түйіп алып» жүзі жылы жас жігіттің алдына жиі барады. Бұл «түсі игіден түңілмені» көңіліне жақын тұтқаны. Ол да басшысына жалтақтап, бірде – шөл, бірде – көл. Кейде күні ертең құжаттарды қолға ұстататындай дәмелендіріп қойса, кейде, тіпті, танымайтындай ат-тонын ала қашады. Ондайда «қарағым, шырағымдап» жүріп әрең жүзін жылытады. Енді қайтсін, өзгелер секілді қолына ұстата қояр көк тиыны жоқ. Шенеунік жігіттің қабағы ашылса іштей «тәубе» дейді. «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» екені белгілі. Шаруасы бір жақты тынса болғаны. «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» дегенге әбден көндігіп алған. Үйде бір сәт тыныш жата алмайды.
Қарт ана көше бойындағы орындыққа ақырын тізе бүкті. Қарсы беттегі жол жағалай салынған зәулім үйлердің біріне көз тоқтата қарады. «Ойпырм-ай, заман-ай! Сәбет кезінде мынадай керемет үй салу ешкімнің түсіне де кірмейтін еді. Қазір «қолдан келсе, қоныштан басып» алып қалу заманы туған дейді. Баяғы ұят-аят дейтін келмеске кеткендей. Бәсеке деген пәле адамды дұрыс қасиеттерден ада қылуға айналды-ау. Бірінен бірі асып түсуге тырысып жатқан байшікештер өңшең. Әй, қайдам, мұндай дүние қуып, есіл-дерті ақша болған заманда қарапайым қазақы бауырмалдық та, өзгеге деген жанашырлық, мейірім де мақұрым қалады-ау. Күндіз-түні байлықты баққан адам бәрінен безер... Менікі не, безсе безер-дағы... күндестік қылғандай. «Аспаннан киіз жауғанда, сорлыға ұлтарақ та тимепті», біз бейбақ өмір бойы өкіметке еңбек етіп, қуықтай пәтер алғанымызға тақиямызды аспанға атып қуандық емес пе?! Енді, міне, сол үй тарлық етіп отыр. Мен оны-пұны боп кетсем, шиеттей бала-шаға қайтпек. Ер бала жұмысқа жарап қалды-ау, бірақ, жанары құрымағыр күннен-күнге суалып барады. Төрт-бес ай оқып мамандық алғанымен, аяқ астын көруден қалып, әнтек-тәнтек жүреді. Онысы өзіне намыс. Қатарынан қалып қала ма деп қорқам. Менде ғой «дәме бар да, дәрмен жоқ». «Шөп те басынан қурайды» демекші, кәрілік деген дауасыз дерт дендеп келеді. Тек тамырым шынардай мықты болса екен деймін. Сол – арман. Ал оған құнарлы нәр мен жақсы жағдай керек. Жан ұя отбасындағы әр жанның бапанасы, ұясы. Жылы ұя – жанға жайлы ұя. Жайлы ұя – берекелі үй. О, құдайым, соған жеткізе гөр! «Қанағат қарын тойғызар» деп, тапқан-талнғанымызбен жүрек жалғап, күн көріп келеміз. Балалар да жоқты сұрамауға үйренген. Енді қайтсін?! «Жетімге жеті бидай да тамақ» деп отырушы еді, әкем марқұм. Е-е, бір кем дүние-ай!»
Кейуана орнынан тұрып, әудем жерде көрініп тұрған әкімшілік ғимаратына бет алды. Ішке енгені сол еді, жүзі жылы жас жігіт алдынан жолыға кетті.
- Ой, апа, жолыққаныңыз қандай жақсы болды. Бері жүріңізші, – деп жұмыс бөлмесіне оңаша алып кірді.
- Апа, дайын үйдің реті биылға болмай тұр. «Құжаттар кеш түсті» дейді басшы. Сонда да сіздің жағдайыңызды ескеріп, «жер бөлінсін» деп отыр комиссия. Жер болса, амалдап, асарлатып болса да бірдеме тұрғызып аларсыз...
- Шырағым-ау, жеріңді қайтем, мен бейбақ. Оған балдардың шамасы қайда?! Асарлатып үй салар ағайын да жоқ.
- Апа, сонда да болса, ойланып көріңіз. Жерге жете алмай жүргендер қаншама?! Бірден бас тартпағаныңыз дұрыс. Қабырғаңызбен кеңесіңіз. Мен қазір асығыс ем. Бір хабарын сосын кеп айтарсыз, - деді жас жігіт орнынан тұра. Амалсыз сыртқа беттеген.
Енді, міне, түні бойы дөңбекшіп жатыр. Ұйқы қашқан. Өткен, кеткен өмір белестері бұлыңғыр елеске айналып, көз алдына келсе, сәтті, сәтсіз жағдайлар ойға оралып, зердесін тұмшалады. Алланың жазуымен бір мүшесі кемтар, дімкәс туған балаларын аяды. «Құдай-ай, мұнша жанымды қинайтындай не жазып ем?!» деп ойлады.
«Ағайын – алтау, ана – біреу». Бар ағайынның өзі баяғыда-ақ басы бірікпей, бет-бетімен кеткен. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Ал, балалы ана қашанда мейірімді боп қалмақ. Дүниеге әкелген ұрпағын қызғыштай қориды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелейді, әлпештейді. Бой жеткен қызын қияға қондырып, ұлының азамат боп өсіп, ел қатарына қосылғанына қуанады. «Тәубе» дейді. Отағасы, отанасы болып ұрпағыңмен ұйысып, жылы да жайлы жан ұяңда қайғы мұңсыз әдемі күн кешкенге не жетсін! Құдай біледі, «бала-шағаңның қызығына тоймай, немере, шөберелер көруге жазсын!» деген ең ізгі тілекті тек қазақтар ғана айтса керек. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейтін де, «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейтін де тек қазақ-ау, шамасы. Ұрпағы үшін күйіп-піспек те бізге ғана тән секілді. Үш-төрт айдан бергі сандалысым да «осылар қиналып қалмасын» деген ниет қой менікі. Әркім шама-шарқынша жанұясының, баспанасының жайлы болғанын қалайды емес пе?!
Есі кіріп, оң-солын тани бастағанда мұның әкесі ауылдан шеткері үй салмақ болды. Қырға шықты, ойға түсті. Төңіректі біраз шарлады. Сөйтіп, бір күні жәпірейген ескі тоқал тамдың алдындағы үлкен жинденің көлеңкесіндегі дастарханда түскі шәйін сораптап отырып әңгіме шерткен. Ол кезде әке әңгімесіне онша мән бермеген. Мән берер жаста да емес еді. Оның кей сөздері ертегідей әсер етіп, мұның балаң пайымын таң қалдырып, санасына ұйып қалған-ды. Сол әңгіме әнтек-әнтек есіне түсті. «Адам баласы топырақтан жаралған дейді. Сол топырақтан жаралған пенде пана іздеп топырақтан үй салады. «Киелі де құнарлы топырақтан тұрғызылған баспана шаттыққа, бақытқа толы берекелі, ал нәрсіз де құнарсыз жердің кесегінен қаланған үйдің іші қайғы-қасіретке тап болып, берекесі қашып, бақытсыз күн кешеді. Ақыры қаңырап бос қалады», дейтін баяғыда бір атамыз. Аң да жақсы жерді кеулеп, жайлы ін қазады. Құстар да балапанына қауіпсіз қоныс іздейтін сияқты. Әне, анау қарлығаштың ұясын қараңдар. Сазбалшықтан әдемі салған. Құс екеш құстың да өз ұясы бар. Сонда өнеді, өседі. Адамның жан ұясы да тірлігіне сайлы, бала-шағасына жайлы болуы керек қой», деген.
Үй боғатының астына қарлығаш ұя салған. Әке-шешесі жақсылыққа жорып қуанған. Балалар қызық көрген. Сол қос қарлығаш келер жылы тағы да келді. Екеу ғана емес, ұшырып әкеткен балапандары бар. Бәрі жабылып,тұмсығымен топырақ тасып, ескі ұяның жанынан және екі ұя салды. Есіктің алдын қарлығаштардың жағымды әсем үні, тізіле отырып әуезді сайрауы кереметтей көңіл-күйге бөледі. «Ұясының кесегі қасиетті жерден болды-ау. Балапаны көбейіп, өсіп жатыр. Киелі топырақ деген ырыс шақырады. Ырыс болған жерде тұщымды тірлік, тыныш өмір болмақ. Мұндай нәрселер қарлығаш ұя салған үй иесіне де жұғысты болады деуші еді қариялар», деп шешесі патша көңілде, риза кейіпте жүрді. Құдай-ай де, боғаттағы ұяның қарлығашқа жайлы болғанына әке-шешесі балаша қуанды-ау, сонда. Не деген таза ниет, ақ көңіл, дархан жүрек. Қазір сол секілді өзгенің болған-толғанына, жетістігіне қуанатын адамдар қалды ма екен?! Қайдам. Күндеу, көре алмау, аяқтан шалу, өсек-аяң үдеп бара жатқандай жұрттың сөзіне қарағанда. Мұндайда қарапайым да таза пенде қайтпек?! Қайтіп күн көрмек?! Бала-шағасын қалай асырамақ?! Әлде, барлығы теріс жолға түсіп кетуі керек пе? Онда өмір не болмақ?! Қара ниеттер қаптаған қара түнек орнамай ма, мына жалғанда?!» Сансыз сұрақтың шешімін таппай, таң сыз бере көзі ілініп кетті. Түс көрді. Түс болғанда өзі ойлап жатқан арман-ойлар шындыққа айналып, қуанышы қойнына сыймай мәре-сәре. Немере ұл үйленіп, оймақтай керемет үйдің алдында беташар өтіп жатыр. Немересінің жанарынан бақыт оты ұшқын шашады. өте қуанышты. Жаңа түсіп жатқан жас келін де сүп-сүйкімді, қараторының сұлуы екен. Оларға мұнтаздай тап-таза, кіршіксіз әппақ киінген ақ сақалды, ақ сәлделі қария көпшіліктің алдында қол жайып, бата берді. «Дауысы қандай ашық, үні неткен әуезді еді» деп таң қалды. Айтқан тілегі ше?! Маржандай асыл сөздерді тере білген. Бұл да жүрегі алып-ұшып бата-тілекке елітіп тұрды. «Жас ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат: үйге – нұр, ұяға – көрік берсін; тұрмысқа – ажар, көңілге – базар берсін. Жас отаудың: босағасы – берік, шаңырағы – биік, дастарханы – кең, перзенттері мол, денсаулықтары зор болсын. Бақытты, дәулетті, сәулетті, көңілді ұзақ өмір сүрсін. Пек періштелер мен қырық шілтендер қанаттарымен қорғап жүрсін. Аумин!» Риза болған көпшілік бет сипасты. Тілекке ортақтасты. Кенет әлгі қария әнтек артына бұрылды да, бейтаныс әлдекім көтере ұстаған жайпақ табақтан бума кілт алып, жастарға күлімсірей ұсынды. Жүрегі жарылып кете жаздаған бұл «бақытты бол, ұлым!» деп, немересін құшақтай алды. Дауысы дірілдей қаттырақ шығып, кәрі жанардан жас парлады. Тоқтар емес...
Бүрісіп жатқан шүйкедей қара кемпір оянып кетті. Басына жастанған алақандай көнетоз жастық көз жасына малынып қалған еді...
3. Жан бағыс
Нұрланның әкімдік аппаратына жұмысқа кіргеніне үш айға жуықтады. Жүйенің жұмысына дендеп бара қоймаса да, тапсырылған істі екі етпейді. Мұрын қанатар шаруа да жоқ секілді. Бірақ алашапқын тірлікке төселе алар емес. Кейде, тіпті таң қалады. Таңның атысы, күннің батысы, демалыссыз соншама алашапқын кім үшін, не үшін?! Кім үшін, не үшін аптыққан қарбалас?! Бір қарағанда дүниені төңкеріп жатқандай болғанымен, тындырылған тірлік шамалы. Кеше бір ақсақал келіп, «шырағым, нәйеті болмашы шаруаның өзімен сандалып, осымен бесінші рет келіп тұрмын. Уәдені үйесіңдер келіп, біткен іс жоқ . Өздеріңде мысқалдай ұят қалмаған-ау, сірә?!» деп бұлқан-талқан болды. Бұл «ата, не шаруа?» деген түк те түсінбей. «О, пәдәріңе нәлеттер, күніге бір боқмұрынға шаруамды қайта-қайта айта берер екенмін, дә. Сендерге жағдай айтқан мен де ақымақ екем. Бар е, өңшең... не шаруа дейді ғой тағы...» деп әлгі қария қолын бір сілтеп, есікті тарс жапқан. Кейін қасындағы әккі қызметтесі «оған көңіл аударма. Ол шал сондай, өмірі керегі жоқ, ескі мәселені көтереді де жүреді» деген. Мұндай басына түскен қиындығын шешпекке күніне талай адам бас сұғады. Әккі қызметкер сылап-сипап, алдап-сулап шығарып салады. Соған еті үйреніп кеткендей. Әлгі бейшара келе-келе аяқтан тозады да, қайта келмейді не бір боқтап жөнін табады. «Бізге көп мәселенің қатысы жоқ, біз кішкентай адамбыз. Қазір заман басқа. Жекенің ісіне шаруамыз болмауы керек. Бірақ, оны білдірмеуге тырысып, жоғарыға арызданбас үшін тілін табу қажет» деп ақыл айтады бұған әлгі әккі қызметкер. «Өз басына іс түспеген, өзгенің қайғысын білмейді», – деген. «Сонда не үшін, кім үшін қызмет істеп отырмыз?! – деп ойлайды бұл. – Халықтан оқшауланып атқарған қызметтің қажеті не?» Ол әкімдіктегі алашапқын жүрген кей қызметкердің өзіне ғана аян шығар. Ал былайғы, әкімдік жағалаған санаулы адамдардан өзге, жұрт бұл түсініксіз қарбаласқа мән де бермейді. Тіпті, пәленшенің қылғына галстук байлап, шірене басып, сыздана ыңырси сөйлегенінде қарапайым жұрттың титімдей де шаруасы жоқтай. Күнделікті жан ұясын асырау үшін, жан бағыс үшін жанталасып әркім өз қара басымен әуре. Мұнда да байқағаны тақ талас үшін жан талас. Бірін-бірі аяйтынға ұқсамайды. Бірақ, бұл талас ашық емес, жасырын , сұрқия түрде жүзеге асатындай. Іштен шалады. Сенімсіздік жайлап, жолдастық мақұрым қалған. Қызмет сатысына сай иіліп жастық, жайылып төсек бола қалғанымен, екіжүзділік белең алғанын Нұрлан біраз күнде оп-оңай-ақ аңғарды. «Көзінше мақтама, сыртынан даттама» деген әке сөзінің бұл ғимаратта күші жоқ екенін, «Ұлық болсаң, кішік бол», «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол» дегендей аталар өсиетінің күні өткенін, заманы қалай болса, бөркін солай киетіндер «ақша ашпайтын құлып жоқ», «татарға тілмәш не керектің» кебін кигеніне көп болғандай.
Өмір ағысына сай менеджмент пен маркетинг мамандағын игеріп шыққан Нұрланды бизнесмен туыстас ағасы Жылқыбай «қазір жақсы қызмет атқару үшін көп ақшаң, не жұдырығын жүн басқан көкең болуы керек. Қалғаны бос тыраштану. Құдайға шүкір, таныс бар. Союз кезінде комсомолда тізгін ұстағандардың біразы сол пысықтықтарымен бүгінде әкімдіктің майлы да жайлы орындарында отыр. Ақшаның арқасында солардың талайымен дастарқандас болдық. Әкімдікке кіргізейін. Басың жас. Болашақта өзіңді-өзің «крышовать» етіп жүресің. Ондағылар айлығы аз болса да, бізден әрмен жағдайларын жасап алған. Біз секілді екі-үш қалталыны тұсап алсаң, тендерлерге аралассаң, ертең-ақ өз қалтаңның қалай томпайғанын байқамай қаласың. Тек, қалайда сол ортаға бір ілігу керек, сосын «тай тулап үйірінен шықпас» дегендей, өзің-ақ топтан алшақ кетпейсің, әлі», деп біраз әңгіме айтып, Нұрланнан бұрын әкесін көндірген. Бұл әкеден асып қайда барсын?! Көнген. Енді міне, әзірге «екі жүзді пышақтан сақтанба, екі жүзді адамнан сақтан» деген қағиданы қатаң ұстауына тура келіп жүр. Артық пікір, артық сөз шілдедегі өрттей қаулап, лезде-ақ басқаша мәнде үлкен-кіші басшылар аузынан қайта шығады. Кім, қайда, қашан сөз тасығанын аңдамай қалуың әбден мүмкін. Сөйтіп, «өсекте шек жоқ» екеніне көзің тез-ақ жетеді. Әлдеқандай лауазымды орын босаған кезде гу-гу сөз желдей еседі. «Тістейтін жылқы тісін көрсетпесі» белгілі. Майлы орыннан дәмелі, іштей бақталас кейбіреулер бірінің үстінен екіншісі өсек сөзді қардай боратып, жоғары қарай домалақ арыздар дөңгелетіп, айтаққа құлақ түріп, шынжырда тұрған төбет секілді өсекші газет редакторларына сүйек тастағандай азын-аулақ ақша лақтырады. Ал, олар «барды жоқтай, ақсақты тыңдай» етіп, ар-намысты таптап жазғанда тек жағаңды ұстағаннан басқа лажың қалмайды. Бұл бақталастар тақ таласы жолында жан бағысты ұмытады. Аға-іні, алыс-жақын, тіпті, қыз-әйел демейді. Ар, ұят, әдеп сияқты адами құндылықтар бір шетте қалады. Бұл қалыпты үрдіске айнала бастағандай. «Бота қотыр болса, енесін былғайды, енесі келесін былғайды» деп отырушы еді атасы.
Нұрланның ойына атасы айтқан өсиет-ертегі оралды. Бала кезде онша мән бермепті. Бүгінде ой елегіне салса, өте қажетті өнеге екен-ау. Бірақ, оны елеп-ескеріп жатқан кім бар?! «Қалай еді, иә... Баяғы заманда бір қанқұйлы патша өмір сүріпті. Ол төңірегіндегі хандықтардың бәрін жаулап алып, озбыр билік жүргізіпті. Бірде бас уәзірді патша шақырып алыпты да:
– Біз жаулап алмаған алыс-жақында қандай ел қалды? – деп сұрайды. Сонда бас уәзір:
– Тақсыр ием, шалғайда бір шағын хандық қалып тұр. Бірақ, оны билеуші хан қайтыс болып, билікті ханша жүргізуде. Халқының да күйі онша емес, – дейді. Патша:
– Жарайды, онда қалың әскер жібермей-ақ қояйын. Жаушы жіберіңдер. Ұрыссыз қол астыма өтсін. Соғыспай-ақ берілсін,– дейді.
Ұзақ жолдан арып-ашып жеткен жаушыларды жесір ханша жақсылап күтеді. Олар тыныққан соң, әрбіріне шапан жауып, ат мінгізеді де:
– Патшаларыңа айта барыңдар. Менімен соғысып, жеңсе, «қатынды жеңді», деп жұрт күледі, ал менен жеңілсе, «қатыннан жеңілді», деп ел мазақ етеді. Осы сәлемімді сөзбе-сөз жеткізіңдер, – дейді.
Жаушылары патшаға жесір ханшаның сөзін дәлме-дәл жеткізеді. Сонда қанқұйлы патша ойланып отырып:
– Иә, жөн сөз. Қатынмен соғысқанымыз ұят болар, - дейді. Сөйтіп, жесір ханшаға көмек ретінде қазынасындағы жарты байлықты жөнелткен екен.» Міне, сабақ алар өткеннің өнегесі. Анасын ерекше ардақтап, қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап, төрге оздырған, әйел затының бетінен қақпаған атам қазақтың қадір тұтар қасиеті. Қызмет қуып, бақталастыққа бой алдырып, осы қасиеттен айырылып бара жатқандаймыз. Білікті де білімді қыз-келіншектермен тайталасуға шамасы жетпеген еркектер олардың үстінен өсек айтып, арыз жазуды әдетке айналдырған. Әйел затын ғайбаттау, әсіресе, байыбына бармай, сыртынан сөз айту қазақтығымызға сын, ар-ұяттан аттау екенін пайымдамайтын да болдық.
Мұның қалжыңбас курстасы бар. «Әзілде кек жоқ» деп бастайды да, ауызы бір жабылмайды, езуі бір жиылмайды. Сол мұның әкімдікке қызметке тұрғанын естіп, құттықтай келді. Жәй келген жоқ. «Бір азаматты үлкен қызметке тағайындапты. Оны мен секілді ақкөңіл бейбақ досы құттықтай келіпті. Қызметтің қызуы басына ұрған азамат досын танымаған сыңайда: «сен кімсің және мұнда неге келдің?» депті. Досы алдымен кәдімгідей абдырап қалған. Сосын өз-өзіне келіп: «мен сенің досыңмын. Сені «көрсоқыр боп қалыпты» деп есітіп, хал-жағдайыңды білуге келіп тұрған бетім,»- деген екен. Сол айтқандай, сен де...» деп қалжың да болса, астарлы ойын ала келген...
– Оу, Нұрлан Сапарович, неге үнсіз қалдың? Айлық ақпарат дайын ба? Тездет. Жуық арада сенің жүз күндігіңді атап өтеміз, - деді қызметтестің бірі ойын бөліп.
– Тәке...
– Тәке емес, Токен Булатович де, қанша айтам, тәртіп солай... Бұл базар емес, акимият...
– Жарайды, Токен Булатович, жүз күн деген не? Құдайға шүкір, мен әзірге тірімін. Жетісі, қырқы дегендей, жүзі деп...
– Анау жоғарыдағы әкімдер қызметке келгенінің жүз күндігін тойланды. Біз де солай... ре-пи-ти-ци-я! «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» емес пе? Ертең солар секілді сырттай болса да екі университет бітіріп, сатып алсақ та ғылым кандидаты болуымыз керек. Кандидаттық алмай, әкімдіктен дәметпе. Бізге де сол көкелердің жолын берсін деп...
– И-е, бірақ, «әркімнің өзі шығар биігі бар» деген. Мен әзірге тобынан айырылған қаздай болып жүрмін. Қайдам... – деді Нұрлан. Бәрі бұған таңдана қарап қалды...
Апта ортасында қала ішіндегі заңсыз сауда нүктелеріне, базарларға жасалған рейдтен соң, тіпті, көңілі құлазыған. Шамасы келмесе де, әрең арба сүйреп жүргендер, нәрестесін бауырына қысып қайыр сұрағандар, алақанын жайған балақайлар Нұрланның көңіл-күйін түсіріп жіберді. Ауыл-ауылдан көкөніс, жеміс-жидек, ірімшік-құрт сияқты тапқанын базарға әкелген ағайын көше бойында, базар маңында өткеніне пұлдауға құмбыл. Арнайы сауда нүктесінде тұрып, сауда жасауы үшін ақы төлеуі керек. Ауылдан жолкіресін әрең тауып келген кісіге ол да оңай емес. Ал, тәртіп бойынша көше бойы, базар маңын заңсыз саудадан тазалау керек. Бұл нағыз айғайдың ортасы екен. Жан бағыс үшін тапқанын өткізіп, ақша жасауға келген қазақ сенің тәртібіңді қайтсін?! Ұрыс-керіс, балағат-қарғыс, жұдырық жұмсау мен барын тартып алу, бәрі-бәрі сонда екеніне бір рейдтен соң-ақ Нұрланның көзі жетті. Ашынған адаммен жайбарақат мәмлелі сөзге келу мүмкін емесі тағы анық. «Шырағым сенің де мен сияқы шешең бар шығар... Байым ауру, шиеттей бала-шаға жас, бір үзім нан сұрап, шырқырап жылағанда кірерге тесік таппай қалам. Жұмыс болса да жоқ. Өкіметтен тағы қайыр жоқ. Әкімге жағдай айта барсам, пәленбай дәкумент сұрайды. Онысын ала алмайсың. Барды базарлауға сендер тыныштық бермейсіңдер. Сонда не істеуім керек?! Әкіреңдеп, балалардың ризығын тартып алғанша, мені осы жерде-ақ өлтіре салсаңдаршы, түге. Жаным тыныш тапсын, ессіз қалғыр...» деп бір ана ай-шәй жоқ мұның жағасынан алған. Содан полицияның соңынан үнсіз тұнжырап ерді де жүрді. Сол жолы полицияның шектен шыққан ұр да жық әрекетіне әбден қарны ашқан. Әлгі «қайдам...» деуінің түп-төркіні осында жатқан-ды...
– Не, Нұрлан Сапарович жұмыс ұнамай жүр ме? Оның бекер. «Қызмет қолдың кірі» дейді бұрынғылар. Дұрыс қой. Бұрын солай болған шығар. Адами қасиеттер жоғары болған болуы мүмкін. Қазір сенің таза ниетің, адал ақ жүрегің кімге дәру?! Олай болсаң, жақсы қызметсіз, мардымсыз тірлікпен жүре бересің. Ол саған керек пе? Ал, маған керегі жоқ. Мына заманда ешкімге де, ешнәрсеге де сенуге болмайды. Сенгің-ақ келеді, бірақ опық жейсің. Мен, кешір, ешкімге, тіпті, бірге туғаныма да сене алмаймын. Жақсы қызметім, мол ақшам болса, бәрі амалсыздан сыйлайды. Жоқ болса, бала-шағаңа көз қырын да салмайды. Ақша билеген заман. Сондықтан, жан бағыс үшін, бала-шағаңның болашағы үшін түрлі жолмен қолың әрең жеткен қызметке тістей жабысып, қалайда айырылмауға әрекет етесің. Ар-намысыңды сатып, амалсыз көндігесің. Бойыңдағы адал, ізгі қасиеттер бірте-бірте тұншығып қалғанын байқамайсың да. Өзге біреу алдыңды кес-кестеп, аяқтан шалмасы үшін онан бұрын сұрқия әрекетке барасың. Солайша бойыңда енді жолындағын алып түсер жыртқыштық қасиеттер байқатпай қалыптаса бастайды. Өмір заңы сол, не сен, не ол. Бітті.
– О, Токен Булатович, сіз қатты кеттіңіз ғой. Атам қазақ «адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа» деген.
– Нұрлан Сапарович, атаңның ақылымен жүргенің көрініп тұр. Өмір көрмегенсің. Өкінішке орай, өмірде бәрі басқаша. «Кісідегінің кілті аспанда», «адамына қарай сәлемі», деген де сол қазақ. Тағы не еді, иә, «ит те киімге қарап үреді», дейді.
– Дұрыс қой, Күйкі тірлікте жан бағыстың қамымен жанталаса тыпырлап, итше ырылдасып, аяқтан тартып, бақ 2. Жан ұя2. Жан ұяқонса, ұшырмаққа күндеп, шалыс басса, тұқырта жерге тығып, тіпті, мұның бәрі қолынан келмесе, өзгеге мәймөңкелей жалбақтап, сүріне қалбақтап тәтті тірліктің дәмін бұзып жүргендер қаншама?! Бірақ, өмір онымен өлшенбесе керек. Қалай болғанда да, қажетті, қажетсіз ақпарат жинап, өтірік, шын мәлімет түзу, сөйтіп нақты, шынайы өмірден алшақ жүру маған қол емес. Қағазбастылықты жаным сүймейді. Ақшам көп болсын, аз болсын, жұмысым майлы болсын, майсыз болсын, мен қайнаған өмірдің, қарапайым адамдардың арасында болғым келеді. Солай. Өз мамандығым бойынша адал еңбекпен жан баққым келеді. Маңдайым терлеп, белім ауырып, бірақ, ешкімнің қас-қабағына қарамай, өмір сүргім келеді. Өйткені, мен әлі жаспын. Бүкіл өмірім алда. Ал, оның қалай болмағы өзіме ғана байланысты екенін білемін. Сондықтан да, мұндай қызметке рахмет! – Нұрлан қызбалана тоқтаусыз сөйлеп кетті. Іштегі шерін тарқатып, бір-ақ тоқтады. Қызметтестер тым-тырыс, бұған таңдана қарап қалған екен. Токен Булатович үнсіз қалпы басын шайқады...
4. Жан дауа
Жұма намаздан шыққан Смайылдың көңілі көтеріңкі еді. Мешіттің ауласынан басталатын әдемі өрнекті төсеніш жолмен аяңдай басып, үлкен көшені жиектeй жүріп, таза да жинақы шағын саябаққа жетті. Жаңадан сырланған орындықтар мен рет-ретімен отырғызылған сан алуан түрлі әсем гүлдерге назары ауды. Бір мезет дем алмаққа ойы кетті. Ары-бері шола қарап, төгіле иілген сәмбі тал түбіндегі бос тұрған орындыққа көзі түсті. Асықпай барып жайғасты. Саялы жер қоңырсалқын екен. Айналадағы құлпырған гүлдерге арнайы түтікшелер толассыз себелеп су сеуіп тұрғандықтан ба, білінер-білінбес жайдары қоңыр леп есті.
Смайылдың жаны жадырады. «Әбден шаршаған кезде адам үшін жан дауасы тамаша табиғат аясында-ау. Сол себепті, адам баласы табиғатпен етене егіз жаратылған болса керек. Табиғат-Ана дүние есігін ашқан адамзат ұрпағын өз нәрестесіндей әлпештеп, тыныш та жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайын жасап қойған ғой. Тек сол жаратылған пенденің бойына Құдайым ізгі ниеттер дарытып, нысап пен қанағаттан кенде қылмаса болғаны», деген ой келді оған. Жанына жаққан қою көлеңкені қимай әрі алып бара жатқан шаруасы болмағандықтан, біраз отыра тұруға ұйғарды. Түрлі ойлардың толқынында тербетіліп отырғанда, дәл жанына келіп қалған жігітті байқамай да қалыпты.
– Ағасы, кешіріңіз, мында отырсам кедергі етпеймін бе? – деді жасы қырықтар шамасындағы дембелше келген ақсары жігіт бұл отырған орындықтың бір шетін саусағымен нұсқай көрсетіп. – Көлеңкесі жақсы екен. Сосын бұрылғаным...
– Жо-жоқ, отыра беріңіз, – деді Смайыл, – Неге кедергі боласыз? Менікі жәй демалыс қой.
– Дұрыс, ағасы. Мен де бірнеше күннен бері өз-өзіме демалыс жариялап жүрмін, – деді бейтаныс жігіт орындыққа отыруға ыңғайланып жатып. Смайыл оған сездірмей көз қиығымен барлай қарады. Орындықтың артқы сүйенішіне екі қолын жая сылқ етіп отыра кеткен жігіт аздап қызып алғандай көрінді. Екеуі орындықтың екі шетінде бір сәт үнсіз отырды. Үнсіздікті масаңдау жігіт бұзды.
– Ағасы, таныса отырайық, айып етпесеңіз. Менің атым – Жан... жоқ, Бауыржан. Достарым Жан дейді. Кәсіппен айналысам, тойыс, айналысқам... дұрысы солай, – деді жігіт таныспаққа қолын соза.
– Белгісіз Жаннан гөрі, Бауыржан деген батырға лайық атыңыз бар екен. Толық айтқаныңыз жөн сияқты. Ал, менің есімім – Смайыл. Қарапайым ғана мұғаліммін, зейнетке жете алмай жүрген.
– Мұғалім, иә... сіздердің арқаларыңызда адам болдық... Оң, солымызды танып болған соң, адамдықтан кеттік. Солай, ағасы, – деді Бауыржан көңіл түкпіріндегі беймәлім сырды суыртпақтай сөйлеп.
– Інішек, өзіңіз әлденеге қапалысыз-ау, шамасы, – деді Смайыл оның көңілін аулай.
– Дұрыс айтасыз, ағасы. Қапалымын, қатты қапалымын. Бірақ кімге... әйеліме ме... өмірге ме... мүмкін өзіме шығар?! Білмеймін. Түсінбеймін. Сонда да бәрінен көңілім қалған... Жапан түзді айқаш-ұйқыш кезіп жүрген жалғыздаймын. Кеудем күңгірлеген бос бөшке секілді. Тәнім сап-сау, бірақ, жаным жаралы. Жаным ауырады... сыздап қатты ауырады. Ағасы сол жан дегенге ем-дом, дауа бар ма, айтыңызшы?! – Бауыржан сырғи жылжып Смайылға жақын отырды.
– Бұл жалғанда жан дауасының кілті – махаббатта... иә, иә... махаббатта. Жан дүниеңді қараңғы тамұқтан адастырмай шығарып, өмір сүруге деген құлшынысыңызды арындата, шалқата тасытатын – махаббат күші, жаның сыздап ауырғанда жан дүниеңді нұрландырар ең дауа ем-дом – махаббат нұры. Бірақ, махаббаттың шалқарын ессіз кешіп жүрген жан махаббат буына мас болып, дертке шалдығып, ақыл-есінен айырылуы да кәдік. Ал, махаббаттың шексіз айдынына парасат биігінен көз тіккен пенде шөліркеген жанын зәм-зәм суымен сусындатады. Міне, сондықтан, жан дауасы – махаббат дер едім, – Смайыл ұстаз болғасын әріден, тереңнен сөз қозғады.
– Сіз де айтасыз, қайдағыны... махаббат деп... – Бауыржан бір түрлі ыңғайсызданғандай қипақтап қалды.
– Онда тыңдаңыз, мен сәл басқашалау түсіндіріп көрейін. Жалпы сүйіспеншілік сезімі арқылы қыз бен жігіт бірін-бірі табады. Келісесіз ғой. Сол арқылы дүниеге сәби келеді. Сүйіспеншілік сезімімен адам баласы өнеді, өседі, көбейеді. Сүйіспеншілік – Алланың барлық жаратылыстың ішінде бізге берген ең үлкен сыйы. Көп жағдайда мұны пендешелікке салып, елемей жатамыз. Бүкіл адам атаулыға еркек, әйел деп бөле-жармай, түр-түсіне қарамай, осы сезіммен қарасақ, талай рухани кеселдің емін табар ек. Біз бірін-бірімізге жыртқыштық, тағылық санамен қарай бастағандаймыз. Кейде хайуандық жасағанда жыртқыштан да асып түсіп жатамыз. Бұл менің жеке пікірім.
– Мұныңызға онша келіспеймін, ағасы. Алланың солай жаратқанына күмән жоқ. Бірақ, мен сіздіңше адамның бәрін сүйе беруім керек пе? Небір оңбаған адамдар бар ғой. Мен талай адамды жек көрем, сонда қалай? – Бауыржан әлгідегі маужыраған кейпінен арыла бастағандай. Пікірталас жанына жағып барады.
– Жаман деген адамның да, бір жақсы қасиеті бар, дейді. Тек оны көре білу керек шығар. Адамның бәрін құлай сүю шарт емес. Сүйіспеншілік сезімі тереңдеген сайын жанға ерекше ләззат беріп, шынайы махаббатқа ұласады. Екі қолтығыңыздан екі періште демеп, аяғыңыз жерге тимей қалықтап, өмірі есітіп, көрмеген бақыт бағында серуен құрасыз. Мұндайда адам еш жамандыққа бара алмайды. Сондықтан да сіз пенденің бәріне тағылық көзбен емес, сүйіспеншілік, яғни ізгі көзқараспен қараңыз. Соған үйреніңіз. Сонда мүлдем басқаша адам боласыз. – Смайыл жымиды.
– Ой-бой, бұл айтқаныңыз мына ақша билеген сұрқия заманда мүмкін емес шығар, сірә?! Жұрттың бәрін жақсы көрем деп қиялданып жүргенде, әлде қандай бұзақы пиғылдағылар жүндей түтпесіне кім кепіл. – Бауыржан ойланып қалды. – Дегенмен, негізі дұрыс сияқты... Бірақ, кейде өмір ағысына жүрек қағысы сай келмей қалады емес пе? Ондайда өмірдің астаң-кестең арынды ағысына құлайсыз да, бір батып, бір шығып, жандалбасалап кете барасыз ғой. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, жақсы ой қайдан келсін, мына қара басқа? «Адамның басы – Алланың добы», деп бекерге айтпаса керек-ті. – Бауыржан қайта тұнжырай қалды. Ойына әлдене түскендей.
– Ағаштың басындағы жапырақ екеш жапырақ та, Алланың бұйрығынсыз жерге үзіліп түспейді, дейді ғой, інім. Сол сияқты...
– Көкетайлар-ау, көмектесіңіздерші! – Әңгімені әлгінде әудем жерде жалғыз аяқ жолмен теңселе басып келе жатқан орта жастағы жігіт бұзды. Ретсіз сақал-мұрты, ұйпа-тұйпасы шықан жалбыр шашы көптен түзеу көрмегені байқалып тұр.
– Не көмек саған... – деді Бауыржан оны жақтырмай.
– Ауруханадан шағып едім. Ауылға жете алмай... ақша жетпей тұр, – деді жалбыр шаш жігіт алақанын жайып. Бұлардың көмектесетеніне нық сенімді.
– Білем сендерді... ақшаларың неге жетпейтінін. Көзді бақырайтып қойып, өтірік айтқанша, «басым сынып барады, ішпесем тұра алмаймын», деп шыныңды айтпайсың ба... Тәп-тәуір әңгімені бұзып, – Бауыржан бұрқылдай сөйлеп, шалбарының қалтасына қолын салды да, саусағының арасына іліккен мың тенгелікті оған ұстата қойды. – Енді тез қайқай бұл жерден... тепсе темір үзеді, жүрісін қарашы, – деді сосын. Қолына өз өлшемімен қомақты ақша түскен қайыршы жігіт әнтек бұрылды да, артына қайта-қайта қарайлай қалбақтап, адымын үдетіп ұзай берді.
– Е-е, бұл пенде жан дауасын шараптан іздеп жүр ғой. Басына не күн түскенін бір Құдайым білсін, – деді оның соңынан көз алмай қарап отырған Смайыл қайыршыға шынымен жаны ашып.
– Оны қоя беріңіз, ағасы... арақ ішіп жан дауасын тапқанды көрмедім. Арақ алдамшы ем-дом. Бір күні омақаса құлайды да, содан қайтып тұрмайды. Жаны жаһаннамға қалай кеткенін білмей қалады. Ол дегеніңіз өзгеден емес, өзінен-өзі қашу деген сөз... Мен де дәрменсіздіктен аздап ішіп жүрмін. Шаршағаннан... бәрін ұмытайын деп... Жан дауасын сосын іздеп жүрмін. Бірақ, жаман ойлап қалмаңыз, ішкіліктен емес. Ішкілік опа бермесін білемін. Иә... әлгінде не айтып отыр едік. Анау неме, сөзді бұзып... ие–е, сонымен мен, ағасы, жанның рахатын, өмірдің ләззатын, көңілдің хошын тек байлықтан іздедім. Отбасымыз бірде бар, бірде жоқ күн кештік. Содан болса керек, мен бай болуды армандадым. Ақшам көп болса, мен бақытты адаммын деп ойладым. Бақытқа кенелу үшін бай болу керек. Солай емес пе, ағасы?
– Жоқ, інім шатасасың, олай емес.
– Көрдіңіз бе, қазір мен де солай топшылаймын. Ал бұрын басқаша ойлағам. Сонда, ағасы, бай деген кім, ол несіне жетіседі?!
– Кезінде мыңғырған малы бар адам бай болған. Бірақ, «бай бір жұттық» дегенді түсінген олар көбіне тәубесіне келіп, кедей-кепшікті төңірегінде ұстап, үнемі жарылқап отырған, деседі аталарымыз. Бүгінде адам еңбекпен, маңдай термен күндіз-түні жұмыс істеп, арқалы бай болу өте сирек жағдай. Ортадан жоғары болуың мүмкін. Ал, кез келген қалталы азаматтың кем дегенде таза емес бір тірлігі барына күмән жоқ. Ондай жолмен келген байлықта пәтуа бола ма? Баймын деп бергі жағымен шіренгенімен, арғы жағынан қуыстанып тұрары анық. Сондықтан қай кезде де, бай адам тәні аман, жаны таза адам екені даусыз. Денің сау, жүрегің ақ, ой-санаң таза болса, нағыз байлық сол. Ондай адамның басына бақ та қонады, бақыт құсы да қонады, – деді Смайыл Бауыржанның сынай қараған жүзіне тіктей көз тастап.
– Мектеп бітіргенде есіл-дертім қалайда бай болу еді. Оқуға түсе алмадым. Енді бір мықтының қызына үйленсем, арманым орындалатындай көрінді. Ол кезде мінезім тұйық, жұртпен көп араласа қоймайтынмын. Өзіммен бірге оқыған Ұлжан деген қыздың үлкен ағалары қалада саудамен айналысып, жолдары болып, бүгінде ірі кәсіпкерге айналған дегенді естідім. Олар осы қалада тұратын. Мектептен соң, Ұлжанды әке-шешесімен қосып, көшіріп әкеткен-ді. Оның жоғарғы оқу орнына түскенін де білем. Амалын тауып бір кездестім де, оны айналшықтап, күтіп алып, шығарып салып, айтқан өтініштерін көңілім қаламаса да, екі етпей орындап, әбден сеніміне кірдім. Енді Ұлжанның өзі бауыр басқаны сонша, мені үнемі іздейтін болды. Осындай сәттің бірінде оны жақсы көретінімді, ғашық екенімді білдірдім. Ұлжанда кет әрі емес екен. Екеуміз сөз байласып, не керек ақыры үйленіп тыңдық. Жалғыз қызы болғасын әке-шеше, ағалары біраз тулаған болуы керек. Кейін бәріне көнді ғой. Сөйтіп, мен өмірімдегі ең қатыгез әрекетті жасадым. Қыз сезімімен ойнадым. Оған мән бермедім, діттегенім қалайда дәулетті тұру болды. Тойымызда үлкен ағасы екіқабат зәулім үйдің кілтін ұсынса, екінші ағасы «Джип» автокөлігін көлденең тартты. Сол сәтте менің қуанғанымды көрсеңіз. Төбем көкке бір елі жетпей, жүрегім жарылып кете жаздады. Өңім емес, түсім секілді. Тойдың дастарханын, қалай өткенін айтып жеткізе алмаспын, сірә. Жалғыз қызы үшін ата-ана, қайын ағалар ештеме де аямайтынына көзім жетіп, менде өз тарапымнан жайылып жастық, иіліп төсек болып, өте ибалы да кішіпейіл күйеубала бола білдім. Әке-шешемді құда-құдағилары қала маңына көшіріп алды. Бауырларымның бәрі қайын ағалардың арқасында жаяу қалмады. Көлік мінді. Мені өз фирмаларына жұмысқа алып, білдей бір жоғарғы оқу орнының дипломын алуға да көмектесті. Осындай өмірлік қажеттіктерді түгендеумен жылдар қалай жылжып өтіп жатқанын байқамадым. Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Екі ұлды болдым. Бала–шаға туа сала көліктің ішінде, не кием, не жеймін демейді. Сырт көзге бізден бақытты жан жоқтай, өмірдің күйкі тірлігі күйзелте алмайтындай еді. Баяғы сызылған мінезден өзгеріп, кеудеме нан пісе бастады. Ақшаның оңды-солды шашатын дарақылық деген ауру ақшасы барларға жабыспай қоймайды екен. Бұған мен де шалдықтым. Ол аз болғандай, тойымсыздық деген кеселге ұшырадым. Құмар ойындарына елітіп, казино жағалап, сылқым бикештермен қыдыратынды шығардым. Кейде үйге түнемейтін әдет пайда болды. Жалпы, өз еңбегіңмен тер төгіп тапқан ақшаның құны басқа да, аспаннан түскендей болған тегін көк қағаздардың құнсыз екенін ойлап бас қатырмадым. Ақыры... Ұлжанға тұтылдым «Семіздікті қой ғана көтереді» деген осы шығар. Ұлжан «саған керегі тек ақша екен ғой...Сүйдім-күйдім деп, мені сол үшін алдап келіпсің. Ал, мен сені ынты-шынтыммен сүйдім ғой. Көзіме көрінбе», деп бұлқан-талқан болды. Ешкім бетінен қақпаған, өмірден қалағанын алып үйренген, өмірдің ащы соққысын көрмеген Ұлжан үшін менің тірлігім адам төзгісіз қылық еді... Мең-зең күйде үйден шығып кеттім... Кейін келіншегім жүйке аурулары ауруханасына түсті... Ұлдарды қайын апам алып кетті... Зәулім екіқабат үй қаңырап бос қалды... Маған ешкім ештеңе деген жоқ. Сонда да, Ұлжанның алдына кешірім сұрап баруға бетім жоқ. Өзімді бейшара адамдай сезінемін... Бір күн аш, бір күн тоқ жүрген пенделер менен жоғары тұрғандай көрінеді маған. Мен олардың лашықта күн кешіп жатқан жанұясынан сыңғырлаған күлкі естимін. Киімге жарымай, жалаңбұт жүрген баласы әке-шешесінің аяғына оралып, мойнына асылып еркелейді. Көнетоз көйлек, ақ жемденген камзол киген қараторы келіншегі күйеуіне қос жанары от шаша жәудірей, наздана күлімдейді. Ал, соларды қарық қылып баға алмай отырған божбан қара... мүмкін, ілмиген сары әкесі болса, оларды мекірене жақсы көріп, емірене иіскейді. Міне, бақыт қайда, ағасы... Ал, мен... обалы жоқ адаммын... Сірә, маған енді бұ жалғанда жер басып жүру де ұят. Әбден тығырыққа тірелдім...
– Иә, інім. Жағдайыңыз шынымен-ақ өте қиын екен... бірдеме деп жұбату да мүмкін емес сияқты... Сонда да болса, жан жарасының дауасын, жан тәсілім қылмаудың амалын ойлап, басты тасқа да, тауға да соғып, жер жаһанды кезіп ем-дом іздеп қажеті жоқ секілді. Біліп-білмей істеген күнәлар үшін бір Алладан кешірім сұрап, құлшылық ету ләзім. Тәннің де, жанның да бар дауасы – Алланың қолында. Өзіңізді-өзіңіз таба білсеңіз, түбі отбасыңызға жаныңыз жадырап ораласыз, бәлкім... – Мұңлы ойға шомған екі азамат айтарға әңгімесі таусылғандай үнсіз қалды. Ақырын майда қоңыр леп есті...