Тұтқабай Иманбеков

Туындылары


ТҰТ АҒАШЫНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ



БІРІНШІ ТАРАУ


       Көктемнің ыстыққа да, суыққа да сараң әрі-сәрі сәті түскелі біраз күн. Жер маңғыл қасқа тартып қары кете бастағанымен жамаулы көрпедей әлеміштеніп әрсіз жатыр.Тегіс бусана алмай булыққан қалпы бар. Суға түскен шоқ сияқты быж етпе жылулы күннің қуаты дүниені тегіс жадыратуға шарқы жетпей, шатынап батады. Осы кезде қара суық жаланып шыға келеді. Көпси бастаған жер тоңын келесі күннің шуағына жеткізбей ширата түскендей екіленіп қатая береді.
       Сонау алыс шыңдардың ақ тонының етегі жырымдалып қарауыта бастағанына да көп болған жоқ. Сонда да аулақтан көзге ұрып көлбеңдейді. Төмендегі жалаңаш жоталар әлгінде ғана батқан күннің шапағын жұқтырып алғандай күлгін. Топтана ұшып, қырылдақүнмен шықылықтаған ұзақ қарғалар болмаса, көктеп нышаны көз түртіп көріне қоймаған сәттей еді.
       Шаруа сылбыр, шама пәс кездің алды дархан жаз екенін дүние түгел түйсініп, дүрмекке құлақ түргендей желпінгені тірлікке өзгеше өң беріпті. Буынып-түйінген жинақылық бар. Осындай кештің бірінде Еркебай ақсақал мал жайғастырып жүрген. Мал жайғастырдым деген аты болмаса, өзінің күрең қасқасынан бөтен тұяқтыға ықыласы түсіп көрген емес. Қысы-жазы жүйрігін сылап-сипап жүргені. Өзге азын-аулақ қой-ешкі, тана-торпақтың күтімі кемпірінің еншісіне тиген. Ерекең күреңнің жалын тараштап тұрып оқшаудан жарлық берер еді.
       Кемпірі күйбеңдеп жүріп бәрін үнсіз тындыратын...
       Шал күрең қасқаны жетелеп аулаға жақындағанда алдынан Әлішер сәлем берді.
       - Ассалаумағалейкум, ата!
       - Әликсалам!
       Әлішер қол ұсынып тұрып, шалдың жүзіне қутыңдай қарады. Еркебай осынау жымысқы жүзден әлдебір секем алғандай тіксіне қалып еді. Әлішер түртпектей сөйледі.
       - Алыстан көргенде атамның жетелеген тарғылы не екен десем...
       Әлішер ақтарыла күлді. Үні өзгеше. Шалға сол өгей екпін ұнамды.
       - Ай, балам-ай, көмейіңдң жөтел қырнап тұрғандай қоқиланбай-ақ айта берсеңші.
       - Жоқ-ау деймін... Жырақтан қарағанда атамның қолына керік іліккен бе деп едім. Сөйтсем, алаша жамылған ат екен ғой.
       - Тәйт әрі...
       Қапылыста шалдың аузына онан өзге сөз түспеді. Булығып тұрғанда кеудесінен бір ашу түйдектеліп атылғалы келе жатқанын Әлішер сезе қойды. Сезді де түлкі-бұлаңға салды.мысқылдың бәріне көзі кіналыдай оң жанарының қиығын уқалап тұр. Қылилау болғандықтан ба, оң көзі жасаурай беретін. Сонысын сездіргісі келмей сұқ саусағымен ғана сипалайтын әдеті еді.
       Бұл кезде шалдың қаһары сейіліп, сабасына түсе бастаған. «Осылардың сүйкенбесе, сүйегі сырқырай ма екен, пәтшағар. Байыппен сөйлегенін көрсемші. Қашан көрсең қағытпаға әуес. Үлкен жоқ, кіші жоқ, әйтеуір, ауатаяқтанады да жүреді. Әйтпесе дәл қазір менде несі бар. Аталап тұрып аяқ шалғанын көрмеймісің. Жорықсыз пысықтықтың жөні осы екен деп көрінгенге ұрынады. Ұтам дейді-ау. Сонда менен ұтары қайсы. Бұлар сөйлесек болды, есеміз түгел деп үйренген. Болмаса жалдының бәрі ат, малдының бәрі мәрт көрінер ме еді. Жылқы атаулыдан жалымдай хабары жоқ неменің жылтыңдауын қарашы. Бұған уәж айтып береке таппаспын».
       Шал бір сәтке өз ойын осылай түйді де, артық лебізге бармай жүре бермек еді. Әлішердің шырпы отын қос алақанымен тұмшалап шылым тұтатқан кейпіне еріксіз арбалғандай болды. Иығы тұқырайып аузын отқа апарған күйі Еркебайды қабағының астымен қадағалап жымиып тұр екен. Сонысы ұнамады.
       Әлішерге шалдың мінезі мәлім. Қисаң-сиқаңнан аулақ, тік мінез, тура адам. Артық әңгімеге де араласпайды. Жасында кербездеу болған ба, жүрісінің өзінде өзгешелік бар. Денесін тік ұстап, аяғын нықтап басатын сияқты.
       Еркебайдың жылқы десе дегбірі кететінін де Әлішер жақсы біледі. Сәйгүлік жайлы сөз қозғалса, шүңірек көзі ұшқындап шыға келетінін талай көрген. Мұндайда кеудесі әнтеккеріліп, алға ентелей түсетіні бар. Қазақ біткен ат атаулының б»рін сәйгүлік санатына қоса бермейді. Жалы бар жабы аяқ артар көлік демесең, бәсекеге пәс, көрікке кенде. Ондайлар үзеңгінің өзін беліне жүк санап, безерлікке үйірсек. Кенжелеп қозғалып, кежегелеп жететін де солар. Жүйрік ат жүгін қақтырмайды. Қыран топты дүрліктіріп дүйім жарыста алдына қара салмайтын хас жүйрікті ат мінген қазақ алыстан танып үйренген. Еркебай өзін сондайлардың қатарына қосатын. Жылқының сұлу мүсінін, нәзіктігі мен шікімшілдігін айтқанда ерекше шабыттанып шешендік танытар еді.
       Ал енді ат бабын білмей, айдала дабырмен сөйлейтіндерге қарадай қас. Ондайда қоңырқай жүзі түтігіп, шүңірек көздің аумағы ұлғайып, үнсіз тесіле қарайды. Сөйтеді дебұрылып жүре береді. Әлішер соған жеткізбей, тағы бір қытықтап қалмақ.
       - Ата, деймін-ау атыңыз немене, белі бүгіліп, төрт аяғы тоқайласып, үрпиіп тұра ма, қалай өзі?
       - Тоба, бұл дүниеде білмей сөйлейтіннен жаман нәрсе бар ме екен, сірә, - деп Еркебай оқыс кеңк етті. – Байқауын байқағанмен, байыбына жете алмайсың-ау, сен күшік. Сөйте тұра мұқатқан боласың. Біле білсең жүйріктің бір белгісі осы емес пе. Әй, сені қойшы...
       Еркебайдың тұтанғалы тұрғанын Әлішер айқын сезді. Сонда да жалтарған боп, жармаса сөйледі.
       - Е-е, солай ма еді. Әйтпесе мен «мал иесіне тартқанығой» деп жүруші ем.
       Әлішер көзін сүрткен болып, көлегейлене күлді. Еркебайға бәрінен бұрын өткені осы еді. Қатары болса, қайырып тастауға сесі де, жетер еді. Баласымен жасты неменің тәлкектегені батып барады. «Сайтанның тырналанып тұрып тілінің уын шығаруға құштары несі екен».
       Тап осы жерде сыр алдырса сынарын білген шал терісін кеңге салып, жайыла сөйледі.
       - Қой, енді, шырағым. Мазақ етерің мен емеспін. Өз кәрілігім өзіме аян. Ал мал кәрілігін сенен сұрамаспын. Онан да ішке кіріп, бұйымтайыңды бітірмеймісің.
       Еркебай кәрі малды ұстамайтынын, ондайлар бәйге мен бәске болымсыз екенін емеуріндеп танытты да, ат тізгінін жебеп қораға беттей берді. Әлішер ілесе қозғалды. Шалды абыржытқан осы қылық еді. « Бұл қызталақ мені мінеуге келмеген шығар. Сонысын неге білдірмейді. Ізімнен қалмай ыржалақтауын...»
       Байқаса, тайсақтап қашқандай жайы бар екен. Сонысын сезгенде шал кілт тоқтап, Әлішердің бетіне ожырая қарады.
       Cөйтті де иығы селкілдеп ықыластана күлді. Әлішер мұндайды күтпеген еді. Оқыс шешінгенін аңғарған жоқ. Сөйтті де шылымын бастырмалата сорып, көз алдын көк түтінмен бүпкегендей болды. Сәлден соң шал оның сығырая қараған жанарын байқады.
       - Күлесіз, ә ата, - деп даусын соза сөйледі.
       Шал күлкісін шорт үзді. Әлішерге қайтадан аңтарыла қарады. Жігіттің бат-аузы жыбырлап тұр екен. Сол кекесін қалпынан ауытқыр түрі жоқ. «Есі дұрыс па осының. Ұшқындауы жаман екен. Менікі не жосық. Осы патшағардан қаймыққандай болғаным қай сасқаным. Несіне күлдім. Алжыған шығармын».
       Ол өзін-өзі осылай іштей қыжғырып алды.
       Әлішер осы өзгерісті аңғарған еді. Алайда шалдың тым қораш көріп тұрғанына қызарақтады. Онысын әйгілегісі келмей, көзінің су ағарын сүрткен болып бетін саусақтарымен сыдыртып өтті. Сонан соң шылымын тіліне төсеп, екі езуіне алма-кезек ауытқытты. Мұнысы онсыз да мысқыл ойнаған жүзін өзгертіп жіберіпті.
       Шалдың морт кеткен жері осы еді. Манадан босқа аялдап, болымсыз кепке құлақ салғанына күйінді. Өзгеге емес, өзіне ашу шақырып шатынағаны содан. Болары болды. Енді қаттырақ айтып ақырып тастамасаң қабына береді. Мұндайлардың әдеті сол. Сызат тапса сызғылап тұрып аладыү Діні де, үні де қатайып, шалдың көтеріліп кеткені осыдан.
       - Өзіңе бірдеңе көрінген бе, осы. Сонша сығыраясың. Ішіңде ит өлгендей ызалысың ба деймін. Бар енді үйге кір. Миымды қатырмашы.Шаруамнан қалдырып біттің ғой, тегі.
       - Ата, ызалы болсам ызалы шығармын. Бірақ айтарым онша мәнсіз жаңалық емес. Мен шабарман-шақырушымын. Қызық боп тұр. Әйтпесе кез келгенге елпілдей беруден кеттік қой, шүкір. Қайта талайды өзіміз шабарман етіп жүрген жайларымыз бар.
       Еркебай Әлішерге тесіле қарады. Сусып тұрған жігіттің сұрқайынан сыр ұқпақ. Байқаса, әлгіндегі қунақы қылықтан арылып, кәдімгідей тоқтау тартыпты. Бір түзелсе енді түзелер деген оймен, шал жайбарақат сұрады.
       - Қайдағы қызықты айтасың. Шабарманың не?
       - Мәселе сонда, ақсақал. - Әлішер саусағын шошитып тақпақтай сөйледі.
       - Мені Шақшабай бухгалтер жіберді. Бастық ауылдың бетке шығар активтерін үйіне шақырыпты.
       - Не дейді? Дұрыстап айтшы өзің. Шақырған Шақшабай ма, бастық па?
       - Жаңа бастық ерулік пе, қарулық па, әйтеуір, ел жігіттерін шайға шақырыпты. Бухгалтерге айтқан екен, ол мені жұмсады. Өзіміздің жігіттерді жинап әкел деді. Шамасы, біқызықтың төбесі шошайып тұрған сияқты. Шақшабай ұйымдастырмақ.
       - Япырай, өзінің құлағың көтеріліп, елеңдеп қалған екенсің. Не деп кеттің. Шақырса – ниеті шығар. Оның несі айып? – Шал ат жалына бетін тақап, желкеден асыра қолын салды да, құлақ тұсынан қағып-қағып қойды. Әлішерге барлай қарап сөзін жалғады. - «Өзіміздің жігіттер» дегенің кімдер, осы?!
       - Ой, ақсақал-ай, лезде аңқаусып қалатындарыңыз бар екен. Соның ниеті қандай екенін кім біліпті. Өзімізге қолдысы бұрынғы бастық еді ғой, шіркін. Айтқанымыздан ауытқып көрген емес еді.
       - Бұл бастық ше?
       - Өзінің жұғысайын дейтін түрі жоқ қой. Келгелі әр нәрсеге сұғанақтап, өзі аралап жүр. Дені саудың тірлігі емес, әйтеуір. Жеміс дей ме, бау дей ме, тұт ағашын қолға алу керек дей ме... Саубасын сақинаға салған біреу сияқты. Көп тұрмайтын шығар, сірә... Көрерміз әлі...
       - Қой, пәтшағар! Босағаны жаңа аттаған адамды сыртынан ғайбаттама. «Өзіміздің жігіттер» дегеніңді де енді түсініп тұрмын. Саған ұнайды екен деп бәріміз үрке қарауымыз керек пе сонда. Өзің тепсе темір үзетін сойталдай жігітсің. Іс қумай, сөз қуғаның азамат басыңа мін боларын түсінермісің, сірә...
       - Міне, айттым ғой. Біздің де өспей жүргеніміз сіз сияқтылардың көңілшектігінен. Кім келсе де кірпік қақпай құптай береміз. Әйтпесе қай бастықтан кембіз. Енді кеп, көрмеген кісіңіздің өзін қорғаштап тұрсыз. Тіптен мақтанудан да тайынбассыз, әлі. Ал енді сіздің де іс қуып, тау төңкеріп жатқаныңызды білеміз ғой... Көп болса ұқсаған шығармыз.
       Сөйтті де, өшіп қалған шылымын ернінен ытқытып жіберді.Қалтасынан «Прибойдың» тағы біреуін алып тұтатты. Шалдың колхоз жұмысынан қол үзіп, қартайған шағын өзінің іске атүсті шендестіре сөйлегеніне риза кейіппен сынай қарап тұр.
       Шалдың шырайлы өңі күреңітіп кеткен екен. Сақалының ұшын қайырып әкеп, тісіне баса қойды. Әбден ашу шегінен шыққанда сабаға түсер шарасы осы еді. Әлішердің орайсыз түртпегеніне түйліге берді. Шылбырды оқыс тартты. Манадан мүлгіп тұрған күрең ат басын селт көтергенде, маңдайындағы қасқасы жалт ете қалды.
       Ол аялдамауға бейім еді. Әлішер үні өзгеріп, бәсең сөйледі.
       - Ата, азырақ кідіріңізші. Бұйымтайымды енді айтайын. Бекәшімге келдім. Қанша айтқанмен атақты диқанымыз ғой. Айтқанға жақсы, алға тартқанға жақсы дегендей.
       - Сонда сен Бекәшімді сөз тиегі болсын деп шақырып тұрсың ба?
       - Жоқ, ә... Бір пайдасы тие ме, бастықтың алдын көре берсін дегенім ғой.
       - Әй, балам, Бекәшім бастық бастық алдын көрмеді деп пе едің. Бір пайдаң не? Ол кімнің пайдасы? Әлде өз басыңның пайдасын өзге арқылы көргің келе ме?
       - Солай да болуы мүмкін. Жалпы, себі тигеннің зияны жоқ қой.
       - Қой енді, балам. Мен сенен шошиын дедім. Әлде қырсықсың, не зыр айналған ұршықсың. Қайсысын да жақтай алмаймын.
       - Жоқ, ата, ертелеу шығар. Шошынбай тұра тұрыңыз, - деп Әлішер ақтарыла күлді. – Бекәшім үйде жоқ па?
       Еркебай тосылып қалып еді. Әлішерден ертерек құтылғысы келді. Сылап-сипап шығарып салмасаң майезбеленіп тұра береді. Содан ба, даусы жұмсақ шықты.
       - Бекәшімді егін басынан іздемесең, мұндай кезде үйде отыра ма?
       - Әй, сол-ақ елден бұрын тыпыршып жүреді екен өзі. Мейлі онысында шаруам шамалы. Келген соң құлағына іле салыңызшы. Бастықтың үйіне соқсын. Біз сонда боламыз.
       - Айтайын.
       - Жақсы онда. Сау-саламат боп тұрыңыз, ата, - деп бұрыла берді. Қайта тоқтап, шалды тағы шымшылады. – Жалпы, атыңызға көрпе жапсаңыз да жасарады екен.
       Әлішер кете барды. Еркебай қалшиып тұрып қапты. Әлішердің басы тұқырып, жоны бүлкілдейді. Күліп барады. Еркебай аңырап, ат жалын сипай берді.
       Еркебай қорада көп айналды. Күреңнің жабуын қайта түзеп, ақырға тараштап жоңышқа салды. Баулығын үзгенде қу жоңышқаның гүлі мен жапырағы саулап төгілген еді. Алақанымен көсіп алып, атының аузына тосты. Күрең арпа асағандай, жапырақты жалпақ ернімен қарпи берді. Пысқырынған сайын танауының демі ұлпаны алақаннан шашырата ұшырады. Шал тәк-тәк деп қойып үгіндіні алақанына қайта толтырады да, атының аузына тағы тосады.
       Осылайша өзін-өзі біршама алдарқатып еді. Көңілі бір түрлі қобалжып алаңдай берді. Жалғыздан жалғыз күбірлеп жүргенін аңғарған жоқ. Әлішердің айтқаны ойынан кетпей, миын шулатып тұрып алды. Үзік-үзік қыңыр сөзқұлағына келе берді. «Сөзі қандай қыршыңқы еді. Ұқсастық дейді. Соның бәрін қайдан үйреніп жүр, бұл ит. Әкесі болса кетпені қолдан түспейтін шаруақор жан ғой».
       Әлішердің айтқандары шалдың шекесіне шегедей батып тұрып алған еді. Қатарынан қалмауды ойлаудың орнына қағытпаға үйірлігі ұнамады. Сонан соң көз алдына ауылда колхлз тірлігінен аулақтап босқа жүрген талайлар елестеді. «Сіз жұмыс істемейсіз, менде де жұмыс жоқ. Солардың бәрі осылай ойласа, масқара ғой».
       Еркебай өзінің еңбек десе жанып кетер сәттерін аңсап, осынау пұшайман пошымына қоңылтақсып тұр. «Жұмысқа жарамсыз» деген сөздің мәніне бүгін жеткендей жүдеусіді. Соны әйгілегісі келгендей, сол жақ қабырғасы сыздап ауырды. Сырмақ шапанының сыртынан сипалап көріп еді. Сынық қабырғаның шор боп біткен тұсы томпиып білінгендей болды.
       Ол шөп турайтын дөңбекке отыра кетті. Денесі салданып зіл тартады. Шау щағын енді танып, еріксіз шөккендей еді. Сонда да ойы елес кезіп, өзі өткен сүрлеулерге із тастай берді...
       Ол кезде қылшылдаған жігіт еді-ау. Шыныбек байдың жылқысын бағатын. Жетімсайдың қойнауын кернеген бай малында есеп жоқтай еді. Қойды қоралап, жылқыны үйірлеп дүрмегімен мөлшерлейтін бай, қотыр тайдың қолтығынан үрлеп қалтырап тұратын өзгелердей емес. Салтанат пен сәнге ден қойған дербес қылықтың адамы болатын. Мал ішінде жылқыны ерекше көреді. әр үйірден асау арғымақ ұстатқанда ғана мал қарамын көзбен шолып, көңілі тояттап тұрар еді. Жылқының да жел қанатты жүйріктерін ұйыстырып, жер шарлап жүріп желісіне байлайтын. Нағыз жүйрік буданнан шығатынын бүйіріне түйіп, бірде Арқа жақтан ал қара көк қос айғыр алдырғаны бар. Жауырыны тұтасқан, қылыш сабындай ғана қысқа мойынды арғымақ еді.
       Бай бесті биелерді іріктетіп жүріп, екеуіне екі үйір түзді. Ол үйірдіңкүтімі де ерекше болатын. Жайлау алдын солар көріп, судың тұнығын солар ішетіндей ықылас бөлінген. Бір жазда қос үйірді Жетімсайдан ары асырып, соны өріске шығарғаны әлі есінде. Еркебайды басшы етіп, төрт жылқышы сарқынды күзде біржола оралуға қамданып шыққан еді. Бұл өзі жуалы беткейден жұпар иісі аңқитын ала бөтен шүйгінді жайлау екен. Арғы беті жатаған арша жамылған жарлауыт қабақ боп келеді де, тау өзені тақырлаған құзға тіріледі. Құз асты құлдыраған су. Тар арнасы тас ағызған бұза өзен биіктен қарағанда қатып қалған көк мұзға ұқсап қыбырсыз көрінер еді. Тек су сарыны ғана жар қабақты жаңғыртып, тұншықпа әуен тынбай жататын.
       Қырсыққанда қос айғыр үйірге таласып, жайлаудың үрейін кетіретінді шығарды. Жылқышының көзі тайып кетсе болғаны, екеуі екі беткейден шұрқырасып кеп, ойпаңның ойранын шығарады. Мұндайда құрықтың қақпайы да, жылқышының жасқаған жан дәрмен даусы да шарасыз. Төртеуі бірдей жабылып жүріп, жарадар болған айғырларды қаумалап өз үйірлеріне қосатын. Бұл ұрпақ жолындағы ұлы айқас па, әлдінің әлсізге салар әлегі ме, әйтеуір мал ішінің бітіспес бәсекесі басталғалы жалқышылардан маза кеткен.
       Сәл бәсекенің аяғы бір күні сұмдықпен тұйықталып бітіп еді. Қос ал қара көк жердің топырағын атқылап, қиыршық тасты құмша уатып қуалай айқас салды. Тіктесіп келіп тұяқ серіпкенде, тиген жері таңбаланып қанталап шыға келеді. Біреуі қысқа бақайлау, бұлшық еттері білеуленіп қалған, томар шоқтықты жануар еді. Айқастың аты айқас. Мықтының бағы алдымен осындай егесте жанады. Сол кең кеуделі айғыр қарсыласын омыраулай соғып тізе бүктіреді. Енді сәтке кешіксе жалқұйрықтан жұрдай боп жаншылып жатарын бар болмысымен сезінген әлсізі алға ышқына ұмтылды да, сытыла қашты. Бағдар-бағытсыз бет алды тырақай шабыстан жылқышылар шошына ұмтылысқан. Бірақ үлгере алмады. Жеңілгені жар жағалай жөңкіліп, жеңгені қылқұйрықтан қуалай тістелей берген. Кенет соңғысы алдыңғысының бөксесін омырауымен соққанда, шатқаяқтап барып жардан құлдырады. Жеңгені сонда ғана шұрқырай бір кісінеп алды да, тұмсығымен ауа түрткілеп үйіріне қарай тартып тұрды. Жылқышылар жапырласа аттарынан түсіп, жар қабаққа үрпиісе үңіліп еді. Тасқа жұққан қан дақтары мен жапырыла сынған жатаған аршаның бұтақтарынан өзгені көре алмады. Мерт болған арғымақтың жан дәрмен соңғы кісінесі жылқышылардың құлағынан көпке дейін жаңғырығып кетпей қойған еді.
       Жылқышылар бұл оқиғаны жақсылыққа жори алмаған. «Бай малына ікімәт араласты. Бұл оң ырымнаң нышаны емес. Бірдеме көрінер-ау, сірә... Бізге де тықыр таянған шығар. Қызға бергісіз жүйрігін құхға беріп сымпиып шыға келгенімізді кешіре қояр деймісің. Қалай хабыр береміз. Жотамыздан таспа тілер әлі» десіп үрпиісіп жүрді. Ішкені бойларына сіңбей қалтыраумен жылқышылар ханбазар жаздың қалай өткенін де сезбей қалған.Жалғыз айғыр қос үйірді шарқ ұрып, шыр ілмей қаншырдай қатты да қалды. Мұнысы екі уайым боп ер қашты тірлік кешкелі қашан.
       Күзеуге түскендежылқышылар мал иесіне батып бара алмай күмілжіп жүргендерінде Шыныбектің өзі келді. Қасына үш-төрт нөкер еткен екен. Өзгеден бұрын солар сызданып берекені ала келді. Жылқы ішін тұс-тұстан аралап, айыздары қанған сияқты. Мал қоңынан мін тапқан жоқ. Бірақ байдың қабағы ашылмады. Айқайға басып, артық сөз де қор қылмады. Онсыз да суқаны қашып, сүлесоқтанған жалшыларын көзіне де ілмеді.
       - Ұстаның ананы, - деп атқосшыларына иек қақты. Сол-ақ екен бәрі тұс-тұстан ат қойып алқаракөкті қоршай бастады. Құрықтарын сүйретіп бір шеттен сәті еді. Өйткені бай бір сұмдықты бастағалы тұрғанын бәрі сезген.
       Тұс-тұстан қаумалаған құрық құтқара ма, айғырдың мойнына бұғалық түсті. Бүкіл денесі қалшылдай, танауы қорқырап, көзі төбесінен шыға шапыраштанып осқырынған сәйгүлікке Шыныбек сығырая қарады. Тазының бүйіріндей тартылып, қабырғасы сыртқа тепкен қайран бұланы қағыта мысқылдап тұр.
       - Тумасынан түк көрмегендей болған бейшара, битіңді салған-ақ екенсің, - деп тұртын шиырды. – Осыншама ұрыншақ болармысың.
       Қасындағы нөкерінің біреуі қамшысының сабын иегіне тіреп тұрып ат үстінде ықылық атты.
       - Байеке, иесі өзіңіз болған соң...
       Байдың ерге артқан қарны іркілдей селкілдеп тояттана күліп алды. Қасындағы қудың нені мегзеп айтқанын төңірек түгел түсінген. Қызық аулап қиянды шарлайтынын емеурінмен жеткізіп тұр мынау. Байдың күлгені содан еді. Ол қалай оқыс күлсе, солай оқыс тыйылды. Төңірегін күлдірек қабағының астынан сүзе шолып өтті де, қысқа сөйледі.
       - Қане бері жақындашы өзің?
       Бұғалақ бұраудың күшімен әрең тұрған сәйгүлік шатқаяқтай шатынап, қарт жылқышының қайратына илікпеді. Еркебай екінші қапталдан өз құрығын салып жіберген еді. Қос құрықпен кере тартып байдың алдына табандата сүйрелеп алып келгенде алқаракөк қолтығы буланып оқырана берді. Бай ат үстінен иіліп, қайшыланған құлақ түбінен тұқырта шеңгелдеді. Жауын жағадан алып сығымдағандай тегеурін еді бұл. Оң қолымен қамшысын көтере сөйледі.
       - Әй, алқаракөк, үлесіңе Шыныбектің үйірі жетпейді деп пе ең. Тектесіңді тепкендегі тапқаның қайсы. Арып-ашып, ақырында, азбанға айналғалы тұрсың, - деп сөз аяғын тақпақтай жөнелді.
                     Екеу едің бірің қайда,
                     Жаздай жиған шырың қайда?
                     Жайлау оты жақпады ма,
                     Жылқышылар бақпады ма?
       Сөйтті де, білеу қамшысымен жонынан тартып-тартып жіберді. Алқаракөк атырыла ышқынды да, бұғауды жұла қашты. Қос құрық айғырдың екі сауырын сабалап бара жатты.
       - Шырағым, Шыныбек-ай, қамшың қара етімді тілгеннен бетер болды-ау. Жазымышта айырылып ем, жазаңа жарасам өзіме бұйыршы,- деп қарт жылқышы Қасқабайдың көзінен жас ыршып кетті. -Киелі мал ма, кім біледі. Бейшараны қорлай көрмеші.
       - Ол өзін-өзі қорлады. Тарттырып жіберіңдер. Желтоқсанда желігі сорпамен шығар. Ал Қасқабайдың жазасы қайтып келгенде айтылады. Әзірше құлаған құздан арғымақтың басын әкеп берсін!
       Шыныбек тобы қайырылып жүре берді. Қаусаған шалға онан артық жаза жоғын біліп кетті. Алдына салар қарасыз арқа сүйер панасыз жалшыға бөтендей қол былғағаны қорлық болар еді. Сонысын танытып барады. Жылқышылардың түңіле түйсінгені де осы. Қалай етпек, құз табанына қалай жетпек. Жарға жабысар жарқанат емес. Қайратқа сеніп қолыңның көбесінен қан шапшытсаң да шатқалдың тасына табан тіреп түсер шама қайда. Қияметке жұмсағандай қинап кеткенін Қасқабай сонда сезіп қалшылдап қоя берген.
       Қасқабай құлаш-құлаш қыл шылбырдың бірнешеуін алып, жайлауға қайта бет алды. Кедейдің кегі кемсеңдеумен тынады екен. Бейшара шал дімкәс кемпірі мен Жанерке атты жалғыз қызына алаңдап, жалтақтаумен тұғанда өзге жылқышылар қарауға дәті шыдамай, жанарын жасыра берген. Жалғыз жіберуге Еркебайдың ары шыдамады. Серік боп атқа қонғанда Қасқабайдың көзінде қуаныш оты қылт еткендей болып еді-ау. Алайда өзге біреуді жазымға септес етіп ерткісі келмей екі ұдай тіл қатқан.
       - Айналайын, Еркебайжан, қор болған жанға қосыла күйіп қайтесің. Басыма салғанын көрермін-дағы. Тұзым таусылмаса сүлдерімді сүйретіп оралармын. Болмаса мен де жер құшармын. Құным құр жылқының басына ғана барабар екенін кесіп кетпеді ме әлгілер.
       - Еркебай жалғыз жібере алмады. Жазаға да, жамандыққа да ортақтаспаса ары жамаулы, жаны қамаулы жүретіндей көрінді де тұрды. Сол ойын ашып айтты.
       - Қасеке, байдың сізді тіктегені – үйірдің иесі дегені шығар. Әйтпесе әуелден –ақ тағдырымыз бір емес пе еді. Ендеше сізден несіне бөлектенейін. Қорғауға жарамасам да, қолдауға жарармын. Серіктестіре жүріңіз.
       - Айналайын – ай, енді не дейін саған. Бітімің мол жігіт ең, кесектігіңді таныттың - ау... Жат рудан болсаң да жақынымнан асқаның ғой бұл. Менен қайтпаса тәңірден қайтсын. Ризамын, шырағым,- деп кемсеңдей берген.
       Екеуі үш күн жүріп, қазан болған жайлауға қайтып келді. Таудың кеші қандай сұсты десеңші. Әлдебір сірескен алып иықтар жаншып жіберердей жан-жағыңды үрейлі түнек қымтап алады. Құлаған тас па, қыр кезген аң ба, әйтеуір,оқтын – оқтын төңіректі дүрліктіріп, құйқаңды құрыстырып дүбір естіледі. Төменде, табаныңның астында өзен сарыны өрекпиді:
       Сүмбіленің дер шағы биік құра бастаған екен, биіктен етекке қарай ұшпа қар сұлапты. Айнала азынаған суық. Екі жалшы етек-жеңін қымтанып, безек қағып, көрер таңды көзімен атырды.
       Түнімен тұман қаптап,сай-саланы сірей сылап тастапты. Көз жетер жердің бәрі көбіктеніп жатқандай, таңертең олар төңіректі бағдарлай алмай көп отырды. Ақырында, шапанның жыртылғандай саңылаулар ашылып, тұманның жігі сөгіле бастады. Еркебай шылбырларды жалғастырып әзірледі.Құзды жағалап, құламаны айқындап алды. Енді арқан бойлап етекке түсу керек. Өзі оңтайланып еді. Қасқабай көнбеді.
       Оның үстіне Еркебай түсер болса, ат үстінде ғана айғайшыға жарайтын шал жіпті ұстап тұра алмас еді.
       Еркебай білегіне шылбырды шыжымдап орады да бір ұшын қасқабайдың беліне байлады. Жарлауыттағы қой тасқа табан тіреп тұрып серігін құздан сырғытып түсіре берді. Алғашында бар салмақ екі қарын талдырғандай еді. Бірте – бірте иығы ұйып, белі үзіле жаздады. Маңдайы шып –шып тершіп, тістері шықырлады. Қолы арқанмен бірге созылып бара жатқандай зар қағады. Дауыстап тіл қатайын деп еді, жағы қарысып ауыз аштырмады. Еркебайға бұл азап ақыреттей ұзақ көрінді. Аяғы қалтырап, әбден әлі кеткен сәті еді. Кенет арқан кілт етіп босансығанда Еркебай шалқалап барып құлай жаздады.
       - Жеттім, шырағым,- деген дауыс құлағына талып естілгенде ғана Еркебай отыра кеткен. Белі қақсаған соң қой тасқа кеудесін сүйеп біраз жатты. Өн бойына қан жүгіріп, тамыры қайта бүлкілдегендей болды. Сірескен сіңірлері қалпына түстіме, бойы шымырлап бір түрлі рақаттанды.
       Бірақ мұнысы қас қағымдай жұмақ екен. Лезде бір үрей ұйқы-тұйқысын шығарды. Ол шатқалға көз тігіп, құлақ түріп жатқан. Жан дәрмен шыңылтыр үн жүрегін шым еткізді. Орнынан ұшып тұрды. Тапырақтап, не істерін білген жоқ. Арынды өзен қаңбақ шалды жаңқаша іліп әкетті ме деген ой берекесін алып қойып еді. Қалай төменге түсерін білмей қалбалақтай берді. Білегіне оратылған шылбырды сілкілеп зыр жүгірді.
       Анадай жерде бас түйістіріп мүлгіп тұрған аттары енді ғана көзге түскен. Жалма-жан солай жүгірді.
       Шылбыры жер сызып, тапырақтап келе жатқан иесін көргенде аттар елеңдей берді. Оқыранып, бір-бірінің жалын тұмсығымен түрткілей иіскеді. Танаулары желпілдеп қор-қор етеді.
       Еркебай келісімен екі аттың сағалдырығынан шап берді Нақ бір асаудың алқымына қолы әзер жеткендей бүре шеңгелдеп еді. Аттар шегіншектеп басын кегжеңдете тартынғандай болды да өсынау әлеуетті қолдың ырқына еріп жүре берді. Сол қашаннан таныс қол әуелгіде екпіндете сүйрегенімен, алысқа ұзаған жоқ. Иесі алып-құпыл қарбалас қимылдап, жүгенді кере тартқанда аттар мойнын көтеріп көндікті. Жүген ұшы ер басына ілінгенде, екеуі де тұмсығымен көк сүңгіп тыпыршыды.
       Еркебай қаңтарылған қос көліктің де аяғын құрық ұшындағы тұзақ шылбырмен тұсады. Ізінен қалмай ирелеңдеп жүрген шылбырдың ұшын тартпа астынан шалды да, таралғыдан өткізіп алды. Аттарға иесінің тірлігі түсініксіз еді. Қарсы алдындағы құзға алакөздене қарап, адамның ырқына қаға жусыз көне берген.
       Сөйткенше болған жоқ, Еркебай арқан бойлап, құздан құлдырап бара жатты...
       Енді анық байқады. Ернеуге жақын жерде шөккен нардай құжыр тас жатыр. Су сол тасты көбігімен көміп, жалай ағады екен. Өздері іздеп келген айғырдың өлексесі тасқа кептеліп тұр. Салбыраған басы су ішінде. Қарны шаңырақтанып кеуіп кетіпті. Бүйірі сөгіліп, қабырғалары арсиған екен. Жалаңаш ет ақжемденіп біткен. Қасқабай ашық бүйірге жармасып қатып қалыпты. Арна суы жауырынын қымтай ағады. Шалдың шеңгелі сәтке ашылса жұлып ала жөнелмек. Онан әрі тастан-тасқа соғып, қақпақылға салары бар. Соны ойлағанда Еркебайдың зәре-құты қалған жоқ.
       Ол іштен буынған қайыс белбеуін ағытты. Тай терісінен тіліп, өзі илеген еді. Тағынған сәтте төрт елідей жалпақ белдік мықынын мығымдай түсетін-ді. Ат үстінде бүгілмей, тік отыратыны содан. Дәл қәзір бұл белбеудің қаншалықты кәдеге асарын болжауға дегбірі жоқ еді. Әйтеуір, қарсы алдында ыңырсып жатқан шалға септігі тиер деген. Оның реті келмеді. Қарт жылқышының қарманып әрекет жасауға дәрмені қалмағанын жан ұшыра сезінді.
       Еркебай төбесі қылтиған тастарға аяқ салып жетпек. Кемердегі біреуіне табанын тигізіп еді. Тайғанақ екен.Аяғын тартып алды. Абайламай мұлт кетсең арнаға жем боласың.
       Қасқабайдың қалай жеткеніне таң. Жағадан құлаш созым ғана жердегі нысана қияметтей көрініп, көңілі алабұртып Еркебай алқына берген. Жүгіріп барып, әлгінде ғана өзі түскен қыл шылбырды шаппамен шорт қиып алды. Арғы ұшы қол жетер тұстағы шеңгелге орай салды. Аптыққан күйі қолындағы үзікке белдігін жолай жалғаумен әуре. Жарлауытта жатаған арша тұрған. Топ бұтағы су бетін жалап, ағын екпінімен секіректейді екен. Еркебай қос бұтақты жұптай орап қыл бұрау салды да, шылбыр бойлап суға түсе берді. Тасқа тиген аяғы тұрақ таппай, тобығы бұлтандағанымен енді ағын дәрменсіз еді. Тірсектен ұрғылағаннан аса алған жоқ.
       Ол арпалысып жүріп нысанаға жете бере, өлексеге кеуде тіреді. Денесі түршігіп кетті. Боржыған ет борпылдақ топырақша жұмсақ екен. Тау суының тастай суығы ғана осы уақытқа дейін ірітпей сақтаған сияқты. Ойылған бүйірі суға толыпты. Ішек – қарны көк балдырға ұқсап көлкіп тұр. Қасқабай соның ішіне қолын салып жіберіп, ырсиған қабырғаларға сүйеніп жатыр екен. Өлексенің су бетінде қалған бұл бүйірін, шамасы, қарақұс шоқылып ойса керек. Қалғанын пәршелеуге ағын жасқаған сияқты. Еркебайдың алғаш көз шалғанда көргені осы.
       Ол шалдың қолтығынан демей берген. Қасқабай ыңырсып шайқады. Тершігені ме, әлде шашыраған су ма, бетін бөртпе тамшы торлап алған екен. Кеңірдегі созылғандай қырылдақ үнмен тіл қатты. Өзінің осындай күйде неге жатқанын жас серігіне ескерткендей еді.
       - А...а... алдымен ба...с...ты жайға.
       - Сізді жағаға жеткізейін.
       - Қозғама. М...е...н шы дай... мын.
       Бұдан әрі сөз қозғаудың реті жоқ еді. Еркебай шаппасын жалаңаштап ыңғайлады да, суға шөккен ат басына қол созды. Кеңсірікке шеңгелін батырып жіберіп,алқымға пышақ салды.
       Өз ойынан өзі шошынғанын сезген жоқ. Селк етіп шоршығанда, иығы күреңінің тұмсығына тиген екен. Пысқырынып,басын кекжендете берді. Мұнысы «ием-ау, қай қылығың бұл» дегендей сезіліп, Еркебай тебіреніп кетті. Қанатты досының күрпінен сипалап отыр. Сол қалпы ескі ойға қайта сүңгіп кеткен.
       «Ол кезде Қасекең қазіргі менен де кәрі еді-ау. Қалай ғана шыдаған. Сүйегі асыл екен ғой. Кіріптар тірлік итарша етіп қанша сүйресе де атам жарықтық сыр бермей өткен екен-ау. Мен болсам әңгүдік Әлішердің назасына ұшырап отырысым мынау. Бірақ Қасекеңнің түбіне сол қорлық жетпеді ме. Қайран атам, қан жұтып кеткеніңді өз көзіммен көріп едім.»
       Еркебай Қасқабайды алып шыққанда шүйкедей шалдың кеудесі ғана сырылдап жатқан еді. Әбден әлсіреп сұлық қалған күйінде атқа өңгеріп қайтқан. Қанжығасында боз айғырдың басы. Қарт жылқышының жіліншігі сыныпты. Тау өзенінің тастай ағыны сүйек-сүйегінен өтіп, денесін бүрістіріп жіберген екен. Киімінен су сорғалап, ерге көлденең жатқан күйі ықылық ата берген. Еркебайдың да суқаны қашып, тісі тісіне тимей қалтыраумен отырды. Ер үстінен ауып түсуге сәл-ақ қалып, ат тізгінін бос жіберді. Ауылға алып келген ат аяғы еді.
       Қасқабай сол жатқаннан тұрмады. Қауқиған кемпірі мен жалғызқызы Жанерке мойындарына бұршақ салып тіленгенімен тәңірдің рақымы түспеп еді. Шалдың қызуы көтеріліп, булыға жөтелумен жатты. Аз күннен соң қан түкірді. Аузына тамызған судың өзін қылығына жұтып, сәт сайын нашарлай берген. Еркебайдың қайраты жеңді ме, жастықтың бұла күші ажалға көндікпеді ме, бір жұмадан соң қалқиып бас көтерген болатын. Ілініп-салынып аяғын әзер сүйреткен күйі Қасқабайдың көңілін сұрауға келгенде шалдың кірпігі ғана қимылдап жатыр екен. Еміс-еміс таныды. Ерні қимылдап ишарат білдірген соң, Еркебай сыбырға құлағын тосты. Көзінен жас сорғалай отырып, хал үстіндегі шалға серт бергендей сөйлеп еді. Шалдың: «Балам, саған сендім»,-дегені тебірентіп жіберген.
       - Тірі жүрсем апамдардан көз жазбаппын...
       Қасқабай: «Қос жетімді жылата көрме»,-деген еді. Жылатпадым дей алмаса да, қорған болдым деп Қасқабайдың аруағына талай сыйынған. Жанеркемен тұзы жарасып, екі жарты-бір бүтінге айналған еді.
       Шыныбек бай жазықсыз Қасқабайдың қанын көтергеніне қиналмады. Жарлының жаназасына қол ұшы созған болды да, бұл оқиғаны тез ұмыттыруға тырысты. Өзінің салтанат шырқын бұзбай арғымақ таңдап, сәйгүлік іріктеп, сән іздеуден танбады. Еркебай Қасқабайдың шаңырағына қарайлап, тұсау үстіне тұсау қосқандай жүре берген...
       Шыныбек ат үстінде сындарлы көрінетін. Жайшылықтағы салыңқы қарнын ерге артып қойып шалқая отыратын. Рабайсыз етілігіне қарамай ширақ. Көкпар десе көзі жанады. Мұрагер ұлы жоқтықтан ба, әйтеуір, тірнектеп өмір сүрмей, дүрмектеп жүруге құмар. Аздап айтысқа да әуес. Бәйбішесі Кенжені қыздан-қыз таңдап жүріп, айтыста танысып алған десетін. Жалғыз құрсақ көтеріп қыз туған. Соны көзқуаныш еткенмен жұбаныш етер ұлы жоқ. Ол кенженің үстіне тоқал да алмады. Ендігі өмірін серілікке арнағандай әуейілікпен жүретін. Қаратау қойнауының әр тұсындағы ауылдардан ықылас тапқан қыз-келіншектері көп деген сыбыс ел арасында жиі естілуші еді. Кенже де қабақ шытып қарсылық білдірген емес. Тұмшаланған тұйық тірлікке көндігіп біткендей көрінетін.
       Сол бір жылғы қыс созылмалы болып ауыл арасының араласы да үзіліп еді. Күн көзі жиі жылтырап, көктем нышаны көңілге ұялай бастағанда күтпеген қиындық алқымнан алды.
       Ақ түтек айналаның бәрін аласапыран күйге түсіріп, малшылардың берекесін кетірген. Сай – сала қарға кеңеліп, қырқаның қызыл тастары да қылау жамылған. Ұлыған боранға қасқырдың үні ұласып төңіректі үрейге толтырған кез болатын. Уақ малдар бүрісіп жұт тырнағына іліге бастады. Қар тарпып қармау іліктірер жылқы да амалы таусылғандай шұрқырасады.
       Бұл өзі наурыз алдындағы нәубеттей көрінген. Аз күннің ішінде таяғын сүйретіп тақыр боп шыққан қойшылар аз емес.
       Ондайлар шыбын жанын шүбірекке түйіп Шыныбектің райынан рақым күтеді. Әсіресе байдың немере ағасы Құлыбек болыс қутоқымданып қалыпты. Мансап қуып жүріп, мал басына мән бермейтін кісі еді. Екіталай егесте ол Шыныбек сияқты арқалы байлардың малын алдына сап, өзімсініп жұмсай беретін. Әулетінің дәулетіне даңқымен үлес қосып жүргенін іштей есепке түйетіні бар. Содан да үстемділікке еркін еді.
       Болыс сайлауының егесінде де Шыныбектің өзінен екі жүз тұяқ айдап апарып дуанбасының аузын алған Сөйтіп, Құлыбектің құрығы ұзын болып шыға келді.
       Сол болыстың шағын қорасын апат адақтап біткендей екен. Бір шоқының күңгейі мен теріскейін мекендеген екі ауылдың күй-жайын екі түрлі қалыпқа салып тынған бораннан соң ел адамдары есендік сұраса бастаған. Теріскей беттегі Құлыбектер аузы түгелге жуық титықтапты.
       Жайшылықта қырын қабағы таусылмайтын құбылмалы ел іші қиындықта бауыр іздеп аңсары ағайынға ауады екен. Содан ба наурыз күні екі ауылдың игі жақсылары дөң үстінде табысып құшақтары қауышқан күйі Шыныбектің үлкен үйіне келіп түскен еді. Қыстан қалған сыбаға сүрлеріне қоңылтақсып Еркебайға тай алдырып сойғызды. Құлыбек тобы көтеріңкі еді. Жұтқа ұрынып жұқалтаң тарттым деп отырған түрі жоқ. Ел үстінде есесі жүретінін көңілге тоқ санайтын сыңайы бар.
       Құлыбек ұзын бойлы арық кісі еді. Едірейген жез мұрты жұқа өңін қомсынғандай жақ сыртынан ербиіп тұратын. Селдір сарғыш қасы дөңес қабағын жиектеп тікенектеніп көрінеді. Аласа мол қой көзі адамға қарағанда оқыс бақшиятыны бар.Сонысын сездіргісі келмегендей сығырая көз тастайтын.
       «Сығырақ болыс» атанғаны содан. Қамшысын қонышынан Тастамайтын әдеті. Біреуге тіл қатса, қоншынан бүктеулі қамшысын суырып алып нұсқап сөйлейтін. Онсыз да сырықтай қолына қамшыны ұшының әмірін күтіп тына қалатын.
       Наурыз көже ішіліп, енді ет тосқан сәт еді. Жұрт әңгімеге еліге бастаған. Көбі тосын келген боранның әлегін айтысады.
       - Япырай, мұның өзі алабөтен алапаттай болды ғой. Түбі жақсылықтың нышаны болғай, әйтеуір, -деген бір шалға Құлыбек сығырая қарады. Анау тез тыйылды Құлыбек енді оңтайланып отырды да, қонышынан қамшысын суырды. Қамшы ұшы үй-ішін жағалай көздей келіп босаға жақтағы Еркебайға тірелді.
       - Бар, Кенже келінді шақыр.
       - Болысеке, келініңіз ас қамымен жүрген шығар!
       Бұйрығыңыз төтенше шыққаны қалай, -деп Шыныбек жымия келді.
       - Ән айттырып көңіл көтермесек болмас.
       - Бәлкім, келініңізбен айтысқалы отырған шығарсыз? -
       - Айтысса несі бар екен? Біз де қара жаяу емеспіз.
       - Болысеке, оныңызды білем,-деп Шыныбек құптай бас шұлғыды.
       - Дұрыс-дұрыс,-десіп өзгелер де жапырыла жалбақтасты.
       Бұл арада Кенже де келген еді. Сөзді Шыныбек бастады.
       - ол, бәйбіше, тұсыңа қайнағаң кеп өлең айтпақ. Жеңілсең- алдына бір үйір жылқы салам. Жеңсең-қайнағаң өзі кәдесін жасар.
       - Әп, бәрекелде, -деп отырғандар шу ете түсті. -Байекең бәс бағасын шырқап айтты. Әділ баға, әділ баға.
       - Бір үйір жылқы қайнағамның айтыспай-ақ алып жүрген сыбағасы емес пе, бас ием, -деп Кенже еркелей тіл қатты. Болысқа тиістіре сөйледі. -Әншейін жиын көркі үшін айт демесеңіз.
       - Келіндікі дұрыс, -деп Құлыбек ілгері ентелеп қойды.
       - Жоқ-жоқ. Сіз енді тартыншақтамаңыз, болысеке. Бәстің аты бәс,- деп Шыныбек толық денесін болысқа бұра отырды.
       - Отыр онда, келін,- деп Құлыбек қамшысын Кенже жаққа нұқыды.
       Кенже бұрыш жаққа бір қырыңдап жайғасты. Бір топ абысындары айнала қоршай отырды. Қайнаға мен келіннің айтысы басталып кетті. Құлыбек әу дегеннен іле сөйледі.

                     Алыс еді, әрқашан шамаң жұрттан,
                     Сол мінезің, келінжан, адамды ұтқан.
                     Мал ішінің шығынын сылтауратпай
                     Аулақпысың әйтеуір сараңдықтан?
       - Беу, шіркін, - дескен дауыстар гу етісті. Бәрі Кенже жаққа қарасты.
       Кенже ізет ұстап қайнағасының амандығын сұрады.

                     Сөз басталар әуелден амандықтан,
                     Шын амандық әрқашан амандықтан.
                     Сараңдыққа қосылып қыс қыспағы
                     Құтыла алмай жүрмісіз жамандықтан.
       - Ал әйтпесе...
       - Япырау, бұлар барласпай жатып бақасқа көшті ғой.
       - Доғарыңдар, айтыс естиік.
       Жұрт осылай дабырласып жатқанда Құлыбек өзге түртпекке көшкен еді.

                     Құлпырар неше түрлі кигендерің,
                     Ұятың бар –үлкеннен именгенің.
                     Кеудеде жүрегі бар адам түгіл,
                     Ерітер қара тасты тиген жерің.

       Шыныбек кеңкілдеп күлді. Қарны бүлк-бүлк етті.
       - Құлыкең келініне жақын жолды енді тапқалы отыр.
       Жұрт гу ете түсті. Бұл кезде Кенже де жауабын жолдап үлгерген еді.

                     Жабдықтап мінетінім қасқа дөнен,
                     Бәлеңнен сақта тәңір басқа келген.
                     Қайнаға қол ұшынан жалғаспасам,
                     Ұялам, тигізуге басқа денем.
       - Қайтсін-ай, сыпайылап келіні де келтіріп жатыр,- деп Шыныбек Кенже жаққа көз қысып қойды.
       Құлыбек жеңіс төбесін көргендей, желпініп қалды. Қоян қуған түлкідей түскен ізден жаңылмайтын тәрізді.

                     Құлынның жүйрік шығар қасқасынан,
                     Құр кекілік түспейді тас басынан.
                     Қолыңның қоспасынан ұстаған соң,
                     Келінжан, құр қалам ба басқасынан


       Екі жақтың салмағын саралап отырған да, мысқылмен жаралап отырған да Шыныбектің өзі. Өзгелер ашық пікірге бара алмай күлкімен ғана қосылысады.
       - Бәсе, айтам ғой, Құлекең енді құтқармайды.
       - Қой, шырығым, өйтіп кісіні арандатпасаң да болады ғой,- деді бір шал.
       - Ақсақал-ай, мені қайбір жетіскенімнен желігіп отыр дейсіз. Өздері емес пе орайын тауып, оралып өтіп жатқан.
       - Е-е, бұл жай айтыс қой.
       Кеу-кеулеген сөзді Кенженің даусы бөліп кетті.

                     Арғымаққа ұқсайды арда құнан,
                     Сарттың аты шықпайды шарбағынан.
                     Қолымның ұстатайын бармағынан,
                     Қайнаға үміт етпе ар жағынан.

       - Ау, болысеке, келінді ұялта бермеңізші. Қысылған соң шешіліп сөйлей алмай отыр ғой.
       - Сөз арнасын өзгертсеңші.
       - Болыс өзі біледі...
       Құлыбек бірін де елеген жоқ. Кенженің жауабын қумалай берді.

                     Ен салғаным үйірден арда құнан,
                     Бақ сынайды балықшы қармағынан.
                     Ұстатқан соң қолыңның бармағынан,
                     Құр қаламын қалайша аржағынан.

       - Міне, қайнаға деп, болысекемдерді айтса болады,- деп Шыныбек шынтақтап жата кетті. Бар денесі бүлкілдеп күліп жатыр. Кенже қалжыңның қағажуы қатайып бара жатқанын сезіп, беті ду-ду жанды. Жұрт алдында қайнағасын тойтарып, өзін-өзі арашалап алмаса күлкі құрығында қалатынын аңғарды. Мәміле сұрап, қайнағасының алдына ізет тізгінін көлденең тоқтатты.

                     Үш сом пұлды салып ем шай сандыққа,
                     Салғанымды ұмыттым қай сандыққа.
                     Жасың үлкен, бар еді қайнаға атың,
                     Бұра көрме көңіліңді шайтандыққа.
       Құлыбек ентелей беріп, кеңірдегін созып еді. Бір ақсақал тоқтатты.
       - Болды-болды...Ендігінің жөні жоқ. Асаулыққа салынғанмен амалың қалмады, болысеке. Сөз қадірі сөкеттікті көтермейді. Жеңілгеніңді мойында.
       - Солай-солай...
       - Сыйлы келін алдында айыбыңды өтерсің.
       Құлыбек қамшысын жерге тастай берді. Осы қақпақыл кезінде Кенже де сытылып шығып кетті.
       - Бәрекелді, келінге рақымет!
       - Шынекеңнің жеңгемізді айтыста жеңіп алды дегеніне шүбәланып қалдық қой. -Бұл сөйлеген Құлыбектің атқосшысы еді.
       - Жеңгең мендей күйеу табалмасын білген соң жеңіле салған да,- деп Шыныбек рақаттана күлді. Өзгелер де мәз болысты.
       - Келіге ризамын. Жеңгенінде дау жоқ. Сый-сияпатым қашан да әзір.
       - Япырай, менен олжалы жан болмады ғой. Үйір жылқымды арашалап, үстіме бәсіре таба бастағаны ма?

       - Олжа да орайлы адамына оралады демей ме?
       - Сөзіңізге құлдық, болысеке. Осы ықыласыңыздың өзі ініңізге алты ай азық. Ал үйір жылқыны алдыңызға салып аттандырам.
       - Немене, мені жылу сұрап жүр деймісің,- деп шамданған болды болыс.
       - Жоқ, құлеке, аттанарда мінгізген атым деп біліңіз.
       Азынаған алапатқа да алдырып жатқан мал емес пе. Ағайынға барған дүние адаспас...
       Құлыбек мойнын созып жонданған болды. Өзгелері жабыла бас шұлғысты.
       Еркебай көне ойдың көлшігінде малти берер ме еді. Біреу жеңінен тартқандай болды. Қараса иесін иіскелеп тұрған күреңі екен.
       - Жануарым-ай, жем тілеген екенсің ғой. Елес қуып отырып қалыппын. Кешіре гөр. Бәрі әлгі албастының кесірі.
       - Қазір-қазір жемдеймін.
       Шал күреңнің кекілін сипалай берді. Иесінің ықыласын айнытпай таныған күрең, қысқа мойнын салып жіберіп, тостағандай салыңқы ерні дірілдеп оқыранды.
       - Кемпір-ай, шығып кетші.
       Жанерке жаулығын жолай түзеп, аулаға шықты.
       - О, не, көкесі?- Ол ерін осылай атайтын. Бұл, «Бекәшімнің көкесі» дегені.
       - Жиренге жем бермеуші ме едің?
       - Қайдан білейін. Жаныңа қалған жалғыз тірлігіңді әлдеқашан бітірген шығар деп ем.
       - Еһе, сен де сөйтейін дедің бе енді?
       Еркебай белін тіреп тұра беріп еді. Тістеніп қайта отыра кетті.
       - Шалым-ау, саған не болған бүгін.
       - Еркелеп отыр деймісің. Шоры құрғыр қақсап барады.
       - Онда күн бұзылады десеңші.
       - Иә, енді сенің сәуегейлігің қалып еді.
       - Байғұст-ау, сынығым сыздаса ауа райы өзгереді дейтін өзің емес пе едің.
       - Десе ше...
       Жанерке үнсіз бұрыла берді. Ызғарлы жанардың ту сыртынан қадалып тұрғанын ол бүкіл болмысымен сезіп барады.
       Шалының шыдам шегі осындай зілді көзқараспен шектелетіні өзіне ежелден аян. Одан ары алапат дүлей мен астан-кестен ашу ма, әйтеуір морт кететін томырық бұла мінез басталады.
       Кемпірі сұлы саған ат дорбаны алып шыққанда шалының жанарындағы әгі ұшқын тарай қоймаған еді. Жадырай сөйлеп, жазылар қабақты аңдыды:
       - Шалым-ау, өзіңнен өзің тулағалы отырғаның қалай?
       Шал қолын тізесіне қойып үнсіз отыр. Кемпірі лебіз күтіп тапжылар емес. Аз ғана үзілісті арпа асаған ат жағының күтірі ғана бұзғандай. Еркебай кемпіріне сүйеніп орнынан сөйлей көтерілді.
       - Е-е, әлгі Әлішер антұрған...
       Жанерке шалына таңырқай қарады. Ернін сылп еткізді.
       - Байғұс-ау, не дейді сонда?
       - Найсабың біз сияқты кәрі-құртаңға қарап бос жүр екен, есе аңдып тұрады.
       - Жастың бәрі солай деймісің, шалым-ау. Көп ішінен ала-құланы көретінің бар екен. Біздің Бекентайлар жігіттің төресі емес пе әйтпесе.
       Шалдың иығы селкілдеді. Күліп тұр.
       - Алжығанның алды осы шығар. Өз балаңды қол жаулық етіп алға тоса беретінің не осы. Жоқ әлде Бәкешімді мақта масаң бойыңа ас батпай ма.
       - Анасы мақтанса айып па, шалым-ау.
       - Сен мақтама, ел мақтасын.
       - Ел де мақтайды, мен де мақтаймын.
       - Бопты. Онда анау Әлішерді де аспанға көтер...
       - Қара аспанды төндіре бермей, үйге кірші өзің. Келін мен бала да келіп қалар. Оған дейін немерелеріңмен күліп ойнап шай ішсеңші.
       Екеуі бірін-бірі сүйемелдеп үйге кірді.
       Жанерке әлгінде ғана сыпыра жайып шыққан. Қайтып келгенде иесіз тірлікті екі немересі емін-еркін жайлап алған екен. Бүлдіршіндей ақ сары қыз бет-аузына түгел қамыр жағыпты. Баттасқан саусақтарын тазалай алмай әлек. Одан үлкендеу ұл баланың ұсті-басына ұн шашылған. Көлдей сыпыраның шетіне жайғасып алып ақ ұнды шаңытып отыр.
       Кемпір күйбелең қағып жүгіреді.
       - Ойбұй, жазған басым-ай, енді қайттім. Бәрін бүлдірді-ау мына күшіктер,- деп ұмтыла берді.
       Бала уысындағы ұнды жолай себелеп төрге қарай қашты.
       Қыз тұруға икемделіп еді, тірсегі қалтырап отыра кетті. Сонан соң атасы жаққа еңбектей жөнелді.
       Жаңадан қаз басып жүрген немересінің мына қылығы шалдың жүйкесін босатып жіберіп еді. Жерден көтеріп алып, бауырына баса қойды. Қыз алаңсыз мәз болып, атасының кеудесін сипалай берген. Жанерке бұған да зілсіз күйіп пісті.
       - Жазған шал-ау, сенікі не жорық. Қарап тұрмай қас пен көздің арасында дирменшіге ұқсап шыға келдің ғой.
       Әкел бері,үсті-басын тазалайын. Сен-ақ осы екеуін шолжаңдатып жібердің-ау,-деп кемпір қол созып еді қыз атасына тығыла түсті.
       - Болды-болды. Бізді қайтесің. Онан да сыпыраңа ие болшы.
       Шалының мейірімді үні кемпірді де ықыластандырып жіберді. Қолын жуып, ас әзірлігіне кірісіп те кетті. Еркебай төрге барып жайғасты.Бешпентінің қалтасынан шаршы орамалын алып, немересінің тұлымынан бастап саусағынан дейінтазалай бастады. Сәбидің ірімшік иісі кеудесін кеңейтіп, бір түрлі сүйектері балқығандай еді. Ол тізесіне жайғасқан екінші немересінің арқасынан қағып қойды. Сол–ақ екен қос сәби үйдің ішін мәз күлкіге кенелтіп қайта ойнап кетті...
       Еркебай өз ұлының қай бастықтың тұсында да қадірлі екенін еске алды. Бұл оның жайдақтығы дейтін көрінеді.
       Әлішерлер өз пайдасын білмейтін жуасқа санап, қайрауға салып, бағады. Сондағы тілейтіні не екен. Түзу жолдан шығып түртінектеп жүрсін дегені ме. Бәкешім ондайға көне қоймас. Шақшабай мен Шегебайдың үпайы түгел. Әлішердікі не серілік екеніне түсінбей-ақ қойды. Бос далақтаумен келеді.
       Аналар болса «айранын өздері ішіп, шелегін бұған жалатып» қояды. Тым болмаса соны неге түсінбейді екен. «Адам араққа тояды, тамаққа тояды, мақтауға тоймайды» дейтінді шығарыпты. «Мақтауым жетпей жүр, әйтпесе біз де бір тізгінді ұстар едік. Әзірше осы тізгінім де жетеді. Отырыстың гүлімін» деумен жүр. Жігіт бойындағы қасиетімен көрінбесе, мақтағаннан не пайда. «Ата даңқымен қыз өтердің» шамасы ердің намысына жете бермесе керек еді. Әшекейлеп өткізе салатын базардың бұйымы емес қой. Өзі із болмаған кісі әр ізге аяқ жүгіртіп алаңдап қалмақ. Әлішердің қазіргі жайы сол емес пе. Өз үйіне өзі қонақ кісідей ошақ басына зер салудан қалғаны қашан. Әйелі байғұс көмбіс боп кездесіпті, әйтеуір. Колхоз тірлігіне араласатын да сол. Беркімбай болса кәріліктің қармағына ілікті. Баласының әңгүдік кейпі кеудесін шоқ боп күйдіріп жүр ғой. «Бекәшімнің жібі түзу екен-ау.
       Кемпір байғұс босқа күпінбеген екен. Бәрінен де табандылығы ұнайды. Сонысына әнебір жылы көзім қатты жетіп еді. Иә, әнебір жылы ғой...
       ...Үш жылы бұрын еді-ау. Күн райы ерте көктемнен сараңсып жерге жауын аз түсті. Бекәшімнің суармалы егісті қолға алғаны да сол болатын. Шуақпен тез көтерілген егін көзге бірден көрініп желкілдеп өсе бастаған еді. Бұл бір табиғаттың ықыласы шығар деп сүйсініп жүргенде күн қызуы үдей түскен. Жердің ылғалы азайып кеберси бергенін көргенде дихан жүрегі әлдебір қысталаңды сезгендей еді. Аспанның ала бұлтына қарайлап, талай күн егін басында алаңдаумен жүрді. Бірақ жауын жаумады. Жайқалып тұрған көк желек сары балақтанып шау тарта бастапты. Қырдың көгі де қуаңтып барады. Шаруаға жайсыз кездің алдын алмаса болмас.
       Бекәшім осы ойын айту үшін кеңсеге келген. Бастық та, партия ұйымының хатшысы да жоқ екен. Шақшабайға жолықты.
       Ертерек қамданып, пішенді қуратпай алдың ала орып алмаса, болмайтынын айтты. Егінге сушылар бөлмесе, үлгермейтінің білдірді. Шақшабай иығы селкілдеп күлгеннен аспады.
       «Біреудің құқына қол сұғып қайтесің. Шаруа жайын сенсіз де қарастырар адамдар бар. Өз егініңді біл»,- деп есеп шотын сақырлата төңкерістірген.
       Бекәшім сол бойы тоған басына барып, су деңгейін молайты. Үйге де қарамай, егін жайға қайта кетті. Аспан шаңытып тұр. Ызыңдаған жел де жоқ. Қапырық тынысы тарылтып барады. Табаныңның асты өрт боп жатқандай, бір ыстық леп бет шарпиды. Төңірек мұнартып, шақырайған күн көзі бет қаратар емес. Бәкешім тоған суын егінге шақтап бұрды. Өйтпесе, жалғыз өзіне игертпей кетеді.
       Салдыратып шайып өткеннің пайдасы шамалы. Әрі егін қанбайды, әрі жар қыртысы атызданып қалады. Бұдан өткен азап тағы жоқ. Келесі суарғанда су із қуалап өте шығады.
       Осыны ескерген дихан арық суын себенелеп төрт құлаққа бөлді де, егінге жайды. Құлақ арасын әдейі жиілетті. Көзбен шолып, реттеп отыруға ыңғайлы.
       Құлақтан ақтарылған су егіндікке түскенде кебірсінген топырақтан бу шықты. Әлден соң ауқымды алқапқа сыздықтап жайылып бара жатқан суды көргенде Бекәшім жымиып қойды. «Осы дұрыс. Шаймаламай жаймалап суарған жақсы.Топыраққа әбден сіңсін».
       Ол балағын түрініп жіберіп, кетпенін ыңғайлы ұстаған күйі егіндікке аяқ басты. Баяу жылжыған су легін кей тұста кетпенімен жер тегістен жетелей берді. Танауына ыстықлеппен бірге өзгеше бір хош исі келеді.Дихан дән иісін танып тұшынып жүр. Арқасынан күн өтіп, аяғын аптап қарығанын да елеген жоқ. Елейтіндей жағдайы да жоқ еді. Судың баяу жылжығанына сүйсініп тұрып, өз-өзінен шошынғандай да болды. Қанып ішкені ғанибет-ақ. Бірақ бұл аяңмен алыс гектар егіндікті қашан суарып бітемін. Бітуге тиіспін. Түнімен жүрсем де түгеспей тынбаспын». Бекәшім осылайша өзін қайраумен жүрді. Үйден ерте шығатын Күлсараның аяғы ауыр. Ай-күніне жетіп отыр.
       Ол Баймамырды төрт-бес күнге босатқанына өкініп тұр.
       Ынтымағы қосылған жас жұбайлардың тілегін қия алмаған.
       Келінді төркініне апарып қайтпақ еді. Звено атанған үш-төрт адамнан қалғаны өзі екен. Енді, міне, егін жайда жалғыздан-жалғыз кетпен сүйретіп жүрісі мынау. Сушы саны молдау болса бүкіл егіндікке суды бірден құлатып бітер еді. «Бәрі-бір бітіремін. Онсыз кете қоймаспын. Шіркін-ай, жауындатқыш агрегат болса ғой. Тоған суын нөсерлетіп лезде суарып алар едік. Колхоз даласының дені суармалы егістік болса да, осы бір тиімді істі басшылар қолға алмай-ақ келеді. Баймырзаға айтып қолдан құрастыру жағын қарастырмаса болмас».
       Бекәшім егін ортасында жүріп осылай қиялдап та алады.
       Аяғы жылы балшыққа батқан сайын сүйсінумен болды. Осылай жүріп кеш түсе бастағанын аңғарған жоқ еді. Балтыры аздап тызылдап, жотасы құрысқандай сезілді. Екі қары талып, кетпенді ауырсына бастады. Аздап басы лықылдады.
       Күнқақты болған сияқты. Таңдайы кеберсіп жұтына береді.
       Тоған суымен ернін жібітіп еді, лайсаң болған соң жұта алмады.
       Ол жаңа құлақтан су жіберді де, арық жиегіне шалқалап жата кетті. Шекесі бір сәтке шыңылдап, көз алды мұнартқандай болды. Әлден соң барып бәрі қалпына келгендей еді. Күн еңкейген сайын қылаусыз көк аспанға қызыл шапақ тарай бастады. Сол шапаққа қанатын жанығандай көз ұшында құс қалқиды. Арық суының майда сыбдыры құлаққа келеді. Бекәшім сыбдырға құлақ түріп біраз жатты. Денесі бір түрлі жеңілдеп тыңайып қалған түрі бар. Енді іске қайта кірісуге болады. Әлгінде ағытқан құлақ суы біраз жерге жайылып та үлгерген шығар. Байқап қарап, дөңес тұстарға шелдеп жеткізбесе болмас.
       Бекәшім осы оймен орнынан ширақ тұрды. Үстін қағып кетпенін қолына ала берген. Байқаса, алыста тоған жиектеп аттылы кісі келеді екен. Күрең қасқасын бүлкіге салған әкесін бірден танып тұр. Қолында түйіншегі бар. «Апам шыдамаған екен ғой. Сусын беріп жіберген шығар. Күні бойы тымтырыс кеткеніне алаңдап біткен де болар. Несін абыржыды екен... Мейлі, бір есептен көкемнің келгені де жақсы. Тым құрыса әңгімелесіп сергіп қалармын».
       Бекәшім кетпенін арық жиегіне қадады да, әкесі келе жатқан жаққа ілгерілей берді. Бұл кезде Еркебай да жақындап қалған. Тізгінді тарта ұстап, ер үстінде маңғаз отыр екен.
       Мейірімді жүзінде мақтаныш нышаны ойнағандай. Үзеңгіге шірене шалқайып, ұлының қасына тоқтады.
       - Келдіңіз бе, көке,- деп Бекәшім тізгінді ұстай берген.
       Шал қолындағы түйіншекті үнсіз ұсынды. Сонан соң ұлының иығына қол артып аттан түсті. Нық адымдап шеткері барып тұрды. Қамшысын шошайтып, қысқа сөйледі.
       - Тұсай сал.
       Бекәшім қолындағы түйіншегін жерге қойды да, күреңнің сағалдырығынан ұстап жетелей берді. Тоған жиегіне апарып аттың ауыздығын алды, аяғын тұсады. Тартпасын босатып, еркіне жіберді. Еркебай соның бәрін сырттан бақылап, мін таппай тұрған. Ұлы өзіне бұрылып ақсия жымиғанда бүйрегі бүлк еткендей болды. Риза кейіппен сақалын тараштады. Ұлы басын орамалмен таңып алған екен. Сонысы ұнамады. Маңдайын білегімен түре сүртініп қасына келген. Ұлына тіктеп қарады елжіреуден бойын аулақтатып, қатқыл сөйледі.
       - Х-ош! Әлдекімдерге ұқсап басыңа орамал салдым де...
       Бәкешім қызарақтап, маңдайын сипалай берді. Әкесінің тосын сөзіне абыржып қалған. Байқаса, мұны қайрап тұрғандай екен. Жайдары үнмен ақтала сөйледі.
       - Күн шыжып кеткен соң...
       - Күн шыжыса, күні бойы сені осында байлап ұстаған кісі бар ма.
       - Ой, көке-ай, тірлік бітпей жатыр ғой.
       - Бәлкім, түнерсің онда.
       - Қойыңызшы, көке, жазығым не. Міндетке алған шаруа болған соң ұятқа қалмайық деп жүрміз де. Егін шая боп өспей барады. ертерек суарып алмасақ өнімнен құр қалармыз бүгін ай жарықпен суарып үлгерсем деп тұрмын.
       Шал ұлының жүзіне тағы да қадала назар аударды. Маңдайы қыртыстанып, шаршап-ақ тұр. Сонда да айтқаны мынау.
       «Намысқа тырысады екен-ау, айналайын. Осыншама азаптанғанда азаматтығыма сөз келмесін деумен жүреді екен де.
       Еңбегің жана көргей,тек»...
       Еркебай қисынсыздау сөйлегенін іштей мойындап тұр,
       Ұлының тізе бүкпей тырбанып жүргенін көре тұрып, түртпек-тегеніне қынжылды. «Араз болған баладай дүрдиіп келгеніме не жосық, ей... Алжыған шығармын». Ол қамшысымен жер тіреп жамбастап қисая кетті. Енді өзгеше сөйлеп отыр. Үнінде қамқорлық бар.
       - Бол енді, ана түйіншектің ішінде ет бар шығар. Жақсылап жеп ал. Шешең сорпа құйып берейін деп осыншама безілдеп еді, алғамын жоқ. Бүйте берсе қазанын арқалатудан да тайынбас, -деп миығынан жымиып қойды. Ұлы қосыла жымиып отыр екен. Соны көріп тез тыйылды. – Алсаңшы, босқа ыржаңдай бермей. О, несі-ей. Әй, бірақ бабымен жемеген соң еттің де мәні болмас. Қарныңды жұбатуға жарайтын шығар.
       Бекәшім түйіншекті алдына алып табақ толы етке қол сала берген. Әкесі орнынан тұрып кетпенді қолына алды.
       Беларықтағы суға көңілі толмады ма, бас шайқап қойды.
       Сөйтті де тоған аузындағы бас құлаққа беттеді. Бекәшім етті түйіле жұтып, дауыстады.
       - Көке, не істегелі жүрсіз?
       - Суыңның мазасы жоқ қой.
       - Бір адамға соның өзі де жетеді, көке.
       - Енді екеуміз.
       Бәкешім ақсия жымиып алдындағы асты апыл-ғұпыл асай берді. Еркебай құлақ суын ағытып, беларықты молықтырды.
       Сырт бешпентін сыпырып желбегейленіп алды. Мәсісін шешті. Балағын түрініп еді, еті қашқан тарамыс тірсек сексеуілдің сабағындай сидаң көрінді. Бекәшімнің алғаш байқағаны осы.
       Ол дастарқанды асығыс жинастырып орнынан тұрып кетті.
       Сол күні әкелі-балалы екеуі түннің бір уағына дейін егін суғарды. Еркебайдың келгені Бекәшімге бел болғандай еді. Екеуі екі тұстан қадағалап, егістікті игеріп-ақ тастады.
       Бекәшім әкесін аяп жүр. Су сорып ауырып қалмаса игі еді» деумен көп алаңдаған. Кенет түнгі ауаны оқша кеулеп «ата, көке» деген нәзік дауыс құлаққа шаңқ етті. Екеуі де елеңдеп атызға шықты. Қос дауыст кезектесіп, түнгі ауаны жарып жіберердей естіледі. Бекәшім үлкен ұлының даусын таныды.
       - Апырай, мынау біздің баланың даусы ғой, - деп Еркебай аяғын арыққа салып жіберіп, балшығын жуа бастады.
       Денесі түршігіп бір үрей билеп алғандай дегбірсіз күйге енді. – Бұлар қайдан жүр. Жай болғай әйтеуір.
       Бекәшім әке үрейіне іштей қосылды да, ләм деп ауыз ашқан жоқ. Дауыс шыққан жаққа далбақтап жүгіре берген. Ұлын қарсы алғанда, онысы қасында аялдаған да жоқ.
       - Атам қайда, - деп алқынып жүр.
       - Мен мұндамын, Нарбасжан. Құлыным-ау, жеті түнде бұл қай жүрісің, -деп Еркебай қалбалақтап сөйлей келеді.
       - Ата-ата, сүйінші, жеңешем ұл туды, -деп немересі бар жаңалықты ақтара салды.
       - Не дейсің, жарқыным. Сөзіңе құлдық, құлыным.
       Еркебай екі баланы да құшақтап бауырына үнсіз басып тұрып қалды. Көзінен бір тамшы жас ыршып кеткен еді. Оны осынау айлы түннен бөтен ешкім аңғарған жоқ. Немересі әлгідей емес, бәсең үнмен сөйледі.
       - Әжем қиын болды дейді. Атам осы жаққа кеткеннен бері қиналыпты.
       - Қазір қайда, -деп үрейленгенін Бекәшім сезген жоқ.
       - Үйде.
       - Не дейсің?
       - Жеңешем үйде. Төрт-бес кемпір жиналды ғой. Мені шақырып алып олар көйлегімнің етегін жыртты. Сөйтіп, қайтадан қуып жіберді.
       Баланың үзік-үзік сөзінен Еркебай мен Бекәшім көп жайды аңғарып үлгерген. Әбден азапқа түскен екен. Көйлектің етегін сөккені- жақсылықтың ырымы. Бұл бала оны қайдан білсін.
       - Ауданға перзентханаға апару керек еді ғой, -деп абыржыған Бекәшімді шал бір сөзбен тежеді.
       - Бұған да шүкір де... Шешең сені аудансыз-ақ солай туған.- Осылай айтуын айтқамен Еркебайдың үні қалтырап кетіп еді. Сөз аяғы күбірге ұласты. – Айналайындар-ай –дей берді.
       Қазір сол немересі үштен асып, алдында асыр салып жүр.
       Шүкір, соңына тағы да нәресте ұласты. «Көз алдымда ойнақтаған қозыларым-ай. Ұзағынан сүйіндіре гөр. Бекәшімім де абыройсыз емес. Сол бір қуаншылықтың өзінде табанынан тік тұрып бітік өнім өсіріп еді-ау. Ауданның алды болған. Септігім тигеніне оңашада күпініп-ақ едім, ғой. Енді, міне, анасының әлпештеген бір сөзін көтере алмай қағып тастаппын, жазған басым. Бізді үй-ішімен звено деп атандырып еді ғой сонда Әлішерлер...Мейлі, не десе о десін. Одан Бәкешімнің түгі де кетпейді».
       Еркебай өз ойымен отырғанда кемпірі ас әзірлеп үлгерген екен. Қос немересі етегіне жармасып, енді соны мазалап жүр.
       Кемпір екеуіне еттен екі жұлып беріп, алдарқатып қойды. Бұл кезде жұмыстан Бекәшім мен Күлсара да келгенеді. Шал әлгінде ғана елжіреп отырған қалпында тез өзгеріп, қатқылданып алды.
       - Асалаумағалайкум, көке, -деді баласы.
       - Сәлеметсіз бе, ата, -деді келіні.
       Шал ұлына қолын ұсынған жоқ. Келініне де жауап қатпады. Бұл үйде таңертең «аман өрдің бе», кешке «аман келдің бе» деп қол алысу әкелі-балалы екеуінің әдетке сіңген дәстүрі еді. Бүгін сол дәстүр бұзылды.
       - Көкеме не болған? –деді келіні.
       - Әлгі Әлішер келіп әкеңе сыртта бірдеме десе керек.
       - Не деп жүр, көке?
       Бекәшім тіксініп қалды. Үнемі мамық күлкі кетпейтін жүзіне күдік үйіріліп ентелей сұрады.
       - Сені шақырып кетті.
       - Түкке түсінсем бүйырмасын, -деп Бекәшім екі қолын жайды.
       - Қосүрей боп қолыңды арбаңдата бермей тез киініп барсаңшы. Жаңа бастық үйіне шақырыпты.
       - Әлішердің не қатысы бар сонда.
       - Ой өзің де... Бар дедім ғой. Құрдасыңның өзінен сұрарсың оны...
       - Қап!
       Бекәшім амалсыз бұрылып жуынуға кетті.
       «Сол иттің тезі келіспей жүр-ау. Әйтпесе жаратылысында жібі түзу жігіт боп туған ғой», -деп ойлады Еркебай Әлішер жайлы. Көңілдің зілі кетіп, көкірегінде бір жылы ұшқын тұтана бастағандай.


ЕКІНШІ ТАРАУ


       Шақшабай жігіттерін кеңседе күтті. Жалғыз өзі үйге сыймағандай орындығын сықырлатып отыр. Алдындағы есепшоты ретсіз қақпайлап қояды. Ыңылдап ән салмақ еді. Онысы мұрнының астынан шықпады. Сонан соң саусағымен столдың шынысын тықылдатты. Осы шолақ дыбыс миын шаққандай, қайдағы бір сүреңсіз ойға беріліп кетті. Байқаса, дүниесі де, дүрмегі де жетеді екен. Ел арасында өзінен қыртысты ешкім жоқ сияқты. Бірде көзін тауып, бірде жұбаймен талай сүбелі жерге саусақ жүгіртіп келеді. Алақаны құр болмапты.
       Сонда да көңілі ортайып, оңашада кіжініп алады. Қанша шарғы жасаса да бастықтыққа жете алмай-ақ қойды. Алдында тағы бір баспалдақ тұрғанда, абайламасаң болмайды. Үнемі ығытын тауып, ықтасын іздеумен жүр. Әзірге мүлт кеткен жері жоқ. Бұрынғы басшылар мұның қырынан шығып көрмепті. Жігін тауып, жымдастырып-ақ жүрген. Енді мынау Есентайға із таққанша түртінектеумен болады. Келгелі бақылап-ақ байқады. Сыр алдырар емес. Тобылғыдай қатып қалған біреу екен. Өз ізін өзі санап жүргендей, шаң жұқпас көрінді. Облыстың көп аудандарын кезген қутұяқтау немені қай жағынан сипалап сыралғы етері әзірге Шақшабайдың өз басына да жұмбақ. Келгелі колхоздың есеп-қисабынан кейбір деректер сұрағаны болмаса, ашылып әңгімелескен жоқ.
       Ол орындығын сықырлатып тұрып кетті. Қолын беліне ақастырып, кеңсе ішінде арылы-берілі теңселіп жүр. Бір өкініш кеудесінде түйін боп тығылып алды. Соны жаза алмай әлек.
       Қайта көне киімге түскен жамаудай кілең көңілсіз ой жаңғыра береді. Әрекетсіз қалған жері де жоқ сияқты. Аудандағы кейбіреудің кілтін де тапқандай еді. Бастықтықтың төбесі көрінгендей болған. Оңашада әйелі екеуі тәубалық жасап, шүкіршілік еткендері бар-ды. Іштей сайланып жүргенде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан осы қатпа қара жетіп келді. Ауданның бірінші хатшысының ұйғарымы осылай болды. Сөйтіп, Шақшабай міне берген атының құйымшағынан сырғып түскендей отырып қалды. Кеудесінде запыран жиналып, үнсіз қыжылға көшкені содан.
       «Неге ғана сәті түспейді екен. Талай-ақ қисыны келді ғой.
       Жеме-жемде үйірімдегі шырқ айналған жаңқадай қала берем.
       Шүкір, бұл орыннан жамандық көрген жерім жоқ. Бірақ қазіргі күйім арқандаулы аттың әрекеті сияқты емес пе. Шылбыр жеткен жердің бәрін айнала дөңгелентіп үлгердім. Енді тақырлай бергеннен талғажау шығару да қиындай бастайды.
       Сөйте-сөйте өз шылбырыңа өзің маталғаныңды білмей қаласың. Осындай ауыс-түйісте шылбырыңды ұзартып, өріс ауыстырғанға не жетсін. Оның да сәті келмеді. Неге олай. Әлде жалғыз шауып жүрмін бе. Еті тірі деп екі-үшеуін жетелеп ем, ұсақ қақпайдан артпай жүр».
       Шақшабай бір сәтке төңірегіндегі жігіттерді безбендей берді. Анау бұжыр бет Шегебай өзінен бір елі қалыспай қанжығаласып келеді екен. Айырмасы өзінің ожаумен, оның қасықпен бір табақтан дәм татқандай ғана екен. Бірақ Шегебай қасықтың өзімен екі ұртап үлгеріп жүр емес пе... Әбден бір тамар күн туса тайқып кетуден тайынбайтынның өзі. Осы орынның үдесінен шығып жүрсе де жарар еді. Аяғына қарап сөйлегеннің арамдығы ішінде. Ыжыранып байсалданған болды.
       Бәрі дүниенің керті ғой. Әйтпесе екі аяғы жерге тимей елпілдейтіннің өзі. Беті қызылдың ұяты кем деуші еді. Ұялған-қызарғанын аңғара алмайсың. Өйткені, өз бетінің қызылы өзгені жасырып қалады.
       Шүкәй асықтай болған тәпелектек сары ше? Тәштиіп алып, өзінен-өзі тұрақ таппай кекжеңдейді де тұрады. Ірілік те бойға шақ. Сол тайқақ Қалқабектен не шығар дейсің. Кесек тірлігі жоқ тиыншыл неме. Жел айдаған қаңбақша ауытқып жүргені.
       Қанша тартсаң да өз кәсібіне жырылып шыға береді. Базар аңдыға пәлекет Бұл дүниеде есепсіз жүруге болмайды. Ал Қалқабектің есебі қадамымен бірге. Тиынға тісін сындырып қалтырап жүреді. Алақаны ал деп ашылып көрмепті. Жұрттан жылу жинағандай қысы-жазы қағыстырып жүріп пайда табады. Әншейін, кей кездерде қала асырып сататын нәрселерге септігі тиетіні болмаса, аулақ жүретін-ақ жан.
       Әлішердің жөні мүлде бөлек. Дырдыуға ғана епсекті даңғазаның өзі. Жанары шынының үгіндісіндей жылтырап, жұртың сыртынан тон пішкенге құмар. Сөз білесің дегенге қалпағы дағарадай боп жосықсыз көпіргенге мәз. Мінезі ұрмалау. Мұндайларға от көсетіп қойып, аулақтан бақылаған жақсы. Көңілін тауып көпсітіп қойсаң, жұмсаған жеріңе көзжүбайлықпен бара береді. Ашықта адасып, өзін-өзі таба алмай жүр. Сонысы керек.
       Шақшабайдың ойына Нұрқамыстың оқиғасы оралды. Кірпиязданып қалған біреу еді. Тіптен жалаңтөс адал болам деп, алқынып кетіп еді-ау. Бас мал дәрігерінің нұсқауынсыз қызыл ет жей алмайтын халге жеткенбіз. Аптығын Әлішер арқылы бір-ақ күнде басып едік. Осынша ортақ байлықтың арасында жүріп, Нұрқамыстың: «Ет керек болса сатып жеңдер», -дегені несі екен. Ақыры, ниетінен тауып тынды. Өзінен де бетер мәпелеп күткен бұқаларын Әлішер арқылы жоңышқаға айдаттым да тастадым. Ар жағы белгілі. Бәрінің іші кеуіп, қарны жада тастадым. Ар жағы белгілі. Бәрінің іші кеуіп, қарны жарылып өлді. Нұрқасым кімді кінәларын білген жоқ. Білсе де жалғыз өзінің үні шықпас етпедік пе. Орнынан алдырып, колхоздан аластап тындық. Міне, Әлішер сол сияқты бұрма тірліктердің қолы. Ал егер жөн тауып кетер болса, өз ісін атқаруға шамасы жетеді. Тек соған жібермеу керек. Құрғақ мақтаумен басын айналдырып қойып, құрықтан шығармаған жөн. Әсіресе мына жаңа бастық тұсында талай түртпекке жарар.
       Соның өзі көмбіс әйелді қайдан таба қойған. Әңгімеге арласы жоқ, артық күлкі, артық сөзі де шамалы. Үйге келген қонақ үстіне де кірмейді екен. Әлішердің айтқанын үнсіз атқара береді. О, тоба, екеуі бірін-бірі қалай тапты екен. Байы зар жақ, қатыны үндемес. Бірақ іске тындырымды деседі.
       Шақшабай Бекәшімді еске алғанда, қалғып отырып дәрі иіскегендей тыжырынып кетті. Осынысының қыбы келмеді.
       Өздеріне икемдеп-ақ көреді. Бірақ Бекәшім сыпайы араластан ары асқан емес. Өз пайдасын білмейтін неме ғой. Айналып кеп кетпенін табады, басқада ісі жоқ. Шұқыланып жүріп-ақ сонысымен ризығын тауып жүр. Мадақпен, маңсаппен ісі жоқ біреу. Үй-ішімен сондай. Осы жолы тағы байқап көрмек.
       Икемге келмесе өз обалы өзіне.
       Ол өзі туралы да қиялдап кеткенін аңғарған жоқ. Өкпелейтін жері жоқ екен. Сонысына тояттап, орындығына қайта отырды. Жақтауынан ұстап ырғап қойды. Осы көнетоз орындықта отырып-ақ талай бастықты тайдырыпты. Қағазын реттеп, Қалтасын қалыңдатумен келеді екен.
       Ел жарықтықта да кінә жоқ екен. Айтқанына көне береді.
       Не берсең соған қанағат. «Мұның қалай» деп жатқаны жоқ.Тіптен өздерінің тиеселі заемын іздемейді-ау. Қат-қатымен Шақшабайдың өзіне қалып келді. Оның да пайдасы мол. Тек енді «өтірік айтқан жерінде көп тұрманың» кері сияқты ығыты келгенде орын ауыстыра салу тиімді болар еді. Оған тағы мына Есентай көлденең келіп тұр. Егер осыны ығыстырар болса, аудан да қашанғы кірмелерге ырық берер дейсің. Демек, осы бастан Есентайды қақпақылға сала берген жөн. Соны бүгін өз дастарқанынан бастаған орайлы. Көрсін, тани берсін. Шамасына қараса шайлығу да осындайдан басталады.
       Шақшабайдың өзі есебі бар. Осындай құқайы басым құла топты жиып барып, әу бастан бастықтың әуселесін байқамақ.
       Бұрынғылар Шақшабайдан асып көрген емес. Бәрін шеңгеліне түсіріп алып, шекелерінен тықылдатып отыруды үйренген.
       Есентайды сол ізге түсіре алса болғаны. Бұл бастық не жүгінеді, не сүрінеді. «Өзге жол жоқ»,-деп түйген Шақшабай.
       Осылай өзін өзіне құптатып отырғанда жігіттер де жиналған болатын. Бекәшімнен өзгесі бар. Шақшабай соған шытынады. Білем-білем бұғағын басымен жаныштап аз отырды да, ойын кесіп айтты.
       Ал, жігіттер, әрқайсың бір шыныдан ақ арақ алыңдар,- дегенде төңірегіндегілер аңтарылып тұрып қалған.
       Шақшабай соған кеңк етті.- немене, түсінбей тұрмысыңдар.
       Оның мәні мынада. Біріншіден, сырын білмегеннің сыртынан жүрме дегендей, ептеп қасылап үйрете бергенге арақ жақсы.
       Екіншіден, алғанды кім жек көреді, көмейін байқалық. Апарғаныңа қол созғаннан-ақ үй иесінің пиғылын білуге болады.
       Ал енді алда-жалда түптеп келсек-ішкілік апару өзге дүниеден гөрі елеусіздеу. «Осыдан осы жылқы бойға сіңсе, тағысын тағы алармыз қосшы бала» ғой. Сол айтқандай ар жағын көре жатармыз.
       Өзгелер осыған келісті. Әлішер алақанын созып әмір жүргізе бастады.
       - Кәне, шақаларыңды шығарыңдар. Жинап жіберелік.
       Бұл жолы Шақшабай тағы жол сілтеген болды.
       - Жеке алыңдар. Жекелей ұстатыңдар.
       - Құп болады, Шақа.
       ...Бұлар келгенде Есентайлар дастарқан жасап күтіп отырған. Босағадан өзі қарсы алды.
       - Жігіттер, хош келдіңіздер, төрлетіңіздер.
       Аздап тілін төсеп сөйлей ме, Әлішерге мұнысы әдейі таптанып тұрғандай сезілді. Ат жақты келген арық кісі екен. Қаны қашқан қара торы өңі бір түрлі солғын тартып бозамықтанып көрінеді. Қабағы мен жақ сүйегі ерекше айқындалып тұрғаннан ба, жанары бір түрлі шүңіректеніп алыстан сүзіледі. Аласы молдау боп, адамға тік қадалады екен. Әлішер алғашында осы көзқарастан тайсалғандай кібіртіктей беріп еді. Шақшабай бүйірінен түртіп ас бөлмеге қарай аяғын еріксіз аттатты.
       - Отағасы, же-жеңгей қайда?- дегенін Әлішер өзі де сезбей қалды.
       - Мен мұнда едім, қайным, кешіріңіздер, ас қамымен алдарыңыздан шыға алмай жатқаным ғой.
       Дөңгелек жүз ақ сары әйел қолын алжапқышына жүре сүртініп жадырай күліп келе жатыр екен.
       - Міне, жеңеше,- деп Әлішер қойнындағы шынысын ұстата берді.
       - Ойбай-ау, мынауың не, қайным,-деген әйел даусын келген жігіттердің «алыңыз-алыңыз» деген жапа-тармағай үні көміп кетіп еді.
       Жігіттер ас бөлменің табалдырығында үйіріліп тұрғанда Есентай ішке еніп кеткен. Шөлмек сыңғыры құлағына еміс-еміс естілді. Артынша әйелінің:
       - Апырай,- деген абыржыған үні келді.
       «Бұлары несі екен»,-деді де қойды.
       Бұл кезде шақшабай бастаған топ аяқтарын еденге бір-бір тарпып қонақ үйдің табалдырығынан аттай берген. Есентай қолымен ишарат білдіріп төрді нұсқады. Қонақтар қаз тізіліп өте берді. Соңдарында жолақ боп із қалыпты. Бір талдырмаш қыз келіп лезде сүртіп үлгерді.
       Бұлар орындарына үнсіз жайғасты. Шақшабай мен шегебайдың орындығы сықырлады. Арқалығына шірене жайғасқанын Әлішер сезе қойып еді. Көп көз үй ішін айқұш-ұйқыш кезіп кетті. Осы үйдің ықыласынан бастап ыдыс-аяғына дейін әркім өз көңілінің таразысына салып өлшеп отырған сыңайы бар.
       Шақшабай жиһазға қоңылтақсып қалды. Жалаңаш қабырғалар өз үйінің кілемін еске түсіріп іштей көпсіп отыр.
       Табанының астын аяғымен ысқылап көрді. «Не кілем емес, не алаша емес ши сияқты тарғыл немені қайдан тапқан».
       Қалқабек сөре толған кітаптарға үңіле берді. «Бар тапқанын кітапқа жұмсайтын жалаңаш біреу-ау мынау».
       Шегебай үй иесінің өзін қомсынды. Бастық атаулыны қиғысы келмегендей шынжау денені ойша өңгеріп отыр. «Қолтығымның астында – ақ жүретін кісі ғой».
       Әлішердің әуелден дастарқанды түгендейтін әдеті. Үйге бас сұққаннан – ақ ашқарақ көз дастарқан бетін тізімдеп үлгеретін. Шыны мол болса шырайланып қалады. Бұл жолы бір түрлі жүрегі сазғандай болды. «Дастарқаны шөл далалау екен».
       Есентай да қонақтарының бұқпантай сәтін шолып үлгергендей еді. Осынау ыңғайсыз үйірімнен сытылып шыққысы келгендей үнсіздікті өзі бұзды.
       - Қалай, қыстан күйлісіздер ме?- деп жымиды. Әлішерге оның езуі құлағына жеткендей көрінді. Тістері ірі екен.
       Сырлап қойғандай жылтырай ма қалай?
       - Е-е, тұрлаусыз тұсқа кеп тұрмыз ғой, -деді Шақшабай өзін-өзі құптағандай бас шұлғып.
       - Қойыңыз, Шақа, тұрлаусыз пенде бар демейсіңіз, мұныңыз табиғатқа келе бермес. Көктемнің көзі ашылып келе жатқан жоқ па. Тек күліп қарсы алсақ болғаны.
       - Біз күліп үйренгенбіз, -деп Шегебай келте пікірді қыстыра қойды.
       Оның екі ұшты сөйлегенін отырғандардың бәрі де түсінді.
       Бірақ бәрі де аңқаусыды.
       - Інішек, кешіріңіз, әлі таныса алмай жатырмыз...
       - Шегебаймын.
       - Иә, Шегебай інішек, -деді Есентай, - «Әзілі жоқтың мәзірі жоқ» дегендей шымшыма болса да шыныңды айтқаныңа ризамын. Бірақ өз саныңды көгертіп отырғаныңды сезбедің-ау деймін. Үйреніп күлгеннің үдесі бола қояр ма екен.
       Жағынып күлгенді өз басым жақсылық дей алмаймын.
       Шегебай саусақтарын уқалай берді. Шақшабай ернін тістеп алды. Әлішер арашаға түскендей сөзге оқыс араласып еді.
       - Күлкі де күштіні сағалайды дегені ғой.
       Есентай езу тартып тұр екен. Сөзінің орайсыз шыққанын енді байқады.
       - Кешіріңіз, інішек...
       - Менің атым Әлішер.
       - Иә, Әлішер інішек. –Есентай жымиып. –Міне, осылайша танысып та үлгердік-ау деймін. Жалпы сағалағанды бағалағандар да бар шығар. Қайтеміз, ердің ебелегінен сақтасын дейміз де.
       Есентай танысудың тақасудан басталғанын ұната қойған жоқ. Әйтсе де сөз ретін сұраусыз жібергісі келмеді. Әзілқой елдің салтымен кезегінде ілмекі қалжыңның ілігін қайтарып тұрған. Осы кезде әйелі кірді.
       - Меймандарды күттіріп қойдым ба. Кешіріңіздер. Самауыр кіргізейін.
       - Соның дұрыс, Манатжан. Шай жабдығын әзірлей бер.-
       Есентай енді кісілерге бұрылды. Ал онда қол шаямыз ба...
       - Шайсақ шаялық,- деп Шақшабай қопаң етті.
       - Назкентай, ағаларыңа қол сүлгі әзірлеші.
       Көрші бөлмеден әлгінде еден сүрткен қыз қос орамал алып шықты. Бадана көз, қара торы қыз екен. Салалы кірпіктері сүзіліп тұр. Бір бұрым етіп өрген ұзын шашын ақ бантикпен ұштапты. Онысы қанат жайған көбелектей көрінеді. Қасының қалыңдығы сонша, бір түрлі біреуленіп тұр. Әлішердің аңғарғаны осы еді. Одан әрі жас қызға сұқтана беруге дәті жетпей көз тайдырып әкетті.
       Әлішер: «Бұл үйдің бәрі қатып қалған тәртіп екен», -деп ойлады.
       Келгеннен-ақ қалжыңның қалқасында беттерін біраз ашып алғандықтан ба Шақшабай тобы дастарқан басында еркін отырды. Есентай оймақтай ыдыстарға шарап құйып жатқанда өзгелер соның төңірегінде ой сабақтап еді.
       «Жоқ ыдысты қайдан тапқан деп отыр шақшабай.
       «Жарымайтын болдық-ау», -деген түйін Әлішерді түрткілеген.
       «Мұндай ыдыспен адам мас болмайтын шығар»,-деп отыр Қалқабек.
       «Тілге тимей, тіске сіңіп-ақ бітеді ғой мұнысы»,-деді Шегебай.
       Бұл арада Есентай ыдыстың бірін қолына алып сөз бастап еді.
       - Қадірлі қонақтар, келгендеріңізге көп рақмет. Бірге илейтін терінің пұшпағындай шағын шаруашылықты ортақтасып атқаратын болғандықтан, алдымен дидарласып алған артық емес шығар. Әрине, жиналыс жасап, қызмет бабымен танысуға да болатын еді. Алайда мен өз үйімде жақынырақ біліскенді жөн көрдім. Оның үстіне көшіп келіп жатқан соң салт бойынша әу шаңбасар беру де міндетіміз.
       Әлішер қармақ түсер жер осы–ау деп Есентайдың сөзін аяқтатпай іліп әкетті.
       - Шаңбасар болса шамалы ғана кідіреді екенсіз ғой...
       Есентай Әлішерге кірпік қақпай қадала қарады. Өзгелері стол астынан тізе түртісті.
       - Неге олай дедіңіз, інішек?..
       - Өйткені, шаңбасарды жолай көш доғарып тыныққан жерде береді демеуші ме еді.
       Есентай қасын керіп жымиды. Тікірейген қысқа шашы да қозғалды.
       - Өзің қусың ба деймін. Айтқаныңның да жөні бар, шаңбасардың жолай беретіні де рас. Бірақ мен осында түпкілікті келіп, бұрынғы өткен-кеткен шаңның бәріне су сепсем деймін...
       Осы кезде Бәкешім мен әйелі келген еді.
       - Есаға, кешіріңіздер, жұмыс басынан кештеу келіп қалғанымыз,-деп қол ұсынды. Сәл қысылса қызарып кететін әдеті болатын. Мұндайда кең маңдайын алақан сыртымен сипап алатыны бар. Оны өзі де сезбейді. Ширақ ұш келте қасы қоныс таппағандай қозғалақтай береді.
       Қәзір де қолын маңдайына қалай апарғанын байқаған жоқ.
       Ыңғайсыздықты сейілткісі келді ме, Күлсара да ақ жарқын үнмен тіл қатты.
       - Оның үстіне атамдарға шай қойып береміз деп...
       - Оқасы жоқ, келінжан. Келгендеріңізге ризамыз,-деп үйдің ықыласын Манат бір сөзбен-ақ ақтарып салды.
       Әлішер қолындағы шанышқысын шошайтып Бекәшімге тиісе түргелді.
       - Танауыңды делтитіп тұра бересің бе енді. Шық бері.
       Күлсара қалжың десе қайрала беретін. Бас қосқан жерде небір қыспақтан қыбын тауып шығып кететін. Тіптен қарсыласын қара тақырға да отырғызатыны бар. Әйтеуір не айтса да жарасып кететін келіншек еді. Сол әдетіне басып, Бәкешімді арашалай сөйледі.
       - Құрдас-ау, біреудің мұрнына үңілгенше көзіңе сақ болсаңшы.
       Әлішер тыртық көзінің суағарына жалма-жан қол жүгірті. Отырғандар ду күлісті. Отырыста кімнің мысы басса сол өктем болатынын Әлішер жақсы білетін. Келіншектің шым-шымасын дарытпай уыт басар жауап қатпаса осы жолы жығылары хақ. Соны сезді де Әлішер еріксіз ықылықтады.
       Манат риза пейілмен Күлсараның қолтығынан сүйеп орындық ұсына берді.
       - Айналайын, келінім – ай, ақ жарқын екенсің ғой тіптен.
       Бәсе, әйел жүрген жер осындай думанды болса керек еді.
       Тәуір болды-ау. Манадан өңшең еркек дәнекерсіз отырғандай еді. Айтпақшы, сөзшең қайным, сіздің үйдегі келін неге келмеген?
       Әлішерден бұрын Қалқабек тіл қатты.
       - Біз әйел ертпеуші ек.
       - Бұлардың звеносымен түгел келмегеніне шүкір,-деп бұқпантай үнмен тына қалды Шегебай. Мына сөзден Манат тіксіне тосылған. Сол сәтте Әлішердің миығына мысқыл ұялап күле сөйледі.
       - Жеңгей, сыныңызға шынымыз сол, жетелесіп жүретін бала емеспіз. Үйде отыратын да біреу керек шығар. Оның үстіне балшаға бар дегендей. Жалпы баяғыда қызға қырындап тұрып:
       «Әйеліңіз бар ғой аға, дей көрме,
       Ол әншейін үйімдегі балалардың шешесі»,-
       Деген екен бір білгіш.
       - Ендеше, білгішіңіз білмеген екен...
       Манаттың әлгіндегі жайдары даусы солғындап шықты.
       Күлсара қайта жадыратқысы келгендей қалжыңға басты.
       - Жеңеше, бұл құрдасқа ренжіп қайтесіз. Көп болса білгіш деп отырғаны өзі шығар...
       Екі әйел қосыла күлді. Өзгелері орындықтарын сықырлатып қозғалақтай берді.
       Адамның кейде иірімге түскендей оңды-солды құлаш сермейтіні болады. Мұндайда жағалаудағы қол жетер бұтаның өзін көрмей қармана береді. Әлішер сондай күйде еді. Содан ба қолапайсыз айта салды.
       - Палуанға оңы-солы бір демей ме, жеңгей?
       Осы тұста Есентай сөзге араласқан. Мәмілеге шақырып дастарқан берекесін ойлағандай орай еді. Үні байсалды шықты.
       - Жығыла берсе, оның несі палуан дейсің. Онан да жұрты дәмге тарталық, інішек.
       - Мұныңызға мен де қосылам,-деп әлішер орнынан лып етіп тұрды.-ендеше, алдымен кешіккендерге кесімді кесесін берейік. Ішіп қойсын.
       - Қой-ей, жын ұрған ба сені, -деп Бекәшім шынтағымен түртіп қалды. –Тосынан килікпесең болмай ма осы. Әуелі саған билікті кім берді өзі.
       Әлішер шанышқымен алдындағы табағын тықылдатты.
       Жоғарыдан төмен қарап бұрыла сөйлегеннен бе, бір көзі аса қарап, бір көзі баса қарап кеткен еді.
       - Сен енді тыпыршымай тыныш отыр. Так деші, бұл бір.
       Екіншіден, бәрібір дастарқан билігін маған бересіңдер. Сендерді әурелемей-ақ өз міндетіме кірісемін. Оның үстіне жеңгеміздің қабағы жадырап жүр екен. Мұндай жерде төраға болғанға не жетсін.
       Манат пейілдене сөйлеп, ақтала бастады.
       - Қайным-ай, жүрегімді елжіретіп жібердің ғой тіптен.
       Үйге келген қонаққа қол қусыру салтымыз емес пе еді.
       - Жо-жоқ, жеңгей, -деп Әлішер шанышқыны жоғары көтерді. Жиын тойда шанышқысы қолынан түспейтін әдеті бар. Бұл жолы да сонысын қайталады. –Менің екі әдетім бар. Келген үйдің әйелінің алдымен қабағына, онан соң табағына қараймын.
       Онысы рас еді. Алдымен келген үйдің әйелін қолпаштамай тынбайтын. Сонан соң ол үйдің жас баласы болса ептеп ойынға тартады. Мұнысы үлкен-кішіге бірдей мінезді көрінгісі келгені. Ал қасына әйел атаулы отырып қалса, күлкісі мен үнін, түрі мен сынын мақтап емініп отырғаны. Манатқа Әлішердің айтқан екі әдеті де ерсілеу көрінді ме, бұл жолы уытты сөз айтты.
       - Жалпы ер кісінің етектіге жалпақтай бергенінің несі жақсы дейсің, қайным.
       Отырғандар мырс етті. Әлішер тағы да қарманып тұр. Кеудесін көтеріп, төңірегін барлай қарады. Шақшабай шытынап отырғандай сезілді. Құрысын жазбаса болмас. Алақан сыртымен көз қиығын сипап жіберді де, жымиып сөз бастады.
       - Айтпақшы, әңгіме болсын. Есаға, сізге бір сауалым бар.
       - Құлағым сенде.
       - Сұрамағым мынау еді. Мана Манат жеңгем айтқандай, сіз де мұнда жалғыз келгенсіз бе?
       - Мұныңа түсінбедім,- деп Есентай аңтарыла қарады.
       Шақшабай орнынан қозғалақтап, жөткіріне берді. Мұнысы Әлішерді түрткілегені еді. Анау соны айнытпай сезді. Сезді де сөзін жалғады.
       - Жалпы деймін-ау, бұрынғы кеткен бастықтар келген кезде өзімен бірге топтап ағайындарын ілестіре келетін. Сөйтетін де шаруашылықтың түйінді жерінің бәріне жайғастыратын. Кетерде бәрі бірге кетуші еді.
       Есентайдың шүңірек көзінде бір ұшқын жалт еткендей болды. Бозғылт өңіне қан тепшіп қарауытты. Мына қисық сұраққа қырсық жауап беруге де болар еді. Оның орайы жоқ көрінді. Адалын айтып, арқа тұта сөйледі.
       Мен сіздерге сүйенемін.
       Бөлме іші бір сәтке тым-тырыс күйге батты. Әлішер шақшабайдың көзіндегі жымысқы құптауды аңғарып жолданып алды.
       - «Өзгенің сырығынан, өзіңнің құрығың артық» депті ғой бір білгіш.
       Есентай басын шұғыл көтеріп, жалт қарады. Жүзінде ризалық па, жоқ әлде таңдану ма, әйтеуір кейіске ұқсамайтын бір құбылыс бар еді.
       - Япырай, Әлішер-ай, мынауың шын білгіштің лебізіне ұқсады. Өз кеудеңнен шықса, өнерге жақынбысың деп қалдым ғой. Бірақ өз жолыңа түспей сен де өзгенің сырығына көз сүзіп жүрмісің, сірә. Солай емес пе, Шақа?
       Шақшабай бейқам отырса керек, өзінің аты аталғанда секең етті де «ыһм»деп белгісіз бас шұлғи салды. Мұнысы қостау екенін, әлде терістеу екенін өзге түгіл өзі де аңғара алмады. Орындығын ырғай түсті. Есентай бұл қимылдан маңғаздықтан көрі өзгешелеу шіреніс сезіп отыр. «Бұзау арасындағы бұқаша күжірейеді екен. Қасына ерткендері осының мүйзінің қақпайымен жүреді-ау шамасы. Тасада тұрып тас үлестіретін қу болмаса нетсін. Мына Әлішер де жылтыр сөзден жіп ескенмен, жалтақ көрінеді. Жалпы дұрыстап қолға алса жөн тапқалы тұр-ау».
       - Шақа, бізде де аздап желпініп дегендей... Қол көріп отырсақ қайтеді.
       Әлішердің бұл сөзіне Шақшабай үнсіз бас шұлғыды. Шегебай мен Қалқабек жымың етті. Есентай өзге орайдың ұштығын шығарды.
       Жігіттер, желпінгендеріңізге қарсы емеспін. Ән-күй тыңдап серги отыралық.
       Есаға, соның өзіне жоқтау едік, -деп әлішер тайғанақтай сөйледі.
       - Ондай алдымен Назыкеш қарындастарыңыз күйсандыққа қосылып бір-екі ән айтсын. Ар жағын көре жатармыз.
       Шақшабай тобы үн – түнсіз диванға жантайыса кетті.
       Тыңдаушысының селқос қалпы секем алдырды ма, Назыкеш бұл жолы бір түрлі қысылып әнді еркін шырқай алмады.
       Саусақтары жаңылысқандай ән әуезі күйсандықтан іркіле шығып, өрісін таппай өгейсігендей еді. «Бір бала» әнін осылайша ыдыратып әрең тауысып болған соң, қыз күйсандықтың қақпағын жаба қойды. Арқасындағы жалқы бұрым көңілінің дірілін сездіргендей, ақырын ғана әнтек тербелді. Қайта айт деп ешкім қолқалаған жоқ. Қыз оқыс тұрып ішкі үйіне жүгіре жөнелді.
       Есентай өмірінде өз қонағынан өзі дәл осындай жерініп көрмеген шығар. Көлденең жолаушының өзін көңілмен күтіпәдеттенген үй іші бүгін қисынын келтіре алмай – ақ қойды. Іліксіз жерден ілмелескендер өңкей. Шақырғанда көрмегі елдің еңбектегі тізгін ұстар адамдары еді. Кеңірек отырып, жанын жақынырақ ұқпақ болатын. Келгендері өңкей шатқаяқтаған шала мастар. Араларына Бекәшім қалай түсті екен. Есентайдың түсінбей отырғаны осы. Әйтпесе Шақшабайдың мына топты арнайы жинағаны көрініп тұр. Көрсеткен қыры ма, әлде ауылдың осындай адамдарын да тани бер дегені ме, немесе түбінде тіктеп келер мықтылар да осындайлар дегені ме,
       Есентай әзірге ол жағын болжай алмай отыр. Болжалдағысы да келген жоқ. Өз тарапынан қонақкәдені мінсіз атқаруға тырысты.
       Ыстық ас үстінде артық – ауыс сөз болған жоқ. Әлсін - әлсін Манаттың «алыңыздар-алыңыздар» дегені болмаса, орайлы артық көргендей ас басар шайға да қарайлайтын түрлері жоқ.
       - Жеңгей, осыған бір тартар ыдыс болса ғой,- деген соң Манат Әлішердің алдына аумақты ыдыстар әкеп қойды.
       Есентай аз лебіз айтпақ еді, зауқы бармады. Шақшабайлар иек қағысып алып қойды. Бекәшім маңдайын сипалады.
       Күлсара күлкісінен тыйылып бетіне қан тепшіп қысыла қызарып отыр.
       Астан соң қол жуылысымен Шақшабай тобы қабақ қағып бір – бірін ымдап ыңғайға сала бастап еді. Ендігі аялдауды артық көргендей ас басар шайға да қарайлайтын түрлері жоқ.
       Ал енді жиналайық, -деді Шақшабай әлдебір істі тындырғандай бейілденіп.
       - Асықпаңыздар қайтеді. Мәкеннің шайы да әзір тұрған шығар.
       - Иә, әкеле қояйын, даяр ғой,- деп Манат ас үйге беттей берді.
       - Әуре болмаңыздар. Үйдің де үлесіне орын қалдырмасақ болмас. Шайды бара ішерміз,- деп Әлішер орнынан үрдіс көтерілді.
       Қонақтар ауыз үйде сырт киімдерін киіп жатқанда Манат Күлсараға сый ұсынған.
       - Келінжан, енді абысындай болып араласа жүрелік.
       Әйел жолы жіңішке деген бар емес пе. Құралақан шыққаның келіспес. Салт сақтап орамал тартқалы тұрмын. Басыңа сала шық.
       Күлсара ақ сары жүзі албыраттанып абыржып тұр.
       Мұныңыз не, жеңеше. Қоя қойсаңызшы. Арнайы келген жоқпыз...
       Манат жадырай сөйлеп Күлсараның иығына шашақты ақжібек орамалды жаба берді.
       - Қысылма, келін. Арнайы келгенде арнаулы көйлегіңді киерсің.
       Есентай екі әйелдің ынтымағына риза болғандай күлімдеп тұра берді.
       Әлішер қутыңдай, мойны былқ-сылқ қозғалып қалжың айтты.
       - Япырай, біз де әйелдерімізді ерте келмеппіз де. Қарап тұрып үлесімізден қағылдық па деймін, Қалеке,-деп ол Қалқабектің жауырынына алақанын арта салды.
       Бұл кезде Шақшабайдың қолы есікте тұрған. Бір қолымен сырт киімінің қаракөл жағасын көтеріп жіберіп, тұтқаны тартты.
       - Ал онда сау болып тұрыңыздар,-деді де алдымен өзі табалдырық аттады.
       Есентай қынама бел тері тонын желбегей жамылды да, тысқа ілесе шықты. Қонақтармен есік алдында қоштасты.
       Келгендер жондары күжірейіп қараңғыға сүңгіп барады. Әлден соң алыстан талып естілген дыбыстары құлаққа еміс-еміс шалынып тұрды.
       ...Шақшабайлар жол бойы Есентайлардың үй-ішін іліктеумен болды.
       Шақа, бүгінгі сапарымызды саралап жібергенде қалай болды өзі,- деп Әлішер түртпектеп еді, анау алдымен өзгенің сырын білгісі кеп қарсы сұрақ қойды.
       - Өздерің қалай деп шықтыңдар?
       Түнгі ызғырықтан ығысқаны ма, әлде сүйемелі ме, олар қатар тізіп қолтықтасып келе жатқан. Шақшабайдың оң жағында Әлішер еді. Бүйірінен түрткен шынтақты ол ишарат деп ұқты да алдымен өзі сөйледі.
       - Басқасын қайдам, бастығымыз сықырлаған тік мінез біреу ме деп қалдым ғой. Шақа.
       - Оны неден түйдің?
       - Ойбай – ау мал иесіне тартады демей ме. Үйіне ағаштан өзге жинамапты.
       Шақшабай жөткірініп қойды.
       - Һх – Һх, ал сен не дейсің, Шегебай?
       - Мен не дейін, әйтеуір өзіне жуық маңда шыр біте қоймас.
       - Себеп...
       - Себебі, ыдыстары ұсақ екен.
       - Өй, қойшы, -деп Бекәшім кейіді. -Өзің қайдағыны қазбалайды екенсің. Қала тәртібін көргеннің белгісі ғой. Әйтпесе ас үнемдейін деп табақ-аяғын тарылтқан жоқ шығар.
       - Жарайды, жарайды, жақтаспай-ақ қой,- Шегебай міңгір ете қалды. – Онан да Қалқабек не дер екен. Соған құлақ тосалық.
       Қалқабек мүлдем басқаша сөйледі.
       - Өзінің өкпесі ауру ма деймін...
       - Енді тәуіптікке көшкенбісің, -деп Бекәшім мысқылдады.
       - Күлмей–ақ қой. Былтыр қалада болғанымда бір үлкен дәрігерден естігем.
       - Оны тексермей қайдан біледі?
       - Көзінен біледі.
       - Немене, көзіне жазып қоя ма екен?
       - Сен босқа кейіп келесің, Бекәшім. Дәрігердің айтуынша, көкірегі аурудың көзінде мұң жүреді екен. Жанарына жас кептелгендей үнемі кілегейленіп тұратын көрінеді. Айтпады демеңдер, нақ осыным рас келеді әлі.
       - Онда жетісіппіз, - деді Шақшабай таптана сөйлеп.-
       Секретарымыздың бауыры ауырушы еді. Енді оған бастықтың өкпе ауруы қосылса жарасады екен.
       Манадан Күлсара Үнсіз келе жатқан. Шыдай алмады ма, даусы қалтырап әрең сөйледі.
       - Сіздер бүгін ағайын боп аттанып, абысын боп оралып келесіңдер ме деймін.
       - Қой, келін, өйтіп тіл тигізбе бізге.
       - Тіл тигізген мен емес, сіздерсіздер. Мен айтсам көздеріңізше айттым. Сіздер өсек жетегіне еріп келесіздер.
       - Келініңіз тап қазір пара алған тергеушідей жалтақтап келе жатқан жоқ па, Шақа-ау, - деп қарқылдады Әлішер.
       Ала бөтен күлкі шыңылтыр ауаға жайылып, қараңғы түнде қыт-қыттап бара жатты.


ҮШІНШІ ТАРАУ


       Таң сызат бергенімен төңірек күреңіткен күйі тұнжырап тұрып алды. Айналаны жатаған сұйқылт тұман тұмшалаған екен. Таңның ақ сәулесін көлегейлегісі келгендей жер бауырлап көлкіп жатыр. Алыс маң көзге шалына алмай мұнарланып көрінеді. Дымқыл ауа еңсені басып, сал бөкселеніп тұр.
       Әр тұстан қораз даусы іліктесіп естіледі. Иттердің оқта-текте арп еткен тұншықпа үні шығады. Шамасы тұмсығын бауырына тығып алып, бүрісіп жатқан күйі «бұл дүниеде бармын»
       Деп селқос сес көрсеткен сияқты.
       Назыкеш терезеге бетін тақап сыртқа қарайлай береді.
       Екі алақанымен жағын көлегейлеп алыпты. Бозғыл таңның тұман көлегейлеген күңгірт шапағының арасынан көрші үйлердің жарығы тозаңытып көрінеді. Түсін сыртына тепкен бүртік қырау жер бетін бозамық тартқызыпты. Терезе алдындағы терек бұтақтары ақ үрпек балапанның ұлпа қауырсынындай үлбіреп тұрды. Назыкеш бусанған әйнекті жеңімен сүртіп жіберіп қызыға қарайды.
       Есентай ертеңгі шайды сәресінің дәміндей көріп құмарта ішті. Қызының тербеле берген бұрымынан өзгеріс сезіп отыр.
       Қазір қызы жайраңдап келіп мойнынан құшақтай алады.
       Сөйтеді де бетін тақап тұрып:
       - Ой, көке, керемет,- дейді. Мұнысы ерекше әсерге бөленгенде айтатыны.
       - Қызым – ау, не көріп тұрсың?
       - Ой, көке! Керемет қызық!
       - Тұман арасында жүрген қандай қызық екен, қызым,- деп Есентай жымиып қойды.- Онан да жақсылап шай ішіп алар болар. Таңғы астың несібесі мол екенін ұмыттың ба?
       - Ой, көке, шын айтам, қызық екен. Мына қыраудың өзі тоңған балапанның түгі сияқты үлбірейді екен.
       Есентай қызының маңдайынан иіскеп, шашынан сипады.
       Шай құйып отырған шешесі секемдене тіл қатты:
       - Сен қыз, қиялшыл болып барасың... Қайдағыны қиыстыруын қарашы,- деп үшеу ара отырса да оғаш тіл-көзден қорғаштағандай бәсең үнмен сөйлеп отыр.
       - Оның несі жаман, Манат-ау. Баланың қиялшыл боп, әр нәрсеге ой жүгіртіп өскені жақсы.
       - Жоқ-ә, сонда да, осы қыз жоқтан өзгені қиыстырады.
       Кеше бастаудан су алып кел десем, ұзақ уақыт жоқ болып кеткені. Өзім іздеп бардым. Сөйтсем, орамалының ұшын қайнардың көзіне жайып қойып қарап отыр. Азынаған суық өтеді-ау деп ойласайшы. «Ойбай-ау, мұның не», -деп шошып кеттім. Сөйтсем, маған: «Үндеме, мама» -деп мойныма асылып аузымды басады. «Қарашы-қарашы», -дейді. Нені қараймын.
       Бұл маған қайнарды көрсетеді. «Қызым-ау, не көріп тұрсың»,-
       Деймін. Қызың менің мойнымнан иіп еңкейтті де, орамалының ұшын су бетіне қайта жайды. Байқасам, қайнардың көздері орамалдың әр жерін бүлкілдетіп түрткілейді екен. «Мама, көрдің бе, тура шоршыған шабақ сияқты»,-дей ме, құдай-ау.
       «Кейде жамырап кеп анасын емген қозылардың ернін елестеді»,-дейді. Қызды сол жерде жетелеп алып, үйге қарай, жүгірдім. Жолай ол әлгіден де бөлегін айтқаны ғой. «Мама бастау да адамның жүрегіндей соғады екен. Әр бастау алып жердің жүрегіндей»- деп тақпақтағаны. Үрейленгенім сонша, буын-буыным қалтырап кетті.
       Есентай еңкіштеу жауырыны ентелей түсіп ұйып тыңдап отыр екен. Көз шарасы молайып жанары нұрланып тұр. Манат енді күйеуінен тартыншақтады.
       - Бетім-ау, сен де ұшқындап отырсың ғой, әкесі. Қой, сендерге дауа жоқ шығар.
       Есентай күліп жіберді.
       - Оның шошитын түгі де жоқ, Манат-ау, қызың ақын болғалы тұр екен.
       - Қойшы әрі, әйелден ақын шығып жарыта қоймас.
       - Енді мұның әділдікке жатпайды, Манат.
       - Мейлі, өз ойым осы. Бар болғыр, онан да жолға әзірленші.
       Бұл кезде Назыкеш терезеге қайта үңіліп тұрған.
       - Әне, келе жатыр,-деп портфелін ала жүгірді. Іле машинаның даусы естілді.
       Есентай орнынан тұрып жүре сөйледі.
       - Осы мектепке бөлінген машина ғана ұқыпты жүріп тұр. әйтеуір. Өзі адал жігіт екен.
       - Сен де міне кетпейсің бе. Барар жерлерің бір ғой, ақыры. Машинаң қашан жөнделіп бітерін кім білсін.
       - Жоқ, атпен барам.
       Бұл колхозда орта мектеп жоқ еді. Балаларға арнаулы машина бөліп, аудан орталығына тасып оқытқанына бірер жыл болыпты. Содан бері шофері бұл жұмысты мінсіз атқарып жүр екен. Осында келгелі Назыкеш те ауыл балаларына осылай қосылып кеткен.
       Есентай сыртқа шыққанда тұман сейіліп таң жарығы таңбалана түскен еді. Аздап ызғырық бар екен. Қынама тонның жағасын көтеріп алды. Қиыршық ұшқындай ма, әлде жел желпіген қырау ма, әйтеуір беті шымырланғандай болды.
       Қашан ширықсаң да, көктем сені көлбеңдете қоймас енді.
       Бетке тиген қиыршығың берекесіз еріп қапты ғой». Есентай ертеңгі суықпен осылай егескендей еді. Адымдай басып, жылқы қораға бет алды.
       Есентайдың келгелі байқағаны-бұл ауылда бұлақ көп екен. Колхоз ертеден келе жатса да ел тұрақты көшеге толық орныға қоймапты. Ежелден әр бұлақтың басын иемденіп он шақты үй отырады екен де, бір бригада атанады екен. Содан еккен бағы да, тіккен талы да әр тұстан төбел – төбел болып ойдымдалып қала берген. Әркім қалауынша қадау шаншып, ағаштың жемісінен гөрі, саясын таңсық еткен ел сияқты. Есентайдың ең алғаш көкейіне түйіп таңырқағаны осы еді... Дәл қазір сол дара дарақтар тұман арасынан қашқақтап қарауытқандай.
       Ол орталық көше аталатын ішекше созылған ұзын жолға түсті. Біраз жүрген соң алдындағы тас тұмсықтан бұрылады да, Молдасайдағы жылқы қораға барады. Баяғыда осы сайдың басында бір байдың қыстауы болыпты. Сол жерге молда алдырып, бала оқытса керек. Содан Молдасай атаныпты. Кейін сол қыстаудың жұрнағы уақ малға ықтасын болып жүріпті де, бертінде қора салыныпты. Асығыс атүсті салынған қора ұзаққа шыдамай саңғалданып шыға келген екен. Қой қамауға шыдамаған соң, төзімді деп жылқыны көшіргеніне де біраз болыпты.
       Есентай көше бойлап жалғыз келе жатыр. Әзірге ерте өріп ел тірлігіне асығып бара жатқан ешкімді кездестірген жоқ.
       Әлдебіреулер желбегей жамылған сырт киімінің етегі шұбатылған күйі құман көтеріп, үй айналып барады. «Намаз қамына кіріскен шалдар шығар». Тағы бір үйдің алдында трактор қаңтарулы тұр. «Аулаға әкеп байлайтын арғымақты тапқан екен». Бір үйдің алдында екі бөшке артылған жайдақ арбаның шабағын тартқылап қос ат тыпыршиды. «Май тасушы айсадықтың үйі екен ғой». Шифрлы бастырманың панасында жабулы «Волга» тұр. Екі шетінде екі төбет арсылдады. «Бұл Шегебайдың үйі екен».
       Осылай әр үйдің тұрқынан, аула-аймағынан кісілерін болжамдап келе жатқанда Есентай бұрылысқа да жетіп еді.
       Енді қора мен ауыл арасында едәуір елсіз сай бар.
       Ол ауыл сыртын орағытып өтетін көлденең кең тоғаннан әзір қарғыды. Жиегі тайғанақтау екен. Тоған сырты үрке шыққан топ-топ долана. Оң жақ бетте ойдым-ойдым тұт ағашы. Енді байқады, топ есек тұт ағашын емін-еркін жайлап жүр екен. «Қайран ағаштың қор болғаны-ай».
       Сарайға жақындағанда кісінеген жылқы үні айқын естіле бастады. Етегі жер сызған тәпелтек кісі қақпа аузында тұрып алып ұзын жеңімен тонын қаудыратып сабалап қояды. Оған қоса кетік тістің арасынан ызғырықтаған олақ ысқырық жырымдалып естіледі. Іштен оқырана шыққан жылқылар оған одырая қарап ойқастап барады. Беткейге өргізіп тұрса керек. Есентай мұның жылқышы екенін, әлде қарауыл екенін ажырата алмай келеді. Сай іші еңістікке қарағанда ықтасындау екен. Қақпа алдындағы кісі сонда да желкелігі жаялықтай түлкі тұмағының бауын шарт түйініп алған. «Түнімен қарауылда болса қиындау-ау»,-деп ойлады Есентай жақындай бере. Ол бұған назар аударған жоқ. Екі жеңін сабалаған күйі тұра берді. Жылқы болса ұя аузынан үрке көтерілген құс сияқты кең дарбазадан оқша зулап атырыла жөнеледі.