Туындылары
МЕЙІРІМ ШУАҒЫ (хикаят)
Мейірімді жандар болмаса,
дүние қараң қалар еді.
Ш.Мұртаза
- Осы жұрт қызық! Адам көрмегендей соншама тесірейе қарайды. Кейбірінің көз қозғалысы тоқтап қалғандай, кірпік қақпай, бедірейе бақшиятынына қайран қалам. Әлде біз жұрттың жанарын жаулап алар керемет сұлумыз ба?!
- О-һ-о, өзің туралы пікірің жоғары ғой. Солай болса, солай-ақ шығар. Кей жігіттер, тіпті, аяқ астына қарамай, жаныңнан өтіп кеткен соң да, бұрылып және бір рет көз тігетінін қайтерсің. Өткенде бір жігіт өтіп барып, бұрыла берді де, сүрініп кетіп, омақаса құлады, байғұс. Аяғын ақсаңдай басса да, бәрібір бұрылып ұрлана қарады ғой, сабазың!
- Иә, адамдардың көбі қос аяқтың қадірін білмеген соң, күндіз-түні дамыл таппай бездеңдейді де жүреді, дә. Сосын шұқырға түсіп, биіктен секіріп, сап-сау аяқты сындырып жатқаны... Не қат болса, сол қадірлі деген.
- Шыны солай... Сенің сөзіңнен кейін қазақтың данагөй қарттарынан қалған қадір туралы бес түрлі нақыл есіме түсіп кетті. «Өлмей тұрып тіршіліктің қадірін біл», «Ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін біл», «Кәрілік келмей тұрып, жастықтың қадірін біл»,... Сосын... қалай еді?!.
- «Басыңа іс түспей тұрып, бостандықтың қадірін біл», «Кедейлік келмей тұрып, барлықтың қадірін біл,» деген. Гүлім-ау, сен не, жасыңа жетпей айналдырған бес нақылды ұмыта бастағансың ба?
- Жоға, Ботам, көктем, ғой, көктем ұмыттырып тұрған! Бұл қиялға қилы қиқым түсер шақ емес пе?!
- Сырт сұлулығы алдамшы, жан сұлулығы өмірлік. Көктем деп әр нәрсеге елітіп, мұны да естен шығарып алма, Гүлім! – Жол жағалай баяу аяңдаған қос құрбы риясыз сықылықтай күлді. Осы сәт бірі қоларбаға маталып, екіншісі сол арбаны дәмеп, әрі өзі сүйеніш етіп келе жатқан тағдыр қосқан қос құрбының отты жанарларынан мына жарық дүниеге деген шексіз іңкәрлік, қиын да қызық өмірге деген құштарлық, тіршілікке деген ынтазарлық, тұнық та таза махаббат нұры төгіліп тұр еді...
Осындай әдемі әзілмен өз көңілдерін өздері көтеріп, жұмыс орнына жеткенде, есік алдында екі-үш адам бұларды күтіп тұр екен.
- Ой-бу, Гүлім-ау, тапсырыс берушілер күтіп қалыпты ғой, ұят болды-ау, ә?! – Бота ыңғайсыздана баяу тіл қатты.
- Ештеме етпес. Әлі ерте ғой. Асығыс жүргендер шығар, – деді ол да ақырын. Сөйтіп, қыздар қатар-қатар тізілген сауда дүңгіршектердің ортасында орналасқан өз дүңгіршегінің есігін ашып, ішке енді. Өздерімен қосарлана кірген адамдар кеше кешкісін тапсырыс беріп кеткендер екен. Құрбылар ол тапсырыстарды кеш қалса да, кеше бітіріп кеткені дұрыс болыпты. Тапсырыстың дер кезінде әрі сапалы орындалғанына риза болғандар қайта-қайта рахметін айтып, қоштасып жатыр. «Күнде осында болсаңыздар, құрбылармен бірге келіп тұрар ек,» деді бір бойжеткен қысқартуға берген көйлегінің сапалы қысқартылғанына мәз болып. «Иә, осындамыз, келіп тұрыңдар,» деді Бота да сыпайы ғана.
Оңаша қалған сәтте құрбылар жұмыс орындарын реттестіріп, еденге түскен матаның қиқым-сиқымдарын сыпырып, ине, жіптерін жаңа жұмыс күніне даярлауға кірісті. Гүлім еден сыпырып жатып, бір сәт үнсіз қалған Ботаға көз қиығын тастады. Бота көптен серігіне айналған «Зингер» тігін машинасын алақанымен сипалай ойға шомып кетіпті. Гүлім оның ойлы жанарының тереңінен әлдебір жұмбақ мұңды байқады. Бірақ үндемеді. Оның ойын бөлгісі келмеді. Өйткені, тағдырлас құрбысы Ботаның бүкіл жан сыры оған баяғыдан мәлім-ді. Оған бірге жүрген ұзақ күндер мен ұйқысыз өткізген тылсым түндер куә. Екеуінің жан тебіреністері, көңіл толқулары, ой-пікірлері ылғи да бір арнада тоғысып, терең иірімдерге, көл-көсір дарияларға бірге бет түзейтіндей. Көп нәрсені өзара қас-қабақтан-ақ түсінісетін жағдайға жеткен. Сонда да болса, Гүлім Ботаның тым терең ойға батқанын, әлдене есіне түсіп жабырқамауын ойлап, ақырын үн қатты.
- Ботам-ау, мына офисімізге ұлттық нақышта әрі соңғы сән үлгісіне сай етіп екі-үш камзол-көйлек, жейде-жамылғы тігіп қойсақ қалай дерсің? Тапсырыс беруші міндетті түрде назар аударады. Кішкене болса да, жастардың киім-кешегінде қазақы деталь болуы керек қой. Сонда қазақ жастарын көп ішінен бірден ажыратуға болар еді. Қазір кәрісі қайсы, қырғыз, қазағы қайсы дегендей тану қиындап бара жатқандай. Әйтеуір түр-тұлғалары тым ұқсас боп, ұлттар өзара араласып кетіп жатқан секілді. – Бота жымия күлді де, Гүлімге ерекше ілтипатпен қарап:
- Гүлім-ау, аядай бөлмені әжептәуір кәсіпкерлер сияқты офиске теңеп, көңілді бір көтеріп тастадың ғой. Қазір сен екеуміз секілді Алла тағала бір мүшесі кем етіп жаратқан не тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ғаріп боп қалған адамдар өмірден өз үлесін өз еңбегімен алуға әрекет етіп жатыр емес пе? Кешегі совет дәуірінде ғой мүгедек, кемтар деп мүсіркеп, қоғам, ел алдына шығаруға ар көріп, бізді биліктің өзі тас қоршаулардың ішіне қамап ұстағаны. Күні кеше сонау Астананың төрінде мүгедектердің қоларбасын құрастыратын цех ашылып, оған тек мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа қабылданды. Міне, әділет деген сол, ұзағынан сүйіндіргей! Ешкімге қол жаймайсың. Жұмыс орнын жасап берсе болды, ел қатарлы еңбектеніп өкіметке тиісті салықты төлеп, еркін тыныстайсың. Біз де өзіміздің адал еңбегіміздің рахатын көргіміз келеді. Сонау Созақтың даласында да мүгедектер «Біз қоғамға масыл емеспіз» деп бірлесе еңбек етуге кірісті емес пе? Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда 470 мыңға жуық мүгедек тіркеуде тұр екен. Тіркелмегені қаншама?! Солардың 70 пайызы екеуміз секілді еңбекке жарамды. Міне, біле білгенге жұмыс қолы қайда жатыр! Әрі олар еңбекті шын ниетімен, таза қолымен жасар еді. Ұрлық-қорлық олардан шықпасы белгілі. Есепте тұрғандардың 50 мыңы бейкүнә бала екен... Әке-шешеден айырылған тұл жетім мен тастанды балалардың ұзын-ырғасы 48 мыңнан асады дейді. 20 мың бала шетке кетпей, өзіміздегі отбасыларда тәрбиеленіп жатса, 47 мыңнан астамы қорғансыз қалғандар... Қайыршы балалардың есебін алып жатқан жан жоқ... Шет елдіктер жеті мыңнан астам қаракөз баланы асырап алып отыр. Ол бешараларға өз Отанынан дәм-тұз бұйырмай тұр. Жылына мыңға жуық қазақтың қара домалағы еріксіз шетелдіктің жетегінде кетеді екен. Бұл сұмдық қой!.. Бала сату белең алып отыр. Қазақстанда әрбір бесінші бала некесіз туады. Еліміздегі 154 балалар үйінде 94 мыңнан аса тастанды балалар бар. Мұның сыртында Қазақстанда жылына 170 мыңдай сәби дүниеге келмей қалады, яғни аборт жасалады. Ал, жаңа туған нәрестелердің 30 пайызы шетінейді. Анау ағылшындарда ол бар-жоғы 3-4 пайыз ғана екен... Мұнан кейін қазақ қалай көбейеді. Мұның бәрі ойлап тұрсаң, қазақтың өз қолындағы түзеуге болатын мәселелер ғой. Түрлі заңдарда олқылықтар бар шығар... Бірақ атам қазақ мұндай сұмдықтарға өмір бойы жол бермеген ғой. Ал бүгінгі тәуелсіздік заманында осындай қазаққа ғана тән жан ауыртарлық нәрселердің орын алуы кешірілмес күнә, қазақ үшін... Кеше сен дүкенге шығып кеткенде теледидардан бір хабар көріп, содан бері сан ойлар санамды шырмап алды. Кешір сенің басыңды қатырсам, - деді Бота мұңлы қалыпта.
- О-һ-о, Ботам, сен барып тұрған статист екенсің ғой. Соншама цифрлер мен фактілер қауашақтай басыңа қалай сиып жүр. Әрі кәдімгі әлеуметтанушыдай әдемі сөйледің, - деп Гүлім оның жүзіне барлай қарап, қалжыңдағандай болды. Бота тағы да әдемі жымиды. Бірақ, жүзіндегі мұң табы әлі де айыға қойған жоқ еді.
- Кейде осында мәселелерге күйіп кетесің, дә. Адами қасиеттерден айырылып бара жатқандаймыз. Немкеттілік, біреуге жаны ашымау, көмектесудің орнына жарға итере салу қоғамда белең ала бастағаны жан күйзелтеді. Аяқ-қолдан айырылған мүгедек емес, тоғышарлар – мүгедек. Ал, адамдық қасиеттерін жоғалтқандар – ғаріп, бейшара. Адамдар осындай қарапайым қағидаларды ойға да алмайтын болып барады. Асқақтаушылық, астамшылық – адамды түрлі бәлеге ұшырататын кеселдер. Ата-бабасы айтып кеткен осындай нақылдарға әр қазақ құлақ асса ғой деймін. – Бота көптен ойға түйіп, іште булығып жатқан ащы шерді, бүркемелеуге келмейтін айдай ақиқатты төгіп салды.
- Ботам-ау, қазақтың бәрі екеуміз секілді уақыт тауып, өткен ғасырлардағы ата-бабамыздың асыл сөздерін, өсиет-нақылдарын үнемі оқып, ақылға тоқып жүр дейсің бе? Бұрынғыдан жеткен әрбір дана сөзге мән беріп бажайласаң, кез келген тығырықтан шығар тура жолды қиналмай табасың. Қазақ бәрін баяғыда-ақ айтып, кесіп-пішіп қойған. Тек пайдалана білсең болғаны. Адамның әдемі өмірі қанағатшылықта. Егер кімде-кімнің қанағатсыздығы ұлғая берсе, оның өмірінде рахат қалмайды. Жақсы басталған өмірі қайғымен өтеді. Арабтың бір данышпаны «Бақытты адам деп – адал істеген еңбегіне алған еңбекақысына қанағаттанып, оны орынды қажеттеріне жұмсап, тату-тәтті тұратын адамды айтады» деген жоқ па?!. Сондықтан, екеуміз де керемет бақыттымыз... Ерте ме, кеш пе, өмір керуені түзелер, онша-мұнша артық кеткен адамдар таубесіне келер... Дегенмен, өзің айтқандай, қорғансыз балалардан обал-ақ. Дұрыс айтасың, қолында билігі, қалтасында қаржысы барлар дәл қазір ақылғы келіп, ел үшін әрекет етсе болады, - Гүлім қолында ұстап тұрған сыпырғышын бұрышқа тастап, Ботаны қасындағы орындыққа жайғасты да, құрбысын қапсыра құшақтап бауырына тартты. Бота да мұны құшақтай алды. Қапсыра құшақтасқан екеуі бір сәт үнсіз қалды. Біріне деген бірінің жан жылуы өрікпіген көңілді жайландырып, алабұртқан сезімдер сабасына түскендей болды. Құшақтары жазылған құрбылар біріне-бірі риясыз жымия қарап, күнделікті шаруаларына ойысты.
- Әлгінде сен офис деп әлдеқандай қылдың ғой. Шынында әркімге өзіне жайлы орыны офис емей немене? Ал, ұлттық нақыштағы жұмыстар дегенің көңілге қонады. Әдемі перде іліп, құмырадағы сан алуан гүлдерді өсірсек те өз еркіміз. Тапқан-таянғанымызды ұқыптап жұмсап, кейінірек тағы да жақсы тігін машинасын алсақ болады. Сонда екеуміз кезектесіп тікпей, жеке-жеке тапсырыстар қабылдай береміз. Әрі іс өнімді болады. Жалпы, Гүлім-ау, осы екеуміздің шағын бизнес бағдарламасымен несие алғанымыз өте ақыл болды. «Нар тәуекел – ердің ісі» деген. Осы дүңгіршекті сатып алдық. Менің зейнетақым несиеге кетіп жатса, сенің зейнетақың мен осындағы табысымыз күнделікті тіршілігімізге беймарал жетуде. Тіпті тапсырыс көбейсе, артық-ауыс теңгенің басын құрауғы кірісеміз әлі, - деп Бота өз ойын ортаға салды.
- Иә, гүлді еске салғаның дұрыс болды. Көктем шығып, күн жылып келеді. Гүл деген көңіл хошы ғой... Осы сенің университет бітірерде диплом қорғауға тіккен сәндік киімдерің қайда? – деді Гүлім Ботаға оқыс сұраулы жүзбен қарап.
- Ол үш жұмыс та сол «Өнер» факультетінің қорында қалды. Солай деп, бізге қайтарған жоқ.
- Ой-ой, ол дегенің қаншама ақша, қаншама еңбек еді ғой! Талай көз майын тауысып едік. Жоғары бағаға ие болған әдемі үлгілер еді. Амал қанша, қимайтын-ақ киімдер... – Гүлімнің сөзін аяқтатпай тапсырыс беруші бір жас жігіт ішке енді де:
- Қыздар, шалбардың балағы мен белін қысқартып бересіздер ме? – деді тігін машинасының қасында отырған Ботаға қарап.
- Келіңіз, мында кіріңіз де, шалбарды киіңіз. Мен өлшеп ала қояйын, - деді Гүлім оған.
- Жоқ, мен сізге емес, мына бойжеткенге өтініп отырмын, - деді жігіт Ботаның жәудіреген тұп-тұнық мойылдай қара көздеріне байланып қалғандай, тіпті, артқы жағына бұрылып та қарамастан.
- Жарайды. Мен өлшеп берейін, тігуін сол бойжеткен тіксін, қалауыңыз бойынша, - деп Гүлім Ботаға көзін қысып қойды. Жігіт Гүлімнің дегеніне көніп, орнынан бұрыла бергенімен Ботадан көзін ала алмады.
- Байқаңыз, сүрініп кетіп, майып боп қаларсыз, - деді Гүлім әзілдей. Жігіт ыңғайсызданып, қызарақта қалды.
- Қашан дайын болады? – деді жігіт өлшенген шалбарды алып жатқан Ботаға сүзіле қарап.
- Жарты сағатта. Осы төңіректе жүре тұрсаңыз да болады, - деді Бота жігіттің жүзіне жымия көз тастап. Ботадан көзін алмай шығып бара жатқан жігіт табалдырыққа сүрініп қала жаздады.
- Әй, мына сабазың саған бір көргеннен-ақ ғашық болды. Менің бар-жоғымды елемеді де ғой, ә, – Гүлім сыңғырлай күлді.
- Е, ол бейшара, менің қоларбаға отырғанымды көрсе, алды-артына қарамай безе жөнелер, – деп Бота да күлді. Аяда бөлменің іші қос құрбының әдемі де әсерлі нәзік күміс күлкісіне толып кетті.
* * *
- Ту-у , бүгін әжептәуір шаршап қалдым, - деп бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерге кірген бойда Гүлім төрде төсеулі жатқан құрақ көрпенің үстіне құлай кетті.
- Онда мен шәй қамдап жіберейін. Сен жатып дем ала тұр, - деп Бота қоларбасын ас үйге қарай бұрды. Пәтер іші жинақы да таза. Артық-ауыс зат жоқ. Бір шетте тұрған жалғыз тақтай кереуеттің бас жағындағы түрлі кітаптар бірден көзге ұрады. Тіпті, шағын теледидар тұрған үстелдің үсті де кітапқа толы. Бота ас бөлмесіне өтіп, газға шәй қойды да, тозаңытқышты ашып. дастархан жабдығына кірісті. Кешкі тамақтан соң, сүт қатқан қою күрең шәйді маңдайы жіпсіп сораптап отырған Гүлім:
- Ботам, бүгін ертерек жатайықшы. Мазам кетіп отыр. Әрі ертең ертерек емханаға баруым керек. Қан ауруы шаршатып болды. Ертең кесте бойынша түрлі дәрілер құюы керек. Сен мен келгенше дем ала бер. Келген соң жұмыс жаққа бірге барамыз. Тек менсіз кетіп қалушы болма. Мен мүмкіндігінше тез келуге тырысамын, - деді. Құрбысының жүзінен шаршаумен қатар қиналыстың табын сезген Бота оны жігерлендірмек ниетпен:
- «Өзіңе құдай берген үмітің үзілмесін,» деген Қорқыт бабаның ақ тілегін ылайым есте ұста, Гүлім. Әзірет Адам атаға Алла тағала алғашқыда төрт қасиет беріпті: Ақыл, Ұят, Мейір, Сабыр. Кімде-кім осы төрт қасиетті әр уақытта сақтай білсе, ол – бақытты. Алла тағала сүйген пенде болып есептеледі екен. Сондықтан үмітіңді үзбей, ақылға келіп, сабыр сақта. Адам екі нәрсеге шүкіршілік етуі керек – денсаулығы үшін және ақылының бүтіндігі үшін. Мұны сен менен жақсы білесің. Саған қамығу жараспайды, Гүлім, - деді.
- Мен қамығып отырған жоқпын. Тек тәнім әлсіреген соң, рухым да шаршаңқырап тұр, бар болғаны, - деді Гүлім оған жымия қарап. – Сенің қасыңда жүрген адам қайғы мен қамығуды білуші ме еді?! Жүр, онан да ұйықтайық. Тәтті түстер көрейік.-Қос құрбы әлгінде Гүлім дайындап қойған төсекке қарай бет алды.
Гүлім шынында шаршаған екен. Жастыққа басы тиісімен мұрны пысылдап ұйқыға кетті. Бота дөңбекшіп ұйықтай алмады. Кейде қатты шаршаса осылай мазасызданатыны бар-ды. Әлжуаз дененің әр мүшесі бір шанышқақтап, сүйектері қақсап, бей-жай күйге түсті. Әлгінде көзіне тығылған ұйқысы шайдай ашылды. Ыңырси бір жағына аунап түскен Гүлімге қарап еді, оянбапты. Бейғам ұйықтап жатыр. Ботаның ойына екеуі танысқан сәт оралды. Онан бері де біраз жылдың жүзі өтіпті. Арнайы кәсіптік мектептің тігіншілік мамандығын үздік бітіріп, оқуын жалғастыру ниетімен университеттің сән дизайні мамандығына оқуға түскен жылдың қара күзінде суық тиіп ауруханаға түсіп қалған-ды. Бұл түскен палатада орта бойлы, арықша келген, қараторы күлімкөз бір қыз ғана жатыр екен. «Менің есімім - Гүлім» деді ол сөзге келмей жатып қолын ұсынып. «Бота» деді бұл да жәй ғана. Кейін мұның балалар үйінде тәрбиеленгенін білген соң, Гүлім тіпті ерекше ілтипатпен қарай бастады. Қоларбаға отыруына көмектесіп, ас-суын дайындап үнемі бәйек боп жүрді. Бірлі-жарым дос-жарандары болмаса, Ботаның артында іздеушісі жоқ еді. Ал, Гүлімнің отбасында он бір ұл-қыз бар екен. Бота оған қызыға қарады. Күнара Гүлімнің бауырлары, не құрбы-құрдастары, не әке-шешесі келіп, көңілдерін аулап кетеді. Екеуғанасы түннің бір уағына дейін сырласып, әңгіме-дүкен құрып, бозғылт таңның қалай сызат бергенін де байқамай қалатын. Бірде әке-шешесімен аулада ұзақ әңгіме қылған Гүлім палатаға асығыс келді де, «сені шақырып жатыр» деп әй-шәйға қаратпай, қоларбаға отырғызды да далаға алып шықты. Гүлімнің ата-анасы күлімсірей жылы қабақпен бір сәт қарады. Сосын көкесі сөз бастады: «Шырағым, Ботам, Гүлім екеуің апалы-сіңлідей болып кетіпсіңдер. «Әулие де қасындағысын қолдайды» деген. Біреуге біреу сүйеу. Өзара тіл табысып, сырлас, мұңдас құрбы болыпсыңдар. «Тар жерде табысқан – кең жерде келіседі,» дейді атам қазақ. Сондықтан, сен де, шырағым менің бір балам бол. Біздің бүкіл отбасы болып солай шештік. Мына қызығы мол дүниеде екеуің ажырамас дос, қимас жолдас болыңдар. «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты»... Ауруханадан шыққан соң, екеуің үйге келіп, аунап-қунап кетерсіңдер. Сосын, қаласаң Гүлімді қасыңа қосып жіберейін. Гүлім бәрібір ауылда тұрақтағысы жоқ. Екі адамға бірлесе өмір сүру де жеңілдеу ғой,» деген. Содан бері екеуінің жұбы жазылған жоқ. Алғаш қалада пәтер жалдап тұрды. Сөйте жүре әлеуметтік бағдарлама негізінде тиесілі баспанаға құжат жинады. Сөз жүзінде қаншама әңгіме еткенімен, іс жүзінде жетім балаға баспана беру жағы өте қиын. Түрлі-түрлі құжаттар жинап, заң-зәкүн ақтарып, талай бюрократтың алдында қызыл кеңірдек болып, әйтеуір, әрең дегенде бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бұған Гүлімнің әке-шешесі, туыстары қатты қуанып, қолдан келген жақсылықтарын жасады. Ботаның таң қалғаны, әрі риза болғаны Гүлімнің ата-анасы соншама бала-шаға, немерелер бағып отырып, бұларды бір сәт те ұмытқан емес. Қайта бұларға деген ықылас, пейілі ерекше. Сонда да Бота мен Гүлім оларға салмақ салмай, көп арқа сүйемей, өз тіршіліктерін жолға қоюға әрекеттерін жасады. Оның нәтижесін бүгінде екеуі көріп отыр. Аракідік іні, сіңлілеріне ақшалай қолғабыс жасап қояды. Олар да дән риза, бұлардың да көңілі көтеріңкі.
Гүлім тағы да ыңырсып, екінші қырына аунап түсті. Бірақ оянбады. «Байғұс, бала, қиналып жатыр-ау. Ертең тиісті дәрілерін алса, дұрысталып кетер,» деп ойлады Бота оған аянышты түрде қарап. Осылай жатып, талықсып ұйықтап кетіпті. Түс көрді. Түсіне балалар үйі кірді... Әлі кішкентай екен. Қоларба жоқ. Жан-жағы қоршалған тақтай кереуетте етпеттей жатыр. Төңірегінде өзі секілді қозғалуға дәрмені жоқ балалар... Бірі ыңырсып, бірі жылап, енді бірі қан-сөл жоқ әлсіз қолдарын ербеңдетіп,терезеге жәутеңдей қарайды. Үлкен бөлменің іші у-шу... Бір уақытта ақ халат киген еңгезердей дәу күтуші кіріп келді. Қабағы сұсты. Ол әлдене деп айғай салды. Балалар жым бола қалды. Шет жақтағы қоршау кереуеттегі бала шыңғырып жылап жіберді. Әлгі дәу апай айғайлап барды да, кереуетті жұлқып-жұлқып қалды. Баланың қорыққаннан үні шықпады. Дәу апай айналдыра бәріне қарап шықты. Ерні-ерніне жұқпай, бірдеме айтады. Ұрсып тұрған сияқты. Қолын анда-санда сермеп қояды... Бір уақытта бұған бүкіл денесімен төніп келе жатты. Бұл қорыққанынан жастыққа басын тыққан. Дір-дір етіп, дауыс шығаруға да шамасы жоқ. Тұншығып бара жатқан соң, басын ақырын көтеріп еді. бөлме ішінде көп ағай-апайлар жүр екен. Олар әрбір баланың кереуетіне жақындап, қызылды-жасылды түрлі ойыншықтар таратты. Бұған да әдемі жұмсақ күшік пен шықылдаған құс па, бірдеме берді. Күшікті алып бауырына қысты... Бір сәт әлгі дәу апай тағы да пайда бола кетті. Қабағы қатулы айғайлап тұр... Бәрі үрпиісіп, ойыншықтарын әлсіз қолдарымен жастықтарының астына ақырын сырғытып тыға бастады. Дәу апай тез-тез жүріп, бәрінің ойыншықтарын жинап әкетті. Бұлар көздері мөлтілдеп қала берді... Ақыл тоқтатып, есейіп қалған екен. Артынан іздеп туған шешесі келіпті. Бұл қуанып оған қарай ұмтылады. Шешесі мұны танымайтын сияқты. Қолын созып, талпынып оған барғысы келеді. Кенет бұлыңғыр әйел сұлбасы бұдан жүзін жалт бұрған... «А-па-а-а, мені мұнда тастамашы... тастамаңызшы... Сіз не айтсаңыз да істеймін... тек тастамаңызшы, апа-а-а... жалынам сізге... а-апа-аа... тастамаңызшы... тастамаңызшы екінші рет... Маған ештеме де керек емес, тек құшағыңызға алыңызшы... жалынамын... Әкетіңізші мені... а-па-а-а...» Бота өз даусынан өзі шошып оянды. Жүрегі дүрсілдеп кетіпті. Өзі алқынып жатыр екен. Гүлім бейғам ұйқыда. «Биссіміллә... биссіміллә» деді күбірлеп. Балалар үйінде жүргенде бұл түсті жиі көретін еді. Үнемі бір түрлі түс. Бірақ туған анасының бет-бейнесін еш анық көре алмайтын. Мүмкін, ол туған шешесінің түр-түсін есте сақтап қала алмайтындай жаста қалған дықтан шығар?! Балалар үйіне өткізген соң анасы артынан бірде-бір рет іздеп келмеді. Тіпті, мұның өлі-тірісінен де хабары болмаса керек. Мүмкін, өзге балаларын алданыш қылып, мұның өмірде бар-жоғын ұмытқан да болар, бәлкім!.. Кім білсін... Ес білгелі өзіне-өзі ғана керек болып, от-жігерін қайраумен келеді. Көкіректе анаға деген сағыныш табы сөніп, ол туралы ойлағысы да келмегенімен, оған деген өшпенділік, қатыгездік тумады. Керісінше, өмір сүруге деген ынтызарлығы артып, әлденені әлдекімге дәлелдемек болды. Ерегіскенде өмір майданында үлкен бір ерлік жасағысы келді... Өзі үшін... өзгенің (мүмкін анасының, я болмаса белгісіз туысының) бет-жүзі ар-ұяттан жазылмастай дақ баолп күюі үшін... Жер жаһанға бар даусымен: «бұл менмін, мен өлген жоқпын, өлгім де келмейді» деп айғай салып мойындатуы үшін... өзінің жер бетінде бар екенін паш етуі үшін... Әйтеуір алдына алынбастай көрінген үлкен мақсат қойды. Үнемі соған жетуге үшін ұмтылумен, тырбанып тырысумен, талаптанумен келеді. Сол мақсатқа жету – асыл арман. Арман адамға қанат бітіретінін де біледі. Армансыз адам алысқа бармасын да біледі. Сондықтан сол арманға жетуге асығады.
Балалар үйінде қатаң шектеулер мен қасаң күн тәртібінен шыға алмай қалғандықтан, соған әбден көндіккендіктен, кейін үлкен өмірге бейімделе алмай қатты қиналды. Тіпті, қалай жүріп-тұруды да білмеді. Ең сорақысы, үнемі дайынға тап болып қалғандықтан, шәй демдеп, тамақ пісіруден тіптен бейхабар болғаны. Интернатта өздігінен қозғалатын ұл-қыз асханаға кезекшілікке баратын. Мүмкіндігі шектеулілер асханаға тамақ ішуге әрең жететін-ді. Кейін опық жейтінін ол кезде ешкімнің ойына кіріп те шықпайтын. Ал, тәрбиешілерге аман-есен жүрсең болғаны. Басқаға олар басын ауыртпайтын да еді. Кейде әлденені түсінбей, сұрар болсаң «оның саған керегі не?» деп қағып тастауға бейім-ді. Балалар үйінен кейін жалғыз-жарым қалғанда жан-жағына қарманып, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмай, әркімге бір жәудіреп сүйеніш, жылы қабақ іздеді. Мүсіркеуді жаны жек көрді. Әлдекім мүсіркей бастаса, онан бойын аулақ салуға тырысты. Өмірге деген икемсіздік жасықтыққа, батылсыздыққа, сенімсіздікке соқтыратынын Бота тез түсінді. Сондықтан ол арнайы кәсіптік мектепте тігіншілікке үйренуге кірісті. Бос уақытының бәрін қаладағы кітапханада білімін, білігін шыңдауға арнады. Білімге деген құштарлық, еңбекке деген талпыныс, жеке тіршілік құруға деген әрекеттер мұның бойында бұрын өзі байқамаған түрлі сезімдерді оята бастады. Жігер, сенім мен мақсат-мүдде, арман пайда болды. Енді әр күнді бос өткізбеуге тырысты. Соның арқасында кәсіптік мектепті үздік бітіріп, үлкен университетке оқуға түсті. Соның арқасында баспаналы болып, адал еңбекпен өз күнін өзі көретін жағдайға жетті. Үлкен мақсат пен асыл арман әлі де алдан қол бұлғайды...
... Ал, бүгінгі мына түсі несі? Неге өзі аялы алақан жылуын сезінбеген, ыстық құшағында бала боп еркелеп мауқын баспаған анасы түсіне кіреді? Әлде анасы өзінің қателігін кеш ұғып, Алла тағаладан кешірім сұрап, пұшайман күй кешіп жүр ме екен? Сосын бұған аян берген шығар... Түсініксіз...шытырман нәрсе сияқты... Түрлі ойлардың шырмауына шатысып жатып көзі ілініп кетіпті. Күн арқан бойы көтерілгенде бір-ақ оянды. Бөлме іші жап-жарық. Гүлім көрінбейді. «Шамасы әлі келмеген болар» деген ой келді Ботаға. Жылы төсектен тұрғысы келмей, керіліп, созылып тағы біраз жатты. «Қызық, - деп ойлады тағы да, - неге түсіме ана кірді. «Анам» деп меншіктеп айтуға да аузым бармайды. Оның қандай екенінен мүлдем хабарсызбын ғой. Әрине, мен оған мына жарық дүниеге әкелгені үшін ғана борыштар шығармын. Кемтар күйде болса да... Осы кемтарлығым бола ол менен құтылғысы келген шығар, бәлкім... Ал сонда аналық мейірім, аналық махаббат деген қасиетті сезімдер ол кісінің бойында болмағаны ма?! Перзенті үшін барлық азапқа да шыдар қайсарлық ол кісінің бойынан табылмағаны ма?!. Ал әкем ше? Тіпті, ол адам мен үшін бұ жалғанда жоқ секілді. Әке дегеннің қандай қасиеті болатынын да білмеймін. Қалай ғана олар мені іздемейді? Қайда өткізгендерін біле тұра... санаға симайтын нәрсе. Мүмкін іздемегені, таппағаны дұрыс та шығар. Бітеу жараның бетін тырнап... жүректерді қан жылатып... иә». Ботаның ойына балалар үйінде тәрбиеленіп, ұлдар ержетіп, қыздар бойжетіп жан-жаққа тарай бастаған сәтте Рахима құрбысын туған шешесі әкетпек болғалы оралды. Рахиманың анасы барын өзі құралпы сырлас, мұңдас құрбыларының бірі де білмеген-ді. Рахиманың өзі анасы туралы аузына сөз алмайтын. Тіпті, оның қызын іздеп келгенін көрген пенде жоқ. Дегенмен Рахиманың іздеушісі бар екен. Іздеп келді. Сол кезде анасын тапқан қыздың көңіл-күйін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Орта жастағы әдеміше келген әйел бөлмеге кіріп, бір сәт абдырап тұрып, сосын Рахимаға қарай «жаным, мен сенің анаңмын... Келе ғой, жарығым,» деп қолын соза ұмтылғанда, бөлме іші құлаққа ұрған танадай боп тып-тыныш күйге түскен. Бөлмеде жан адам жоқтай, ұшқан шыбынның ызыңы естілер-ді. Рахиманың сілейіп тұрып қалғанын көрген ана байғұс еңіреп, ботадай боздап «кешірші, мені... кешірші» дей берген, оны құшақтай бет-жүзінен тынымсыз аймалап сүйіп. Бірақ Рахима селт етпеді. Сезімі семіп, қатып қалғандай. Құрбылары да іштей тынып, бір орында қозғалмай, екеуін бақылап қана тұрған. Көзін жас жуған ана жаулығының бір шетке ысырылып қалғанын да байқамады. Рахиманың алдында тізерлеп отырып, екі қолын көкке көтере жылап, кешірім сұрай берді. Құрбылардың кейбірі мұрындарын қорсылдатып, көздерінен жас моншақтаса да үн шығармады. Бәрі Рахиманың бедірейіп, есеңгіреп, естен айырылғандай кейпінен көз алмады. Екі қолы төмен салбырап, былқ-сылқ еткен ол анасын құшақтамады да. Кенет сол тұрған қалпы үн-түнсіз сұлық түскен. Есінен танған қыз дәрігерлік пунктте ғана өзіне келген-ді.
Кейін Рахиманы шешесі балалар үйі басшыларынан сұрап, бір аптаға еліне ертіп кетті. Бөлмедегі құрбылар әр түрлі ойда қалды. Бірі іштей армандап «Рахимаға жақсы болды, енді бауырларының ортасында отырған болар,» десе, бірі «осыған дейін керек болмаған қыз қолғабысқа жарап қалған соң керек болған, дә» деп бұл жағдаймен келіспейтін сыңай танытты. Араға бір жеті салып қайта оралған Рахима көрген кереметтерін, іні, сіңлілерінің қызықты қылықтарын құрбыларына күні бойы айтып біте алмады. Екінші күні де оның әңгімелерінің таусылар түрі жоқ. Алғаш қызыға тыңдаған құрбылар енді жалыға бастады. Қанша дегенмен басқа әлемнің әңгімесі секілді көрінді құрбыларға Рахиманың айтқандары. Мұны сезген Рахима да бірте-берті интернаттың қалыпты тірілігіне оралған. Өйткені, ортақ әңгіме, ортақ тірліктен асып кете алмады. Оған бауырларынан гөрі осындағы құрбыларының жаны жақын көрінді өзіне. Құрбыларына әбден еті үйреніп кеткенін сезді. Бірер айдан соң, Рахиманың анасы тағы да келіп, оны енді екі жетіге бір-ақ алып кетті. Құрбылар әлдененені жоғалтқандай мұңайып қала берді. Өзара әңгімеде Рахиманың кеткені туралы сөз қозғамауға тырысты олар. Сынаптай сырғыған уақыт, шіркін, бір орында тұрсын ба?! Рахима кеткелі он бес күннің өткенін құрбылар байқамай да қалды. Кеше ғана кеткендей болған Рахима орталарына тез оралғандай әсер етті. Өткен жолғыдай көңілі көкке бір елі жетпей алып-ұшып емес, бұл сапардан Рахима байсалды әрі ойлы оралған іспетті. «Қыздар, - деді ол келген бойда, - қыздар мен ауылға кетпейтін болып шештім. Қазірге осында қаламын. Кейін өмірдің ағысына қарай өздеріңмен бірге пешенеге жазылғанын көрмекпін. Ауылда күн өлтіріп күні бойы есік алдында шуақтап отырғанда не істемекпін?! Онан да өзіме лайықты тірлігімді жасайын.» Құрбылар алғаш таңданып қалса, соңынан бәрі бұл шешімді дұрыс деп тапқан. Бота кейін байқаса, Рахима ана құшағының жылуын сезіне алмағандай. Туыс-бауырлар тыныс-тіршілігі бөтен, пайым-түсінігі жат боп көрінген. Әрі туысының үйіне шыққан мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік қолдаудан, яғни жеке баспана алу сияқты жеңілдіктерден айырылады. Бұл деген өмір бойы біреудің қолына қарап қалу деген сөз. Білім қууың да неғайбыл. Рахиманы осы мәселелер қаттырақ толғантса керек. Ол қазір де жүрек әмірімен, көңіл қалауымен тіршілігін жасап келеді.
Бота осы жағдайды және бір ой елегінен өткізіп, «Құрыққа ырық бермеген» жөн-ау сірә» деп түйді. «Осы нақыл қандай дөп айтылған» деп және бір ой Ботаны жетегіне алып өз арманына қарай сүйрей жөнелді. Шынында әлдебір шенеуніктің қолындағы сегізөрім бұзау тіс қамшы секілді билігінің айбарынан ығып, оның ырқына көніп не кішкене ғана таққа отырған әлдекімнің дегеніне бас иіп, айдауына жүре берсең не болғаның?! Өмірдегі өз үлесіңді, маңдай тер еңбек ақыңды жасықтық танытып, қайдағы бір озбырдың, нысапсыздың дүниеге тоймайтын көмейінен қиналмай өтіп кетуіне қалай жол берерсің? «Өмір деген – күрес» деген екен бір данышпан баяғыда. Күресе білмесең, дұрыстап өмір сүре де алмайсың. Жеңіліс ұнжырғаңды түсіріп, рухыңды ақсатады. Сондықтан, өмірдегі өзіңе тиесілі нәрседен құралақан қалмаған абзал. Қалың ой-орманның ішінде Ботаға сонау студент шақтағы осы такылеттес оқиға елес берді. Иә, бұл да кішігірім тақтағы бюрократтың менмендік әрекетінің құрбаны боп кете жаздағаны бар...
... Кәсіптік мектепте тігіншілік мамандықты шебер меңгеріп шыққан соң, Ботаның арманы оны онан да биік асуларды алуғы меңзеді. Соған қарай жетеледі. Енді ол жоғары білімді модельер-тігінші, әр маусымға сай киім үлгілерін құбылта білетін ісмер, саусағынан өнер тамған дизайнер болғысы келді. Университетке құжат тапсырып, оқуға түсуге қажетті баллды қиналмай жинап, студент атанды. Сонда өзіне-өзі қатты риза болып, шексіз қуанғаны бар-ды. Алғашқы кезде азанғы кезде сабақтан кешікпес үшін көлік жалдап барып жүрді. Әлеуметтік зейнетақысы мен мемлекеттік грантқа берілетін шәкіртақы көлемі есептеп жұмсағанда бәріне де жетіп тұрды. Сөйтіп жүріп күздің қара суығына ұрынып, ауруханаға түсіп қалмасы бар ма? Бір айдай шамасы сабаққа баруға мұршасы болмады. Аурухана тағдырлас дос тапқаны, Гүлімді тапқаны жақсы болды-ау, бірақ денсаулығы біраз әлсіреп қалды. Денсаулығына орай көбіне үйінде дайындалып, сабақтарға еркін қатысуға рұқсат сұрамақ болып факультет деканына барды. Онымен бетпе-бет кездесіп, сөйлеспеген еді. Былайғы сырт тұлғасы адамды түсінетін басшыға ұқсайтын болған соң, Бота үлкен үмітпен келген. Екі балдағын сүйретіп ішке енгенде декан бұған көзінің астымен, көзілдірігінің үстімен сүзе қарады. Бұл жағдайын баяндап, өтінішін білдіргенде ол шарт сынды. Үстелін тоқпақтап, айғайлай жөнелді. Тіпті, алдында қыз бала отырғанына қарамады. «Сонда не, факультетті ойыншыққа айналдырмақсыңдар ма? Қаласам келем, қаламасам, кешіріңіз, келмеймін деп... Бұл, шырағым, оқу орны! Ешқандай да мүгедектер үйі немесе қайырымдылық орталығы емес!.. Әбден жеңілдік алып үйренген екенсіңдер. Саған оқуға түс деп ешкім жалынған жоқ. Осыны біл! Оқығың келмесе, әне есік ашық! Мен саған жағдай жасай алмаймын... Маған жасасын өкімет жағдайды... Сосын ойланып көремін,» деп өзінен-өзі ашуға келіп, қарадай қарап ашуын мұнан алған. Ә дегеннен Бота оған сөз қата алмады. Сосын: «кешіріңіз, мен сізді мұншалықты мәдениетсіз деп ойламап едім. Сырт көзге олай көрінбейсіз. Мен бәрібір дегеніме жетемін, сізге ерегіскенде...» деген баяу шығуға бет алып. Мұндай сөз күтпеген декан «мен сені...» деп булығып қала берген. Деканнан тауы шағылған Бота университет президентінің алдынан бір-ақ шыққан. Мұның жағдайын емеурінпен ұққан ақ шашты, егде тартқан басшы сөзін аяқтатпай-ақ: «жарайды сізге бір жылға емес, бүкіл оқу мерзіміне рұқсат етемін. Денсаулығыңызды күтіп, сабақтарға еркін, қалауыңызша қатысуыңызға болады. Тек сессия кезінде ұятқа қалдырып жүрмеңіз. Ал, арнайы қағазды хатшы қыз толтырып береді. Соны факультет деканына өткізіп, тіркетіп қоясыз, бар болғаны сол» деген. Содан оқу бітіріп, диплом алғанға дейін декан екеуінің көзқарасы бір арнада тоғыспай-ақ қойды. Ал сонда қарабасының тыныштығын күйттеген бюрократ басшының ыңғайына көне жеткенде оқу орнын бітіру, бітірмеуі екіталай еді... «Иә, өзің үшін, әділдік үшін күресе білу керек.» Осылай ой қуып жата берер ме еді, қарны ашып, ішектері шұрылдағандай болды. Орнынан тұруға ыңғайлана бергенде, есік сықырлап ашылды. Гүлім екен. Көңіл-күйі көтеріңкі сияқты. Ішке сөйлеп кірді.
- Оу, Боташым, маубас болғаннан саумысың?! Әлі орныңнан да тұрмапсың ғой. Жұрт деген түскі асын ішуге отырған болар. Шәй қояйын. Сен тұр, жуынып ал. Шәйға сен жақсы көретін тәтті-пәтті әкелдім, - деп ас үйге қарай өтіп кетті. Бота асықпай жуынып-шайынып болғанша, Гүлім дастарханды түрлі-түрлі тағамдармен жайнатып қойыпты. Қос құрбы әзілдесе отырып дастарханға бас қойды.
* * *
Күн дүйсенбі. Құрбылар үшін аптаның бірінші күні демалыс. Бұлардың дүңгіршегі тұрған киім базары кесте бойынша тазалық күніне жабылады. Ал сенбі, жексенбі күндері базарда халықтың қарасы көбейіп, сауда қызу жүріп, қыздардың да бір тапсырыстан кейін бірін қабылдап, түстенуге уақыттары жетпейді. Қалжырап шаршайды. Бірақ тәннің шаршауынан жан рахат табатындай, көкіректі бір әдемі күй кернейді. Адамдардың әжетіне жарап, алғыстарына бөленгенге құрбылардың жансарайлары айқара ашылып, оның ішін бұлбұл-көңіл керемет әнге бөлейді. Осындай сезімнен арылғысы келмегендей құрбылар кеше де жолай ештемеге алаңдамай, үйге жетісімен ақ төсекке құлай кетті. Бір-біріне әдеттегіндей «түн қайырлы болсын, әдемі түс көр» деп айтуға да шамалары жетпей ұйқы құшағына енген.
Гүлім оянғанда бөлме іші көктем нұрына толып кеткен екен. Мамыражай мамыр шуағы жатын бөлмені жылытып, сәл ашық қалған терезеден көктемнің хош иісін аңқыта алып кірген самал лебі сезіледі. Гүлім көзін жұмып, рахаттана бірнеше рет терең тыныс алды. Таңғы таза ауа тал бойына жайылып, әп-сәтте сергітіп жіберді. Ботаға көз қиығымен қараса, ол да оянғанымен ұйқысын қимай манаурап жатқан сияқты көрінді.Гүлім оны біржола оятып алғысы кеп өлең оқыды:
Жарық дүние-ай!
Жарығың неткен жақсы еді!?
Жаңылыспаспын,
жарым деп айтсам нақ сені.
Құшаққа сыйсаң,
құшырым қанып, өбер ем,
Құшақтап тұрып өлер ем.
Жарық дүние,
жанарым менің жайнаған!
Жап-жарық неткен айналаң!?
Нұрыңа сенің миллион бояу ойнаған,
Құмартып кетер
қомағай көзім тоймаған...
Бота көзін ашпаған қалпы езу тарта жымиды. Гүлімнің өзінен көзін алмай тұрғанын сезді. Әдетте екеуі өлең оқығанда өздері жақсы көретін ақын шығармаларын алма-кезек жатқа айтқанды ұнататын Мұқағалиды жастана оқып, көңіліне жақын жырларын түгел жаттап алған Гүлім енді Бота не оқыр екен дегендей төбесінен төніп тұрған-ды. Бота да көп іркілмеді:
Батар күн,
Келер күн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Өмірім сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен,
өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын. – Бота кірпігін көтермеген күйде Мұқағалиды төгілте оқыды. Әрі өзінің тұрғысы келмей жатқанын жеткізгендей болды. Бойы сергіп, көңіл-күйі көтеріңкі Гүлім тағы бір өлеңнің тізгінін ағытты:
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім.
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған,
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам...
Ботам енді тұра ғой, мына жарық дүниедегі сыбағамыздан құр қалмайық. – деді сосын. Бота ерке баладай көзін ашпаған бойда көрпесін қымтана түсті де:
Аулақ, аулақ,
Аулақ менің жанымнан! – әрине, сен емес Гүлім, -
Қара уайым қара шәлі жамылған.
Жазбын әлі гүлім жаңа жарылған,
Бұлбұлымды ұшырғам жоқ бағымнан.
Жалт бұрылып, жанарымнан шашқанда от,
Жатыр екен жүрген ізім дастан боп.
Бар сырымды түгел әлі ашқам жоқ,
Дүлдүліме әлі қамшы басқам жоқ.
Кейімеймін, кейімеймін тағдырға,
Артта уайым, ал қуаныш алдымда, - деп жақсы көретін ақынының жанға жақын жырын мүдіртпей, мәнерлеп оқып шықты.
Гүлім, білесің бе? – деді сосын төсегінен басын көтере қайта жайғасып. – Мен керемет түс көрдім, Бүкіл дүние аппақ кіршіксіз күйге еніпті. Түгел аппақ... Менің де үстімде аппақ бүрме көйлек, аяғымда ақ туфли, басымда күнге шағылыса жылт-жылт еткен ақ шәлі, тіпті ұзын кірпігім, қияқтай қасым, бәрі-бәрі аппақ... «Не деген таза, не деген пәк әлем... Көңілдің бәрі осындай болса ғой» деймін. Аяғымның ұшы жерге тиер, тимес қалықтап, жеңіл жүргендеймін. Айнала адамдардың бәрі солай. Олардың бойында тек ақ махаббат, таза сезім ғана бар екен. «Махаббат – айнала жаратылысқа, тіршілік атаулыға деген таза, пәк көзқарас... Өмір махаббаттан ғана тұрады. Өмір жыры – махаббат жыры... Махаббат – тіршілік тірегі. Адамдардың бірі-біріне деген жан жылуын сақтап тұрар да махаббат... Махаббат – адамдардың өзара сағынышы, бірін-бірі іздеуі... Неге адамдар соңғы кезде құмарлық пен махаббатты шатастырып алып жүр?!. Махаббат деген ұлы сезім неге тек қыз бен жігіттің арасындағы сезімге байланысты ғана айтылатын болған?!. Ұлы Жаратушы тек Адам атаулының бойына ғана дарытқан жоғары сана, нәзік сезім, тәтті қиял әлемінің негізгі діңі – асқақ махаббат аласарып бара жатқан жоқ па?!. Өйткені аласұрған кей адамдар бес күндік ғұмырда данышпансып бірінен-бірі асып түскісі, қиянат жасағысы кеп тұрады. Неге олар үнемі жайбарақат күй кешіп, біріне-бірі ғашық көзбен, құрметпен, таза махаббатпен қарамайды?!. Қарашы, қандай аппақ әлем... мұны қалай бұзуға болады, қалай ластауға болады?!. Айтыңдаршы, адамдар!..» деп тәтті мұңға бөгіп жатқанда сенің өлең оқыған әуезді үнің естілді. Сөйтіп, әдемі түсім әдемі үнмен астасып, өң мен түстің арасында керемет әсерге бөленіп жаттым... Тұрғым келмегені де сондықтан.
- О-һ-о, кей сөзің әбден айтылып, жаттанды болған сөздер болса да өте әсерлі, шын жүректен шыққан соң кәдімгідей ұйытып тастады. Қазақ қашанда ақ нәрсені тек жақсылыққа жорыған. Ылайым солай болғай!.. Енді тұра ғой, бізді анда ұлы істер күтіп тұр, - деп Гүлім әзілдей жуынуға бет алды. Бота жуынып келгенше, ол шәй әзірледі. Шәй үстінде құрбылар ешқайда шықпай, үйде болуды ұйғарды.
Кіші бесін сәтінде әлдекім есік қоңырауын басты.
- Мен ашайын. Сен алаңдамай ісіңді тіге бер, - деп Гүлім сыртқы есікке қарай беттеді. Әлдебіреумен күбір-күбір сөйлескен Гүлім бес-он минөттен соң қайта оралды.
- Кім екен? – деді Бота оған сұраулы жүзде.
- Бір жас жігіт «қалалық әлеуметтік қорғау бөлімшесіненмін» дейді. Өзіне керек мағлұматтарын жазып алып кетті, - деді Гүлім.
- Оны қайтпек екен?! – деді тағы да Бота жауапқа қанағаттанбаған сыңайда.
- Біз бұл ауданнан баспана алып тұрып жатқанымызға көп болған жоқ қой. Тіркеуге тұрған соң, бұлар да өздерінің есебіне алу үшін қажетті құжаттарды толтырады екен... Әрі «алда мүгедектер күнінде ескерусіз қалдырмауымыз керек,» дейді.
- Керек еді маған сол мүгедектер күні, - шарт ашуланғаннан Ботаның аққұба өңі бірден күреңітіп кетті. Істеп отырған жұмысын бір шетке ысыра салды. – Неге бізді кемсіткендей бөле-жара арнайы күн белгілеген?! Бұл мереке емес, мүсіркеу күні ғой. Ал мен мүсіркегенді қаламаймын, Гүлім, түсінесің бе?!. Менің де көкірек-көңілім, жалын-жүрегім өзгеден кем емес.
- Енді, Ботам, мүмкіндігі тым шектеулі, қоларбаға емес, темір төсекке таңулылар да көп қой. Соларға ерекше көмек керек екені белгілі емес пе?! Оған несін ренжисің?!.
- Кешір, Гүлім... Балалар үйінде бер жағымен көмек жасаған боп, өз есебін түгендеп жүрген талай кәсіпкерді көзім көрген... Бізді адам қатарына санамайтын да. Әлі де кешегі Кеңес заманындағыдай жасырын ұстап, жоспарлы іс-шара жасау басым. Шын ниетімен, жүрек әмірімен көмек жасау жоқ... Шын көмектескісі келсе, билік басындағылар мүгедектердің 70 пайызы жұмысқа жарамды екенін өздері мойындап отыр. Соларға жұмыс істейтіндей, сау адам қатары дем алатындай жағдай жасасын.
- Түнеукүні Мәскеуде мүгедектерге арнап төрт залы бар, оның екі залы тек қоларбамен қозғалатындарға арналған кинотеатр ашылыпты. Қоғамдық көлікке де қоларбамен мініп-түсуге арнайы қондырғы орнатыпты. Теледидардан көріп қалдым, - деді Гүлім.
- Міне, бізге де сондай жағдай керек, бір күндік сый-сияпат емес! Қарттар, балалар, мүгедектер күні деп бөледі. Неге тек сол күні қорғансыз баланы, қауқарсыз қартты, дәрменсіз мүгедекті іздейді?!. Балалар құқығы да тек мерекеде еске түседі. Билік неге бәрін назарға ұстап, тұрақты түрде көңіл аудармайды?! Мемлекеттің ең үлкен байлығы – адамы емес пе?!. Кейбір шенеунік мойнына қылғына галстук байлайды да, аяғының астына қарай алмай қалады. Тек жоғарыдан көзін алмай, қалай да өсу мансабын ойлайды. Қарапайым адамдар ол үшін қыбырлаған құмырсқа құрлы болмай қалады. Осыған күйінемін, дә! - Бота Гүлімге жәудірей қарады.
- Атам қазақ «толарсақтан саз кешкен» қиын замандарда да қарттарын, баласы мен мүгедегін сыртқа теппегенін оқып, біліп жүрміз ғой. Бүгінгі қоғам рухани жұтаңданып, бүгінгі шенеунік тоғышарланып бара жатқандай әсер етеді маған да. Бірақ қазақ халқының ар-ұятына, ұлттық намысына селкеу түспесе, бәрі рет-ретімен жайына әлі-ақ келеді, көрерсің! – деп Гүлім Ботаның көңіліндегі кірбіңді кетіруге тырысты.
- Апиыншыны адамға санап, мүгедекті мүсіркей қарайды. Сондай пиғылды сезгенде көңілім алай-дүлей болып кетеді. Ал, олардың ішкі дүниесіне зер сала үңіліп қарашы. Апиыншы бөс кеуде, өмірге бір-ақ рет келгенінде титтей де шаруасы жоқ. Мына жарық дүниеге ешқандай қызығушылық танытпай, өз саулығын өзі құрбандыққа байлаған адам. Қоғамға олардан қандай пайда бар? Тек қорқыныштан басқа ештеме жоқ. Ол адам еңбектен қашса, адамдықтан қашса, түсінбеймін. Ал, мүгедек жанның жансарайы асыл тастардан қаланған зәулім ғимарат дерсің! Ол мына жалғанға кемтар болса да, ғашық көзбен, ғашық жүрекпен қарайды. Өмірге іңкәрлік сезімі арқылы оның парқын түсініп біледі. Әр атқан таңына ерекше қуанып, сол үшін Аллаға мың да бір тәубе деп отырғанына риза боласың. Олар қазынаның ең үлкені - саламаттық екеніне көз жеткізген. Олар дінге де бір табан жақын. Себебі, дін дегеніміз – тән мен рухты таза ұстау деп ұғады. Оның дұрыс екеніне де көз жеткізген. Көп шенеунік осылардың байыбына бара бермейді. Сондықтан, басқаша көзқараспен, басқадай өлшеммен қарайды.
- Өзін қайраттылығымен елге танытып жүрген мүгедектер өнердің әр саласында да бар емес пе? Олардың кейбірі сахнаға шығып ән салғанда, немес үстел басында отырып, өзінің керемет өлеңдерін оқығанда, тіпті, басқалай өнерлерін көрсетіп жатқанда, былайғы жұрт олардың мүгедек екенінен хабары да болмайды ғой. Ұрпақ тәрбиелеп отырған мүгедектер отбасы қаншама?! Құдайға шүкір, олар да толыққанды жанұялардың ешбірінен кем емес. Сондықтан, Ботам, сабаңа түс. Әлдебір жігіт әлеуметтік есепке алып кетті деп сонша бұлқындың ғой. Екеуміздің ешқандай заң шеңберімен шектелмес өмірлік қағидамыз бар емес пе?! «Әркімнің тағдыры – өз қолында». Бұл біздің өмір-өзенде қайрандап қалмай, ақ арманға алып ұшар ақ желкеніміз ғой. Ақ желкен адастырмай өмірлік мақсат-мүддемізге алып келер. «Ол үшін жүйке мықты болуы керек» деп үнемі айтып отыратын өзің емес пе едің, Ботам? – Гүлімнің бұл сөздеріне Бота мырс ете қалды. Құрбылар бас түйістіре құшақтасып, мәз-мейрам болды да қалды. Енді бір сәтте Бота өзі бастаған киім үлгісінің жаңа сәнін жүзеге асыруға әрекеттенген сызбаларына қайта үңілді. Оған Гүлім де бір-екі ой қосқан. «Сенің талғамың жақсы, міндетті түрде идеяларыңды пайдаланамын» деп Бота әжептәуір риза болды. Гүлім енді Ботаның мазасын ала бермей, үй шаруасымен айналысуға кірісті.
Сам жамырай сыртқы есіктің қоңырауы тағы да безілдей жөнелді.
- Кештетіп жүрген бұл кім болды екен? – деп Гүлім есік ашуға бет алды. Гүлім есікті ашқанда алаңшада тұрған талдырмаш бойлы, уыздай жас бойжеткенді көрді. Ол:
- Сәлеметсіз бе, ішке кіруге бола ма? – деді. Ә дегеннен бейтаныс бойжеткеннің мұндай сұрағына не деп жауап берерін білмей абдырап қалған Гүлім:
- Сәлеметсіз, не шаруаңыз бар еді? – деп қарсы сұрақ қойып.
- Сіздермен сөйлессем деп едім... Көп уақыттарыңызды алмаймын, - деді бойжеткен қиыла қараған бойда ішке кіруге ниет етіп.
- Кіріңіз, - деді Гүлім талдырмаш қыздың өн-бойын тінте қарап, «Өзі екіқабат па, қалай?» деген ой келді сосын.
Ішке енген соң бейтаныс қыз Ботаға сәлемдесті де бір шеттегі орындыққа тізе бүкті. Құрбылар сұраулы жүзде оған көз тікті. Сәл-пәл үнсіздіктен кейін бойжеткен сөз бастады.
- Кешіріңіздер, мен сіздерді сырттарыңыздан жақсы білемін... Бірнеше күн бақылап жүрдім. Жұмыс орындарыңызға да көптің бірі болып кіріп шыққам. – Бойжеткен екі қызға алма-кезек қарап қойды. Құрбылар аң-таң, әліптің артын бағып отыр. – Ары ойлап, бері ойлап, бүгін сіздермен сөйлесуге бел шештім... Мен былтыр ауылда мектеп бітірдім де, осы қалаға құрбыларыммен бірге оқу іздеп келдім. Грантқа түсе алмадым. Ақылы оқуға әке-шешемнің жағдайы жоқ. Сонда да өзім жұмыс істеп, ақша тауып, білім алуға ниеттеніп сырттай оқуға құжат тапсырдым. Қабылдады. Оқу ақысын бөліп-бөліп төлеуге де келістім. Енді жұмыс іздедім. Мұнда не жақын танысым, не ағайын-туысым жоқ. Оқуға бірге құжат тапсырған екі-үш қыз бірігіп пәтер жалдап тұра бастадық. Күні бойы әр түрлі мекемелердің есігін қағып жұмыс іздейміз. Белгілі бір мамандығың, қалада тіркеуің болмаған соң, көпшілігі жолатпай қойды. Ауылға қайтып кетуге онда да жұмыс жоқ. Әке-шешенің өзі ілдәлап күн кешуде. Маған «өз күніңді өзің көр. Не істесең де өзің біл, енді жас емессің» деген. Бұл ауылға оралмай-ақ қой дегені еді. Әйтеуір сандалып жүріп, бір кафеге даяшы болып кірдім. Айлығы аз, бірақ, бір мезгіл тамағы тегін. Түске жақын барып, түннің бір уағына дейін жүреміз. Кафе болған соң, жастар көп келеді. Ақшаны қайдан алатынын білмеймін, кейбір жігіттер күн құрғатпай келеді. Біреулер екі-үш күн аралатып келеді де, біраз ішіп-жеп кетеді. Күніге қызмет қылып жүргеннен кейін, көбін танып қалады екенсің. Даяшыға келген клиенттермен артық сөзге баруға, әзіл-қалжың айтуға рұқсат етпейді. Мен алғашқыда ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Бірақ, жас болған соң... бәрібір тыныш жүре алмайды екенсің. Бір-екі қалжың айтқандарға қалжыңмен сөз қайтара бастадым. Кей жігіттер жұмыстан кейін өзге кафелерге, түнгі клубтарға көңіл көтеруге шақыратын болды. Басында ыңғайсыздансам да, кейін «мен де жаспын ғой, сондай жерге барсам өзгеден нем кем. Әрі біреу қиылып шақырып тұрса» деген әзәзіл ой санамды билей бастады. Сосын, құрбым екеуміз келістік те, бір жігіттермен түнімен қыдырдық. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Өз билігіміз өзімізде. Мұндай жүріс ұнап қалды. Жігіттер де шетелдік мәшинелермен келіп, үздігіп тұрады... Осылай қызық қуып жүріп, сіңлілеріңізді құдай ұрып қалды... Жүкті болғанымды білмей қалыппын... Мұны білген жігітім ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Тіпті хабарласпай қойды. Оның қайда тұратынын, немен айналысатынын сұрамаппын да. Аңғал басым әдемі сөздерге елітіп, ертеңгі күнімді ойлауға мұршам да келмепті... Мына күйімде ауылға барсам, кедейшіліктің кебін киіп отырған ата-анам не күйге түседі. «Байсыз бала таппақ, қарабет» деп бүкіл ауыл-аймақ көзге шұқымай ма?!. Әбден басым қатты... Алдырып тастауға мерзімі өтіп кеткен дейді... Жасырын босанып, бір жерге тастап кетуге... арым жібермейді... Сосын бір құрбым «Нәресте асырап алатын адамдар бар. Сондайларды тауып сөйлесу керек» деген... Сосын сіздерге көзім түскен... – Бойжеткен тағы да екі қызға кезек-кезек қарады. Бота мен Гүлім де бірін-біріне үнсіз көз тастаған.
- Сонда бізді «сәби асырап алады» деп саған кім айтты? – деді Гүлім.
- Бір рет қастарыңыздан өтіп бара жатып, сіздердің жақсы адамдар екендеріңізді білдім. Сосын...
- Не сосын? Бізді бала таба алмайды немесе тұрмысқа шыға алмайды деп ойладың ба? – деп Гүлім оның сөзін бөліп жіберді.
- Т-у-у, Гүлім. Өзі әбіржіп отырған қызға несін шүйлігесің?- Бота жақтырмай қалды. – Алдымен тыңдайық дә.
- Сосын сіздермен сөйлессем деген ой келді. Жеке өмірлеріңіз туралы ойламаппын. Нәресте жақсы қолға, қайырымды адамдардың отбасына түссе деп қана ойладым... Тіпті сәбиден тірідей айырылғым да жоқ... Кейін, бәрі реттелген соң, қайтарып алсам ба деп те қоямын... Қазірге барар жер, басар тауым жоқ. Әрі оны әлпештеп бағу керек... Әбден басым қатты... Ойдан шаршадым... Ұяттан жерге кірердеймін... Тіпті, мына өмірде ешкімге керегім болмай, жалғыз қалған сияқтымын... Кейде іштегі шарана бұлқынғанда жалғыз емес екенім есіме түсіп, оны қалай бағамын деп аласұрып, ұйқысыз түндерде көзімді жасқа бұлаймын... – Бейтаныс бойжеткен қалтасынан беторамал алып, жасаураған жанарын сүртті.- Кешірерсіздер. Өз мәселеммен бастарыңызды қатырдым ғой деймін... Ойланып көрерсіздер... Мен арғы беттегі екінші үйде тұрамын әзірге. – Қыз орындықтан тұрып кетуге ыңғайланды.
- Иә, біз хабарласамыз... Өзің де келіп тұр. Есігіміз әрқашан ашық... ұялма... Қолдан келген көмегімізді жасармыз, - деп Бота қызды жұбатқысы келді.
- Жылы сөзіңізге рахмет... «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген... Біреуден жылы сөз есітуге де зар боп қалып едім. – Бейтаныс бойжеткен көз жасын бір сығып алды да, қоштасып шығып кетті.
- Мәс-саған, безгелдек! Ойламаған жерден сәбилі болатын шығармыз... Сұраған жұртқа «күлге аунап таптық» дейміз бе, а? – деп шыр-пыр болған Гүлім кереуетке құлай кетті. – «Судың да сұрауы бар». Ертеңгі күні «бала ұрладыңдар» десе қайтеміз?.. Мұның бір заңдастыру жолы бар шығар.
- Гүлім-ау, бүгін-ертең балалы болғалы жатқанымыз жоқ қой. Сен тудың ба, мен таптым ба, былайғы жұрттың не шаруасы бар. Алда-жалда асырап алар болсақ, бәрін заңды түрде жасармыз. Ешкім саған «бала ұрладың» деп күнә арта алмас. Сондықтан, бар нәрсені таразылап алғанымыз жөн болар, - деп Бота оны ақылға шақырды. Екеуі біраз үнсіз қалды. Әрбірі өзінің ойымен әлек.
-Ойпырм-ай, он екіден бір гүлі ашылмаған жап-жас-ау! Ұядан жаңадан ғана ұшып, енді басталған өмірінде шалт басқанын қарашы... Обал-дағы... Мөлдіреген жас опық жеп отыр. Аянышты... «Бейтаныс кісі – бітеу жаңғақ,» деген осы... Адамның күні адаммен. Көмектесуіміз керек сияқты, бейшара балаға. – Гүлім әу бастағы райынан қайтып, салиқалы тоқтамға келген сыңайлы.
- Иә, бірақ қалай? Әзірге ол бізге тек ой тастап кетті. Нақты көмек сұраған жоқ. Өмір болған соң, қателесу де болмай қоймайды. «Ай бетінде де дақ бар» деген мәтел босқа айтылмаса керек. Жалпы, ұяты бар қыз секілді. Әлгінде ол әңгімесін айтып отырғанда, бет-әлпетіне қарап отырдым. Атам қазақ айтқан «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» деп. Шынымен шарасыз күйде. – деді Бота. Екеуінің ойлары бір арнада соғыса бастағандай.
- Әке-шешесі де қызық адамдар сияқты. Барлық мәселені қиыншылыққа, жоқшылыққа апарып тіреп қоюға болмайды ғой. Ата-ана болған соң бала-шағасына өмір бойы бас-көз болуы керек емес пе? Қаржысы болмаса бауырына басып, жылы сөзін арнау керек шығар. Құтыла алмай тұрғандай, қыз баланы сыртқа тепкені несі? Қыз онсыз да қонақ емес пе?! Қызды бұрынғылар жағадағы құндызға теңеп, әлпештеп алақанға салды ғой. Бүгінде... түсінбеймін, ондай әкені де, шешені де. – Гүлім өзі танымайтын әлдекімдерге ашуланып, доқ қылғандай болды.
- Адам айғысы – заман қайғысы. Бір демограф ғалымның зерттеулері еске түсіп отыр. Соңғы он жылда қазақтың 12 пайыз қыздары, 7 пайыз ер жігіттері тұрмыс құрып шаңырақ көтермеген. Бұрындары үйлену 18 бен 25 жастың арасында жүзеге асса, бүгінде отбасын құру 30 бен 40 жас арасына жылжыпты. Себеп білім алып, маман ретінде қалыптасу, мансап жасау, қаржылық қор жинау, баспана, мәшине тағы осылай болып жалғаса береді. Тіпті Батыстың кері әсеріне елтушілер отбасын құруға талпынбайды да екен. Міне, өкігіштісі осы, Гүлім. Жиырма бестен асқан қыз өзінің теңін табады деп ойлайсың ба? Оларға өзінен үш-төрт жас үлкен жігіт таба қойуы әй, қайдам, қиын-ау. Ілеуде біреу болмаса, жігіт деген, жарықтық, ай қарап жүрмейді ғой. Қыздардың саны көп. Сосын ажырасу да көп. Кей жігіт әр гүлге бір қонып жүрген жеңілтек көбелек секілді көрсеқызар. Міне, біздің бейтаныс бойжеткен де сондай көрсеқызардың жемтігі болып қалғанына шүбә жоқ. – Бота ойға ой қоса әріден толғады.
- Өмірге келер сәбиге енді ата-апасы да, әлеуметтік жағдай да тосқауыл қоя алмайды. Іңгәлаған даусымен бүкіл қазақ даласын селт еткізіп келсін мына жарық дүниеге тағы бір қазақтың баласы! Әр баланың өз несібесі бар дейді ғой. Қалғанын көріп алдық, - деп Гүлім кереуеттен тұрып, үстел басында отырған Ботаның қасына келіп жайғасты. Бота әлдебір сезім құшағында жүрген құрбысының иығына қолын сала жымиып, оның алаулаған жүзіне қарады. Оның от шашқан жанарларынан мейірім шуағы төгіліп тұр еді. Ботаның да көкірегі нұрланып кетті. «Адамның адами қасиеті көзіндегі мейір нұрынан, көкірегіндегі мейірім шапағатынан көрінсе керек. Жанынан мейірім нұрының шуағы төгіліп тұрған адам өзге жанға титтей де қиянат жасай алмайды. Қатыгездік атаулыдан алыс болатыны анық. Жан жылылығы, көңіл қуаты мейір нұрымен молыға, толыға түсіп, одан нәр алмақ,» деп ойлады Бота құрбысының қуанышты жүзіне қарап. Сөйтті де жымиған қалпы:
- Иә, балалар үйінде өскенше... – деді ақырын ғана.