Туындылары
ЖЕТІМ ҚЫРАН
Бас көтергені де бүгін еді. Дүниеден безінгендей бейжай күйі бүрісіп жатқанына біраз болған. Енді байқаса жылай-жылай жасы да таусылған сияқты. Кеудесін әлдебір ащы аптап қарып барады. Күндегі күңкілдесіп отыратын шалының да орны бөлек екен-ау. Жанына медеу етіп, едәуір бел тұтушы еді. Енді соның бәрі көрген түстей ғана. Күңгірт қараша үй. Бүгілген төрт қабырға. Сүңгі қаптаған қотыр төбе. Үриланың еншісіне ендігі қалғаны осы. Тұруын тұрғанымен елегізіп өзін қоярға жер таппай сипалақтай берді. Жабырқағандағы жалғыз серігі ұршығына жармасты.
Ол шаңқ еткен дауыстан селк етті. Алдамшы үміттей шырқ үйірілген ұршық еденге домалап түсті. Қайта көтеруге халі жоқтай. Жүрелеген күйі бүркітке тесіле қарады. Тарамыс саусақтары қармана береді. Алақандай тулақты тырмалап отырғанын сезген жоқ. Қатқыл дыбыс шекесін шаққандай басы зырқылдайды. Кірпігі қозғалмай, үрейлі кейіппен қаранғы бұрышқа қадалған күйі аңтарылып ұзақ отырды. Әлден соң бейбақ. Қандай амал табамын. Қызыл көрмей босап қалды-ау бөтегең. Құзғын болсаң құмырсқамен де күнелтер ең. Сұңқар екеніңді енді білдім –ау.
Иегі кемсеңдеп кеткен соң жасын сүртпек еді, құрғақ леп бетін күйдіріп бара жатқанын сезді. Талайдан жас болып төгілген зары енді жалынған айналған сияқты. Өз жалынына өзі күйгендей ол жаулығымен бетін бүркей берді. Сұңқарды Жұбатпақ еді, мұнысы жоқтауға ауысқанын аңғармай да қалды.
- Қос жетім әр жақта елеңдеп қалдыңдар-ау. Әкесінің өлімін де ести алмай, Ертайым қайда жүр екен-ау жалтаңдап. Бұғанасы қатпай жатып, бұғау түскен құлыным-ай. Құс болсаң да құлазығаныңды сезіп енді сен отырсың. Қанатыңды қаға алмай, Құмарыңды таба алмай, күйкентайша бүрісіп қалдың-ау. Тулаған аң ілмесең тұяғың тұқылданып қаларын біліппін бе мен сорлы.
Бұрын зер салмаған екен. Қыранын сылап-сипап балаша мәпелеп жүрген шалына Үрила сыртынан қарайтын да қоятын. Ұзақ сабылыстан қажып келгенде бас иесіне ықыласпен шай беруге асығады. Құс күтімін ойлаған да емес. Енді көз алдында үрпиіп қалған бүркітті аяп езіліп отыр.
Қашан ғана ұшырап ең бұл күйге? Қалай ғана тап болдың? Құдай – ай, ендігі көрсеткенің осы ма еді?
Кенет сол бір қанды көрініс елестеп кетті. Қанды көрініспен бірге қан жылаған өмірі де елестеді...
Ол бір тымық шақ еді. Түнімен жауған қар түбітше үлпілдеп, мың құлпырады. Ақ қайыңдар ақ сәукеле жамылған. Кеше ғана сидиып тұрған жалаңаш бұтақтар жонына қар қондырып, жалданып алыпты. Табиғат киімін ауыстырғандай төңірек жаңарып кеткен.
Енді аздан соң осынау із түспеген алқапқа тірлік алуан өрнек салады. Аспан ашық.
Кәрібай шал ат ерттеп жатыр. Алақанымен ат арқасын сипап өткенде қызыл арайға шомылған түктер ұшқындай құлпыра берді. Осыған сүйсінді ме, шал күреңін еркелеткендей жалынынан тарап қойып, күбірлеп әлденені айтып жүр.
- Ақ қараға алтайы түлкі аунайтын күн екен-ау бүгін. Жұтындырып тұр ғой, шіркін. Бұйыртса олжалы ораламыз.
Ол осынау жалпақ дүниеде жалғыз екенін мойындағысы келмей күреңіне сыр шертіп тұр. Ұлы кеткелі ашық үні күбірге айналып, сыртағы сырласы жалғыз атына тіл қатып жүргені. Баласының көзіндей болған осы жануардан аяры жоқ. Төгілген жалдың астына танауын тақап қамыс құлақтың түбінен емірене бір иіскеді. Иесінің сыры өзіне құлын кезінен мәлім жануар тағы бір сапарды тағатсыз күткендей. Таяғымен жер тартып, ұлпа қарды ытқытып-ытқытып жіберді.
- Қайран желаяғым –ай. Кедейдің ноқтасына ілініп, өзім сияқты елеусіз болып келесің – ау. Бағың шапса аяқтыға шалдырмайтын арғымақ емессің бе? Ұлы дүбірлерде ұрандатып, бәйгенің алдын бермес сәйгүліксің ғой. Міне, енді жал-құйрығыңды түзеп, жауырыныңа ер тигелі тау мен тасты кезіп жүрісің мынау. Ауқатының астындағы аты да асқақ. Адамның даңқы атын да әлпештетеді екен ғой. Әйтпесе сенен озар деймісің. Асыл болмасаң қотыр құлыннан құйрық-жалы төгілген жүйрік шығармысың сен.
Түнде салған шөптің кәшегі ғана қалыпты. Ақырды тазалап кетейінші деп еңкейе беріп еді, саптамасының бедерсіз табаны әлдебір бұдыр немеден тайып кетіп, сүріне жаздады. Алақанымен жер тіреп барып қалды. Бұлығып бір түкірді. Белі кілтілдеді ме, бүйірін тіреп біраз тұрды да, табанының астына сығырая қарады.
- Саған не жоқ, ей! – деп күзідей саптамасымен бір теуіп ұшырып жіберді. Жылқының қатқан тезегі екен.
Алысқа телміре бір қарады да, енді қайтып еңкеймей, саптамасының тұмсығымен кәшекті ақырдың бір шетіне ысырып тастады.
Ол әдеттегесінен ұзақ жиналды. Манадан бері шалының ерәбзелін тасып күйбеңдеген Үрила мұны бірден аңғарған. Бірдеме айтсам қағып тастай ма деп қаймығып үнсіз тұқшыңдаумен жүрген. Шалының бөгде қылығы секемшіл жүрекке зіл тастады ма, шыдай алмай сыр тартып еді.
Байғұс-ау, не болды түге, сонша таранып. Ертерек атқа қонып, жарық барда оралмаймысың.
Шал әлгінде ғана селсоқ болып тұрған денесін тез жиып алды. Үйқыдан оянғандай, иығы оқыс секеңдеді.
- О, несі-ей, қайдағыны шығарып. Қалыңдығыма ұрын баруға жиналып тұр деймісің. Онан да оттамай қамшыны алып шық. Берденкені де ұмытпа.
Кәрібай есік жаққа иегін қақты. Шалының мінезі қашаннан қанық Үрила бұл жолы жасқанған жоқ. Тұйық болғанмен жанарында кейде ұшқындап кететін ашудан гөрі аяушылық басым көрінді.
Сынық көңілдің сырын екеуі де үнсіз ұғысқан сияқты.
Осынша жасқа келгенше ерінің айтқанын екі етуді білмейтін Үрила бұл жолы да бүкшеңдеп үйге еніп кеткен.
Тез оралды. Қамшының сабын шалына ұстата берді де, өзі ат тізгінін қолына алды. Серігін қолтығына демеп ерге қондырды.
Кәрібай жаңағыдай емес, атқа отырысымен желік біткендей қомданып кетті. Шалының түрленіп шыға келгеніне Үрила да іштей сүисініп тұр. Қыранын қолына отырғызып, ат басын бұра бергенде, қызыл күрең құмалақтап жіберіп еді. Сапаршының әр қимылынан жақсы ырым іздейтін кәрі жүрек әлденеден күдіктеніп қалды.
Отағасы – ау, бүгін бармай – ақ қойсаң қайтеді. Астындағы атың құмалақтап тұр ғой.
Бұл жолы Кәрібай, шынымен-ақ, шамданып қалған екен.
Қабағы түйіліп әжімдерімен астасып алыпты. Жүзі тобылғыдай күреңітіп тұр. Шүңірек көзі шүйліге түскен. Үрила осы бір өңменнен өтер назардың шалына қайдан жұққанын білмей-ақ қойды. Әйтеуір, бір айбардың төніп келе жатқанын тағы да сезді. Шалы да гүж ете түсті.
- Не деп әулиесініп тұрсың-ей? Құдай болсаң құтылып көрші тауқыметтен. Онда менің қыр кезіп нем бар еді. Берекені белгісіз тағдырымнан тілемсіктеп жүрген жоқ па. Азығымды жолдан іздеп, аш бөрідей алақтауға менің де құлқым жоқ.
Қолындағы қамшы еріксіз шошаң етіп, сылқ құлады.
- Онан да ана терілерді илеп қой. Ылдидағы орысқа апарып өткіземін.
Үрила үн қатқан жоқ. Тек жүрегі әлденеге күпті болғандай, ер үстінде қомпиып отырған боркемік шалын іштей аяп кетті. «Бейнеттен арылмадың –ау. Шынымен – ақ, бұл тірліктен осылай өткеніміз бе. Бір сәулеге талпына –талпына жете алмай таусыламыз ба? Ұлыңды арқалап, маған пана болып, тау мен тасты кезгенде, тауқымет жүгін көтеруден танбағанда – көрсем дегенің бұл емес еді ғой. «Әйел ерге, ер жерге қарайды» деп аракідік құр алақан оралғаныңда кінәлі адамдай күмілжисің. Бір – бірімізге тура қарай алмай тұнжыраймыз. Қайғысыз ішер қара су да бұйырмады ғой. Кеудені құса кернемей, арқаңа батқан аяздан құтылдым – ау, деп бір тыныстап өліп кетсек арман жоқ еді ғой бізде».
Тізгінді ұстап тұрып қалған екен. Шалының салалы алақаны иығына тигенде ғана серпілді. Қамқор алақанның мейірі әлі таусылмапты.Үрила соны сезіп шүкіршілік етіп тұр.
Мұндай сезім Кәрібайдың да кеудесін кернеп алған еді.
«Бұл байқұстың жазығы не. Шүйкедей боп қатып қалғанша бір жақсылық көрмеген бишара менің қамымды ойлағаннан танып па еді. Шығарар биігім бұл емес еді ғой. Тырнақтан қан аққанша тырбанып келем. Жүрек сыздап жүйкелеп жеткен жерім осы болды. Өзім не боп барамын осы. Кемпірге қопаңдауым қай сасқаным. Ай, алжыған-ай...»
Ол өзін -өзі жерлеп алды да, ат басын бұра берді. Бара жатып айтқаны:
- Үйге кір. Тоңып қаларсың.
Кәрібайдың соңғы сөзі осы болды. Манадан тықыршып тұрған қызыл күрең тұяғымен қар боратып беткейге қарай тартып берді».
Жол бойы жаңағы ойдан арыла алмады. Үриланы ренжітіп кеттім бе деген түйіткіл күй көкейде құйынша үйірілді. «Онсыз да күн көрмеген жапырақтай қалтыраған қалжасы ғана қалмады ма. Несіне тиістім екен».
Кәрібай өзін-өзі ұмытып, ескі жолдың соқпағына қайта түскендей ат үстінде елес кезіп келеді.Үриламен жалғасқан үміт жібінің алғашқы ұшын іздеген жайы бар. Тағдырлас боп табысып еді –ау. Елудің есігін қағар – қақпаста иегі мұжылып иегі мұжылып отырысы енді анау. Тауқымет жүгі белін де бүкірейтіп болмады ма? Шалының жолына сарыла қарап қала береді. Ертай кеткенде де ұзақ түнге дөңбекшіп, ұйқыдан айырылды. Ғұмырында жалғыз – құрсақ боп көрген қызығынан қол үзіп қалғанда Кәрібай Үриланың ұстынынан шошынған. Сүйеу сөз айтып жүріп серпілткендей еді. Содан бері кемпіріне кірбің қабақ білдірмеуге тырысатын. Бүгін қалыптан ауытқып кеткеніне опынып келеді.
Кәрібай оқыс бұрылып соңына көз тастап еді. Үрила сыртта көрінбеді. Қар тұмшалаған қарашаның қарауыл мұржасынан мардымсыз түтін оқта – текте елпілдейді. Іргесін шеттете жүріп қалтарысқа паналаған шаңырағының маңында одан бөтен өзгерісті көре алған жоқ.Алыста бай аулының жылқылары күртік қарды тозаңдатып шұбап барады. Кәрібайдың жүрегі тыз еткендей денесі түршігіп кетті. Жанарын бұрып әкетті.
Өзі кешкен көне тірлігі қайта қопсығандай.
Әкесінің бар мүлкіне ие болған Құрман ат жалын тартып мінбей жатып-ақ бай атанған. Азулы ағайындары жабыла кеу-кеулеп бөлтірікше баули бастаған еді. Қанына сіңген қасиет пе, әйтеуір, Құрман қамшы салдырмай-ақ лезде тулап шыға келген. Қатыгездік жағынан ешкімге есе бермес қара жүрек боп өсті. Алғашында сергелдеңге түсіп сері атанды. Әлде кімдердің соры бетіне көн боп жамалып жатса да, әлсіздің көз жасын ағызудан тартына қойған жоқ. Қыдырып қыз аңдып, жаңа көріне бастаған балғын гүлдің сабағын құртша қиып жүре берді.
Кәрібай байдың қойшысы еді.Жалшылықты Құрманның әкесінің алдынан бастаған Кәрібай жас мырзадан да құтыла алған жоқ. Айырмасы енді қозы емес, қой бағады. Мойынға түскен құрықтың қыспағында қыр кезіп, тау–таспен сырласып қой соңында жүре берген.
Шыр бітпес шіркей тірлікпен бай аулын сағалап, азын-аулақ күн көрісін тауып отырған өзі сияқты жұтынған кемкетіктер көп еді. Солардың бірі-Қазбала кемпірдің үйі. Қазбала дегенде Кәрібайдың ықыласы бөлек. Бұл ықылас бала кезден басталған. Сұңғақ бойлы, сіріңке қара, арық кемпірді көрген сайын жібіп сала береді. Денесін түзу ұстап, иілмей жүретін, тік мінез турашыл кемпірдің өн бойында өмір ауыртпалығын мойындағысы келмейтін тәкаппарлық бар сияқты.
Тоқайласқан кедей аулының сыйлы адамы.
Кәрібайдың оннан асқан кезі болатын. Қозы бағады, атанасынан ерте айырлып, Қырғызалы дейтін жамағайынның қолында жүретін. Мейрімді аз көргеннен бе, әйтеуір, мінезі тұйық боп өсе берген.
Қырғызалының әйелі Панзакүл ыдыс-аяғына да ие бола алмаған ыбылжыған салпы етек біреу еді. От жағарда ошағының күлі бұрқырайтын икемсіз жан. Самай шашын қобыратып, шаянша қызарып, бықсыған отты үрлеп отырғанда шүпірлеген қара борбай балалары тұс-тұстан жармасады. Панзакүл соның бірін де елемейтін. Күйелеш шаршысының ұшымен мұрнын сүртіп отыра береді. Қазаны түсіп алдына ас келгенше балаларының біреуі ошақ басында қисайып, біреуі тізесіне жантайып ұйқтап та кететін. Енді бірі көк түтінге шашылып көзін уқалап жылайды. Панзакүл сонда да елең қылған емес. Пысылдап өз тірлігімен әуре. Бұл үйдің іркес-тіркес алты баласынан ересек болғандықтан Кәрібай кешке қозыдан келгенде соларды жұбатамын деп жүріп өзі де сүрініп жығылады.
Ертеңіне шала ұйқымен қозы өрізгенде Кәрібайдың басы ауырып, есіней беретін. Сондай бір күні Кәрібай тасқа сүйеніп беткейде қалғып кеткен екен, қанша мызғығанын білмейді. Әйтеуір бір жылы леп бетін шарпығандай болды. Ол шошып оянды. Не болғанын білмей, тұра қашпақ еді, әлдебіреу еркіне жібермеді. Иығынан жайлап басып, Кәрібайдың басын өз тізесіне қойды. Маңдайынан сипады. Құшағына тартып баурап барады. Мұндай ықыласты Кәрібай бұрын көрмеген. Содан ба, үрейлене қарады. Аймалап отырған Қазбала екен.
- Апа, - деп жібергенін өзі де аңғарған жоқ. Құшағына тығыла берді.
- Айналайын –ай, иә апаңмын, апаңмын, - деп Қазбала да даусы жарықшақтанып кетті, - Шырағым-ау, абай болсаңшы. Қозың ұзап кетіпті ғой. Көз жазып қалсаң қиын боп жүрер. Шыдай алмай іздеп келдім.
Кәрібай тұра ұмтылды.
- Тоқтай тұр, балам. Мына күлшені ала кетші.
Бұрылып кеп күлшені қолынан алды да, Кәрібай қозы соңынан жүгіре жөнелді. Қойнына тығып еді, жып-жылы екен. Жүрегіне де жылылық ұялап, риясыз қуанды.
Бұдан кейін де Қазбаланың ықыласын Кәрібай көп көрді. Әкесі Үмбеталының өлеңдерін де осы кісіден үйренді. Жанашыр пейілдің алғашқы сәті өшпестей жатталып қалыпты. Есейген шағында да жиі еске алып, Қазбаланы қадір тұтатын.
Қазбаланың Үрила деген жаңғақтай қызы бар. Әттең шоқпыттың ішінде жүріп елеусіз ғой. Әйтпесе бота көзі мөлдіреген бір сүйкімді қыз болғалы тұр. Қаз төсті қара торының әдемісі. Есікті шыт көйлектің өңірінен мойнына таққан тұмарша көрініп тұратын. Үрила бала кезінде бай ауылдың қыздарынан мойны толған алақаны көріп, мазалай барген соң шешесі тігіп еді. Онысы бұл күндері тайғанақ мұзша жалтырап кетіпті. Үрила сонда да тастаған емес. Ана мейрімі сіңген тебінгідей тұмаршадан бір түрлі жылылық сезінуші еді.
Именіп, иіліп өсіп келеді. Мұнысы жастайынан көрген азаптың жасқаншақтағынан гөрі инабаттылықтың нышанын аңғартқандай.
Ауылға Торланәлінің келін түсірген жылы ғой. Торланәлі елпектеп қалған момын жігіт болатын. Иі жұмсақ темірдей майысқақ біреу. Алдындағы қойдың санын да білген емес. Бәрін түстеп, тұспалдап таниды. Әр саулыққа ат қойып, өзінше түгендейді. «Қоңыр қой, боз қой, төбел саулық, қасқа саулық» деп әр малдың белгісін жұптайды. Өріс пен қора арасындағы жолдан басқада жұмысы жоқ. Болбырап, борсып жүргені. Әйтеуір жым-жырт біреу. Сол Торланәлінің аяқтанып, шаңырақ көтергеніне тағдырлас жандар қатты қуанған. Айзада деген әп-әдемі қыз екен.
Айзадамен Торланәлінің танысқаны да қызық. Жаздың, жаңа басталған кезі. Мал аяғы ұзап, Мамыражай туған шақ. Торланәлі қой жайып жүргенде маңынан көш өтеді. Шұбалған жасаулы түйелерге қарап аңтарылып тұрып қалыпты. Көш соңын ала жасауы жұпыны төрт-бес түйе барады. Әрқайсының үстінде қараң-құраң мүлік пен жадау жүзді қыз-келіншектер. Ұзын көштің жалшы-жақыбай болса керек. Осы тіркес Торланәлінің тұсынан өте беріп әндетіп жіберді. Бұл-Қаратаудың қыз-бозбаласының әдетіне сіңген қасиет. Кезі келгенде өлеңді қиып салып, ұтымды әзіл айтады. Мына қыздар соған әбден кәнігі болса керек.
Ербиген қой шетінде мыржық сары.
Сияды-ау бір ұртыңа бір пұт тары.
Тайлағы біздің елдің бос келеді,
Қойыңды басып кетер жылжыт ары.
Торланәлі қапелімде не дерін білмей, жеңімен маңдайының терін сүрте берді. Әлгіні айтқан ақ құба арық қыз екен. Қалғандары күлкімен қостады. Сол күйі олар ұзай берді. Торланәлі мелшиген күйі қозғалар емес. Көпке дейін әнші қыздың қос бұрымы тербеліп көз алдында тұрды да қойды. Әлден уақытта өзіне-өзі келгендей қыз әзілінің төркінін іздеп ұртын сипады.
Кейінгі көз тастап еді. Алыстан боз шаң көрінді. «Е-е, жайлауға шыққан сіргелінің көші екен ғой. Мынау соңындағы шаңдатқан малы болар».Торланәлі жалма-жан бытырай жайылған қойының етек-жеңін жинастыра бастады. Үйреншікті тірлігінен өзгені ұмытпайын деп еді, әлгі қыздың айтқаны көкейінен шықпай қойды. Жүрегі лүпілдеп кеткен сияқты. Бұрын сезбеген бір лүпіл.
Сөйтсе тыныш кеудеге шоқ түсіп, тыпыршыта бастаған екен. Торланәлі сіргелі жаққа қайта-қайта барып жүріп, ақыры, Айзадамен табысты.
Екеуінің шағын той-томалағына тілеулестері тегіс жиналды.
Құтты болсын айтысып, келінге құрмет көрсетіп жүр. Сирек көретін қызығы болғанға ма, ауыл адамдары жылт етерін үстіне киіпті. Бәрі де көңілді. Қыздар жағы Айзаданы қаумалап бір бұрышта шүйіркелесіп қалыпты. Сыбырлай сөйлесіп сыңғырлай күліседі. Араларында Үрила да бар. Жігіттер болса беташарды күйттеп өздерінше желігіп жүр.
Кәрібай да осы ортада. Қыздар жаққа көз тастап еді, жанары Үрилаға кідірді. Топ үйректің ортасындағы жалғыз қаздай өзгелерден шоқтығы биік көрінді. Үриланың бой жетіп қалғанында енді аңғарған сияқты. Көзі күлімдеп, Айзада екеуі шүйіркелесіп отыр. Жанарындағы осы бір ойнақы ұшқынды жасырғысы келгендей ұзын кірпіктері жиі қимылдайды. Қыз жаны өзіне қадалған назарды сезді ме, иығынан асып етегіне төгілген бұрымын тараштай берді. Сүзіліп төмен қарап отыр.
Тыстан Панзакүл енгенде қыздар жағы өре түрегелді. Айзада әдеп бойынша сәлем етті. Өзге жұрт аңтарылып Панзакүлге қарап қапты. Кәрібай да қысылып тұр.
Жастайынан қолында жүріп Панзакүлдің бар болмысына көзі үйреніп кеткенімен, бүгін, шынымен-ақ, намыстанды. Әдетінен аумай келіпті. Шоңқайманың қонышына дейін қи қатқан, көйлегі сауыс-сауыс. Бірақ оны елең қылған жоқ. Еденнің шаңын үркітіп, жалп етіп іргеге отыра кетті. Ашылып-шашылып алаңсыз отыр.
Үрила құлағына әлденені сыбырлады. Сол-ақ екен Панзакүл өршеленіп шыға келді.
- Немене, қай жеріміз көріне қалды. Балағымыздан бала сорғалайды. Алты бала тапқанда сенің де қынайбел боп қиылып отырғаныңды көрерміз. Әлі соған да жете алмай жүрме. Біздің қойшы бала қатын алады деп, сен қыз байға тиеді деп Үриланың беті өртше қызарып кеткен екен. Тысқа ата жөнелді. Екі-үш кемпір сөзге араласып еді, оған тосылар Панзакүл болмады. Қазбала сөйледі.
- Олай деме, келін. Ердің парқы етекпен өлшенбейді. Әр азамат Кәрібайдай – ақ болсын.
- Немене, тұс-тұстан сүйреңдеп кеттіңдер. Жалғыз үй едік. Бөлектегенің біз болайық. Өңкей қаңлы өздерің-ақ қалыңдар, - деп Панзакүл бұрқырап орнынан тұра берді. Өзге рудан екенін де еске салып барады. Босағадан аттай беріп Кәрібайға да күңк етті. - Қай бетіңмен тұрсың. Жүр былай.
Жеңгесінің бұл қылығына Кәрібай қатты налыды. Бірақ сол жолы Үриланың әдептігіне іштей сүйсінген.
Енді байқаса, Үрила жалғыз шешесінің қолын ұзартқан сүйеніші екен. Қазбала бай үйінің кір-қоңын жуып түртпектеп жүргенде, Үрила қап сүйретіп тезек тереді. Кәрібайдың қой жайып жүріп күнде көретін сұрықсыз суреті осы ғана.
Арғы бетте жер шұқылап Үрила жүреді. Найзақап тезекті тырмыштап көтеріп ылдилап бара жатқаны. Талдырмаш бойы иіліп, қап тасасында қалып қояды. Кәрібайдың арқасы құрысып, бишара қызды аяп кетуші еді. Үриланың әр қадамын аңғарған сайын жүрегі езілгендей болады.
Соңғы кезде Үрила десе бүйрегі бүлк ететінді шығарды.
Мұндайда қайдағы бір сиқыр арбап алғандай, тыпыршумен жүреді. Біресе кеудесіне үміт ұялағандай болса, кейде сағымдай бұлыңғыр бір арманға көңілі ауатын сияқты. Енді бірде ащы тер қысқан арудай бар тұрқы құрысып шиыршық атады. Немене сілікпе болған сірідей сілесі құрып болбырап кетеді. Иіні түсіп, илеуге көнген көнбістей бейжай қалпына қайта түседі. Осындай арпалыс үстінде Үриланы көзі шалса тыншыған бұлақтай жуасып барып басылушы еді. Қой тасқа жауырынын сүйеп көгілдір аспанға телміре қарай беретін. Алақандай шақырмақ бұлт қыз орамалындай үлбірейді. Бейне дария бетінде қалқып бара жатқандай. Отызға жақындағанша осындай бір торғын орамалға қол созып көрмепті-ау. Құшағында бұлқынған қыздың шашынан сипаған жігіттің арманы бар ма екен шіркін. Осы бір түйткіл Кәрібайдың жүрегін шабақтап алғандай кеудесі ду-ду қызды. Оның аш арыстандай ашынған сәтін өріп кеткен қойдың маңыраған үні бұзушы еді. Таяғын сүйретіп қой соңынан ілеседі.
Кәрібай Үриланың тезек теруге шығатын әр қырқасын жатқа біледі. Бүгін бір беткейде тіртінектеген қыз, ертеңіне өзге белдеуге бет алады.
Кәрібай қыз жүретін қырқаға қырындағанда үнемі екінші бір беткейге қой қайыратын. Алыстан қарайлап, алыстан армандайды. Бір белесте қап арқалаған қыз, екінші белесте таяқ ұстаған қойшы жігіт жоғын іздегендей жорта береді.
Екеуі де құлқын сәріден тұрушы еді. Кәрібай қой қайырып бара жатқанда. Үрила байдың үркердей оқшауланып тұрған үйлерінің түндігін ашады. Осы сәттен басталған күйбең жарым түнде саябыр табады. Кәрібай қыз өмірінен жанына жақын сезім іздегенде сол бір күйбеңнен басқа ұқсастықты аңғара алмай қйналатын.
Кейде осынау жұтаң күркедегі жылы жандардың өзі Кәрібайға жеткізбейтін қиялдай жырақтанып кетеді. Мұндайда өрісте жүріп өзімен-өзі мұңдасады. Құлақ асар кім. Іштей күңіреніп басылады. Тұмшаланумен жүріп тілден де қалып барады. Оңашада ол өзін-өзі іштей қайрап та көретін. Бірақ Үрила ойға оралса тоқырай береді.
Бұл жолы да қиюы кеткен үмітпен кіржіктесіп отыр. Бір шешімге келгендей еді. Үриламен тілдеспек. Енді одан да тартыншақтады. «Сөйлессем ауыл арасы жетпегендей бұл қай сасқаным.» Ол өз-өзінен күбірледі. Сонысын әлдебіреу есітіп қойғандай төңірегіне қысыла қарады. Биіктің ызғары мен ылғалын ғана сезді. Қойы желге қарсы қаптай жайылып жүр екен. Орнынан қозғалған жоқ.
Ауыл жаққа ұрлана көз тастады. «Бүгін осы беткейге шығуы керек еді. Кешіккені несі екен. Әлде келмей ме. «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» дегендей аялдап қалғаны несі. Ұрлығы несі. Жоқ, сұғанақ пиғыл үш ұйқтасам түсіме енген емес».
Кәрібай бір сәтке ішкі сезімімен беттесіп еді. Байқаса жүзі ашық екен. Жүгенсіз кеткен жері жоқ. Сергіп кеткендей болды.
Соның дұрыс дегендей бұйра жонның шалғыны тау самалы тұтатқан толқын тізбегін аунатып ала жөнелді. Майда толқын. Мамық толқын. Тулап емес, билеп толқиды. Кәрібай осы биші толқын үстінде отырған сияқты. «Апырмай, адам деген толқын үстімен жүреді екен-ау». Бұл бұрын пайымдамаған жайы еді. Содан ба қиялын ұштай түсті. «Иә, адам жермен емес, толқынмен жүреді. Толқынның да түрі көп екен-ау. Біреулер қуаныш толқынының жалынан ұстайды. Енді біреу реніш толқынының үстінде ілбіп жүр. Жердің өзі де қатып қалған толқын емес пе екен. Әйтпесе оның ойы мен қыры, сайы мен тауы, адыр-белдері бола ма?»
Алыстап кеткенін аңғарды ма, мырс ете түсті. «Толқын сенің неңді алған. Онан да енге отырғаныңды ойласаңшы». Ол өзін-өзі мұқатқандай болды. Аязда бүріскен торғайдай, жартасты тасалаған пұшайман пошымына қомсынып, қорланып кетті. Ауыл жаққа тағы көз тастады. Қабын арқалап келе жатқан Үриланы көрдім. Жігіттің жүрегі дүрсілдеп барады. Кеудесіне қорқақ қоян тығылғандай тасырлайды.Тағат таппай бір тұрып, бір отырды. Үрила жақындаған сайын апанға тығылған көкжалдай бұқпантайы көбейді...Маңдайы жіпсіген сияқты. Қалай жалығарын білмей қаңбақ қылыққа түсіп тұр. Айтар лебізін іштей жұптап көріп еді, өзі де шошынып қалды. Ылғи түиеден түскендей томырық сөздер екен. Тұспалы жоқ, төтелеп тұрған ожар бірдемелер.
Кәрібай осылай дөңбекшіп отырғанда Үрила да жақындап қалған екен. Жолай терген тезегі қап түбін томпайта бастапты. Кәрібайды байқаған жоқ.
Қалтарыстан шыға келген қойшыны көргенде, ішктей тіксініп қалған. Қолынан қапшығы түсіп кетті. Кәрібайдан көз алмай, шегішектей беріп еді. Енді аңғарды. Қойшының осынау тұрысында қаскөй пиғылдың ұшқыны жоқ екен.
Тек өңіріне қадалған жанардың жалынын сезгендей болды.
Қыз қымтанып алды.
- Кәрібай аға, сіз бе?...
Танымаған адамдай, мына сұрағына Үрила қызарып кетті.
- Мен ғой... әншейін... Көр... рейін... деп...
- Не дейсіз, аға?
- Әншейін... жол... лығайын деп.
Қыз еліктің лағындай қайтадан шоршып түсті.
- Кімді айтып тұрсыз, аға?
- Әншейін... сырым бар еді... Көмектесейін деп едім.Тезек терісейін.
Үрила Кәрібайдың бетіне мұңая қарағандай болды. Аздан соң бәсең үнмен:
- Жігіт арманы бұдан биіктеу болмаушы ма еді, аға,-
Деді.
Кәрібайдың құлағы шың ете түскендей мең-зең болды да қалды. Қыз алдында бұдан әрі тұра алмады. Иығы салбырап, ілби басып кете барды. Жол бойы шекесі шағып, солқ-солқ етеді.
Осы бір ойлы сөз Кәрібайдың кеудесіне құрт боп түскендей жанын жегідей жейтінді шығарды.
... Күрең жорға бүлкілінен адасып тапырақтай берді. Осы жүріс Кәрібайдың қиял кесесін шайқап жібергендей бір сәтке сейіліп еді. Қияға өрлеп қалған екен. Ат тұяғы күртікке көмілген тасқа тисе керек. Мойнын алға соза тастап, бір-екі кібіртіктеді де қалыпты жүрісіне қайта түсті. Қыран да қомданып қанатын серпіп алды.
Кәрібай үзенгіні шірене теуіп, бөксесін сәл көтерді. Маңайын шола көз тастады. Момақан тыныштықтан бөтен өзгеріс жоқ сияқты. Беткейді қоян ізі кестелепті. Соңына түлкі түссе керек. Бұралаң із бұлт-бұлт етіп әр жерден бір шығады. «Бірін-бірі қуалаған қу тірлік-ай», -деп күбірледі аңшы. Өзінің де із кесуге шыққаны есіне жаңа түскендей ер үстінде жинақыланып отырды. Соңына қарайлады. Жер қыртысын төңкеріп өткен жалғыз тісті түрендей күреңнің сүрлеуі жосылып жатыр екен.
Қарашаның алдында қалқиып біреу тұр.
«Тағы да шығыпты-ау Үрила. Үйкүшік баладай жалтақтай бердім ғой өзі. Кемпір де жаңғалақ боп кеткен бе? Көз ашқалы көргені сол үрей. Жаны қалай шыдасын. Қайта берік екенсің, сен бейбақ».
Кәрібай қалың елеске қайта түскенін аңғарған жоқ. Қос кәріптің өмір білтесі қалай ұштасқанын еске ала берді.
Шілденің бір кеші еді. Мал жайғасып, ел орынға әлдеқашан отырған. Мамыражай түнді қойлардың оқтын-оқтын пысқырғаны, күтір-күтір күйіс қана мазалайды. Алыс ауылдан итердің еріншек үні естіледі. Төбеде бадана жұлдыздар бадырайып тұр. Көк мәутіге қадаған жылтырақ түмедей құбылады. Кейбірі кетік моншақтай солғын. Тау аңғары жатқан көде мен жусанның ашқылтым иісі келеді. Кәрібай күзетте отырып даланың осынау жұпарымен кеудесін шайдай ашып сергиді. Қасындағы төбеті біраз елеңдеп еді. Енді тұмсығын аңғарға беріп жайбарақат жатыр.
Кәрібай ән естігендей болды. Құлақ тосып тыңдады. Ұлпа самалдың үлбіреген лебіндей қоңыр дауыс. Қыз баяу мұңлы әуезбен созылмалы бір әнді айтып отыр. Сөзін аңғармаса да,
Кәрібай осы бір талма әуенге бой алдырып шомып барады.Демін тартып, кеудесіндегі майда толқынның бүлкіліндей бір дірілді жуасытумен әуре. Ән әуезімен бірге көтерілген осы толқын денесін шымырлатып болар емес. Кәрібай Үриланың даусын таныды.Айзада екеуі оқта-текте осылай ән айтушы еді, Бүгін жалғыз сияқты. Сонысынан ба, ерекше бір сырмен еркін тербетіп отыр. Бейне өзін-өзі ұмытып, ән әлдиіне бір жола берілген жайы бар. Ошақ басында отырса керек, от көрінеді.
Кәрібай байыздай алмады. Біресе денесі ду ете түсіп, бір қызу басына шапшиды. Біресе бар денесі мұздап құрысқандай болады. Әнді естіген сайын әр қайырымынан айрықша бүкпе құпияны аңғарады. Қыздың баяу үнінде кейде ықылық атқан өксу бардай. Кейде бұл әуез сағыныш сазына ұласатын сияқты. Зар мен шағыну, мың мен мұқтаждық, арман мен аңсау қабат астасып жатқандай. Енді бірде бейкүнә бір қуаныш бой көрсеткендей болады.Кәрібай қармақ тартқан балықтай қараңғыда солай қарай бет ала берген.
Тыңдап келеді. Сол бір әуен қоңыржай күйінен ауған жоқ.
Ән иесі шошытып алмайын деп, аяғын абайлап басады. Ырғақ үзілсе манадан билеп алған сезімі ыдырап кетерін аңғарып келеді. Соңынан төбет ілесейін деп еді, жасқап тастады.
Таяп қалған тықырды сезіп, Үрила да ән желісін үзе қойған. Құрт қозғаған ожауы қолынан түсіп кетті. Қазандағы қатықтың беті болмашы бүлк етті. Енді болмаса қыздың үрейленіп қаша жөнелерін сезге Кәрібай бәсең ғана дауыстады:
- Мен ғой,Үрила. Кәрібаймын.
Қыз состиып тұрып қалды. Қасына Кәрібай келгенде де оттан көзін алмай тұра берді. Алғашында үн қатқанмен Кәрібай енді не дерін білген жоқ. Екеуінің де жүзі от жарығынан қызыл шырай боп тұр. Үлкен қара қазандағы қатық толған айды елестетеді. Жарық соның нұры сияқты. Қошқыл жалын қазан маңында қалтылдап тұрып алды.
Бұл түн екеуінің үнсіз ұғысқан сәті болды. Кәрібай Үриланың қолын жасқана ұстап еді. Қыз тартынған жоқ. Жанарын тіктеп Кәрібайға тура қарады. Жігіт жүзінен сенім іздеп тұр.
Соны тапты ма, кірпігі бусанғандай болды. Кәрібайдың құшағына тығыла береді. Жігіттің қатқыл алақаны қыздың иығын сипалап тұрды. Қатқыл болса да Үрила содан қамқорлық тапқандай сезінді.
Күз күннің қытымыр шағы болатын. Қақаған жел қара тастың өзін қалтыратқандай азынап тұр. Дүние сүлік сорған денедей ажарынан айырылған. Ерте түскен суықтан ба, айналаның бәрі күл төккендей күренденіп кетіп еді.Жер тықырланып біткен. Жалғыз-жарым қаңбақ қана теңдік алғандай даланы емін-еркін кезеді. Тіске басарын тіміскелкніп әрең табар халге жеткен қойлар қомағайланып алған. Аялдауды білмей жөнки беретінді шығарады. Тұмсығы шүйгінге емес, тасқа тиіп безініп болған түрі бар. Малға да, малшыға да тыным жоқ бір шақ еді.
Кәрібай қойын алыс қырқаға ұзатып, «Қызылбел» қиясына қаптатты. Мал тұяғы аз тиген жер ғой деп еді. Мұнда да береке қалмапты. Қойларын еркіне жіберді. Қанша ұзағанмен қайырып алармын деп ойлады. Беткейдің желі етіне инедей қадалып, тызылдатып барады. Жағының түгі үрпиіп, денесі бүрісіп барады.Бүрсеңдеп келіп бір тастың ығына отырғаны осы болатын. Желмен жарысып сұрқайы дауыс шықты. Нәзік болса да үрейлі, зарлы естіледі.
«Мынау Үриланың даусы болмағай. Тағы қандай қаһарға ілікті екен бұл жазған».
Осындай оймен ұшып тұрған Кәрібай бір сұмдықты көріп еді.
Үрила жан ұшырып қашып келеді. Шапанының етегі далбалақтап жайылып кеткен. Шашы Беліне байлаған арқанның ұшы шұбатылып жүр.
Жүйрігіне мінген Құрман құйғытып кеп, қызға тақымдай төніп өтеді. Бір ойқастап өткенде құндыз бөркі жалп етіп ұшып түсті. Оған қараған бай жоқ. Алға қарай еміне төніп, қырғиша шүйлігеді. Байдың қимылы Кәрібайға Қамшы үйіруден өзгешелеу көрінді. Оның құйқа терісі шымырлап, өн бойы бір сәтке мұздап қоя беріп еді. Жалма-жан екі өкпесін қолына алып қызға қарай бұл да ұмтылды.
Ол көріп келді. Жаны ышқынып барады.Анау қыздың жолын кес-кестеп, орағытып кеп алдына тұра қалғанда, аты аспанға шапшиды. Кәрібай Үриланы ат тұяғының астында қала ма деп зәре-құты кетіп еді, қыз кілті бұрылды. Құрман бастырмалата ұмтылып қол созды. Үриланың жеңіне ілігіпті, қармай алмай айрылды. Құрман қызды жанай тағы бір құйғытып өте беріп, ат үстінен аунап түскендей болды. Үриланы ала құлапты. Тыпыршыған қыз жер тырмалап тағы сытылып шықты. Бірақ жерден кеудесін көтере алмай, ілгері еңбектей беріп еді. Бай бүиіше арбаңдап қызды құтқармауға тырысып жүр. Төрттағандап сүйретіле берді. Қыз беліндеғі арқанның шұбатылған ұшынан ұстап бауырына қарай тартып барады. Жылан арбаған торғайдай шыр-шыр еткен Үрила бай шеңгеліне ілігуге жақын қалды.
Жетіп үлгерген Кәрібай таяқпен Құрманның күжірейген жонынан салып өтті. Бай баж етті. Жыланша жиырылып барып бүк түсті. Қайта бір ышқынғанда арқасына аунап еді.
Шегір көзі бұлт көшкен ауадай алақ-жұлақ боп шарасынан ауытқи берді. Қанталап, тарғылданып барады. Бұжыр беті бүрісіп, түйір-түйір боп кетіпті. Мұрнының қырынан, қабағынан қан іздері білінеді. Үрила тырнап тастаған екен.
Анадай жерде шаба алмаған шеттігін аңсағандай шодырайған шот жатты...
Кәрібайдың аялдауға әлі қалмаған еді. Үриланың білегінен ұстап:
- Жүр, жүр,-дей берді. Алқынып әрең сөйледі. Таңдайы кеуіп, бір түйін тамағына тұрып қалғандай жұтынып тұр. Осы түйін енді аялдаса бұлқ етіп жарылып, екі көзден жас боп төгілерін Кәрібай анық сезді. Қыздың қолы алақанынан сусып барады екен.Таяғын байдың басына тағы бір төндіре беріп, тайып кетті. Нар жолындай төмпиген тасты салып жіберді. Ақ таяқ қақ бөлінді. Үриланың білегінен тағы ұстады.
- Бол, кетейік, тез-тез!
Қайда барарың бағдарламаса да қыз қарсылықсыз дедектей беріп еді.
Құрман атына тұрып ұмтылды. Енді бар медеуі осы ат екенін екі жақ та аңғарыпты. Құрман мен Кәрібайдың қолы тізгінге бірдей тиді. Қапелімде кеудеден қағып жіберіп еді,
Кәрібай тәлтіректеп кетті. Төртпақ, тығыз бұлшық етті, іркілдек қалың қабақты Құрман Кәрібайды енді ат үстінде боршаламақ еді. Оған жете алмады. Үзеңгіге аяқ арта бергенде Кәрібай желкесінен шеңгелдеп шалқасынан сұлатып түсірді.
Қайта алысса байдың қайраты асып түсерін сезді ме, Кәрібай үрке ойқастап жөңки жөнелген ат тізгінінен шап берді. Қас қағымда ерге қонды. Үриланы жүріс үстінде іліп алды. Анадай жерде Құрман жатты. Мана Үриланы көргенде қомағай құлқыны бүлк етіп, серіктерін қайтарып жіберіп еді. Жандайшаптарын күнаға куәгер еткісі келмеген. Енді жалғыз қалып сүйегіне таяқ тигізгеніне сұмдық арланып, бармағын тістей берді.
Сол күні Кәрібай мен Үрила мен Арқадағы нағашысының аулын бетке ұстап Қаратау қырларынан асты. Қол ұстасып қара түнектен құтылмақ боп қашқан.
Үрила тайлақша тартыншақтап барады. Артында бүкшеңдеп қалған біржапырақ сорлы анасын қимай барады.
- Тірі болсақ қайта айналып соғармыз. Апамды да құтқарамыз, - деп еді Кәрібай дір-дір етіп. Үрила Кәрібайдың кеудесіне бетін басып, шағынып ұзақ жылады.
Кәрібай осы тұсқа келгенде бір қомданып қойып, мұртын сипады. Өткен күнінің қайраты қайта оралғандай ер үстінде шіреніп, тақымын қыса түсті. Сол бір күрес дәмі таңдайында әлі жүр екен-ау. Енді қартайған шағында тамсанып қана тұшынатын сияқты. Қәзір де серпіліп қалды. Атын тебініп қап белге желдіріп шықты. Күн жаңа ғана қылаң берген. Қылтанақ сәуледен жасаураған көзін көлегейлеп аңшы айналасын шолып тұр.
Бұл беткейден аңшы айқас қызығын көре алмады. Енді «Суықтөбені» сүзіп өтпек. Қанжығаласқан елестен арылып енді күндегі тіршілік күйбеңіне енген сияқты.
...Үрила елегзи берді. Шалын шығарып салып, состиып жалғыз қалғанын енді аңғарған сияқты. Домбаздап соққан төрт қабырғаның әр кесегі іскен шекедей шодырайып көрінеді. Сонда да ыстық ұядай сезілетін жеркепе бүгін үрей шақырғандай болғаны несі. Денесі мұздап барады. «Шал келгенше үйді жылытып қояйыншы. Азынап кетті ғой.»
Күйбеңдеп жүріп от жақты. Күрең тобылғы от ішінде кәрі сүйектей сырт-сырт сынады.Үй жуықта жыли қоймады. Үрила ескі тулақты сүйретіп әкеп төседі де, ошақ алдына жайласып алды. Бықсыған тобылғыны қағыстырып, от ортасын көсеп отыр. Аударылған шоқпен бірге өткен өмірі де жаныға беріп еді.
«Кәрібай екеуміз қанды шеңгелден құтылып едік-ау. Бойымызды қайта қылтитқан өзіміз ғой. Тұсаулы адам тұзақтан ұзамайды екен. Ана үшін басымызды қайта ұсындық. Оны да құтқарсақ деп едік».
Кәрібай мен Үрила еліне алты жылдан соң қайта соқты.
Үшеу боп оралды. Араларында перзенті Ертай бар. Бұлардың қайта оралуы да тосыннан басталып еді. Бұрын елді сағындық, апамды аңсадық деп екеу ара оңаша күбірлескені болмаса, сырт көзге сездірген емес. Аңсары ауып кеткен сәттерінде «қайтайықшы, ел ортасына оралайықшы» дегенмен, батылы жетіп тоқтамаға келе алмайтын. Сөйтіп жүргенде екеуі Ертайды көрді. Жалғызсыраған жандарына алданыш табылғандай болған. Көп жайды ұмыттырып, көңілдеріне нәр құя бастаған.
Ертайдың тілі шығып, қаз тұрып қадам басқанын үміттерінің аяқтанғанына жорыған.
Едәуір еңсеміз көтерілді деп жүргенде кеуделеріне шоқ түсті. Шоқ болғанда жігер берері, ұшқын үдеттері емес, бықсуы мол шоқ еді.
Ертай ауыл балаларымен бұлдырап ойнап жүрген. Тілі де тірлігі де қызық шағы. Еті ме, әйтеуір жинақы өсіп келеді.
Кәрібай мен Үрила соған шүкіршілік етеді. Бүгін де есік алдында сүйсініп отырып қалған екен. Ертай анасынан айран сұрап ішті. Еркелеп, тайраңдап қайта жүгіре жөнелді.
Осы ауылдың Пірімқұл деген жігіті алдынан қарсы кездесіп, баланы тоқтатып алды. Өзі Кәрібаймен құрдас боп, қалжыңдасып, қағысып жүретін. Тілі қыршаңқылау біреу. Қимылы да өрескелдеу екен. Баланың иегінен көтеріп қағып-қағып қойды. Үрила жақтырған жоқ. Оны аңғарар Пірімқұл болмады. Дүңк еткізіп бір сөзді қойып қалды.
- Әй, мына күшіктің торсықтай боп өсіп келе жатқанын қарашы. Көрерсің өстіп жүріп мұның да біздің елге сіңіп кетеді.
Мына сөз Кәрібайдың жүрегіне инеше қадалды. Тілін тістеп, үнсіз сіресумен ұзақ отырды. Ол елін қатты аңсады. Қазбала апасын көргісі келді. Торланәлі мен Айзаданы сағынды. Қолынан дәм татқан Панзагүлді көргісі келді. Болбыр жеңгесі ыстық тартып кетті. Көз алдында Қаратау бейнесі кескестеп тұрып алды. Іштей шөгіп отырып бір шешімге келген сияқты. Көңілдегі дық кеңірдектеп ықылық атты да тұрды.Туған жердің қадірін тұңғыш рет бар болмысымен ұққаны сонда еді.
Ақыры, нағашысы берген жалғыз түйені жабулап, арқа сүйер қос қуанышымен жолға шыққан. Жүрегі секем алса да, көңілі таудай. Елге деген бір ынтызар сезім көш тізгінін ұстап жетелей берді. Үрила да, Кәрібай да соған үнсіз бас иген.Тек тірлік дәмін енді тата бастаған Ертай ғана айналаға ашқарақ көзбен қарайды. Сәби көңіліне дүниенің бәрі қызық. Қыбыр еткен қурай басы да, құйқылжыған құйын да оған тансық.
Бір торғай биікке көтеріліп қалықтап тұрып алды. Қос қанаты жас жапырақша қалтырайды. Ертай мұны алыстан байқап келеді екен.
- Көке, көке! Анау тас, анау тас. Аспанда тұр. Құламайды. Әлі тұр. Неге құламайды? - деп алақанын соғады. Күн қаққан жүзі балбұл жанады.Үриланың денесі шымыр еткендей болды. Жүрегін мейірім сыздатып барады.
- Тіліңнен айналайын, құлыным, - деп сүйе берді.
Түйе жетектеген Кәрібай түшіркеніп қалды. Ертайдай қанаты барда өзінің де мына бозторғайша құламай ұшатынына қуанып келеді.
- Ой, тентегім, ол тас емес қой. Даланың әнші торғайы.
Қанатын көрмеймісің. Қанаты барлар құламайды,- деп еді.
Кәрібай өз арманын аңдаусызда ақтарып. Мұны Ертай қайдан сезсін. Үрила селт ете түсті. Алдында отырған Ертай:
- Менің де қанатым бар. Мен де ұшам, - деп түйенің қомынан құлап түсе жаздады.
«Талабыңнан айналдым, құлыным. Тек қанатың қиылмай өсін»,- деп күбірлей берді Кәрібай.
Ертай көз түскеніне әуестеніп отырғанда Кәрібай менҮрила туған жерін аңсап өздерінше толғанып еді. «О, қасиетті Қаратау! Қатпар-қатпар белдерің, қаз тізілген дөңдерің аман ба екен?! Сенің жұмсақ желің мен жұпар ауаң кеудемде әлі жүр ғой. Мені қайта жетелеген де сол тыныс. Шалғының -ай сенің.Толқынша тербетіліп, бұйра жондарды бүлкілдетіп жатпаушы ма едің. Қырларыңның қызғалдағы мен қызыл ала гүлдері ше! Сол гүлдерің құлпырғанда тау баурайы лаулап жанған өртше алаулайды-ау. Көк толқынның ортасынан қызыл шоқтар қол бұлғаушы еді ғой. Қойшы боп жүріп соны да аңғаруға шама келмепті. Енді сезбедім бе, қадіріңді Қаратау!
Сенің қойнауларыңа-ай! Әр қойнау қыз құшағындай ыстық екен. Әйтпесе қойнау сайын қоныстанған ауыл болар ма еді.
Рас сенің көлің аз. Бірақ қыз бұрымындай бұраңдаған бұлағың көп Сол бұлақтың көздері көңіл күйіндей екен ғой. Әкем марқұм бұлақты неге жырға қосты деуші ем. Сөйтсем, шабыт алар бір өрісі болған ғой.
«Ақ бастау», «Қара бастау», «Суық бастау»,
Бастауға топ жылқыны қуып таста – ау.
Жігіттер тірлігіңде тату боп жүр,
Жалғанда жақсылыққа жуытпас дау».
Әкемнің осы өлеңі ес білгеннен жадымда жүрген жоқ па.
Сөзінің лебі бар кісі болыпты. Бірақ өмір ауыртпалығы оның даусын бапсыз домбыраның үніндей міңгірлеп қойған ғой.
Кім білсін, тауқыметті өз тілінен тапқан шығар. Әйтпесе қаршадай кезінде молданың алдынан қашар ма еді. Жайына кетпей өлеңмен жауабын айта кетіпті.
«Сұрасаң менің атым Үмбетәлі,
Нәпсіге тартып кетті жұртын бәрі»,-
Өзім өз оқуым жетеді ғой,
Тақсыр-ау, көп оқуың кімге дәрі»,-
Деп молданың алдына қайтып баспаған екен. Қайсар екенсің-ау. Сондағы тапқаның жалшының таяғы болыпты ғой, қайран әкем».
Кәрібай мырс етіп күліп жіберді. Жауырыны бүлк еткенін Үрила қом үстінде отырып бірден сезді. Мына тосын қылығына тіксініп те қалып еді. Себебін сұраса да, үні сенімсіздеу шықты.
- Неге күлдің, Кәрібай?
Ері ой ұштығын үзіп алды. Үриланың бетіне таңырқай қарайды. Жарғақ тұмағы беліне қыстырулы.
- Бірдеме дедің бе?
Үрила алғашқыдан да тосылып қалды.
- Жай, әншейін. Күлгендей болдың ба?
Кәрібай тағы да жымиды.
- Е-е, Үрила-ай, әкемнің молдаға айтқаны есіме түсіп кетіп...
Бұл Үрилаға да белгілі жай. Атасын көзі көрмесе де, айтқанына қанық еді. Өзі де қоса күлді.
Аз үнсіздіктен кейін Кәрібай баяу күбірледі.
«Сол құрлы бел бумағаным ба?»
Өзіне-өзі айтқандай болып еді.Үрила да естіді. Осы сапарын күпті көңіл тайсала берді. Елге оралсақ деген тілекті естігелі Кәрібайдың тұнжырап жүргенін алғашқы жүрексіну шығар деп түйетін. Енді байқаса, сол күдік қыр соңынан қалмай өкшелеп алған екен. Бастаушысы тартынса күйі не болмақ. Үрила қой бастаған серкені, құла дүзді дүбірлеткен құлан үйірін де көп көрген. Тайсалмай тартқан басшысы барда өзгелері алдында апан болса да көзсіз еретін. Тосқауылға тірелгенмен бәрі де алдыңғының аяқ басқан жеріне асығатын.
Сонда бір көрініс Үриланың көз алдында көлбеңдей берді.
Бар өмірін сабақтастырған адамы сезіктен арылмағаны ма.
Ол ауыр күрсінді.
- Қайтейін, ананың ақ сүтін, кіндік кескен жерімізді іздеп шықпадық па. Байлаудан босанған құлындай бір сезім тыпыршытып қоймады ғой...
Үриланың жүзі мұңайып, жабырқап кетті. Көзіне көлпал жас үйіріле қалған екен. Ерімеуге тырысты. Алдындағы Ертайын аймалай берді...
- Ия, біздің таяныш туған жерге арналған іңкәрлік қой,- дей берді Кәрібай да. Тартыншақтаған түйенің де жер аңсағанын енді аңғарғандай. Тап қазір шудасын сыпырып еркіне салса, жетекке ерген жеріне қарай бас бұрмай тартып кетері кәдік. Кәрібай осынау сиқыр күшті жан-тәнімен ұғып келеді.
Аяғы жылдамырақ басты...
Қапырық. Мөлдір сағым лай суға түскен торғын орамалдай кілегейленіп әрең байқалады. Төңірек тым-тырыс. Боз торғайлар тасаға тығылса керек, үні естілмейді. Бір қырғи жер бауырлап ұшып өтті. Қанат қағысы сылбыр. Пана іздеп сарсылған сияқты. Сапарға шыққалы әр жерден қылаң беріп тақылдаған саршұнақ та жоқ. Тек бозамық тозаң болымсыз будай үйіріледі.
Ертай күн қарыған бетін кішкене алақанымен қанша көлегейлесе де болмады. Қайта-қайта тыжырынып, маужырай береді. Шып-шып тер бетіне қарамықтай қаптап кетіпті. Жеңімен сүртіп тастағанға болар емес. Тек көзін ашып жіберді.
Апа, су ішем,- дейді оқта-текте.
Үрила түнде қонған аулынан жұмырға ашымық құйып ала шыққан. Жатаған жұпыны ауыл екен. Үй иесі жалғыз түйелі жолаушыға таршылық жасамады.
Әлі жолдарың біраз бар. Ыстықта қаталап жүрерсіңдер»,- деп ыдысын төңкеріп берген. Үрила Ертайдың аузына соны тосты. Ашымық ыстықтан қыжып кеткен екен. Бала тітіркеніп ішпеді.
- Шыдашы, шырағым. Әне, сонау жылтырап жатқан бұлақ қой. Бұл-байыстардың жері. Соған жетсек, ар жағында ауыл да алыс,-дейді абыржаған Кәрібай ұлына жалтақтай қарап.
Үрила ұлы күн қақты боп ауырып қала ма деп келеді. Бетін желпіп еді, бала жақтырмады. Жаулығын шешіп, Ертайдың төбесін көлегейледі. Шашы қобырап кеткен екен.
Жаулығыңды алма басыңнан,- деді Кәрібай. Үні қатқылдау шықты. Үрила оқыс тайсақтап қалды.
- Қойшы, қайдағыны ойламай.
Осы сөзді айтуын айтса да түршігіп кетті. Жаулығын басына жаба салды.
Олар «Көкбұлаққа» жеткенде шаңқай түс еді. Бұлақ беті шақырайып жатыр екен. Күн сәулесі су бетіне жеткенде тауы шағылып шашырап кететін сияқты.
Кәрібай түйесін шөгерді. Қолдары қалтырап, буындары әлсіреп, Қимылы сылбырланып кетті. Ширақ дене босап барады.
Бір ыстық ықылас өн бойын балқытып тұр.
- Армысың, туған жер, - деді даусы жарықшақтанып.
Ары қарай шыдай алмады. Көзіне тығылған ыстық жасты әрең тыйып үнсіз қалды. Бала суға бас қойды. Қыз боп кетіп, келін боп оралғанға ма, Үрила иіліп сәлем жасады. Түйе кержиіп мыңқ етпей жата берді...
Үрила кемпір ойының осы тұсына келгенде орнынан ұшып тұрғанын аңғармай да қалды. Енді байқаса қаңқиға үйде қара басы отыр. Қасында Ертайы да жоқ. Шалын болса жаңа ғана аттандырып салды. «Ендігі «Қызбелден» де асқан шығар».
«Қызыл» ойына түскенде Үриланың жүрегі тыпыршып кеткендей болды. Кәрі кеудені дүбірлетіп барады. Сол жүрек тыпыршып тұрып ескі елестің шырмауығына қайта іліккен еді...
Бұлар қыр асқанда тақтайдай көсілген «Саңлақсазды» көрді. Түйе жалақ төскейдің қаймақтасын балпаң табанымен ысыра ылдыилай берді. Бұл өзге жерге ұқсамайтын, көкторғын кілемдей құлпыратын жер еді. Беткейдің оты қуарып, дала шөбінің берекесі кете бастағанда да «Саңлақсаздың» әрі бұзылмайды. Айнала қуаңның ортасында құлпырған арал боп тұра беретін. Шөбі де өзгеше. Мал тісіне жұмсақ өлеңшөп. Бұл Құрман аулының құты сияқты. Қыс түскенше бар малын қыдырта жайып, осы саздың шөбін шетінен майша кертіп отырғаны. Бүгін мал тұяғы таптаған жер, ертең бой түзеп шыға келетін. Аунатып алған кілемдей ажарлана береді.
Тұрсын деп төңірекке рең беріп,
Табиғат қойған мұнда кілем керіп.
Егерде «саңлақсазға» тісі тисе,
Сүбесі қойдың қалар білемденіп.
Үриланың ойына ең алдымен осы өлең түсіп еді. Кәрібайдың да жанары қыран көзіндей жайнап кеткен екен. Таксиген қабағы жадырай бастапты. Түріңкі ерні жыбырлайды. Шамасы, баяғыда әкесі қой соңында жүріп шығарған осы өлеңді қайталаған сияқты. Үрила мұңы үнсіз ұқты. Ертай бұрынғыдай емес, көбелекше елпілдеп отыр. Көптен бері алдынан көлбеңдеп кетпей қойған даланың сұрқай өңі оқыс өзгергенге ме, алға қарай қолын соза берді.
- Көке, анау не? О да бастау ма?
- Біздің ауыл сол болады, Ертайжан.
- Сенің аулың көк ауыл ма?
Үрила күліп жіберді. Төрт жасар ұлын құшағына қыса түсіп, маңдайынан ұзақ иіскеді.
Құлыным-ау, тіліңнен айналдым. Ол көкорай шалғын ғой. Енді сен сол шалғынға аунап өсесің. Нағашы апаң да сонда.
- Нағашы апа, нағашы апа, - дей берді Ертай қолдарын ербеңдетіп.
«Апам байғұс отыр ма екен. Екі көзі төрт болды-ау. Жылай-жылай жанары суалып қалмаса нетсін. Қой, апам берік еді ғой. Қайта іштей шүкіршілік еткен де болар».
Жалғыз түйелі жолаушы «Қызбелден» асқан кезде-ақ Үрила тұңғиыққа түсіп кеткендей болған. Кәрібай да үнсіз. Анаға деген мейірім мен туған жерге ықылас бір толқытса, белгісіз үрей екінші жағынан түрткілейді. Осы екеуі кеуделерінде ұзақ арбасты. Бірін- бірі ала алмай тістелесіп келе жатқанда қап сүйреткен Айзаданы кездестіріп еді. Бұл кезде «Саңлақсазға» да аяқтары тиген болатын.
Айзада Үриланы бауыр басып «Ақылдас» деп ат қойып кеткен. Екеуінің сыры да, ортақ. Сол жеңгесін көргенде Үрила шыдай алмады.
- Ертайдың көкесі, шөгерші түйеңді, шөгерші,- дей берді.
Айзаданы Кәрібай да жақсы біледі. Қалай көрісерін білмей қипақтап келе жатқанда мына сөз қамшы болды ма, түйінің бұйдасын ірке береді.
Ел шетіне елеусіз келген жолаушыны Айзада алғашында байқаған жоқ.Үркердей боп үшеуі бірдей бұған қарап тұр екен. Көрші ауылдың жоқ іздеген малшыларының біреуі болар деген Айзада тезек тере берді. Бері қарай ентелей басқан Үрилаға көңіл де аудармады.
Орта қапты орнынан сүйрете беріп, өз көзіне өзі сенбей аңтарылып тұрып қалды.
- Ойбай–ау, мынау Ақылдас қой. Тәңірім-ау, мен не көріп тұрмын. Шынымен, солар ма?!
Қап қолынан түсіп кетті. Жалма-жан жаулығын қолына алып қарсы жүгірді.
Үрила екеуі құшақ жазбай ұзақ жылады. Айзада ауылдағы қайғыны айта алмай тұншыға жас төксе, Үрила қыз болып ұзатыла алмай, қызық көрмей қақпаймен өткен өмірін шағып, өкситіндей. Әйел деген көз жасының өзімен-ақ көп жайды үнсіз ұқтырады ғой. Айзаданың үнінен, жон арқасының оқыс бүлкілінен Кәрібай шошынып тұр. Қой дей алмады. Ажыратуға қолы да бармады. Денесі ұйығандай, иығы түсіп кетті. Екі әйел әлі айқасып тұр. Енді жас емес, үндерінен «үһілеген» жалын атады. Бір-бірін қысқа түсіп сағынышын, ықыласын білдіреді. Бір-біріне тоқтау айтып, жұбатып тұрған жайы бар.
Екеуі айыққан адамдай біраздан соң жүздеріне қарасып езу тартты. Мұнысы күлкіден гөрі аянышқа ұқсап етті. Төңірегінде өздерінен басқа да жан барын енді аңғарғандай жаулығының ұшымен көздерін сүртіп, Кәрібай жаққа қарады.
- Көкем-ау, мынау біздің жиен бе? -деп Айзада Ертайды бас салды.
Манадан не жыларын, не күлерін білмей алақтап тұрған Ертай мына ебіл-дебіл болған салпы етек әйелден тартыншақтап еді. Оған Айзада болмады. Бауырына басып тершіген маңдайынан, албыраған бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Ертайдың үрпек шашынан иіскелеген күйі, бас көтермей Кәрібаймен де сәлемдесіп жатыр.
- Ат-көліктерің аман ба, күйеужан. Бұрын қайным деуші едім. Күйеубала болып оралдың-ау, -деп қалжыңын да қыстырып қойды. Ертай оның құшағынан сытылып, шығып,Үриланың етегіне тығылды.
- Қой, ақымақ болма, Ертайжан. Бұл нағашы апаңның біреуі ғой,-дейді Үрила баласын Айзада жаққа итермелеп, -Бара ғой.
- Келші, жаным, келші,-деп Айзада онан сайын еміреніп барады. Үиламен көрісіп тұрып, жайсыз хабарды қалай айтарын білмей толқып еді. Енді соның бәрін бала ұмыттырып жібергендей. Екеуі де алма-кезек аймалайды.
- Ойбай-ау, не тұрыс бұл. Жүріңдер ауылға, -деді Айзада. Орта қап тезекті сілкіп тастады да, алға түсті. Өзі аналарға сөз бермей, әр нәрсені айтып келеді.
- Бұл сазға түскенімізде де көп болған жоқ. Бай ауылы биелерін енді байлап жатыр.Айтпақшы, байдың кіші тоқалы босанған. Үш шаңыраққа бір бала балған соң ба, әйтеуір үлкен той жасады. Атын Дарабай қойды. Байлығы бәрінен ассын десе керек. Кім білсін, сол дүниеге келгелі Құрман Арқа жақтан үш жүз жылқы айдатып әкелді. Кілең боз бие мен боз айғырдың үйірі. Анау алыста ағараңдап жүрген сол үйір ғой.
Өзін бөлектеп, шұрайлы жерге қайырады. Дарабайдың бәсіресі депті бай. Онысы екіде.
Кәрібай Айзада нұсқаған жаққа көз тастап еді. «Қарабастаудың» жиегіне ақ шағала қонғандай бір шоғыр ерекше оқшауланып көрінді. «Бастаудың тұнығын да соларға бөлген екен» деп қойды Кәрібай ішінен.
- «Арқадан келген мал ыстыққа шыдамайды» деп бай бұл үйірді бұлақтан алыстатқан емес, -деді Айзада тағы да.
- Өздері де жал-құйрығы сүзілген жарасымды жануарлар екен. Әсіресе мойнын аққуша иген екі-үш үйірбасы бар. Жарықтықтың сұлуы-ай. Жоны жұп-жұмыр, сирағы ұзын, қамыс құлақ арғымақтар.Тойда соның біреуін Құрманның өзі мініп бәйге үлестірді. Ердің көркі ат қой, күйеужан. Әлгі Құрман ақ толқынның үстінде отырғандай теңселді-ау, шіркін. Жарасып ақ тұр.
«Қайран, Айзада-ай. Адамға жарасатын таршылық емес, баршылық екенін әлі түсінбедің бе» дейді ішінен Кәрібай.
Айзаданың бұл сөзін Үрила да жақтырмады.
- Жеңеше-ау, немене, Құрманның жылқысын мақтап қоймайсың. Онан да ауылдың амандығын айтсаңшы.
- Не дейді қу басым, сөйткен екен-ау, айналайын Ақылдас. Иә, ауыл аман-есен. Қайтейік, баяғы өзің көрген итқорлықпен сүйретіліп жүрміз ғой, әйтеуір.
Айзада үнсіз қалды. Аз күнсіздік әр жүрекке қобалжудың қоламтасын тастап кеткендей болды. Әркім өзінше мұңайып, өз күйлерін елестеткен сияқты.
Бұл кезде олар ауыл сыртына да келіп қалған. Тысқа бүкшеңдеген бір-екі кемпір шықты. Үш-төрт шал бас түйістіріп әлденені әңгімелеп тұр. Көздері Кәрібай жаққа қадалыпты.
Бағдарлай алмай, тосылып тұрған сияқты.
Үрила өздерінің қарашасын көре алмады. Кәрібай да мұны бірден сезіп еді. Бұрын өзі жүретін Қырғызалының да шаңырағы көзге шалынбады. «Құрман екі үйді іргесінен көшіріп жіберді ме екен».
Айзада көлікті шеткі үйге бұра берді.
- Жеңеше-ау, қайда тарттың,- деді Үрила қалтыраған үнмен.
- Бұл кімнің шаңырағы еді, - деді Кәрібай да сылбыр дауыспен.
- Ойбай-ау, кім-кім деп кібіртіктейтіндерің не сонша? Біздің үйге түсесіңдер. Анау алдыңнан шығып келе жатқандардың бәрі өз үйіне тартқылайды. Бәрі бауырына басады.
- О не дегенің, жеңеше?
- Ойбай-ау, сағынып қалмадық па өздеріңді.
- Осында, осында...
Үрила ары қазбалап сұрай алмады. Жайсыз жараның аузын тырнап алам ба деп те жүрексінді. Бұл кезде жұрт келіп қалған еді. Жамырай амандасып, жабыла құшақтап жатыр.
- Ерлерім-ай, еліңді тапқан екенсіңдер ғой.
- Туған жердің топырағы тартпай тұрсын ба?
- Аман ердің аты шығар деген осы екен де.
- Шүкір, шүкір, шырағым!
- Ештеңе етпес, елміз ғой...
- Аман келгенін айтыңдар.
Қаумалап жүріп бәрі бұларды қараша үйге кіргізді. Кәрібайдың бірден көзіне түскені жүдеулік еді. Құрым үйдің тесігінен ойнаған сәуле ғана осы ошақтың сәні сияқты.Айзада төрдегі бөстектің үстіне түтесі шыққан құрақ көрпеше салды. Қисық жүк аяқтың үстінде төмпиген құрым үюлі тұр. Бұл осы үйдің көрпе-төсегі. Төбеден Уық баудың жалғау-жалғау ұшы салбырайды. Түңліктен түскен жарық тозаң діңгек орнатып, шырқ үйіреді. Босағада бүктеулі бір-екі қап. Бұл – Айзаданың қолбайлауы екенін Кәрібай бірден ұқты.
Кәрібай тұрып қалған екен.
- Ойбай-ау, күйеужан, неге тұрсың? Төрден именсең, төменірек отыр,- деп Айзада кішкене тулақты ысыра берді.
- Айзада келін, Кәрібайды күйеу деп күмілжітпей-ақ қой. Бұл да өзіміздің төл баламыз емес пе еді. Төрге шыға бер, шырағым, -деді ауыл ақсақалдарының біреуі. Іргеге жайғасқан екі-үш кемпірдің біреуі күңк ете түстіп еді. Манадан жалтақтай берген Үриланың құлағы шалды.
- Енем байғұс көре алмады-ау.
«Шошаңдамай жайыңа отыр», -дегендей Кемел қарт әлгілерге ала көзімен қарап еді, қос кемпір жаулығымен аузын Үрила шыдай алмады.
- Ағатайлар-ау, жұртым-ау, не болды айтсаңдаршы?
- Сабыр ет, Үрилаш,- деді Кемел бір қақырынып алып.-
Ақылың бар қыз едің, ақырын күт тағдырдың. Апаңды жайлы орнына шығарып салғанбыз...
Тауқыметтің бәріне көніп жалғыз шеше деп келгенде, алдынан шыққан мына хабар аждаһаша арбағандай. Үрила ышқына дауыстап жіберген еді. Кәрібайдың көзіне де жас үйіріле берді. Ертай оның тізесін құшақтап тығылып барады.
- Қойыңдар, шырақтарым, шүкіршілік етіңдер. Аналарыңның иманын жыламай тілеңдер.
- Өмір бар жерде өлім бар деген...
- Енемнің қалған өмірін өздеріңе берсін.
- Құран оқып жіберіңдер.
Сөйткенше жұрт сілтідей тына қалды. Күңіреген азалы үн құйқа теріні шымырлатып, еңсені езіп барады. Жұрт мұңая мүлгіп, басын жерден алар емес. Құран оқыған қоңыр дауыс ұйытып, беймәлім бір үйірімге тарта берді.Жұбатудан гөрі жылатуы басымдау шерлі үн сияқты. Бірақ жұрт жылай алмады. Дұғаны іштен күбірлей қайырып о дүниедегі адамның аруағын тербеп отырғандай.
Алақан жайылып, аруаққа тие берсін айтысқан жұрт ауыр күрсініп жайғасқандай болды...
Үрила бүгін де тап сол кездегідей өн бойы жасқа булығып, бар денесі ұйып ошақ басында отырып қалған екен. Қара қазанның суы тартыла бастаған ба, буы азайып, шыжылдауы молайыпты. Шалы келгенше қара судың талай қайнап, суалатынына Үрила көндігіп алған. Қанжығасына бір нәрсе іліктіріп әкесе ғана, қансыған қазан аздап майланады. Жаңыл бұған да үйренген. Ол қолымен жер таянып көтерілді де, қазанның қақпағын ашты. Қақпақтан бу тамшылары мөлтілдеп сау ете түсті. Үрила су еселеп құйып еді, жалынға қақталған қазан жаны қысылған пендедей баж ете қалды. Осы бір ащы дыбыс анасының өлердегі соңғы үнін елестетті ме,Үриланың көзі қарауытқандай болды. Денесін ұстай алмай шөгіп барады.
Арқасын пешке сүйеп бейжай отыра кетті...
Анасының қалай өлгенін өздері келгеннің ертеңіне Айзада айтып еді-ау. Жұрт бұларға көңіл айтып көп отыра алмады.
Аяуы мол, амалы аз осынау жандар Үрила мен Кәрібайды аунатып-қунатып та отырмады. Қайғысын тез ұмыттырар ел таяныш бола алған жоқ. Жабыла шақырысып, алақандарына сала алмады. Сіркіреп өткен жаңбырдай ел аяғы лезде басылып еді. Бай апшыларын қуырып алған соң, жұрт бұл үйге қайта бас сұғудан да қаймықты.
Бұлардың ендігі жұбатушысы да, жанашыры да өздері аттаған осы босағаның иелері еді. Айзада мен Торланәлінің де жүзінде абыржу, қимылында қымсыну бары байқалады. Құрман бұларға да тықыр салған сияқты. Сонда да сездіргісі келмей бәйек боп жүр. Кәрібай бой көрсетіп алысқа ұзай алмады.
Аңдыушысынан қашқандай бұралып жатты да қойды. Алаңсыз араласып кеткен Ертай ғана. Жалшы ауылдың қара борбай балалары қақпайламай орталарына алып еді.
Үрила мен Айзаданың басы қосыла қалса күңкілдесіп отырғаны. Оған Кәрібай мән берген жоқ. әйелдердің бір-біріне айтар бүкпелері шығар деген де қойған.
Шынында да, Үрила Айзадаға сол өздері ауылдан кетуге себеп болған сұмдықты айтып берген. Кәрібайдың Құрманнан алған өшіне мақтанғандай екеуі де серпіліп қалған. Әйтсе де Айзада жабырқау үнмен:
- Енді түсіндім ғой, Ақылдас. Енді, -деп күмілжи берген.
- О не, жеңеше, айтсаңшы. Бүркеп жүрген бір сырынды айта алмай қипақтағаныңды келгелі бері сезбеді дейсің бе?
Несін жасырасың? -деген.
- Қой, Ақылдас. Сенен жасырар нем бар дейсің. Тегісін айтам да. Енеме неліктен шүйліккенін енді білдім ғой.
- Ойбай-ау, апамда не шаруасы бар еді ол жауыздың?
- Тегі деймін-ау, Ақылдас. Әншейін ғой. Оның несін сұрайсың. Есітпей-ақ қойсаңшы, -деді Айзада мұңайып отырып.
Содан бері Үриладан маза кеткен. Онсыз да аза шегіп отырған жанды шер торлап алғандай. Өзге дүниені ұмытып, мең-зең боп алған. Айзаданы қинай береді. Сөз арасында шығып кеткен Айзаданың қалтарыстағы сырында ауыр зіл жатқанын айқын сезеді. Сол зілді көтеріп алуға мықтап бекінген жайы бар.
Үрила анасының өлімінің жайын білмей жаны тыншыр емес.
- Жеңеше, қалай болды? Айтыңызшы? -деді Үрила жабырқау үнмен.
Жол соқты боп келіп, қайғымен беттескенге ме өңі сарғыш тартып, жанары солғынданып кеткен екен. Қабағы күлкілдеп, маңдайы қыртыстана береді. Жіңішке қара қасының ұшы болмашы дірілді аңғартады. Айзада Үриланың жүзінен осыны көрді.
- Қалай болды дерің бар ма, Ақылдас қанымыз қарайып қалмады ма. Сұмдық болды ғой. Азабына дәтіміз шыдамады. Бізде қайбір қайрат бар еді. Дәрменсіз көз сүзумен болдық қой.
Үриланың денесін мұз қарығандай тітіркеніп кетті.Айзаданың әр сөзі аяздай шыңылтыр еді. Құйқаны құрыстырып барады.
- Айналайын, апам-ай, -деп қалды Үрила.
Айзаданың өзі де селқос отыра алмады. Көз жанары ұлғайып, жан- жағына алаңдай берді.
- Апаң тәлкекке бас имеген кісі еді ғой, Ақылдас. Сол күйінен танбай өтті ғой.
- Апашым-ай! -деп тағы да үрила.Үні күңіреніп шықты.
- Әлгі өздерің кеткен күні еді ғой, -деп біраз үнсіздіктен соң Айзада әңгімесін жалғады. -Бай саяттан ауырып қайтыпты деп ауыл адамдарының әлегі шықты. Үйден-үйге жүгірісіп қалбалақтап жүр. Шынында да, жүзі сынық еді. Бәйбішенің үйіне су әкелгенімен. Сонда көрдім. Бай осында бұрылыпты.
Сирек келетін қонақтай сағынтып көрінгенге ме бәйбіше жайраңдап қарсы алды. Бірақ қабағы қарс жабылған Құрман қолтығынан сүйей берген бәйбішенің қолын қағып тастады.
Өзі кіржіктеп белін ұстаумен болды.
Басием-ау, не болған саған? Өңің бұзылып тұр ғой. Жасаған-ай, сақтай гөр, -дейді бәйбіше күйбелектеп. Сөйтті де, аяғын сүйрете басып отауға бет алған бай соңынан ілесе берді.
Мен де сасқалақтап бірге кіріппін. Құрман төрге жантая берді де, бөркін төсек үстіне атып тұрды. Құс жастыққа шынтағын көме құлады.
- Сусының бар ма?
Бәйбіше кәрлен кесеге құйып қысырақтың қымызын әкелді.
Сіміріп салды да, ұртының ұшына жұққан ақты алақанымен сипап сүртті. Жаңағыдан қабағы ашылайын деді білем, төңірекке тесіле көз тастады.
- Сен нағып жүрсің, ей?- деп маған шүйлікпесі бар ма?
- Басием-ау, күтушімді қумақпысың. Айзада күң ғой, -деді бәйбіше мен жаққа көз қиығын да салмай. Күң екенім онсыз да белгілі емес пе. Байдың әйелінің әдейі таптап айтқаны шаншудай қадалды. Үйден шыға жөнелейін деп ыңғайланғанымда бай жастықтан басын көтеріп алды.
- Сен тоқтай тұр. Әлгі Қазбала мыстан қайда?Үриланың шешесі.
- Қарашасында болар, байеке. Бейтап қой, қайда бармақ.
- Бейтап болмақ түгілі жан тәсілім үстінде жатса да шақырып кел.
Мына сөзді естігенде жүрегім зу ете қалды. Екі етегім далақтап енемнің үйіне жүгірдім. Байғұс кемпір не жазып қалды екен деймін жол-жөнекей.
Сол күні ауа да бұлыңғыр еді, Ақылдас. Ішке кіргенде енемді ала көлеңкенің арасынан әрең байқадым.Бір уыс боп бүрісіп шапанын бүркеніп жатыр екен.Мені көргенде орнынан тұмақ болды.Тарамыс қолының таяныш болуға әлі келмей қайтадан сылқ ете түскенде, сүйеп отырғыздым.
- Қайдан жүрсің, келінжан? Әлгі сорлы қыз неге кешікті екен. Көрінбей ме, байқаған жоқпысың, -деп ентіге сөйледі.
Өзіңді іздеп алаң боп жатса керек, Ақылдас.
Айзаданың әңгімені алыстан бастап, ұзын сонар баяндауға кеткеніне тағатсызданып отырған Үрила анасының әлгі сөзін естігенде иегі кемсеңдеп қоя беріп еді.
- Соры арылмаған, апашым – ай, деді тұншыға сөйлеп.
Кәрібайдың да денесі шымырлап қоя берді.
- Сабыр етсеңші, Ақылдас. Сені егілтіп қойып, әңгіме айтқаным қай сасқаным,- деп Айзада ернін сылп еткізді.
- Жеңеше-ай, еркіңмен жылағаның өзі жұбаныш қой.
Мен жас төгіп емес, шер тарқатып отырған жоқпын ба. Айта берсеңші, -деді Үрила басын сүйеген күйі теңселіп отырып.
- Қайдан білейін, Ақылдас-ау. Жалтақ боп қалған бейбақ емеспіз бе. Елеңдеп отырғаным да содан ғой...
Ия, сөйтіп, енеме мән-жайды айттым. Ол кісі бетіме ұзақ қарап отырды. Нұры тайған қос жанары шүңірек ұясынан болмашы жылтырайды. Содан байқаппын, қу сүйекке жабысып қатпар тері ғана қалған екен ғой. Беті шалбарланып тұр. Селдір ақ шашы түбітше үлпілдейді.
- Байдың неге құты түсе қалды екен. Мені шақыртқанда бас тартар деймісің. Бір бүлігін салмағай да.
- Қайдам, ене, әйтеуір, түсі суық. Ауырып келіпті суық. Ауырып келіпті деседі.
- Е, онда тамырын ұстатар тәуібі мен болғаным да. Менен ем қонар ма екен соныңа. Жөнімен келген ауру емес, бәле іздеген ауру болды ғой. Қой, барайық.
- Білмеймін, ене, білмеймін. Қайдағыны айтып жүрмесе.
Енемді қолтықтап тұрғыздым. Жыртық кебісін іліп, әжем сыртқа шықты. Екеуміз бай үйіне де келдік.
Бәйбіше кимешегін көлкілдетіп Құрманның аяғын ала жайғасыпты. Көзі ойнақшып отыр. Кимешегін көмкерген шетірмекті мың құбылтып жайраңдайды. Төбедей боп жатқан еріне сұқтана қарап, мейірлене тояттап отыр. Құрманның бура санын алдына өңгеріп, жалаңаш тізесін уқалаумен әуре екен.
Біз жаққа тыжырына бір қарап, сызданған қалпы селт етпей отыра берді.
Бай да үнсіз жатыр. Сәлден соң жастықтан ыңырына бас көтеріп, алқам- салқам өңірін түзеді. Дөңгелек тақиясын алақанына біраз соққылап отырды да, төбесіне төңкере салды.
Біз босағада әлі тұрмыз. Әжем қолымның қарынан шеңгелдеп қатып ұстап алған. Етсіз саусақтар батып барады.
Бай мұртын ширатып біраз отырды. Оқты көзімен ата қарап, иығын бүлк еткізіп миығынан күліп қойды.
- Мен әдейі шақыртып ем.
Бай жарылардай шатынай түседі.
- Иә, бәйбіше, қызың қайда? -Даусында кекесін бар.
«Бәйбіше» деген сөзді әдейі мысқылмен сыздықтатып отырғанын әжем бірден аңғарып еді. Бойын тез жинап, тіктеліп тура сөйледі.
- Шырағым Құрман, таптана берме. Ешкімнің тоқалы боп көргенім жоқ. Бәйбішелер менен артық емес, созбақтамай айта бер. Онсыз да мазағыңа жаралған жанбыз ғой.
Бәйбішенің жүзі құбыла берді. Қолын шошаң еткізіп Құрманның санынан тартып алды. Құрман да икемсіз қорбаңдап бәйбішенің алдында сұлап жатқан аяғын бауырына жиды.
Енемнің: «Бәйбішелер менен артық емес», -дегені бай әйелінің шамбайына батып кетсе керек. Біреу біз сұққандай шошаңдап орында отыра алмады. Тұлданып тұрып кетті.
- Тілінің кесілгір қақпастың сөзінің зәрдейін – ай.
Әжем бұл сөзді де басынан асырмады. Тайсалмай сөйлеп тұр.
- Әй, бәйбіше, байың сөйлегенде, жағаласып, көргенсіздігіңді білдірме. Менің сөзім зәр болса, сенің ісің зәр емес пе еді. Менің тысым зәр болса сенің ішің зәр емес пе еді.
Қақбас дейсің. Қақбас боп туғам жоқ. Басым да, жасым да осы босағада қуармады ма?
- Қақпас емес кім едің? Өзеуремей үніңді өшір, -деп бәйбіше өктемдей берді.
- Қақпастыққа жеткен де бар, жетпеген де бар.
Бәйбіше енемнің «менің жасыма жатпей қалғыр» деген қарғысын түсінсе керек.
- Тіліңе шоқ түссін, -деп күбіні күрпілдетіп пісе берді.
Бұрын қымызын ішу оныкі, күбісін пісу біздің тірлік еді. Ашу үстінде оны да ұмытса керек.
Бай гүж ете қалды.
- Тәйт әрі, сені әйеліммен ұрыссын деп шақырғам жоқ.
Қақпас болсаң қақпас шығарсың. Оның несіне шамдана қалдың?
- Шырағым, Құрман-ай, керегінде сөйлемесе сөз өледі дейді. Айтпайын десем де тілімді қышытып болмадың-ау. Бар тірлігім босағаңда өтіпті. Тым болмаса өлер шағымда тыным берсеңші.
- Әй сен, қақпас десе қақпас екенсің ғой өзің. Неңе міндетсисің. Онанда Үрила қайда, соныңды айт, -Енем сенің атыңды қайта естігенде селт етіп, оқыс бұрыла берді. Үні қалтырап, бәсеңсіп кетті. Сонда да уыты кетпеген екен. Байды шымши сөйлегенін өзі де аңғарған жоқ.
- Шырағым Құрманжан, сол қызды шыр етіп жерге түскеннен қанжығаңа байлап бермедік пе. Қасымда мәпелеп отырғандай сұрайсың ғой. Таңертеңнен отын алуға кетпеді ме? Көруге өзім де зар боп отырмын.
Бай орнынан атып тұрды.
- Зармын дейсің, ә. Зарлатайын онда мен, -деп төрдегі ілулі қамшыны алып, енемді салып жіберді. -Екеуміз де сол қызға зар екенбіз. Тауып кел.
Манадан тыңдап отырған Үрила Құрманды мұншалық жауыздыққа барады деп ойлаған да жоқ еді. Бұл сұмдық бұйығы жатқан Кәрібайдың да кәперіне келмеген. Құрман өзгенің қолымен от көсейтін. «Сол жолы кімді болса да өзі жайратуға пейіл екен-ау». Кәрібайдың көзіне ызалы байдың кейпі елестеп кетті. Айзада әңгімесін жалғастыра берген.
- Абұйыр болғанда, мен қолымның қарын тосқан екем.
Қамшы енемнің басына жанай тиіпті. Селдір ақ шаштың арасын қуалап қызыл қан жылт ете түсті. Бірақ әжемнің көзінен жас шыққан жоқ. Басы айналды ма, теңселіп барып иығыма сүйенді.
- Кәрі қаным атсын сені, Құрман, -деп әлсіз күбірледі.
- Сен үшін, өзім үшін іздеймін құлынымды. - Енем осылайша сүйретіліп сыртқа шыға берді. Бай мен бәйбіше екі жерде одырайып тұр екен. Құрман қаусаған кемпірге қол былғап ұсақтағанын енді сезген сияқты. Мен ілесе беріп едім.
- Тарт аяғыңды. Барма. Өзі тауып келсін. Қызын бетімен жібергеннің азабы қандай екенін көрсін,- деді бай тісінен ысылдай сөйлеп.
Көкейіме көп сөз тығылып тұр. Бірақ айта алмадым. Қамшы тиген білегім сыздай берді. Ыза ма, әлде соққының ауыртпалығы ма солқылдап жылап жіберіппін.
Сыртқа шықсам енем беткей жаққа қаңғалақтап барады екен...
Үрила отыра алмады. Сүйегі әлдеқашан қурап қалған ғазиз ананы бір кездегі Айзада айтқан қалпында көретіндей тысқа қайта шықты. Алайда қар басқан даланың тыныштығынан басқа өзгерісті көре алмады. Жаңа ғана өзі аңға аттандырған шалының атының тұяғы салған із күртік үстінде жосылып жатыр. Сол ізге қадалып Үрила ұзақ тұрды.
«Сөйтсем, Құрман ашуының сыры бар екен-ау, Ақылдас.
Жалшысынан таяқ жегеніне намыстанып, елге де айта алмай іштен тынған ғой. Қуғыншы да жібермеді. Бар өшін біржапырақ кемпірден алған екен де деп еді-ау Айзада».
Үрила тыста тұрып осыны еске түсірді. Енді Кәрібайдың жайын ойлап іштей елжіреп тұр. «Сорлы шал, қай қырқаға жетті екен. Қанжығасы құр қайтпаған да. Ол байғұсқа соның өзі алданыш қой».
Күрең аяғын кербез тастап ұлпа қарды көсіп келеді. Кеше ғана жонын күжірейткен шомбал тастар сүтке шомылғандай әр жерден қылтиып қарауытады. Бұтақтары арбиған долана да бүгін жинақыланып алыпты. Сонау тұйық төбеде ақпанның әупірімді әлсіз ызыңы алыстан орағыта бастағандай шаңытқан екен. Ат тұяғымен алысқан шыңылтыр аяздың шықыры ғана бұйығы даланың бүйірінен түртетін сияқты.
Арғы беткейден аспанға тік көтерілген дала қыраны шарлай ұшып «Сәлделі шыңның» басына қонды. «Айқас аңсап отырсың-ау жарықтық. Сен де сезесің ғой» деп жымиып қойды Кәрібай.
Аңшының алыстағы құсқа деген осыншалық ықыласын қызғанғандай өз қыраны желпіне бір қанат серпіді. «Менің де Құрышқанатым құйылар-ау бүгін. Сені де сол шыңның басынан балапан шағыңда алып түлетіп ем ғой». Ол бүркітінің томағасынан сипады.Томағасын сыпырып ұшырағанда көкке атылған құстың сала құлаш серпінді қанаты күркіреген толқынның бір легін аңшының кеудесіне соғып кеткендей болатын. Содан ол қыранын Құрышқанат деуші еді.
Кәрібайдың дүниедегі жалғыз рақаты аңшылық қана. Тұсаулап, тұмшалап, өкпесін қысып алған зіл тірлігі саяттап қырға шыққанда жылы өң бергендей болатын. Құсалықтан арылып, құрысқан жоны да жазылып сала береді. Ынта – ықыласы құсы болып, сонымен тілдеседі. Лезде түлеп алғандай оның осы сәттегі кейпін танымай қаласың. Қайдағы бір құштарлық денесін терше қысады. Жанары шоқша жайнап щүйлігіп алады.
Ол осы қалпымен әлемді кезіп кетуге бар. Тырнаққа ілінген тырбиған қоян болса да, кеудесі аяқ қаптай далиып дырду дүниесіне еніп алады. Өзіндегі бар мейрімін Құрышқанатына құюмен болады.
Әсіресе томаға сыпырған шақты айтсаңшы. Көзі бірден шайдай ашылып, ашқарақ жанар айналасын тінтеді. Қас қағымның ішінде алдын шолып та үлгереді. Сонан соң тепсініп жіберіп көкке көтеріледі де, бірден садақ жебесіндей аспанға тік шаншылады. Өзінің қалаулы биігіне шығып алған соң, тұяқ салар аңына жай оғындай шүйлігеді. Осы сәтте аңшы да өзінен-өзі ұмытып ер үстінде серіппеше жиырыла түседі. Ентелей-ентелей ат жалына жатып алғанын да байқамайды. Арындай шапқан жүйріктің екпінінен екі көзіне жас толып сыздайды.
Аңшы мұны да аңғармайды.
Құмары алаңсыз тарқаған осындай күндерде үйге келгенде тау бұзып қайтқан алыптай төрде сұлап жатқаны. Буын-буыны тызылдап, бұлшық еттері бүлкілдейді. Осының бәрі азап емес, қайта жанын жайландыра түседі. Ол ауыр тірлігін мүлдем ұмытқан. Тек алдағы күннің аңшылығын ойға алады. «Қайбеткейге шықсам екен, Құрышқанатты қай қиядан ұшырсам», - деумен өзін-өзі әлдилеумен болады.
Бұл аңшының бір басына ғана аян өзге өмір. Алайда соның біреуін де Үрилаға айтқан емес. Желікпе сөздерді қыстыра сөйлейтін кейбір аңшылардай емес, Кәрібай іштей тұмшаланып алған. Үнсіз түйсініп, рақатқа батады. Саяттан қайтқан шағында оның кеудесінде думан өтіп жатқандай сезінеді. Қиқуы аз, қызығы мол думан. Сол думанның дүбірі тағы да алыстан жаңғырып келеді. Кәрібай соған елігіп отыр. Шың басындағы қыранның қимылын бақылайды. Түз қыраны жалпылдап текке ұшпасын Кәрібай жақсы білетін. Ол көрінген қараға тырнақ салар көңілшек те емес. Ол нағыз қан-жосаны аңсайды. Сондай сүргінде ғана өзінің құдіретін сынайды.
«Тамағынан өткенді талшық етер құзғын емесін қырандар бар болмысымен таныта жүреді-ау. Осы Құрышқанат сары ауыз балапан кезінің өзінде мазалаған. Өлі етке тұмсық салмай айбат шеккен».
Шыңдағы қыран көкке қайта өтеріледі. Бұл жолы екпіні молдау екен. Қиянға бет алған жайы бар. Кәрібайдың да талмап отырған қиялы буша ыдырап, жабыға береді. Жалғыздық түртпектеп болар емес. «Шынымен, жалғызбын ба осы»...
Күрең қияс тартып барады екен. Қақпайламады. Іштей іркіліп отырғанда осынау күйін таныған атына риза болды.
Өзекті сайды өрлей берді. Сол сайдың түйетайланып барып жонға ұласар жерінде Қазбаланың қабірі бар еді. «Жануарым-ай, бір нышан бастадың-ау. Сен де танып келеді екенсің ғой. Жолымыз болғай. Құран оқып аттанайыншы». Қабір басына Кәрібайдың өзі орнатқан шомбал тас алысытан сұсты көрінеді екен. Көптен күткендей мөлиіп тұр.
«Кешіргейсің, апа, баспақшыл боп талайдан алдында алақан жаймаған екем. Аруағың кейімесінші!»
Кәрібай ер үстінде алға лықси қозғалып отырды. Ойы да лықсып кеткен екен. Ана туралы Айзаданың айтқаны жаңғырыпты. Көп уақыт өтсе де көнермейтін сол бір оқиғаның қаперіне қайта оралғанына таңданған жоқ.
«Иә, қамшы тиген Қазбала апам қанжылап тау кезіпті ғой. Жеген таяғыңа емес, бағы ашылмаған балапаныныңның тағдырына жылаған шығарсың. Айзаданың лебізінен соны ұққанмын».
- Енем байғұс сүлдесін сүйретіп кешке дейін тау кезді, - деп еді сонда.
- Соңынан баруға ешқайсымыз бата алмадық.
Үриланы таппасаң қайтып оралма деген Құрман. Бірақ енем көз байланар іңірде қайтып келді. Қолында шұбатылған арқан мен шүйделі шот. Енемнің түрінен кісі шошынарлық. Ебіл-дебіл. Жыртық кебісі бір жерде түсіп қалса керек. Сидиған сирағына дейін қанталап тілім-тілімі шығыпты. Қырқаның өкпегі жүзін тырыстырып біржапырақ етіп жіберген. Шашы жентектеліп тұр. Сүйретіліп бай отауына тура тартты. Манадан бұқпантайлап қыр жаққа көз тастап жүргем. Бәйбіше іздеп қалар деген сылтаумен мен де келдім.
Құрман сыртта тұр екен. Енеме одырая қарады. Қолындағы шотты көргенде тыжырынып кеткендей болды. Желбегей жамылған сусыма шекпенінің өңірінен быртық саусағымен қымқыра ұстап, дүлейше түнеріп тұр.
- Сүйретіліп жеттің бе, сүмелек. Тотыңды ерте алмапсың ғой, -деп бай кегжең етті. Үнінде мүңкіген мысқыл бар сияқты. Сонымен мұқатқандай.
Енем шыдай алмады. Байдың аяғын құша құлады. Манағыдай емес, жасып қалған екен:
- Құрманжан-ай, не жазып ем саған. Тотым болмаса да, торғайым еді, қарлығашым еді. Сөзіңнен, сыңайыңнан шошиын дедім деді ғой. Шынашақтай қызды шырылдатпасаң етті.
Сенен келген бір түйіткіл бар сияқты ғой.
- Оттама, жалмауыз. Жала жабар кісің мен емес. Датың дарымайды маған, онан да жілігі майысқан жайын ауыз қойшылардан сұра. Қызығы соларға бұйырған болар, - деп бай аяғына жабысқан енемді аямай сілкіп тастады. Енем байғұс додаға түскен лақтай сылқ ете қалады.
Жалма-жан тұра ұмтылдым. Басын сүйемек едім. Бай жасқап тастады.
- Жолама. Жатсын солай!
Енем алғашында сілейіп жатып қалған. Зәре-құтым кетіп еді. Аздан соң қыбырлай бастады. Шидей қолын таянып басын көтере берді. Қалтақтап отырса да, Құрманға тура қарады:
- Не дедің, Құрман. Құлағы құрғыр не естіп тұр?..
Бұл сөзді естігенде анау енемді зарланар деп ойласа керек. Масаттана шатынап, кекжиіп тұра қалған екен. Жоқ, енем зарланбады. Ентігін әрең жеңіп:
- Қайтейін, құдай, қайтейін. Олар да мұңлық емес пе еді.
Бағы ашылмаған сорлылар бір-бірінің көзін шұқыр дермісің... Қорлай қоймас, басқа бәлеңнен аулақ... - деп күбірлей берді.
Енемнің соңғы сөзі Құрманға шаншудай қадалса керек.
Тұрған жері ойылардай атырылып кетті. Безгек қысқандай қалшылдайды.
- Ә, солай ма, қақпас... Көрсетейін мен саған... әй, қайдасыңдар,- деп шар ете түсті. Жетіп келген екі атқосшысына бұйыра сөйледі.- Әкетіңдер мынаны. Қораға қамап тастаңдар. Аштан қатсын.
Әлгі екеуі енемді сүйрете жөнелді. Жасқа тұншығып үйге мен де қайттым...
Кәрібай еріксіз кіжініп алған екен. Тізгінді қақпайлап тақымын күреңнің бүйіріне батыра түскенін байқаған жоқ.
Атының екпіндеткен жүрісін аңғарғанда барып ескі елеске айбат шегіп отырғанын сезді.
«Сол сұмдықты көрген Айзада түгіл, естіген өзімнің де көз алдым мұнарланып кетіп еді-ау. Тыңдағаннан басқа, жылағаннан басқа не бітірдік сонда».
Кәрібайдың көз алдына қайын енесімен бірге Айзаданың да бейнесі келе берді.
«Шіркін, ет-бауыры езіліп тұрған жан еді-ау. Біреуге жақсылықтан басқаны ойламаған, құшағы ашық, қуанышы ортақ жеңгем-ай. Әйтпесе бізді үйіңе паналатып нең бар еді. Ақыры, соның кесірі өзіңе тимеді ме. «Қаңғыбас» атандырған Үрила екеумізді жатсынбай қарсы алғаның үшін Құрман ала көзденген екен. Қуып жіберді ғой. Бармысыңдар бұл күні. Қай жерде тағдырдың айдауында жүр екенсіңдер, шіркін».
Тап осы сәтте Кәрібай өліге құран, тіріге тілек арнап келе жатқандай еді. Екі сезімді таразылап отырып Айзаданың соңғы сөзін есіне түсіріп еді.
- Содан енем байғұстың ғұмыры үш күнге әзер жетті ғой,
Ақылдас, - деп еді Айзада. - Бір жағынан сор, бір жағынан зар,
Бір жағынан кәрілік пен кәріптік қысып, ақыры, ажал өз құшағына алды. Жалшылар біраз қопаңдаған болып еді, Құрман елеген жоқ. Енемді асығыс төмпешік етуге шамамыз әрең келді. Әйтеуір жақсы ананың тәнін қара жердің қойнына жасырғанымыздың өзіне бір парыздан құтылғандай болмадық па, Ақылдас-ау...
Кәрібайдың денесі тобарсығандай жиырыла берді. Қабір басындағы тоғалақ тасқа көзі қайта түсті. Бұл беткейбегі қарайғаннан шалынғаны сол ғана. Бір қоян пана іздеп орғытып барады екен. Шамасы, жалтақтаулы-ау, біресе онда, біресе мұнда кәңгелек қағады. Кәрібай бұған алаң болған жоқ. Жұтынып отырған Құрышқанатының томағасын сыпыруды да қоңылтақ көрді. Оңашадағы ойы аз олжадан артықтау сезіле берді. «Сол күні Үрила мен Ертай үшеуміз басына келіп құран оқып едік. Қабірің елеусіз төмпешікке айналыпты. Бізді қинаған сол болатын. Көктас орнатар шама көксіңір адамның қолынан келген бе. Қаратаудың қара тасын қойып ем басыңа.
Риза болғайсың дегеміз».
Кәрібай елден қағыс тірлік кешуге көнгенін ойлап келеді.
Сол күннен басталған жалғыздық ізі қазірге сапарымен ұштасып жатқандай көрініп кетті. Матап алған шырмаудан сырылып шығардай Кәрібай атын тебініп қалды. Бірақ шоршып түскен балықтай ауыр ойға қайта сүңгіді...
Кәрібайлар қайта оралғалы терісіне сыймай жүрген Құрман сол оқиғадан кейін бұларды мүйіздеуге көшкен еді. Тіктеп тиісуге өзі қапы кеткен өкініші бетіне шіркеу бола берді. Жайсыз оқиға жұртқа таралмасын деген іштей қауіппен ту сырттан жұдырық көрсетті. «Елден кетсін»,- деп еді, оған көнер Кәрібайлар болмады. «Өлсек сүйегіміз осында қалады», - деп шарт түйініп алып еді.
Бірақ бай Айзадаларды шыдатпады. Келгелі Кәрібайлардың қолтығынан демескен осы шаңырақ ала бөтен ырым жасып жүргендей Құрман ендігі қыл бұрауын Айзадаларға салды. Шүкән деген сойыл соғары бар. Елірме тигендей едіреңдей қалған біреу. Құрманның соқтықпаған алдымен жұмсары сол. Жиырмадан жаңа ғана асқан кең кеуделі, үйрек тұмсық, бетінде үрпиген сары түгі мол жігіт. Құрманның қабағы қалай қисайса, солай құлайды. Адыраңдап кеудесіне нан пісіп жүргені.
Төңірегіне Шүкән сияқты содырларды шодырландырғанда байдың да өз есебі бар. Ақыл тоқтатып, алды-артын танып болмаған жігіттері Құрманның деттеген жерінен асып түсіп отырады. Бай оларды қолбаладай жұмсауға бейіл. Айзадаларға да Шүкәнді айдап салды. Ұрынар ығытын айтып берген.
Кәрібайлар оралғанда Айзадалар тоқты сойды. Торланәлі әлденеге жасқаншақтап еді, Айзада ырық бермеді.
- Сонша жерден ел үшін келгенде қара суға қарата алмаймын, -деп болмаған соң Торланәлі пышағын қандаған.
Құрман Шүкәннің қармағын солай лақтырды.
Атын борбайлата қамшылап өрге қарай екілене шапқан салт аттыны көргенде Торланәлі аңтарылып тұрып қалды. Артынша қойын қайыра бастады. Анау да жақындап қалған екен, Шүкәнді таныды. Торланәлінің арқасы шымыр еткендей болды. Шүкәннің тегін жүрмейтіні өзіне мәлім.
Алдынан шығайын деп байталын тебініп қалды. Шүкән сонадайдан атынан секіріп түсіп, қаңтарып тастап еді. Торланәлі де құты қашқандай байталдан аунай берді. Қарсы жүрді.
Торланәлі қол созып еді, анау аңғармағандай: жантайып отыра кетті. Алақанымен желпініп қояды. Торланәлі де тұған жерінде тізе бүге салды. Шүкәннің көзі кішірейіп, сығырая біраз қарады. Тамағын қырнай қақырынып алды.
- Иә, Төке, сәлем бергелі келдік.
Торланәлі қапелімде не дерін білмей қалды.
- Сәлемат бол, сәлемат бол. - Шүкәнмен жанары тоғысып қалып еді, бір түрлі суық ұшқын жылтырағанын сезді. Езуінің бір ұшы жыбыршып, күлкіден жарылғалы тұр екен. Торланәлінің санына шынтағын батыра тақымдай біраз отырды.
- Басы-көзің бүтін бе? - бұл – амандық сұрауының түрі еді. Торланәліні түрткілеп отыр.
- Шүкір, шүкір.
- Немене, ұртың томпайып кеткен бе?
- Қой, Шүкән, құдай берген ұрт-дағы.
- Шамасы, жылы-жұмсақ бірдеңе қаужағансың-ау. Шүкән қағытып, ілінер жер іздеп отыр. Торәліні болса тұспалсыз тура сөйлеп, болмысындағы барын айтады.
- Құдайға шүкір, бұйырған несібемізді жейміз де, Шүкән.
«Бір болса тұзақ түсер жер осы-ау», - деп мырс етіп қойды.
- Бұйырмағанды да жейді дейді ғой сені. Аузың үлкен болған соң сыя береді-ау, шамасы, -деп Торалінің ұртынан сұқ қолымен нұқып-нұқып алды.
Өзінен қос мүшел кіші Щүкәннің бұл қай қодыраңы екеніне түсінбей Торланәлі басын тартқақтады.
- О не дегенің. Асылық айтпа, Шүкәнжан.
- Еһе, асылық дегенді сен де біледі екенсің ғой. Онда қойды неге соясың?
«Қой» дегенде Торланәлі беткейдегі бытырай жайылған малға қарай берді.
- Қай қойды айтасың, шырағым.
- Мүләйімсуін жаманның. Бері қарашы өзің, - деп қамшының сабымен Торланәлінің шықшытынан итеріп өзіне бұрды.- Әлгі тентіреген туысқаныңа сойған тоқты ше?
- Кәрібайды айтамысың?
- Енді кім деп ең. Әлде басқа арқа сүйерің бар ма еді.
Торланәлінің көмейіне бір түйін тұрып қалғандай болды.
Шүкәннің тәлкегінен құтылайын деп үнін қатқылдау шығарған.
- Қалжың көтерер жайым жоқ. Шүкән. -Сол-ақ екен,
Шүкән жыны қозған бақсыдай екі иығын жұлып жеп шыға келді.
- Қалжыңдап сен жездем бе едің. Бәлкім, Құлағымнан тартып ойна дерсің. Қалқан құлағың бір жұлмаға жарар ма екен? - Әлгінде мысқыл ойнаған көзі қанталап ала-бұла боп алыпты.Торланәлі тұрып кетейін деп еді, иығынан басып тұқыртып тастады. Енді Торланәлі жайды түсіндіріп құтылуға тырысты.
- Өз малымды сойып ем ғой, Шүкән-ау.
- Оттапсың. Қай атаңнан қалған мал еді. Қай тұқымыңа дәулет бітіп еді. Қашанан бері бай боп қалдың?
- Ойбай-ау, табан ақы, маңдай теріме байдың өзі берген екі-үш тоқтым еді ғой. Соның бірін сойдым, Шүкән шырақ.
- Маңдай тер дейсің, ә. Жон теріңді сыпырып алса ғой, тердің көкесін сонда көрер едің ә, деп Шүкән Торланәлінің жотасын мыжып-мыжып қойды.
- Қой, қайдағыны айтпашы. – оның денесі дір ете қалды.
- Бәлкім, мына малдың бәрін өзімдікі дерсің.
- Е, неге өйтейін. Байдікі ғой, байдікі.
- Байдікі болса, сол бай енді көзіме көрінбесін деді. Саған сәлем айтып жатыр, Торланәлі.
- Е, саламат болсын,-деп қалбалақтап, енді есін жиған сияқты. -А, не дейді? Көрінбегені қалай?
- Немене, тілмаш керек боп отыр ма? Ол қараңды батыр дегені ғой. Түсіндің бе,- деп өңірінен бүре ұстай сілкілеп, тұмсығына жұдырығын таяды. Сөйтті де орнынан тұрып жамбасын қақты. –Ал сау болғайсың.
Торланәлінің құты қашып кетті. Не істерін білмей жер шұқылап отырып қалған екен. Жөней берген Шүкәнді көріп:
- Жұртым-ау, енді қайттім, -деп ұмтыла берді. Үні сондай жалынышты шықты.
- Қайтетініңді қатыныңнан сұра. Би дейді ғой. Бірдемесін табар. Сол ноқталап жетелеген жағына кете бересің де. Ха- ха-ха!
Ол атын бұрып желе жөнелді. Жоны бүлк-бүлк етеді. Торланәлі оның мәз боп бара жатқанын сезді.
Осы қырдағы әңгімені Торланәлі жай бопсалау болар деп түйген. Қателескен екен. Шүкән тобы Айзада екеуінің қыр соңынан қалмады. Ақыры, қуып тынды.
Қоштасарда Айзада жақсылық нышанының ұшқынын қалдырды.
Қазбаладан қалған көз еді деп, қараша үйдің қаңқасын берді.
- Енем байғұс өлгенде қабырғамыз бір қайысса, үйден түтін шықпай қаңырағанда жігеріміз құм болмады ма, Ақылдас, -деген сонда ол Үриланы құшып тұрып. -Бір шаңырақ шынымен, иесіз қалар ма екен. Осы үйдің оты, шынымен, өшер ме екен деген қаңқу түйіткіл тұла бойымызды жегідей жеген.
Босаға құрғамасын деп алғашында кезектесіп енемнің қарашасына түнеп те көрдік. Түңлігінен түтін шығарып жүрдік.
Мұнымыз да көпке созылмады. Құрмандар сап тыйды ғой.
- Әулиеге үймелеген шырақшыдай қомыт үйді несіне қолпаштап жүрсіңдер. Құртыңдар көзін. Өртеп жіберіңдер. Өлігімен бірге кетсін, -деп дікендеген бай құтымызды алды. Содан қорққанымыздан бір түнде үйді жығып, жинап алып едік.Тірі болса Ақылдастар бір соғар деп ілгері ниетпен қарашаларыңды сақтап жүруші едім. «Адам өрген әр үйдің өз әулиесі бар» деген рас екен. Шүкір, келдіңдер ғой. Енемнің оты қайта тұтанды. -деп Айзада Кәрібайларды тағы бір толқытып еді.
- Қарашаларыңды қайта көтеріп, құлата көрмеңдер, маңдайшасы биік болсын шаңырақтарыңның, -деп қоштасып еді-ау.
Кәрібай байға қайта бас имеді. Қойшы таяғын сұрауға тақасқан бір намыс жібермейді. Жалаңаш намысқа да елікпес еді-ау, Құрманның енді қойшылықты да қимайтынын әлдеқашан жорамалдаған. Ақыры, шеттей «панатаста» жалғыз күрке қала берді. Кәрібайдың ендігі кәсібі аңшылық, үміті ертеңгі күннің белгісіз тауқыметі еді.
Арқадан бірге келген жалғыз түйе Құрманның көзіне сүйелдей көріне берген соң. Кәрібай оның да амалын тауып еді.
Жер зерттеп жүрген бір орыс көшінің шылауына байлап берді. Түйе құны жалғыз берденке мен жарты пұт оқ дәрісі болған. Ендігі сенері де, қол артары да осы. Байқаса, жарға тығылған көңқарғадай қауқары да қалмаған екен. Тау кезіп жүріп, тапқанын талшық етеді. Ертайды да серік етсем деп еді. Онысынан ештеме шықпады. Жарлының мақсаты да жаралы құстай алысқа ұша алмайды екен. Байқаса, сол жаралы құсы төсін тірей жерге құлап, қанатын сабалап барып сылқ ете түсіпті. Қанша қашқанмен етегінің бір ұшы Құрманда қала берді. Қарашадай Ертай байдың қозысын бақты. Өрім-өрім біржапырақ шикі өкпе ұлын көргенде Кәрібайдың жігері құм боп кететін. Амалы құрып үнсіз тұншығады. Ұлының, әйтеуір, көз алдында жүріп тіске басарын тапқанына тәубе етеді.
Сөйтіп жүріп ұлының есейгенін де аңғармапты. Құрманның кіресін де тартты, жылқысын да бақты. Байқаса, қиындыққа жұмсаған сайын Ертайы пісе түскен екен.
Кәрібай бір сәтке ұлын ойлады.
«Шебердің қолындағы найзадай ұшталып келе жатыр едің-ау, құлыным. Қиянат майрылтып тастар ма екен. Тірідей айрылып қу тіземізді құшақтап отырмыз енді. Қайда жүр екенсің, қарашығым».
Аңшы бос сүрдей болбырай берді. Ертайдың қылықтарын еске алып келеді...
Құрманның Дарабайды мырза атандырып, бар тізгінді баласына берген күні болатын. Той жасап, төңіірегіндегілерді шақырды. Ақсақалдар алақан жайып бата берісті, жас мырзаға жақсы тілек арнасты. Осы топтың алдында Құрман қарызымды баламның мойнына артпаймын. Өз қолыммен құтыламын дегендей лебіз білдірді. Алашағы барлардың ақысын қайтармақ болды. Байдың мұнысы да бүкпе қулығы еді. Аз нәрсемен алдаусыратып жұрт ықыласын баласына аударып бермек. Жас мырзаның құрметіне көрген жақсылығын соның шапағаты деп ұқтырмақ.
Ертайға да бір қотыр құлын тиді. Күйіп-піскені сондай еді.
- Екі жылғы еңбегім қотыр құлын болғаны ма. Қорлығын-ай мынаның. Үйірге ілесе алмай арам өлер құлынын адал еңбегіме балады ғой, -деп ашуға булыққан. Кәрібай әрең басты.
- Ойық желке, кекшіл бас, кең кеуделі, тік сирақ құлынды көргенде мал танитын Кәрібай бір сырды ішке түйіп қойған.
Ертайға соны айтты.
- Қой шырағым, дауласып дауа таппассың. Амал қанша.
Бірақ қотыр деп бұл құлынды қомсынба. Болайын деп тұрған жануар екен. Малдың парқын түсініп берді дейсің бе солар.
Қара да тұр, өсіре білсек жүйрік шығады бұдан, -деген.
Намысшыл ұл өскеніне сүйсініп қойған.
«Содан бері бұл жануар бестішығар болыпты-ау. Құма тұяқ жүйрігім-ай, сені де тау мен тасқа салып, табаныңды тоздырдым-ау, жануар».
Кәрібай ентелеген атының жалын сипай берді.
«Ұлымның көзіндей екенсің-ау, сен бейбақ. Өткен жылы Ертай екеуің шоқтағымды бір көтеріп едіңдер. Соның өзі таяқ боп тиерін неге ойламадым екен мен сорлы. Нем бар еді тәжікелескен топтың ортасына жіберіп. Өзім ғой, өзім...»
Жаз ортасы еді. Сағым ойнаған дала мың құбылады. Дарабайдың аты шығып, сол даланы дүбірлетіп тұр. Жаз қылаң бере қыруар елге шапқыншы жіберіп, көкпар береді. Өзі сияқты көк айылдар тұс-тұстан жиналып бір төбенің шаңын бір төбеге ұластырып-ақ жатқаны. Бұл жаз да солай басталған.
«Панатаста» отырған жалғыз үйлі Кәрібайлар алыстан сығалай қарап тынатын. Мұндайда әсіресе Ертай елігіп бітуші еді.
Қысы-жазы жылқы бағып, ширығып өсіпті. Тобылғының бүріндей мығым бұлшық еттері ойнап тұратын. Атқа қонғанда үзеңгібау үзілердей сіресе тартылады.
Думан өтіп жатқан дүбірлі жаққа мұңая бір көз тастап құрығын сүйретіп кете баратын.
Сол күні «Арпалыға» ағылған жұртта есеп жоқ еді. Жүйрік мінген жігіттер Қаратаудың әр қойнауынан бұлақша жосып шыға берді. Бәрі де иен даланың қоң етіндей қомақты. әрқайсысы да бүгінгі салымнан дәмелі. Әр қойнаудан көтерілген бозамық шаң бір қызыққа топтасқан өрмектің жібіндей шұбап келіп «Арпалыда» түйісіп жатыр. Ертай мен Кәрібай кепе сыртында тұрып соны көрген.
«Саңлақсаз» жақтан да бір топ адам атқа қонды. Өзге топтың қарамы ала шабыр әр түсті боп көрінсе, «Саңлақсаздан» шыққандардың жұбы ала бөтен. Бұлар – Дарабайдың жігіттері. Құрман байдың құрық - жалы сезілген өңшең бозы бүгінгі жиынның.
Мысын аларын Кәрібай айнытпай таныды.
Бірінен-бірі өтетін жібек жал үйірді көргенде Кәрібай іштей сұқтанатын. Бір қалыптан шыққандай кілең қаз мойын марқасқалар. Бұл – Құрманның Дарабайға арнаған бәсіре жылқысы. Шақа ішіндегі алтын теңгедей өзге үйірден ерекше шоқтығы биік бұл жүйріктерін бай аулы дарақы міне бермейтін. Бүгін соның отыз қаралысы ойқастап шықты. Шамасы, Дарабай қызылшеке айқастың қызығынан гөрі өз салтанатын, салымнан гөрі сәнді көксеген сияқты. Қаратаудың қарқарасы биік байлары тамсанбай тарқамас. Дарабайға со да жеткілікті. Кәрібайдың түйсінгені осы еді.
Сол топ торғын таңның сусыған шымылдырығындай ілгері лыпып барады.Таң түстес боз жүйріктер қаз тізіліп алыпты.
Оқ бойы алда біреуі жеке келеді. Бұл – Дарабайдың өзі.
Қалған нөкерлері жанасуға бата алмай араларындағы межелі алшақтықты айнытпай ұстап барады. Майда самал тербеген жүйріктердің жалы күн көзіне шағылысып күміс кірпіктей сәуле шашады.
Олар да думан басталар думпудің ортасына барып қалды.
Дарабай керуен тізгінін жетелегендей сол қалпынан ауған жоқ. Ертай мен Кәрібай осыны көрді. Көрді де кеудеде екі түрлі сезім ұшқындады. Кәрібайдың жүрегін қызғаныш, кек, ашу-ыза уысы сығымдаса, Ертайдың кеудесін құмарлық, құштарлық, шүбәсіз әуесқойлық түрткілеп қояр емес. Сол сезім лықсыған сайын күн қақты болған торғын жүзі күреңденіп, қаны бетіне шапшиды. Кәрібай баласының немен тыныстап тұрғанын айнытпай таныды. Жігіт шақтың бұла мінезі бұрқ ете қалған сияқты. Күндегі күйкі өмірден өзгелеу қиқулы дырду аңсап тұр. Осы сәт Ертай өзінің қауқарсыз қаңбақ тірлігін ұмытқанын да әке танып тұр. Құрық түспеген құнанды бұғалықпен буындырғандай ұлының да үнсіз ышқынғанын біледі. Осыны ойлағанда Кәрібайдың өзегі өртене берді. Ертай көз тастап еді, «Арпалыға» қадалып тұр екен. Үлкен көздері телміре жайнайды. Дүрдек ернін жымқырып жұтына береді. Жақ еттері білеуленіп, тіс табы ерінді үңгіп бара жатқандай. Шот маңдайының құйқасы шытынап тұр. Кәрібай ұзақ көз тоқтата алмады. Тайқып кетті.
- Әке, мен де бір сол жаққа барып қайтсам қайтеді? - деді Ертай езілген үнмен.
Кәрібайдың есітпесем деп қипақтап шыжгөбелектенген сөзі де осы еді. Ақыры, Ертай айтып тынды. Кәрібайдың денесі селк ете түсті. Күреңнің жалын сипалап, сонымен бірге тыпырши берді.
- Алаң болмай-ақ қойшы, балам. Үзеңгің тең болмаса, үмітің ем болмайды. Кім біледі... Дарабайдың содырлары... жазым етіп жүре ме тағы. Қоя қойшы...
- Көріп қайтайыншы. Қарап тұрған адамға соқтығып иесі бар.
- Әй, қайдам, шырағым. Додаға ұрынып жүрмесең...
Айтуын айтқанмен Кәрібай іштей қарсылық көрсете алмап еді. Бір себептен күреңін де сынап көрмек. Өзінше ақпа жүйрік дегенімен ащы терін алған емес. Аңшылықта жүріп аз ғана көсілгені болмаса топ алдында көзге түсіп көрген жоқ. Оның үстіне қорлап берген қотыр құлыннан арғымақ шыққанына жетесіз бай өз көзімен сұқтансын деген ой да бір жағынан түрткілеп болмады. Ертайды жалғыз жіберуге қаймығып екеу ара мінгесіп еді.
Бұлар жеткенде қиқу қыза бастаған екен. Бүлкілдеген ат бүйірі мен ырсылдаған адам демі даланы көріп кеткен сияқты. Сытырлаған тұяқ, сықырлаған жақ. Созылған сіңір, шодырайған бұлшық ет. Сарт-сұрт үзеңгі, шаң-шұң дабыра айқай. Кейбіреу долы доданың ішіне ене алмай айнала шауып итінеді. Ерден сырғып, ат жалына жабысқан жан. Шапыраштанып кеткен қияс көздер. Қисайған бет, қыңыр келбет. Әнтек сілтенген қамшы жонына тисе де қың демей шала мас қалыпқа түскен шабандоздар шаптығып, шатынап арпалысты аңсай береді. Аты әлсіз, заты әлсіздер шеткері ығысып шекесін умаждай берді. Сонда да жауырынын тұқшындатып тыным алар емес. Өзгенің қимылына өзі де ырықсыз еріп айдалада екі иығын жұлып жеп тұрған біреулер. Қайратымен болмаса да, қарайған қалпымен дем беріп қара-жаяу айқайға басып жүргені де аз емес. Қолдау, қоштау, өкінішті лебіздер сендей соғылысып иен даланы барлықтырып алған. Дода ішінен жырылып шыққан шабандозды қаумалап, салымның тілеуін тілеумен ауақтаған әлдекімдер жанай шауып барады. Бұйра шаң бұрқ көтеріліп, оқыс іркіледі. Ол да арғымақтың тұяқ әміріне бас ұрған. Қалай созса солай түтіледі.
Кәрібай мен Ертайдың алғаш көргені осы еді. Бұлар дырду ортасына елеусіз келіп енген. Арқасы бар адамдай бір шетте өздерінше дүрлігіп тұрған көрші ауылдың кедейлеріне араласты. Бұл топ көз қызығына, көз құмарына мәз. Соны қанағат тұтып қарық боп тұр. Шабандоз бен шалқыма байлардың мінгенін қолпаштап, әрқайсысы дода ішінен өз аулының азулыларын танысып, құлай елпілдеседі. Осының бәрі көкпар желігі екенін Кәрібай түсінеді. Әйтпесе қай кедейдің байға емешегі езіліп еді. Көкпар жиылғандардың бәрін апиынмен сыйлағандай өңшең бар шынтымен құлап тұрған біреулер. Бұлар да соның бірі боп сырттай тояттаумен тұра берді. Ертай екі-үш рат ұмтылып көріп еді, Кәрібай ырық бермеді. Дода көрмеген күреңді ортаға түсіріп опат болар деп те қорқып тұр. Кеудемен кимелеп сірескен тобырдың қабырғасын сөгіп ішке еніп кетер күреңде әдіс жоқ. Көкпармен көзін ашқан жүйрік те емес. Тек жеке жорту болмаса сыр беріп алары кәдік. Мұндайда көкпар толқынымен тайқи берген аттыны жаңқаша қағып тастайды. Арпалысқан асау толқынды әккілер ғана бас бұқтырады. Әйтпесе ығысып, іркіліп шыға береді. Көкпар заңы сондай. Шарт түйінген шабандоз еті қызғанда алдында аждаһа тұрса да тайынбайды. Бір толқынның жалына ілікпесе, екінші толқынға шүйлігіп қармана береді. Көкпарға қолы жеткеннің көкке төбесі жеткенмен бірдей. Мынау күжірейген желкелер, білеуленген күре тамырлар, сіңірше созылған денелер даладағы бар тартыстың барымташысы өзіміз дегендей өршелене сілкілеседі.
Біреуі түрілген білегін сыбанып, қамшысын қарш тістеп алыпты. Қабағы түнеріп тұр. Желбегей, жейдешең ғана . Топ ішіне қалай енерін ойластырғандай жағын қайрап біраз аялдады да, атын тебініп жіберді. Шабандоздар құжынап сіресіп қалыпты. Қыбын тауып соның ортасына енбек. Аты бір-екі жерден тұмсығын тығып көріп еді, бұзылмаған сүбедей тұтас топ қаңбақша қағып тастады. Анау шайлыққан жоқ. Қайта жармасты. Орай шауып, екінші бір шеттен саңылау іздеп жүр.
Шабандоздар легі бір лықсығанда сынаша сығылысып ортаға ене бастады.
Кәрібай соны бақылап тұр еді, енді көз жазып қалды. Бір орынды таптап, тапжылмай тірескен топ оны көміп жіберген сияқты.Теңізге түскен жаңқадай білінбей де кетті. Қанша кеуделеп барғанмен, салымға қолы жетпеген екен. Аздан соң тұншыққан адамдай алқынып шыға берді. Жейдесі бой-бой боп жыртылыпты, манадан шашбауын көтеріп тілеулес боп тұрған серіктері мұны көргенде күйіп кетті білем. Біреуі шыдамай тіл қатты.
- Ой, ынжық неме. Жүнін жұлған тауықтай түтесі шығып тұруын. Кеудеңе нан пісіп болмап еді. Мақтанғанды тойда көр деген осы да. Бүйткенше өліп кетсең де дода ішінде қалмаймысың.
Шабандоздың өзі де қапы кеткеніне күйзеліп тұрса керек.
Жыртылған жейдесін сыпырып лақтырып тастады. Езуін қолының сыртымен қиястата бір сүйкелді де, жерге түкіріп жіберді. Қан аралас екен. Мана аузында тістеген қамшысы топқа кіргенде езуін жыра жерге түскен сияқты. Өз серіктері бұған тағы күйіп-пісті.
- Ой, есуас. Қамшыны додаға кірерде тістегенді ала бөтен сенен көрдік. Бұл қай сасқаның. Жағыңды айырып жібермеген екен.
Басқа қағажуды естігісі келмегендей, анау қайта ұмтылып еді, бірақ қайтып қапты. Екпіні әлгідей емес.
Бұл екі арада топтың жігі сөгіліп бара жатты. Көкпар еңгезердей бір дәудің қолында кетіпті. Сонша сілікпеден шыққанымен тың көрінеді. Жолай жанасқандарды шеніне жуытар емес. Өзі де айлашыл екен. Шабандоздар оң жағынан тисе салымды ат бауырына тыға қояды да, лезде сол жағына өткізіп алады. Осылай көкпарды алма-кезек ат бауырына паналатып біраз жерге ұзап та қалды.
Бұйте берсе мәреден бір-ақ шығарын аңғарған шабандоздар тай терідей тықыр даланы дүбірлетіп лап қойды. Елден бұрын шәужиген біреу жеткен екен. Еңгезердей жігіт мұны көзіне де ілген жоқ. Алға тарта берді. Анау жармаса түсті. Сол-ақ екен дәу қара да басқа бір қылық көрсетті.
- Әй, саған не жоқ-ей, торғайдай болған неме,- деп көкпарды тік көтеріп алып жонынан салып қалды. Анау жерге топ ете түсті. Шабандоздардың соңғы легі адам үстінен қарғып өте берді. Бір аттың да тұяғы тимей аман қалғанын енді аңғарғандай әлгі жігіт айқайға басып еді:
- Бармысыңдар Нұрбектің әулеті. Қорлап кетті-ау, өлтіріп кетті-ау.
Жұрт іркіліп, көкпар таластап қалды. Екі жақ егеске басты.
- Білдей азаматтардың сүйегіне таңба түсіріп бұл қай басынғандарың,- деп біреуі шаң шығара бастады.
- Білдейі осындай болса Нұрбектің тұқымы оңайын деген екен. –Бұл қағытқан қалыс ауылдың қуы болса керек. Екі жаққа да бүйрегі бұрмай түткілеп тұр. – Құтырған бұқадай күржиген неменің мүйзіне өзі барып ілігуін көрмеймісің,- деп әлгі ожарды да мысқылдайды.
Дәу қара да бір белдінің содыры екен, оңай арашаланды.
Керіс тез басылды.
- Немене, қатынша бақырып. Қағысқа жарамасаң жігіт боп сынға түсіп нең бар еді. Көкпар екенін көзің көріп тұр ғой.
Жә, жетер енді, ерте күнді кеш қылма. Көкпар суынып қалатын болды,-деп дәу қараның аулының адамдары айбат шегіп еді, екі жақ та ендігі өшін салымға төккендей қайта сілкілесіп кетті.
Дарабай тобы бұған араласқан жоқ. Өздері қамшыласып топыры шықсын деп еді. Сонда барып басу айтып, жұрт алдында бір биікке көтерілмек. Бұл ойы болмай іштей өкініп тұр.
Кәрібай бір сәтке көкпар тартысын көп тартыстың біріне ұқсата берді. Дала толған тартыс екен-ау деп түйгендей болды.
Күн екендіге таянып барады. Көкпар қызығына түскендер мұны байқар емес. Алғашқы серкенің парша-паршасы шығып, бір жапырақтан әркімнің уысында кеткені әлдеқашан.
Мың-сан қолдың иінен өткен көкпардың жапырақтай жұрнағына іліккендер теберік санап қойындарына тығысты.
Күн ұзаққа нәр сызбай сілекейін жұтынған осынау топтың жүздері де жауар бұлтай түнеріп алған екен. Ер соқты, күн қақты, жел сорды боп қарауытып кетіпті. Ұясына тығылған шүңірек көздер сығырая жылтырайды. Оны елеген бірі жоқ. Арғымақтарын қайырып әкеп додаға қайта салады. Шабандоздың бәрі де бәйгеден дәмелі еді. Бірақ ілуде біреуінің қолы жетіп, қалғандары құрғақ үзеңгі қағыспен жүр. Бас бәйгені Дарабай атаған екен. Бұл салымға емес, көкпар тарқар алдындағы соңғы сүргінге арналған. Дода ішінен жарып шығып сол күйі еш пенденің қолына іліктірмей аулына алып кеткен жігітке боталы түйе бәйгеге тимек. Шарт бойынша, талас ортасынан алып шыққан жемтігін тартқылатпай алып қашып, бір әлдінің босағасына байлауы тиіс.Ертеңгі думанның иесі-көкпар түскен отау болмақ.
Екі ұдай боп тартысқандардың мәреге салым салғандары манадан бері тай алып, тайлақ жетелеп қанжығалары майланып та қалып еді. Бірақ үлкен үлестен дәмелілер күні бойғы тіреске тіктеп келмей, тіктеп жайдақ ығыстап жүргендері де бар.
Бұл-күшін соңғы сілкілесуге сақтаған бүкпе қулықтың иелері. Жүйріктерін болдыртып алмай, досаң ұстап жүр. Кәрібай мұны жақсы ұғынды. Дарабайдың ақбоз арғымақты даңғой тобы да бай тастаған олжаны өзгеге жібермеуге мықтап бекінген сияқты. Басқалар алмай өз жігіттері өңгеріп кетсе таразы басы Дарабайдың алдына ауып түспек. Тағы бір тамсандырады. Байдың көксегені осы еді. Сондықтан да жігіттерін қақпайлап қалтарысқа шығара берген. Бас бәйгені өзі атап, өзі алса, іргелес байлар кеудесін долы мысыққа тырнатып шамырқанып кете бермек. Дала бақастығының заңы сол.
Бірін-бір мүлкімен, атағымен жығып кете береді. Дала заңының аударыспақ секілді осындай аумалы-төкпелі екенін де Кәрібай жақсы біледі.
Өз топшылауы болды ма, әлде алып ұшпа ұлын қорғаштады ма Кәрібай Ертайды еркіне жібермеді. Бір қаға берісте Кәрібай ұлының шеткерірек шығып, басын шаршымен мықтап таңғанын көрді. Сонан соң тартпаны жөндеді. Күреңнің сауыры екі бөлінердей жіптіктей боп шыға келді.
Ұлының мына қылығына Кәрібай үрпие қарады. «Қой, балам»,- дегеніне болмады.
Бір шеттен күлкі естілді. Дарабай тонының дойыр жігіттері екен - Ай, мына қараңдар. Мәстегімен мәреден дәмеленіп тұр, ей, мына жалақ ерін жаманың.
- Көш соңынан шәуілдеп көрмек қой.
- Дәмесін қарай гөр.
- Боқ жемесе иттің басы ауырар деуші еді. Арқасы қышып тұрған шығар.
- Ха-ха-ха!
Одан арғысын естуге Кәрібайдың дәті шыдамады. Жүрегі лобылып, көзі тұнып кетті. Тілі күрмелегендей шұрқ етіп үн қата алмады. Ертайдың күреңді ойқастата орағытқанын бір-ақ көрді. Ұшатын құстай қомданып алған екен. Одан арғысы ойран топырға ұласты. Ертай додадан шыға берген шабандозды жанай берді де, серкенің сирағына қарулы қолмен қысқашша жабысты. Екеуі ерге жабысып, қатар жарысқан күйі ұзақ тартысты. Мұндайда бір-бірінен ат та оза алмайды. Теке тірес қос шабандоздың қайраты жүйрікті де жүйкелетіп тынатын әдеті бар. Қайта-қайта бүйір соғыстырып, бұралаңдап кетеді.
Сол кезде қуғыншы да жетуші еді. Бұл жолы солай болса Ертай ортада қалып қояр деп Кәрібай безек қақты. Жоқ, анау дода ішінде шаршап қалған ба, кейіндей берді. Қолынан сусып кеткен серке Ертайдың тақымына ілігіп те үлгерген екен.
Астындағы күрең аңдыздай жөнелді. Ақпа шабысқа түсіп алған.
Өзге жұрт сонда барып байқады.
- Анау кім, ей?
- Япырмай, қайдан шыққан шабандоз, өзі?
Мұны Дарабай тобы да көріп тұрған. Әлгілердің біреуі:
- Желіккен жалшы ғой,-деп қалып еді, Дарабай оқты көзімен ата қарады:
- Оттамай тұрсаң болмай ма, Шүкән. Онан да қуып жетіңдер. Құтқармаңдар. Салымды мәреге өздерің тастаңдар.
Құрманның кезінде жасы болған Шүкән-Дарабайдың тұсында сойыл соғардың басы. Жас мырза соны жазғырды.
Сол-ақ екен тұс-тұстан атырылған жүйріктердің тұяғы қалғандарды шаңға көміп кете барды. Дарабайдың ақбоздары іркес-тіркес өріп барады екен. Өзге шабандоздар да аттарына қамшы басысты.
- Дүркірей шапқан ат тұяғы даланы мың аунатып дөңгелете жөнелгендей. Алқынған ат демі ыстық жалынды түйдек-түйдегімен тастап келеді. Бәрі де ырғыған барыстай бауырлап барады.
Көзі жасаурап тәңіріне сиынып Кәрібай қалды. Көз ұшында зымырап Ертай барады.
Бұл кезде екі-үш ақбоз ентелеп келіп қалып еді.
Алдындағысы Шүкән екен. Қырылдай айқалап Ертайға қыр көрсетіп келеді.
- Әй, иттің баласы, таста деймін көкпарды.
- Атаңның басы.
- Қоясың ба, жоқ па?
- Қоймаймын...
Екеуі де үзіп-созып үн қатысып еді. Лебіздері әлгі болды.
Шүкән енді сасайын деді. «Аңсары ауған кедейдің алғашқы желігі болар»,-деп ойлап еді. Ертай шындап барады. Дәл осы күйінде мәреге тастаса қайтпек. Онда Дарабайдың тарс кетері кәдік, Шүкәнді ондырмайды. Осыны ойлағанда Шүкәннің суқаны қашты.
Серіктерінен демеу күтіп жан-жағына жалтақтап еді, әлі жете қоймапты. Енді кеудесі бәсеңсіп, бықси бастап еді. Сонысынан шошынып, Ертайға жалына тіл қатқандай болды.
- Қой енді, Ертай, қой деймін.
- Айтыпсың.
- Қой деймін, байдың намысына тиерсің.
- Намыстансаң тартып ал.
Шүкәнің амалы таусылып еді. Салпақтап босқа ере берсе мына кедейдің жер етеріне көзі жетті.Неде болса ұстасып көрмек.
Қарсыласының жаңағы сөзінен бел алдыма, Ертай осы сәтте бір шешімді түйді. Әдейі тартысқа шақырып Шүкәнді ат үстінен аударып кетпек. Атын ірке беріп еді. Шүкән де көкпарға жабысқан екен.
- Қап, сен жалаңаяқты ма?
Ертай тіресер адамына қарап еді, ат үстінде ебедейсіз отырғанын байқады. Серкеге жабысқан қолы да әлсіз көрінді.
Ертай көкпарды тақымынан босата беріп, ілгері лықыта қойды да, қайтадан серпе тартты. Мұндайда әккі шабандоз болмаса қарсыласы ер үстінен сыпырылып түседі. Шүкән де көкпардан айырылып, екі қолы ербеңдеп шалқалап барады екен. Бойын әзер жинап алады.
Артындағылар да үлгеріпті. Бүйірлей шауып Ертайды қағып өтуге біреуі тіктеп қалыпты. Ертай жалма-жан жат бұрылып тайқып өтіп еді. Қоршай шапқан боз аттының біреуі екінші бүйірден қағуға ыңғайланыпты. Ертай ышқына тіл қатты.
- Шабандозды көлденең қағу қай әкеңнің салты еді?
Анау да ызалы екен, дүрсе қоя берді.
- Шабандоз болғаныңа...
Ертай жауап қатып үлгермеді, жалтарып үлгерді. Енді не де болса бет түзеп, тауға қарай тура тартпақ. Ертайдың мәреге аялдамай кеткеніне қуғыншылар ұлардай шулады.
- Әй, жүгенсіз, қайда барасың?
- Қызығымызды бұзба деймін!
- Көкпар тарқар кез болған жоқ.
- Қап, сені ме!
Бұл жолы Шүкәннің даусы ту сыртынан жақын естілді.
Тіптен құлақ түбінен шыққандай болды. «Мына сұмырай тағы жеткен екен ғой»,-деп Ертай ат жалына жабысқан күйі кейінге көз тастап еді. Бір сұмдықты көрді. Шүкән жарқылдаған кездігін кезеп келеді екен. Тақымдап қатарласып қалды. Ертай ананың опат етуге бар пиғылынан зәресі қалмады. Енді сәл кешіксе, жалаңаш кездік діттеген жеріне қадалмақ. Ертай күреңді бұра беріп оқыс іріккенін біледі. Өзі де ұшып кеткен еді. Көзін ашса, анадай жерде қалтырап күрең тұр. Шүкәннің бозының мойны үзілген екен. Әйтеуір, Шүкән аман. Ертай ес жиғанда соған қуанды. Шүкән тобы Ертайды жүндей түтуге тап-тап береді. Жиналған жұрт оған жіберген жоқ.
Шүкәннің көрінеу жауыздығын аттап өте алмады. Ол Ертайдың астындағы күреңнің тартпасын қиып жіберген екен. Кездіктің оқталған жері осы боп шықты.
Арада екі-үш күн өтпей-ақ Дарабай: «Ертайды айдатам»,- деп дікір салды. «Өлген боздың құнына күреңді беріп құтылайын»,-деп көріп еді, Кәрібайдың сөзіне құлақ та асқан жоқ.
- Адам өлтіруге қастандық жасағаның үшін,- деп итжеккенге айдатып тынды.
Осы оқиға бүгін қайта жаңғырып көз алдына келгенде Кәрібай ат үстінде теңселіп кетті.
«Жауыздар-ай, қастандық еткен өздерің едіңдер ғой!»
Енді байқаса Кәрібайдың жадына ұлы туралы үзік елес жазылып қалған екен. Соны қайта-қайта оқумен қабір басына да жетіп еді. Қайын енесінің басында құран оқып, мінажат тілеп ұзақ отырды.
Күрең елеңдегендей болған соң бас көтеріп еді. Әлдеқайдан қиқу естіле ме, қалай. Әйтеуір, талмаусыған бір ызың құлаққа жеткендей болды. Кәрібай төңірегіне еліре қарады. Ала бөтен еш нәрсе көре алмады. Алыста арғы қырқаның төбесінде қыран көрінгендей болды. «Манағы тау қыраны болар. Япырай, әлденеге шаншылар сыңайы бар ма, қалай».
Кәрібай өзінің елсіз қияда неге тұрғанын енді еске алғандай. Аңшылық әуені сыбызғысын енді тарта бастағандай емекси беріп еді. Күрең де құлағын қайшылап тыпырши берді. Бойына желік біткендей тізгінін тартқылап осқырынды.» Жануар-ай, тағы нені сезіп тұрсың»,-деп Кәрібай күреңнің шоқтығын сипады. Күрең қайтадан жуасып басылды. Құрышқанат көп жүрістен қанаты талған ба, екі-үш рет серпіп алды. Сом тұлғасы ұйып қалған сияқты. «Қан жүгіртіп, қайрат шақырып отырсың-ау, қыраным. Елес қуып есіңді кетірдім білем сенің де. Жалғыздықтың жанына жаңғырған елес қана серік екенін түсінбейсің ғой. Көкке шырқап, қарайғанға қайта шүйлікпесең көңілің көншімейтінін түсінем ғой. Асықпашы, қыраным». Қыранымен іштей шүйіркелесіп біраз тұрып қалды. «Сонарбет» жақтан талма ызың қайта естілгендей болды. Тіктеп қайта көз тастап еді. Әлгі қыран жақындап қалған екен. Сорғалап барып тайқып шықты. Жемтігін ала алмаса керек. «Тәңірім-ау, мынауың қыр қыранына ұқсамайды ғой. Оқша зулап, еркін қимылға үйренген құс бұлай болмаса керек еді. Мынауың жемсауын ауырлаған жербауыр бірдеме ғой. Дәу де болса, тегін емес. «Сонарбеттен» бір серуен шыққан екен».
Сөйткенше болған жоқ. Тау тасындай домаланып бір қарайған беткейден бері құлады. «Қояннан қарамдылау ма деймін. Қашуы да ұқсамайды ғой».
Әлгі қарайған алдында тоспа барын аңғарар емес. Төнген ажалдан құтылмаққа тырманып келеді. Қан-жосаның алдындағы ақырғы демін алып қашқандай жайы бар. Белі күжірейіп, басы кекшеңдей берді. «Е-е, мынауың арлан болды. Айбаты солай ғой. Бар сенгені азуы емес пе».
Әлгі қыран тағы да төнбек еді. Арлан кілт шоңқиып отырды да, аузын ашып аспанға шапши берді. Әлсіз айбардың өзінен қаймығып, қыран қайта жылысты. Кәнігі аңшыға бұдан өткен қорлық жоқ. Кәрібай күйіп-пісті. өзгенің олжасына ортақтаспайын деп әрең шыдап тұрған. Өзін-өзі қақпайлап, ірке берген. Енді тағаты таусылып таусылған сияқты. Бұл қалпында әлгі қыранды жалпылдап ұшқан жапалаққа ұқсатып, бұлан-талан боп тұр. Құрышқанаттың томағасын сыпырып жібергенін байқамай да қалды. Тек қуатты ызғар бетін шарпып өткенде ғана сергіп кетті.
Құрышқанат батыр тартқан жебедей заңғарға шаншылып барады екен. Өзінің серпінді биігіне жеткенше солай ұшатынын Кәрібай біледі. Сүйсініп қарап қалды. Көзі жасаурап, жыпылықтап кетіп еді. Осы қас қағым арасында Құрышқанат оңтайланып бой түзеп алған екен.
Кенет Құрышқанат жалпақ қанатын бауырына жинай қойды да, құлаған тастай құлдилай жөнелді. Сол қалпында арланның үстіне жай оғындай қадалмақ. Бұл кезде арлан ізіне түскен алғашқы қыран да ақырғы айласын қолданғандай құйылған екен.
Кәрібайдың жүрегі зу ете қалды. «Япырай, сақтай гөр. Екі шақпақ түйіссе от шығады. Екі тарлан алысса ажал ойнайды деуші еді. Екеуі де бір жемтікке таласты-ау. Аспанда соқтығып мерт болар ма екенсің, құрышым. Жаман бүркіт жемсауға жармасады дейтін. Абайсызда тырнағымен осып кетер ме екен».
Тіктесер жерден найзағай оты жарқ етеді-ау деп Кәрібай көзін жұма беріп еді, алғашқы қыран айнып қалыпты. Далақтап алшақ шыға берді. Құрышқанат та нысанадан ауытқып кеткен екен. Екпінімен ұлпа қарды бұрқ еткізіп, қайта көтерілді. Бұл кезде қияны қиқу қаптап кетіп еді. Дарабайдың боз жүйріктері екен. Тұс-тұстан атойлап қаптай шауып келеді. Ақ қарда аз білінсін деп арнайы мінсе керек. Кәрібайдың арқасы құрысып кетті. «Тағы да қайдан беттестірдің, қу құдай. Бұл сұмдығың тағы бар ма еді».
Сөйткенше болған жоқ, Дарабай тобы қоршап алды. Кәрібай күреңіне мініп үлгерді.
- Әй, қаңғыбас, өлексеңді сүйретіп сен де болмадың-ау.
Көктем қыраның, жерде шұнағың тәжікелесе берді.
Бұл сөйлеген Шүкән еді. Кәрібай «шұнағың» деп Ертайды айтып тұрғанын түсінді. «Саған шұнақ болғанмен маған шырақ еді» дей жаздады. Бірақ айта алмады. Басқаша үн қатты.
Қой қарағым, іздеп келіп жол тосқам жоқ. Тосын түйісу болар. Өз бетімше жүрген жанмын ғой.
Дарабай сызданып шұрқ етпеді. Шүкән қайта адыраңдады.
- Өлер адам молаға қарай жүгіреді деуші еді. Қайын енеңнің қабіріне келіпсің ғой. Бірдеме көрейін деген шығарсың.
- Төмпешігі ескіріп шөгіп кеткен екен, жаңарту керек болар.
- Ха-ха-ха.
Кәрібай жабыла күлкіден тосылып қалды.Жалтаңдап Құрышқанатын іздестірді. Ендігі жауапты бұларға мен берейін дегендей қыраны қайта құлдилатыпты. Аналар да еріксіз тына қалған екен. Құрышқанатты бағдарлап тұр. Лезде арналды ұмар-жұмыр еткенде бәрі солай қарай лап қойды. Кәрібай да күреңге қамшы басты. Бұрынғырақ жеткен Шүкән олжаға жармаспақ еді, қыран кекті қалпынан арыла қоймаса керек, қанатымен жасқап тастады. Енді кешіксем, қыраным мерт болар деп ентелей жеткен Кәрібай ат үстінде тұрып жіберді.
- Қап мынаны-ай, ә, әтеңе нәлет...
- Әккісін көрмеймісің.
- Қыранының басын кесер едім,- деп Дарабайдың жігіттері дуылдасып кетті.
Кәрібай сыр берген жоқ. Ендігі көресіні үнсіз күтпек.
Бұл кезде Шүкән арланды жайғастырып жатты. Аңшыдан батыл қимыл бола ма деп өзгелері ат үстінде айбат шегіп тұр.
Бірақ Кәрібай олай еткен жоқ. Елеңдей берген күреңнің басын бұрып жүре бермек еді, ер үстінде бір шөкім боп отырған жәпірейме сары жәмпеңдеп шылауға жармаса кетті.
- Осы қақпаспен қанжығаласамыз да тұрамыз ба, қаңбақша аударып, атын алып кетпейміз бе?
Аңшы оған оқты көзім бір қарады. Қолағаштай неменің қоқан-лоқысына қатты шамырқанды. Бәленің басын қаситын осындайлардың от көсеген тірлігінен жиркеніп еді.
- Шыбындаған байталдай шыжбақтамай жөніңе тұр-ей, шырағым. Менің сөзім мына мырзада.
Жәмпең сары аңшының айтқанына шыдамады білем, қасындағыларына жәрдем сұрағандай ыржыңдап алаңдай берді. Миығынан күліп, кепкен торсықтай сызданып тұрған жігіттер былқ етпеген соң ер үстінде итеңдеп келіп шал басына қамшы үйірді. Аңшы оған көз қиығын салмай-ақ селтеңдеген қамшыны қарымен қағып тастады. Кәрі бурадай бір буырқанса шайнап тастауға шамасы келер еді, әттең, амалы құрып тұр. Кеудесінде ойнаған бұрқасынға өзі ғана өңменін қақтаумен болды. Мырза лебізін күтпек.
Дарабай атқосшыларының тышқанша тырбаңдаған мардымсыз тірлігіне қоңылтақсып тұрған сияқты. «Қап, мына бәленің атын баяғыда алып қоймаған екем. Баласын айдатқан күні күреңнің де ер-тоқымын сыпырып алуым керек еді. Көзіме тағы да күйік боп тұрғанын көрмеймісің. Мына иттерді айтам-ау, жәмпеңдеп жаныңда жүргенге мәз. Әйтпесе мына келген бетте шалды тақымға басып, керіп кетпей ме. Енді лебіз сұрап, өзгені менсінбей де тұр. Тілі удай ащы неме тағы бірдеме деп жүрер».
Дарабай көмейіне түйін боп тұрып қалған осы түйткілді тарқата алмай тамағын қырнай қақырынып еді.Мұны мырзаның белгісі деп ұқса керек, Шүкән таралғыға жармасып, Кәрібайды тақымынан ұстаған күйі аударып тастауға оқтала берген. Дарабай қолын бір сілтеп шегеріп тастады. Аңшының шалбарында Шүкәннің қанды алақанының дағы қалды.Өзі ұры мысықтай барып арланның терісін қайта сілкілей бастады. Осы кезде Дарабай тістеніп тұрып сыздықтата үн қатты.
- Сөйле. Не айтпақ едің?
- Сөйлесем, шырағым, былай. «Әлді сөйлесе мал ізін айтады, әлсіз сөйлесе арызын айтады». Менің де айтарым сол арыз.
- Тақпақтамай айта бер.
Шүкән да қанжығаласа тіл қатты.
- Арызшылын жаманның...
- Саған не жоқ. Ей, Шүкән Жамандығым жағына алмағаным шығар. Мырзаның күні саған түсіп тұрған жоқ қой.
Сенсіз де үзенгісін тарта алады.
Кәрібайдың қышымалатып сөйлегені Дарабайдың қытығына тиіп кетті білем, гүж ете қалды.
- Айтар болсаң айналаңа шабынбай тезірек айт. Арыз тыңдап тұратын уақытым жоқ.
- Шырағым, өз көлеңкеме өзім семіріп, бір қуыста жатқан жан едім. Даланың аңы мен шаңы ғана адал бұйырған амалсыз кәрі кеудеден енді итермесең етті. Мыналарыңа қой де, шылауға жабыспасын. Жөніме кетейін.
- Жөніңе кетсең, күреңді тастап кет,- деді Шүкән тұқшындаған қалпы.
- Бұларың қай өктемдігің?! Өткенде зарлатып кеткендеріңде осы атты жалынып жүріп алдыра алмап едім, енді жалынып тұрып қалдыра алмаймын ба?
- Қалдыра алмайсың.
- Мен саған емес, мырзаға айтып тұрмын. Дарабай шырағым, әкеңнен көргенім аз емес еді ғой. Ендігің не. Әкеңнің тәлкегіне қарсы тұрудан танбай өтіп ем. Сенімен егесер қайрат енді менде қалған жоқ. Жолымды бөгемей, былай тұр.
Соңғы сөзді айтса да, аңшы өзінің әлсіздігін мойындағанына іштей үгітіліп, булығып тына қалған. Осы кезде Дарабай да жігіттеріне ым қақты. Қос бүйірден тиіскен төрт-бес адам Кәрібайды қаңбақша іліп алып, қар үстіне топ еткізді. Қақпай көрген күреңнің көзі шатынап оқырана берді. Жетекке ермей иесін іздегендей төрттағандап шегіншектеді.
- Жамандатқырдың қырсығын қара,- деп Кәрібайға өткізе алмаған соққысын күреңге жұмсағысы келгендей алғашқы шөкім сары дойыр қамшымен аттың тұмсығына салып-салып жіберді. Күрең аспанға шапшып басын қайқандатқан күйі танаудан аққан қанды сілкілей берді.
Кәрібай жан ұшыра тырбанды. Басын көтере беріп, қарлыққан дауыспен безек қақты.
- Ат басына ұрмас болар, ақымақ,- деп қар шеңгелдеген күйі бүк түсіп, бүрісті де қалды.
Қайта бас көтеріп еді. Көзі қарауытып, жүрегі лоблығандай болды. Төңірек түгел дөңгеленіп кеткендей. Әлгілер жұбын жазбай ұзай берген екен. Аңшы бауырымен жылжып алға мардымсыз ілгеріледі. Бірақ кеудесі қайтадан сылқ етіп қар қапты. Манағы арпалыста иығынан ұшып түскен берденкесі үңірейген ажал аузын ашқандай анадай жерде жатыр екен. Шал бөксесінен сүйретіп әрең жетті де, демігін баса алмаған күйі қолдары қалтырап қарауылға мырзаны алды.
Кенет өз күреңіне қадала қарады. Талайдан бергі серігі өгей шешенің жетегіне ергісі келмеген қағажаулы баладай тартыншақтап барады екен. Бұл сылбыңға көнер Шүкән ба, күреңнің жонына қамшыны басып қалды. Күреңмен бірге қарауыл көздеген Кәрібай да қайқаң ете түсіп еді. Берденкенің тұмсығы шошаң етті. Енді жұлынша бұлт-бұлт етіп есе жөнелген жорға жүрісті жүйрігін көргенде аңшы өксіп жіберді.
Бар қайратын қайта шақырып өзін-өзі қайрай сөйледі.
- Сені тірі күйік еткенше, өз қолыммен құртайын. Кешір мені, қанатты жануарым,- деп күреңді басып салды.
Содыр топ жан-жаққа жамырай қашып, ес жиғандай болса керек, енді қайта қайырылып Кәрібай жаққа жабыла ат қойды. Аңшы аулақта теңкиіп жатқан күреңіне жас толы жанарымен соңғы рет бір қарады да, қанжығадағы кездігін алып өз бүйіріне сұғып жіберді.
Жемтігін жайратқан құзғын топ қансыраған аңшыны ойқастай өтіп қайырылмай тартып кетті.
...Шекпен сыртына жылан тіліндей лып етіп қызыл қан шыға берді.
...Қара бүркіт қан үстінде отырды...
...Иесі қыран үй төбесіне қонғанда қос қанатымен қаралы жамылғаны бүркей салғандай болып еді. Үрила шашын жұлып, шалы кеткен жаққа жүгіре берген...
...Бір жылқышы аңшыны өңгеріп келеді екен...
...Кәрібайдың бұдан кейінгі ғұмыры ұзақ болмады. Өңі қуарып, жүзі сола берді. Жанары шыңырау түбіндегі мардымсыз сарқынды судай болмашы жылтырайды.
Үриланың қолынан су ұрттап келер таңға дейін сұлық жатты. Басын сүйеген қосағының қолын оқтын-оқтын қыса берді.
Әлсіз денедегі қуаттың соңғы сарқытындай қимыл еді бұл.
Бұл сонымен бірге арыздасқан арманның да белгісіндей еді.
Таң алдында ғана бір ауыз тілге келді.
- Ке...-шір... е гөр, Үрила. Сені жалғыз тастап ба...ра...мын. Енді Ер...тай...дың тілеуін тіле. Қыран болса жетіл...мей қоймас.
Үрила үнсіз жылады. Таңға дейін азынап кеткен күркесін жылытуға қамданды. Шалының тілге келгенінен де үміттенген екен. Құланиек таң белгісі шымылдығын көтеріп келеді.
Төбеде аспан ауаны құбылып, жұлма бұлттар әлдеқайда сынапша сусып барады. Үрила таң шапағына жалтақтап қарап, үйге асығыс қайта енді.
...Таң нұрын көріп Кәрібай да соңғы сапарына аттанып еді.
Содан бері Үрила күңіренген күндерді жалғыз өзі бастан кешіре берген. Бір бұрыштағы матаулы қыран да жалғыздыққа мойын ұсындырмастай медеу еді. Қыбырлаған қозғалысының өзімен қуат бергендей болған. Бүгін оқшау мінез танытып, оғаш саңқылдады. Үриланың өткен өмірі елестерін кезіп кеткені де содан басталады. Енді байқаса ауыр ойдан жаншылып қалған екен. Әбден титықтағанын сезді. Жалын ата тағы бір ауыр күрсінді. Жүні жығылып үрпиіп қалған бүркітке қайта тіл қатты. Осынау қыран тағдыры мен ұлының тағдырын ұштастыра сөйледі.
- Шырақтарым-ай, жетімектерім-ай, жетілермісің сендер де...
Қарашада зәрезап боп отырып Үрила Ертайының айдаудан қашып, азаттық күресіне қосылып кеткенінен бейхабар еді. Тек әр таңды асыға күтумен құлынын іздеп, бір үміттің жібіне жармасумен отыра берді...