Тұтқабай Иманбеков

Туындылары


СОҒЫС ДЕГЕН ОЙЫН ЕМЕС


       Бозша таң. Айналаның бәрі алтын нұрға бөленіп тарғын тартып келеді. Табиғаттың осы сәті тамаша ғой. Дүние тәтті ұйқысынан оянып, жаңа ғана жандана бастайды. Көз жеткен жер көк аспанмен көмкерілген оңаша отау сияқты. Сол отаудың ішінде мен де тұрмын. Қасымда ұлым –Марат пен Талғат бар. Алыстағы қар жамылған асқар тау осы отаудың ақ жастығы сияқты. Ал бозша таң сусынға шымылдықтай. Майда сағым шымылдықты еппен желпиді. Осы мөлдір шымылдықты түріп тастап, бар дүниеге «тұр- тұрлап» сыңғырлаған шолпы даусы келетін сияқты...
       Әне, ақ жастықтан паңдана бас көтеріп, кірпік қаққан келіншектей күміс күн де көрінді. Тау шыңына иек артып, таңғы дүниенің көркіне таңырқап қарайтындай бейне. Иә, бұл күн емес, осы таңның кербез келіншегіндей көрінді маған. Айналаға еліре көз тігіп келе жатқан екі ұлым мұңы сезді деймісін. Тек танаулары делдиіп таңғы ауаны тамсана жұтады. Сол сәтте танауы балықтың желбезегіндей желпілдейді. Күн нұрының арайы ма, әлде самал сүйіп қызартты ма, әйтеуір, дөңгелек жүздері гүл-гүл жайнап кетіпті. Кекілі ұйпаланып, маңдайын шашпен көміп жіберген.
       Екеуі бортаңдап келеді. Олардың да қиялы өз әлінше шарықтап, күнмен бірге көтерілгендей алға ұмтылады. Ұясынан талпынып қанат қаққан қарлығаштың балапаны елестеді көзіме. Кеудемді мейірім кернеп, бір түрлі рақаттана: «балапандарым, менің» деп күбірлеймін.
       Туған жердің көркі ме, әлде бойымды жайлап алған сағыныш па, әйтеуір, айналаға құштарлана қараймын. Қараған сайын жан дүниемді жаңа күй тербейді. Баяғыдан өзіме таныс дала күйі. Селдір селеу мен хош иісті жусанды тербейтін күй осы. Бақша бұлбұлымен сырласып, әр көкейден ән болып төгілетін күй осы. Қой тастан секіріп, ақ көбік атқан тау бұлағын жетелейтін күй осы. Кең даланы керемет думанға бөлеп жіберіп, тамылжып тұрып алатын күй осы. Мұндай күйдің тылсым сырын ұғар деймісің мына қос тентек. Жас күнімізде біз де ұқпаған екенбіз-ау бұл сырды. Бірақ ұғатын уақыт, қызықтайтын кез болған жоқ еді ғой онда.
       Мен мейіріміне қана алмаған балалығыма өкінгендей күрсініп жібергенімді аңғармаппын.
       - Папа, неге күрсіндің? -деді Марат білегімнен тартып. Маратым биыл бірінші класты бітірді. Сондықтан ба бір түрлі зерек, қас-қабағыңның қимылынан көңіл күйіңді айнытпай танитын әдеті бар. Мұндайда анықтап алмай жаны тыншымайды. Еліктің баласындай елеңдеп әр нәрсені сұрай береді. Ұлымның осы бір сезімтал қылығы мені әрдайым қуантады. Міне, қәзір де қапылыста шығып кеткен қатты демнің өзінен жайымды танып келеді. Қысылып қалдым. Не деймін...Тек көтеріп алдым да маңдайынан мейірлене сүйдім, бал-бұл жанған баланы емес, күн көтеріп тұрғандай дірілдеп кеттім.
       - Жай ғой. Күнім, жай ғой. Дала көркіне қызықтап келем, -дедім күліп.
       - Дала деген жақсы екен, папа! Сен, шынымен, осында тұрдың ба? Қандай кең. Өзінің көбелегі деп көп, көктері де түрлі-түрлі. Тоғайы да бар. Анау жасыл сол тоғай ма, папа?
       - Иә, сол, құлыным. Сендерге көрсетем деген тоғайым сол. Онда тамаша ғой. Тоғайды қақ тіліп Ақсу өзені ағады.
       Суы қандай.
       Ұлым менің айтқандарыма қызықты ма, әлде осынау менің жанымды жай таптырмайтын туған жердің көркін өз көзімен тезірек көргісі келді ме, асыға ұмтылды. Жеңімнен тартып:
       - Жүрші, папа, тезірен жетейік, -деді.
       - Жетеміз, қалқам жетеміз!
       Талғат болса өзімен - өзі әуре. Аюдың баласындай қорбаң-қорбаң етіп, көк шалғынның арасынан әрең көрінеді. Таңғы шыққа малынған гүлдерді үзеді. Мөлдіреген тұнық шық гүл жапырақтарына тізіліп, сынапша қалт-қалт етеді. Талғат бір сәт қызыға қарап тұрады да, гүлді үрлеп қалады. Сол сәтте алтын шық жапырақтан моншақша сау ете түседі. Талғат мәз болып, алақанына аунап түскен шықты аузына апарып, ұртына бұршақ құйғандай қуана жұтады. Ол Мараттан бір-ақ жас кіші, әйтсе де тірлігі әлі қызық. Жаңа қаз басқан сәбидей әр нәрсеге соқтығады да жүреді. Бар жайдың байыбына бармаса да, әйтеуір, қолымен бір ұстамай, көңілі көншімейді. Білмегенін Марат сияқты қадалып сұрап та жатпайды. Гүлден-гүлге қонған бал арасындай өзінше уілдеп жүргені, әйтеуір.
       Әне, ол таң шығынан қанаты әлі құрғамаған қызыл қанат көбелекті ұстап алыпты. Жалпақ қанаттардың ортасындағы ойдым-ойдым ақ таңдаққа әуестенеді.
       - Қанатына гүл салыпты, гүл салыпты, - дейді мәз болып.
       - Кім салыпты? –дейді Марат әлденені ұққысы келіп.
       Оған жауап берер Талғат па?! Өзі де жауап іздеп әуреленбейді. Лезде күн шуағындай құбылып өзімен - өзі боп кетті.
                     Самолет, вертолет
                     Посади меня в полет, -
       Деп көбелектің мұртын тартып мазалайды. - Ол балалар бақшасында айтатын өлеңін қайталап келеді.
       Талғат толық денесін әрең меңгеріп пыс-пыс етіп жүргені. Анасы оны «торпағым» дейді. Торпақ десе торпақ. Сүтке тоймайтын бұзаудай айранға құштар-ақ. Үйде айран болмаса мазаңды алады. Ауылға келгелі айранға қарықбоп қалды. Бұрын күн сайын шыныны сыңғырлатып магазин аралаушы едім. Елге келгелі анам екі немересін алма-кезек айналып, үйіріліп барын алдына тосады. Қойдың талдырып ұйытқан тәтті айранына бал қаймақ араластырып береді.
       - Ішіңдер, қаланың қозы қарын шұнақтары, - деп қояды айранмен бірге ақ мейірімін ұсынып.
       Анасы да осыны ұнатады. «Ақты көп ішкен адам ажарлы болады» деп Талғаттың маңдайынан сипап отырғаны. Ал маған екеуі де бірдей. Ешқайсысын алалаған емеспін. Қалай алалаймын. Қос жанарымдай көремін екеуін. Қай көзің жақсы деп қалай айта аласың!
       Мен балаларымның бал қылығына мас болғандай елжіреп барамын. Толқын-толқын боп арнасына толып кеткен мейірімді қайда сыйғызарымды білмеймін. Бір сәтке бала боп кеп осылармен шаршағанша ойнап, құштарымды қандырсам деймін. Қайта айналып, қайдан келсін балалық. Бірақ соғыс кезендегі соры көп балалық соқпай-ақ қойсын деймін күбірлеп. Әйткенмен өз балалығым маған алыстан қол бұлғап, менімен бірге балаларымды да шақыратын сияқты. Екі балалық пен далада табысып, сыр шерткісі келетін сияқты. Бұл екеуі оны аңғарды деймісің. Ал мен болсам талай-талай қозықұйрығын теріп қорек еткен тоғайымды аңсап келемін. Құйқылжыған құс даусына құлақ тосып, адассақ та аралауға жалықпайтын тоғайымды сағынып келемін. Шоршыған балықтай суына шомылып алатын Ақсуымды аңсап келемін. Мұздай суға денеміз қарыссада, ерегіспен қарсы жүзетін арынды арнаны аңсап келемін. О,туған жер, ынтықтырып қойған ықыласың не деген мол еді! Осы ойымды танып қойғандай Маратым:
       - Папа, папа, барлық жер осындай әдемі ме? Жоқ, сенің туған жерің ғана осындай ма?-деді.
       Мына сөз қатты толғандырады мені. Бала қиялынан шыққан байқаусыз сұрақтың бірі болса да терең сыр бар еді мұнда. Марат соған ой жіберді ме, жоқ па ол жағын білмеймін. Әйтеуір, мені өзгеше тебірендіріп жіберді. Сәл үнсіздіктен кейін:
       - Әркімнің туған жері өзіне осындай жақсы көрінеді, ыстық болады, ұлым,-дедім.
       Марат қасын керіп ойланып қалды...
       Тоғайға жақындағанда тынышсыз күйге ендім. Белгісіз күш жетелей жөнелгендей жүгіремін. Өзім де бала болғандай екі ұлыммен жарасып барамын. Керемет тамашаның ортасындай көрінетін осы тоғай көзіме оттай басылады. Жүгірген күйі тоғайға сүңгимінде кетемін қазір. Әр талмен амандасып, әр бұтақпен сырласамын. Бұл тоғайдың әр түбі таныс еді ғой маған. Өгейсіп қалмады ма екен енді. Сол баяғыдай мың құбылған құс даусымен, ерке сыбдырымен қарсы алар ма екен. Жақындаған сайын жанымды жай таптырмай келе жатқан ойлар осы. Балаларым бітік шалғынға бір шалынып құлап, бірде жасыл көдені жапыра басып, ентігіп еріп келеді.
       Бірден таныдым. Мынау тоғай шетіндегі топ құрған баяғы ақ қайыңдар. Бірақ бұрын таралып өскен қыздай сымбатты еді. Енді ала көйлек киген ауыл кемпіріндей әрең көлбеңдейді. Жағаласып өскен жас шіліктер сол қайыңның етегіне жармасқан немерелеріндей жамырайды. Сәл желдің өзіне тербетіліп тыным табар емес. Әже қанатының қамқорына таласқан сарыауыз балапандай бірін-бірі соққылап шыр-шыр етеді. Кәрі емен де ақсақалдай байсалды. Жапырағы сақалша салаланыпты. Қараағаш болса әбден шыныққан шымыр жандай қайысша қатып тұр. Әр жерден бой көрсеткен көк теректер көкті шаншитын найзадай оқшау биікке көтеріліп. Бәрі баяғыдай. Тек есейген, толысқан кейпімен алдымда тұр.
       Қалада жүргенде екі ұлыма айта беретін тоғай осы. Көптенбері көрсетем деп уәде етуші едім. Соның сәті биылғы демалыста түсіп отыр. Мен балаларымды ұмытып кетіппін. Өзіммен-өзім болып, әр ағашты бір құшақтаймын. Ұзақ уақыт көріспеген құрбыларымды құшқандай құшақ жаямын. Сығалап іздеп жүрмін.Таба алар емеспін. Сол белгімді көрсем бір жасап қалатындай ынтыға іздеймін. Бұл күйімді тағы да Марат сезіпті.
       - Не іздеп жүрсің, папа?
       - Балалығымды, - дедім.
       Марат түсінбесе керек. Аңтарылып тұрып қалыпты. Қайта сұрақ қойды.
       - Қандай балалық, папа?
       Байқаусызда басқаша айтқанымды өзім де аңғардым. Бірақ үнсіз іздей бердім. Әр ағаштың өн бойына сығалай үңілемін. Баяғы білектің жуандығындай түзу емен, енді осындағы үлкен ағаштың біріне айналған екен. Әбден жуандап кетіпті.
       Құшақ әрең жетеді.
       - Таптым, - деп айқайлап жібердім.
       - Кәне, папа! - деп жүгіріп келді екі ұлым.
       - Әне, ананы көрдің бе? – деп биікті нұсқадым. – Ағаштағы жазуды.
       - Иә, көрдім.
       - Көрсең сол менің атым. Жас кезімізде жазғанбыз...
       Иә, бұл балалықтың ескерткішіндей еді. Ол кезде он қарыс бойымыз бар емес пе. Қолымыздың жеткен жері ғой деп еменнің түбіне кездікпен ойып атамызды жазғанбыз. Әкемнің ет турайтын кездігі. Жасырып алып шыққанбыз. Егер көріп қойса көк желкемізді үзеді ғой.
       Ол кезде Әлібек үшіншіде оқитын. Менен бір класс алда. Осы Марат пен Талғат сияқты үйелмелі-сүйелмелі едік. Үлкен болған соң ба,әлде бір класс алда оқығандықтан ба, әйтеуір, оның жазуы жақсылау шықты. Менің «Төребек» деп жазғанымнан оның «Әлбегі» әлдеқайда әдемі еді. Жас ағашты жаралау жаман әдет екенін біліппіз бе. Әйтеуір, айбақ-сайбақ жазу сонда алтын әріптей көрінген. Дәл қәзір де жүрегім аунап түскендей бүкіл денем шымыр етті.
       Содан бері көп жыл өтті. Оқу іздеп ауылдан аттанарда соңғы рет келіп кеткенмін мұнда. Ендігі көріп тұрғаным осы. Жазулар есейген баладай еменмен бірге өсіп, жоғарылап кетіпті.
       Бөрік лақтырып биікте тұр. Баяғы батыра жазылған жазулар бітелген жараның орындай тыртықтанып әрең көрінеді. Ұмытыла бастаған балалықтың белгісіндей көмескіленіп қалыпты.
       Мен ой жетегіне еріп, кесілген томарға отыра кеттім. Балаларым қайдан ұқсын мұны. Шалқайып тұрып, жазуға сығырая бір қарады да жүгіріп кетіп қалды.
       - Алақай, әжеме қозықұйрық апарамыз, - деп тары терген балапандай жиі-жиі еңкейіп қозықұйрық жұлады.
       Бұлар елеусіз шашылып қалған балалығымды енді жинап жүргендей көрінді маған. Ойыма қайдағы бір жайлар түсіп, бір түрлі толқып отырмын. Қайғы мен соғыстың ауыртпалығын арқалаған анам Қилықыз әже атанды бұларға.
       - Менің де ойыма әжем түсті. Бізді де өсірген әжеміз еді. Ауыл адамдары «ақ әже» деп алдында иіліп тұратын. Сұсты келген сұр қара еді. Содан қорқатын шығар деп ойлаймыз. Жоқ, сөйтсек жаны жайма-шуақ жаз әже екен ғой.
       Кенет әжемді көретіндей ауылға көз салдым. Ауыл ақ сәулеге шомылып, жайнап көрінеді алыстан. Бұрынғы жермен-жексен жәпірейме тамдардың орнына шағала қонған аралдай ажарлы үйлер тұр. Көшені қақ тіліп асфальттанған жол жатыр. Бұл жол Алматы мен Ташкентті жалғастырады. Шыбықты ат қылып мінген ауыл балалары бір шауып өткенде айнала тозаңнан көрінбей қалатын. Керме бұлттай ұзақ тұрып алатын да, кенет жалп етіп түскен жаулықтай жайыла қонып қалады.
       Бірақ жолдың шаңы шөгіп үлгермейтін. Балалар қайта атойлатып өткенде жол үсті тұмшаланған тұманға тағы бөленетін.
       Біз Әлібек екеуміз де топырақты толқынша кешіп талай жүгіргенбіз. Сирақтары сидиып, майлап, қойғандай қожалақ-қожалақ боп жылтырайтын өңшең қараборбай балалар әжемнің алдынан қара құртша қаптап шығатынбыз. Жеткеніміз барып беліндегі бөз белбеуге жармасушы едік. Үй орнындай үлкен белдеу болатын. Беліне томардай етіп орап алғанда әжем үлкейіп көрінетін. Сол белбеудің әр қатпары бір қалта сияқты еді. Жүген жерінен балаларға тоқаш па, тәтті ме, қойдың құлағы ма, әйтеуір, өзі жеген дәмнің бір бөлігін сала кететін. Алдында күшікше шаңын арсалаңдап тұрған өңшең көжегендерге аямай үлестіретін. Бәріміз де қарқ боп, қара жолдың шаңын қайта қопсытып кете беретінбіз. Әжемнің иегі қалтылдап, соңымыздан ұзақ қарап қалатын.
       Сол шақтар көз алдымда тұрып алды. Ауыл жаққа қараймын. Әне, кер жолды көк түтінге бөлеп, арқыраған дизель машинасы ағып өтіп барады. Жолаушыны жолынан қалдырмауға асығатын сияқты. Кім білсін, сол баяғы қара борбай балалардың әлдебіреуі жолаушының арасында отырған да шығар қазір. Отырса ауыл үстінен өтіп бара жатып, албырт шақты ойына алды ма екен. Балалықтың алға ұмтылған арманын жиып-теріп ілгері әкеткен эстафета жүйрігіндей дизель лезде көз ұшынан көрінбей кетті...
       Мен әлі отырмын. Ойымды енді тоғай тамашасы бөліп кетті. Тоғай іші де өзінше бір бөлек жатқан шаруашылық сияқты. Әне, білегін түріп тастап сексеуіл жарған балташыдай, тоқылдақ қарағайды торс-торс соғады. Екі бұтақтың арасына құрқылтай ұя салыпты. Әжемнің қаймақ құятын сопақ құмырасы сияқты аумаған. Жаңғақ шағып, әр бұтаға жалт етіп бір секірген ақтиын теннисшілердей тез қозғалады. Ұзап ұшпай ұйымшыл бригаданың адамдарындай бір ағаштан дүр етіп жаппай көтеріледі де, екінші ағашқа жабыла барып қонады. Әр жерден бұлбұлдың әні естіледі. Бұл тоғайдың артисі сияқты. Бір тұста төсін томпайтып айна алдында ұзақ таранған арудай тоғай тотысы отыр. Алыстан көкек даусы анда-санда талып естіледі. Торғайдың диірменін тартып жатқандай. Ақсу өзені арқыраған арыннан бір таймайды. Осындай өзгеше шаруашылықты екі баламның қызықты қылығы шалқытып жіберген сияқты.
       Көк жиектен көтеріле бастаған күн сәулесі тоғай ішіне ене алмай жабықтан сығалағандай жапырақ арасынан әрең сүзіліп өтеді.
       Бір бұтақты кесіп алып, ысқырық сырнай жасап отырмын. Бұл да балалықтың бір ермегі еді. Ауылдың бір топ балалары осында келіп, сырнаймен құс даусын салатынбыз. Сонда тоғайдың іші той боп жатқандай жаңғыратын.
       - Не істеп отырсың, папа?
       Басымды көтеріп алсам, келіп тұрған Марат екен. Қолымның қимылына әуестене қарап қалыпты.
       - Сырнай жасаймын, - дедім мен.
       - Фу, - деді Талғат мұрнын шүйіріп. - Сол да ойыншық боп па? Онан да бізге мылтық жонып берші. Ауылдың балаларымен атысайық. «Соғыс» ойнаймыз.
       ...Мылтық. Селк ете қалдым. Жүрегім аузыма тығылғандай маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Көз алдымнан балалық шақтың көңілсіз көріністері көлбеңдеп өте берді. Мылтық деген жалғыз сөз жүрек түкпірінде көміліп жатқан ескі жараның аузын тырнап кеткендей кеудемді ашытып жіберді. Қолымнан бәкім сусып түсті. Екі ұлым аң-таң боп тұрып қапты...
       Бұл 1941 жылдың жазы еді. Ауыл балалары асыр салып атысып, қым-қуыт қылыштасып ойнап жатқанбыз. Біреуміз жараланып, жамбастан сүйретілеміз. Біріміз қолдан айырылып қорбаңдап қаламыз. Енді біреуміз батыр атанып кеудемізді кереміз.
       Біз Әлібек екеуміз бір жақпыз. Жалғыз-жарым кездескен бала болса екеуміз жеңіп кетеміз. Қолға түсіріп қорлаймыз. Екеумізді «бағынбайтын батырлар» деп атайтын. Соған бөркіміз қазандай боп мақтанамыз.
       Бір күні сол «соғыс» ойнын қыран-топан боп жатқанбыз. Екі жақ боп атыстық. Окоптан атой сап көтеріліп, қолма-қол қылыштастық. Біздің жақ жеңіп, қарсыласымызды ауылдың шетіндегі аңғал-саңғал қораға қуып тықтық. Қолхоздың ескі қорасы болатын. Қамыспен бүркеген төбесі шұрық тесік. Дуалдары саңқиған саңлау еді. Бұған кей кезде қой қамап, тесіктерін жамау тікендей шыбықпен торлап қоятын. Өретін кезде қойлар қораны басына көтере маңырап, әр тесіктен қарғып жататын.
       Сол қораға қарсы соғысқан балаларды қамадық. Бәрі алды-артына қарамай иесіз қораға еніп жатыр. «Жараланған» Жаппасты арқалаған Сәлімбек сүйретіліп барады. Біздің жақ қолға түскендерді жазалай бастады. Қой болып маңыра дейміз-олар шулап кеп маңырайды. Сиыр боп мөңіре дейміз -олар өңешін созып, танауларын делдитіп мөңірейді. Ең ауыр жаза, күшікше үргізу, қодықша ақырту. Енді сол жазаға көштік. Жаңағы айқаста көбірек айбат көрсеткен Тәпенді жабыла қысып, жылатып тұрып шәуілдетіп үргіздік.
       Кенет Ақмаржан әжем жүгіріп келеді екен. Жаулығын қолына алыпты. Желмен желпілдейді. Өңірі ашылған мақпал камзолы жабуша жалпылдайды. Ентіге ұмтылып, қарлыға айқайлайды. Қатпарланған қабағы домбығып ісінген сияқты.
       - Тоқтаңдар, қарғыс атқан жүгермектер. Шиебөріше шулап не көрінді. Доғарыңдар! Қурап қалғыр қу ойындарыңды. Жаман ырым бастап жауласып шығып едіңдер өңшең су мұрындылар. Соғыс басталыпты. Пәшес деген шегіртке қаптапты еліміздің шетінен. Нағылет жауғыр сұмырайлар халқымызға оқ боратыпты,-деді де еңіреген күйі жүресінен отырып қалды.
       Бұрын бізге жардай көрінетін жарқын әжеміз тап қәзір шүйкедей боп шөгіп кеткен сияқты. Бір уыс күйі бүрісіп отыр. Бойын барынша тік ұстап, аяғын нық басушы еді. Ауылдың адамдары қажымайтын қандай жарықтық деп таң қалатын. Енді үсікке шалынған жапырақтай үлбіреп қалт-қалт етеді. Жанарына жаспен бірге үлкен үрей ұялапты.
       Бұрын ауылдың барлық үлкен-кішісі қаймығатын әжеміздің өзі алақтап тұрғандықтан біз де аңтарылып қалдық.
       Түкке түсінгенміз жоқ. Үлкендер де соғыс ойнайды екен-ау деп күліп жатырмыз.
       - Тек, әрі. Несіне күлесіңдер, өңшең сорлы бейбақтар. Сорларың бар ғой. Әкелерің мен ағаларың соғысқа аттанып барады, - деді.
       Сөйтті де қайдан күш алғанын білмейміз, әйтеуір, атылып, тұрып асқан бір ашулы жігермен қолымыздағы ойыншық қаруларымызды жұлып-жұлып алды. Өзі булыға сөйледі.
       - Бәрін отқа жағып көзін жоймасам ба адыра қалғырларыңды,- деп ауылға қарай қайта жүгірді.Жел қуған қаңбақтай қалбалақтап барады.Жаңағы құлынша шұрқыраған балалар енді үрпиісіп-үрпиісіп тұрып қаппыз.«Ойыннан өрт шығады» дегенді көп айтушы еді әжем. Шынымен, бір пәле біздің ойнымыздан басталғаны ма? Ыдыраған бұлттай бәріміз жым-жылас үйді-үйімізге тарастық. Әйтеуір, бір сұмдықтың болғанын бала жүрегіміз байқайтын сияқты. Жол-жөнекей үлкендер қандай ойын бастады деп ойлап келеміз.
       Жоқ, біз ойлаған ойыннан мүлдем басқаша екенін кейін түсіндік. Бұл қантөгіс соғыс екен. Ойнымызды тыйып, елге қайғы, көзге жас әкелген соғыс болды. Сол күннен бастап біз бақытты балалығымыздан айырылғандай алақтап қалған едік.
       ...Жинап алған ойыншақтарымызды әжемнің жақпағанын кейін білдік. Бәрін сырлы сандыққа тығып тастапты. Өлер алдында қайта таратып берген еді:
       - Неге жақпадыңыз, әже? –деп сұрағанымызда:
       - Көзім қимады. Найза мен қылыш қалқымыздан қалған мұра ғой. Батырлық, ерлік белгісі. Қылыш тұрған үйдің азаматы бар деген сөз. Ел азаматтары соғыстан жеңіспен оралар деген үмітпен тығылып қойып ем. Шүкір жеңісті де көрдім. Енді өлсем де армансызбын,-деп біздің кекілімізден сипаған.
       - Сол сәтте әжемнің солғын жанарындағы жалтыраған жас екенін, әлде өмір шоғы, болмаса мөлдір мейірім екенін ұққан жоқ едік.
       Иә, әжем жеңісті көріп өлді. Бірақ бұл жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін біз ерте аңғардық...
       Күн сайын ауыл азаматтарын майданға шығарып саламыз.
       Біздің үйден үш бірдей азамат аттанды. Алғаш әкемнің інісі Сейтжан аға мен өзімнің туған ағам Қалыбек кетті. Көп ұзамай еңбек армиясына деп әкем аттанды. Ауылдың думаны пышақ кескендей сап тыйылды. Бұрынғы бола беретін көкпар да жоқ. Кім тартады оны. Әйелдер ме аттың бабын білетін. Бірақ адам тұрмақ сол аттардың өзі де жүнжіді-ау. Көшеміз қаңсап қалғандай болды. Бұрын жиын-той көп еді. Мұндайда айтыссыз өтпейді. Әсіресе Сейтжан көкем мен Қалыбек ағам қалмайтын. Екеуі қыдырып жүріп қыз-келіншектермен айтысатын. Бәрі лезде қиып салып, кезектесіп жауап қайтарады. Біз мұрнымызды бір тартып қойып, бұрышқа үймелеп қимылсыз тыңдайтынбыз. Үлкендерге қызығамыз. Шетінен ақын. Неге ерте тумағанбыз деп те өкінетінбіз. Енді соның бәрінен де адасып қалдық. Бас көтерер шама жоқ. Бар тіршіліктің тізгіні аналарымыз бен апаларымызға, аталарымызға, қала берсе бізге тиді.
       Бәрінен анама ауыр болды.Үйде қалған өңшең жас баламыз. Әжемнен де қайрат кетіп бара ма, қайраңдап белін ұстай беретінді шығарды. Анам күндіз-түні қызылша басында. Бұрын әкем звено бастығы еді. Енді оның орнын Пірәлі ақсақ алыпты. Топ әйелдің ішінде ақ қалпағын алшысынан киіп, жерге шырт түкіріп тұратын. Өзі насыбай атады. Сондықтан ба, екі езуінен су тыйылмайды.
       Міне, енді ол жыланша ысқырған бастық бопты. Онсыз да жеңіс жолында аянбай жұмыс істеп жүрген аналарымызды қуырып жеп тұрғаны. Жөнсіз айғайлап, орынсыз тепсінеді.
       Қайран анам не көрмеді дейсің. Ертеңнен қара кешке дейін зілдей кетпенді көтеріп қызылша шабады. Онда техника қайдан болсын. Күн көзіне қақталған қызыл матадай шырайлы өңі де оңып кеткен еді. Мен әрі сусын, әрі қорек болсын деп үйден ашыған бидай көже тасимын. Анам аластан тосып алып көжені құмырасымен бір көтеріп сіміреді де, жұмысқа қайта кіріседі.
       - Демалсаңшы, апа, - деймін.
       - Қарағым-ау, демалатын кез бе бұл. Жеңіс келгенше тынығу қайда бізге, - деп ауыр күрсінетін де, жігерлене қызылша шабатын.
       Сол кезде кетпені күнге шағылысады. Кетпенмен бірге кішкене күндер жалт-жұлт етіп қара топырақты қақ жарып, жерге сіңіп жатқандай сезіледі маған. Осы жерге сіңген күндер қызылша боп көктеп тұрғандай көрінеді.
       Әлібек қырманда тас бастырады. Басы айналып құлап кетпесін деп оны ат үстіне қуыршақтай таңып қояды екен. Кешке келгенде саны білеулеп тұратын.
       Күндегі әдетім бойынша ұзын құмыраны сүйетіп келе жатырмын. Қызылша плантациясы кілемдей жайқалып тұр. Сап түзеген жасыл шинелъді солдаттарға ұқсатам кейде. Ат құлақтанып өсіп қапты. Бұл, түп сала бастағанның белгісі.
       Аузыңа салсаң бал татып, уылжып тұрады. Әжемнің өзгеден жасырып берген шақпақ қантындай ұртында еріп сала береді.
       Қызығып кеттім. Бір түбін жұлып алдым. Бусанған қара топырағын сатқал-сатқал жеңіммен сүртіп жіберіп қарш еткізіп тістедім. Әлі дәмі кірмеген екен. Қызылша су татиды.
       Кенет жон арқам ду ете қалды. Қорыққан мысықша баж етіп секіріп түстім. Пірәлі төніп тұр екен. Тарамысша тырысқан қолындағы қамшысын қайтадан үйіріп тағы соғуға ыңғайланып келеді.
       - О, шошқаның торайы. Көрдің бе тамыр түбін қаза бастағанын.
       Көртышқанша қызылшаның түбін кеулемекші екенсің ғой, - деп ақырып қалды.
       Мен зыта жөнелдім. Көжемді шашып –төгіп, апамның құшағына тығылдым.
       Шешем:
       - Не болды, мырзаға – ау, аясаң қайтеді, - деп еді, ескі қайықша екі жағына кезек – кезек ауып келіп қалған Пірәлі:
       - Қарасирақтарыңның қайсысын аяймын. Аяйтын хал жоқ қәзір. Майданға керек дүниені майдалап кеміріп қойғызбаймын, - деді.
       - Қайтеміз, қаршадай бала ғой. Нені біледі, мырзаға.
       - Бала емес пәле. Жегенді біледі, ә. Бүгін біреуін жұлса, ертең екеуін жұлады. Бүйте берсе әр қызылшаның орны қазылған ін боп кетпей ме. Түк етпейді, қамшы тиген арқа қайыспайтын болады, -деп қарқ-қарқ күлді Пірәлі. Аузынан насыбайы әр жаққа шашырайды.
       Анамның алдында қайраттанып кеттім білем, ыза буып:
       - Онда атаңның алдына неге тегін қоясың? - деп қалдым.
       - Тілің кесілгірдің тілін кесейін, - деп Пірәлі қайта тап берді. Бұл жолы қорыққан жоқпын.
       - Жетер енді, - деп әйелдер тоқтатып тастады оны. Анама қарап едім – жанары жас емес, жалын атып тұр кені.
       Сол кезден бастап Пірәліні қатты жек көріп кеттім. Неге екенін қайдам апамдар оны «қаскүнем шойқан» десетін сыртынан. Ол өзіне қастық қылған адам, кімді оңдырады деп кіжінетін. Военкоматқа бара жатып, әдейі аттан құлап, аяғын сындырған десетін. Мен сенбеуші едім. Үлкендердің бәрі жауды жеңуге асыға аттанып жатқанда бұл қаша қойды дейсің бе деп ойлаймын. Енді соған көзім жеткендей болды...
       Майданнан хаттар келіп жатады. Ауыр айқасты жазатын көрінеді. Бірақ сол ауыртпалықты мен аузымнан нан кеткенде ғана аңғардым.
       Үлкен қамбамыз болатын. Әкем кетерде аузы-мұрнынан шығарып астыққа толтырып берген. Маған бұл таусылмайтын бидайдай сезілетін. Жоқ, таусылыпты. Сонда ғана қатты тарықтық. Әжем бір күні Әлібек екеумізді қамбаның ішіне түсірді. Тап-тақыр боп жатыр екен.
       - Айналайындар, түбіндегі дәннің түгін қалдырмай теріңдер. Бала қолы берекелі деуші еді. Бүгіндікке жететін бидай шығар ма екен, - деп төбемізден телміре қарап, өзін-өзі күбірлеген күйі кемсеңдеп тұр екен.
       - Әже, қайда кеткен бидай, - деп Әлібек екеуміз жылап жібердік.
       Әжем қарап тұра алмады. Бетін жаулығымен бүркеп алып тысқа сүйретіліп шығып барады екен. Сонан бастап наннан айырылған күнді ең ауыр күн екен деп түйдім...
       Осылайша біздер ерте есейдік. Әр сөзге құлақ тосып, әр хатқа үлкендермен қоса үңілеміз. Үлкендерше қуанып, үлкендерше қайғыруды да үйрендік.
       Әжем хабардың орталығы сияқты еді. Кімнің үйіне хат келсе де алдымен сол кісіге әкеп оқитын. Әжем ұйып тыңдап, әр сөзді есіткен сайын басын шұлғып құптайтын. «Пәшестерді қуып барамыз» дегенді есіткенді балаша қуанатын.
       - Бәсе, алтындарым сөйтсе керек еді. Бүгін біздің үйге жиналыңдар да, ән айтыңдар, - дейтін.
       Әнді бәріміз сағындық. Әжем осы сағынышымызды сезе ме, әлде майдандағылардың орнын жоқтатпайын дей ме, әйтеуір, амандық хабар келген сайын ауылдың қыз-келіншектерін жинап алып ән айтқызатын. Әннің бәрі бір түрлі мұңлы сияқты еді. Бәрі сағынышқа толы болатын:
                     «Бұраң бел көкем-ай,
                     Қасы-көзі қиылып
                     Қашан келер екен-ай».
       Иә, қашан келер екен деп біз де сағынамыз. Адам асқан бір мұңлы кезінде, немесе ерекше шат кезінде шабыты бола ма деймін. Әйтеуір, сол кезде ауылдың қыз-келіншектерінің бәрі шетінен әнші, өлеңді қиып салатын ақын сияқты еді.
       Әсіресе Ұлтуаш деген апамыз әжемді қатты елжірететін.
                     «Шаршамас шапса қазан ат,
                     Аман да қайтсын азамат», -
деп шырқайды.
       Ауылға жаңа ән де тарап кеткен еді. Кім шығарғанын ешкім білмейді. Әйтеуір, жеңісті алдын – ала білгендей құлшындырып жіберетін ән еді.
                     «Гранат байлап беліңе,
                     Жауды жеңіп келдің бе?
                     Желбіреп тұр қызыл ту
                     Германның ортасы Берлинде», -
деп келетін ән еді.
       Осы ән ауыл адамдарының аузынан түспейтін. Әжем болса:
       - Айналайын Ұлтуаш, «Түрленді заман-айды» айтшы, - деп сұрайтын.
       Сонда осы ән шырқалатын. Біз бұл әнді естігенде жау жеңіліп, оның ордасына тігілген қызыл туды көргендей боламыз.
       Ақыры солай болды да. Біз жеңдік!..
       Сол әндер бір күні айтылмай қалды. Үйге жиналғанның бәрі үнсіз тұнжырайды. Бір-бірінің бетіне қараудан қаймыққандай жер шұқылап отыр. Әжемді екі әйел қолтықтап алыпты. Басын сүйеп, ауық-ауық су береді. Әжем біраз жатады да, атып тұрып ауыл сөветтің қолындағы бір жапырақ қағазға ұмтылады.
       - Оқышы, тағы оқышы, - деп ентігеді. Анау оқиды:
       «Ардақты ана Басыңызды тік көтеріп, қайғымен емес, мақтанышпен оқыңыз бұл хатты. Сейтжандай ұл өсірген ананы біз өмір бақи алақанда аялап өтеміз. Сол үшін де аяулы ұлыңыз, батыр балаңыз Сейтжан Қан майданда ерлікпен қаза тапты. Курск түбінде жаудың төрт танкісін жайратты. Бірақ өзі де осы ұрыстан оралмады. Біздер – бөлімше командирі мен Сейтжанның жауынгер достары ұлыңыздың кегін, сіздің кегіңізді, халқымыздың кегін аламыз деп ақ шашты алдыңызда ант етеміз. Берік болыңыз, ардақты ана. Балаңыздың ерлікпен алған екі «Қызыл жұлдыз» орденін көзіңіздей көріңіз. Сәлеммен Н. Бөлімшесінің командирі мен жауынгерлері», - депті.
       Біз Әлібек екеуміз «әке» деп айқалап жылап жібердік.
       Әжем басын көтеріп алды да, бізді өзіне шақырды.
       - Жыламаңдар, айналайын, - деді ақырын. Өзінің де жасқа булығып отырғанын сездік біз. Сонан соң әжем ауыл советке бұрылып:
       - Кәне, ордендері қайда алтынымның? Тақшы, мына екеуінің омырауына, - деді де жатып қалды. Сәлден кейін екеуміздің төсімізде аспанның жұлдызындай құбылып орден тұрды. Әжем осы орденге басын сүйеп, екеумізді құшақтаған күйі ұзақ отырды...
       ... Бір күні Қалыбек ағамнан хат келді. Ол танкист болатын.
       Жау танкілерін қиратып жүргенде өз танкісіне оқ тиіп өртеніп. Ағамды өлді деп ойлаған гранат лақтырып жойып жіберіпті. Бәріміз қатты қуандық. Сол күні әжем бүиенге салып сақтаған сары майдың аузын ашып бәрімізге үлестірді.
       - Бұл – жеңіс дәмі, шырақтарым, ауыз тиіңдер – деп
       Алып ұшып жүр.
       Мұндай сары майды тек салтанатты күндерде ашатынын білеміз. Әжемнің бүгінгі қуанышына қарап жақсылықтың жақын қалғанын аңғарғандай болдық.
       Ауыл балалары алақайлап шауып жүрміз. Топырласып жинала қалып – хаттан есіткен хабарды ортаға саламыз. Айтысамыз.
       - Менің әкем жау күші басымдау. Әзірге шегініп барамыз деп жазыпты ғой, - деді Сейділ.
       Қаным қайнап кетті.
       - Сенің әкең қорқақ. Қорқақ адам қашады, - дедім.
       Ерегісіп гүж-гүж болдық та қалдық. Қызу үстінде қайтадан баяғы «соғыс ойыны» басталып кеткенін аңғармай да қалдық. Жақ-жақ болып жағаласып жүрміз. Әлібек Сейділдің сөзіне елігіп алыпты.
       - Немістер күштірек. Мен, - деп маған тап бергені.
       - Көрсетемін жеңгенді. Мені жеңе алмайсың. Ағам сияқты бір гранатпен көзіңді жоям – деп мен де ұмтылдым.
       Қолыма сүйір тастың қайдан іліккенін білмеймін. Лақтырып қалдым. Бір нәрсе шақ ете түсті. Әлібектің баж еткен даусы бір-ақ шықты. Қарасам, үшкір тас маңдайына қадалып тұр екен. Әлібек сілейіп қалыпты. Қалт-қалт етіп, көзі шарасынан шығып барады.
       - Міне, немістің сазайын, - деп мәз болдым. Қатты тигенінде жұмысым жоқ!
       Үйден жүгіріп шыққан әжем тасты суырып алғанда маңдайынан ыстық қан бұрқ ете қалды. Сонда шошып кеттім. Аңтарылып тұрып қаппын. Әжем Әлібектің маңдайына киіз күйдіріп басып жатыр. Мен оның етегіне жармасып міңгірлей бердім:
       - Әже, өзі ғой. Неміспен, жеңемін деп тиіскен. Қалыбек ағам сияқты гранат лақтырып едім...
       Жайшылықта болса әжем шықпырта сабар еді. Әсіресе көк етіңнен ұстап алып бұрап шымшығанда өн бойың қақсап қалатын. Бұл жолы өйткен жоқ. Басымнан сипай берді. Шамасы, менің жеңгемді ол да жек көрмеген сияқты. Бірақ көзіне жас алып:
       - Қарғаларым-ау, шоқысып қайтесіңдер. Қан төккеннің қайсы жақсы дейсің, - деп тұрып қалды...
       ...Содан кейін «соғыс» деген ойын тұрмақ, оның атын есіткеннен аждаҺадай қорқатын едік. Соғысты жастайымыздан жек көріп өстік. Міне, енді бүгін екі ұлым еске салып, ішімді әлем-тапырық етті. Денем түршігіп кетті Бірақ бұл ауыртпалықты оларға айтқым келмеді. Елжіреген жүректер енді есітпесін ондайды, деп түйдім. Аз сәтте алуан ойдың ішіне түсіп, иіріміне батқандай шыға алмай отырғанда екі ұлым сергітіп жіберді.
       - Неге жасамайсың, папа. Болсайшы тезірек. Жасап берші мылтық, - деді екеуі ортаға алып.
       - Неге болмайды?- деп шу ете қалды екеуі.
       Осы сәт ойымдағы сырды ақтарып тастағым келді де, батпадым. Соғыс дегеннің ойын еместігін айтқым келеді. Балғын жүректерді шошытып алам ба деп тайсалдым.
       - Ағашты да аяу керек, алтындарым. Жаралап қайтеміз.
       Онан да жайқалып өссін. Көрдіңдер ме мына теректі. Ендігі келгендеріңше көп биіктеп қалады, - дедім.
       Екі ұлым бұл сөзіме шүбәсіз сенді. Аздан кейін алақайлап қозықұйрық теріп бара жатты.