Туындылары


НЕМЕРЕ (әңгіме)


- Немерені бір иіскеп қайтайын, - деді таңғы шәйін сораптап асықпай ішіп отырған Жолдас құдай қосқан қосағы Нұрайға қарап.
- Жылтыңдап бара бергенің құда-құдағидан ұят емес пе? – Нұрай сұраулы пішінде әлдеқандай жауап күткендей отты жанарын отағасына қадады.
- Не бопты?! Барсам ерке өскен жалғыз қызымды бір көріп қайту үшін барамын-дағы. Құдаға, әсіресе құдағиға қызымды ұзатқанда қайта-қайта айтқанмын. «Өзіме табиғи қыз, сондықтан үйлеріңе жиі-жиі барып, шаршатуым мүмкін» дегенмін. «Құда-ау, қызыңызбен бірге көшіп келсеңіз де, қарсылығым жоқ» деп күлген сонда құдағи...
- Ие, қыздың жүгіне сені де қосып жіберіп, отырайын соқа басым омалып, сосын...о несі-ей, - Нұрай кәдімгідей ренжіген сыңай танытты. – Құда екеуің құдағиды ортаға алып жатарсыңдар, мәз болып.
- Өй, сен де! Қалжың сөзді сонша әңгімеге айналдырып... Өзің сол жамбаспен тұрғансың-ау бүгін?! Жайшылықта қызыңа тыққан сыбағаңды ала жүгіруші ең...Әлде өткен жолы ол кісілер бірдеме деді ме?! – Жолдас Нұрайдың ашылмай отырған қабағын байқап, сөзге тартты.
- Міндетті түрде бірдеме деуі керек пе? Жекжат адамдардың ұрыспақ түгілі, салқын қабақ танытулары да ұят емес пе?.. Бірақ соңғы екі-үш барғанда құданы қайдам құдағиымыз «ойбүй, сонша әуре болып, мұндай ойыншықты біз баяғыда-ақ алып қойғанбыз, мұндай киімнің тазасын алғанбыз, қағазын байқамаппын, бұл да таза екен ғой, босқа шығынданғансыздар,» деген сияқты сөзі көбейіңкіреген сыңайлы. Сосын соңғы уақытта «бала жаңа ғана ұйықтап еді, әзірде ғана қонаққа алып кетіп еді» деп алдаусыратып, алдымыздан да алып шықпайтын болды... Бізде де ұят жоқ, құдаларға баруды тым жиілетіп жібердік-ау деймін. – Нұрайдың сөзіне Жолдас ойланып қалды. Шынында әйелінің сөзінің жаны бар сияқты. Шешесінен гөрі өзіне бір табан жақын болған қызын бетінен қаққан емес. Қызы да еркеліктің жөні осы екен деп шолжаңдап кеткен жоқ. Аздап қиқарлығы болмаса, бәрін жөнімен, ретімен істейтін. Өз қадамын ақылға салып барып шешетін. «Бұл ақылды тентек. «Бір жақсы қыз, екі жаман ұлға татиды» деген. Көрерсіңдер, түбі осы қызым дегеніне жетеді» деп қанаттандырып қоятын. Ондайда артынан ерген жалғыз тұяғы – ұлы кәдімгідей томсыраятын-ды. Бұл ұлға қатаңдау қарады. Көбірек талап етті. Дегенмен екеуін тел ұстап, «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деген бар. Біздің барымыз да, базарымыз да екеуің. Тек жақсы азамат боп өссеңдер, біз үшін бақыт сол. «Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады», біздің парыз сендерді дұрыс тәрбиелеп, тура жол көрсету» деп екеуінің бастарынан сипайтын. Құдайға шүкір, екеуі де білімді, ел-жұрты мақтар ұл мен қыз боп өсті. Қызын екі жыл бұрын құда түсіп келгенде, бұл әжептәуір есеңгіреп қалған-ды. Кейін өз-өзіне келіп, «теңі келсе, тегін бер» деген қағиданы ұстанып, дүркіретіп той жасап, жасауын түгендеп ұзатқан еді. Бұл ойлағандай қызы тым алысқа кеткен жоқ. Аудан орталығында. Қызы да, күйеу бала да жақсы қызметте. Жарты жыл бұрын немерелі болды. Құда-жекжаттардың қуаныштарында шек жоқ. Әйтеуір бір ерекше сезім бойды билеген. Әлі күнге сол сезімнен арылар емес. Ойлап тұрса, Нұрайдың айтқаны ақылға қонады. Соңғы кезде құда-құдағидың үйіне көп барғыштап кеткендей. Сонда да оның айтқанына құлай кеткісі келмей, еркектік жалған намысы ұстап:
- Не бопты?! Барсақ өз құдамыз. Немере ортақ... Енді тек немере деп арнайы барып жатқан жоқпыз ғой. Аудан орталығы болған соң, жұмыс көп. Шаруаның көбі аудан жақтан шешіледі... Онда барып тұрып, қалай құдаларға соқпайсың. Естіп қойса, ыңғайсыз емес пе?.. Әрі ауылға да аудан орталығы арқылы өтеміз. Тағы да құдаларға соқпасаң... – дей беріп еді, сөзін Нұрай бөліп жіберді.
- Дұрыс-ақ. Бірақ әр жолы «немереге бірдеме алайық» деп дүкенді жарты сағат кезесің ғой. Жақсы көретін құдағиыңа бір құты кәмпит алуды да ұмыттың... Мұны олар байқамайды дейсің бе? Есіл-дертің немереде, - деді Нұрай ентелеп бара жатқан Жолдастың екпінін басып.
- Ойпырай, ә! Жарайды ертең бәрібір ауылға соғамыз. Жолай бұрыла салайық. Сен құда-құдағиды ұмытпай, сый-сияпатқа бірдеме ал. Мен немереге...
- Туу, саған дауа жоқ екен! – Нұрай күліп жіберді.
Ертесіне түске таяу бұлар ауладан кіріп келе жатқанда, құда-құдағиы есік алдында сәкіде отыр екен. Амандық-саулықтан соң, жан-жағына алаңдай қараған Жолдас:
- Немере көрінбейді ғой, алдыңыздан түспеуші еді, - деді. Құда үндемеді. Құдағи:
- Ол ұйықтап жатыр еді. Көрейінші, әрі шәй-пәй әзірлеп жіберейін, - деп орнынан тұра берді. Жолдас ойланып қалды. Сәл үнсіздіктен соң құдасы Жолдастың иығынан қаға:
- Құдеке, ренжімеңіз. Немере ортақ екеніне дау жоқ. Дегенмен немере маған туған, сізге...қалай десем екен...самопал немере ғой, - деп күлгендей болды.
- Жо-жоқ, оған сөз жоқ. Немере туған апасы мен атасынікі. Бізде ортақтасып, алып кете қояйық деген ой жоқ. Құдай қаласа, ұл үйленсе, біз де сіздерге ұқсап, өз немереміздің асты-үстіне түсіп бәйек боп жүрерміз, - деп құданың сөзін Нұрай іле жалғап кетті. Құда көңілденіп қалды. Апыл-ғұпыл ішілген шәй үстінде немере жайы қайтып әңгіме болмады. Осы жолы Жолдастың көңілі алай-дүлей болып қайтты.
Жолай май құю бекетінде көптен бері көрісе алмай жүрген көршілері Қаһар мен Күлпәш жолыға кетті. Көліктері түрлі жүкке толы. Арқа-жарқа көріскен көршілер жолайрығында жөн сұрасып мәз.
- Немерені бір иіскеп қайтайық деп, Алматыға ұлдың үйіне қарай шыққанбыз, - деді Қаһар ыржиып.
- Ойбай, бауы берік болсын! Айтпадыңдар ғой, - деді Нұрай Күлпәшті құшақтай құтты болсын айтып.
- Біз де сол, құдаларға соғып, немерені иіскеп... – деп Жолдас та міңгірледі, бірақ көңілі пәс еді...

* * *


Қаһар мен Күлпәш май құю бекетінен ақырын жылыстап, Алматыға тіке тартатын күре жолға түсті. Аудан орталығын кесіп өтетін үлкен жол шағын автобекеттің жанына жеткенде, терезеден тысқа қарап отырған Күлпәш оқыстан:
- Әй, Қаһар, анау тұрған ауылдағы малшы қайынаға емес пе, ә? – деді автобекет жаққа саусағын шошайтып.
- Болса болар...
- Әне қасында Меруерт абысын да бар екен. Өздері тәуір киініп алыпты. Алматыға қарай шыққан-ау шамасы...Ала кетейік, жол қысқарар, әрі ауылдың жаңалықтарын естіп барамыз, көптен ол жаққа соқпадық қой, - деп Күлпәш қоймаған соң, Қаһар автобекеттен өтіп кетсе де, келіншегінің көңілін қимай кері бұрылды.
Шынында да аталас туысы Бөкен ағасы Меруерт жеңгесімен бірге артынып-тартынып ұзақ жолға шыққан сыңайлы.
- Ассалаумағалейкум, көке. Жол болсын, - деді Қаһар мәшинеден түсе сәлемдесіп.
- Уағалейкумассалам, Қаһар. Әлей болсын. Жеңгең екеуміз Алматы, онан әрі Астанаға жол тарттық.
- Жайшылық па?
- Е, әлгі немерені бір иіскеп қайтайық деп.
Бөкен ағасының сөзіне Қаһар мырс ете қалды. Бетіне бажырая қараған Бөкеннен ыңғайсызданып:
- Бүгін өзі кілең немерелерін сағынғандар жолға шығыппыз, дә, әлгінде көршім Жолдас та сөйдеп еді. Біз де сол Алматыдағы немереге шыққанбыз. Сіз де... Автобусқа билет алмаған болсаңыздар, ала кетейін. Мына келініңіз танып қалып, арнайы бұрылдық, - деді сосын жөнін айтып.
- Абтауыс құрымағырға белет жоқ дейді. Бос орын болса, келгеніне отырғызып жібереміз деген, осындағы қыздар.
- Бопты онда. Көлік дайын. Кәне жүктеріңізді бірдеме қып жайғастырайық. Ақыр, жолымыз бір екен, - деп Қаһар Бөкенге қарады.
Кең де түзу қара жолға түскен соң Қаһар:
- Көке, әңгіме айта отырыңыз, жол қысқарсын, - деді.
- Е-е, шырағым, зейнеткерде не әңгіме бар дейсің. Әлгі төртінші ұл әскери ұшқыш емес пе, бір анда, бір мында жүріп, бүгінде Астанада тұрақтаған. Өзі де кеш үйленді. Елге жуықтайтын түрі жоқ. Келін шорт-порт орысшалау. Былтыр босанған. Кемпір қыс бойы сонда болды, олар ауылға келмеген соң. Бала жұмыста. Ерте кетіп, кеш келеді екен. Сосын немереге қараудың ретін білмейтін болған соң, әрі бала шақырып қоймаған соң, кемпірімді жіберіп едім. Саған өтірік, маған шын, кемпірім Астанада тура алты ай бойы жатып алды ғой... Жегжат-жұраттан ұят екен. Тіпті ағайынның өзі мені «кемпірін қуып шығыпты» деп күңкілдей бастады. Сосын биыл келін «іске түсем, апам келсін» деген екен. «Жо-о-оқ, - дедім. – Енді төрімнен көрім жақын тұрғанда, кемпірден бір адым да қалмаймын» деп келе жатқан бетім осы, - деді Бөкен артқы орындықта отырған кемпіріне қарай бұрыла қарап қойып.
- Көкең «өмір бойы мал соңында жүріп, ауылдан да шықпадым. Астананы бір араласам болмас па» деп еріп алды. Қартайғанда мені қайтсін. Жәй сылтауы, дә, - деп Меруерт жеңгесі күлімсіреп шалына қарап қойды. – Бірақ өкіметтің тас үйіне қамалған соң, аптаға жетпей «ауылда мал-жан қалды» деп қиқуға салса керек әлі бұл көкең. Кең далада еркін жүрген адам ғой, қапасқа түскендей болар.
- Жұмысқа шықса, немерені ауылға әкеп тастасын десем, әлгі келін «Нурик көз алдымда болуы керек. Ол не жеп, не жемей жатқанын көзіммен көріп, өзім бақылап жүруім керек. Уақтымен битаминін беруім керек» деп баланың миын ашытыпты. Әй, сонда, мына сендер, ауылдағы балалар аузына ас тықпай-ақ, битамин-ситамин демей-ақ өстіңдер ғой. Сол битаминнің кені ауылда емес пе, а?! – Бөкен ағасы қызбалана түсті.
- Ой-буи-й, ол келін сегіз бала тапқан маған баланы қалай бағуды үйретіп пәле болды емес пе?! Өзім де әрең шыдадым, өткенде. Оның «мөжнә, нелзә»-сінен өлетін болдық. Бәлністен шыққаннан өз немеремізді өзімізден қызғанып, қызғыштай қорып, маңайына жуытпай қойды ғой, о, тоба! Бірдеме деп айтып тастайын десем, баланың көңіліне қараймын. Құрысын, сол немере маған көктас қояр дейсің бе, деп қолды бір-ақ сілтеп кетейін дедім де, ашудан қайттым тағы. – Меруерт жеңгесі де іштегі шерді бір тарқатқан болды.
- Атам қазақ, тіпті әріге бармай-ақ мына өзіміз де, тұңғыш ұлды кемпір-шалға бердік қой. Оңашада ақырын еркелетіп қояйын десең, бала азан-қазан жылап, ата-апасына тұра қашатын. Сосын әке-шешеден сөз еститінбіз. «Жалғыз балаға қарап қалдыңдар ма, о несі-ей, бала керек болса, өздерің тауып алыңдар» дейтін-ді олар. Ал қара шаңырақтың иесі кенже ұл болады. Оған дау жоқ еді. Бір отбасынан тараған ұл-қыздан өрбіген немере-шөбере бірнеше болып, кемпір-шалдың аяғына оралушы еді. Жүретін сосын олар аттарын шатастырып. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар. Жалғыз бала көпшіл болып өспейді. Жалғыз баланы өзі ғана тапқандай, қоярға жер таппай, бауырына тықпыштай бергенше келін жұмысына емес декретіне шықсын. Мұны мен айтсам ұят болар, сондықтан кемпірге айт десем, бұл басын алып қашады. «Бір төл туса, бір түп жусан артық өсер» дегендей, ешкім аш қала қоймас, құдай сақтасын. – Бөкен ағасы көз қиығымен тағы да кемпірі Меруертке қарап қойды.
- Ендігі жетпегені оны жасқа келгенде келінмен шапылдасып отыру ма, тәйірі. Ата-енесімен сөз сабылыстырып отырған келінде қайбір ұят-аят болушы еді. Оған сөзімді қор қылар жайым жоқ. Сөзді де ұғатын адамға айтқан жөн ғой. Әйел бірінші кезекте күйеуіне қарауы ләзім. Оның таза жүріп, таза киінуін қадағалап, уақтылы тамағын жасап, қас-қабағын бағуы керек. Өйтпесең, еркектен айырылдым дей бер. Бала тым жуас,содан обал болды, – деді Меруерт жеңгесі ашуы бетіне шапшыса да сыр бермеген сыңайда.
- Бүгінгінің келіндері де тек қара басының қамын ғана ойлайтын боп барады-ау. Берекелі шаңырақ ұстау – ең үлкен бақыт екенін білмейді-ау, шамасы, – деп сөзге манадан бері үн-түнсіз отырған Күлпәш араласты. Бәрі бір сәт өз ойларының жетегінде кетті.
Бөкен ағасы мен Меруерт жеңгесін аэропортқа дейін жеткізіп тастаған бұлар ұлының үйіне жеткенде күн екіндіге таяп та қалған еді. Екеуі сөмкелерін сүйрелей үшінші қабатқа жетіп, пәтер қоңырауын басқанда есікті іштен құдағиы ашты.
- О, хош келдіңіздер. Ауыл-ел аман-есен бе? – деп сәлемдескен ол Күлпәштің қолындағы сөмкелерді алып ас үйге кіріп кетті.
- Үйде сізден басқа ешкім жоқ па? – деді Күлпәш сыздана.
- Әлгінде құдаңыз немерені қыдыртып кеткен. Құдаңыздың күндегі әдеті сол, немерені екі сағат қыдыртып келеді, - деді ас үй жақтан құдағиы. Бұл сөз әп-сәтте-ақ Күлпәштің қан қысымын әжептәуір көтеріп жіберді. Ол аяқкиімін асықпай шешті де ас үйге қарай өтті. Құдағиы қазанның қақпағын көтеріп, ондағы етті аударыстырып жатыр екен.
- Құдағи, - деді Күлпәш жұлып алғандай, - құдағи бұл үйге келгенде өз орныңызды біліңіз. Өткен жолы қалжыңдап болса да айттым ғой. Бұл ұлдың үйі, яғни сіз бұл шаңыраққа құдағисыз. Қыздың сіздікі болғаны, балалар сізге жақын тұрғаны сіздің табақ-аяққа араласуыңызға құқық бермейді. Құдағисыз ба, құдағилық жөнімен жүріңіз. Сіздің үйде мен ас үйіңізге кіріп, ас-ауқатыңызға араласпаймын ғой.
- Ойпыр-ай, құдағи, не болды сонша бөліп жаратындай. Мен жәй қолқабыс жасап жатырмын. Балалар әлгінде дүкенге шығып кеткен еді. Диванда шалжиып жатқанша, дастарқанға көмектесіп жіберейін деп, - құдағиы ыңғайсызданып қалды. Күлпәш та алған бетінен қайтпай:
- Сіз бен біз дастарқан басында отырып, ұл мен қыз не берсе соны қанағат тұтуымыз керек. Тамағын дұрыстап бере алмаса, мен ене емеспін бе, өзім білгенімді үйретемін. Қыз сізден кетіп болды. Кезінде үйретуіңіз керек еді. Енді араласпаңыз ұят болады, құдағи, кеш қалдыңыз. Әр нәрсе өз уақытында. Бұдан былайғы орныңыз төрде қонақ болып отыру, - деді. Құдағи сөз қайтармай, қонақ бөлмеге қарай жылыстады. Бұл кезде Күлпәштің қасына келген Қаһар ақырын ғана:
- Ой, Күлпәш-ай, мінезің қалмайды-ау, қалмайды. Ыңғайсыз болды ғой, - деді.
- Ештеме етпейді. Үйрене берсін құдағи. Мен артық сөз айтқан жоқпын. Онан да немереңнен айырылып қалмай тұрғанда ие боп қал. Барып тауып келгенің дұрыс болар. Шәй да әзір екен, - деді Күлпәш тағы да әлденені меңзеп. Осы сәтте бір жасқа әлі тола қоймаған немерені көтеріп, құдасы кірді. Аз-кем амандық, саулық сұрасқан соң, құда-жегжаттар дастарқан басына отырды. Ашық-жарқын әңгімемен шәй ішіліп, ет желінді. Бала мен келін шын ниеттерімен қызмет қылып, бәйек болып қалды. Кезек-кезек немеренің қылықтарын айтып, бұларды мәз қылып қояды. Немере де әрбірінің аузына бір қарап, дастарқаннан олар берген тәттісін алып, ашып жей алмаса да шықырлаған түрлі-түсті конфет орамаларына алданып, өзінше мәз. Көбіне көзі үйреніп қалған құда-құдағиға қарайлайды. Мұны Күлпәш байқаса да, ләм-мим деген жоқ. Көрмегендей өзге әңгіме айтып отыра берген. Құдағиы тағы да бір оқыс әңгіменің шетін шығарып қалды:
- Сіздер мына тұңғышты алып кетерсіздер, бізге қимай. Біздің де көрген, баққанымыз осы жалғыз қыз еді. Артынан ерген бауыры жоқ. Ермек болар бір немере бізге де керек-ақ. – Күлпәш тіксініп қалды. Бірақ онысын білдірмей, қалжыңға айналдыра:
- Құдағи, екінші, үшінші демей-ақ қояйын төртінші баланы алып бақсаңыз да риза боларсыз деп ойлаймын, - деді. Екі құда үнсіз, құдағилардың аузын бағып отыр. Абырой болғанда, сөз осымен доғарылды. Дастарқан басындағы әңгіме басқа арнаға ауысты. Құдалар түн жарымы ауа жақын маңдағы үйлеріне қайтты.
- Қаһар, - деді Күлпәш демалуға жатын бөлмесіне келген соң, - немерені бір жасқа толғанда алып кетпесек, бөтен боп қалар түрі бар. Құдалардың нәрестенің асты-үстіне түсуінен қорқайын дедім. Келінді ауруханадан шығаруға келгенде, мұны саған айтпадым ғой, құдағидың қолында үлкен есімдер жазылған кітап. Көп бетін бүктеп, менің немереме ат қоймақ болып отыр. Шарт кеттім де, «аты Досбол болады бітті» дедім. Аузыма түскені сол есім. Апта бойы ат қоюға дайындалған құдағи құлап қала жаздады.
- Е, бәсе, қайта-қайта тақасуларың жаман. Ол кісі қалада өскен салт-дәстүрді онша білмейді, дә. Сен де ойыңа келген бірінші атты қоя салдың ғой. Өзім де солай ойлап едім... Әлгінде дұрыс айттың, Күлпәш. Бір баламен тоқтап қалуға болмайды. Сен сияқты дімкәс емес. Келінге айт, бесеу демей-ақ қояйын, кемі төрт бала тапсын. Бала бағар адам жеткілікті сияқты ғой. Мен тоғыз, сен он бір бала туылған отбасында өстік емес пе?! «Бала тәрбиесі - бесіктен». Бәріміз жабылып жалғыз немерені әлпештей берсек, ертең оның қандай азамат боп өсетіні белгісіз. Сондықтан баланы көбейтсін келін, - деді Қаһар келіншегін қостай.
- Ол жағынан қам жеме, өзім реттеймін, - деді Күлпәш та мәз болып.
Жастыққа басы тигенмен Қаһар біразға дейін ұйықтай алмады. «Жалғыз ұлдан туған жалғыз немереге құда-құдағи боп өзара іштей таластырып қойған заман-ай...-деп ойлады ол. – «Баланы өскенше, немерені өлгенше» деп бұрынғылар текке айтты дейсің бе?! Жолдас пен Нұрайдың жүрісі анау аудан мен ауылдың арасында шапқылап... Бөкен көкем мен Меруерт жеңешем ғой өмірі шықпаған ауылдан кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда сонау Астанаға немере деп аптығып барады... Біздің тірлік мынау... Иә, «балам – балым, баламның баласы – жаным» деген осы екен, дә...».
... Қаһардың қос жанары бірте-бірте қалың ұйқыға жұмыла берді...