Туындылары


ДИПЛОМ (әңгіме)


- Көке, қала жаққа түсіп келейін,-деп Бораш шіліңгір шілденің ми қайнатар аптабынан қашып, еңселі үйдің көлеңкесін паналап отырған әкесіне жақындады.
- И-ее... Жай ма?-деді қария жел қақтап, күн күйдірген тарам-тарам әжімді жүзін тарамыс қолдарымен сипалай. Нұры тая бастаған шегір көздері жасаурап маза бермей отырса керек. Ұлының жауабын күтпей: - Әлгі Нүркен қайда жүр, мында біразырақ су шашсын, салқындатып,-деді сосын. Қарияның сөзі екі болмады. Ерігіп жүрген немере төңірекке су шаша бастады. Кәдімгідей салқын леп те есіп үлгерді.
- Үлкен немереңіздің шаруасымен барып қайту керек болып тұр. Екінші дипломын алғалы айдан асты. Қызметін жоғарылатар емес. Колледждің дипломымен жәй жұмысқа қабылдағанда: "Университет бітірген соң қызметін өсіремін" деп бастығы уәде берген-ді. Уәдесін ұмытып кетті ме, әлде... соған тағы да жолығып келейін. Алдыңғы күні барғанымда тоңмойынданып "екі-үш күннен соң соғарсыз, көреміз" деген.
- Шаруаң болса, ертерек қамданбаймысың, сәске түс болды ғой. Айналшықтап келіннің қасынан шыға алмайсыңдар, түге...
- Бастық "түске қарай келерсіз" деген. Сосын ғой жүргенім.
- Әй, сонда бір техникөм, бір инстетөт бітірген адамға жұмыс тауып бере алмай жатыр ма, о, тоба!-Қария таңданысын жасыра алмай ұлына қарады.
- Енді... қазір заман басқа ғой! Техникумыңыз колледж боп, институттан университет көбейген заман. Әрі тоқсан пайызы жекеменшік оқу орны. Ондағы білім де бұрынғыдай тегін емес, ақылы. Қызметке тұру да бүгінде тамыр-таныспен, немесе ақшамен. Сосын дә, жүргеніміз тыраштанып, бала қатарынан қалмасын деп шашылып, әкеңнің...-Бораш ашумен боқтап жіберді. Қария баласының ашуын баспақ ниетте:
- Хакім Абай айтқан:"құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең-оқыт, мал аяма!" деп... Жүйкеңді тоздырардай көп мал шашқан сықылдысың ғой өзі,- деді жайлап қана.
- Ұсақ-түйекке деп айлықтан беріп тұрған ақшада есеп жоқ. Ал, қорадан бір жылқы, екі сиыр, бес-алты қой, қошқар сатылғаны анық... Әлі ол немені үйлендіріп, үй қылу жағы тағы бар... Сосын дә, кейде ашуға басып кететінім. Әрі ол жалғыз емес қой, өзге немерелеріңіз де ержетіп келеді.- Бораш сабасына түсе, әкесінің алдында ақталғандай болды.
- Осы өзіміз екі жылдық мұғалімдер семинариясын бітіріп-ақ өмір бойы қызмет істеп, өздеріңді өзгеден кем етпей өсірдік қой. Сен болсаң комсомол-жастар үндеуімен ауылда қалып, механизатор болуды қаладың. Келіншегің сауыншы болып ауданға аты шықты. Оқудан гөрі үйленуді дұрыс көрдіңдер. Қалкөз комсомолдық үйлену тойын жасап, жас отау деп бастарыңа баспана берді. Көштен қалған жағдайларың жоқ... Бүгінгі жастарың не істеп жүргенін түсінбеймін. Әйтеуір, қой қайырып, кетпен шауып жүрген бірі жоқ... Қала жаққа шапқылайды да жүреді. Сонда ауылдағы қара жұмысты кім істейді екен? Әлде ауылда істейтін іс қалмады ма, түге?!
- Ой, көке, істеймін деген адамға барлық жерде де жұмыс жетерлік. Бүгінгінің баласы тракторшы, комбайншы сияқты мамандыққа оқымайды. Осы төңіріектегі ең жас тракторист қазір мен. Жасым елуге келіп қалды. Комбайн жүргізетін де екі-үш маман бармыз. Бізден соң не боларын қайдам?! Жастарда қызығушылық, талпыныс деген атымен жоқ бүгінде. Әне, жүр ғой, немереңіз де қаржыгер, немесе заңгер боламын деп, әкеңнің... Соған қанша айттым, қасымда жүріп, мына трактірді үйрен, аш қалмайсың деп... Тыңдады ма?! Достарынан қалып кетердей, көзі мөлтілдеп, томсырайып жатып алды емес пе?! Жұрттың бәрі қаржыгер, заңгер болса, күнделікті тұтынар азық-түлікті, нанды, сүтті, етті кім өндіреді? Бәрінің тап-таза жерде отырғысы келеді. Сонда, бұрқыраған шаңға кім бөгеді, қолқаңды алар малаққа кім түседі? Білмеймін, бүгінгі бала бәрі аспаннан еңбексіз-ақ өзі түседі деп ойлай ма, әйтеуір жанын қинап еңбек еткісі келмейді. Мен соны түсіндім, көке... Кейде өзіміз осылар қиналмасын деп тым әлпештеп жібердік пе те ойлаймын, кім білсін!- Бораш ішкі шерін біраз тарқатып алды. Әкесі де оның бөле қоймады.

* * *


Қалаға қарай қатынайтын "ГАЗель" жекеменшік шағын автобустың біріне мінген Бораш артқы орындықтың терезе жағына жайғасты. Жолай ешкіммен әңгімелесуге зауқы соқпай, шағын терезеден тысқа қараумен болды. Өзімен-өзі үнсіз отырған адамды ой қаузайтыны белгілі. Бораш та өткен-кеткен түрлі жайларды, болашақта атқармақ істерін ой елегінен өткізіп келеді. Кеңес дәуірі келмеске кетсе де, өкімет өлтірмейді деп өзіне емес өзгеге сенген біртүрлі психология көңіл түкпірінен әлі де болса, кете қоймаған еді. "Екі қолға бір күрек" немесе талабың таудай болса, кез келген оқу орнына тегін түсіп, арнайы тағайындалған шәкіртақымен студенттік шақтың қиын да қызық күндерін өткеріп, білікті маман болып шыға бер деген түсініктің келмеске кетіп қалғанын жұртшылық жаңадан ұғына бастаған-ды. Кеңес өкіметі байлармен күресіп, кедей-кепшіліктің сойылын соқса, егемендік орнағалы, керсінше, көпшілік ортаға емес, жеке басқа жұмыс істеп бай болуға жанталасты. Пысақайлар Кеңес заманынан қалған дүние-мүлікті талан-тараж етіп, өзара бөліске салғанда, бүкіл ауыл "әй, бұлары несі, мемлекеттің мүлкін иемденіп, өле алмай жүр ме?" деп ауыздары аңкиып отырғанда, бұлар түсіне бермейтін жекешелендіру деген саясаттан бәрі тып-типыл болды. Ауылдағылар "ау, бізге..." деп үлгеруге мұршалары келмеді. Сөйтіп, кезінде дүрілдеп тұрған тау түкпіріндегі қалқоз малынан тышқақ лақ, техникасынан тесік доңғалақ та қалмай, ауылға еш қатысы жоқ әлдекімдердің жекеменшігіне айналып кете барды. Ел біраз уақыт есеңгіреп жүрді. Сосын, "тірі адам тіршілігін жасардың" кебін киіп, әркім өз білгенінше әрекет етуге, жан бағуға көшті. әлі күнге солай. Қанша ойламаса да Бораштың ақылы жетпей жүрген бір мәселе- осы оқу мәселесі. Кезінде өкімет қажет мамандығыңа жан-жақты оқытып, соған сай жұмысын тауып беріп, сосын ол істің дұрыс атқарылуын талап ететін. Бүгін ше?! Мына өзбек ағайындармен шекаралас аудан орталығынан үш университет, екі институт бөлімшелері ашылыпты. Онда кімдер сабақ береді, кімдер оқиды?! Мүмкін,бүкіл аудан жоғарғы білімге көшкен болар... кім білсін! Бір қызығы, бәрі жекеменшік оқу орындары. Ақшаңды қағып алып, сенің ыңғайыңа қарай құлап тұрса керек олар. Ақшаңды алған соң, қатаң талап ете алмасы, оқудан шығарып жібермесі оқымаған мына маған да аян емес пе?! Қызық заман әйтеуір. Бұрындары облыс орталығында ғана бірлі-жарым институт болатын еді. Бүгінде саңырауқұлақтай қаптаған оқу орындары. Тіпті, аттарынан жаңылысасың. Құдай ақырын оңдасын деңіз... Ойына орта мектепті орташалау бітірген үлкен ұлы Саматтың азамат болған сәті, оны жоғарғы оқу орнына сүйрелеген кезі түсті. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің байыбына бара алмай дал болып жүргенде, ұлы мектеп бітірді. Құдай оңдап, сол сәтте қалада қызмет істейтін немере інісі келе қалмасы бар ма?! Бұл бар жағдайын, Саматты қалайда оқытқысы келетініне айтқан. Саматтың аттестатын көрген немере інісі басын шайқаған. Сосын "мемлекеттік оқу орыннан үміттенбей-ақ қойыңыз, қазір жеке оқу орындары көп. Қалаған мамандығыңызға оқытады, тек... ақшаңыз болса болғаны. Қажет десеңіз бір колледжі, бір университеті бар жақсы танысым бар соған жолықтырайын" деген. Бұл, қуана-қуана көнген. Артынан қалаға барғанда немере інісі әлі танысына ертіп барып, екеуін таныстырған да шығып кеткен. Бораш ректормен болған алғашқы кездесуінің әрбір сәтін, әрбір минөтін ұмытпай еске алуға тырысты. Өйткені, ондай үлкен мекемеге, ондай үлкен профессордың алдында бірінші рет кіруі еді.
- Төрлетеіңіз, ағасы. Інішегіңіз шаруаңызды айтқан, тек азын-аулақ өзара келісетін детальдар ғана бар,- деп абажадай үлкен жылтыр үстелдің аржағындағы қара айналманы креслодан домалап түскен бүйрек бет, пәкене бойлы тығыншықтай адам Борашқа қарай жақындаған.
- Мында отырыңыз. Қазір шәй алдырайын. Әлде сіз кофе ішесіз бе?- деді сосын.
- Жо-жоқ, шәй болады,- деді бұл жұмсақ диванға жайғаса бере. "Көпе дегенді бұрын ішіп көрмеп едім, ішті бүлдіріп жүрсе тағы... " деп ойлаған заматта.
- Профессор, доктор экономических наук, директор Манатбек Косалиевич,- деп қолын ұсынды ол Борашқа,- танысып қоялық дегенім ғой.
- Бораш,- деді бұл. Атына қосып айтар лауазым таппағанына аздап қысылғандай болды. Ал әкесінің есіміне "евич, ович" дегенді қосуды өмірі қолданбапты-ау...
- Менің аталарым бай болған екен. Қазан төңкерісінен кейін қашып, түркіменнің қалың құмын жайлаған. Кейін, заман тынышталғанда елге қайта оралыпты. Бірақ, "бай бір жұттық" дегендей, байлықтан жұрдай болған екен. Содан ба, әкеміз ұл-қыздарының есімдерін Манатбек, Тілләбек, Алтынкүл, Күміскүл, Қуан- қытайдың юань, Рубен- орыстың рублі мен жапонның иенін негізге алып қойған ғой. Ақша деген, жарықтық, қалтада болмаса да, санада жүрген болуы керек.
Профессор қарқылдап күліп алды. Сылаңдаған хатшы қыз әсем оюлы пәтнүспен шәй көтеріп кірді.
- Кәне, шәйға қараңыз! Тегімізге тартқандықтан шығар, дүниеге бір табан жақынбыз. Тіпті, қыздарының есімдері- Динар, Лағыл, Маржан, Жақұт, Інжу болып келеді,- профессор тағы да дарақылана күлді.
- Мықты болсаңыз, бес қызға дүние жеткізіп көріңіз. Келініңіз және бар. Әйтеуір заман түзеліп, жеке оқу орнын ашып алдық. Колледжде өзім, ал университетте келініңіз ректор. Колледжде оқыған студент, ары қарай университетте білімін жалғастырып, төрт жылда екі мамандық алып шығады. Әрі оқу ақысы да арзанға түседі. Бүгінде оқу іздеген бала көрсек, ақша көргендей көзіміз атызданып шығып кете жаздайды,- Манатбек тағы ыржаңдай езу тартты. Мұндайда үлкен көзілдірігі жауып тұрған жіпсиген қысық көздері тіпті де жұмылып кетеді екен.
- Шутка, ағасы! Жаман ойлап қалмаңыз. Сіз секілді ағалар алдымызға келгенде, оқу ақысын едәуір төмендетеміз. Құдайға шүкір, аға сыйлап өскенбіз дегендей... Өзіңіз Өгем тауының бөктерінде тұрады екенсіз. Баланың оқуға түскенін сылтау етіп, бір марқаны сойып, таудың саумал қымызымен Ақмешіт өзенінің бойында бір күтіп жіберсеңіз болғаны. Төлемақысын да жағдайыңызға қарай бөліп-бөліп құтыласыз. Так что, ұлыңыздың қалтасында қос бірдей диплом бар деп есептей беріңіз, ағасы.
Манатбек Борашпен қимай қоштасқан. Су бойында бір демалып кеткен соң, тіпті, туыстан да жақындай сезінген. Манатбектің айтуымен, колледжден соң заңгердің дипломымен ұлына жұмыс іздеп, аудандық салық бөліміне қатардағы қызметке, барып кел, алып кел жұмысқа әрең басын тыққан. "Сырттай оқи берсін, университет бітірген соң дұрыстау қызмет қарастырармыз" деген-ді сол кезде бір соғымды жамбасқа басқан бүгінгі басшысы. Болмашы жалақымен жүрген ұлының сырттай оқуына Манатбек көмек беріп тұрды. Тіпті, университеттегі сынақ, емтихандарына көмектеседі деген адамы, сонда істейтін оқытушылардың бірі "қайта-қайта келіп әуре болмай-ақ, маған сынақ кітапшасын, сосын, бір жылға деген сынақтардың ақшасын беріп кетсең болғаны" деді. Екінші жылы да солай. Бораш ұлының айтқан қаржысын амалдап тауып беріп тұрды. Бірде Саматқа қатты ұрысқаны бар-ды. "Ұлым, жұрт сұрап қалды, "Самат қай факультетте оқиды деп" деген. Ұлы "көке экономист боламын" деді. Бұл "ол жағын мен де білемін. Экономисттің өзі түрлі факультеттерден шығады екен ғой" деген бұл тағы да. "Қандай факультет екенін ұмытып қалыппын" деген жуырда екінші дипломды алады деп жүрген ұлы. Бұл жатып кеп ашуланады. Ұлына қол көтерер ме еді, қайдам, әйтеуір әкесі "тәйт" деп тиып, немересін арашалап қалған. Арада екі ай өтпей мұнан да сорақы жағдай болды. Самат мемлекеттік емтихан мен диплом қорғауға бармай қалған. Абырой болғанда әлгі Саматқа көмектесіп жүрген оқытушы күндізгі бөлімде оқитын бір студентті Саматтың орнына дайындап, өзі өткен жылдарда қорғалған дипломдардың бірін күзеп-түзеп өзгертіп, әлгі студентке қорғатқан. Қаңғалақтап әлде бір шаруамен қалаға барған Саматты көріп қалған оқытушы болған жағдайды тәпіштеп баяндап, мемлекекттік сынақ пен дипломның құнын сұраған. Осы жайды беймарал аспай-саспай әңгімелеген ұлына қайран қалған Бораш айтарға сөз таппаған. Қорадағы тағы бір сиырын саудалап, сұраған ақшасын беріп жіберуден басқа амалы қалмаған-ды. "Дипломы құтты болсын" деген былайғы ағайынға байлап отырған тұсақты сойып, арқа-жарқа жуып бергені және бар. "Иә, баланың оқуы оңайға соқпады" деп ойлады терезеден тысқа қараған қалпы. Жүйрік "ГАЗель" аудан орталығына жетіп те қалған еді...

* * *


Аудындық салық бөлімі мекемесінің алдында ойламаған жерден ұлын жолықтыра қалды.
- Самат-ау, есік алдында неге жүрсің? Жайшылық па?- деді жүрегі әлденеге қобалжығандай.
- Көке... мені кеше жұмыстан шығарып жіберді.
- Неге?!
- Білмедім... Жаңа бастық келген... Сол "тәжірибең жоқ" деді.
- Жұмыс істемесең, тәжірибе қайдан болады екен? Екі дипломың барын айттың ба? Былай дұрыстап...
- Иә...
- Не дейді?
- "Оқуың мемлекеттік емес, жекеменшік екен. Олардағы білім деңгейі белгілі. Ал мықтымын десең, аттестатциядан өткіземіз," деді.
- Сен ше?
- Қос дипломым болғанмен... енді... мұндағы жұмыс қиын... сосын батып ештеме демедім.
- Өй, ынжық неме! Бастығың іште ме?- деп Бораш ентелей есікке беттеді. Самат тыста қала берді.
Әлден уақытта басы салбырап далаға шыққан Бораш қалың тұт ағашының көлеңкесіндегі орындықта отырған ұлының қасына келіп сылқ отыра кетті. Әкелі-балалы екеуі едәуір үнсіз қалды.
- Бастықтың да уәжі жөн. Оған жұмысты жақсы білентін маман керек. Жекеменшік оқу орнындағы тиянақсыз таяз білім шынында да мұнда жарамайды... Жүре ғой, ұлым, үйге қайтайық. Басқа бір амалы болар... Шалмен ақылдасайық,- үні бәсең шыққан Бораш ұлын демей қолтықтап орнынан тұрды.