Туындылары


АТАН (әңгіме)


Жабық жүк көлігінен қорбаңдай түскен атан түйе жан-жағына көз тастай, тау ішін жаңғырта, бұл төңіректегі жұртшылық бұрын-соңды естімеген оғаш үн шығарды. Иір мойынын көкке соза басын шайқап-шайқап қояды. Қыл-қыбыр басқан ауызы ашудан көбіктеніп, ақыруын күшейте түсті. Оның қарлығыңқы ащы дауысы тау аңғарларында қайта-қайта жаңғырытып, айналаны әп-сәтте азан-қазан етті. Қырда доп қуалап жүрген ауыл балалары бейтаныс үнді бір уақ абдырай тыңдап, малды тиеп келген көлік тұрған өзен жиегіндегі шағын жарқабаққа қарай топырлай шаба жөнелді.
− Балам, бас жіпке ие бол. Жұлып кетпесін. Түйе, жарықтық, боздайды деуші еді, мына неменің аузынан көбік шашып ақыруы жаман ғой. Қазір... − деп Исабек ұлы Құдиярға көмекке ұмтылды. − Шошып тұрған жануарды анау шауып келе жатқан балдар онан бетер үркітетін болды-ау... Әй, жүгірмеңдер... әрегерек тұрыңдар, түк көрмегендей, түге... − Исабек жақын келіп қалған балаларға күңкілдей сөйлеп жүріп, шаужайға жармасты. Атан түйе айналасы жап-жасыл беймәлім өңірге аяқ басқысы жоқ. Қара күшке салып, айдалаға лағып кеткеннің реті келмейтін сыңайлы. Сайын далада емін-еркін күн кешкен сары атан үшін қара жерге төрт тұяқты қадап, қарсылық жасағаннан артық амал жоқ дерсің. Өзіне дес бермей, аяқ-қолы ербеңдеп жүрген мына пенделердің түпкі ойында не барын кім білсін?!. Сары атан бүйда жіпке ырық бермей, жұлқынып жатқанымен, баданадай мөлдір көздерімен төңіректі шалып та үлгерген. Дәл қасында өркеш-өркеш бір дәу қозғалыссыз жатыр. Бір өркеш, қос өркеш, түрлі өркештер аспанмен таласқандай. Тым қорқынышты. Туылғалы көзшалымы көкжиекпен астасып жататын сардаладан өзге ештеме көрмеген атанға қаракүрең тау сұлбасы шынында да шошырлықтай еді. Екі аяқтыға ғой көзі де, өзі де үйренген. Ал, мына міз бақпай жатқан бұдыр-бұдыр божбан қара дәу мен көк майсаға бөгіп түрленген дөң-жоталарды ботакөзін ашқалы тұңғыш рет көруі. Содан тапырақтап қадам баспай, пенденің дегеніне көнгісі келмей, мінез танытып тұрғаны. Байқаса, шылбырға жармасқандардан келіп-кетер қауіп жоқ секілді. Үрей шақырған қара дәу де тып-тыныш. Сары атан сабасына түсейін деді. Майда қадаммен жетекке көнген сыңай танытты. Бірақ оқтын-оқтын ақыруын тоқтатпады. Енді жетек соңынан үдере ерген бала-шағадан өзге, есік алдында жүрген үлкендер жағы да, кейде-кейде шыққан бейтаныс боздауға құлақ түріп, елеңдесті. Ауылдың тастақ жолымен кібіртіктей басып келе жатқан әйдік түйеге көз тігіп, таңырқасты. Қазақы қызығушылық жанды қойсын ба, қолы бос ауылдастың біразы, лезде-ақ, Исекеңнің шағын әулісіне жиналып қалды.
− Оу, бұл елде жоқ жануар көктен түсті ме, жерден шықты ма? Қайдан келсе де, қожайынын дөп тапқан екен. Өзі де қайдағы жоққа құмар еді, − деп құрдасы Асылбек шаршап-шалдығып үйіне әрең жеткен Исабекті орақ тілімен бір осып өтті.
− Шынында, мына түйе өрісінен адасып жүр ме? Өзі де тым сап-сары екен, − деді Серәлі Исабекке сұраулы кейіпте қарап.
− Е, сонау шөлдегі құда өткен жылы тойға деп атаған. Соны «әкет те, әкет» деген соң... − Исабек сөзінің соңын жұтып қойды.
− Енді бұл неменің тілін білесін бе?!. Әлде шыбықпен шыпқыртып «тұр, жат» деп ит үйреткендей үйретесің бе? Бұларды бағудың да өз тілі, жөні болса керек, ә, − деді Асылбек құрдасынан сыр суыртпақтап.
− Оны қайдам. Құдадан сұрауға ыңғайсыздау болды. «Өк, шөк» деп бірдеме етерміз. Бәрі бір мал ғой.
− Алдына бау-бау жоңышқа салып, шелектеп су бермесең, мына дәуді тойғызу оңай болмаса керек. − Бір шетте түйеден көз алмай тұрған аңғалдау Сабыр күңк етіп, басын шайқады.
− Өй, Қожанасырым-ай, түйе жоңышқа емес, жантақ жейді. Суды он күнде бір-ақ рет ішеді ғой, − деп оны қасында тұрған Сәкен нұқып қалды.
− Жоқ жантақты кайдан табасың біздің ауылдан, сен де білгішсініп... − Сабыр кәдімгідей ренжіп, теріс айналды.
− Сонау ілгері заманда біздің ауылдың үстімен мына Тәшкенге қарай талай керуен өткен екен. Сол кезде жүк артқан түйелер осында Доңызтау өзені жағасында бір түнеп, сосын таң азаннан Қазығұрт белінен асатын, дейтін еді көнекөз қариялар. Ал, арнайы түйе ұстап, оны баққан адам бұл маңайда болған емес. Соған қарағанда Ойсыл ата тұқымы мұнда жерсінбесе керек, − деп ауыл қариясы Андақұл күмәнді ой тастады. Өзгелер атан түйенің қимылын бағып үнсіз қалды.
− Бірер жеті бағып көрейін. Болмаса, соғымға кетер не базарға түсер, − деді Исабек Андекенің сөзіне орай, өз шешімін білдіре.
− Е, сен де айтасың! Соғымың не? Біздің ауылдағылар бұрын жеп көрмеген түйенің етін соғымға алар ма екен?! Тегін үлестірсең, мүмкін, бірлі-жарым мен сияқтылар «досымның қолын қақпайын» деп амалсыз алып, сүйісіне жеуі мүмкін. Ал, ақшаға... әй, қайдам, етің өтпесіне бәс тігем. Онда алда-жалда түйең етке айналып жатса, өтпеген екі жілік менікі. Ал, түгел өтіп кетеді десең, маған жарты жілік жазып қой. − Құрдасы Асылбек сойылмаған түйенің етін саудаға салды.
− Саған бір асым тегін ет жегізгенше, қара да тұр осыдан ерегіскенде бұл түйені жақсылап семіртіп, базарға шығарып, әжептеуір пұл қылам! − Исабек те Асылбектің сөзіне сай жауап қатты.
− Көке, мұны қайда ұстайсыз? − деп қалды Сәкен.
− Қорада, дә, басқа қайда болушы еді?!
− Мына сарайыңызға сыймайды ғой. Басын еңкейтіп өткенімен, өркеші тіреліп қалады-ау...
− Сәкен дұрыс айтады. Мына тапал сарайың қой, ешкіге арналған емес пе? Түйені ашық жерде, биік қоршауда ұстау керек. Соған да кәллаларың жетпейді-ау, әлде ұрлап кетеді деп қорқасың ба? −деп Асылбек және сөзге киілікті.
− Әй, шамаңа қарамай, мал ұрламақ пиғылың бар-ау деймін. Бірақ, мұны қайда жасырмақсың, пәтуасыз неме?! − деп Андақұл ақсақал кеңк-кеңк күлді.
− Асекеңнің өзі жылдан құры қалған түйе секілді баяу ойлайтын болып тұр ғой, шамасы, − Сабыр қасындағы Сәкенге сыбыр етті. Екеуі тарқылдай күлді. Әлденені іші сезген Асылбек:
− Әй, сендер кімді келеке етіп жатсыңдар, ә, − деді оларға секемдене қарап.
− Түйелерді... − деп Сәкен енді ішін баса күлді.
− Түйелері несі?!. Мұнда жалғыз түйе тұр ғой.
− Сенімен екеу болды, дә, − деді Исабек сөздің астарын құрдасына ұқтыра. Көпшілік әжептеуір күлкіге көмілді. − Өзіңе де обал жоқ. Жастардың мазағына айналғанша, тіліңе ие болмай... Ал, мен өз түйемді жайлайын, ана түйеге өздерің ие болыңдар. − Исабек құрдасы жақты иегімен нұсқап, түйені қора-қопсының бір шетіне жайғастыруға бет алды. Күлкілерін езуден жимаған қалпы ауылдастары үйді-үйіне тарай бастады.

* * *


«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, ертеңіне азанда ауыл іші азан-қазан болды да қалды. Ертелеп, Шолпан туа Исабек түйесін жайып алайын деп ауыл сыртына шығарған. Әдетте, бұл сазға өріске кететін мал жиналады. Әркім падаға қосар ірі қарасын, қой-ешкісін осында айдап келеді. Исабектен де ертерек, таң сыз бере тұрған екі-үш қария малын қайырып, бұлақ басында жүр екен. Ирек-ирек боп тербеле басып келе жатқан атанды көре сала жердің шүйгінін бырт-бырт үзіп жүрген біраз мал бастарын қақшита көтеріп, түйеге үрке қарады. Сосын жан-жаққа оқалақ тигендей, тырақайлап қаша жөнелді. Бірі мөңіреп, енді біреуі маңырап, шашырай бастаған малына ие бола алмай қалған қариялар да қарап тұрмай, мал соңынан елпектеп, айғайға басты. Оған ауыл-үй иттері үн қосты. Ұйқысын қимай жатқан ағайынның ұйқысы шәйдәй ашылып, есіней далаға шықты. Не керек, тау бөктеріндегі шағын ауыл ертеңнен дүрлікті де қалды. Балпаңдаған атанның ештемемен ісі жоқ. Жетекке ерген бейғам қалпы. Исабек іштей ыңғайсызданды. «Қап, мына көкемдер сөйлейтін болды-ау» деп ойлап үлгерген жоқ, жақын қоңсысы Бектен дүрсе қоя берді:
− О-у-у, Исеке, мына жаратылысы бөлек сұрықсыз немені қайдан тапқансың?! Қарап тұрып, алдымызда жүрген малға ие бола алмай қалдық қой. Енді бала-шаға тұрғанша, оларды кім қайыра үйіріп әкеледі, ә?!. Аулағырақ кетпесең, мына сазға енді ауыл падасының жинала қоюы неғайбыл...Адам деген қолға үйренген әрі жерсінген малын ұстауы керек шығар... Үлкендер жағы үндемесе, сен ертең сонау Априкадан піл ме, кірәкәділ ме әкеп бағарсың... О несі ей бүкіл малды шулатып... − Бектен көрші Исабектің дәл жанына келгенше, талай сөз айтып тастады.
− Бақсақ бағармыз. − Исабек тызаң ете қалды. − Ертең есік алдындағы дәу арықты бітеймін де қолтырауын жіберемін. Сіз айтпай-ақ, тапсырыс беріп қойғанмын. Ит орнына жақсы дейді. Асылбек сияқтылардың кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ болады сосын, − деп әңгіме ауанына қарай құйтұрқы әзілге басты.
− Қолтырауын деген не пәле тағы...
− Ол− кірәкәділдің қазақшасы.
− О, Тоба! «Естімеген елде көп» деген, − деп Бектен Исабектің сәлемін алып, амандасты. Екеуара аз-маз әңгімелен соң, Исабек атанды жетектеп, Төске қарай беттеді. Мүмкіндігінше ауылдан аулақ кетуге тырысты. «Үнемі бұлай бола берсе, ауыл малы бұған үйрене қоймас. Бір жағы сыңары да жоқ. Жападан жалғыз жануарға өзі тектес серік те керек-ау.» Түрлі ойға батып келе жатқан Исабекті кері тартыншақтаған атанның оқыс қылығы сергітіп жіберді. Ала арқаннан айырылмастай, мығым ұстаған Исабек түйенің мөлдіреген ботакөзіне қарап:
− Не болды, жануарым?! Таулы жерді жатсынып тұрмысың, әлде үйіріңді, тойыс... табыныңды іздеп тұрсың ба?!. Мал түгілі адам да, кейде ағайыннан адасып қалады емес пе?! Бірақ, ол қайбір жақсылық дейсің?! Ондайлар өмір бойы ішқұса боп өтеді, дейді ғой. Ал, түлік етіп жаратқан малды қайдам?!. − деді. Осы сөзді күткендей, атан бар дауысымен ышқына боздап қоя берді. Исабектің сай-сүйегі сырқырады. Осы сәтте Сасықбұлақ сайынан көтерілген Бектұр қария Исабектің қасынан табыла қалды. Ол кісі әу баста үлкен қаладан оқу іздеп, кейін жұмыс деп түрлі сылтаулармен қара шаңырағына бес жылдан бері оралмай жүрген жалғыз ұлын аңсап, үйге сыймай жол тосып, үнемі төңіректі адақтап, тау мен даланы кезіп жүретін-ді.
− Е, киелі жануар-ай! Жерсінбей тұр-ау, сірә... Мал екеш мал да, туған жерін, өскен ортасын іздеп боздап жатыр ғой... Ал, менің пәлен жылда әрең деп құдайдан тілеп алған көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз перзентім бес жыл, үш ай, он бес күннен бері ауылға, әке-шешесіне соқпады... Ел-жұрттан ұят... қызталақ неме, ешкімді де... мені... күнде жанарынан жас құрғамайтын шешесін сағынбайды-ау, шамасы... Мақұл, бізді іздемесін, жағдайын жасар бір шүйкебасты тапқан шығар... Оу, кіндік қаны тамған жері, өскен ұясы түсіне кірмей ме екен, ә?!. − Бектұр қария өз-өзінен дабырлай сөйлеп, әнтек теріс айналып, жөніне жүре берді.
Ортасын іздеген атан тауды күңіренте боздауын үдете түсті. Оның жоқтауына Өгем тау сілемдері де ортақтасқандай, тұнжырап, түнере түскендей болды. Жан дүниеңді шымырлатып, тұла бойыңды тітіркенткен ащы да зарлы үн тау ішін кезіп кетті...

* * *


Мал базардың жексенбіде жұмыс істейтін болғандықтан, елең-алаңнан ел көзіне түспей, түйесін мал базарға алып кеткен Исабек күн арқан бойы көтерілгенде, атанды жетектеп қайта оралды. Оның шаршаңқы жүзін көрген көршісі Сапарбай:
− О, Исеке, ертелеп түйе жайып келдіңіз бе? − деді.
− Е, қайдан!.. Екі күннен бері бұл киелі жануардың толассыз боздағанына жаным шыдамай базарға алып барғам...
− Иә, сосын...
− Мал базарда айғай-шудың астында қалдым. Түйе көрмеген таудың ірілі-ұсақ малы базарда үркектей үрпиісіп, бәрін әбігерге түсірді. Сосын, делдалдардың бірі: «Көке, түйеңіздің ішке кіргізбей-ақ қойыңыз. Бәрібір өтпейді, бос әуре боласыз,» −деді. «Неге?» − деймін. «Мұнда түйе көрмеген тау қазағы, ол жануардың қадірін білер ой қазағы бұл базарға келмейді,» − деді ол ыржалаңдап. Сол кезде базар бастығы келе қалмасы бар емес пе?! Ол салған жерден: «Байеке, он мың теңге төлесеңіз де, базарға кірмейсіз. Айтқаным айтқан. Сонау Созақтың мал базарына барыңыз. Саудаңыз да жүреді, базаршылар да даурықпайды,» − деді. Сосын қолды бір сілтеп, амалсыз қайттым. Бес-алты шақырым жердің өзі діңкелетіп-ақ тастады.
− Базарда түйенің нарқы қанша болып жатыр екен, естімедіңіз бе?
− Оны сөз қылып жатқан ешкім жоқ. Делдалдардан сұрасам, бірі: «Көке, біз қой сатамыз, түйеңізді қайдам,» − десе, бірі иығын қиқаң еткізеді.
− Оны орағыта сұрап жатқаным, маған тойға апаратын ірі мал керек болып тұр. Білесіз ғой, анау шөлдегі құда ұлын үйлендірген. Соған бір жылқы апарсам деген ой бар еді. Әрі біздің тау жылқылары ыстық жерде қиналып қала ма деп те ойлаймын.
− Онда осы түйені ала ғой. Атаған пұлыңды берерсің. Жарықтық жануар өзінің үйренген жеріне барсын. Менің де көңілім тынышыр. Сен сауабын аларсың.
− Мақұл. Көнсеңіз құнан алам ба деп атаған жеті мың теңге дайын.
− Әй, құнан мен атан тең келмес, сірә. Тағы бір мың қоссаң, дұрыс болар, бәлкім.
− Бопты, көке. Бар береке, қолыңызды әкеліңіз! Ақшаңызды қазір-ақ әкеп беремін, − екеуі сол бағаға тоқтап, қол алысты.
− Міне, шылбыр қолыңа, түйе әне. Жетекте де, кете бер. Тек бас жіпті қайта әкеп берсең болғаны. Ырым ғой.
Сөйтіп, екі күннен соң, атан өзінің туып өскен шөл даласына жол тартты. Бес күннен кейін Исабек ол түйенің құны қырық мыңнан кем емес екенін естіді. Бірақ бес есе арзан бергеніне өкінбеді. «Бұйырғаны сол болар, сірә,» − деді, «қап-ай, ә, тым арзан кетіпті,» − деуші ауылдастарына жылы жымия.
«Ең бастысы киелі жануар өзінің өскен ортасына оралды. Менің де көңілім орнына түсті». Бұл оның ешкімге естіртпей айтқан ішкі ойы еді...