Туындылары


ҚАРАУЫЛ (әңгіме)


- Ық... ықы! Ой, кәрі мәстек, үш шақырым жерді үш сағат жүретін болдың ғой... «Есек мінгеннің аяғы тынбас» деуші еді, бүйіріңнен тебе-тебе қара сандарым да талып болды... – Айдаладағы сай ішінде орналасқан қора-жайдан шығып, ауылға қарай өрлеп келе жатқан Қанапия өзінен-өзі күбірлеп, астындағы қара есегімен сөйлесіп әуре. – Тайқар кезіңде-ақ тақымға жарап ел-жұрттың көзіне түсіп ең. Ал, арқырап тұрған әңгі кезіңде ғой талай-талай қылық шығарып, ит сияқты шынжырлап ұстауға тура келген. Бүгінде ұрпағың ауыл-ауылда өріп жүрген шығар, салпаң құлақ неме! – Қанапия әлдене есіне түскендей мырс ете қалды.
- Енді, міне, дәуренің өткендей мимырт күйде қисалаңдап, алға басқың келмейді... Жұрттың шаруасы күйіп бара жатқанымен ісің жоқ... Немене мен еріккен соң ауылға бара жатыр деймісің?!. «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті» деген. Қатын айтты бітті, қаласақ та, қаламасақ та, сен де, мен де томпаңдай жөнелуіміз керек... Сенің мына жүрісіңнен әлі-ақ «ауылға барсаң не жының бар осы кешке, дейін қаңғитын» деп сөз де еститін шығармыз. Аман болсақ... – Қанапия аяғы ішінген үзеңгілермен қара есекті бүйірден тағы бір ыңқ еткізіп, қолындағы шолақ қамшымен бөкседен салып қалды. - Әй, менікі де бос әурешілік-ау. «Есекті қанша ұрсақ та, ат болмас» деп бұрынғылар босқа айтпаған. Сосын да қазекемнің, есекті барға санаса да, малға санамағаны. Сөйтеді де, «есек мінген ат сұрамайды» деп астарлай мысқылдап қоятынын қайтерсің?! – Ол тағы да өз ойын жымиды. – Дегенмен «ергежейліге есектен биік көлік жоқ» деген де бар. – Қанапия өз сөзінен әнтек қысылып, жан-жағына ұрлана қарап қойды. Сосын «көкек өз атын өзі шақырар» деп көңіл түкпірінен бір намысты ой қылаң берді. Қанапияның тұрқына қарап құрдастары кейде «өй, бір тұтам боп быртиған талпақ танауым-ай» деп те қалжыңдасып қоятыны бар-ды. Пәкене бойлы, шегір көз, жалпақ мұрын, жирек мұрты Қанапияның адам қызығар, әсіресе, қыздар жағы сүйсіне көз салатын тал бойындағы жалғыз ғана нәрсесі – шашы еді. Сол майда толқынданған анау-мынау тарақ батпас қоп-қою қап-қара шаш та тап қазір селеу тартқан. Қарасынан ағы көбейген. Әлдекім мұның сол жігіт шақтағы керемет шашын жоқтай бастаса, «кезінде қыздардың көзі тиген, дә» деп ыржиып қана қояды. Басқа не десін! Қу тіршілік, күйкі тірлік ен-таңбасын салмай қойсын ба?!. Пешенесіне жазған қай тауқыметін айтып тауыссын... Бүгінде бұл да астындағы қара мәстегі секілді әбден титықтап шаршаған сыңайлы. Қолдың қысқалығынан құдай берген бес-алты перзентін мектептен әрі оқытуға шама жоқ. Ержеткен екі ұлы қала жақта базар жағалап, нәпақа тауып жүр. Өзгелері салпаңдап сөмке сүйреп, ауыл мектебіне күнде болмаса да, күн ара барып қайтады.
Қырдың қия жолында бір жүріп, бір тұрып селқос келе жатқан қара есегіне ұрысумен болған Қанапия тап қарсы алдына бүйірлей тасыраңдап жетіп қалған аттылы адамды байқамай да қалыпты.
- Оу, Қанеке, ассалаумағалейкум! – деген дауыстан селк ете қалды. Қырық жыл бұрынғы сыныптасы екен.
- Әлекс.с.... – деді шаршаңқы кейіпте сәлемін еріне алып.
- Жолы болар жігіттің... – Қанапия оған одырая қарады. – Кім еді, әлгі, иә... досы шығар алдынан деген, - Сыныптас Рысбай Қанапияның ығына жығыла сөз бастады. – Сонау тереңнен шаршап-шалдығып қырға да шығып қалыпсың, Қанеке. Қара тұлпарыңды бір суытып алмайсың ба?! – Рысбай өз тапқырлығына өзі риза болғандай рахаттана күліп алды. «Ыржақай неме!» Қанапия оның бұл сөзін мысқылға балап, жақтырмай қалды. Сонда да сыр бермей:
- «Түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінеді». Аты жоқ адамға қара есек тұлпар емей немене?! Суытсам суытармын... Өзің бір мол дастархан жайып күтіп алардай ірі сөйлейсің ғой, тіпті, - деді.
- Қоржынның бауын ағытсақ, түбінен екеумізге қажетті бірдеме қолға ілігіп қалар. Өзіңе жолығуға әдейі шыққан едім... Әнебір долананың көлеңкесіне тізе бүгейік. – Бірі атын тұсап, бірі есегін бұтаға байлап, үлкен қызыл долананың түбіне жете жығылды.
- Кәне, Қанеке, астыңа құрақ көрпешені төсеп жіберейін. Ал мына газетті дастархан етейік, - деп Рысбай көтере келген тоқыма қоржынын ақтара бастады. Қолына іліккенін газеттің үстіне қойып жатыр.
- Мәс-саған!... Мынау бір майөпкі болайын деп тұр ғой. – Қанапия құйрық май мен кесек етті, түрлі көкөністерді көріп, бір жұтынып қойды. Рысбай қоржыннан бір шөлмек арақты шығарғанда , тіпті, көзі жайнап, жирек мұрты жыбырлап кетті. Екі алақанын ысқылап, малдас құра жайғасып отырды. Сосын Рысбайдың асықпай кербездене майпаздап дастархан жасағанына шыдамы жетпей, жанқалтасынан анда-санда бір шығатын, жану көрмей жүзі де майырылып кеткен міштарын алып, кесек етті қидалай бастады. Әдемілеп-ақ турамақ еді, оған бәкісі құрғыр әжептәуір мұқалып қалыпты. Есесіне құйрық майды жұқалап тез-ақ кесті. Рысбай екі кішкене стақанға шүпілдете арақ құйды.
- Ал, Қанеке, кездескеніміз үшін! Бұл жалғанда кездесіп жүргенге не жетсін! – Екеуі стақандағы мөлдірді төгіп алмайық дегендей, ақырын ғана соғыстырып, көздерін тарс жұмып, тартып жіберді. Рысбай және шүпілдете құйды.
- Енді денсаулық үшін алайық. Бұл дүниеде аман-есен, ауырмай-сырқамай, домаланып жүргенге не жетсін! Ал, дабай! – Екеуі тағы да жәй ғана қағыстырып, ішіп қойды. Рысбай шүпілдете және толтырды.
- Е-е.. біз алқаш емеспіз ғой... сіміріп емес сіңіріп ішейік тә... Былай... әдемі кәйіп болып... күн әлі ерте. – Қанапияға шишадағы арақ тез таусылып қалатындай көрінді.
- Төбе басында күнде кездесіп жүрген жоқпыз. Нешауа, ала қоржынның екі басы бар ғой. Ары-бері ауып кетпесін деп, екінші жағына да бірдеме салған болуым керек. Ха-ха-ха... - Рысбай рахаттана күліп алды.
- Ер кезегі үшке дейін. – Ол кішкене стақанды баппен қолына алып, сөзін сабақтады. – Баяғының қырлы стақандары-ай десейші!.. Бір бөтелкіні қылдай ғып екіге бөлесің де, дем алмай тартып жіберіп, жұдырықты бір иіскеп жөніңе кете-е барасың. Бүгінде арақ та әлсіреп, стақан да кішірейіп кетті. Әйтеуір ұсақталып бара жатқан дүние... адамдар да... е-е... жарайды... енді сыйласым үшін... Бұ жалғанда тек сыйласым., жақсы сөз қымбат дейді ғой. Мал-мүлкің, жиған-тергенің , бала-шағаң... бәрі қалады... Қой, әйтеуір, артымыздан жақсы сөз еріп, қалған ғұмырда бұдан да қатты... сыйласып, шәй деспей өтейік. Ал, тарт!..
- Әй, Рысбай... мына тосың адамның нәстіренесін түсіріп жіберді ғой... Былай... ойнап-күліп жүре берейік демейсің бе?! Қай-қайдағыны... осылай күшті ішіп отырғанда қозғап... – Қанапия Рысбайды түзеп қойды.
- Жарайды, дабай, сыйластық үшін! – Екеуі тағы тартты. Олар бір пәс үнсіз қалып, дастарханға бас қойды.
- Осы сен, Қанеке, қалқоздың кезіндегі қыстауын жақсы жайлап қалдың. Заман өзгерген соң, екі қолымыз қалтамызға симай, біз жүрміз. Шағын қора-қопсыға көп мал сидыра алмайсың. Тұрақты жұмыс жоқ болғаннан кейін, қораңдағы мал да көбеймейді екен. Күнделікті қант-шайсыз отыра алмайсың, бала-шағаны қалай аш қоярсың. Олардың киім-кешегі тағы бар. Түсіп тұрған табыс жоқ. Кейде кәдімгідей көңілің жабырқап қалады, - деп Рысбай бір жамбастай жатып әңгіме бастады. – Күнің түсіп тұрған кезде малың да өспейтін сияқты көрінеді. Әңгіменің ашығы, ұрғашы танам бар еді, соны туатын құнажынға айырбастап бер, көмегің болсын. Отыз шақты қара мал бағып отырғаныңды білемін.
- Е, ол кісінің малы ғой. Әрі мен тек қарауылмын. Малды бойдақ қайыным бағады. Менің малда шаруам жоқ, - деді Қанапия.
- Білем. Жер де, қора-жай да, мал да сол қыстауды сатып алған қаладағы қалталы кісінікі екенін. Сенің де тек қарауыл боп жүргеніңнен де хабардармын. Ал, сол шонжар малының санын білсе де рахмет дерсің. Тана ма, құнажын әлде дөнежін, туа ма, жоқ па, онан мақұрым шығар, сірә?! – Рысбай оған барлай қарады.
- Дұрыс айтасың. Санынан басқадан бейхабар. Ақшасы қалтасына симаған соң, ала салған. «Енді егін екпеймін. Көлденең ақшаны малға жұмсаймын. Қанша шөп, жем керегін айтасыңдар. Дұрыстап қарасаңдар ренжітпеймін» деген. Мен жәй қарауылмын, маған бәрібір... Бақташы қайным... Сөйлесіп көруге болады... Тағы бір құйып жібер. – Рысбай бөтелке түбіндегін бөліп құйды да, екінші шөлмекті ашып қойды. Сөйтіп, сөзін жалғады.
- Міне, менің де айтпағым сол, сөйлесіп көр. Әрине, екі малдың айырымын базардағыдай болмаса да, көңіл қалдырмайтындай етіп төлермін. Маған туатын мал керек. Сен бір оқпен екі қоян аласың. Малдың басы аман болады, әрі нан пұл табасың.
- Мұның жөн ақыл екен... Жалпы қожайынның малға көшкені дұрыс болды. «Сиырлар туса, сауып ішерсің, құрт, май, кілегей өздеріңде болады. Біз келгенде ауыз тиерміз. Қайда деп сұрамаймыз» деген. Алдын үш жыл бойы әр нәрсе егіп, есті шығарды ғой. Маған келіп-кетері не? Қарауылдың айлығын беріп тұр. Бірақ, өзі қып-қызыл шығынға батты. Еш пайда көрмеді.
- Иә, шет жағасынан естігенмін. Ауылдың үйде отырған қатын-қалаштары да азын-аулақ пұл тауып мәз болды емес пе?! Мынаны алып жіберейік... Ары қарай айта бер.
- Ол бірінші жылы ғой, пияз еккенде. Ол өзі қызық болды. Қыстауды төңіректегі жер, суымен сатып алған соң, қожайын бір кәрісті ертіп келіп, көрсетіп, өзара ұзақ әңгімелескен соң, «пияз егетін болдым», деді. Маған не, жәй қарауылмын. «Тек жүрсең, тоқ жүресің», дейді ғой. Бірақ, «сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» емес пе?! «Тәуір табыс болса, мен де құралақан қалмаспын» деген арам ой да кейде қылаң беріп қалары өтірік емес. Не керек, көп шығын жұмсалып, пияз егілді. Қожайын қайта-қайта есептеп, «құдай қаласа, сексен тонна пияз аламын» деп қояды. Сөйтіп жүргенде шын, өтірігін құдайым білсін, әлгі кәрісі ауырдым деп, тіпті келмей қойды. Қожайын ауылдың екі-үш жігітін жалдап, егінді суарып, бос келіншектерге күнделікті ақысын төлеп шөптетіп жүрді. Кейде «қап, енді сексен емес, қырық тонна өнім алатын шығармын» деп қояды. Кейін, жинар кезде шөбі қайсы, пиязы қайсы ажыратып болмады. Қожайыны тағы да адам жалдап жүріп, «жиырма бем тонна пияз жисам, жаман болмас» деп қояды. Не керек, он бес тонна пияз әрең жиналды. Жұмыс істегендер де, «істемегендер тістемейді» деп бос қайтпасы белгілі. Бірден сатып жіберуге, қырсыққанда, пияз базарда сәпсім арзандап кетті. Қожайын ары-бері санап «пиязды қымбаттағанда сатпасам, қазір қатты ұтылады екенмін, кеткен шығынның жартысын да жаппай тұр» деген соң қораға жиып, жауып тастадық. Біраз уақыт өтті. Пияздың қымбаттайтын түрі жоқ сияқты. Өйткені, «пияздың бағасы өссе, келемін», деген қожайыннан хабар жоқ. Бір күні қорадағы пияздың бәрі көктеп, тіпті, кейбір ұзарған көк сабақтары қораның төбесіне жетіпті. Шошып кеттім. Қожайынға хабарласып: «көке, пиязыңызды көріп кетіңізші» дедім. Тез келді. Сөйтті де, ауылдың қыз-келіншектерін жиып, үй-үйден электр пештерін алдыртты. Өзі де біразын алып келіпті. Мен аң-таң боп, оның айтқандарын істеп жүрдім. Маған не, жәй қарауылмын... Сөйтсем, бір кәріс танысы «көктеген пияздың басы-аяғын кесіп, мұртшасын ыстыққа күйдіру керек. Сонда ол көктемейді» деген екен. Жұмыссыз отырғандарға не, ақшасын төлесе болды ғой. Бір жетіде ме, әйтеуір, пиязды сұрыптап, қайта жидық. Екі-үш тонна бұзылғаны сайға кетті. Қожайын тағы біраз шығынданды. Арада бірер ай өткенде қора жақтан өлексенің иісі сияқты бір жаман иіс шығады. Қарасам, пияз және көктей бастапты. Әрі иіс содан шығатындай. Қожайынға хабарласып: «көке, пиязыңызды көріп кетіңізші» дедім тағы. Ол «не болды?» деді. Мен көргенімді айттым. Ол ашуланып «сайға төгіп тастаңдар. Ақыларыңды беремін» деді. Айтқанын істедік. Маған не, мен қарауылмын... Содан көктемде пияз төккен жерден мұрнымызды басып өтетін болдық. «Әрегерек төкпей» деп қатын да қуырып алады оқтын-оқтын. Не керек, сол сай жаз бойы сасып жатты ғой.
- Қайран, желге ұшқан ақша десейші! – деп Рысбай бөтелкеге қол созып, құйып қойды.
- Бірақ оған қайғырған қожайын болмады. Екінші жылы «не дейсің, қиярдан түсер пайда қырғын екен» деп есітіп, бәдірен ектік қой... Сәл тамақ жібітіп алайық. Сосын оның қызығын айтамын, - деді Қанапия стақанға мөлиген қалпы. Екеуі екі дүркін тост көтерді. Тіске басар азая бастағанын көрген Рысбай ала қоржынын ақтарып, қалған-құтқан көкөністерді шығарып қойды.
- Тұқымды қожайын шет елден алдырды. Әлдекім мақтауын жеткізсе керек. Ұрық қылтиып шыққаннан ауылдың екі жігітін мұрап етіп алып, маған «ауылдың малы таптап кетпесін. Жөндеп қара. Қосымша ақы төлеймін» деді. Шынында бәдіреннің өнімі мол болды. Үйреніп қалған ауылдың қыз-келіншектері еңбек ақысын күнбе-күн алған соң, алғашында тәп-тәуір теріп жүрді. Мол өнім енді қожайынды састырайын деді. Онан өзге де диқандар көп қой. Өткізу жағы қиындай бастаса керек. Бұрынғыдай күнара емес, төрт-бес кұнде бір рет өнім жинай бастадық. Бұл кезде үлкейген қиярлар сарғая бастайды. Ондайды термей, амал жоқ қалдыру керек. Бір күні қожайын аяқ астынан тығыз іс-сапармен шет елге кетті де қалды. Терімші әйелдер де ары-бері қарайлап, келуін тоқтатты. Ауық-ауық ауыл балалары бақшаны адақтап, қойын-қонышын толтырып әкетеді. Басында айғайлап, қуалаушы едім. Қанша дегенмен қарауылмын ғой. Кейін қойдым. Бүкіл ауыл бәдіренге қарық. Олар да сарғайғанын алмайды. Қожайыннан хабар жоқ. Бірде базарға кетсем, әрине қияр алып, мен келгенше ауылдың бүкіл қара малы бақшада жатыр. Сосын, енді болары болды деп, мен де бақшаға түскен онша-мұнша малды айдамайтын болдым. Бірде есік алдына шықсам, ауылдың падасы бүкіл бақшаны таптап өтіп барады. Қарасан келгірлер, теңкиіп-теңкиіп жатқан сап-сары қиярларға мойын созып қарамайды да. «Е, сиыр екеш сиыр да бәдіренге әбден тойған екен ғой деп, ойладым сосын. Кейін қожайын келді. «Бұл құрғырды өткізу қиын екен. Тез солып қалады. Кеткен тұқымның пұлын әрең дегенде қайтардым ғой», деді ол онша қынжылмай. «Қиярдың қызығын көрген ауылдың бүкіл адамдары мен малдары Сізге риза» дедім мен де қарап тұрмай. «Келесі жылы жүгері егеміз» деді ол жымиып.
- Жүгері егердің алдында бір нетіп алайық, - деп Рысбай қуақылана күлді. - Ол кісінің тірлігіне қарағанда «шайнаған бұйырған емес, жұтқан бұйырған» болып тұр ғой. Бүкіл ауыл бақшаны өзі еккендей пайдаланады екен, дә. Бір ауылға бір қалталы керек-ақ, ха-ха-ха. Сол мырзаның денсаулығы үшін де бір стақан тартып қойсақ. – Екеуі стақан қағыстырды. Бастапқы қарқын жоқ. Стақан түбінде бір жұтымнан қалдыра бастады.
- Сөйтіп, көктем шыға жүрегі себілді. Оған онша көп күтім қажет емес екен. Екі сушы, бір қарауыл бітік жүгері өсірдік. Жақсы дәріленген жүгері бойы екі метрге жуықтап, жап-жақсыл боп көз жауын алды. Собығы да ірі еді. Қожайын да риза. «Жүгері дәні қымбат екен» дейді сөз арасында. Собық жинайтын кезге де жеттік. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, нағыз қызық осы сәтте болды. Жүгері жинайтын арнайы комбайн келген. Іске кірісер алдын комбайншы жүйектерді аралап кеткен. Кенет ол жанұшыра жүгіріп келіп «собық жоқ» дейді. Біз аң-таңбыз. Жүйектің басында, сосын соңында собық бар, ал ортасындағының бәрі жұлынған. Қожайын маған қарайды, мен оған. Үнсізбіз. Солай тарқастық. Кейін білсем, ауыл балалары бір-бір есек мініп, оған қоржын салып, жүйек-жүйекке түседі екен де, екі жақтан жүгері жинай береді екен. Мен басы, аяғын қараймын, дін аман. Сөйтіп, ауылға тағы да жем болдық. Қожайын мені қуайын десе, қыстауда менен басқа кім отырады? Әрі, менімен жүгеріге жауап бересің деп келісім шарт түзбеген. Мен тек қыстаудың ғана қарауылымын. Сосын қожайын қолды бір сілтеп «жерді өзің пайдалана бер Қажетіңді егіп ал. Мен енді малмен айналысамын» деп, биыл әзірге отыз шақты ірі қараны әкелген. Әлі біраз мал әкелмек. Құдай қаласа, жұмыс көбейейін деп тұр. – Қанапия маңғаздана қалды.
- Біз далада жүріп малдың басын құрай алмаймыз. Ал, қаладағы пысақайлардың бір қолы қалада табыс табады, бір қолы далада мал бағады. Соларға «ақшаны белің ауырмай, балтырың сыздамай қалай табасың» дейтін ешкім жоқ-ау, ә?! «Заманы бөлектің амалы бөлек» болды ғой қазір. «Ешкім ешкімнен қорықпайды, қажет кезінде ақшамен мәселені шеше қояды», дейді қаладағы бір інім. Сосын ақша алған да, ақша берген де бірін-бірі танымайтындай жүре береді екен. «Ағам алғанша, жеңгем жегенше». Біз ғой, кеңпейіл. Бір рет бірге жүз грамм ішкен адамды ұмытпай, қайта көрсек, қырық жыл көріспеген туысқандай құшақтасып, бетінен шөпілдете сүйіп, ыржалақтап және бір жарты қоямыз. Сосын ақша таппай, қора жағалап, қайсы тоқтыны, қай шыбышты сатып жіберсем деп, басың қатып жүреді. Міне, мен де алдыңа танамды туар құнажынға айырбастап бер деп, еріккеннен келіп отыр деймісің?! Тезірек көбейсін деймін. Жұмыс істей қояйын десем, жеңіл-желпі жұмыс жоқ. Кетпен шауып, жер қазар ауыр жұмыстан шығып қалыппыз. Тіпті, көңілің де соқпайды. Әбден жалқау боп алдық. Сенікі сияқты күшті қызмет табу қиын. Қалада да ақырандық жұмыс көбейіпті. Құрғырлар, негізінен, жастарды алады екен. Үлкен кісілерге есік күзететін іс табылады. Бірақ, жалақысы мардымсыз дейді. – Бағанылы бері Қанапияның әңгімесін ынты-шынтысымен тыңдаған Рысбай көңіліне қаяу түскендей, ішке жиылған өкпе-назы, арман-тілегінің шет жағасын сыртқа шығарды. Қанапия да қыстау өзінің жеке меншігі емес екені, мал-мүліктің қожасы бары есіне түскендей мұңайып кетті.
- Е, Рысбай, ауылда жетісіп жүрген біреу бар дейсің бе? Қаладағы ақырандықтың сұрауы бар. Менікі не, ешнәрсеге басыммен жауап бермеймін. Соған жаман үйрендім. Барлық жауапкершіліктен қашам, басқасын былай қойғанда, бала-шағамның алдындағы жауапкершіліктен де. Мұны өзім ғана білемін. Өзгеге тіс жарып айтуға қорқам. Қалқиып жүрген, қолымнан іс келмейтін біреумін... Сен маған қызықпа. Мен қара басыма, яғни өз-өзіме ғана қарауылмын.. Солай... өзімді-өзім аман-есен бағып жүрсем болғаны... Неге бұлай болып кеттім?!. Түсінбеймін... Ал сенің танаңды жақында туар бір ірі қараға міндетті түрде алмастырып беремін... Оған қам жеме, ертең алып кел танаңды. Өмірдің бар мәні малға тіреліп тұрса... Ал, дабай, сол үшін, тана үшін құй... – Қанапияның жалпақ танауы делдиіп, жирен мұртты жыбырлап, екіленіп кетті.
... Екеуі ымырт үйірілгенше төбе басынан түспеді. Бәлкім, сонда түнеп қалған да болар...