Туындылары
ЕҢ ҰЗАҚ ТҮН (әңгіме)
Сол жылдың ызғарлы желтоқсан айында жастардың билікке қарсы бас көтеруі бодандық бұғауына амалсыз мойынсұнған, бұйығы күн кешкен қазақ даласын дүр сілкінтіп, ғасырлар бойы қол жетпей келе жатқан Тәуелсіздік атты Ұлы Арманға сүрлеу салғанын, алапат толқынға апарар бұлақ көзін ашқанын ол кезде ешкім де, тіпті, жан түршіктірер сол көтерілістің бел ортасында жүрген бұлар да, сезген жоқ еді...
* * *
Мұндай әдемі қысты Қайыргелдінің көрмегеніне көп болғандай. Қоңыр күздің соңын ала басталған қара суықтың ызғары үдеп, кейде-кейде ұлпа қарға ұласып жатты. Қарашаның қысқа күнінде жылт етіп бір сәт қана шуақ шашар күн сәулесі аппақ ұлпаны бірде ерітіп жіберсе, бірде тоңғаққа іліккен ұлпа қара балшыққа араласып, сарыала түске еніп, сұрықсыз күйге түсетін. Екі-үш рет жауған ұлпа қаһарлы қысты, әне-міне есік қағар желтоқсан айын күтпей-ақ ұсақ қиыршық қарға айналып, тәулік бойына толастамай төкті де тұрды. Айнала төңірек кіршіксіз аппақ дүниеге көмілді де қалды. Аспан мен жер тұтасып, бейне бір аппақ пәк әлемді құрағандай, қалыңдығы тізеге жетіп бір-ақ тоқтаған. Қиыршықтан соң, күн көзі ашылып, аспанның жүзін әлдекім ынты-шынтысымен жуғандай тап-таза, көкпеңбек болып, кіршіксіз қар бетінде жылт-жылт еткен өткір сәулелер көз қарықтырды. Күн екіндіге жете сары шұнақ аяз бет шымши бастады. Араға күн салып және қар жауды. Уыты қайтпаған сары аяз қаһарына біржола мінгендей еді.
Қыстың қатулы қабағын сезгендіктен бе, әйтеуір, жайшылықта жемтігін дала төсін тініткілей тауып жейтін қарға-құзғындар да қала жағалай бастаған. Қаланың күнделікті у-шуына олардың көндіккені соншалық күл-қоқыс жәшіктерін жиектеп топ-тобымен күні бойы топырлайды да жатады. Үрку дегенді тіптен ұмытқандай. Ал күн ұясына таяна түнемелікке қала саябағына бет алуы үшін әр-әр жерден қарқылдай көкке көтеріле жиылғанда, бейне бір аппақ әлемге қап-қара дақтар түсірген алапат тылсым құдіреттің жаман хабаршысы іспетті қарлығыңқы қарқылдаған дауыстары бір сәт денені дір еткізер қорқынышты әсерге бөлері хақ. Мұндайда ақ көрпесін біржола қымтаған асқар Алатау да бар сырын ішіне бүгіп, балауса көктемін сағына аңсаған ақсақалдай үнсіз мүлги түседі. Осылай басталған желтоқсан бет қаратпас қытымыр мінезіне басқан еді.
Орталық алаңдағы бүкіл Кеңестер одағын елең еткізген кешегі ереуілден соң, үш-төрт күн қаладағы барлық оқу орындарында, тіпті, мектептерде де сабақтар тоқтатылған-ды. Түнде жатақхана бөлмелерін аралап, «Ертең сабақ қайта басталады. Бірде біреуің қалушы болмаңдар. Декан «тексеру қатаң болады» деп ескертті» деген топ старостасының сөзінен кейін Қайыргелді ертерек тұрып, оқу корпусына қарай бет алған. Аяқ астындағы суықпен құрсаулаған қалың қар қадам басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Сары шұнақ аяз бет қариды. Әп-сәтте денесі тоңазыған Қайыргелді «ойпыр-мой, мына суықта түнімен алаңда жүріп қалай қатып қалмағанбыз... көптің ішінде етқызумен байқамағанбыз-ау, ә,» деп ойлады. Бір мезет көз алдына үлкен алаңдағы қалқандармен, арнайы таяқтармен қаруланған, алынбас қамалдай шеп түзеген түрлі әскери киімдегі шен-шекпенділер мен қарапайым халықтың қанжосаға айналған текетіресі елес берді. «Бейшара, қазақ...» деп күбір етті. Ойына «бұл қазақтың орнынан көтерілуі қиын, ал бір көтерілді бар ғой, басылуы онан да қиын, дегеніне жетпей тынбасы анық,» деген алаңдағы әлемдекімнің сәуегейлік сөзі еріксіз оралды. «Иә... бүгінгі дәрістер қалай өтер екен?!» Қайыргелді өз ойын өзі өзге арнаға бұруға тырысты.
Университет қабырғасында қыздардың әдеттегідей әдемі сыңғыр күлкілері мен жігіттердің өзара әзіл-қалжыңдары естілмеді. Ұстаздардың да қабағы салыңқы. Әрбір жанның көңілін қобалжу, қорқыныш пен үрей билеп алғандай. Бәрі томаға тұйық. Көсіле әңгіме айтып жүрген ешкім жоқ. Кейде оңаша бұрыштардан екеуара айтылған күбір-күбір сөздер құлаққа шалынады. Құлықсыз өтіп жатқан екінші дәрістің ортасын ала аудиторияға екі-үш адам суыт кіріп келді. Бір сәт дәрісхана ішін шыбын ызыңы естілер тыныштық жайлады. Студенттердің назары сұңғақ бойлы, ашаң жүзді бейтаныс әскери адамда еді.
- Кешіріңіздер! – деді ол орысшалап. – Маған Демеуов Қайыргелді керек еді. Мүмкін болса, онымен оңаша сөйлесейін деп едім. - Курстастары жапатармағай бұған қараған. Қайыргелді орнынан ақырын көтеріліп, әлгілерге қарай беттеді. Дәлізге шығып, әлдебір ұстаз нұсқаған оңаша бөлмеге кірді. Жүрегі әлденені сезгендей дүрсілдеп, тынысы тарылғандай болды. Санасы шым-шытырық, ойына не келіп, не кетіп жатқаны белгісіз. Ол терең дем алып, ойын жинақтап, өзін еркін ұстауға тырысты.
- Отырыңыз, - деді әлгі әскери жеке қалған сәтті пайдаланып. - Өзара әңгіме түсінікті болуы үшін орыс тілінде сөйлесейік, әрине, сіз қарсы болмасаңыз. – Қайыргелді орындыққа жайғаса бере әскеридің жүзіне барлай қарады. Жап-жас, лейтенант шеніндегі жігіт көп болса, өзінен үш-төрт жас қана үлкендігі бар секілді. «Сыпайы сөзіне қарағанда қызметіне жаңа кіріскен-ау, шамасы» деген ой жылт етті. Өзіне тіке қарап отырған сұраулы жанарына көзі түскенде оның өз сөзіне жауап күтіп отырғанын сезе қойып:
- Жарайды. Маған бәрібір, - деді.
- Онда былай, сіз кешегі желтоқсан қозғалысына қатысыпсыз. Әрі достарыңызды да дүрліктіруге үлес қосқан секілдісіз. Сол төңіректегі мекемелерден соғылған телефондарды тексере келе сіздің бұған қатысыңыз болуы мүмкін деген күдік туып отыр. Дегенмен бізде телефондағы әңгіме айып ретінде тағылмайды. Сонда да болса... - Әскери сөзін бір сәт үзіп, бұған барлай қарады. Айтып отырған сөзінің негізсіз емес екенін Қайыргелді білді. Біле тұра бұлтарып көруге тырысты.
- Иә, сол күні мен бір апайымның ұлын балабақшадан алып, алаң арқылы өткенім рас. Енді... жас баламен... мынадай суықта... алаңда қалай жүрмекпін?! Сөзімді балабақша тәрбиешісі растайды. Мен студентпін... Қайдағы мекеме мені табалдырығын аттатып, жан-жаққа телефон шалдырады. - Қайыргелді алаң маңындағы ағайы жұмыс істейтін мекемеге кіріп, алаңда болып жатқан жағдайды айтып, ары-бері бір-екі телефон шалғаны да шындық еді. Бірақ онысын жасыруға тырысты.
- Біздің мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бәрін бақылауда ұстаған. Әлі де болса, ойланып көріңіз. Басыңыз жас. Болашағыңыз алда... Әлдекімнің сөзіне еріп, жетегіне жүрген шығарсыз дегендей, - Жас офицер тықыртып барады. Ол, тіпті, мұның әке-шеше, туған-туыстарына дейін түгел білетін болып шықты. Анықтама толтыру барысында бұған «шет елде қызмет етіп жатқан әскери дәрігер ағаңызды да жазуды ұмытпаңыз» деп қойды. «Біле тұра несіне сұрап отыр» деп ойлады Қайыргелді. Бірақ алған бетінен қайтпады. Біраз әңгімеден соң:
- Жарайды, жігітім. Мені шен таққан түйсіксіз қазақтың бірі деп ойлама. Мен шенге емес, елге қызмет етіп жүрмін... Ал саған айтарым, мына қағаздағы «ой-пікірі» деген жерге «бұзақылық» деп жазғаның дұрыс болар. Бәрібір болған жайға баға берер мені мен сен емес, – деді.
- Ал егер... – Қайыргелді әлдене айтпақ еді. Ол сөзін бөле:
- Оқудан қуылып, өз тағдырыңа өзің балта шаппақпысың. Өз пікірің өзіңде, ал бұл көп қағаздың бірі ғана... Ақымақ болма... Және бұл іс менің қолыма түскеніне рахмет айт, - деді қатқыл үнмен. Қайыргелді лейтенант қажет деген қағаздарын оның айтуы бойынша толтырып, қол қойып берді.
- Байқа, жігітім. Шен таққанның бәрін жау көрме... Және екеуміздің әңгімеміз тек осы жерде қалсын. Сау бол! – Жас офицер қағаздарын тез-тез жиыстырып, жедел шығып кетті. Қайыргелді отырған орнында біраз уақыт абдырап отырып қалды. «Үш әріптің қолына түссең, біттім де. Істемеген ісіңді істедім деп қалай мойындап қойғаныңды білмей қаласың» деуші еді... Мына жігіт... қанына тартпағанның... иә... жөн сөз-ау...»
* * *
Бүгін Қайыргелдіге қыстың қысқа күні тым ұзарып кеткендей болды. Әлгі жас лейтенантпен өткен оңаша әңгімеден соң, «не болды?» деген сұрақ алдынан кесе-көлденең деп шыға берді. Тіпті бүкіл университет бұған сұраулы пішінде қарайтын сияқты. Бұл «жәй», «әншейін, біреумен шатыстырып», «тыныштық» дегеннен әріге аспады. Деканаттан да «көше кезіп, сандалмай, жатақханада болыңдар. Арнайы тексеру жүргізер оқытушылар кезекшілікте жүр еді» деген қатқыл бұйрық жеткені қашан. Тәртіптен асып қайда барарсың?! «Аш құлақтан тыныш құлақ», «Пәледен машайық та қашыптының» керін киіп, студент атаулы өз бөлмелерінде ұсақ-түйек тірлікпен кеш батырған. Ымырт жабыла сауық-сайраны басталатын қалашық жым-жырт. Әр тараптан жарыса құлақ тұндырар музыка әуендері де бірнеше күннен бері сап тиылған. Көңілі пәс жастар өзара күбір-күбірден аспауға дағдылана бастағандай сүреңсіз кезеңді бастан кешіп жатты.
Кешкі тоғыздан өте әлдекім есік қақты. Бұл кереуетте желтоқсан оқиғасын сан қырынан құбылтып, жарыса жазып жатқан газеттерді амалсыз ақтарып отырған. Бөлмелестерінің бірі барып есік ашты.
- Ой, саламатсыз...
- Иә, саламатсыңдар! Пәле-жаладан амансыңдар ма?!. Қайыргелді бөлмеде ме? – Бұларға әбден таныс болып қалған қалашықтағы тірек пунктінің учаскелік инспекторы Құрымбай ішке сөйлей енді. Жастар жапатармағай сәлемдесті. Қайыргелдінің сәлемін алып тұрып:
- Ой, батырың, оқуың қалай? Жинал... үйдегі жеңгең «қайнымды көп болды көрмедім. Кешкі ауқатқа ала кел,» деп арнайы тапсырма берген. Так что, анау-мынау сылтауыңды тыңдамаймын, - деді жымия.
Екеуі «Көктем» мөлтекауданына қарай таптаурын болған жалғызаяқ жолға түсті. Алда Құрымбай. Қайыргелді қатарласып жүрмек еді, омбы қарға батып қалатын болды. Сосын амалсыз арт жақта аяңдауға көшті. Жатақханадан едәуір ұзаған соң барып, Құрымбай артына бұрыла тоқтап, бір сәт үнсіздіктен кейін сөз бастады.
- Тоңған жоқсың ба?.. Аяз қысып барады ғой, тіпті...
- Жо-жоқ. Жылы киінгем.
- Суыққа тоңған ештеме емес, аяқ-қолын жылынған соң, бәрін ұмытып кетесің. Ал, күні-түні тұла бойыңды қалшылдатып қарып бара жатқан мына саяси жағдайдан бойым жылынар емес... Елге қызмет етіп жүрмін ғой десем... – Құрымбай жөткірініп қойып, ары-бері қараңғылыққа көз салды. – Пагон таққан адамнан жұрт қорқатын, үрке қарайтын жағдайға жетті. Өзгелерді қайдам, өзім формамен дүкенге баруға, көшеге шығуға да қысылатын болдым... Бірақ кейбір қызметтестерім ардан, ұяттан безгені сондай, шал-кемпір, бала-шағаға қоқан-лоққы жасап жүр. Көшеде жастарға өздері ұрынады. Қарсы тіл қатса болды, ұрып-соғып, бөлімшеге сүйрей жөнеледі. Айдарынан жел есіп тұрған өзге ұлтты айтпағанның өзінде, шен үшін, шекпен үшін атқа мініп, өзінің қанына, тегіне қарсы қарына шоқпар іліп жүргендер қаншама десеңші?!. «Қазақтың жауы – қазақ,» дегенді бір жерден оқып, қайран қалып едім, енді соған көзім жеткендей... Ал, кешегі кезекшіліктен кейін, милициядан біржола кетуге бел байладым. Амалын тауып «басқа салаға ауысып кетсем бе?» деген ой келді. Көрерміз...
- Кеше не болып еді, аға?!
- Өзім де соны айту үшін сені жатақханадан әдейі алып шықтым ғой, бөлмелестерің жаман ойлап қалмасын деп. Екінші жағынан, шынында көптен бері қонақ боп келген жоқсың. Ағаңмен бірге оқып, бірге жүрген соң, сен де менің бір інім емессің бе?.. Кеше әдеттегідей тәуліктік кезекшілікке түскенмін. Кешке таман суыт жүрісті үш жігіт сау ете қалды. Бір орыс, екі қазақ. Амандық-саулық жоқ, әй-шәйға қарамай, көтеріп кірген үлкен қара сөмкелерін ақтарды да, қаптаған фотосуреттерді кеңсе ішіне жая бастады. Үстел үсті, терезе алды, еден түп-түгел фотопортреттермен қапталып қалды. Аяқ басар жер жоқ. Бәрін жайып болған соң:
- Командир, біздің қайдан екенімізді айтпай-ақ түсінген шығарсың? Біз қазір тез тамақтанып келеміз. Мұнда Сергей қалады сенімен бірге. Саған тапсырма былай, мына суреттердің ішінен осы қалашықтағы жатақханаларда тұратын студенттер болса, тауып қоясың. Әрине, сен сырттай болса да танитын студент мына арадан шығады деп ойлаймын, - деп сөз бастаған пысықай бірі маған суреттерді иегімен нұсқады. – Есік алдында жабық мәшине тұр. Біз кемі, жоқ дегенде он бұзақыны уақытша тергеу орнына өткізуіміз керек. Тапсырма солай. Өзгелерге сабақ болсын! Іске кіріс! – деді де шығып кетті. Жерде шашылып жатқан суреттерге бажайлап үңіле бастадым. Бір шетте шикіл сары орыс жігіті маған барлай қарап отыр. Әлден уақытта жалықты ма, әйтеуір, «темекі тартып келейін» деп сыртқа беттеді. Сол сәтте мен де бір орында сілейіп тұрып қалған едім. Көп суреттің ішінен сенің бұлыңғырлау бейнең көзіме оттай басылды. Жүрегім тарсылдап, өн бойымды суық тер жуды. Суретті алайын десем, қозғала алмайтын сияқтымын. Аяқ-қолым өзіме бағынбайтындай. Қанша уақыт өткенін қайдам, әлде уақыт бір сәтке тоқтап қалды ма, білмеймін, бүкіл денеммен терең бір тыныс алғанда, өз-өзіме келгендей күй кештім.
Әлгі фотосуретті лып еткізе алып, қалтама %